Ғылыми техникалық кітапхана анықтама библиографиялық және Әдістемелік бөлім білім және ғылым


Қылышбай БИСЕНОВ, техника ғылымдарының докторы, профессор



бет4/5
Дата05.11.2016
өлшемі1,04 Mb.
#404
1   2   3   4   5

Қылышбай БИСЕНОВ, техника ғылымдарының докторы, профессор.

ЖҮЗІ ЖАРҚЫН КЕУДЕСІ КЕН, КЕҢ БОЛМЫС

Асқаралы 60 жастың асуын абыройлы азамат, өнегелі отағасы, білікті ұйымдастырушы, кәсіби жоғары деңгейлі маман санатында бағындырып отырған Мұхатдам Серікбаевтың есімі баршаға құрметті. Ақ көкірегі сырлы шежіреге толы Мұхаңмен әңгімелесе қалсаңыз, көшіп келе жатқан көне тарихтың керуенін көргендей әсерге бөленесіз. Аруақты бабалар жайлы сөз қозғаса, өзі де ерекше тебіреніп кетеді. Сондай әсерлі әңгімелерге құлақ түрген жан оның алған биіктері мен бағындырған белестеріне үңіліп, бітім-болмысының қырларына қаныға түскісі келеді. Бұл азамат 1953 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. №411 Жамбыл атындағы мектепте білім алған ол жастайынан оқуда озат болып, шығармашылық қабілетімен өз қатарластары арасынан ерекше көзге түсе бастайды. Дарындылығының негізі тума тектілікте, отбасындағы үлгі-өнегеде, ата-анасының оған деген ыстық ықыласы мен махаббатында жатыр.

1971 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының «Энергетика» факультетіне түсіп, 1976 жылы осы оқу орнынан бөлініп шыққан Алматы энергетика институтын үздік тәмамдаған. Мұхаң еңбек жолын №6 Қызылорда жылу электр орталығында бу қазанының машинисі, өндіріс шебері болып бастап, онан арғы жылдары аға инженер, мекеменің бас инженерінің орынбасары болды. 1980-1982 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалында құрылыс-мелиоративтік машиналар кафедрасында зертхана меңгерушісі бола жүріп, студенттерге дәріс те оқыды.

1982-1985 жылдары Мәскеу энергетикалық институты жылу техникасының теориялық негіздері кафедрасында аспирант бола жүріп, келісім-шарт негізінде орындалып жатқан ғылыми-зерттеу жобаларына қатысады. 1986 жылы маусым айында техника ғылымдарының докторы, профессор А.С.Сукомелдің жетекшілігімен «Лазерлік доплер анемометр негізінде газдық сығынды компоненттерінің жылдамдықтарын өлшеу әдістемесін жасау және оның нәтижелерін жылу алмасу үдерісін есептеу үшін пайдалану» тақырыбында кандидаттық диссертациясын табысты қорғады. Жылу техникасының теориялық негіздері бойынша диссертация қорғағандар өңіріміз ғана емес, республика көлемінде де сирек еді. 1986-1991 жылдары жоғары мектепке қайта келіп, аға оқытушы қызметінде болды. 1991-1993 жылдары «Энергия» АҚ өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы қызметінде өндірісті модернизациялауға үлкен еңбек сіңірді. 1993-1997 жылдары Қызылорда жылу жүйесі мекемесінде директордың орынбасары, директоры, «ТЭЦ-6» АҚ директорының орынбасары қызметтерін атқарып, Қызылорда жылу орталығының қордаланған мәселелерін республикалық мемлекеттік органдар арқылы шешуге ерекше үлес қосты. Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында университет ғимараттарын жылумен қамтамасыз етуде іркілістер болып, ескірген жылу жүйесін қайта құру қажеттілігі күн тәртібіне өткір қойылды. Аталған

23

өзекті мәселені шешу барысында Мұхаңнан кәсіби білгір маман ретінде кеңес алып отырдық. Әсіресе, бесінші оқу ғимаратына қазандық салу жобасына сапалы сараптама жасап, үлкен көмегін тигізді. Кейін оның «ҚуатАмлонМұнай» БК менеджері ретінде «Самал» қонақүйін тұрғызуға атсалысқаны да бар. 2000 жылдардың басында сүт өнімдері зауытының Израиль, Испания, Ресей жабдықтары мен технологиялық желілерімен жарақтандырылғаны әрі бүкіл өндірістік, инженерлік инфрақұрылымдар және канализация әрі бүкіл өндірістік, инженерлік инфрақұрылым және канализация жүйесі жаңартылғаны мәлім. Осы кезеңде Мұхаң «Ақ сүт» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорнының директоры болды. 2004 жылы «Казэнергосараптама» мекемесінде директордың орынбасарлығына тағайындалса, 2008 жылдан бері мұнай ұңғымаларын бұрғылау, жөндеу және оларға техникалық қызмет көрсететін «СNЕС» компаниясында директордың орынбасары қызметін атқарды. Осындай жемісті еңбектері үшін Мұхаң «Еңбек сіңірген энергетик» атағын алды. Оқытушылық па, басшылық па, Мұхаң қай қызметте жүрсе де, қоғам өміріне белсене араласуды өзіне мұрат тұта білді.



Мұхаңмен арамыздағы достық сонау 1980 жылдан бастау алады. Мен В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітіріп, сонда стажер-зерттеуші қызметін бір жыл атқарған соң Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалына оқытушы болып келген кезім, ал өндірісте шыңдалған маман Мұхаң зертхана меңгерушілігіне енді тағайындалған болатын. Кейін Мәскеуде, ол Энергетика институтында, мен Бетон және темір-бетон ғылыми-зерттеу институтында аспирантурада қатар оқыдық. Шынайы достық қарым-қатынасымыз сол жылдардан бастап беки түсті. Мәскеуде тұрған жеріміз де бір-біріне жақын болды. Екеуміздің құдай қосқан қосақтарымыз Гүлсім мен Қаламқас та біздің достығымызды нығайтып, сол дәстүрлерін әлі күнге жалғастырып келеді. Ұл-қыздарымыз да бір үйдің балаларындай араласып жетілді. Кандидаттық диссертацияларымызды жаңа қорғап елге келген біз жоғары оқу орнындағы қызметімізді қайта жалғастырдық. Ол аймақ үшін инженер мамандар даярлайтын бірден бір жоғары мектеп Ы.Жақаев атындағы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтында 1991 жылдың тамызына дейін еңбек етті. Білікті мамандар даярлау әрі шәкірт тәрбиелеу ісіне, тұтастай алғанда білім беру қызметінің кең қанат жаюына Мұхаңның қосқан үлесі елеулі. Ұстаздықтан кейінгі қызметі аса білікті энергетик-маман ретінде қаламыздың энергетика саласына арналды. Мұхаңның бойында тоғысқан қабілеттерін қажырлы еңбекпен тығыз байланыста дамытып отыруы, осы арқылы өмір жолында үлкен жетістіктерге жетуі нағыз талантты тұлғаға тән сипат. Адамгершілік, жауапкершілік, елжандылық сынды қасиеттері елге танымал тұғырлы азаматпен сырласудың сирек те болса сәті түскенде – өзінің көрген-білгендері мен көңілге түйгендерін айтып отыруды дағдыға айналдырған. Өмірлік тәжірибе жинауда, кәсіби өсуде көп көмек көрсеткен ұстаздары туралы: «Ерназаров Нұрмағанбет, Ағайдаров Көшен, Қамырбаев Аралбай,
24

Югай Виктор сынды замандас-ағаларым менің тұлға ретінде де, маман

ретінде де жетіле, толыс түсуіме тілектес болған қимас ұстаздарым болды» – деп қайталаудан жалыққан емес. Расында, Мұхаң өмірде екі нәрсені биік бағалап келеді. Біріншісі – адам бойындағы адалдық қасиеті, екіншісі – азаматтың кәсіби шеберлігі. Замандас досымның бойындағы өзім байқаған асыл қасиеттері, әрине, көп. Мені ерекше тәнті ететіні – оның тарихқа деген зеректігі және төл шежіремізді тынбай зерделеуі. Сол арқылы досымыз қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын да қастерлей біледі. Оның азаматтық келбетінің келісті көрінетіні де содан болса керек. Абайдың сөзімен айтқанда, «тереңнен қозғайды, әдептен озбайды». Пікірлері мен ой-орамдары мергеннің атқан оғындай, әркез турасын танып, әділдігін тауып айтатындықтан Мұхаңның сын-пікіріне ешкімнің өкпелегенін байқай қойғанымыз жоқ. Ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан осы тәрбие балаларына да дарыған. Бүгінгі күні сүйікті жары Серікбаева Қаламқас екеуінен 5 бала өрбіген. Үлкендері Жанар – заңгер. Қазақ мемлекеттік заң академиясын, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын үздік бітіріп, қазір Астанадағы «КазАгро» корпорациясының заң департаментінде жауапты қызмет атқарады. Айшасы болса, Алматыдағы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін үздік бітіріп, сол оқу орында РһD докторантурада оқып жүр. Сәнімі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін бітіріп, «Алматы-Лондон» сақтандыру компаниясында бөлім бастығы болып қызмет атқарады. Нұржан мен Айжан есімді егіздері мектеп жасында. Нұржаны №2 «Мұрагер» мектебінде оқиды, каратэ-до спортынан алқалы турнирлердің жүлдегері болса, Айжаны «Назарбаев зияткерлік мектебінің» 9-сынып оқушысы. Мұхаңның осындай берекелі отбасының орнықты отағасы атануында, азаматтық және кәсіби тұрғыдан шыңдалып, еліне қалтқысыз қызмет етуінде сүйікті жарының еңбегі айрықша. Мәуелі бәйтеректей үлкен әулеттің жанашыры да, қамқоршысы да – Қаламқас. Ол Алматы медицина институтының 1979 жылғы түлегі, қазіргі таңда жоғары санаттағы тіс дәрігері. 1982-1986 жылдары Мәскеу қаласында тіс дәрігері қызметін атқарған кезінде біздің Қаламқас айналасындағы әріптестеріне өзінің кәсіби біліктілік деңгейі жоғары екенін дәлелдеп, Гиппократтың антына адалдығын мойындата білген еді.

Қай кезде де адалдықтың байрағын ту еткен, қадірлі азамат Мұхаңа мерейтойы қарсаңында шаңырағыңыздан шаттық, бастарыңыздан береке мен ырыс-дәулет кетпесін деген тілегімді білдіремін.

//Сыр бойы.-2013.-19 желтоқсан.-3 б.

25

Қали ОМАРОВ



ЗАРҚҰМ

Кеңестік жүйе алғашқы 20 жылда бірнеше толқын репрессия жүргізіп, ұлт зиялыларының басым көпшілігінің көзін жойғаны тарихи ақиқат. Ел басына түскен зобалаң-нәубеттің ең алғашқы құрбандарының бірі қоғам дамуына қатысты өзіндік қөзқарасы болған Зарқұм Қуанышұлы (1865-1918жж.) еді.

Зарқұм қазіргі Қызылорда облысы Жалағаш ауданының «Аққыр» ауылында дүниеге келеді. Ес біле, яғни қоршаған ортаға өзіндік дүниетанымы қалыптаса бастаған кезде, отарлаушылар билеген қоғамның әділетсіздігін толық сезінген Зарқұм ел-жұртын еркіндікке жеткізуді мақсат тұтып, күштілерге еңбегі желінгендердің қарымтасын қайтаруды және кедей-кембағалдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды қолынан келгенше дәстүрлі қазақ қоғамының әдет-ғұрып заңдары негізінде жүзеге асыруға ұмтылды. Ал,бұл заңдарға Ресей билігі орнатқан жаңа әкімшілік-құқықтық басқару жүйесі түбегейлі қайшы болғаны белгілі.Қара халық мүддесін қорғауда, патша билік жүйесін мойындамай, бейресми құқықтық институттарға жүгінген Зарқұмды ел ішіндегі жуандар мен әкімшілік ымыраласып, екі рет (1900,1903 жылдары) Сібірге жер аудартады.

Туабітті алғырлығы,зерделі зеректігі, алқалы топта тізгін тартпайтын шешендігі, даулы мәселелерді шешудегі қапысыз әділдігі арқылы ел арасында би атанған Зарқұмның айдауда жүрген кезеңдерін, оның дүниетанымын кеңейткен, рухы мен ділін одан әрі шыңдаған өмірлік университеттері болды деуге толық негіз бар.Ел басындағы алмағайып заманда (төңкерістер кезеңі) бір бойындағы саяси партиялар өкілдерінің ұстанымдарын бағамдай білу,саяси күрестің қыр-сырларына қанық болу, орыс тілінде мүдірмей сөйлеу сынды қасиеттердің жарқырай көрінуі осының айғағы.

Бойға жиған білімін, пайым-парасатын халық игілігіне жұмсауды мұрат еткен Зарқұмның Жаңадария өзенінің бір саласы Майлыөзектің бойынан арық қаздыру арқылы елді егіншілік кәсіпке баулып, талай отбасын 1916 жылғы ашаршылықтан аман алып қалудағы ерлікке пара-пар еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес. Оның ағартушылықпен астасқан анаға құрмет, әйел затына қамқорлықпен қарау,бала және отбасы тәрбиесіне терең мән беру сынды тұрмыстық көзқарасы да ұлтжанды, елін сүйген патриоттарға тән қасиеттер.Зарқұм Қуанышұлының өмір жолы, елге еткен сан қырлы еңбегі туралы шыққан ғылыми, танымдық дүниелер соңғы жылдардың үлесінде. Десек те, көпшілік алдында нақтылауды қажет ететін жайлар әлі де баршылық. Солардың ең негізгісі Ресей империясының дамуына түбегейлі бетбұрыс әкелген 1917 жылғы 27 ақпандағы буржуазиялық-демократиялық және 25 қазандағы социалистік төңкеріс кезеңдеріндегі іс-қимылы мен әрекеті. Алдыға қойған мақсатымызға жету үшін тағдыршешті тұстағы оқиғалар жүлгесіне тоқталайық.

Ақпанда монархиялық билік құлаған соң Мемлекеттік Думаның шешімімен құрылған Уақытша Үкіметтің жер-жерде басқару органдарын ұйымдастыруды дереу қолға алғаны,бұлармен қатар жұмысшылар мен

26

солдаттар да өздерінің кеңестер жүйесін құра бастағаны баршаға аян. Сонымен қатар, Уақытша Үкіметке Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайлау туралы ережені жедел әзірлеп, аса жуапты да маңызды науқанды өткізу жүктелді. Ұлтымыздың зиялылары аталған ереженің бекітілуін күтпей әр аймақтағы Қазақ комитеттері арқылы болыстық, уездік, облыстық, облысаралық және жалпықазақ съездерін шақыру жұмыстарын бастап кетті. Ондағы мақсат – жаңа саяси жағдайда егемен ел болу бағдарын жасау, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді халық талқысына салып,анықталған аса өзекті міндеттерді шешу жолдарын қарастыру, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына тас-түйін дайындалу.



Перовскіде Уақытша Үкіметтің атынан билік өкілеттігін Уездік Атқару комитеті (құрамында подпоручик Преображенский, капитан Барановский, полицей приставы Грослинг, уездік басқарма тілмәші Е.Қасымов болған) жүргізе бастағаны мәлім. Билік буынын әкімшіл-әміршіл жолмен қалыптастыру үдерісінің жалғаса беруін қаламаған жергілікті халық өздері қалаған өкілдерін басқару органдарына қоюға тырысты. Бұның ұлтының азаттығына, елінің еркіндігіне ұмтылған қай қоғамға да тән заңды құбылыс екенін айтқанымыз жөн.

1917 жылы 23-27 наурыз күндері Перовск қаласында Перовск уездік ұлттық қазақ комитеті және Қазақ депутаттарының уездік кеңесі атты екі негізгі ұйым дүниеге келеді (бұларға қоса, кейіннен, Сералы Лапин құрған Халық өкілдері кеңесі де қызмет атқарады). Уақытша Үкімет жағындағы Уездік Атқару комитеті барынша қолдаған бірінші ұйымның (25 наурыздан төрағасы-Ералы Қасымов) адам саны көбірек болды. Жақтаушылары бастапқыда аз болған Қазақ депутаттарының уездік кеңесі(27 наурыздан төрағасы Хұсайын Ибрагимов) бұларды империялық режимнің мұрагері санап, қарсы әрекет етті. Егемен даму жолын қолдаушылардың халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын кең көлемде жүргізуіне ресми биліктің өз ресурстарымен мүмкіндігінше кедергі жасап баққаны сол кезеңнің шындығы. Мұздай қаруланған жұмысшылар мен бірнеше жүз бұрынғы тұрақты әскерилерге сүйенген Перовск большевиктері (В.Агапов, И.Гержод, т.б.) Х.Ибрагимовты уақытша демеп отырады. Большевиктердің көмегі тактикалық қадам ғана,ал стратегиялық есебі тіптен бөлек екенін, өкінішке орай, уақыт ұзамай-ақ көрсетті.

«Халық аңсаған азаттық, әлеуметтік әділдік заманы енді келді» деп, төңкерісті ризашылықпен қабылдаған Зарқұм аймақ көлеміндегі қоғамдық-саяси шараларға белсене араласады.Азаматтық ұстанымы елім, жерім, салт-дәстүрім деп қалыптасқан әрі осы ұғымдарды өзіне ту етіп ғұмыр кешкен дегдар тұлғаның басқа қадам жасауы мүмкін де емес-ті.

Зарқұм Перовск уездік Атқару комитеті құрамына халық мүддесін қорғайтын тұлғаларды өткізуге бар білімі мен білігін, күш-жігерін салып, сондай-ақ, Х.Ибрагимовтың Қазақ депутаттарының уездік кеңесінің басшысы ретінде тағайындалуына үлкен үлес қосады. 1917 жылы 27 наурызда қалаға жақын 7 болыстықтан 2 мыңнан аса адам қатысқан Сырдария өзеніндегі көне көпір маңайындағы Қубас деген жерде (Перовскі

27

қаласының батыс жағы) өткен митингіні айтылғанның жарқын мысалы десе де болады. Х.Ибрагимовтың кандидатурасы және оның уезді басқару бағдарламасы бойынша қазақ және орыс тілдерінде тосылмай сөйлеп, шешендігімен халықты тәнті еткені туралы осы митингіге қатысқан, кейінен Сыр өңіріне белгілі ақыны Әбдікәрім Оңалбаевтың (1901-1964 жж.) естелігін өз аузынан естіген ақсақалдар әлі де ортамызда. Жиын қорытындысында Қазақ депутаттарының уездік кеңесіне мүше болып сайланған 30 адамның қатарына Зарқұм да енеді. Зарқұм басы-қасында жүрген үгіт-насихат ісі көп ұзамай құлашын кеңге сермеп, қомақты нәтижелерді бере бастайды. Перовск уезінің 21 болысынан келген өкілдердің қолдауымен 1917 жылғы 28 шілде күні Х.Ибрагимовтың ақыры Уездік Атқару комитетінің төрағалығына сайлануы – осындай жүйелі жұмыстардың жемісі.



Алмағайып заманда халық сеніміне ие болып, олардың аманатын арқалаған Зарқұм Қуанышев 1917 жылғы 2-5 тамызда Ташкент қаласында өткен Түркістан аймағы қазақ-қырғыздарының съезіне қатысады.Бұл дерек «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» атты құжаттар мен материалдар жинағының Қазақ съездеріне арналған 4-ші томында (Астана: Ел-шежіре, 2007.-208 бетте) кездеседі. Съезге Сырдария облысының Әулие Ата, Қазалы, Перовск, Черняев, Ташкент уездерінен, Ферғана облысының Әндіжан мен Наманган уездерінен, Жетісу облысының Пішпек уезінен барлығы 84 адам келеді. Перовск уезінің делегаттары қатарында Зарқұмнан басқа Махмұд Көшкенбаев, Әшір Бердиев, Хожахан Сейітов, Нұрмұхамед Ақатов, Бижан Жұмабеков сынды ел азаматтарының болғанын айту орынды болмақ.

Съездің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша 17 баптан тұратын қаулысында: Уақытша Үкіметтің Ресей мемлекетінің болашақ құрылымы туралы жоспарларына қолдау көрсетілді; Ресей федеративті-демократиялық парламенттік республикасында әр жұрт пен аймақтың билігі өзінде болуы талап етілді; Уақытша Үкімет дайындаған Құрылтай жиналысы туралы ереже жобасында көрсетілген сайлау комиссияларының құрамын жасақтау қағидаларына өзгеріс енгізу ұсынылды.Соңғы мәселе аясында жасырын дауыс беру жолымен Құрылтай жиналысына кандидаттыққа М.Шоқай, С.Асфендияров, Қ.Қожықов, С.Лапин, Ә.Көтібаров, Х.Ибрагимов, И.Қасымов, т.б. тұратын 15 адамның тізімі бекітілді.

Сырдария облысы қазақтарының кейінгі съездері 1917 жылы 2 рет (қазан,қараша айларында), 1918 жылы 3 рет (қаңтар, мамыр, қазан айларында) өткізілді. Кеңестік билік бұл басқосуларға ел арасынан сайланған делегаттардың қатысуына барынша кедергі жасап (жала жапты, қамады, т.б. қастандықтар жасады) бақты.Бұл съездерге Зарқұмның да қатыспауы, оның кейін қудалауға іліккендердің қатарында болғанының дәлелі іспетті.

1917 жылғы 29 тамызда Перовск большевиктер кеңесі,солдат комитеттері мен кәсіптік одақтар өкілдерінің бірлескен отырысында

28

уездегі билікті басып алу туралы шешім қабылданды. Екі айдан кейін бұл ойын жүзеге асырған олар Перовск жұмысшылар мен солдаттар кеңесін (Совдеп) құрады. Аталған кеңестің төрағасы И.Гержодтың (1918 жылғы 1 қаңтардан) негізгі сүйеніші – Шиелі мен Қазалы кенттерінде орналасқан бұрынғы Сібір полкінің (екі мыңдай адам) солдаттары болатын.



Өз қолындағы бар билікті топтастырған қызыл төңкерісшілердің іс-қимылы ұлт дербестігіне жету мұратынан алшақ жатқанын түсінген Зарқұм озбыр большевиктерден бойын аулақтайды. Еркіндік, теңдік, әділеттілік сынды популистік ұрандарымен халықтың біраз бөлігін соңына ерткен қызылдардың саясатына наразылығын ел арасында жасырмай айтып жүреді және совдеп билігіне бағынуды қажет деп санамайды. Өзіндік таным-түсінігі мен өмір өлшемін қорғау жолында шыңдалған күрескердің басын бір ноқтаға сыйдыру кімге болса да оңай болмаса керек. Бірде өзін тәртіпке шақырмақ болған уездік милиция жасағын Перовскіге дейін қуып тастайды. Әскери, әкімшілік әлеуетіне мастанған «Қызыл диктатор» И.Гержодтың бұған төзе қоймайтыны түсінікті, әрине.Зарқұмның үстінен әдейі ұйымдастырылған бір арызды желеу еткен И.Гержод өз солдаттарымен 1918 жылғы 21 маусымда оның ауылын таң сыз бере қапыда басады. Ол Зарқұмды үш баласы – Сейдахмет, Бижүсіп, Жүсіпахмет және 4 туысқан інісімен бірге тұтқындайды. Он төртке тола қоймаған кенжесі Жүсіпбекті (1904-1984жж.) ауыл тұрғындары тайқазанның астына жасырып, аман алып қалғаны ұрпақтан-ұрпаққа жеткен шындық.

Түрмеде қызмет істейтін жанашыр бір азамат Зарқұмды амалын тауып құтқармақшы болады. «Балаларың мен бауырларыңды қайда тастап келдің деген елге не бетімді айтамын», – деп Зарқұм бұл ұсыныстан бас тартады. «Елге бас көтерер азамат керек, ең болмаса біреуің құтылыңдар», дегенге, «Әкемізді тастап кетпейміз», деп балалары да көнбейді. Ақыры сол жылғы желтоқсан айының ішінде Контрреволюция және революция жауларымен күресу үшін құрылған уездік төтенше комиссияның(төрағасы – И.Гержод) қаулысы және Перовск совдепіне қарасты әскери ревтрибуналдың заңсыз үкімі бойынша Зарқұм мен оның балалары бар 54 адам бірге атылады. Осылайша арлан жүректі есіл ер жазықсыз құрбандық болып кете барады.

И.Гержодтың Сыр бойы халқына жасаған зұлымдығы шектен шыққасын Ташкент совдепі 1919 жылы қараша айында әскер жіберіп оны тұтқынға алып, кейіннен 10 жылға соттайды. Гержодтың қандастарымызға қарсы жүргізген қанқұйлы саясатына нүкте қоюшылардың бірі – Алаштың арысы Тұрар Рысқұлов екенін айту парызымыз.

Иосиф Гержод «Соңғы парад» деп аталатын естелік-қолжазбасында «...ақ гвардияшылар қастандығына қатысқан екі рысқұловшыл ағайынды Лапиндерді (үшінші бауыры, прапорщик, генерал Дутовқа қашып кетті), өзін хан деп жариялаған бандит Зарқұм Қуанышевті... т.б. атқаным үшін сотталдым... Бұл адамдардың барлығы да ЧК-ның тексеру комиссиясының қаулысы бойынша атылса да, кінәлі деп жалғыз мені таныды», дейді.

Зарқұмның есімін атауға қорқып жүрген қиын кезеңде Қызылорда облысы Жалағаш аудандық партия комитетінің І-хатшысы Қонысбек Қазантаев 1978 жылы астыртын тапсырма беріп, батырдың тұрған жерінде (Аққыр ауылының маңындағы қыстауына) көрнекті етіп,биіктігі 7 метр белгі соқтырды. Бұл елін сүйген нағыз азаматқа ғана тән іс. Қай заманда да ұлттық рухымыздың өміршеңдігін жоғалтпауы осындай саңлақ тұлғаларымыздың арқасы. Ел-халқының талайлы тағдырында өзінің жарқын істері, жанқиярлық ерліктерімен өшпес із қалдырған, бітім-болмысы қайшылықты болған тұлғалар туралы әлемдік тарихта мысал көп. Ұлт-азаттық көтерілісінің қайраткерлері Аманкелді Иманов, Кейкі Көкембайұлы, т.б. романтиктер шоғырында Зарқұм Қуанышұлының да өзіндік орны бар. Біздің көзіміз жеткен айқын әрі объективті нақтылық осы.

//Сыр бойы.- 2013.- 21 желтоқсан.- 10 б.


29

Бекзат ОМАР,Қорқыт ата атындағы ҚМУ студенті.


ЕҢБЕКПЕН ЕЛ КӨГЕРЕР

Ата-бабаларымыз ықылым заманнан ұрпағын еңбекке баулыған. «Еңбек етсең, емерсің» деген дана сөздерді соңына қалдырған. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында еліміздің гүлденуі жолында әрбір кірпішін өз қолдарымен қалап жатқан еңбек адамдарына деген құрметті күшейтуді ерекше талап етті. Өйткені, еңбексіз жеке адамның да, елдің де көгеруі қиын.

Жақында Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде облыстық ішкі саясат басқармасының әлеуметтік жобасының аясында облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Әйелдер – еліміздің ырысы, еңбектегі – тынысы» атты облыстық еңбекші әйелдердің форумы өтті.

Форумға Сыр елінің еңбеккер әйелдері, өнегелі отбасылары, колледж, жоғары оқу орындарының студенттері мен жастар бірлестіктерінің өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қатысты.

Форум жұмысын облыс әкімінің кеңесшісі, облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Р.Ахметова ашып, жүргізіп отырды.

Форумда ұрпақ өсірумен қатар, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлестерін қосып келе жатқан еңбекші әйелдер қауымының өкілдері – ұлағатты ұстаз, бастауыш сынып мұғалімі Ж.Тәшенова, күрішші М.Дүйсенова, қалалық перзентхананың аға акушері М.Оразбекова, теміржолшы А.Ахметова, дәнекерлеуші А.Абдурахманова, кәсіпкер Т.Пірішева, почтальон Қ.Дәндібаева өздерінің еңбек жолдары туралы әңгімелер айтып, жастардың тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауаптар берді.

Форумның соңында әр саланың озат еңбекші әйелдеріне «Кәсіп үздігі» номинациясы мен ескерткіш сыйлықтарды «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігінің төрайымы М.Аңсатова табыстады. Шараға қатысушылар концерттік бағдарламаны тамашалады.

Форумның басты қорытындысы еңбек адамына құрмет көрсету, жасампаз еңбек арқылы еліміздің дамуына лайықты үлес қосуға үндеу болды.

//Сыр бойы.- 2013.- 24 желтоқсан.- 3 б.

30

Жамал Әбенова,ғылыми-техникалық кітапхана директоры


Ой толғақ

немесе ұрпақ қамы үшін не істеуге болады


Күнделікті тіршілікте уақыттың ғарыштық жылдамдықпен қалай зымырап өтіп жатқанын байқамаймыз. Міне,қас-қағымда берекелі алтын күздің де шектеулі мерзімі тақалып қалыпты. Жексенбі күні немерелерімді аула ішінде серуендетіп жүріп жан-жағыма көз салдым. Қызылды-жасылды, сары желекті ағаш жапырақтары жерге түсіп жұмсақ кілемге айналғандай. Айнала керемет. Күздің жанға жайлы шуағына шомылып, алаңсыз ойнап жүрген сәбилерге қарап іштей ойға шомдым. Өз басым соңғы кезде тек ауа-райының өзгерістеріне ғана емес, жалпы дүниедегі, өмірдегі өзгерістерге назар аудара бастағандаймын. Бұрын ойға қайта-қайта оралып, маза бермесе де, айтылмай-естілмей жататын көп мәселелер өмір жолымыздың алтын күзіне аяқ басқан шағымызда тіпті толғандырып жіберетіні бәрімізге ортақ табиғи нәрсе–ау деймін.

Әсіресе жастар туралы, олардың болашағы туралы, артымызда қалатын ұрпақ - қасиетті қара Жердің, мемлекеттің егесі жайлы осындай ойлар маза берер емес. Абайдың “Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!”,- деген сөзін өздеріне өмірлік ұстаным етіп алса ғой шіркін!

Адамзат дүние есігін ашқаннан бастап ұшы-қиыры жоқ он сегіз мың ғаламның қыры-сырын көзі жұмылғанша зерттейді екен. Әрине оның шегіне ешкім де жеткен жоқ және мүмкін емес, бірақ әркім өз пешенесіне жазылған өмір керуенінде барынша тәрбиелі, білімді, батыл болып, ұрпағына сол ұстанымды көрсетіп кетсе, келер келешек те жарқын болар еді...

Отан от басынан басталады, ең алдымен ата-ана мен баланың ара-қатынасы қатты қынжылтады, өз ара келіспеушілік салдарынан қалағаны болмаса, беттен алу, үйден қашу, қарсылықтың түрлі әдістерін қолдану, болмаған жағдайда өзіне-өзі қол салу етек алуда. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деген де бар, мүкін баланы ойласақ, алдымен даланы жөндейміз бе? Дала жөнделмесе, бала үйде тәрбие көргенімен бәрі бекершілік, дала тәрбиесін қалай жөндей аламыз? Ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби: «Адам да гүл сияқты жақсы күтіп, баптап тәрбиелемесе қурап қалады»-деген екен. Тәрбие, білім, ғылым ұрпаққа берілетін нәр, ал оған жол көрсететін мамандарға да сын көп. Тәрбиеші, ұстаз - киелі ұғымдар еді... киесін қашырған кімдер, нелер. Ұлт боламын десең ұстазыңды түзе, бірақ қалай?... Күнделікті өмірде, қоғамдық-мәдени орындарда, көлікте, кейбір жастардың әрекетінен олардың рухани жұтаңдығын көріп, амалсыздан жанымызды қинайтын осындай мазасыз сұрақтарға жауап іздеп мұқаласың. Тәрбиенің тұнығы - ата-салт дәстүрін қанға сіңірудің қай жерінен мүлт кеттік деп қиналасың. «Егер біз бүкіл жер бетінде бейбітшілік орнатқымыз келсе, онда бәрін бала тәрбиесінен бастауымыз қажет»-депті Махатма Ганди, олай болса әлі де кеш емес бірге жол іздейік құрметті оқырман.

Бұл мәселелерді «Сыр түлегі» газетіне жазып отырған себебім – студент жастар мен жас оқытушылар, орта буын және өмірден көргені мен түйгені көп ардагер ұстаздар арасынан жоғарыдағы мәселелерді шешуге тәрбиелік мәні бар ақыл-кеңестер, ұсыныстарымен бөлісер деген ой.

//Сыр түлегі.-2013.- №9, қараша-желтоқсан.- 3 б.

31



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет