Б. ДӘРІЛІК ТҮРЛЕРДІҢ ЖАЗЫЛУ ЕРЕЖЕЛЕРІ 1. Қатты дәрілік түрлер Қатты дәрілік түрлерге: таблеткалар, драже, ұнтақтар, гранулалар, капсулалар, пилюлдер жатады.
Таблеткалар – Tabuletta (Таблетка-Nom.sing.Tabuletta, Acc.sing.Tabulettam, Acc.pl.Tabulettas, Abl.pl. in tabulettis) Таблеткалар деп дәрілік зат пен қосымша заттарды нығыздау тәсілімен алынатын, ішке қолданылатын мөлшерге бөлінген қатты дәрілік түр. Олардың кейбір түрлерін сыртқа (алдын ала еріткеннен кейін) қолданады. Таблеткалар ыңғайлы дәрілік түр болып табылады: олар ұзақ мерзім сақталып, препараттардың жағымсыз дәмін жасыратын портативті қасиеті бар. Таблеткаларды фармацевтиалық өндірістерде арнайы машиналардың көмегімен дайындайды. Қосымша зат ретінде қант, крахмал, натрий гидрокарбонаты, натрий хлориді, какао, желатин ерітіндісі, су, спирт және т.б. қолданылады. Ұзақ мерзім сақталған таблеткаларды қабылдау алдында олардың ыдырағыштығын тексеру қажет.
Таблеткалардағы дәрілік заттарға рецепт жазғанда жазылымның екі түрін қолдануға болады. Кеңірек таралған түрінде дәрілік заттың аты және оның бір реттік мөлшері көрсетіліп, тағайындалатын таблеткалардың саны жазылады, D.t.d. N…in tabulettis. (Осындай мөлшерде таблеткаларды ... номерімен босат) және сигнатурасы көрсетіледі.
Рецепт үлгісі 0,00025 дигоксиннің (Digoxinum) 12 таблеткасына рецепт жазыңыз.
Күніне 1 таблеткадан 2 рет белгілеу үшін.
1- ші нұсқа Rp.: Digoxini 0,00025
D.t.d. N.12 in tabulettis
S. 1 таблеткадан күніне 2 рет.
Жазылымның екінші нұсқасында дәрілік түрдің атауы табыс септігінің жекеше түрінде (Tabulettam Acc.sing.) сөзімен басталып, дәрілік заттың аты және оның бір реттік мөлшері жазылады. Таблеткалардың саны – D.t.d.N…(Осындай мөлшерлерді ... номерімен бер) және сигнатурасы көрсетілед.
2-ші нұсқа Rp.: Tabulettam Digoxini 0,00025
D.t.d. N.12
S. 1 таблеткадан күніне 2 рет
немесе Rp.: Tab.Digoxini 0,00025 N.12
D.S. 1 таблеткадан күніне 2 рет
Құрамында 2 немесе одан да көп дәрілік заттары бар таблеткаларға жоғарыдағы көрсетілген нұсқауларды қолдану бойынша рецепт жазылады.
Рецепт үлгісі Мөлшері 0,25 амидопирин (Amidopyrinum) және бутадионнан (Butadionum) тұратын 20 таблеткаға жазыңыз. Күніне 1 таблеткадан 3 рет қабылдау үшін.
Rp.: Amidopyrini
Butadioni āā 0,25
Da tales doses N.20 in tabulettis
Signa. Күніне 1 таблеткадан 3 рет қабылдау үшін.
Құрамына бірнеше дәрілік заттар кіретін кейбір таблеткалар арнайы коммерциялық атаумен шығарылады. Мысалы: «Аэрон» таблеткалары, «Пенталгин» таблеткалары (Tabulettae “Aeronum”, Tabulettae “Pentalginum”). Бұл таблеткаларға рецепт жазғанда, алдымен дәрілік түрдің атауы табыс септігінің көпше түрінде (Tabulettas Acc. pl.), таблеткалардың аты атау септігінде жазылып, олардың саны көрсетіледі.
Рецпт үлгісі «Никовериннің» (“Nicoverinum”) 20 таблеткасына рецепт жазыңыз.
1 таблеткадан күніне 2 рет белгілеңіз.
Rp.: Tabulettas “Nicoverinum” N.20
D.S. 1 таблеткадан күніне 2 рет
Драже – Dragee (Драже- Acc.sing.Dragee) Драже –дәрілік және қосымша заттарды қант түйіршіктерінде бірнеше қайталап қабаттау жолымен алынатын, ішке қолдануға арналған мөлшерленген қатты дәрілік түр. Дражені өндірістік әдіспен дайындайды. Қосымша заттар ретінде қант, крахмал, бидай ұны, какао, шоколад, тағамдық, лактар, бояғыштар және т.б. қолданылады. Драже массасы 1,0-нан артық болмауы қажет.
Дражелерге рецепт тек бір түрде жазылады. Жазылымда дәрілік түрдің атауы табыс септігінің жекеше түрінде жазылып (Dragee – Acc.sing.), содан кейін дәрілік заттың аты мен оның бір реттік мөлшері, драженің саны (D.t.d. N…) мен сигнатурасы көрсетіледі.