Палеозой заманы. Бұл ертедегі тіршілік заманы. Жасы – 570 млн. Жыл. Бұл заман 6 кезеңге бөлінеді: Кембрий, Ордовик, Силур, Девон, Карбон (тас көмір) және Пермь.
Кембрий. Қоңыржай климаты бар бұл кезеңде тіршілік негізінен суда болды. Құрлықта тек бактериялар мен көк-жасыл балдырлар тіршілік етті. Бұл дәуірдің орта шенінде тау түзілу әрекетінің қауырт жүруіне байланысты құрлықтың көп бөлігі су астынан босап шықты. Осы кезеңдегі айтарлықтай ароморфоз өсімдіктердің құрлыққа шығуы болды. Алғашқы құрлыққа шыққан өсімдіктер псилофиттер болды. Құрлыққа бейімделу барысында ұлпалар мен мүшелер түзілді. Олардың құрылысы күрделеніп, псилофиттер спора арқылы көбейетін жоғары сатылы өсімдіктермен алмасты. Ылғалы мол жылы климаттың әсерінен шаңжапырақ, қырықбуын қарқынды дами бастады. Жануарлар әлемінде губкалар, буылтыққұрттар, былқылдақ денелілер, буынаяқтылар өте көп болды. Буынаяқтылардың ең ертедегі өкілі трилобиттер кең тарала бастады.
Ордовик кезеңінде алуан түрлі жасыл, қоңыр және қызыл балдырлар теңіз түбін қалың орман тәрізді алып жатты. Көптеген шоғырлы маржан полиптерінің қаңқасынан маржан рифтері түзілді. Басаяқты және бауыраяқты былқылдақденелілер одан әрі дами түсті.
Силур кезеңінің аяғында климат өзгеріп тау түзілу әрекетінің қауырт жүруіне байланысты құрлықтың көлемі артты. Теңіздерде тікентерілілер, сауытты балықтар пайда болды. Бұл кезеңдегі ең ірі ароморфоз буынаяқтылардың құрлыққа шығуы еді. Алғаш құрлыққа шыққан жәндік - өрмекші тәрізділер.
Девон кезеңінде климат одан әрі құрғап, теңіздердің көлемі азайып, тіпті шөл, шөлейт жерлер пайда бола бастады. Теңіздерде сауытты балықтар азайып, олардың орнын шеміршекті және сүйекті балықтар басты. Олардың ішінде қостынысты және саусаққанатты балықтар кішігірім су қоймаларын мекендеп, құрлыққа жақын жерлерде тіршілік етті. Девонның аяқ кезінде алып ағаштәрізді шаңжапырақтар мен қырықбуындардан тұратын ну ормандар құрлық бетін түгелдей алып жатты. Жануарлар әлеміндегі келесі ароморфоз қосмекенділердің құрлыққа шығуы болды.