(49-бет)
ҮШІНШІ ТАРАУ
МАТЕМАТИКА ҒЫЛЫМЫ
I
Бұл ғылым үлкен-үлкен жеті бөлімге бөлінген, біз оларды кітаптың басында тізіп айтқанбыз.
САН (АРИФМЕТИКА) ҒЫЛЫМЫ
Арифметика ғылымына келсек, мұндай ғылым деп аталатын екі ғылым бар: (50-бет) біріншісі - практикалық арифметика /39/
Екіншісі - теориялық арифметика /40/
Практикалық арифметика сандарды, яғни саналатын нәрселердің, денелер санын және т.б. нәрселерді санау үшін қажетті сандарды зерттейді: мысалы, адамдардың, не жылқының, не динарлардың, дирһамдардың /41/ және санауға келетін басқа да нәрселер. Бұл ғылым адамдарға сауда және азаматтық қатынастар саласында қызмет етеді.
Теориялық арифметикаға келсек, бұл сандардың тек өзін ғана зерттейді, себебі олар санада денелерден және санауға жататын барлық нәрселерден абстракцияланады. Арифметиканың теориялық түрі сандарды сезім арқылы қабылданатын нәрселерді санауға болатын және сезім арқылы қабылданатын нәрселердің саны болып табылатын барлық сандардан абстракцияланған түрде зерттейді; міне, осылар ғылымдардың жиынтығына енеді. Теориялық арифметика сандарды абсолюттік жағынан зерттейді, сандардың дербес мәніне тән нәрсенің бәрін біреулерінің басқа біреулеріне қатынасынсыз зерттейді: мысалы, жұп және тақ сандар сияқты; немесе бір сандардың басқаларына деген қатынасына тән нәрселерді зерттейді: мысалы, тепе-теңдік және тепе-тең еместік сияқты; ол сондай-ақ қайсыбір санның бөлшегі немесе бөлшектері болып табылатын, немесе екілік, немесе соған тең немесе оның бөлшегі немесе бөлшектеріне қарағанда үлкен сандарды, пропорциялы немесе пропорциялы емес, барабар немесе барабар емес, өлшемдес немесе өлшемдес емес сандарды да зерттейді; сонан соң [теориялық арифметика] бір сандарды басқа бір сандарға біріктіргенде және бұларды қосқанда; бірінен бірін алғанда және оларды ажыратқанда; немесе бір санды басқа бір санның бірнеше бірлігіне көбейткенде; немесе бір санды басқа бір санның бірнеше бірлігіне бөлгенде, сол сандарға тән нәрселерді қарастырады; бұған мысал: санды квадратқа өсіргенде не саннан квадрат түбірін айырғанда, немесе кубқа өсіргенде немесе бүтін не бүтін емес болып қалғанда; [теориялық арифметика] осының бәрін және бұлардың біреулерінің басқаларына қатынасы берілген кездегі тән барлық нәрселерді зерттейді; (51-бет) белгілі сандардан сандар қалай алынатыны және жалпы алғанда, сандардан шығатын нәтиженің қалай алынатынын түсіндіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |