Есмағамбет ысмайылов «амангелді»



бет1/3
Дата08.02.2022
өлшемі35,66 Kb.
#98233
  1   2   3
Байланысты:
Ысмайылов сын-мақалалары


ЕСМАҒАМБЕТ ЫСМАЙЫЛОВ
«АМАНГЕЛДІ»
Жұртшылық асығып, ынтық болып күткен «Амангелді» спектаклі академиялық драма театры сахнасында қойыла бастады. Мұнан бір жыл бұрын драматург Шахмет Хұсайынов жазған «Амангелді» драмасын оқығаннан кейін жұртшылықтың академия театрында қойылатын бұл ойыннан күткен үміті, талабы зор еді. Міне, жұртшылықтың сол күткен үміті айтарлықтай орындалып, театрдан қызықты спектакльді көріп отырмыз.
Амангелді тек тарих емес, бүгінгі күннің күрделі, әлеуметтік мәні зор, қазақ халқының өз бостандығы үшін күресін бейнелейтін тақырып. Шахмет 1943 жылы Ғылым академиясы қазақ филиалының Амангелді туралы орталық Қазақстанға шығарған экспедициясына қатынасып, Аманкелдінің өмірі, ерлік күрестері жайындағы материалдарды әрі жинап, әрі кеңінен зерттеп қайтты. Амангелді туралы бұрын жазылған шығармалардағы кемшіліктерден сақтана отырып, өзінің жаңа драмасын жазды.
Драмада қазақ қоғамының революция заманындағы тарихи әлеуметтік бейнесі, тарихи адамдардың әр алуан тұлғалары жарқын елестейді, айбынды халық көсемі, ақылды қолбасшы Амангелдінің ісі мен өмірі айқын суреттеледі.
1916 жылғы зор толқынды тарих күресі аяқталған. Патша тақтан түсіп, байлар, алашорда оқиғалары масайрап, «бостандық» деп шу көтеріп, көтеріліс кезіндегі Амангелдінің ісін айыптап, сыртынан ату жазасын бұйырып үкім шығарады. Амангелді сарбаздарын таратпайды «айқасатын жауымыз әлі біткен жоқ, әділдік пен бостандықты қанды қырғын ұрыспен жеңіп аламыз», - деп, Торғайдың қаласына аттанады. Мыржақып бастаған алашордашылар, оның сыбайластары, байлар, азғын билер Амангелдіге қарсы іштен тор құрып, қастық жасау әрекетіне кіріседі. Амангелдінің ең сенімді сарбаздары Қанай мен Жортушы Абдығапардың зұлымдық әрекетінен мерт болады. Бір жағы – ел намысы, халық арманы; екінші жағы – өз ортасында жүрген ер жігіттердің күдікті өлімі Амангелді драмасындағы тартыстың түйіні, кілті болып отырады. Бірінші пердеден бастап драмалық тартыс бірден ширақ, әрі ел өмірінің тарихи бейнесін, әрі адамдардың ішкі сыр-сипатын кең, айқын елестетеді.
Амангелді халық батыры, халық қолбасшысы бейнесінде сипатталады. Амангелдінің көздеген арманы, мақсаты өзінен бұрынғы ел көсемдерінің мақсаттарынан жоғары, қазақ елінің келешегі, бостандық тағдыры туралы мемлекеттік, ұлттық мақсатты бүкіл Ресейдегі социалистік революцияның мақсатымен нық ұштастыра білген зор идеялы саяси қайраткер. Жазушы Амангелдіні осы идеялық тұрғыдан алып көрсетеді. Амангелдінің күрес жолындағы бөгеттері – таудай зор еді. Ескішілдік, рушыл, байшыл-ұлтшыл жаулардың қандайымен болсын, аянбай күресе отырып, мақсатына жететінін ол жақсы түсінеді. Майдандағы жаумен айқасқалы тұрған сағатында рушыл Шоң би келіп: «Жауды өз ішіңнен ізде», - дегеннен кейін Абдығапардың сұмдық қылмысының беті ашыла бастаған кезде Амангелді қатты күйінеді.
Бұзуға бар, түзеуге жоқ, қаралы күннің қайырымсыз билері сендер... сенуден қалдыңдар!.. Ерін – ер деп, елін – ел деп танитын іргелі елдің қатарына бастасам, о да мін болып па сендерге! - деп екіжүзді рушыл бидің, ел мақсатын сатқан опасыз, қара бет Абдығапардың бет пердесін ашып, өзінің күрес мақсатын айқындай түседі.
Амангелдінің ең қауіпті жауы – алашорда. Батыр революцияның бұл жауларына қарсы мейірімсіз күрес ашады. Амангелдінің бел қылған, тірек еткен тобы – қазақтың еңбекші халқы, солардың арасынан шыққан ер ұлдар және ұлы орыс халқының көмегі, большевиктер партиясының басшылығы. Амангелді Орынбор қаласында майданның қолбасшысы орыс большевигінен ақыл, басшылық алып, орыс халқымен дос болып, бақытты өмір жасау жолында аянбай күресуге ант береді. Амангелді қазақ даласында совет өкіметін орнату жолындағы күресте талай қайшылықтарға кездеседі: Шалқар темір жолын ақтар басып алып, советтік Ресей мен Орта Азияның байланысы тоқтап қалады. Бұл жай Амангелдіге ауыр тиеді. Алаш тыңшысы Сәлімнің көмегімен тұтқыннан Абдығапар қашып кетеді. Қоймадағы пулемет ұрланады. Алашорда астыртын бас көтере бастайды. Міне, мұның бәрі Амангелдінің басына, сонымен бірге қазақ даласындағы революцияға төніп келген зор қауіп еді. Міне, осы қауіпті жайда Амангелді абыржымайды, зор сабырлық көрсетеді. Істің жай-жапсарын тексере отырып, табанда қайратты сеніммен орнықты бұйрықтар береді. Алдымен Шалқар станциясын ақтардан тазарту үшін Тәуке бастаған бір топ сарбазын аттандырады. Бір топ әскерін Абдығапарды ұстап, алашорда тобын талқандауға жөнелтеді. Жауды Торғайда жатып күтіп алғанша, алдын ала қам жасап, мол күшпен соққы беру жоспарын кең ойланып жасайды. Міне, бұл әрекеттер Амангелдінің қолбасшылық, революция жолындағы жауынгерлік бейнелерін айқын елестетеді. Амангелді осындай ұлы арман, ұлы күрес жолында қаза табады. Жаумен жан аямай соғысып жатып, Амангелді: «Мен өлгенмен, революция өлмейді», - деп өзінің келешекке сенімді зор идеясын айқын білдіреді.
Амангелді жалғыз емес, өзіне жан-тәнімен берілген, нағыз қиын жайда, қанды күрес үстінде серік, дос бола білген батыр ер жолдастары әр алуан мінез, іспен көрінеді. Ақ жарқын, мінезі өжет, ер Тәуке, Алжан, Есет сияқты сарбаз жігіттер, халық ортасынан шыққан ақылды Достай, Кәрбоз сияқты қамқор қарттар, қазақтың тарихын, өз дәуірінің даму, өзгеру жайын кеңірек білген бұхарашыл оқыған Ержан, Жанар сияқты әділетшіл, оқыған адамдар – бәрі де Амангелдіге дос, серік, сондықтан да спектакльдің өн бойында Амангелдінің мерейі үстем, өзі өлсе де, Амангелдінің мақсаты орындалады.
Драмада бірталай кейіпкерлер – бұл күнге дейін біздің әдебиетімізде көрінбеген жаңа кейіпкерлер. Мәселен: Ержан мен Жанар, Ержан оқыған, әділетшіл, бұхарашыл адам. Ол алғашқыда екі жағына да қосылмайды, бірақ алаш оқығандарының, байлардың ел көзінде, тарих алдында масқара болған қылмысты қылықтарына жеркенішті сезіммен қарайды. Ақыры, саналы әділеттікті шын жақтаушы Амангелді екенін түсініп, Амангелді тобына қосылады.
Өзінің ішкі сыры, мінезі, әрекеті жағынан үлкен психологиялық дәрежеде берілген күшті кейіпкерлер Шоң би мен Абдығапар. Шоң қазақтың рушыл, ескішіл биі. Ол әуелінде Амангелдіге қарсы жесір, жер дауын, ер құнын бетке ұстап күреседі. Абдығапар мен Амангелдінің біріне-бірін айдап салып, өзінің әрекетіне жол ашады. Ақырында, салт-санасына жақын алаш оқығандарымен ауыз жаласып, Абдығапармен табысады да, Амангелді бастаған революциялық күреске қарсы шығады. Шоң, Абдығапардың жолы – қазақтың ескілігін, хан, би үстемдік қылған салт дәстүрін сақтап қалғысы келген жол. Сондықтан олардың әрекеті жаңа революциялық күрес заманының толқынына қақтығысып қалып қояды.
Драма тіл жағынан, кейіпкерлердің әрекетін, ішкі мінезін ашу жағынан, драмалық тартыстың шиеленісіп келуі жағынан шебер жазылған көркем шығарма. Әрбір кейіпкердің өз бойына қонымды ісі, мінезі бар.
Амангелді драмасы академиялық театрда бірталай ұзақ дайындалып қойылып отыр. Сөз жоқ, театр Амангелді драмасын қоюмен жаңа табысқа, жаңа шығармашылық өріске қадам басып отыр. Ойынды қоюшы режиссер Айманов Шәкен жолдас аса зор еңбек сіңірген. Драмадағы жазушының негізгі идеясы, жеке кейіпкерлердің даралық сипаты ойдағыдай ашық берілген. Ойын бірінші көріністен бастап қызықты, тартымды: немен тынар екен деп, кейіпкердің тағдыры қалай бітер екен деп құмартып отырасың. Ойынға аңызды ерлік сарын, күй бере білген. Бұл ойын Шәкеннің тұңғыш режиссерлік еңбегінің жемісті екенін көрсетеді. Әсіресе, Жауке Әлжандардың орасан ерлік қимылдары, Досай, Қанай, Ақжандардың аянышты өмірі – бәрі ежелгі ерлік дәуіріміздің шындығын елестеткендей.
Амангелді болып ойнаған Елубай Өмірзақов жүріс, қимыл, ішкі ой-сезім жағынан недәуір ізденіп ойнап, батыр большевиктің бейнесін елестете білді. Әрине бұрынғы пьеса мен кинодағы Амангелдінің әсері Елубайдың бұл ойынында да бар: сөздерді жылдам сөйлеп кету сияқты кемшіліктері бола тұрса да, Елубай Амангелді бейнесінің тарихи, идеялық мәнін терең түсінген. Аманкелдінің басына аса қиын жан күйінерлік кезеңдер, душар болған халдерді, орыс большевигімен сөйлесіп, алдында қуанышты шат көңілмен ант берген әрекеттері ішкі сезім арқылы шебер орындалған. Халық артистері: Қалыбек ру басы ақсақал, айлалы, бүкпе ойлы, екі жүзді әрі жалтаң мінезді Абдығапар ролін. Серке – қорқақ, бейшара мінезді, күлкілі кейіпкер Еріш ролін және артист Хасенов шешен, сұңғыла ойлы, әлі де тұғырдан түспеген қарт би Шоң ролін, Телғараев жолдас Амангелдінің өжет, жалын мінезді серігі Жәуке ролін шебер ойнады. Шоң, Жәуке, Еріш, Абдығапарды театр сахнасында біріне-бірі ұқсамайтын әрқайсысының өз қыры, өз сыны бар кейіпкерлер екені жоғарғы артистеріміздің талантты шебер ойыны арқылы өте айқын бейнеленеді. Ержанның (Сыздықов), Сәлімнің (Өгізбаев) бейнелері де бірқыдыру тәуір ойналды. Жанар – революциялық күрес дәуіріндегі оқыған саналы қазақ қызы, Амангелдіге сенімді серіктің бірі болады. Білімді, жалынды мінезді, сезімді таланттың бейнесін Бөкеева шебер ойнайды.
Нұр үстіне нұр дегендей, ойын мұнан да жақсы, мінсіз болса екен мақсатта сезіліп отырған кейбір кемшіліктерді айта кеткіміз келеді. Бір өлтіріп, бір тірілтіп, біркелкі көрініспен Ақжанды несіне қайта-қайта сахнаға шығара береді. Амангелді өлгеннен кейін жалғас көріністе (эпилогта) оның сүйегін тағы көтеріп сахнаға әкелудің не жөні бар? Бұл соңғы жалғас көрініс ойынның екпінін, жүрісін недәуір бәсеңдетіп жіберетін сияқты. Осы көріністі ықшамдай түссе тәуір болар еді. Амангелдіге іштей, сырттай тор құрып жүрген зұлым жаулар көп-ақ, солардың бірлі-жарымын батыр өзі кемеліне келіп тұрған мезгілде сырын әшкерелеп тазалайтын болса, жұртшылықтың айызы қанғандай, сүйсінгендей әсері болар еді. Ал мұнда Кете сахнадан сырт жерде қапыда оққа ұшады. Сәлім дәл Амангелдімен қатар өледі. Онан соң Ержанның өсу жолын, Жанардың іс-әрекетін мұнын гөрі айқындай түссе, бұл кейіпкерлердің даралық бейнесі күшейер еді. Көркемөнер комитеті мен театр басшыларының салқын қарағандығынан, ойынның көркемдік көрініс жағы (оформлениесі) ойдағыдай шықпаған. Торғай даласы, яки Торғайдың қаласын елестетерліктей суреттер, декорациялар жасай алмаған. Киім, жасау-жабдық заттары да жеткіліксіз. Көркемөнер комитеті жай бір ойындарға қаржыны үйіп-төгіп беретін еді. Амангелді ойынына қаржы бөлуде соншалық сараңдық істегені бізді қатты таң қалдырды. Бұл жөніндегі біздің қоятын талабымыз: Амангелді ойынының көркемдік көрініс жағын (оформлениесін) қайта жасап, Қазақстанның 25 жылдығына сәнді, салтанатты етіп қоятын болу керек. Амангелді ойыны біздің сахнамызда да аса қызықты, маңызды ойын болып қалуына театр коллективі әлде де қатты көңіл бөлуі қажет.
Қорытып келгенде, Амангелді спектаклі – қазақтың академиялық драма театрының, биылғы маусымында ғана емес, соңғы соғыс жылдарының ішіндегі аса күрделі шығармасының бірі, жұртшылықты қанағаттандырған зор табысының бірі. Ұлы Отан соғысы кезінде, қазақ халқының Совет өкіметін орнату, Совет отанын қорғау жолындағы ұлы ерлік күресінің бейнесін жарқын елестеткен, халқымыздың отаншылдық рухын көтеретін, жастарды жауынгерлік рухта тәрбиелейтін саяси-идеялық көркемдік дәрежесі биік шығарма


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет