«Әуезов және әлем әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2014 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті



бет1/7
Дата04.11.2016
өлшемі2,35 Mb.
#320
  1   2   3   4   5   6   7

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ



3-деңгейлі СМЖ

құжаты

ПОӘК


ПОӘК 042-18-28.1.23/03-2014





ПОӘК

«Әуезов және әлем әдебиеті»

пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар



______2014 жылғы

№ 3 басылым




5 В 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті

5 В 020500 «Филология»

В 012100 Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына арналған
«Әуезов және әлем әдебиеті»

ПӘНІНІҢ ОҚУ- ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ

ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛДАР






СЕМЕЙ


2014

Мазмұны
1 Глоссарий

2 Дәріс сабақтарының мазмұны

3 Тәжірибелік сабақтардың мазмұны

4 Студенттердің өздік жұмысы

5 Пайдаланған әдебиеттер тізімі

Әдебиет – (араб тілінде «адаб» - үлгілі сөз) тыңдарман, оқырманның ақылына, сезіміне, көңіліне бірдей әсер беретін дарынды сөз зергерлерінің жан қоштауынан туған көрнек өнері.Яғни, сөз өнері адам тәрбиелеудің ең күшті рухани құралы. Сонымен бірге нағыз өнер туындысы қалың қауымға емес, сол өнерді жанымен ұғар жандарға арналады. Осы себепті де М.Әуезов: «Әдебиет - әдебиет үшін деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ»- деген.

Әдебиеттің халықтығы – шығарманың халықтың тілек-мүддесіне толық сәйкес келер идеялық сипаты. Яғни шығарма туындыда суреттеліп отырған дәуірді халық көзімен, халық мүддесі аясында бейнелеп беруі шарт. Ол үшін сөз иесі (автор) тыңдарман мен оқырман қауымның ой-санасына жанасымды, ұғым-түсінігіне жақын, болмысты мейлінше қарапайым түрде бейнелейді.

Дәстүр және жаңашылдық – көркем мұралар мен әдебиет тарихындағы қалыптасқан түсініктер, әдеби-эстетикалық үлгі-өрнектер, тақырыптық, идеялық, көркемдік әдіс-тәсілдер жиынтығы әдеби дәстүрді қалыптастырса, осы әдеби дәстүрдің озық үлгілерін пайдалана отырып, мән-мағынасы терең, көркемдігі жоғары, заман талабына жауап беріп қана қоймай, болашаққа жол ашатын өнердегі тың тақырыптарды бұрын қолданылмаған әдіс-тәсілдермен соны мәселелерге батыл шешім таба суреттеген әдеби ізденістердің көркемөнердегі нәтижелі көріністерін жаңашылдық дейміз.

Тарихи жыр – тарихи оқиғалардың ізімен шығарылған, авторлары бар, реалистік сипатта жырланған, тарихи дәуірдің нақышы айқын бедерленген, сюжеті тарихта болған тұлғалардың ел мүддесі жолында атқарған істерін баяндайтын, шығарушы автордың субъективтік көзқарасы, стилі танылатын эпикалық туындылар.

Стиль сөз зергерінің болмысты, бүтін дүниені танып-білу, сезіну қабілетін, бейнелеу шеберлігін, өзіндік суреткерлік тұлға-бітімін танытатын даралық өзгешелігі, жазу мәнері, қолтаңбасы. Көркемдік стиль жазушының өмірлік тәжірибесі негізінде, оның суреткерлік дарынының табиғатына сәйкес қалыптасып, әлеуметтік жағдайларға, заманның эстетикалық мақсат-мүддесіне сәйкес қалыптасады.

Эпитет(айқындау) заттың, құбылыстың айрықша белгісін, сипатын, қасиетін айқындап көрсететін бейнелі сөз.

Фигура – (айшықтау, әсерлеу, лептеу) сөзге мәнерлілік сипат дарытып, көркемдігін, әсерлілігін арттыра түсетін сөйлем құрылымын түрлендіру, айрықша айшықпен дағдылы қалыптан өзгеше айту. Фигураның түрлері мол. Олар: арнау, қайталақтау, сөз орнын ауыстыру, шендестіру, түйдектеу, бүкпелеу, риторикалық айшықтар,

Прототип – көркем шығарма кейіпкерінің өмірде болған немесе өмірде бар түп тұлғасы.

Академиялық басылым – қаламгер шығармасының ғылыми-текстологиялық зерттеу негізінде даярланған жинағы.

Әдеби процесс- бұл белгілі бір дәуірде, сонымен қатар, ұлттар мен елдердің, аймақтардың, әлемнің күллі тарихи кезеңдерінде өмір сүріп келе жатқан әдебиеттің тарихи заңды қозғалысы.

Әдеби характер (гр. мінез, ерекшелік) – кейіпкердің мінез бітімі, адамның бойына психологиясына, қимыл әрекеттеріне тән сан түрлі қасиеттердің бірігіп, біте қайнаған тұтастығын танытатын мінез-құлық өзгешелігі.

Әдеби сын – көркем шығармаларды талдап, олардың көркемдік, идеялық, тарихи, танымдық қырларын, әдеби процесстегі орнын анықтайтын әдебиеттану ғылымының бір саласы.

Әдебиеттің ұлттық сипаты - әдеби шығарманың ұлттық тіл, ұлттық дүниетаным, тарихи-поэтикалық зерде аясында қалыптасқан қаламгер туындысы.

Әдебиеттің халықтық сиапты – шығарманың халық мүддесіне сай идеялық – көркемдік сапасы.

Образ – көркем бейне, әдебиеттегі суреттілік, болмысты өнерде көркемдік тұрғыда сөзбен сурттеп жазу.

Идея - әдебиет шығармасында өмірдегі жәй жағдайлар, адам тағдыры баяндалғанда, суреттелгенде жазушының сөз болып отырған мәселелерге қатынасы, көзқарасы да аңғарылады.

Стиль – жазушының өмір шындығын танып-білу, сезіну қабілетін, бейнелеу шеберлігін, өзіндік суреткерлік тұлға бітімін танытатын даралық өзгешелігі, жазу мәнері, қолтаңбасы.

Сюжет (франц. зат) - өзара жалғасқан оқиғалардың тізбегі, біртұтас желісі.

Тақырып - әдеби шығармада сөз болатын басты мәселе, шығарма мазмұнының негізгі арқауы, айтылатын жай жағдайлардың бағыт-бағдары.

Тартыс - өмірдегі қайшылықтардың өнердегі көрінісі

Композиция - әдеби шығарманың құрылысы, оның үлкен кішілі бөлім бөлшектерінің бір-бірімен қисынды түрде қиюластырылып, әр түрлі тәсілмен байланыстырылған тұтастық бірлігі.



Кіріспе

«М.Әуезов және ұлт өркениеті» курсы – жоғары оқу орындарының қазақ тілі мен әдебиеті мамандықтарында оқытыладын ғылыми-теориялық пән. «М.Әуезов және ұлт өркениеті» пәнін игеру үшін қажет білім – пәнді игеру үшін дағды мен білім студентке берілетін ақпаратты меңгеру, байқау, салыстыру, ойлау, теориялық білімді тәжірибесінде қолдана білуі тиіс. «М.Әуезов және ұлт өркениеті» пәнін оқытудың негізгі мақсаты – М.Әуезовтың алғашқы кездегі шығармашылығы мен жазушының кемел жасқа жеткендегі шығармашылығын жан-жақты таныту, қаламгердің басқа ел әдебиетіне көзқарасын, шетел жазушыларымен рухани байланысын ашып көрсету. Жазушы лабораториясының әр қырлылығын шығармалары, аудармалары, мақалалары арқылы таныту, шетел әдебиетімен жүйелік байланыста таныстыру.



Дәріс № 1 М.Әуезов шығармашылығының алғашқы бастаулары

Мұхтар Әуезов- қайта жаңару мен өрлеу ауқымындағы тұлға. Мұндай алып тұлғалар қоғамның рухани өмірінің көптеген салаларында жарқырап жарық жұлдыз кейпінде көрінеді.Олар, тұтас алғанда, бүкіләлемдік мәдениетке күшті ықпал жасайды. Қайта өрлеу дәуірінің биік міндеттері оларды әрі қоғам қайраткері, әрі жазушысы, әрі ғалымы, әрі ұстазы болуға ұмтылдырады. М. Әуезов - тұңғыш режисері әрі ұйымдастырушысы, ол-тұңғыш журналисттер мен прозашылар санында, тұңғыш әдебиеттанушы, абайтанушы, республика Ғылым академиясының толық мүшесі болған тұңғыш жазушы.

Қазан төңкерісі тұсында М. О. Әуезов 20-жаста болатын. Оның қоғамдық қызметімен мәдени шығармашылығы, ғылымға ден қоюы патша өкіметі құлап, еліміздегі сан алуан өзгерістер қолдау мен қарсылыққа бірдей ұшырап, теориялық та, практикалық та істер жедел ұғылып кете қоймаған аласапыран заманғи, қиын-қыстау кезеңге тап келді. Жазушының саяси әлеуметтік көзқарасының, дүниетанымының қалыптасуына еліміздегі жаңа қоғам құру барысыныдағы идеологиялық күрес, қолдан жасалған тап тартысы, мәдениет пен өнер, философия мен әдебиет және тағы басқа салалардағы дау-айтыстар, сыңаржақ түсініктер әсер етпей қойған жоқ.

Бұл, әсіресе, жазушының 20-30-жылдардағы шығармашылығына тікелей қатысты. Дегенмен, М.Әуезовтің осы жылдардағы шығармашылығының ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы мәдени-ағартушылық, саяси-әлеуметтік ойдың, қоғамдық сананың, білім, өнер дамуының тарихи жолдарын танып-білуде зор мәні бар.Сондай-ақ олар ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХғасыр басындағы қазақ ойшылдарынан кейінгі дәуірдегі Қазақстандағы философиялық және қоғамдық ойдың даму тарихын, қазақ философиясын және әдебиетін зерттеушілер үшін де қажетті дүниелер.

Академик Әлкей Марғұланның деректеріне қарағанда, Мұхтар Әуезовтің қауым алдында, әдебиет жүзінде көріне бастауы 1917 жылдан басталады. Әсіресе оның атын көпшілікке әйгілі еткен сол кездегі «Абай» журналы болған. Журнал үйымдастырушысының бірі де, оның негізгі мақалаларын жазған да Әуезовтің өзі.

Журналдың әр санында шыққан М.Әуезов мақалаларының «Ғылым», Ғылым тілі», «Қазақ ішіндегі партия неден?», «Мәдениетке қай кәсіп жуық?», «Мәдениет һәм үлт», «Оқу ісі», «Философия жайынан», «Япония» т.б. болып аталуының өзі-ақ осы тұстағы жас Мұхтардың терең таным-талғамынан біраз мағлұмат беріп тұрғандай.

М.Әуезовтің біздің көзімізге түскен ең бірінші шығармасы – «Қазақтың өзгеше мінездері» атты мақаласы 1917 жылы Ташкентте шығаратын «Алаш» газетінің 30 наурызындағы 16 санында жарияланған. Ал келесі «Адамдық негізі -әйел», «Қайсысын қолданамыз?» деген мақалалары да осы жылдары Семейде шығып тұрған «Сарыарқа» газетінің 5-қыркуйек, 19-қазандағы сандарында басылған. Ол бұл мақалаларында үлкен әлеуметтік мәні бар, сол кездегі қоғамөмірінің, қазақ тұрмысының көкейтесті мәселелерін көтеріп, соларды ғылыми тұрғыдан шешуге талпынған.

Айталық, «Қазақтың өзгеше мінездері» атты мақаласында автор халық тұрмысының өсу, даму жағдайларын қозғап, соған кесір келтіріп отырғанқазақ арасындағы «ұйымсыздық, күндестік, парақорлық, партия, әділетсіз билік, әйелдің халі» деген сияқты түрлі кемшіліктерді сынап, сол кемшіліктерден құтылудың жолын іздестіреді, жұртшылықты соған шақырады.Мінез түзеу дегенді М.уезов нағыз прогрессивті жолмен түсінген. Алғашқы мақаласында оған арнайы түсінік бермегенмен, келесілерінде: «Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, оны өскен орта, көрген үлгі, өнеге билейді»,-деп ашып айтады. «Адамдық негізі-әйел» атты мақаласында да Әуезов осы мәселені әрі қарай жалғастырып, халық тұрмысының, яғни мінез құлқының өзгермей, өспей отыруының негізгі бір себебі-қазақ арасындағы әйел деген көзқарасқа тікелей байланысты деп біледі. Автор бұл мақалада әйелдің қоғам өмірінде атқарар рөлін ғылым жолыменпсихологиялық, педагогикалық, философиялық дәйектермен дәлелдей келіп: «Адам болып қалғың келсе, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе»,-қорытынды ойын айтады.

Ал, «Қайсысын қолданамыз?» және тақырыбы жағынан соның тікелей жалғасы болып саналатын «Ғылым тілі» сияқты мақалаларында М. Әуезов ғылыми терминология мәселесін сөз етеді. Халықты ағарту жолында, ғылымды тарату, дамыту үшін ғылыми терминнің бір қалыпқа, бір жүйеге түсуінің маңызы өте зор. Сол кездегі қазақ зиялыларының бір тобы Ресейдегі, не Қазақстанның өзіндегі орысша оқу орындарынан шықса, екінші бөлігі Қазан, Уфа қалаларындағы медреселерді бітірген. Міне, осы жайларды оқығандар арасындағы екі ұдайы алалықтан туар зиянды салдарды аңғарған М. Әуезов ғылыми термин мәселесін дер кезінде көтеріп, көпшілік талқысына ұсынады, бұл бағыттағы өз ізденістері мен мен ғылыми негіздегі шешімдерін баяндайды.

М. Әуезовтің «Қазақ ішіндегі партия неден?» (бұл жерде партия деген сөз жік мағынасында -Ә.Н.) деген мақаласында ел ішіндегі алауыздылық, жікшілдік сияқты теріс әлеуметтік құбылыстың шығу төркініне жауап іздеу бар: «Әрбір халықтың өзгеден өзгеше халықтығында екі түрлі шарт бар. Оның бірі- сол халықтың кәсібі, екіншісі- жұрт тәртібі»,- дей келіп, олардың қазақ даласындағы өзгеру, шығу тегінен хабардар етеді, осы жайлардың адам болмысы мен санасына, психологиялық қалпына, сол арқылы бүкіл көзқарасы мен салт-санасына қалай әсер ететіндіктеріне нақтырақ тоқталады, қоғамдық-әлеуметтік мәні бар тұжырымдар жасайды. Сондықтан жоғарыдағы екі шарттың екеуі де басынан аяғына дейін әлеуметтікәділеттілік тұрғысынан шешілуі керек. Өйткені, «Әділеттілік жоқ жерде ұрлық, жала, зорлық көбейеді, көптің азға күштінің әлсізге көз алартуы туады, бұлар ел ішіне жік салып, жұртты қоздырады. Бұған басшылардың жуандық құмар мінездері қосылады, оларды қоршаған жағымпаздар пайда болады, осыдан барып екінші партия (жік) шықпасына ешкім кепілдік бере алмайды.»

М. Әуезовтың ойынша , осы жікшілдікке қарсы қоятын үш түрлі құрал бар. Біріншіден, ел басындағы кісі әділ, оқыған, кез келген істі тез бітіретін, жауапкершілігі зор адам болуы керек; екіншіден, кәсібі жоқ, жұмыссыз жүрген адамдарға жұмыс тауып беріп, оларды жалшылықтан құтқаруы керек; үшіншіден, еңбекке ынталандырады, жемісін көрсетеді.

«Мәдениетке қай кәсіп жуық?» атты мақаласында ол «осы күнгі адам баласы тұтынып жүрген кәсіптерді», оның ішінде, «ертеден адам баласының ұзын-ырға тарихымен қол ұстасып келе жатқандарын» саралап өтеді. Мұнда М. Әуезов халықтың мінез-құлқына, сана-сезіміне, жалпы тұрмыс-халіне «сыртқы өмірдің ыңғайы, отырған жерінің табиғат жағдайы және тұтынған кәсібі әсер етеді.»,- деген зор дүниетанымдық мәні бар пікір ұсынады.

М. Әуезовтің «Абай » журналында жарияланған, көлемі жағынан шағын, бірақ оқырманға қоғам өміріндегі ғылымның алатын орны туралы терең мағлұмат беретін «Ғылым» атты мақаласының да орны ерекше. Бұл еңбегінде ғылымның дамуын адамзаттық даму жолдарымен диелектикалық байланыста алып қарап, ол жүйелі пікірлер айтады. Ол жалпы өмірджегі әлеуметтік, саяси және рухани процестерді, соның ішінде ғылымды да материалдық өмірдің өндіріс әдістері туғызатынын нақтылы ескерткен. Мақалада ағартушылық бағыт ұстанған жас Мұхтардың кейбір сыртқы тілегінен туған тұстары да бар. Бұл жердегі ескертетін бір жәй- адамның тілек-талабынсыз, бағдар-мақсатынсыз ғылым жолында өрге басу мүмкін емес екендігі.

Әйтсе де жас Мұхтар түгел субьективті позиция ұстаудан мүлдем аулақ. Мұның дәлелі ретінде оның ауыл шаруашылығы ғылымдарының дамуы мен пайда болуы туралы ойын келтіруге болады. Ол адам баласының өсіп-өну, соған байланысты жер байлығын игеру, тамақ өнімдерін шығару қажеттігі туралы айта келіп, ... ел бұған амал тапты. Мал бағу, егін салу секілді кәсіп шығарды, бірте-бірте осылармен айналысатын шаруа ғылымы көркейіп, гүлдене бастады», -деп көрсетті. Бұл «... адамзат өзінің алдына әрқашан тек өзі шеше алатын міндеттерді ғана қояды,, өйткені анықтап қарағанда әрқашанда міндеттің өзі тек оны шешуге қажетті жағдайлар болып отырған кезде ғана туатынына сай келеді.»

Адам баласының табиғат құпиясын меңгерумен қатар өздерін де зерттеу мен тану, мінез-құлық, адамшылдық, ақтық пен шыншылдық, алауыздық пен арамдық, жақсы мен жамандық қайдан деген де сұрақтар мазалаған. Осыларға жауап іздеген ойшыл: «Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, көрген үлгі, өнеге білетіндігінен және түзелу, бұзылу жас уақытта болатынын, көпшілікті адамшылдыққа жеткізу үшін жас буынды тәрбиелеу қажет» екендігін айта келіп, «адамшылдықты таза жүргізу үшін көп ой керек, олау үшін оқу керек, оқу әр тараптан мағлұмат беріп, хахиқатқа баланың көзін жеткізіп, көңілін жақсылықпен тәрбие қылу керек...»,- деп түйеді өз ойын.

Сол заман тұрғысынан қарағанда жас Мұхтардың мәдениет мәселесі төңірегіндегі пікірлері де өте құнды. «мәдениет пен адамның дүние жүзіне алғаш келгенін осы күнге шейін тапқын білімі мен һәм сол білімге сүйеніп істеп отырған өнерін айтамыз»,-деп жазады ол өзінің «Мәдениет һәь ұлт» деген еңбегінде. Әрі қарай ұлттың гүлденіп дамуы, оның өсіп өрбуі, ғылым дәрежесіне тікелей байланысты, өйткені «ғылым мен мәдениет барлық дүниенің алтын алқасы болып отыр. Осы күнде мәдениет жерде-суды, ауаны, аспанда-ай, жұлдыз, күнді билейді»,-дейді. М. Әуезовтың түсінігінше, ұлттың дамуы, оның жалпы мәдени өркендеуі өскен ортаға, тұрмыс тіршілігіне, ұстанған жолдарына тікелей байланысты және мемлекет ұстанған экономикалық, әлеуметтік саясат осы мәселелерді шешудің негізгі тұтқасы болып табылады.

М. Әуезовтің «Абай» журналының екі санында (№4,5) жарияланған, жұртшылыққа Жапонияның екі ғасырлық даму жолынан нақтылы тарихи мәліметтер беретін келесі бір мақаласы «Япония» кең көлемде жазылған әлеуметтік бағыттағы очерк десе де болғандай. Мақалада сол кездегі Азиялық мемлекеттердің ішінде нарықтық дамудың біркелкі жоғары сатысынан орын алған Жапонияның саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани өсу жолдары тарихи тұрғыдан талданады.Оның кемшіліктерін ашық сынап, жетістігін үлгі етіп ұсынады.Мәселен, ол бұрынғы Жапон патшалықтарының батыл саяси өзгеріс жасаудағы жасқаншақтығын, жаңалықты тез қабылдауға деген енжарлық сияқты осал жақтарын сынай келіп, олардың жеме-жемге келгенде «өз халқының жетілуіне зияндары тигенін, оны тежегенін» тілге тиек етеді. Айлалы, азулы жауға өзінің ұстап келген қаруларындай қару ұстап, өзінің сүйенген тәртібіндей тәртіпке сүйенбесе басқа ылаж болмайтынында ескертеді.

Жазушының пайымдауынша, елдің өркениетті жолмен ілгерілеуіне көптеген жағдайлар қажет. Жапонияның даму барысында әсер еткен нақтылы бағыттар:ұлттық намыс,патриотизм, басқа халықтарға ұлттық намысын жібермеу, елдің және сыртқы жағдайларын шеберлікпен үйлестіре білу, Конституция негізінде басшылық жасау, үкімет басындағы кісілерді халықтың өзі сайлауы, әйелдердің әлеуметтік орны, сауданың өсуі, елдің кірісі мен шығысы, оқу жолына бөлінген қаражат, діннің таралуы, ғылым жәйі т.б. .

Осыларға байланысты сол тұста қыр қазағы үшін өте сирек және аларлық қажетті жағдай болып көрінетін Жапонияның жоғарыда аталған салаларды дамыту барысы туралы нақтылы деректер келтіреді. Біздің ойымызша, бұрын-соңды қоғамтанушы ғалымдарымыз бен әдебиетшілеріміз назарына ілінбеген бұл социалогиялық очерк арнаулы зерттеуді қажет ететін сияқты.

М.Әуезовтің жас шағындағы дүниетанымдық ізденістері мен шығармашылығының құндылық бағыттарын анық көрсететін ьақалаларының тағы бірі - өз тұсында терең ізденіспен жазылған «Философия жайынан» мақаласы. Ол ғылымдар тарауының түйіскен жері- философия деп есептейді, оны терең ойдың ғылымы, адамның ақыл аумағын кеңейтетін, ақиқатқа жетуге жол көрсететін, адам санасы мен танымын дамытатын ғылым деп түсіндіреді.

Жас Мұхтардың философия мен діннің ара қатысын ашуға талпынуы, әсіресе дін ауқымының кеңдігін, оның ақылдан бұрын жүректі тәрбиелейтініне, мінезділікке үйрететініне оқырман назарын аударуы танымдық тұрғыдан да құнды. Аталмыш жұмыста ол философияның мынандай бөліктері мен тарауларын қарастырады: гносеология, логика, психология, философия тарихы, метафизика, онтология, рационалдық теология, рационалдық космология, рационалдық психология деп бөледі.Әрі қарай философия тарихын: ескі және жаңа философияға бөліп, қазақ танымына ыңғайлап, Фалестен немістің классикалық философиясына дейін желі арта отырып түсіндіреді.Өз мақаласын «философия адамшылық жолындағы қараңғы қалтарыстарда қолға ұстайтын шамшырақ» деп аяқтайды.

Жалпы, біздің ойымызша, М.Әуезовтің 1918-1930 жылдар аралығындағы басылымдарда жарық көріп, белгілі себептермен ұзақ уақыт бойы ғылыми айналымға түспей, сондықтан да көпшілік игілігіне толық айнала қоймаған мақалаларына алдағы уақытта арнаулы зерттеу жасау- қазіргі уақыт талабы.

М.Әуезовтің жоғарыда аталған мақалаларында айтылған ойлары, теориялық тұжырымдары мен идеялық ізденістері қазіргі үшін қарапайым болып көрінуі әбден мүмкін. Алайда, тоталитарлық замандағы идеологиялық күрес, таптық тартыс, жағдайында жарық көрген жас Мұхтар туындылары- біздер үшін өте құнды мұра. Сондықтан, әуезовтану ісін дүниетанымдық тұрғыдан алғанда да көңіл аударуға тұрарлық іс.

М.Әуезов, ең алдымен, ғалым-жазушы, көркем ойдың, сол арқылы көркем идеяның алыбы. Бұл ой мен идея асқақ міндет, мұрат-мақсат ретінде оның бүкіл саналы өміріне, құлшыныс-құштарлығына қанат беріп, өзекті тақырыбының арқауын анықтап берді. Ал Әуезов сынды ғұлама-жазушы өзі үшін мұны бүкіл өмір жолының ең басында-ақ айқындап алған болатын. Ол-Абай тақырыбы. Жас Мұхтар Абай өлеңдерінің қолжазба жинақтарын оқып сауатын ашты, бала кезінен-ақ оның ақындық әлемінің құдіретті қуатын бойына сіңірді, сонан соң өзінің өлшеулі өмірін түгелдей ұстазының шығармашылығы мен мұрасын зерттеп, оны тануға, насихаттауға, басқаларға танытуға арнады. Бұл күндері Әуезовтің табандылығы болмаса оқырмандардың бүгінгі ұрпағы Абайды, ол арқылы сол замандағы қазақ қоғамының даму динамикасын танып біле алмаған болар еді деуге біздің толық хақымыз бар. Ғұламаны тек ғұлама ғана түсінеді және таниды.

Жоғарыда айтылған «Абай» журналында да ғылымның, саясат пен өнердің мейлінше әр алуан тақырыптарына арналған мақалаларымен қатар Абай шығармашылығы туралы да жазылған мақалалары кездеседі. 1923 жылы Мұхтар Омарханұлы «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» деген тарихи-әдеби сынжазады, онда Абайға едәуір орын берілген. Бұл еңбек кезінде барынша танымал болды, жалпы ұлттық бас ақын ретіндегі Абайға деген қоғамдық көзқарасты қалыптастырады.

Бұрынғы Кеңес үкіметі тұсында орыс совет әдебиетінің 20-30 жылдардағы даму кезеңі белгілі дәрежеде жақсы зерттелген. Осы кезде оларда түрлі әдеби бағыттар мен мектептер де өркен жайғаны белгілі.Бұл жылдарда ұлт республикалары да творчестволық жалынға толы болды. Біздің Қазақ Республикасы да солардың қатарында еді,мұнда да Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов тағы басқалар сияқты жарқын таланттар жарқырай көрініп, қайталанбас тұлғалар халқына қызмет етуді алдарына ұлы мақсат тұтып еді. Әттеген-ай, қазіргі қазақ зиялылары да өз халқына осындай қызмет жасаса, нұр үстіне нұр болар еді.

Әйтпесе, Мағжан Жұмабаев:

Азамат! Анау қазақ қаным десең,

Жұмақтың суын апар, жаным десең.

Болмаса, ібіліс бол да у алып бар,

Тоқтатам тұншықтырып зарын десең!..

деп ашына жазып, Міржақып Дулатов: ! «Оян, қазақ!» деп жар салып, ал Ахмет Байтұрсынов ұлтын ояту үшін «Маса» болып шығар ма еді.

Бірақ күні кешеге дейін еліміз тәуелсіздік пен егемендік алғанша біз олар жайында үзік-үзік мәліметтерге қарап қана бағамдай алғанбыз.Бұл күндері олар жайлы жүйелі деректерді жүрегің сыздап отырып оқисың.

Дәл осы жылдарда Абайдың бүкіл шығармашылығын, әсіресе, ұлттық философиясын «буржуазиялық қоқыс» деп тұрпайы-социологиялық тұрғыдан сынап жатты.Бірақ М.О.Әуезов Абай өмірін табандылықпен терең жырлай берді. Болашақ роман-эпопеяның алғашқы беттері, Татьянаның Онегинге хатын аударуға арналған тарау дәл сол 1937 жылы жазылған еді.Алайда, осындай аумалы-төкпелі әлеуметтік кезеңде М.Әуезов алаңсыз творчестволық жұмыспен айналыса алмады. Тіпті романға біріеші дәрежелі Сталиндік сыйлықтың берілуі де сұмдық байбаламнан қорғай алмады. 1951 жылы шабуылдың жаңа толқыны басталып, М.Әуезов пен Қ. Сәтпаев Мәскеуге кетуге мәжбүр болды. М.Әуезов онда МГУ-де СССР халықтарының әдебиетінен сабақ берді. Тек 1954 жылы ғана отанына оралуға, алаңсыз шығармашылық жұмыс істеуге, өзінің ғаламат еңбегін аяқтауға тұңғыш рет мүмкіндік алды. Сөйтіп бұл еңбекке 1959 жылы Лениндік сыйлық берілді. Екі жылдан кейін Мұхтар Омарханұлы дүние салды.

М.О.Әуезов тоталитаризмнің зардабынан айтайын дегенін айта алмай арманда кетті.Бірақ ол миллиондаған адамдардың санасында қазақтың ұлттық энциклопедиясы саналған ұлы ақын Абайдың жарқын бейнесін қалдырды, оны бүкіл түп-тамырымен дәстүрлі халық мәдениетінің қалың қойнауына бойлаған алып тұлға ретінде бейнелей отырып, өз үлтының сана-сезімін жаңа сатыға көтерді, қазақ әдебиетін дүниежүзілік мәдени процеске қоса отырып, бүкіл Шығыс халықтарының, соның ішінде түрік әлемінің көркем ойына үлкен әсер етті.Шыңғыс Айтматов роман туралы былай деген болатын: «Бұл роман- бүкіл түркі тілдес халықтардың, оның ішінде өткендегі көшпелі халықтардың да адамзат мәдениетіне қосқан зор үлесі. «Абай» эпопеясы – біздің көркемдік және әлеуметтік энциклопедиямыз. Бұл – біздің ортақ мандатымыз, біздің ұлан-байтақ Еуразия кеңістігіндегі бүкіл бастан кешкен заманымыз тура келген бүкіл тауқыметіміз үшін, өз қазынамыздың жүйесін, өзіміздің көркемдік және адамгершілік дүниемізді, өзіміздің ұлы поэтикалық сезімімізді жасап, қол жеткізе алған бүкіл игіліктеріміз үшін берілген есеп... Әуезов бізді осы мағнада алғанда жалпы жұрт үшін маңызды көркемдік- тарихи ой-пікірдің дүниежүзілік деңгейіне көтерді. Дүниені көз алдыңа келтіру үшін, басқалардың көзіне түсу үшін, адам рухының қадір-қасиетін асқақтата көтеріп, жар салу үшін өз биігің- Мұхтар Әуезов сияқты асқар шыңың болу керек. Біздің өзіміз жайында Мұхтар Әуезов көтерілген биікте тұрып ой түйеміз және басқа халықтармен сол биік арқылы араласамыз».

Ал біз шыққан осынау биік бұл күндері өткенге байсалды, мұқият зер сала қарауымызға, объективті ауқымдағы оқиғалар мен алып тұлғаларды көтеруімізге, оларды әсірелемей де, көмескілемей де көрсетуімізге мүмкіндік береді.

Абайды көтергенде, халықтың сана-сезімін самғатқанда Мұхтар Әуезов дүние жүзінің көз алдында өсіп-өркендеудің ең жақсы, ең адамгершіл тәсілі арқылы өзін де шырқау шыңға шарықтатты. Өйткені, бұдан басқа қандай да болсын әдіс жеке тұлғалар мен халықтардың өмірлік тәжірибесінде өзінің өресіздігін дәлелдеді.Тек тізе қосып, бір-бірімізді қолдап, көтермелеген жағдайда ғана біз өзіміздің ұлттық биігімізге шыға алмақпыз. Ал адамның бүкіл әлеуметтік дүниемен диалектикалық өзара қатынасының осы формуласы Мұхтар Әуезовтің тағдырына мейлінше толық көрініс тапты, бұл тағдырдың жоғары типтік және бірегей сипатын айқындады.

Қазақ жазушыларының ішінде М.Әуезов алғашқылардың бірі болып, ұлы Абай тұлғасы арқылы халқының өткен заманына, өміріне, тұрмыс-тіршілігіне-бір сөзбен айтқанда, ұлттық тарихына көз салды. Ғылыми-көркем, тарихи ізденістер нәтижесінде ол бізге халық өмірінің тұтас бір ғасырын қайта тірілтті, жеке адамдар тағдырының бүкіл дүниежүзілік тарихи тәжірибелермен сабақтасып жататынын ашты, жазушы эпопеясының арқасында Абай біздің өтпелі заманымызбен тілдесті, біздің дәуірімізге қайта оралды.Сондықтан, данышпан Абай- қазіргі қазақ халқының рухани кеңесшісі.

Жазушының «Абай жолы» эпопеясының рухани мәдениетімізді дамытудағы зор ролі сол, ол Шәкәрім қажы, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов,Х.Досмұхаметовтердіайтпағанда, 50-ші жылдарға дейін С.Сейфуллинсіз, Б.Майлинсіз, І. Жансүгіровсіз өскен ұрпақтардыңрухани дамуына аса ерекше әсер етті. Бұл жағдайда М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы тек жәй көркем-тарихи шығарма емес, ұлтымыздың сан ғасырлық тұстарын көркем оймен кестелеген, өз тұсында ұлтымыз бен халқымыздың абройын асқақтатқан даналық дастаны, дала тарихы мен философиясы болды.

Шындығында да, «Абай жолы» романы – өзінің көркемдік-эстетикалық әсерімен де, мазмұнының терең философиялық және тарихи болуымен де бұрын-соңды көркем мәдениетімізде болмаған құбылыс. Халық менталитеті мен өмірін терең білуі жазушыға қазақ қоғамының рухани даму сатыларын шыншылдық тұрғыдан, диалектикалық ойлау жүйесі негізінде түсіндіруге мүмкіндік берді. Халықтың ең үздік өкілдерінің бірі-Абай бейнесі мен болмысы арқылы ол өзінің де әчемдік әлемімен дүниетанымдық көзқарасын көрсетті. Ақын бейнесін сомдау барысында ол данышпан суреткер, ұлы ойшыл-жазушы болып қалыптасты. Абай сынды данышпанды Мұхтар сияқты данышпан ғана танып, оны әлемдік мәдениет шеңберінде қарап, оның таңғажайып сыры мен құпиясын ашады.

Қазақ әдебиетінің қол жеткен табысы, Қазақстан руханы мәдениетінің қалыптасуы мен дамуы, өз тұсында өөркендеп, гүлденуі М. Әуезов есімімен тікелей байланысты сол себепті, біздің ойымызша, жазушыынң көркем-әдеби, ғылыми шығармашылығын таңдау тек қазақстандық қоғамдық және философиялық ойдың даму тарихын білу үшін ғана емес, халықтар арасын жақындастыруға септігі тиетін, бүкіл осы заманғы шығыс, соның ішінде түркі тектес халықтарының философиясы мен психологиясын түсіну үшін қажет.

Соңғы жылдарда халықтардың рухани мәдениетінің көне тарихына қызығушылығы өскен сайын, М. Әуезовтің философиялық және ғылыми мұрасын зерттеу де ерекше маңызға ие бола бастады. Бұл жерде де табиғи заңдылық бар. Өйткені, бүкіл адамзат өркениеті өтпелі кезеңдегі әр елдің ұлы ойшылары мен зиялыларының санасымен ұғынылып, олардың еңбектерінде зерделенген. Осыдан Жас егемен елдер мен азаттыққа қолы жеткен ұлттардың өз өркениеттерінің бір діңгегі рухани мәдениетінің бай тарихын тану барысында олардың шығармашылықтарына қайта оралып, жаңаша ұғынуға ұмтылыс жасауы да заңды.

Ал М.О.Әуезовтің теңдесі жоқ мұрасы, оның кезінде әлемдік әдебиетке қосқан іргелі үлесі – романдары мен повестері, драматургиясы мен әдебиеттанусаласындағы шығармалары, абайтану мен публицистикасы бүгінгі таңда да көмескі тартқан жоқ. Бұл мұра – қазақ халқының мәдениетінде қалыптасқан бай ұлттық қазына.М.О.Әуезовтің есімі екі мәдениеттің – Шығыс пен Батыс келбетінің құрыш қоймасын бейнелейді. Егер Абай қазақ халқының өткен замандағы зиялылығы мен кемеңгерлігінің асқар шыңы болса, бұл құдіретті бейнені романист қаламымен қайта тірілткен Мұхтар Әуезовтің өзі жаңа замандағы жаңғырған қазақ мәдениетінің тарихында асқар шыңға айналды.Зеңгір аспандағы бір-бірімен біте қайнасқан қос жұлдыз сияқты ұлттың аса көрнекті екі алып тұлғасының бұлайша ғажайып түрде тұтасып және тілдесіп кетуі – бүкіл дүниежүзілік әдебиет тарихындағы, көркем ойдағы өзіндік бір ерекше құбылыс.

М.О.Әуезовтің республикамыздың рухани мәдениетін жетілдіру мен дамытудағы орны тек Абайға байланысты ізденістермен, абайтанумен шектелмейді. Ол ұзақ жылдар бойы Қазақ мемлекеттік университетінде қазақ әдебиеті тарихынан студент жастарға лекция оқыды, студеттер мен аспиранттардың ғылыми жұмыстарына жетекшілік етті. Қазақстан Ғылым академиясының академигі ретінде өмірінің ақырына дейін республика көмегіндегі әдебиеттану жұмысын жүйелеп, оған басшылық жасап, құнды кеңесін беріп жүрді. Оның тікелей жетекшілік етуімен, болмаса редалқа мүшелігімен қазақ халқының рухани мәдениеті мен тарихын танытуға зор септігі тиген, бұл саладағы ғылымдарға қомақты үлес болып қосылған «Қазақ совет әдебиеті тарихы» (1948), «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» (1958), мен көптеген фольклорлық басылымдар жарық көрді.

М.О.Әуезовтің қазақтың дүниетанымы мен рухани дүниесін дамытудағы орнын айтқанда, жазушы – ғалымның қазақ әдебиетінің арна басы, халықтың ең қымбат тарихи ескерткіші деп бағаланған қазақ эпосы



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет