Этика мен эстетиканың негізгі теориялары. Этика мен эстетика философия ғылымының бөлігі ретінде дамығандықтан әрбір тарихи дәуірдің өзіне тән этикалық және эстетикалық құндылықтары болды.
Антикалық этикада гедонизм, ригоризм, эвдемонизм, стоицизм, скептицизм сияқты бағыттар пісіп жетілді.
Гедонизм сезімдік қуаныш пен рахаттануды адамгершілік тәртіптің негізгі мақсаты деп есептеді. Бұл бағыттың негізін кирендік Аристипп (435-355 б.э.д.) қалаған, Эпикур (342-271 б.э.д.) жалғастырған.
Көңіл көтеру мен рахаттылық сезімінің болмауы адам әрекетін тежейді, оған кері әсер етеді. Рахаттану, қанағаттану жағдайы организм үшін өте идеалды жағдайы. Адам өз іс-әрекеттерінде әр уақытта рахаттануға ұмтылуға тиіс.
Ригоризм – парызға адалдық танытып, белгілі адамгершілік қалыптарды толық орындау қажеттігін алға тартатын этикалық бағыт. Бұл бағытты киниктер мен эпикурийліктер дамытқан.
Эвдемонизм – адам өмірінің негізгі мақсаты және барлық ұмтылыстарының түрткісі бақыт деп есептейтін этикалық бағыт. Сократ, Демокрит, Аристотель философиясында дамыған бұл этикалық методологиялық принцип адамгершіліктің басты өлшемі және адамның моральдық мінез-құлқының негізін бақытқа ұмтылыс құрайтынын негіздейді.
Стоицизм – бақытты сезімдік ұмтылыстан бас тарту, өзінің ішкі қасиеттеріне назар аударып, өзімен-өзі болу құндылығын алға тартады.
Орта ғасырлардағы этикалық ілімдер негізінен діни санамен байланысты болғандықтан күнә, жамандық пен жақсылық ұғымдарын түсіндіруге ерекше көңіл аударылды.
Күнә - діни-адамгершілік ережелеріне қайшы келетін әрекеттерді, сөздер мен ойларды білдіру үшін қолданылатын діни ұғым.
Қайта Өркендеу дәуіріндегі этикалық ұстанымдар осы уақытта дамыған гуманизм мен пантеизм принциптерінің ықпалымен дамыды.
Гуманистер адам бостандығын жариялады, діни аскетизмге қарсы, адам ләззаты мен өз мұқтаждықтарын қанағаттандыру құқығы жолында күресті.
Ренессанс дәуірінде өнердің кеңістіктік түрі – кескіндеме, мүсін, сәулет өнері дамыды. Бұл дәуірде адам қатты дәріптелді. Эстетикалық зерттеулермен тікелей суретшілер айналысты. Жалпы эстетикалық мәселелер кескіндеме, мүсіндеме, сәулет өнері аясында дамыды.
Ренессанс эстетикасы – идеал эстетикасы. Идеал мен шынайы өмір арасындағы қарым-қатынасты зерттеу барысында олар көркем образдағы жалпы мен жеке мәселесіне тап болады. Бұл көптеген суретшілерді қатты толғандырады. Әсіресе, бұл мәселе Альбертті өте қызықтырды.