АҚЫН ТРАГЕДИЯСЫ ҚАНДАЙ Академиялық драма театрында жақында қойыла бастаған «Ақан сері – Ақтоқты» драмасы астана жұртшылығының назарын аударып отыр. Белгілі жазушымыз Мүсірепов Ғабиттің қаламынан туған бұл күрделі көркем шығарма қазақ совет мәдениетінің тарихында ерекше орны бар, ұлттық драматургиямыздың жаңа бір белесі болып табылатындығы даусыз.
Драмада әйгілі әнші ақын, халық композиторы Ақан сері өмірінің бір кезеңі суреттеледі, жетпіс жасқа келіп өлген Ақанның ақындық сапары мен өнерпаздық өмірінің кезеңдері қат-қабаты мол терең сырларға толы...
Мүсірепов Ғабит сол Ақан өмірінің екінші кезеңін, яғни сопылықтан безініп, серілік өмірге қайта оралған сенімін алып суреттейді. Жалаң суреттеп қоймайды, Ақан өмір кешкен қоғамдық ортаның, әлеуметтік тартыстың сырларын ашады; өмір шындығын, бас бостандығына, ар-намыс бостандығына бой ұрған ақындық дүниені түйіндеп, философиялық үлкен ой тереңдігіне бөлеп, поэзиялық шындық өресіне жеткізіп сыйпаттайды. Шығармадағы өзекті идеялық нысана – дін мен поэзияның тартысы. Ән мен күй, ақындық талант шарқ ұрып еркіндік іздейді. Бірақ оның жолын діннің фанатизмі, қаратүнек надандық шырмаған. Ол шырмауды бұзып шыққысы келген ізгі жанды әділетшіл Ақанға қарсы дін басы қазірет пен елдің ірі байлары мықты тор құрған. Қиянат та, сұмдық қылмыс та, зорлық-зомбылық та сол тордың ішінде. Ақан дос-серіктерінің көмегіне сүйеніп, қазірет бастаған феодалдық қауым тобына қарсы өзінің ақындығымен күрес ашады, бірақ жеңе алмайды; поэзиясына да, ақындығының жарық күндей арманы болған сұлу Ақтоқтыға да еркіндік ала алмайды; соққы көреді, мерт болады. Бұл өмір шындығы болумен бірге, қазақ поэзиясының, қазақ ән-күйінің өткендегі трагедиясы да болатын. «Қара түнек заман ақын, әншінің талантын жойды, үнін тұншықтырды» деген ақиқатты жазушы поэзия тілімен жеткізіп бейнелейді. Ақын трагедиясының сыры да осында еді.
Драмада Ақан өміріне байланысты өмір шындығы қаз-қалпында алынбайды, асқақты романтикалық поэзия гүліне бөленіп сыйпатталады. Яғни, Ақанды ауыл арасының сауыққой әншісі немесе жадағай өлеңшісі түрінде жұпыны көрсетпей, тебіренген ойдың, жалынды, қанатты сезімнің, әділетшіл күрескердің адамы бейнесінде көрсетеді. Ақанның ойы, махаббаты күнбе-күнгі өмір тартысынан туып жатса да, ақындық серпіні арқылы қол жетпес алыс армандарға ұштасып жатады. Ақтоқты үшін күрес – екеуінің қосылып, бақытқа жетуі үшін күрес емес (бұл мақсатқа жетуге жол екенін Ақан түсінген), ол – ән мен күйдің өмірі үшін, халық сусынын қандыру үшін болған күрес.
Поэзия, ән-күй, көркемөнер – өмірдің көркі. Ақан осы сұлу өнерді дамыта бергісі келеді, елдің кәрі-жасын бірдей қуантып, бірдей көңілдендіріп өтпек. Осы мақсаты үшін ол батыл күреседі.
Ақан тұлғасының күшті, жарқын сыйпаты да, трагедиясының терең сыры да осы негізгі идеялық нысанаға байланысты жатыр. Ақан өз дәуіріндегі ағартушылық – жаңа қоғамдық қозғалыстан неге сырт қалады деушілер бар. Біздіңше, тарихтағы Ақан өмірінен алыс кетуге жазушының хақы жоқ. Ал Ақан өмірінің өз дилектикасы бар. Ол – әрбір адам өміріне, қоғам өміріне тән объективті өмір диалектикасы. Ақанның дүниеге көзқарасы екі арнадан суат алып қалыптасқан. Бірі – Шығыс әдебиеті мен философиясы, екіншісі – қазақтың халық поэзиясы. Осы екі арнадан нәр алған ақын. Осы өмірдің өзі сілкіндіріп шыңдаған ол әрі философ ақын да, әрі сауыққой әнші де. Ал шын ақын әділетті жақтамай отыра алмайды. Драмада әділетті жақтаушы ақын тұлғасы жан-жақты суреттелген.
Өткен тарихымызға көз жіберсек, отаршылдық бұғауда, феодалдық қысымда, ескілік-қараңғылық шырмауында азап шегіп, жаны алқымға тығылған қазақ халқының болашақ тағдыры туралы әркім әртүрлі ойларын айтып ұсынған. Біреулері (Абай, Алтынсарин, т.б.) Россияның прогресшіл өнер-білім жолын үлгі етіп уағыздаса, енді біреулер (Аманкелді сыйпатты) қарулы күрес жолын жақтады; үшіншілер (Біржан, Ақан сияқты) халықтық өз өнерлерін, ізгі қасиетін дамыту үшін күресті. Неге бәрі бірдей болмады дей алмаймыз. Өйткені қоғам өмірі де, қоғам ішіндегі жеке адам өмірі де біреудің дегеніне қарай емес, субъективті емес, объективті заңдылық бойынша дамиды. Өнер иелерінің әрқайсысы тарих алдында халқы үшін ұлылы-кішілі еңбек сіңірді. Оның бер жағында жазушы бұл драмасында Ақанның ескілікке, діннің ірік-шірігіне батыл қарсы шыққан нағыз прогресшіл күресін дамытып көрсетіп отыр. Осы сарынды тереңдетіп беру, бәлкім, тарихтағы Ақаннан жоғары да шығар, бірақ әңгіме көркем шындық жасауда, Ақанның тұлғасын өнерпаздық тұрғыдан жан-жақты ашып көрсетуде.
Драмада Ақанның ақындық, ойшылдық, сезімталдық, серілік сыйпаттары өзіне тән бітім, мінезбен суреттеледі; ол туралықты айтуға келгенде, өзінің жүрегіне тығылған ашу мен кекті, қуаныш мен үмітті білдіруге келгенде ешкімнен, ешнәрседен қаймықпайды; батыл да, алғыр да.
Драмада Ақанға серік Ақтоқты өзінің қайшылықты хал-жайымен, өсу жолымен көрінеді; көркімен ғана емес, рухани дүниесімен сұлу Ақтоқтының адамгершілігі халық алдында, халықтың ардақты ұлы Ақан алдында үлкен сынға түседі. Әке-шешесінің ырқы, ескі салттың шырқы, қазірет, Жалмұқандардың зорлығы Ақтоқтыдай ауыл қызына оңай салмақ емес. Алайда, Ақан басына төнген апат, өз басындағы бақытсыздық сияқты өмірдің қатты толқыны Ақтоқтыны да ширатады, сілкіндіреді; өмір оны еркіндік күресіне еріксіз жұмылдырады. Ақтоқты Ақанды жанындай ардақтайды, сүйеді; сүйе тұра, Ақанға қосыла алмайды; ол – өзі өскен ортаның бендесі. Бұл да өмірдің шындығы.
Ақанға қарсы ескіліктің, діннің туын көтеріп, бүкіл бір елге әмірін, үкімін жүргізіп отырған Науан қазірет – кесек жасалған тұлға. Мұның бойында бір кезде қазақ даласына уытын жайған әр алуан дін басыларының қылықтары жинақталған. Түркістандағы толып жатқан ақ ишандар ма? Арқадағы Зейнұлла ишан ба? Батыстағы Қуанай қазірет пе? Омбыдағы Әбдірахман ахун ба, Көкшетаудағы Науан қазірет пе?.. Әйтеуір қараңғы елді еркінше билеп-төстеп, орта ғасырлық не бір бәлелерді қазақ арасына жаймақ болған қазіреттердің қулық-сұмдықтары осы Науан тұлғасы арқылы беріліп отырса, мұны – шындықтан туған тип, тұлға демеске хақымыз жоқ.
Тарихтағы Ақан мен Науан арасы осындай шиеленіскен дәрежеге жетпеді деушілер бар. Бірақ жазушы үшін ол қажет емес. Жазушыға ең қажетті – Ақанның дінге, кеселді ескілікке қарсы ән мен жырды құрал етіп жұмсауы.
Науан қазірет мешітте дұға оқып отырған надан сопы емес, дінді, құранды бетке ұстап, Жалмұқан, Қарасақал сияқты жуандарды бел қылып, Қоңқай, Қорамса сияқты надандарды соңына бенде етіп ертіп алып, қалың елге әмірін жүргізуші ірі феодал. Ол Ақанды қуғынға ұшыратады, еркіндік көксеген елдің жас қауымын дін шырмауында тұсап ұстағысы келеді. Бірақ Ақанды жеңгенмен, өмір ілгерілеп келеді; халық наразылығы әр жерден қазіретке бой көрсетеді; бүгін болмаса, ертең бұл қара түнек ескіліктің іргесі қаусап сөгіліп, бірте-бірте талқандалатыны пьесадан сезіліп отырады.
Өзіне тән мінезі бар күлкілі тұлға Қоңқай – ол қазіреттен де, әйелі Дәмеліден де қорқады; Жалмұқаннан да, Сердәліден де қаймығады. Жалғыз қызы Ақтоқтыны еріксіз ұзатып, атақ-дәрежеге жеткеніне есіреді. Оны зор мақтан көреді. Бұл – иленіп, жаншылып қалған көп сорлының бірі. Ақан әкесі Қорамсаның халі де осындай. Ақанға опасыздық жасаған, екіжүзді, қызғаншақ жан – Сердәлі. Жағымды тұлғалы Жылкелді, Балта – барлығы да өзіне тән мінез-бітімдерімен суреттеледі. Біз мұның бәріне тоқталып жатпаймыз.
Мылқау туралы әркім әртүрлі пікір айтып жүр. Біздіңше, бұл езілудегі, қорлықтағы халық уәкілінің бірі. Ол әуелгі көрбала күнінде Жалмұқан, Сердәлінің қолшоқпары болса, жүре-келе шындыққа көзі жеткен соң, өнер мен махаббатты, Ақан мен Ақтоқтыны қорғауына алады. Сөйлерге тілі, естірге құлағы жоқ болса да, ол айналасында болып жатқан өмір сырының бәріне түсінеді; бәріне де ыммен, ишаратпен өз көкейін көрсетеді; адал ниетімен, тау қопарар күшімен қарғағанын тапауға, алқағанын қорғауға әзір сияқты.
Драмада бір жайды аша түскен мақұл. Мәрзияның не үшін тірілей көмілгені толық ашылмайды. Мәрзия оқиғасы драма тартысының мықты кілті ғой.
«Ақан сері – Ақтоқты» пьесасы – өзінің көркемдік өресі, мазмұн тереңдігі жағынан барлық елдер әдебиеттеріндегі классикалық драмалардың дәрежесіндегі аса күрделі шығарма. Ерікті ұйқасты (белый стих) шынайы поэзиямен жазылған бұл драмадан қазақ тілінің байлығы да, нендей терең ойларды қазақтың байырғы оралымды тілімен жеткізіп беру мүмкіндігі де толық байқалады.
«Ла-илаһа еллалла» деп ашып едім бұл дүние есігін», «Ұзын кірпік найзадай кеп қадалғанда кеудеме», «Сорлы жүрек құр дірілдеп қалып еді қансырап», «Ән мен жыр да бірге қайтты туып өскен еліне» деген сияқты ағыл-тегіл ақындық сөздер осы шығармамен бірге дүниеге келді. Драмалық шығарманың поэзия тілімен бұлай жазылуы – тек жазушы тудырмасы үшін ғана емес, әдебиетіміз, театр өнеріміз үшін де зор жаңалық. Бұл жаңалық біздің театр мен актерлерімізге жаңа талап қойды. Сахнада Ақанның терең философиялық монологтарын бар ырғақтарымен, бар мағынасымен жеткізіп айту – үлкен өнердің жұмысы.
«Ақан сері – Ақтоқты» қазақ драматургиясындағы, сонымен бірге театр өнеріндегі жаңа бір өркешті кезең. Бұл ірі туындының әрі жөнделіп, әрі театрда қайта қойылуы жұртшылығымызды қатты қуантады да сүйсіндіреді.
1958ж.