Көпшілігі эссе – бұл қарапайым шығарма деп ойлайды. Алайда, олай емес.
Эссе – прозалық әдеби жанр. Француз тілінен аударғанда «очерк» немесе «нобай» деген мағынаны білдіреді. Эссе автордың дара әсерін, белгілі бір мәселеге қатысты көзқарасын көрсетеді. Ол белгілі бір сұраққа толық жауап бермейді, тек сол мәсеге қатысты өз ойын немесе әсерін көрсетеді.
Эссе жазу кезінде логика, ойды дәйектеу мен ақпаратты сауатты жеткізу қабілеті жақсы дамиды. Баяндау стилі көбіне сөйлеуге бағытталған.
Эссенің сипатты ерекшеліктері
Эссені дұрыс жазу үшін, алдымен оны басқа жанрлардан ажырататын ерекшеліктерді ескеру қажет.
Эссенің негізгі белгілері:
Мәселені қамтитын және оқырманның ойлануына ықпал ететін белгілі бір қысқа тақырыптың болуы.
Субъективті авторлық ұстаным. Эссені ерекшелейтін нәрсе – онда қандай да бір мәселеге тоқталған автордың көзқарасы, оның әлемге деген қатынасы, сөйлеуі мен ойы болады.
Сөйлеу стилінде жазылады. Эсседе күрделі тұжырымдар мен тым ұзақ сөйлемдер болмауы керек. Оқырманмен байланыс орнату үшін еркін стильді ұстану маңызды. Сонымен қатар, эссені іші сленгке толған сапасыз мәтінге айналдырып, артық кетудің қажеті жоқ. Мәтінге – әртүрлі интонация қолданылған қысқа, қарапайым және түсінікті сөйлемдер жақсы эмоционалдық өң береді.
Мәселеге толық талданым жасау. Жеке көзқарасты нақты деректерге сүйене отырып көрсетіп, дәлел келтіру керек.
Салыстырмалы түрде қысқа болғаны жөн. Қанша бет болатынына қатысты ешқандай шектеулер жоқ, бірақ эссе шағындығымен ерекшеленеді.
Құрылысы еркін болады. Эссе – қандай да бір нақты шеңбердің аясында жазылмайды. Мәтіннің құрылысы мәселеге әртүрлі жағынан қарауға тырысатын автордың логикасына бағынады.
Көзқарасты жеткізу логикасы. Еркін құрылысқа қарамастан, эсседе ішкі тұтастық, пікірін білдіретін авторлық мәлімдемелердің дәйектілігі болуы керек.
Осылайша, эссе баяндаудың ерекше стилімен ерекшеленеді, оның мақсаты оқырманның ойлануына түрткі болу. Эсседе автор өзінің көзқарасына көндірмейді, ол өз ойы арқылы оқырманды ойландырып, мәселені талқылауға шақырады.
Эссе қалай жазылады?
Эссені дұрыс жазу – жанрдың ерекшеліктерін түсінуге байланысты. Жазудың негізгі принциптері мен ұсыныстарын ұстанып жазса, эссе қызықты болады.
Тақырыпты қалай таңдауға болады
Егер жалпы бағыт бойынша таңдау керек тақырыптар тізімі жоқ болса, онда эссенің қандай аудиторияға керек екенін ескеру қажет. Мұнда нұсқалар әртүрлі болуы мүмкін: университет оқытушысы, комиссия, әдеби қауымдастық, жұмыс беруші болуы ықтимал.
Презентация жасау: 7 пайдалы кеңес >>>
Егер эссені мұғалімге өткізу үшін жазса, онда қандай қасиеттердің бағаланатынын ойлану керек. Осыған байланысты тексеруші автордан күтетін түпнұсқалық, сөйлемдерді қисынды түрде қалыптастыру қабілеті, сауаттылық, кәсіби қасиеттер және т.б. секілді қабілеттерді көрсету мүмкін болатын тақырыпты таңдауы қажет.
Ұсынылған тізімнен эссе жазатын тақырыпты таңдағанда, белгілі бір білім, ой-пікір бар немесе қатты қызығушылық тудырған тақырыпты таңдаған жөн.
Егер эссе жұмыс берушіге бағытталса, онда эссенің тақырыбы мен мазмұны автордың сипатын, оның шынайылығын, біртумалығын, адамгершілігін және даралығын көрсетіп тұруы қажет.
Эссені қалай бастайды
Жиі сөзшең және өз ойын қағазға түсіру қабілетіне ие адамдарда шығарманы, соның ішінде эссені бастауда қиындық туады. Бірақ, эссені қалай бастауды ойлап отыра берсең айтарлықтай көп уақыт кетеді, ал бұл шығармашылық жұмыстың үрдісін едәуір тұмандандырады.
Сондықтан, эссені қалай бастау керектігі туралы ұсынған кеңестерімізді пайдаланыңыз.