Құл құлды болған еді,
Күң күңді болған еді.
Інісі ағасын білмес еді,
Ұлы әкесін білмес еді.
Қаның субча йүгірті (7 а)
Соңүкүң тағча йатады ( 7 а)
Бегілік ұры оғлың құл болты (9 б)
Сілік қыз оғлың күң болты (8 б)
Қаның судай жүгірді,
Сүйегің таудай үйілді,
Бек ұлдарың құл болды
Пәк қыздарың күң болды.
Моруқлығ қантан келіп (7 а)
Мана өлтді? (4 б)
Сүңігліг қантан келіп (7 а)
Сүре елтді?
Қарулылар қайдан келіп,
Тағы (сені) құлдыратты.
Найзалылар қайдан келіп,
Қайта (сені) ыдыратты?
Теңрі йарулқазу (6 а)
Бүкүл түрк будунқа (6 б)
Маруқлұғ йоғуғ келүрмедім (9 в)
Төгүлүг отуғ йүртмедім (8 г)
Тәңірі жарылқады,
Бүкіл түрк халқына
Қарулы жау келтірмедім,
Атты әскер жолатпадым.
Бұл үзінділерден ұйқасы, буын саны түрліше болып келетін қазақтың жыр үлгілерін көріп отырмыз. Біріншісі мен екіншісі егіз (аабб) ұйқасты, үшіншісі шалыс ұйқасты (абаб) болып келсе, төртіншісінде тіпті ұйқас жоқ. Ой шумағы, ой ұйқасы мықты болғандықтан, мұны да жырға жатқызып отырмыз. Ал осылардың қай-қайсысында да буын саны әр түрлі (4,6,7,8,9) айнымалы екендігі байқалады.
Ескерткіштерден сегіз, тоғыз, тіпті одан да көп тармақты жыр шумақтарын көреміз.
Эпикалық шығарманың табиғатына желісі ұзақ шумақтар өте-мөте тән болатындықтан ескерткіштердегі сегіз, тоғыз тармақты жыр үлгілерінен бір-бір мысал:
Ілгерү – шонтұқ йазықа тегі сүледім (а)
Талұйқа кічіг тегмедім (б)
Ілгері – Шонтұқ жазыққа дейін жауладым
Теңізге сәл жетпедім.
Елтеріс қағанға
Түрк Бөгү қағанға
Түрк Білге қағанға
Қапаған қағанға
Түн ұдымату
Күнтүз олұрмату
Елтеріс қаған үшін
Түрк Бөгі қаған үшін
Түрк білге қаған үшін
Қапаған қаған үшін
Түнде ұйықтамадым
Күндіз отырмадым.
Осы келтірілген екі үзіндінің алдыңғысы – сегіз, соңғысы – тоғыз тармақты. Ең әдепкі үзіндінің тақ (1,3,5,7) тармақтарының басында келетін ілгерү-біргерү, құрығару-йырғару тәрізді өзара үндесіп, жымдалып тұрған сөздерге назар аударыңыз. Сөз басында ұйқасып келген сөздердің дербес шумағын Күлтегіннің, кіші жазуынан кездестіреміз.
“Ілгерү – күн тоғсыққа
Біргерү – түн ортусыңару
Құрығару – күн батсықыңа
Йырғару – түн ортусыңару
Ілгері – күн шығысында
Оңында – күн ортасында
Кері – күн батысында
Соңында – түн ортасында
Енді осы шумаққа басқа бір жағынан келсек, (ілгерү-біргерү, құрығару -йырғару) сөздерінің үндесіп өлең болып естілетінін байқаймыз. Ондай үндестік пен әуезділік алметерация түріндегі дыбыстық қайталауларға байланысты. Мұнда тіпті соңғы ұйқастардан гөрі әдепкі сөздердің дыбыс үндестігі, жарастығы әлдеқайда күштірек екені көрінеді. Демек, мұның өзі әуезділікке, үнділікке ерекше мән берген түрк халқының жырлары алметерациясы болып келетіндігін яки ұйқастың басында жасалатындығын дәлелдейді.
Сонымен, жыр ұйқастары, жыр шумақтары жайындағы сөзімізді аяқтай келе мынадай тұжырым жасауға болар еді; Біріншіден, өлең жасаудың, ойды көркем бейнелеудің әдепкі адымдары деп біз жырдағы жиі кезедсетін: іші-сырты, қасы-көзі тәрізді қос сөзді тіркестер мен тәтті сөз, асыл қазына, бағынды, жүгінді секілді ыңғайлас мәндес сөздердің жарасымды бірлігі деп есептейміз.
Мұндай сөздер қатарласа, жапсарласа келіп шешендік ыңғайға ойысып, содан мақал-мәтелге, қанатты жолдарға, әуезді, ырғақты жырға ұласады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Сонымен жинақтай келе айтарымыз: Біріншіден, Орхон ескерткіштері – түрк халықтары тарихының көп деректерінің әсерлі желісін жеткізген, эпикалық шығармалардың шағын фаулалық өрістерімен қамтыған тарихи-ерлік жырлардың ең әдепкі үлгілері.
Эпостық баяндаудағы негізделген бұл ескерткіштерде жеңілуді білмеген ежелгі жыр батырлардай Күлтегіннің басынан кешкен қимылдары, жорық сапарлары қаншама? Тілсіз тасқа сыйғызған сол жойқын соғыс суреттерінен біз Күлтегіннің жекпе-жек шайқастарын анық елестетеміз.
Орхон жырларының негізіне түрк руларын біріктіру,, нығайту сыртқы жаулардан қорғау идеясы алынған.
Бұл жайында Орхон жырлары: “Ер жынысының құл болды. Пәк қыздарың күң болды” деп жазды. Шығарманың ең халықтық сипаттағы жолдары – осылар деп білеміз.
Аталмыш ескерткіштерде жырды шығарушылардың өмірден түйген, білген философиялық толғаныстары да жоқ емес: “Тағдырды тәңірім жасар, адам баласы өлмекке жаралған”, “Қай халық болмасын, сол елдің ішінен пәтуасыз, жұғымсыз, жалқау табылса, онда ол халықтың қаншама соры бар десеңізші” деген данышпан Тоныкөктің сөзі қалыптасқан қағида, қазақ арасында кең етек алған толғаудың түпкі сағасы тәрізді.
Екіншіден, Орхон ескерткіштері мен ежелгі қазақ эпостарын салыстырудың нәтижесі олардың арасындағы дәстүрлік байланыстардың барлығын дәлелдейді деп білеміз. Бұдан шығатын қорытынды – қазақ хандығындағы бай жыр дәстүрінің негізгі сол Орхон ескерткішіндей қаланған. Орхон ескерткішінің көркемдік ерекшелігі Күлтегін, Білге қаған және Тоныкөк ескерткіштері – мазмұны мен формасы жағынан да, тілі мен көріктеу құралдары тұрғысынан да, ежелгі түркі поэзиясының нағыз классикалық үлгілері болып табылады дейді Н.Келімбетов өзінің “Ежелгі дәуір әдебиеті” атты еңбегінде.
Орхон жазбалары “Оғыз-нама”, “Қорқыт” тәрізді ескерткіштерден бөлек әлемдік түркология ілімі “Құдатғу білік” (ІХ ғасыр), А.Ясауи, А.Иүгінеки, Сүлеймен Бақырғани (ХІІ ғасыр), “Махаббат-наме”, “Жүсіп- Зылиқа”, “Гүлістан” (ХІҮ ғасыр) тәрізді түрік халықтарына ортақ мәдени мұраларды, ақындарды атайды. Бұларды да арнайы зерттеу – кезектегі міндет.
Орхон ескерткішінің жанрлық ерекшеліктері туралы соңғы кезге дейін өзара қарама-қайшы екі түрлі көзқарас орын алып келді. Бірі – Күлтегін, білге Қаған, және Тоныкөк ескерткіштері көркем әдебиетке, соның ішінде поэзияға ешбір қатысы жоқ. Түрік қағанатының дәлме-дәл жазылған тарихы деп қарады. Екіншісі – руна жазуындағы бұл ескерткішті поэзиялық туындыға қатысты барлық белгілер бар, ежелгі түркілердің әдеби дәстүріне негізделген көркем туынды деп таныды.
Бұл екі түрлі көзқарас ұзақ жылдар бойы әдебиетшілер, тілшілер, тарихшылар т.б. арасында түрлі пікір таластар тудырып келеді. Ал, қазір Күлтегін, Білге қаған және Тоныкөк жырлары эпикалық дәстүрдегі көркем туынды екені сөзсіз. Орхон жәдігерліктерін поэзия ерлік жыры деп алғаш бағалаған ғалымдардың бірі академик-жазушы М.Әуезов болды. Ол руна жазуындағы жәдігерліктердің мазмұны мен сипаты туралы айта келіп, былай деп жазды: «олардың мазмұнында эпостық баяндау сазы басым, аңыздың көркемдік түрі де соған орайлас. Күлтегін, Тоныкөк немесе Суджа жазуларында қанша адам, қанша ерлік бейнеленген десеңізші?! Оларда әралуан рулар мен тайпалардың кескілескен шайқастардың, соғыс суреттерінің, батырлар ерлігінің, жорықтардың шежіресі бар.
Қорыта айтқанда, түркі елінің ҮІ-ҮІІІ ғасырлардағы қоғамдық-әлеуметтік өмірін, түрлі түркі тайпаларының әдет-ғұрпын, наным-сенімін, өзіндік поэзиясын, тілін, т.б. танып-білуде Орхон ескерткіштерінің мәні асас зор. Әсіресе, жазба әдебиеттің өсіп-өркендеу процесін, халықтық эпостың табиғатын, сөз өнерінің түп тамырын зерттеп білуден руналық жазба –ескерткіштер ғылым үшін аса құнды материал болып табылады.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
Әдебиет тарихының мәселелері. Алматы 1958ж.
Батырлар жыры ІІ том. Алматы, “Жазушы” 2000ж.
Батырлар жыры, “Бөген батыр” Алматы. 2000ж.
Дүйсен Сержан, Яван Кенан. Түркі тілінің толық жүйеленген ережелері жинағы жазба ескерткіші (ХІІІ-ХҮғ.ғ) Түркістан 2004
Дербісәлиев Ә. Қазақ даласының жұлдыздары., А., “Рауан” 1995ж.
Егеубай А. М.Қашқари. Диуани лұғат-ит-Түрік. І, ІІ, ІІІ,. А., “Хант”, 1997-1998.
Жолдасбеков М. Асыл арналар. Әдеби мақалалар. Алматы “Жазушы” 1990ж.
Жолдасбеков М. Тастар сөйлейді.
Келімбетов Н. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі. Алматы, “Мектеп” 1986ж.
Келімбетов Н. Ежелгі әдеби жәдігерліктер. Астана. “Фолиант” 2004
Керімұлы Ә. Ескі түркі ескерткіштері тіліндегі сөз жасайтын жұрнақтар. Түркістан 2005
Келімбетов Н. Қазақ әдебиетінің бастаулары. Алматы. “Ана тілі” 1998
Қаржаубай С. Орхон мұралары. Астана-2003ж.
Қыраубаева А. ІІ кітап. Ежелгі дәуір әдебиеті. Алматы. “Ана тілі”, 1991ж.
Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы. Алматы. “Ана тілі” 1991ж.
Құрышжанұлы Ә. Ескі түркі жазба ескерткіштері. Алматы, 2001
Қыраубаева А. Ғасырлар мұрасы. Алматы. “Мектеп” 1988ж.
Қыраубайқызы А. Ежелгі әдебиет. Астана “Елорда” 2001ж.
Қоңыратбаев Т., Қоңыратбаев Ә. Көне мәдениет жазбалары., А., 1992.
Махмұд Қашқари. Түбі бір түркі тілі. Алматы. “Ана тілі” 1993
Орхон-Енисей Бижимелдериниң турискяялдары. Новосибирск. “Наука” 2003
Сүйіншіәлиев Х. VIII-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті., А., “Мектеп”., 1989.ж.
Томанов М. Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы. Қазақ университеті. Алматы, 1992
Хрестоматия Ежелгі дәуір әдебиеті ІІ кітап. Алматы. “”Ана тілі 1991ж.
Достарыңызбен бөлісу: |