Эссе Халық медицинасында қолданылатын дәрілік өсімдіктер Халық медицинасы – ғасырлар бойы жинақталған тәжірибені қолдана отырып, ауруды дәрілік шөптермен емдеу, ол, ұрапақтан ұрпаққа беріліп келе жатыр. Дәрілік өсімдіктің емдік қасиеттері олардың құрамында кездесетін алкалоид, амин қышқылдары, антибиотиктер, дәрумендер, гликозидтер, илегіш заттар, органикалық қышқылдар, майлар, микроэлементтер, пигменттер, смолалар, фитонцидтер, эфир майларының болуына байланысты.
Кей жағжайларда көптеген өсімдіктердің толық зерттелмеуіне байланысты олардың негізгі фармакологиялық әсерін ашып көрсету мүмкін болмайды. Халық медицинасында қолданылып жүрген кейбір дәрілік өсімдіктер көптеген ауруларды емдеуде нәтижелі қолданылуда.Жалпылама алғанда олардың емдік қасиеттері ойдағыдай нәтиже бермегенімен, адам ағзасына әсер ете отырып, науқастың аурудан айығуына қолайлы жағдай тудырады.Медицинадағы фитотерапияның негізгі мақсаты – бұл аурудың алдын алу, иммунитетті жақсарту және ағзадағы жалпы тепе-теңдікті қалпына келтіру.
Емдік қасиеті бар өсімдіктер ауруды емдеу мен оның алдын алуда қолданылады. Сондықтан да олар ағзаны қолдау және денсаулықты жақсарту мақсатында қолданылады. Дәрілік өсімдіктерді қолдану шаң-тозаң, темекі, ауаның ластануы сияқты зиянды факторларды азайтып, жүйке жүйесінің, күш түсуден болған бұлшық еттің шаршауын басады, табиғаттың әсерлерін нейтралдайды. Адамзат ұшырайтын аурудың түрі де көп, олардың шығу табиғаты да, емдеу тәсілі де әртүрлі, бірақ жазылу үшін ең бастысы – аурудан айығудағы науқастың өзінің ішкі сенімін күшейту. Бұл үшін фитотерапия таптырмас серік бола алады.
Алтын тамыр.Бұл – сабағы тік өсетін, көп жылдық шөп тектес өсімдік. Дәрілік шикізат ретінде 2,5-3 жылға дейін шипалық қасиетін жоймайды. Алтын тамырдың құрамындағы экстракт ағзаның дене жұмысына шыдамдылығын арттырады, жүрек-қан тамырлары жүйесін жақсартады, жоғарғы жүйке жүйесінің ырғағына жағымды әсер етеді, қан қысымын реттейді. Оны орнымен қолданбаса, кейбір адамдардың қан қысымын арттырып жібереді.
Арша.Арша биіктігі 1-3,5 метр, қысы-жазы көгеріп тұратын, бұталы өсімдік. Халық емінде арша жемісі несеп айдайтын және қуықтың қабынуын басатын дәрі ретінде қолданылып келеді. Сондай-ақ, аршамен тіс тазалау пайдалы.
Дермене жусан. Жусанды ішек құрты ауруына қарсы қолданған. Бабаларымыз бұл өсімдікті атам заманнан бері шет елдерге сауда керуендері арқылы көп мөлшерде жіберіп отырды. Қара жусанның тамырын тәбет ашуға, ішек, асқазан, бауыр, өт қалтасы ауруына пайдаланады.
Итмұрын.Итмұрын жемісінің құрамында С, К, Р, Е, В тобындағы дәрумендер, каротин, қант, лимон, алма қышқылдары, аздаған мөлшерде белок, май, гликозидтер бар. Итмұрын жемісі, тұнбасы малға да, адамға да өте пайдалы.
Жалбыз.Ерін гүлділер тұқымдасы, хош иісті, көп жылдық, кейде бір жылдық шөптесін өсімдік. Жалбыздың жапырағында ментол бар. Бұл өсімдіктен жасалатын дәрілер жүрек, өт жолдарын емдеуге шипалы. Ол жағымды иіс беретін әрі антисептикалық зат ретінде сұйық дәрілердің, тіс тазалығыш ұнтақтардың құрамына кіреді.
Жолжелкен.Жолжелкен Алматы облысының барлық жерлерінде өседі. Оның құрамында адам ағзасына қажетті көптеген заттар бар. Дәрі мақсатында жолжелкеннің жапырақтары, сабақтары, ұрығы және тамырлары пайдаланылады. Жапырақтарын маусым-шілде айларында жинайды. Жапырақтарды көленкелі ашық ауада, желдеткіші бар үйде жайып кептіреді.
Жұпаргүл.Бұл өсімдік бронхит, пневмония кезінде қақырық түсіру мақсатында қолданады. Басқа шөптердің қосындысымен бронхиальді астманы да емдеуге қолданады. Жұпаргүл тұнбасынан экзема, қышыма дерматоз, фурункулез, іріңді ісік, диатез кездерінде компресс немесе шипалық ванна жасаған дұрыс. Бас жиі ауырған кезде де жылы қайнатпасымен басты жуған абзал. Бірақ, жұпаргүлден жасалған тұнбаларды екіқабат әйелдерге, созылмалы гастриттің гиперацидтік түрі кезінде, асқазан немесе ұлтабар жаралары барларға, гипертоникалық ауыруы барларға ішуге болмайды.
Қазіргі кезде ауруды өсімдіктермен емдеу үй жағдайында қолайлы бола бастады. «Мың теңге тұратын дәрі шарбағыңның дәл түбінде өсіп тұр» деген халық даналығы бекер айтылмаған. Дәрі-дәрмек жасау ісінде өсімдіктердің алатын рөлі аса зор.
Шайхыслам Еңлік