Ғылыми конференциясының материалдары


К. НҰРПЕЙІСҰЛЫ ЖӘНЕ АЛАШ АҚИҚАТЫ



бет40/131
Дата28.03.2024
өлшемі5,96 Mb.
#200351
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   131
Байланысты:
treatise40297

К. НҰРПЕЙІСҰЛЫ ЖӘНЕ АЛАШ АҚИҚАТЫ


Жұмағазы А. (Қазақстан)
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Анасова А.Б.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігін жариялауы қоғам азаматтарының санасында үлкен сілкініс туғызды, Отан тарихы ғылымына да түбегейлі өзгеріс әкелді. Ел тарихы мен ұлттық санаға көлеңкесін түсірген «ақтаңдақтардың» бетін ашып, ұлт мәртебесін көтеруге жаңа мүмкіндік туды. Еліміз ұлттық құндылықтарды қастерлеуге бағыт ұстай бастаған бүгінгі заманда өткен тарихымызға қазақ халқының мүддесі тұрғысынан қараған тарихшыларымыздың өскен ортасы мен тарихшы болып қалыптасуына, шығармашылық мұраларына талдау жасаудың маңызы зор. «Кез келген халықтың өзін-өзі сыйлауы, өзінің ұлттық қасиеттерін білуі еліне аянбай еңбек еткен асыл азаматтарын танып, оларды әспеттеуден басталады. Ал осындай ардақтыларын немесе өз тектілерін танымаған жұрт түптеп келгенде басқа халықтармен теңеспей қалатыны өмір дәлелдеген ақиқат», –д[1] деп атап көрсетеді К. Нұрпейісұлы. Сондықтан да зиялы қауым, Отан тарихы қайраткерлерінің өмір жолын зерттеу, ғалым болып қалыптасуы мен өскен ортасын, қоғамдағы алар орны, ғылымға қосқан үлесін саралау, тағылымдық жақтарын ашып көрсету, бағалау өте маңызды болып табылады.


Қазақтың сан ғасырлық күрделі тарихында Алаш қозғалысының орны ерекше екендігін түйсіне отырып, ұлт-азаттық ұлы қозғалысқа айналған осы оқиғаның маңызы мен мәнін таразылау – қазіргі тәуелсіздік мұраттарымен байланысты екендігі белгілі. Осы орайда біз бұл мәселеде Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті... Алаштың асыл аманаты бізге тарихи-мәдени бірегейлігімізді, қарапайым тілмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді. Алаштың асыл аманаты бізді ауызбірлігімізді күшейтуге шақырады» деген ұлағатты сөздерін басшылыққа алуымыз қажет. Елбасы пікірі баршамызды Алаш аманатын орындауға шақырады.
Міне, осы тұста халқымыздың ардагер ұлдарына таңылған жаланы ақтауға ұмтылған көрнекті тарихшы, ұлт зиялысы, қазақ тарихының күрделі мәселелерін терең зерттеген Кеңес Нұрпейісұлы Нұрпейісті атаған жөн. Өзінің артында өлмейтұғын мол мұра қалдырған ғалымның ғылыми еңбектері мен еліне істеген адал қызметі жан-жақты зерттеу қажеттілігі кезегін күтіп тұрған өзекті мәселе деп есептейміз.
Алаш қозғалысы «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі, Алаш идеясы бүгінгі таңда қазақ тарихының күрделі әрі көкейкесті мәселелері болып саналады. Жоғарыда аталған күні кешеге дейін лайықты бағасын ала алмай келген ұғымдар қазақ қоғамындағы ұлттық оянудың, ұлттық сана қалыптасуының өзінше бір көрсеткіші іспетті. «Алаш» партиясын құру мен Алашорда үкіметін қалыптастыру жолындағы жанқиярлық еңбегі нәтижесінде «Алаш арыстары» ардақты есімін иеленген зиялы қауым тарих сахнасына көтерілді.
Сталиндік империялық саясат шағын ұлттардың ұдайы тұншықтырып ұстады. Тарихты жасаушылар халық бұқарасы деген ұстанымды бекем ұстап, жеке тұлғаларға, олардың қызметіне, дұрыс көңіл бөлінбеді. Осындай кезеңде қатыгез тағдыр тәлкегіне Қазақстандағы Алаш қозғалысы да ұшырады. Ол Қазақстанның тарих ғылымында соңғы кезге дейін жабық тақырып болып келді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы: «Жиырмасыншы ғасырдың бас жағында біздің сан ғасырлық тарихымызда тұңғыш рет халықты әлемдік айдынға алып шығуға нақты мүмкіндік туды. Ол мүмкіндікті туғызғандар «Алаштың» ардақты азаматтары еді. Алайда енді басқа трагедия – тоталитаризм трагедиясы алдан шығып, тарихымыздың жүз жылға жуық белесін жапты да тастады. Тоталитаризм ұлтқа қарап жатпайды. Этностың басына түскен осынау заманда ешқандай ұлттың кінәсі жоқ екенін, мұның өзі жүйенің табиғатынан туындағанын түсінетін шақ жетті. Ол жүйе тұяқ серпитін сәтінде де Алматының алаңында жігіттер мен қыздардың қанына қол батырып қалудан шіміріккен жоқ...» [2]. Елбасының осы маңызды тұжырымы ұлт-азаттық қозғалыс тарихын жаңаша тарихи тұрғыда зерттеуді қажет етті.
Тарих ғылымының қайраткері, Алаш тарихын зерттеуші ғалымдардың алғашқыларының бірі К. Нұрпейісұлының өмір жолын түгелдей дерлік бір игілікті іске, ұлтының өсіп-өркендеуіне арнап, артына мәңгі өшпестей із қалдырған ғалым деп айтуға негіз бар. Қазақ халқы оның есімін – елінің шынайы тарихын жасаушылардың бірі, Алаш қайраткерлерінің есімін ақтаған құнды зерттеулері арқылы таныды, білді. Тарихшылық жолын кеңестік құрылыс әкелген әлеуметтік және саяси өзгерістерді, мемлекеттік құрылыс мәселелерін зерттеуден бастаған К.Нұрпейісұлы уақыт идеологиясының аясында шырмалып қалмай, бойына біткен табанды зерттеушілік және қоғамдық құбылыстарға барынша терең үңіле білу қабілетінің арқасында бүгінгі Қазақстан өміріндегі жаңалықтарды жан-жақты қарастыруға күш салды. Бұл мәселелер көрнекті ғалымның қоғамдық, ғылыми қызметіне талдау жасау, әділ баға беру үшін маңыздылығын арттыра түседі. Біздің мақсатымыз – оны тарихшы-ұстаз, ғалым ретінде көрсету.
Көрнекті ғалым, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор К.Нұрпейісұлының ұстаздық және ғылыми ұйымдастырушылық қызметі мен тарихи мұрасына қатысты объективті ғылыми баға беру ғалым өмір сүрген қоғамның жағдайын терең түсінуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Сонымен бірге, тәуелсіз еліміздің тарих ғылымы үшін де көрнекті тарихшы қайраткерлеріміздің ғылыми қызметі мен өмірбаянын зерттеп, жария етудің де маңызы зор екендігі ақиқат.
Қазақстан тарихына қатысты тың тұжырымдар мен пікірлер жасауда академик К.Нұрпейісұлы еңбектерінің алатын орны ерекше. Кеңестік қоғамда өмірге келіп, сол кезден-ақ еңбек жолын бастаған ғалым еліміз егемендік алғанан кейін де ғылыми-ұйымдастырушылық және ұстаздық қызметін тоқтатпай, артына көптеген тарихи мұра қалдырды. Ол тәуелсіздігімізді алғаннан кейін өздерінің саналы ғұмырларын қазақ елі үшін құрбан еткен азаматтардың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне және Алашордаға қатысты мәселелерді көтерді. Бойындағы білім мен қабілетін Отандық тарихтың дамуына жұмсаған К. Нұрпейісұлының жеке тұлғасы да тарихи таным тұрғысындағы өзекті мәселе болып табылады.
Алашорда тарихы Орталық Азия жылнамасында – қазақ ұлтының ынтымақтасуының революцияға дейінгі және революциядан кейінгі қым-қиғаш кезеңдегі тарихын қалпына келтіруде басты орынды алады», – деп [3] Алаш қозғалысына орынды баға береді.
Осыған байланысты алғашқылардың бірі болып, ғұмырын Ұлттық Ғылым Академиясының Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен байланыстырған академик Кеңес Нұрпейісұлы ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыс тарихын, 1917 жылғы ақпан және қазан революциялар мен Алаш жетекшілік еткен Қазақ автономиясының тарихын объективтік тұрғыдан зерттеу мәселесін көтерді. Бұл мәселеге байланысты көп жылғы зерттеу жұмысының нәтижесінде 1995 жылы «Алаш һәм Алашорда» монографиясын жариялады. Ол бойынша сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болған жазықсыз ұлт зиялыларының тағдырын көпшілікке танытқан болатын. ...» [4].
Бұл зерттеу еңбегінде Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің тарихына байланысты нақтылы оқиғалар зерттелген. Мұнда ең алдымен осы тақырыптың бір-бірімен тығыз байланысты үш қыры қарастырылған. Олар: біріншіден, саяси партия ретіндегі Алаштың тарих сахынасына шығуы және оның бағдарламалық мақсат-міндеттері; екіншіден, мемлекеттік құрылым ретіндегі Алаш автономиясының ұйымдасуы; үшіншіден, осы автономияны басқару үшін құрылған үкіметтің – Алашорданың іс-әрекеттері, оның таратылу мәселелері қарастырылады. [4]. Еңбек ғылыми айналымға жаңадан қосылған түпнұсқалық мәні бар деректерге толы маңызды зерттеу жұмысы болып табылды. Бұл еңбекте Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің тарихына байланысты нақтылы оқиғалар зерттелген. Алаш қозғалысы тарихы 60 жылдан астам ресми өкімет тарапынан тыйым салынған тарихымыздың «ақтаңдақ беттері» болып келгендіктен зерттеушілер Алаш пен алашордаға жаңа көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік алды.
Академик К. Нұрпейісұлының еңбектері бүгінгі ұрпақтың тарихи дүниетанымын кеңейтеді, толықтыра түседі. Өйткені, оның еңбектерінде тарихи оқиғаларға байланысты тың көзқарастар, қызықты тұжырымдар және бүгінгі зерттеушілерді ойландырарлықтай салиқалы қорытындылар бар. Ал, бұлар жаңа тарихи концепциялардың және салыстырмалы ой-пікірлердің өмірге келуіне негіз болады, ықпал жасайды. Тарихи көзқарастары ұлт мүддесімен тікелей қабысып жатқан К. Нұрпейісұлының еңбектері шын мәнінде бүгінгі тарихшыларға, жас ұрпаққа үлгі боларлықтай және қазақ халқына негізсіз көз алартушылардың империялық арандатушылық әрекеттеріне ғылыми тойтарыс беріп, патриоттық рухты көтеруге өлшеусіз үлесін қоса түседі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   131




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет