ЖАСТЫҚ ШАҚ ҚЫЗЫҒАМ САҒАН .
Көркем қыз қызығам саған ,
Көктемнің күндеріндейсің .
Жақсыны жүрек аңсаған ,
Жанымның гүлдеріндейсің .
Қиыла қарадың дағы ,
Жүрекке шоқ салып кеттің .
«Сұлулық -адамның бағы»
Ағаңды шын алып еттің .
Уайымың жоқ рахат өмір ,
Күлкімен күн кешкендейсің.
Сен үшін алаңдар небір ,
Адам бар оны ескермейсің .
Еркелер лақтайсың ,
Қылықты қыз қылығыменен .
Мөп-мөлдір бұлақтайсың ,
46.
Жаның пәк тынығып келем .
Әсемдік әр берер жанға ,
Көркем қыз көркің ғанибет .
Ұқсаттым ататын таңға ,
Күн болып мені жалын ет .
ЖАНСАЯ ҚАРЫНДАСЫМА .
Жансая қарындасым ,
Әрдайым жанымдасың .
Хатың жүр жүрегімде ,
Көзімнің ағындасың .
Ақылдым ардақ тұтқан ,
Алыссың жалғандықтан .
Қолыма қалам алдым ,
Сағынып қалғандықтан .
Баянды бақыт тілеп ,
Еседі сенен бір леп .
Ағаңмын тілек қосар ,
Денің сау аман жүр деп .
Айналдым келбетіңнен ,
Аққусың тербетілген .
Моншақсың мөлдіреген ,
Таптырмас жер бетінен .
Талант бол табынтатын,
Шықсыншы жақсы атың .
Еліксің елден ерек ,
Алыстан сағынтатын .
22.04.2005жыл.
АЛДАНЫШ .
Білмейсің-ау сен жаныңа еніп кеткенмін ,
Уайымың көптеу , өзіңді шектеу , жеткенің .
Тұп-тұнық айдай , жұрт құнығардай , сұлусың ,
Зәм зәм суы ма едің Меккенің ?
Көңілге демеу таба алмай жүрсең ісіңнен ,
Қиындықтарды шығармай сыртқа тісіңнен .
Жабыққаныңда жапанда жалғыз жыладың ,
Қайталанбайтын мүсін бе ең?
47.
Дауысыңды есітіп , көркейіп қалам , жан байып ,
Көрікті көштің көлеңкесіне еріп қалмайық .
Өмірдің өзі- өткінші , жалған-дүние,
Бақытты жандай өзімізді бір сәт алдайық !
30.04.2005жыл.
ӨКСІК ӨМІР.
Табиғаттың сыры мүлдем өзгеше ,
Қарапайым , құпиялау , тұйықтау .
Қисынымен қалмаса егер кездесе ,
Қыз жүйрікті қиын екен құрықтау .
Керім келбет күн көзімен көздесе ,
Таудың өзін ортасынан қақ бөлген .
Қайғы уайым ешқашанда езбесе,
Ер жігітке сұлуымен бақ келген .
Қызға жігіт , ақ әжеге шал қайғы ,
Ұлы көшпен сырғи берер дүние .
Адам өзін өзі тани алмайды ,
Мәңгілікке кім ие?
Ер кезегі үшке дейін , тәуекел ,
Үш күн уақыт , үш гүл бақыт, кім білер?
Өксік өмір , қасиет бер , мән әкел ,
Әрбір адам жылап тұрып , шын күлер.
04.05.2005жыл.
«Оу, күйгендер ,
Күйгендерге тимеңдер»
Анамыздың сөзі.
Оу, күйгендер,
Күйгендерге тимеңдер !
Илегенді илеңдер ,
Түйрегенді түйреңдер ,
Сүймегенді сүймеңдер ,
Жарқырап жүр жалындай ,
Жылан емессің иреңдер ,
Қанағат қыл барыңа ,
Таз кепешті кимеңдер,
Адамның күні адаммен,
Бір-біріңді сүйреңдер.
Жыртықты жамау көзге ілмес ,
Алтын жібек кигендер,
Бас айналып бақ кетсе ,
Кібіртіктеп күйбеңдер .
48.
Опық жемей ойлансын ,
Басқа қайғы үйгендер .
Бәрінен биік тұратын ,
Ар ұятын түйгендер .
Ішқұса болған жаныңды
Жоғары көңіл -күй емдер,
Жақсының жайсаң жақсы ісін ,
Арсыз бен ұятсыз иемдер ,
Тіршіліктің есебін ,
Бір Алла өзі түгендер .
13.05.2005жыл.
СҰЛУЛЫҚ .
Өкпелеме табиғат обалыңа қалсақ біз,
Жастық-жалын жалауын көтерумен шаршаппыз.
Жұлдыз бейне , жауқазын , жәудірейді жас мүсін ,
Арман болып , қап қойды жағалауда аңсап қыз .
Өмір деген найзағай , күркірейді өтеді ,
Жастық шақтың біз тұрған ең шұрайлы етегі .
Жан ләззатын бір сәтке ойластырсақ қайтеді ?
Алмағайып заманда уайым бізде жетеді .
Қазіргідей мөлдір сәт өтіп кетсе ертегі ,
Қиялымның қымбатты ең ішінде көркемі .
Назыңменен елітіп , жазыңменен жайнаттың ,
Қарап тоя алмадым ғажап сұлу өлкені .
Жапырақ жүрек жас талдай дірілдейсің желменен ,
Бір мүмкіндік жіберсең екінші сәт келмеген.
Өрнек салған өрімсің өкініште болмағын ,
«Жасы ұлғайса әрбір жан сұлулыққа шөлдеген»
Сұлулыққа сұқтанып , өтеміз бе қиналып ?
Арулардың сөзіне өмір бақи иланып.
Көңіл жас боп қалады , құлпырады көктемдей ,
«Бар әлемді сұлулық сақтап қалар» бұл анық.
16.05.2005жыл.
АДАМДАР-АЙ...
Адамдар-ай бір келеміз фәниге ,
Аз өмірді қысқартамыз әрине .
Өкпелестік өлмейтіндер тәрізді ,
Жанжалдастық жайғасқанша жер үйге .
Адамдар-ай адам жанын ұға алмай ,
49.
Бір-бірінің көңілінен шыға алмай ,
Сағыныштың салмағымен сарғайып ,
Сыр бермейді мың жасайтын шынардай .
Адамдар-ай өмір қандай келте еді ,
Өтіп кетер өкініші өртеді .
Сұлулығың сарқылмайтын секілді ,
Жастық шағың оралмайтын ертегі .
Адамдар-ай қатар жүрсе құмбыл-ақ ,
Шаршамасқа шаршап келер шын құлап .
Алысымен ақ көңіл де ақ жарқын ,
Жақынына жекіп сөйлеп қынжылады.
Адамдар-ай бірін бірі жүр ұтып ,
Кетер лезде қадіріңді ұмытып .
Жүректерің мұз болса да сездірмей ,
Жүріңдерші жүздеріңді жылытып .
Адамдар-ай , Адамдар-ай ,Адамдар-ай...
27.05.2005жыл.
ЖАН СЕРПІЛІСІ .
Мазалар мені , жазалар мені мың уайым ,
Тұманда тұрған тұңғиық ойдан шығайын .
Жігерді жанып , өзімді танып , серпілсем ,
Намысты , арлы , абыройлы етші Құдайым .
Жаныма толсын адамгершіліктің айдыны ,
Көрсете көрме көздегі жас пен қайғыны .
Ер болып тусам ерлікке мені басташы ,
Өтсем де мейлі қай күні .
Өткірлік берші болатты қылдай қиятын ,
Жақсылық берші жанына ұятын жиятын .
Бақыт пен байлық , ақыл мен үлкен жүрек бер ,
Қазағым елім сиятын !
Бар әлем мәңгі сиятын!
01.06.2005жыл.
МӘҢГІЛІК ЖАС КӨҢІЛ .
Сұлулық-ай тартыласың , тартасың ,
Жайып салып әсемдіктің картасын .
Ынтықтырып мүсініңе көз тоймас ,
Жанарың мен үмітіңді артасың .
Тапқандай бір жерұйықтың ортасын ,
Қобалжисың неден сірә қорқасың ?
50.
Сұлулықтың айдынына тұншығып ,
Есеңгіреп , өлмес үшін малытасың .
Аш белінен ұстағанда дірілдеп ,
Алақанға ыстық лебі білінбек .
Әсем әуен балқытады жаныңды ,
Жанарларың түйіскенде сүрінбек .
Алғашқы сәт жүрек толқып , дір еткен ,
Батыл жетіп ұстағанда білектен .
Аузыңдағы сөзің түсіп қысылып ,
Айта алмаған ажырайсың тілектен .
Махаббаттан маужыраған көктемде ,
Жан қиналып , жүрек сыртқа тепкенде .
Арман болған ару қызың бетіңнен ,
Тұрып қалдың сүйіп қашып кеткенде .
Бұл өмірді айта алмаймын тым жеңіл ,
Жақын дос тап , өзіңе шақ бір тең іл .
Жастық шағың тұрады екен жүректе ,
Мәңгі жас боп қалады екен бұл көңіл !
05.06.2005жыл.
АРМАН , АРМАН...
Арман жылдар...мені алысқа әкетті ,
Қиялымда қиылған қас құлпырды .
Ару қызды аққу құсқа теңепті ,
Жүрегімде жанға жақын үн тұрды .
Арман айлар...аруымды аңсатты ,
Сағыныштың сабағында сарғайдым .
Жұмыр жүрек жарияға жар сапты ,
Келместігін қартайғым .
Арман күндер...көздерің тұр мөлдіреп ,
Бүлінбеген мүсінге көз тоймады .
Еліктейсің , елітемін елжіреп ,
Сұлулықтың қаймағы .
Арман сәттер...сезім өрге өрлеген ,
Серіліктің салтанатты сермесі .
Тұншыққанмен қыз жігітке шөлдеген ,
Көз тартады көркемдіктің көрмесі .
51.
Шырын бір сәт ...көз алдымда тұрады ,
Наз әуенің сыбырлаған жел ме еді ?
Көңіл тілеп , қайта-қайта сұрады ,
Қайта сол сәт келмеді ,
Қайта сол сәт келмеді .
09.06.2005жыл.
СЕЗІМ...
Мөлтілдеп тұрған сезім бұл ,
Мөлдіреп тұнған көздегі .
Сезеді ару төзімді ұл ,
Ұмытып өзін , өзгені .
Назын да артқан сезім бұл ,
Жазын да сыйлап жаныңа .
Жарқырап жайнар кезің бұл ,
Сұлулар түсер соңыңа .
Сағынта берер сезім бұл ,
Көрінбес жіппен байлаған .
Күн-жігіт болса , өзің гүл ,
Көрместі көрер айнадан .
Шарықтататын сезім бұл ,
Сым тетіктерге байланған .
Әмірші -жүрек , көзіңді іл,
Періште түске айналған .
Көрікті етер сезім бұл ,
Өмірің әсем көрінген .
Ақылмен ойлап , өзің біл ,
Өлшеулі өмір берілген .
11.06.2005жыл.
СҰЛУ НАЗ .
Сұлусың назбен өрілген ,
Көркемсің керім келбетті .
Мүсінсің марал керілген ,
Шырайың шырын шөлдетті .
Күн нұры көзің көл ме еді ?
Қарадың дағы тұншықтым .
Өнегеліліктің өрнегі ,
Шынайылығы шындықтың .
Жақындап келші жаныма ,
52.
Өн бойым нұрға енеді .
Алаңдай берем сағына ,
Күн сайын көргім келеді .
Сұлусың назбен өрілген ,
Көркемсің керім келбетті .
Шуақсың күннен төгілген ,
Шырайың шырын шөлдетті ...
05.07.2005.жыл. .
ӨЗІҢДІ ТАНУ ТЫМ ҚИЫН...
Мергеннің туып ақ таңы ,
Аңшылық өмір баққаны .
Тау тасты кезіп тамсанып ,
Бір жұмыртқа тапқаны .
Көңілін биік ірке ме?
Үлкен жүрегі үрке ме?
Қызық көріп тапсырды ,
Ұяда аңқау күркеге .
Перзенттен кім қашыпты ?
Күрке көңілі тасыпты .
Мезгілі жетіп мейіріммен ,
Балапандар ашыпты .
Анада жылы алақан ,
Ерекше шыққан балапан .
Тұлғасы таудай тартымды ,
Қария аң -таң , бала таң .
Уақиға мұндай сирек-ті ,
Көзі от , тұмсық имек-ті .
Құрт құмырсқа теруді ,
Анасы-күрке үйретті .
Тағдыры түскен талқыға ,
Тамұқта қалар алқына .
Өзіне көңілі толмайды ,
Басқаның енген қалпына .
Сейілте алмай тұманды ,
Ұмытты ерке жыр, әнді .
Күн бойы көкке телміріп ,
Көріп те қалды қыранды .
53.
«Бақыт қой мынау , қаншалық»
Жұлқына түсіп жар салып ,
Өкініш , өксік өмірде,
Тегіне тұрды тамсанып .
Артында қалып еркелік ,
Таңданар:»Бұл қай өлкелік?»
Өзіне өзі қызықты ,
Өкініште өртеніп .
Әттең-ай , әттең , әттең-ай ,
Дүние кейде өктем -ай .
Жас болып қалар бұл жүрек ,
Адамның көңілі көктем -ай .
Күрескен қара ақпенен,
Биіктер байлық бақпенен .
Біле ме адам болмысын ?
Өте ме басқа атпенен ?
Өмір-ай қысқа бал -шырын ,
Айта алмас адам жан сырын .
Өз-өзін танып білмейді ,
Адамда жұмбақ қанша мың .
Сағыныш көп қой жүректе ,
Сыйластық бірдей тілекте .
Сұлулық құрсын салтанат ,
Жабырқау жанды жүдетпе .
Жақсылық тілер жамағат ,
Інілер тұрсын ағалап .
Әр жанның көркем көңілі бар ,
Өмірін ұзарт бағалап .
Еңбекте рахат , кең тыныс ,
Жаныңда мәңгі бұлқыныс .
Өзіңді тану -тым қиын ,
Өзіңді жеңу -ұмтылыс.
19.07.2005жыл.
. ЖЕЛТОРАҢҒЫ .
Желтораңғы жомарттардың мекені ,
Сүйіп қалдым ерекше ыстық өлкені .
Таңқалдырар табиғаты тамылжып,
54.
Желбірейді жақсылықтың желкені .
Желтораңғы әруақтарға бас иген ,
Күмбездері жанарыңа жас үйген .
Жарты нанын бөліп жейтін халық бұл ,
Дәм тұз татпай аттанбайды дос үйден .
Желтораңғы ұлылардың өзегі,
Дінмұхамед аға көсем , көз еді.
Жүз жылыңда бір туылар азамат ,
Алматымнан шығар жүрек сезеді ,
Осы ауылдан шығар келді кезегі .
Желтораңғы ынтымақты ауылда ,
Риза болдым тың , еңбекқор қауымға .
Жері жәннат , тойы әйбат , ер халық ,
Елең қылмас аяз , ыстық , дауылға .
Желтораңғы Іле өзені үндескен ,
Тораңғылы жер жұмаққа үйлескен .
Алақандай ыстық құмы , аң , құсы ,
Сексеуілмен таңғажайып күй кешкен .
20.07.2005.жыл.
НАРТӘУЕКЕЛ .
Бұл өмір өтіп жатыр уайымменен ,
Бұйрық келсе аттанар дайын кемем .
Жан жарасын жаза алмай Мұқағали,
Сырласып өтіп еді-ау қайыңменен ..
Күн көгіне жете алмай көңіл шынар ,
Сағынышың самғайды , сенім сыңар .
Аңқылдаған арманмен аласұрып ,
Бұл өмірде бір нәрсе жетпей тұрар.
Уайымнан күнім бар ма шектелетін ?
Іріңді іске бармадым жек көретін .
Өмір өршіл өр екен өрмеледім ,
Нартәуекел , жайым жоқ текке өлетін .
18.08.2005жыл.
ҚАРАҢҒЫ ТҮН.
ҚАРАҢҒЫ ТҮН...
Көздеріңнен аумаған ,
Тым жақын үн ...
Самал лебі ескені ,
Назың бөлек , 55.
Жүрегімді жаулаған,
Бейне бөбек ,
Сәби күйде кеш мені .
Кірпіктерің ,
От найзадай қадалған ,
Үркіткенің ,
Жалын атып жанардан .
Ыстық құшақ ,
Байлап , тұсап , балқытқан .
Құтылмассың қамалдан .
Діріл қағып ,
Ысып , тоңып от кеуде .
Сығымдалып ,
Сыры бөлек әлемде .
Тілеп тұрып ,
Тілің бармай «Жоқ» деуге
Сағыныштың оты жанды денеңде .
Сиқырлы сәт...
Жұмбақ әлем ,
Таза ауа .
Көңілмен шат ,
Қыз күлкісі үндескен .
«Жалын жігіт жақын жүрер жазаға»
Көркем көңіл кереметтей күй кешкен .
Ажарың-Ай...
Шуақ шашқан шұғылаң ,
Ғажабын-ай ...
Ақыл көркің үндес пе ?
Қараңғы түн...
Құпиясын ұғынам.
Бал шырын сәт қалып қойды мәңгі есте !
01.12.2005жыл.
ЕРЕКШЕ СЕЗІМ .
Сағынып жүрсің бе екен ?
Жолыма алаңдап қарап .
Кеудемде дүрсіл де бөтен ,
Мөлдір қыз , аққу ай қабақ .
Күн болып жадырағансың ,
Жүректі еріттің дағы ,
56.
Шынар боп тамыр алғансың ,
«Сұлу қыз-жігіттің бағы»
Шіркін-ай не екен жететін ?
Сыйласып өмір сүргенге .
Шынымен біз бе өтетін ?
Ерекше сезім жүр менде .
07.12.2005жыл.
Сағыныш .
Сұғынып тұрып қарадым ,
Сұлулығыңды ұға алмай .
Оранып отқа барамын ,
Сағынып , алдан шыға алмай .
Сөйлесе алмай мылқау боп ,
Қиялда өстің көк гүлім .
Жетуге тағы сылтау жоқ ,
Сағынып өтті көп күнім .
Арайлап атқан ақ таңнан ,
Көрініп сұлу елесің ,
Жылауға тағы шақ қалғам ,
Есіме түсе бересің .
Күлімдеп күлген күннен де ,
Сәуледен сені іздегем .
Қарайып кеткем түннен де ,
Жабырқау жұлдыз жүздеген .
Сағынғам тілеп сағымнан ,
Ойладым , түс пе , өң бе деп .
Селк еттім , есік қағылған ,
Қарайын тағы сен бе деп .
12.12.2005жыл.
ЖАЛЫН ЖҮРЕК.
Қинадың ғой қиыла қарадың да ,
Қимадың ғой әрине , еркеледің .
Дидарыңнан от-сезім тарады да ,
Жүрек -жалын ,кеудем -күй , өртенемін .
Жадырадың , кеттің ғой жалынға орап ,
Қададың да көзіңді тесіп өттің .
Күн кеудеңнен жатқандай сезім тарап ,
Тербеуінде қап қойдым бесік -лептің .
57.
Бейкүнә пәк сәбидей , нәзіктіктен ,
Сұлулықтан жаралған жаның бөлек .
Аяз болып кетемін жазын күткен ,
Аман-есен жүргенің маған көмек .
Күмбірлеген күй ме едің жүректегі ?
Мазасыздық маржанын тағынамын .
Сені көріп жүректің дір еткені ,
Жанымда тұрсаң дағы сағынамын .
Сағынышты сезіммен самғадым да ,
Өз-өзімді танымай , ұға алмай шын .
Жақсылыққа жанымды жалғадың да
Мейірім төгіп алдымда тұрғандайсың .
16.12.2005жыл.
ҚАЙДА СОЛ КЕЗ ?
Қараңғы түн ...
Сезім бөлек ,
Сыр бөлек .
Қуаныш күн...
Жүрек тулап кеткені ,
Құт қармайтын
Құшаққа еніп жыр бөлеп ,
Көктем -көңіл ,
Күн көгіне жеткені .
Көз жұмылып ,
Денең ысып , балбырап ,
Тез ұғынып ,
Қыран күйге көшкенде ,
Тер сорғалап ,
Өлетіндей қалжырап ,
Дүлей болып ,
Айырыласың естен де .
Ерке назбен есілесің ес жимай ,
Жалын отқа оранасың өртеніп .
Өз денеңе тұрғандай боп еш сыймай ,
Жанарыңа жаз келтірер еркелік .
Жанымда жүр шуақты күн елесі ,
Жүректердің ең түбінде сақталар .
Қайда сол күн қуаныштың кемесі ?
Қайда сол күй жүректерде жатталар ?
58.
Тоқтала ма жүректегі жарылыс ?
Қайда сол кез дауыл соқса аттанар ?
Үдей берер жүректегі сағыныш ,
Көздегі жас домалауға шақ қалар.
21.12.2005жыл.
ҚАР ҰШҚЫН .
Жарыса түскен қар ұшқын ,
Бейнебір адам өмірі .
Ғашығы еді ғарыштың ,
Сағыныш , көркем көңілі .
Селдетті сыршыл сезімді ,
Бұлтымен әсем кезе алмай .
Мөлтілдеп жасы , езілді ,
Мөлдір аспаннан көзалмай .
Қар ұшқын-өмір ,қарбалас ,
Қуаныш,уайым,күйініш .
Ерте де , кеш те жанталас ,
Сағыныш , самғау , сүйініш .
Қар ұшқын құйды көктегі ,
Шомылып нұрға шаттандым .
Толассыз беттен өпкені ,
«Сағынған сен бе?»- деп қалдым
Қар ұшқын жатыр құйылып ,
«Көңілге көркем теңеспек»
Сұлуға тұрдым сүйініп ,
Дидарың тұрды елестеп .
28.12.2005жыл.
ҚАРАҢҒЫ ТҮН ...
Қараңғы түн...
Еріксізден ес кетті .
Беріліп шын ,
Жұлқынады жас иіс .
Алқынумен ,
Шөлдеп ерін тез кепті ,
Ынтық үндер үлгерместей асығыс .
Қан шымырлап ,
Балқытуды сұранып ,
Сан сыбырлап ,
Жеткізуге тіл жетпей ,
59.
Құмарланып ,
Құдіреттен құралып ,
Өн бойыңнан тер сорғалар шүмектей .
Іштен сезіп, қолмен кезіп , сырды ашып ,
Көркем мүсін көз арбайды көрінбей .
Өзін -өзі ұмытады шын ғашық ,
Жалын құшып , жабысады желімдей .
Жалынышты сағынышты үн жеңер ,
Сүмбіл шашы ай жүзімен толқындап .
Құпиясын қараңғы түн бүркенер ,
Ал қос жүрек бірге жатты солқылдап .
Шіркін жастық... өң беретін өмірге ,
Қайран сезім ... самғататын шығар шың .
Достарыңызбен бөлісу: |