4-тарау. Жаңа дәуір ғылымы және философиясы
Жаңа дәуірдің әлеуметтік-экономикалық және рухани өмірінің ерекшеліктері
Сонымен, Ортағасыр мен Қайта өрлеу дәуірлерінің орнына тарихтың жаңа кезеңі келеді. Әлі күнге дейін оны қай кезден бастап есептеу туралы нақты ештеңе белгілі емес. Көбінесе Жаңа дәуір Қайта өрлеуге еніп кетеді, бірақ, біздің көзқарасымыз бойынша, оның баста- уын XVII ғасырдан санағанымыз негізді болатын сияқты.
Ол уақыт Еуропада буржуазиялық қатынастардың қарқынды дамуымен сипатталады. Капиталистік өндірістің қажеттіліктері адамдардың ғылымға, адам танымының мақсаттары мен маңызына деген көзқарасын түбегейлі өзгертеді. Алдыңғы орынға табиғатты тәжірибе арқылы зерттеу шығады, ал соның нәтижесінде тұтас жа- ратылыстану өркендейді. Бұл жағдай философияда да көрініс тапқан: онтологиялық (болмыс туралы ілім) мәселелерден гносеологиялық (теориялық-танымдық) мәселелерді зерттеп білуге көшу басым бола- ды. Алдына ғылымды дамыту мақсаттарын қойған жаңа мекемелер мен ұйымдар ашылады. Олар, Платонның мысалы бойынша, «акаде- миялар» деп аталатын болды.
Осы уақытта танылып үлгірген ғылымдар ішінен механика суыры- лып алға шығады. Ол түсінікте де: жаңа машиналар, механизмдер мен станоктар жасау қажет болды. Сөйтіп, Жаңа дәуірдің материализмі механистік түрге айналады.
Әлбетте, діннің ол кезде де қоғамдық санаға ықпалы бар бола- тын. Бірақ жаратылыстанудың қуатты дамуының, философияның жыл өткен сайын күшейе түскен материалистік бағытының әсерімен қоғамда діни фанатизм азайып, «ар-ождан азаттығы» біртіндеп өмірге ене бастайды. Ал философияда бұрынғыша «сенім шындығы мен «ақыл-парасат шындығы» бір-бірінен ажырап және сол уақытта Құдайды осы Әлемнің Жаратушысы ретінде танитын, ары қарай өзінің меншікті заңдары негізінде әрекет ететін философиялық ағым – деизм (лат. deus – Құдай) күш ала береді. Құдай енді Өзі құрған Әлемге араласпайды. Дүниеге деген дәл осындай көзқарас жаратылыстанудың ары қарай өркендеуіне себеп болды.
Ал енді сол заманның жаратылыстануына келсек, бір-біріне қарама-қайшы екі бағыт: эмпиризм мен рационализм шықты. Егер
эмпиризм ғылымдарды тәжірибелер арқылы дамытуды құптаса, ал рационализм, керісінше, барлығын да ақыл-ой сүзгісінен өткізуді та- лап етеді. Алайда екі бағыттың екеуі де оптимизмге, яғни Табиғаттың ең бір құпия сырларын танып білу мүмкіндігіне деген сенімге толы. Ортағасырлық схоластика қатты сынға ұшырайды: «Ешқандай бедел- абыройға қарау деген болмауы керек!», «Бұрынғы дәуірлердің ұлы адамдарының көзқарастары ғылымға ықпал етуге және шекараларын шектеуге тиіс емес!». Толықтай еркін ойлау жағдайында ғана ғалымдар өз идеяларын дамытып, таңдаған ғылымдарының тақырып аясын зерт- тей алады. Тағы бір нәрсені ерекше атап өткен жөн. Егер Ортағасыр за- манында адам ақылының күш-қайраты Құдайдың бар екенін негіздеуге және оның жаратуының ұлылығын, құдіретін дәлелдеуге бағытталса, енді Қайта өрлеу заманында және әсіресе Жаңа дәуірде ғылым мен оның құралы – ақыл – әлемнің жасампаздығы мен түрленуінің негізгі элементтері және құралдары ретінде қарастырылатын болды.
Сол уақытта ғылым табиғаттың терең құпияларын аша отырып, сол арқылы Құдайдың Өзінің тудырғыш қуатын көрсетеді, демек, ғылым Құдайға қарсы тұрмайды деген ой кең тараған-ды.
Жаңа дәуірдің философияның дамуына ықпал еткен кейбір аса маңызды ерекшеліктері осындай.
|