Қорыта келе, ғылым мен техниканың даму сатыларын былайша көрсетуге болады: 1) ғылымға дейінгі саты (көне заманнан ХV ғ. дейін);
2) қазіргі ғылымның қалыптаса бастауы (ХVI – ХIХ ғ. 70 жж.);
3) классикалық ғылым мен техника сатысы (ХІХ ғ. 70 жж. бастап ХХ ғ. ортасына дейін);
4) ХХ ғ. ортасынан бастап, осы күнге дейін (постклассикалық саты).
Енді ғылыммен тығыз байланысты екінші «техника» ұғымын талдауға уақыт келген сияқты. Гректің «техне» деген сөзі алғашқыда «өнер», «шеберлік» деген мағынада қолданылды. Бүгінгі таңда «техника» деп барлық қоғамның салаларында қолданылатын неше түрлі құралдарды айтамыз. Ф.Энгельсті еске алсақ, адамның өзі-ақ еңбек құралдарын жасау арқылы жануарлардан бөлініп, саналы пендеге айналған жоқ па? Егер жануар айнала қоршаған ортаға өз дене мүшелерін жетілдіру арқылы бейімделсе, адам, керісінше, өз дене мүшелерінің жалғасы ретінде неше түрлі жасанды заттарды жасайды да, оларды табиғат пен өзінің екі ортасында орналастырып, қоршаған ортаны өзгертеді. Егерде жануардың дене мүшелері оның өміріне керек белгілі бір қызметті істеуге мыңдаған жылдары бойы бейімделіп, өзінің мәресіне жетсе, адамдікі ондай жетілген болмаса да, өзінің жанжақтылығымен көрінеді. Мысалы, адамның қолын алайықшы: оның жан-жақтылығы соншалықты, тек таңғаласың. Бұл жолда дәрігерлердің микроскоппен жасайтын операциясынан бастап, алып механизмдерді жүргізетін дәрежеге дейін неше түрлі деректерді келтіруге болады. Бүгінгі таңда күнбе-күнгі өмірде «технология» деген ұғымды да көп пайдаланып жүрміз. Қарапайым сананың деңгейінде «техника» мен «технология» ұғымдары бір мағынада қолданылады. Алайда бұл ұғымдардың бір-бірінен айырмашылығы бар екенін байқаймыз. Егер техникаға неше түрлі заттардан жасалған құралдарды жатқызсақ, технологияға белгілі бір жасанды затты, я болмаса құбылысты жасау жолындағы әдістерді, олардың бірінің соңынан бірі келетін тәртібін айтамыз. Ендеше, алғашқы «шеберлік» деген мағынаға тағы да қайтып келдік. Жоғарғы дәрежедегі технологияның негізінде жасалып шығарылған заттың сапасы биік болады. Қазақстандағы кеңес заманында салынған біршама алып өндіріс кешендерінің тоқтап тұрғанының себебі де осында: ондағы ескі технологиялар дұрыс нарықта өтетін тауарларды шығаруға мүмкіндік бермейді. Технология ұғымының өрісі жыл сайын кеңейе түсуде. Оны біз өндірісте ғана емес, қоғамның басқа салаларында да қолданып жүрміз. Бүгін біз саясатта «пиар-технология», қоғамдық пікірді қалыптастыру жолында «ақпараттық технология», білім беру жүйесінде «педагогикалық технологиялардың» т.с.с. неше түрлерін көріп те, естіп те жүрміз. Қайсыбір затты жасау үшін белгілі бір шикізатты әкелу (көлік), содан кейін оны өңдеу (технология), осы жолда біршама күш-қуат жұмсау (энергия) және шешім қабылдау мен оның іске асуын бақылау керек. Тарихтың алғашқы сатыларында оның бәрін де адамның өзі жасады. Бірақ, жүре келе, жануарларды үйретіп, көлік ретінде пайдалана бастады. Үй салу жолында адам неше түрлі тастарды жоғарыға көтеретін алғашқы дәнекерлерді жасайды да, соңынан оның ішкі сырын ашып, механиканың алғашқы қағидаларын тудырады. Содан кейінгі үлкен жаңалық – адам су шығыршығын ойлап шығарып, ағыс күшін игерді, нәтижесінде су диірмені пайда болды. Бұл алғашқы технологиялық машинаның дүниеге келуі еді. Онда қозғаушы күш, оны жеткізу, жұмыс жасау механизмдері бірге берілген. Алайда шың бар жерде құз да барын ескеру керек. ХХ ғ. 70 жж. бастап ғылым мен техниканың теріс жақтары да (қоршаған ортаның бұзылуы, климаттың өзгеруі, адамның техника құлына айналуы т.с.с.) айқындалып, көрсетіле бастады. Антисциентистік, техно-пессимистік бағыт ұстаған ғалымдар қазіргі ғылымды «құмырадан шығып кеткен жынға» теңеп, «енді ары қарай жаңа өндіріс кешендерін салуды тоқтату керек, әйтпесе жердегі тіршілік оған шыдамай, құрып кетеді» деген пікір айтты. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» демекші, жаңа ғана дамып келе жатқан елдер өз өндіріс кешендерін орнатып, халықтарының әл-ауқатын көтергісі келеді, Батыс ойшылдарының алаңдауын олар ескермейді. Сонда ары қарай не істеу керек деген заңды сұрақ туады. Кейбір кезде, мүмкін, Табиғаттың баласы болып, оған қарсы шықпай, үндесті өмір сүрген біздің көшпенді бабаларымыз дұрыс істеген болар деген де сұрақ ойымызға келеді. Әрине, ол – романтикалық көзқарас. Ғылым мен техниканың дамуын тоқтату мүмкін емес. Сонымен қатар ғылымның жетістіктерін өмірге енгізген кезде (ол ғылымның негізгі мақсаты), ойланып-толғанып, тек бүгінгі күннің мүддесін ғана ойлап қоймай, сонымен қатар алыс болашаққа тигізетін оң, я болмаса теріс әсерін сараптауға салу керек. Ал ол үшін білім беру саласын тез қарқынмен дамыту керек. Біріншіден, айтып кететін жайт – бүгінгі таңдағы білім үлесінің (ақпараттың) қоғамның қай саласында да күрт өсуі. Әрине, білім беру жүйесі бүгінгі заманда өне бойы өзгерісте болуы керек. Сонда ғана біз арттақалушылықпен мәңгілік қоштасамыз. Электрондық, мультимедиалық құралдар да кеңінен пайдалануы керек. Неше түрлі тестілерді де оқу барысында қолдану қажет. Бірақ қай елде болса да, тек қана мыңдаған жылдар бойы өзгермеген бір нәрсе бар: ол – ұстаздың оқу барысындағы шешуші рөлі, өйткені білім беру жүйесінде адам заманның талабына сай тұлғаға айналуы қажет. Бірде-бір техникалық құрал ұстаздың орнын ауыстыра алмайды. Ол – білім 476 беру жүйесінің арқауы. Олай болса, қоғам өміріндегі оның мәртебесін көтеру, оның материалдық ахуалын жақсарту арқылы білім беру жүйесін шынайы дамытуға болады. Қазақстан интеллигенциясының шығармашылық әлеуеті жеткілікті. Біздің жастар да талантты. Олай болса, бұл саладағы саясат осы мүмкіндіктерді шындыққа айналдыруға бағытталуы керек.