Филиппинмемлекеті Оңтүстік-шығыс Азияның аралдық бөлігiн қоршап жатқан "отты шеңбер" белдемінде және күшті тропикалық циклондар жолында орналасқан. Сондықтан мұнда жер сілкінулер мен жанартаулардың атқылауы жиі болып тұрады. Филиппин архипелагында 7107 арал бар (оның 90% адам қоныстанбаған). Халық, негізінен, Лусон (104 688 км2) және Минданао (94 630 км2.) аралында қоныстанған. Лусон аралында елдің астанасы - Манила орналасқан. Филиппинді 300 жылдан артық испандықтар билеген, тіпті елді де испан королі ІІ Филиптің құрметіне атаған. Ал 1898 жылы мұндағы билікті АҚШ қолына алды. Тек 1946 жылы ғана тәуелсіздік алды.
Табиғаты. Мемлекет Азияның оңтүстік-шығыс бөлігінде, Тынық мұхитының батысындағы аралдарда орналасқан. Мұнда биіктігі 1500-2000 м (ең биік нүктесі Минданао аралындағы Апо жанартауы - 2954 м) болатын таулы рельеф басым. Біршама жерін ойпаттар, қыраттар және үстірттер алып жатыр. Ойпаттар территорияның 1/4 бөлігін ғана алып жатыр (ең үлкені Лусон аралында - Орталық және Кагаян, Минданао аралында - Котабато және Агусан).
Шығыс жағалауында 1330 шақырымға Филиппин шұңғымасы (тереңдігі 10265 м) созылып жатыр.
Климаты. Мұнда тропиктік және субэкваторлық муссондық климат басым. Батыс жағалауына жаздық муссон көп әсер етеді. Шығысына - қысқы муссон және Тынық мұхиттық пассаттың әсері көп. Сондықтан да батысында жаздық жауын-шашын көп те, шығысында оның максимумы қыс айларына келеді. Жыл сайын тамыз-қазан айларында 20-ға жуық тайфундар тіркеледі, оның кейбіреулері бірталай шығын әкеледі.Жауын-шашынның орташа жылдық мөлшері 1000-5000 мм. Оңтүстік жағалауында жыл бойында температура - 280С, ал солтүстігінде
24-280 С болып тұрады.