Қазақстан Республикасындағы көші-қон процестері әртүрлі факторлардың әсерінен дамиды: әлеуметтік-экономикалық, саяси, этникалық, экологиялық және басқалар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап көші-қон процестерін реттеу мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне жатады. Көші-қон процестерінің динамикасына сәйкес көші-қон заңнамасы да дамуда. 1997 жылы "Халықтың көші-қоны туралы" Заң және Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2001-2010 жылдарға арналған салалық бағдарламасы қабылданды, оның негізгі мақсаттары елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық және демографиялық дамуын қамтамасыз ету, көшіп-қонушылардың құқықтарын іске асыру бойынша барлық қажетті жағдайларды жасау, сондай-ақ елдің мемлекеттік қауіпсіздігін нығайту болып табылады.2007 жылғы 28 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің N 399 Жарлығымен Қазақстан Республикасының Көші-қон саясатының 2007-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы мақұлданды. Көші-қон саясатының тұжырымдамасы Қазақстан Республикасындағы көші-қон процестерін басқарудың қазіргі бар бағыттарын жетілдіруге және сапалы жаңа бағыттарын дамытуға бағытталған. Көші-қон саясатының стратегиясы Қазақстанның әлемдік шаруашылық байланыстарға көбірек интеграциялануы жағдайында елдің бәсекеге қабілеттілігі көбінесе адами әлеуеттің саны мен сапасымен айқындалады деп негізге алады. Тұжырымдама елдің "Қазақстан-2030" әлеуметтік-экономикалық дамуының ұзақ мерзімді стратегиясына негізделеді, көші-қон процестерін реттеудің халықаралық тәжірибесіне сәйкес әзірленді және ұлттық бірегейлікті сақтау мақсатында Қазақстанның полиэтностығын ескере отырып іске асырылуға тиіс [2].
Елдегі көші-қон процесінің негізгі үрдістерін сипаттай отырып, мыналарды бөліп көрсету қажет. 2004 жылдан бастап көші - қонның оң сальдосы байқалады: 2004 жылы - 3,4 мың адам, 2005 жылы - 22,1 мың адам, 2006 жылы - 30,4 мың адам, 2007 жылы-10,0 мыңнан астам адам және 2008 жылы-3,5 мыңнан астам адам, бірақ көріп отырғанымыздай, 2007 жылдан бастап көші-қонның оң сальдосы қысқаруда. ТМД елдері шеңберінде негізгі көші-қон ағындары Ресеймен, Украинамен және Орта Азия елдерімен; алыс шетел елдері арасында — Германиямен байланысты