ЕскермесЖа қ сымбет ұ л ы Алтын ине



бет2/2
Дата17.06.2018
өлшемі202,82 Kb.
#43233
1   2

Атажұртта
Бостандық қалған еді ұмытулы,

Құлатып Ленин тіккен «ұлы» туды.

Ғасырлар бодандықтың бұғауында,

Қазақтың армандаған күні туды.


Бұл бүгін мал мен жанның құтайғаны,

Хабардар болсын елдің тыс аймағы.

«Қазақстан егемендік алды» деген,

Қазаққа хабар жетті Қытайдағы.


Оқиға болған еді бірінші рет,

Тұрғандай бүгін дүние күлімсіреп.

Жүрегі жарылардай қазақтардың,

Қуанып, ат шаптырып сүйіншілеп.


Қырандай түлеп ұшқан қиядағы,

Қуанта бер , кеудеге сияды әлі.

Отанға деген ыстық махаббаттан,

Ұлы арман жүрегіне ұялады.


Таусылмас білім-бұлақ сірә, мына,

Ісімен ұстаздарға ұнады да.

Қытайда ине сырын білгіш дейтін,

Алынды «жүз емшінің» құрамына.




  • Өтетін кедейлікпен өмір осы,

Бай боламыз, табылып көңіл қошы.

Жетеді тәжірибеміз, біліміміз.

Жүр, Жасан Америкаға , – деді досы.


  • Жоқ, - деді бірден Жасан ойланбастан,

Істерін таразылап қойған бастан.

Сарғайтып сағынышын жасыл мекен,

Кеудеде асыл арман болған жастан.


  • Ғасырлар көндік тағдыр азабына,

Бөтен жұрттың айналып мазағына.

Тәуелсіз мемлекет тәй – тәй басқан,

Мен керекпін дәл қазір қазағыма.


  • Бұл елде жаныма азық – алғаным көк

Жолымда әзір қапы қалғаным жоқ.

Қанаты қатаймаған жас қоғамның,

Қалансам кірпіші боп арманым жоқ.


  • Тыңда дос, - деді Жасан,- қара маған,

Мұнымыз екеуміздің жарамаған.

Күтіп жүр біздің шипа алақанды,

Қаракөз қарындасың, қара балаң.


  • Бүгінде бақ сынасып таласар кім,

Жат елде мың мәртебе аласардым.

Алғысын алғаныңа не жетеді,

Әзіз ана, қарындас пен қара шалдың.
Бойдағы тылсымдықтың бәрі күшті,
Бір тәтті сезім кешті сағынышты.

Өн бойын баурап алған бір құштарлық,

Атажұртқа Жасанды алып ұшты.
Қырау шалып мойылдай қара шашы,

Басталғандай өмірдің жаңашасы.

Дер кезінде Жасан да келді елге,

Кәрін төккен ажалға арашашы.


Қол жетпес арман деген биік еді,

Көңілге көп ойларды түйіп еді.

Егемендік енді алған еркін елде,

Іске асыру ойларын қиын еді.


Зырылдап күн артынан жарысты күн,

Бөленіп армандарға алыс бұрын.

Атажұртта үстемдік жасап тұрған,

Оқуы керек болды орыс тілін.


Жеткіліксіз білімді сезді бүгін,

Күн санап жетістікпен озды ғылым.

Басынан бастап Жасан жалықпастан,

Үздіксіз жетілдірді өз білімін.


Арман, арман шарықтап көңілде асқақ,

Жаңалық тапса осы өңірде ашпақ.

Тыныстап тәуелсіз ел ауасымен,

Қайтадан студенттік өмір бастап.


Жүректе құштарлықтың оты басым,

Қытайлар өзгелерден жасыратын.

Қайта оқып он екі том «Он Цзин» мен,

«Қола адам нүктесінің» атласын.


Ғылымға дүниеде тең кеп пе еді,

Біліммен қиындықты жеңбек те еді.

18 томдық «Хаңды Нцз узин» мен,

Атақты Ибн-Сина еңбектері.


Кеткен жоқ бекер зая еткен еңбек,

Инемен сабақтастық дөп кеп дендеп.

Даңқты Өтейбойдақ Тілеуқабыл,

«Шипагерлік баянда» шөппен емдеп.


Жатақхана алыста - Қалқаманда,

Студенттің жайы анық барша жанға.

Жатқа айтып «Мен қазақпын» поэмасын,

Демейтін өзін өзі шаршағанда.


Жатақхана тар бөлме, жылы ұясы,

Бауырыңдағы қызы мен ұлы ұясы.

Алдыннан күліп сонда қарсы алатын,

Шаршап келген Жасанды Гүлиясы.


Қалайда жету керек арманына,

Сол жолға күш-жігерін арнады да.

Бөгенбай, Қарасай мен Райымбек,

Бабалардың сыйынып әруағына!


Алласын аузынан тастамайды,

Сыйынбай жұмысын да бастамайды.

Есіл-дерті оқу мен білім алу,

Ұмытып маңайдағы басқа жайды.


Шет елден келген аңсап жас қазақты,

Ағайын аялапты, жасқамапты.

Бауырына жақсы жандар тарта білді,

Аман аға, Есентай, Аппаз атты.


Аударды парақтарын зырлатып күн,

Көзінен ұшқын атып бір бақыттың.

Көп кешікпей қорғады кандидаттық,

Шәкірті академик Нұрмақовтың.


Бұл екі мың екінші жыл болатын,

Жасанның әр ісінен үлгі алатын.

Доктор-ғалым атанды көп ұзамай,

Мадақтап ерен ісін жырлады ақын.


Емші қолы инеден жаңылмады,

Қанша уақ талай биік алынғалы.

Инемен емдеу Академиясы,

Жасанды мүше етіп қабылдады.


Жеткізген жетістікке сенім еді,

Кеудеден тәтті қиял өріледі.

IV халықаралық конгрессте,

«Үздік емші» атағы беріледі.


Нұр беріп солғын тартқан гүл көрікті,

Жазылып сырқат жүзге күлкі еніпті.

«Жасан інім қырықта» деп Тұманбай,

Селдетіп ағыл- тегіл жыр төгіпті.


Жырға қосып Марфуға, Гүлнәр ақын,

Еңбегі жанған сайын нұрланатын.

Әлем солай таңдана тани берді,

Қазақтың ине ұстаған бір баласын.


Күні-түн еңбектеніп алмай тыным,

Біледі жұрт жігіттің талмайтынын.

Сан сырына үңіліп сырқаттардың,

Бос уақыты Жасанның болмайтұғын.


Жұмсады күш-жігерін сарқа бүгін,

Елі үшін ауырлатып арқа жүгін.

Кешікпей Жасан ашты «Жас - Ай» атты,

Шығыс – Тибет медицина орталығын.


Ойласын емнен басқа өзге нені,

Қырық мың науқас жазған аз дегені.

Қаншама адамдарды тегін емдеп,

Бұдан да кеңейтуді көздеп еді.


Қиындықтар кездесті,жеңілмепті,

Ерінбепті, сол оны сенімді етті.

Еліне қызмет ету – басты парыз,

Мақсатқа жету үшін терін төкті.


Қыдырға іздеген жан кез болады,

Қолдан – қолға тимейтін жазбалары.

Алғашқы «Алтын ине» орталығы,

Ғаламтормен шет елге тез тарады.


Кеудені тәтті қиял алған бөлеп,

Сөйледі тек шындықты, жалғанға жоқ.

Ағылды шипа іздеп Алматыға,

Жасанға жете алмаған арманда боп.


Күллі әлем кеудесіне сияды бар,

Арманмен асқақтаған қиялы бар.

Қаламгер, ғалым, қоғам қайраткері –

Жасанның емін алды зиялылар.


Ағылды шипа іздеп қара халық,

Еңбегі әр жүректе қалады анық.

«Ажалға арашашы емші» деген,

Атағы елге кетті дараланып.


Сырқаттан қалған кезде әлің құрып,

Тамыр ұстап, тіл көріп, бәрін біліп.

Жеті жүз нүкте сырын тап басады,

Он екі мүшең тұрған бағындырып.


Халқы үшін күш жігерін арнады бар,

Жететін алда талай арманы бар.

Түрлі ауру, түрлі емнің сырын жазар,

«Жас-Ай» атты қазақша жорналы бар.


Ер Жасан өз бақытын тапқан адам,

Кісінің ала жібін аттамаған.

Табиғат талмайтұғын талап беріп,

Алла – жар,қыдыр дарып,бақ қараған.


Құтайтып әр ісіне өріс берер,

Өріс берсе, молайып жеңіс келер.

Ғайып – ерен,қырық шілтен желеп-жебеп,

Пәледен қорғап жүрсін періштелер.


Тағдырдың кез боларсың қандайына,

Тигесін ащы дәмі таңдайыңа.

Қасқиып қара дертке қарсы шығар,

Жасанды берген қазақ маңдайына.




Вена сапары
Шырақтай жанып алдан сөнген үміт,

Аурудың батпан болып енгені ұмыт.

Халқының сеніміне ие болды,

Алтайдың ар жағынан келген жігіт.


Өткізді жағасында неше түнін,

Өзені таудан аққан Өшетінің.

Қимастай мұңая ағып жатты сол күн,

Білгендей Жасанының көшетінін.


Басылмай дүниенің бір құмары,

Өтеді күндер талай сырғып әлі.

Тай – құлындай тебісіп бірге өскен,

Аман ба екен сол құрдас – құрбылары.


Керуендеп жылжиды алға өмір көші,

Балалық, жастық өтті өңірде осы.

Студенттік шақтар-ай Шыңжаңдағы,

Күйтүннің қыдыратын қоңыр кеші.


Кедергі болар екен ісіне не?
Жасан сырын өзгелер түсіне ме?
Балалық шағы қалған туған жері,

Жиі- жиі кіреді түсіне де.


Ғашық боп сол қалада табысты үміт,

Кей кезде сағынады алыс жүріп.

Жайнаған жастық шағы қалған қала,

Күйтүнді Алматыға ауыстырып.


Бәрі дұрыс,тұрмыс шат Алматыда,

Жететін туған жерге бар ма, сірә!

Жетісу – жер жәннаты,ата мекен,

Жеті өзен сыймай аққан арнасына.


Жасан да болып алды тым бұйығы,

Бар ма екен ғылымның бір биігі.

Еліктіріп әкетіп бара жатыр,

Иненің таңғажайып тұңғиығы.


Ізденді оқу оқып, ерінбеді,

Жасан да өзіне өзі сенімді еді.

Екі мың сегізінші жылы халықаралық ,

«Алтын жүрек» сыйлығы беріледі.


Аңыз боп жұрт аузында аты жүрді,

Енді бүгін Венаға шақырылды.

Еуропа шығыс емін танып білді,

Жаратқан талапты етіп асыл ұлды.


Бір сәтте асау көңіл тасып тұнық,

Армандар алыстарға асықтырып.

Еске алды туған жерін, ата жұртын,

Австрияның топырағын басып тұрып.


Ойлайды Жасан қазір өзге нені,

Болатын үлкен мінбе көздегені.

Ең алғаш дүйім жұрттың шықты алдына,

Өзіне келген кезде сөз кезегі.




  • Инені мойындамау – бүгінгі айып,

Қалайша зерттеп терең ұғынбайық...

Сөйледі сонда Жасан қазақшалап,

Ғажайып алтын ине сырын жайып.
Болған жоқ баяндама ағымдағы,

Жасан да айтар сөзден жаңылмады.

Есітіп Шығыс – Тибет емін алғаш,

Таң қалды барлық елдің ғалымдары.


Паллавичини сарайы , даңқың қалар,

Ұлтжанды қып өсірген халқың болар.

Жасанды Еуропа құрметтеді,

«Құрметті профессор», «Алтын медаль».


Қол соғып жиылған жұрт қызып алған,

Жасанның нарттай болып жүзі жанған.

Гуледі сарай ұзақ қазақшалап,

Моцарт пен Бетховеннің ізі қалған.


Құрметтеп күткен талай ұлыларды,

Қазақты құшағына бүгін алды.

Паллавичини сарайы ұзақ уақыт,

Қошеметтеп, қол соғып тұрып алды.


Қызған сарай шапалақ ұра берді,

Аттай тулап жүрегі тұра берді.

Басы айналып бақыттан тұрғандай – ақ,

Көкке жетпей төбесі бір – ақ елі.


Мұндай шақтар келер ме, қайта айналып,

Жүрегі жарылардай, байқалды анық.

«Мен қазақпын,қазақпын»- дегісі кеп,

Бар даусымен әлемге айқай салып.


Жүрегі бар қазақтың елжіреді,

Шексіз – шетсіз мөлдір көк телміреді.

Атақты Австрия аспанында,

Қазақтың көк байрағы желбіреді.



Күншығыс еліне сапар
Азамат болсаң елмен бір тыныста,

Мұраттар-ізденіспен құлшыныста.

Алтын ине салатын Жасан атын,

Танып білген Жапондар күншығыста.


Жапондар білген мұны бұрыннан- ақ,

Қытай бірақ үйретпей қырын қарап.

Барған ауру алдына жазылатын,

Жасан да жайып салмақ сырын ғажап.


Жалының ұшқын-отсыз жана ала ма?

Қыранға қанат берген дала дана.

Токио. Әуежайға келіп түсті,

Қазақы домаланған қара бала.


Абатқа қала қашан бөленгелі,

Таппаған теңеу ақын өлеңдері.

Аспалы көпір, ғажап ғимараттар,

Теңдессіз сұлулықтар әлемдегі.


Тірліктің көрген ауыр, жеңілін де,

Ел болу деген халық сенімінде.

Токио – Хансю атты аралының,

Оңтүстік – шығыстағы бөлігінде.


Жапондар көшіп жүрген арқаланып,

Токио бұзылыпты, сан қаланып.

Көгілдір тынық мұхит көмкеретін,

Әлемге әйгіленген Канто жазық.


Теңізден жел еседі ақырын – жәй,

Жағаны толқын сүйіп ғашығындай.

Төрт ірі, төрт мың ұсақ аралы бар,

Ұзындығы отыз мың шақырымдай.


Жайқалып жайнап тұрған жасыл бағы,

Жұпар иіс – ақ гүлдің ашылғаны.

Қарасаң тік шаншылған үйлеріне,

Тақияң жерге түсер басыңдағы.


Осылай зырлап уақыт бара жатты,

Өшіріп шамын қайта қала жақты.

Емдеу орталығының президенті,

Нишизава қаланы аралатты.


Жапондар техникамен тыныстады,

Бұрысынан көп қазір дұрыс жағы.

Атқарылған электр жүйесімен,

Ота столдар,медбике жұмыстары.


Білімнің бағалаған қасиетін,

Көп тыңдап өркениет өсиетін.

Дүниеде ең көп көрген ел болатын,

Атомдық жарылыстар қасіретін.


Таба алмай ғасырлардан ғасырға емін,

Адамнан осы ауру жасырды өңін.

Рактың сұрайды әлем құпиясын,

Инемен емдеу сырын,тәсілдерін.


Береді іске әркім өз бағасын,

Арнайы мәселе етіп қозғағасын.

Сұрады Жасан барлық жапондардан,

Тибеттік емге деген көзқарасын.


Арманы алтын ине жайындағы,

Жасанның орындалды ойындағы.

Тамыр ұстап, көз көріп, тіл қарауды,

Жапондық дәрігерлер мойындады.


Көбіне сыр айтпайды біліп тұрып,

Өздерін озықтарға іліктіріп.

Техникаға сүйеніп алған әбден,

Шектелген дәрігерлік біліктілік.


Ғылымның бір жүйеде бар тамыры,

Сонымен жапондардың бар қадірі.

Тарихы үш жүз елу жылдай екен,

«Cameda»деген емдеу орталығы.


Ауылдың сол баяғы қаз – қалпы әлі,

Қиялды көз қыздырып қозғалтпады.

Қалада зеңгір көкке тік шаншылған,

Отыз қабат емхана көз тартады.


Тосыннан көрген адам таң қалады,

Бүгінгі талапқа сай сан салалы.

Екі қабат бөлігі жер астында,

Көргенде он үш қабат емхананы.


Тілдесіп, пікірлесті әр қосында,

Бар елге ортақ ғылым арқасында.

Бірлесіп салған Жапон-Америка,

Аурухана теңіздің ортасында.


Халық екен игі істен аянбайтын,

Тірлік көп таңданатын, аялдайтын.

Бар екен су үстінде үлкен көрме,

Халықтың салт-дәстүрін баяндайтын.


Алдымен денсаулықты таныған ел,

Танығанның ұялмай соңынан ер.

Алдыңғы қатардағы таңғажайып,

Дүние жүзіндегі дамыған ел.


Жоғары төрткүл дүние танымдары,

Жұмбақ әлем – көңілдің жарым жаны.

Тыңдады ойын айтқан қазақшалап,

Бес ірі елдің келген ғалымдары.


Дәлелді айтар сөздің заңды бәрі,

Емшілік құдіреті таң қылады.

Ежелгі Жапон елі аспанында,

Қазақ тілі, қазақы үн жаңғырады.



ХХІ ғасыр. Уран. Ақын тағдыры.

Уран болып келді алдан жаңа ғасыр,

Ойларың бар ғажайып далада асыл.

Ішкен суың уранмен ластанып,

Дүние сығымдалып бара жатыр.
Далиып түк білместен дала жатыр,

Болмағаның болады қара да тұр!

Жайлаған улы дерттен хабары жоқ,

Бесікте бұлқынады бала батыр.


Бұл өзі елге артқан бір сын еді,

Даланың сұлық түсі – тылсым өңі.

Кешегі думан шағын көре алмай,

Қаратау күңірене күрсінеді.


Түсінер қадіріне жете білген,

  • Құдайым сақтай гөр,- деп қатерінен.

Мұңаяды Мойынқұм, Бетпақ дала,

Басталған Қаратаудың етегінен.


Кешегі төрт түлігі жамыраған,

Ақ шаңдақ бүгін дала аңыраған.

Жабылып у жайлаған құдықтары,

Иесіз дала қалды қаңыраған.


Елеңдеп жол қараған биіктері,

Мұңаяды ішіне түйіп нені?

Шаңдатып жарты аспанды суға құлар,

Оралмай Қарақақтың киіктері.


Сусындап Шу өзені – мол арнадан,

Ылажсыз жұрт күн кешіп амалдаған.

У татып бүлінген соң мөлдір суы,

Ұшқан құс, жүгірген аң оралмаған.


Осылай жер қуарып бара жатты,

Дүние – ай,алағаудан – алағатты.

Созақтан көшті халық бас сауғалап,

Ағыла бетке алып қала жақты.


Сергелдең елді осылай қинаған бар,

Қозғалды өз жеріне симағандар.

Ілеспей көшкендерге қала берді.

Туған-жер, өскен елін қимағандар.


Шығарып сап ағайын – жақындарды,

Жаңында лапылдап бір жасын жанды.

Арқалап бар азабын қайсарлықпен,

Тапжылмай туған жерде Ақын қалды.


Жетсем деп талпынады арманына,

Бірақта көз жетпейді алдағыға.

Жатса- тұрса сыйынып, дұға қылды,

Шашты Әзиз,Қарабура әруағына.


Шалқыта өлеңдетіп нұрлы таңын,

Сындыртпай туған жердің бір бұтағын.

Жырлаған махаббатты мол жылдарды,

Шығарды ақын толғап жыр кітабын.


Бойына сіңірген бар ұлағатын,

Қимайды ата – баба, ұлы анасын.

Кенеттен қан қысымы артып кетіп,

Қалжырап абайсызда құлады Ақын.


Кеудесін сығымдалып бір ән жарып,

Дәрігер тіл қата алмай күмәнданып.

Тіл күрмеліп, көз көрмей, бас ауырып,

Жарық дүние кетіпті тұманданып.


Көңілде қалды ызыңы жыр жолының,

Аурудың айта берсе түрлері мың.

Тұруға төсегінен шама келмей,

Жаны жоқ бір аяқ пен бір қолының.


Тулап бір асылданбай- алтынданбай,

Самарқау тартқан мына салқын қанды-ай!

Кешегі дүбірлеткен думан дүние,

Арнасы бір- ақ сәтте тартылғандай.


Көзіңе көк шыбыны үймелеген,

Болады дәрігер де білмеген ем!

Естіді профессор Зекейұлын,

Емдейтін ауруды алтын инеменен.




  • Е,Тәңір, емнен маған тарылмашы, –

Деп ақын ауды емге бар ынтасы.

Жүруге жарағанда Алматыға,

Жасанға әкелді Үріш қарындасы.

Тамыр ұстап, деді тек: -Жазыласың!,

Жүзінде бір сенімнің жазы басым.

Бір сәтке ауруыңды ұмыттырып,

Әзілді әңгімеден наз ұғасың.


  • Жазыламын, - дейді Ақын, - жазыламын,

Жыл өтер, күн артынан созылар күн.

Қолыма қайта ұстаймын қаламымды,

Инеден рухани азық алдым.
Былайша көзге ештеңе білінбейді,

Үмітті жарқын бір шақ күлімдейді.

Аурумен арпалысып тұрған сынды,

Қолдағы алтын ине дірілдейді.


Көкірегінде от ойлар өріледі,

Бір үміттің сәулесі көрінеді.

«Жазыласың» деген сөз медеу болды,

Дерт қайғы айықпастай болып еді.


Лапылдап жанған жүрек сертіменен,

Айналып ақындықтың өртіне өлең.

Өзін-өзі жігер мен қайрат беріп,

Қайсарлықпен күресті дертіменен.


Еңкейтер ауру келсе еңселіні,

Емшіде жүректегі бар сенімі.

Қасынан кетпейді тек Бибан ғана,

Өмірлік құдай қосқан жан серігі.


Тастамай аузынан бір Құдайды,

Күмбір көңлі, жүрегі жыр құрайды.

Ауруменен айқасқан иненің де,

Байқасаң «сай сүйегі сырқырайды».


Арманды ізгі ниет тілекпенен,

Адамдық,азаматтық жүрекпенен.

Жасанның «Е,Алла»деп ем бастаған,

Инесі қолыңдағы дір етпеген.


Сенімді,қолы батыл, қорықпайды,

Тұрса да айналада толып қайғы.

Күзетіп қас-қабағын ауру жанның,

Күтуден жақсылықты жалықпайды.


Әрқилы Америка

Сыйлайды келер күндер бізге нені,

Болашақ ғалым ойын жүз бөледі.

Әлемдік жетістікке жету үшін,

Жасан да тыным таппай ізденеді.


Біз неге ертеңгіні болжамайық,

Келер күн көз жіберсең таңғажайып.

"Жас-Ай" бүгін өркендеп келе жатыр,

Күннен күнге қанатын кеңге жайып.


Қанағат етпей ертең бүгінгіні,

Алар асу талпынтар білімдіні.

Бір биікке жеткен соң, бір биік бар,

Алыстап жеткізбейді білім шыңы.


Күн сайын жаңаратын жаңа ғылым,

Сіңіріп бойына әлем даналығын.

Шығыс -Тибет медицинасына тың,

Енгізу керек жаһан жаңалығын.

Тынымсыз бөлінеді ойы саққа,

-Жетпедік, - деп, - Қытайға байысақта.

Сапар шегіп, автобус, пойыздармен,

Жасан кетіп барады қай ұшақта?

Өзгертер алуан түспен реңін көк,

Жаяды жасыл дала кілемін көк.

Сырына сан аурудың үңіледі,

Табамын, іздестіріп білемін деп.


Жинайтын ғылымдағы алыптарды,

Алтын ине иесін танып та алды.

Жасанның маңызды бұл іс сапары,

Америка жұртына бағытталды.


Алла берген қуаттың арқасында,

Мақсаты үшін сапардан шаршасын ба?

"Бісіміллә" деп Нью - Йоркке келіп жетті,

Қоян жылы, мамырдың ортасында.


Күн санап қала жайнап, жәннаттанған,

Көз алмай бүкіл әлем қарап қалған.

Сексен қабат қонақ үй бес жұлдызды,

Бос емес келіп - кеткен қонақтардан.

Өркениет осылай танылады,

Не іздесең бәрі де табылады.

Қаланы көру үшін саяхаттап,

Дүниенің төрт бұрышы ағылады.


Алсаң да қай саласын, ел жетілген,

Ақ бесік секілді бір тербетілген.

Роккфеллер орталығы баурап алар,

ТОР ОF THE ROCK алаңы келбетімен.


Тынысын, тіршілігін танып дара,

Ғажайып тылсым сырын алып қара.

Әлемдік өркениет үлгісі боп,

Жетілген заманауи алып қала.


Сұқтанып сұлулыққа кектенеді,

Тарихында бар талай "әттегені".

Сауда үйін жылан жылы қыркүйекте,

Жанкештілер қиратып кеткен еді.


Өкінген ұстай алмай жазалыны,

Әлі де жаңғырады азалы үні.

Сондықтан сақшылары көз ілмейді,

Теңдессіз тәртібі мен тазалығы

Биік тым сәулетшінің талғамдары,

Талғамдары - қиялы, болжамдары.

-Нью - Йорктей болса,- деп Астанамыз,

Жасан бір сәт қызығып, армандады.


Көрініп тұр игі істің бастамасы,

Ауылда даурыққанның бос таласы.

Сақтап тұр алуан түрлі қасиеттер,

АҚШ - тай алпауыттың бас қаласы.


Секілді басталатын жол тамыры,

Қалаға келген білер барша мұны.

Мейманды қабылдайтын алғашқы орын,

Рузвельт Медицина орталығы.


Жасалған жағдай, несін тосылады,

Сәт сайын өзгерістер қосылады.

Жылт еткен жаңалықты әлемдегі,

Өзіне пайдаланып отырады.


Ойласаң өмір деген күрделі ұғым,

Америка әлеммен бірге бүгін.

Денсаулық сақтау үшін кәсіпкерлер,

Аударған табысының бір бөлігін.


Басты шарт - ғалымдарды табыстыру,

Келеңсіз жағдайлардан алыс жүру.

Олар үшін шешілген мәселе екен,

Жүрек, бүйрек, бауырды ауыстыру.


Дұрыс боп болжамы мен жорамалы,

Ойларын тұжырымдап, саралады.

Маунт Синай ауруханасында болып,

Ленокс Хил госпитолін аралады.


Дерт дендеп, шыбын жаның қысылғанда,

Ризасың көмек қолын ұсынғанға.

Ойын алаң, спорт зал, интернет пен,

Бөлме бар намаз оқыр мұсылманға.


Ауруды кейде ескеріп, елемесең,

Күшейіп жан жүйесі жеңеді екен.

Ит, мысығын өзімен алуына,

Ауруларға рұқсат береді екен.


Қазақтың дала сіңген санасына,

Жетпейді бәрі дархан даласына.

Гарвард университеті орналасқан,

Сапарлап келді Бостон қаласына.


Барлығы ауруларға арналады,

Жиырма екі мың адам бар, қол жоғары.

Қалада Массачусетск госпиталі,

Екі ғасыр болыпты орнағалы.


«Білмейміз не болмайды» дегізбейді,

«Ғылым мен тәжірибе» егіз дейді.

Қартайған клетканы ауыстырып,

Жазылмас ауруларға ем іздейді.


-Япырау, - дерсің, - сырға қалай бекем,

Қонақтың үндемеуін қалайды екен.

Шығыс медицинасын қолдап олар,

Біліп, танып, қызыға қарайды екен.


Сәндеп салған биік үй, аласасы,

Ай қыдырсаң таусылмас тамашасы.

Қонақтарды шығарып салу үшін,

Яхтада берді арнайы қонақасы.


«Статуя Свободы» ескерткіш жарасады,

Жұлдызды әлем секілді болашағы.

Көктегі жұлдыздармен шағылысып,

Жарқырап самаладай қала шамы.


Қайда барсаң құшағын жайған нұрлы,

Батыстың әуенімен жол жаңғырды.

Академик Жасанды көзбен көрген,

Әр қилы Америка ойландырды.


Тыңдады Жасан талай ғалымды ұғып,

Емдеудің жаңа тәсіл – жолын біліп.

Тек қана жетіспейді адамдарда,

Еркін ойлау, табиғи дарындылық.


Ауыр жүгі түскендей арқадан бар,

Адамдарша ойлаудан шаршағандар.

Техникаға сүйеніп алған әбден,

Компьютербас, секілді жарты адамдар.


Қорқынышты не ойлар түске енеді,

Қашанда рухани күш жеңеді.

Шаханов Мұхтар айтқан мына өлең,

Еріксіз сонда есіне түскен еді.


«-Иә, бізді қайда апармақ мына заман ақпалы,

Ұлан-байтақ жерімізді жарты адамдар қаптады.

Қайда барсаң көз алдыңда өнеге боп жарқылдар,

Жарты ұстаздар,

жарты бастық,

жарты қыздар,

жарты ұлдар.
Қайтсек екен, монитор көз, компьютер бас жас талап,

Білім+Рух болуы үшін ажырамас қос қанат?

Қай кезде де білім-күшің әрі нұрлы жетегің,

Білімнің де адамзатқа зияны бар екенін...

Оян, Данте, Фирдоусидің және Абайдың айбыны!

Бөгей алмау ғасырға сын бұл тасқынгөй қайғыны.

Қол қусырып көнеміз бе,

Үнсіз жата береміз бе,

Робот-түйсік арқаланған,

Мейірімі тұл жарты адамдар

Жердің бетін түгел жаулап жеңгенше?..»

Мына заман шымшықты, шөрегейлі,

Жаңалықтар тасқыны төбелейді.

-Ертеңіміз не болар? – дейді Жасан,

Нью–Йорк ештеңе елемейді.


Жылдар. Жетістіктер мен жеңістер
Ұлы ойлар ұялатып санаға асыл,

Өмірде болмағаның болады ақыр.

ХХІ – ші ғасыр да күрделеніп,

«Ине ғасыр» атанып бара жатыр.


Қазақты қинай бермек қашанғы азап,

Деп еді : «Халқым үшін ашам ғажап».

«Шығыс емі» әлемге шеру тартты.

Басында ұлы көштің Жасан қазақ.


Қайраткер Жасан бүгін дара тұрған,

Гүліндей ең даланың жаңа ашылған.

Алтын қол, ақ көңілді, асыл адам,

Ажалдан құтқаруға жаратылған.


Өткенде ауру үйдің іргесінен,

Жасайды дәрігер де білгесін ем.

Ажал да құты қашып қорқады екен,

Жасанның қолыңдағы инесінен.


Бұл шақта кемелденген кезі ме еді,

Қарады сенімменен өзіне елі.

Туған ел, өскен орта,бейбіт еңбек,

Жасан да бақытты жан сезінеді.


Самалдай Алаутаудан өлең есіп,

Туған жер, алтын ұя – бөле бесік!

Ақмарал,Ұлпан, Баян, Нұрсұлтаны,

Бақытты жанұяда келеді өсіп.


Талант пен еңбегінсіз танылды кім,

Жасанның арқалаған жарым жүгін.

ҚазҰПУ-де жастарға дәріс берген,

Гүлия Әлиханқызы ғалым бүгін.


Өркенді істен әр кезде ой аласың,

Сілкініп сергек сезім оянасың.

Созақтан қол,аяқсыз келген Ақын,

Жазып отыр осы бір поэмасын.


Таласып таңмен ақын оянады,

Тәкаппар тауларынан ой алады.

Алматыдан тағы бір хабар жетті,

Аяқтап қалған кезде поэманы.


Жасекең желікпеді, зерікпеді,

Бақ басыңа қарадай келіп пе еді.

Халықаралық «Сократ» орденіне,

Ие бопты поэма кейіпкері.





Бір сазбен тербетіліп сәуір жаны,

Күй толғап, толықсиды тау ырғағы.

Тағы да таң қаларлық іс жасапты,

Өнерпаз – Толыдағы бауырлары.


Өнерде ұшқын атып жалындапты,

Толының жасы бірақ танылмапты.

Он мың адам қосылып домбырамен,

Халықтың «Кеңес» күйін орындапты.


Жаңаны ұштастырып ескіменен,

Өнерде ұлы жолға көш түзеген.

Таңырқап тыңдап қалды құлақ түре,

Қазақтың домбырасын естімеген.


Сезінген бар әлемді таң қыларын,

Асқақтап екі шектен жаңғырады үн.

Бір сәтке әлем көгін тербеп тұрды,

Күмбірлі әсем сазы домбыраның.


Оқиға болған ғажап, ең қызықты,

Өнерде Толылықтар сең бұзыпты.

«Халықаралық гиннестер» кітабына,

Теңдессіз жаңалықты енгізіпті.


Тұнып тұрған даналық сайын далам,

Жапырақ жай, қарағай, қайың да аман.

Тағы әлем Толылықтар арқасында,

Қазақтың ұлылығын мойындаған.


Жазылар қыртыстанған қара қатпар,

Кетеді жердегі әлі-ақ алағаттар.

Жарқын – жарқын жылдардың қойнауынан,

Жасанды іздеп келер марапаттар.


Бәрі де қиын күннің артта қалды,

Ел үшін адал қызмет атқарады.

Жарты әлем таңырқаған бұл ғажайып,

Жасанға ине ұстаған жалт қарады.

Халқының әдет – ғұрып, салтын алған,

Сол салтын білген бүгін жарты ғалам.

Елімен бірге Жасан келе жатыр,

Алтын ине ұстаған алтын адам


Соңы.



01-20 наурыз. 2011 жыл



Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет