Пәнді оқыту мақсаты: оқушылардың ұлттық дүниетанымын кеңейтетін, шығармашылық ойлауға төселдіретін, айналадағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауды үйрететін, оны тұлға ретінде әлеуметтендіруге мүмкіндік беретін қазақ тілінің танымдық, қатысымдық және кумулятивтік қызметтерін меңгерту.
Пәнді оқыту міндеттері: тілдің қоғамдық-әлеуметтік мәнін түсіндіру;
тілдің танымдық, қатысымдық, кумулятивтік қызметтерін таныту;
тілдік бірліктердің түрлі деңгейлердегі сипатын меңгерту;
тілдің мәтін ішіндегі қолданысын игерту;
мәтіннің тілдік және танымдық қызметтерін меңгерту;
тілдік бірліктердің қолданыстағы мағыналық реңктерін ажырату;
тілдік бірліктердің ақпараттық мәнін ұғындыру;
дыбыстың, сөздің, сөйлемнің, мәтіннің қолдану барысындағы табиғатын түсіндіру;
оқушылардың логикалық ойлау қабілетін қалыптастыру;
оқушылардың тілдік сауаттылығын арттыру;
әдеби тіл нормаларын меңгерту;
тілдік жағдаяттарда қарым-қатынас жасаудың амал-тәсілдерін үйрету;
оқушылардың тілдік бірліктерді жұмсаудағы эстетикалық талғамдарын қалыптастыру;
шығармашылық ізденіс бағытындағы жұмыс түрлеріне төселдіру;
мәтін табиғатына талдау жасай білу.
Пәнаралық байланыс оқушының дүниетанымын молайтып, қазақ тілін басқа ғылым негіздерімен ұштастыра меңгеруіне жол ашады. Жалпы білім беретін мектептің негізгі орта деңгейінде «Қазақ тілі» пәнін төменде көрсетілген пәндермен байланыстыру көзделеді:
«Қазақ әдебиетімен»: қазақ тілі қазақ әдебиетімен тығыз байланысты. Тіл – әдебиеттің бірінші элементі. Қазақ тілін оқытып үйретуде кез келген көркем туынды, әдеби шығарма тіл үшін құнды материал болып саналады; көркем шығармаларды оқу барысында стиль түрлерінің авторлық қолданысын ажырата білу. Әдеби шығармалар арқылы оқушының көңіл күйін, сезімін ояту, көркемдік тәрбие беру. Әдеби шығармаларды талдау арқылы сөз мәдениетіне үйрету;
«Қазақстан тарихымен»: тілді тарихпен байланыстыра оқыту ұлттық дүниетанымға негізделген білім қорын тілдік деректер арқылы дәйектеуге мүмкіндік береді. Қазақ тілінің пайда болуы, дамып жетілуі оның тарихымен тығыз байланыста болғандықтан, оқушылар тарихи деректерді пайдаланып, өзіндік ой-тұжырымдар жасай біледі;
Жаратылыстану циклі пәндерімен:
тілдік материалдардың мазмұны жаратылыстану пәндерінің мазмұнымен тікелей байланыста болады. Бұл пәндермен, әсіресе, биологиямен байланыстыру тілді жанды құбылыс ретінде тануға мүмкіндік береді. Басқа пәндермен сабақтастыра оқыту қазақ тілінің терминдер жүйесімен тығыз байланысты;
тіл дыбыстары физикалық құбылыс ретінде танылады. Дыбыстау мүшелерінің қатысы тұрғысынан физиологиямен, компьютермен, қазіргі радио, теледидар тілімен де байланысты.