Филологические науки Ж.Қ. ЖҰбантаева (Павлодар, Қазақстан)



Дата31.01.2018
өлшемі91,3 Kb.
#36491
Филологические науки

Ж.Қ.ЖҰБАНТАЕВА

(Павлодар, Қазақстан)

СӨЙЛЕУ АУЫТҚУШЫЛЫҚТАРЫН АЛДЫН-АЛУДЫҢ

ПСИХОЛИНГВИСТИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

Бүгінгі таңда жас және ересек адамдарда кездесетін логопедиялық ауытқулар тек медицина, психология, нейрология ғылымдары тарапынан ғана емін тауып қоймай, педагогика және лингвистика ілімдері арқылы да шешімін табуы әбден ықтимал. Заман талабына сай белгілі бір маман иесі, өз мамандығын жетік меңгеріп қана қоймай, өзге ғылым салаларымен байланысын дәстүрлі санат шеңберінен тыс танымдық тұрғыда іс жүзінде жүзеге асыра білгені абзал. Бүгінде сөйлеу патологиясының шешімі әзірге толық табыла қойған жоқ. Осы мақсатта біз заманауи білім беру жүйесінде дәстүрлі бағыттың кемелденуі есебінен танымдық тұрғыдан білім беру үдерісін ілгерілету мақсатында медицина, психология, нейрология, педагогика ғылымдарының тоғысын анықтап, сөйлеу ауытқуларының алдын-алу жолдарын қарастыруды жөн көріп отырмыз.

Сөйлеу тілін меңгеру үдерісі барлық балаларда ойдағыдай біркелкі жетіле бермейді. Кейбіреулерінде оның жетілу барысы кешеуілдейді, екіншілерінің сөйлеу тіліндегі дыбыстардың айтылуы бұзылады немесе бұрмаланады, үшіншілерінде сөздердің және сөйлемдердің түзілістері немесе олардың мағыналары бұзылады.

Еңбегіміздің негізгі мәселелері нейролингвистика іліміне тиесілі. Нейролингвистика – нейрология мен лингвистика ілімдерінің тоғысында пайда болған ғылым. Негізгі зерттеу мәселесі тіл жүйесінің ми құрылысының сөйлеу аппаратына қатысты бөлімімен байланысын қарастыру болып табылады. Сөйлеу негізінен мидың сол жақ бөлігі және ми қыртысы арқылы жүзеге асады. Ауызша сөйленіске ми қыртысының сол жақ төменгі бөлігі, маңдай иірімі, Брока кеңістігі, ал сөйленісті түсіну ми қыртысының сол жақ бөлігіндегі самай иірімдері, яғни Вернике кеңістігі жауап береді. Логика-грамматикалық қызметке мидың желке тұсы жауапты [6]. Негізінен еліміздің зерттеушілері бүгінгі күні мидың қай бөлігі логопедиялық ауытқуларға жауап беретіні жайлы толық ақпарат бермейді, тек кез-келген ауру түрі мен ауытқуларды орталық жүйке жүйесінің ауытқуы есебіне жүктейді.

Біз медициналық сөздіктерге сүйене отырып, сөйлеу ауытқуларының түрлерін анықтап алуды жөн деп санадық. Сөйлеудің бұзылуына биологиялық және психологиялық факторлар ықпал етеді. Осыған байланысты тіл мүкістіктерінің бұзылуының бірнеше түрлерін ажыратып кетуге болады:

Дислалия – сөйлеу тіліндегі ең көп тараған мүкістіктер. Мұнда тек дыбыстардың айтылуы ғана бұзылады.

Дизартрия – сөйлеу тіл аппаратындағы ағзалар мен тіндердің жүйкемен қамтамасыз етілуінің органикалық жеткіліксіздігінен сөйлеу тілінің дыбыстарды айту жағынан бұзылуын көрсетеді.

Ринолалия – ең алдымен сөйлеу тіл аппаратының анатомо-физиологиялық құрылысы бұзылады, ал оның зардабынан дауыстың реңкі мен әуезділігі және дыбыстардың айтылуы бұзылады.

Алалия – тіл мүкістіктерінің ішіндегі ең ауыр түріне жатады. Мүкістіктің мұндай түріне шалдыққан баланың сөйлеу тілі іс жүзінде қатынас құралы бола алмайды. Баланың ана құрсағында және сәбилік кезінде дамуындағы ми қабығының сөйлеу орталықтарына табиғи байланыстардың бұзылу әсерінен сөйлеуінің дамымауы немесе мүлдем болмауы деген сөз. Алалия сөйлеудің болмауы, сөйлей алмау деген мағынаны білдіреді.

Афазия – бұған бас миының белгілі бір жеріне жинақталған зақымнан сөйлеу тілінің мүлде немесе жартылай жойылып кетуі жатады. Бұл көбінесе үлкен ми сыңарларының белгілі бір бөлігінің зақымдануынан болады. Афазия көбіне мидың белгілі бір жеріне қан құйылу, ми тамырларының тромбоз сырқатына шалдығуы, мидың ісуі, қабынуы, жарақаттануы салдарынан болады.

Сөйлеу екпіні оның мәнерлі тәсілдерінің бірі болып табылады. Аз ғана сөйлеп үйренген барлық балалар дерлік бір нәрсені бөлісуге асығады және олардың сөйлеу екпіні тым жылдам болады. Көптеген жағдайда жас үлкейген сайын бұл басылады, бірақ кейде екпінінің патологиялық бұзылуы – тахилалия пайда болады.



Тахилалия (грек сөзінен tachus - тез, lalia - сөйлеу деген мағына береді) – сөйлеудің патологиялық жылдамдауы. Бұл ауруға жүйке жүйесі тозған, қоздырылған, шыдамсыз балалар бейім, алайда ауру кейде тұқым қуалайды. Бала тез сөйлегендіктен, тіпті оның дыбыс шығаруы дұрыс болғанымен оны түсіну ақылға сыймайтындай қиын. Бала демі жеткенше сөйлей береді және сөздерін қолдың жестикуляцияларымен; кейде аяғының және барлық денесінің ретсіз қозғалыстарымен жеткізеді.

Бала оқыста қатты қорқып, шошынып қалса тұтығу пайда болуы мүмкін. Тұтығубұл сөйлеу ырғағымен сөйлеу екпінінің бұзылуы. Әдетте тұтығу сөйлеудің интенсивті даму кезеңінде пайда болады, көбінде бала 2-5 жасында фразалармен айта бастаған кезде көрінеді. Тұтығу балаларда үнемі жүйке жүйесінің әлсіреуінен болады. Сонымен қатар тәрбиелеу кемістігі, отбасылық дау-жанжалдар және т.б. үлкен роль алады.

Тұтығудың органикалық және функциональды деп аталатын екі түрі бар.

1. Органикалық тұтығу – тек орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануынан туады, кез-келген жаста көрінеді және сирек кездеседі.

2. Функциональды тұтығу – көбінде орталық және жүйке жүйесінің перифериялық сөйлеу механизмдерінің органикалық зақымдануынсыз кездеседі. Бұл жеңіл қоздырғыш балаларда аяқ-астынан психикалық жарақаттың әсерінен туады [3].

Бала тіпті кішкене тұтыққан жағдайда, ата-ана маманға көрсетуі шарт. Кішкене стресстің болуы, қорқу және шаршау тұтығуды күшейтуі мүмкін. Медициналық, логопедтік және психологиялық тәрізді кешенді бақылаудан өтуі тиіс.

Бұл терминдерге кейбір орысша-қазақша медициналық сөздіктерде толық анықтама берілмейді. Тек барлығы жалпылама түсінікпен, мысалы афазия – сөйлеу қабілетінің бұзылуы, сөйлей алмау немесе дисграфия – қалтырап дұрыс жаза алмаушылық деген сынды түсініктермен шектелгенін көре аламыз [4].

Жалпы алғанда, бала тілінің бірден қалыптаспауы, оның бірден жақсы сөйлей алмауы ата-ананы қинайды. Мидың даму процесі белгілі бір кезеңге жеткенде ғана балалар дұрыс сөйлей бастайды. Бұл – асығуды қажет етпейтін көп уақыттық процесс. Мәселен, сәби үш айлық кезінде еліктеу дыбыстарын шығара бастайды. Бес-алты айлығында уілдеп, жеті айлығынан бастап жеке дыбыстардан буындар құрап үйренеді, бір жасқа келгенде бес-он сөз айта алатын болады. Екі жасқа жеткенде баланың сөздік қоры 200-400 ге жетеді, 4 жасқа келгенде қарапайым сөздерден сөйлем құрауға әрекет жасайды. Келе-келе баланың сөздік қоры ұлғайып активтік және пассивтік сөз қоры пайда болады. Активтік дегеніміз - бала өзі айтқан сөзінің мағынасын түсінетін сөздер де, пассивтік дегеніміз өзі айта алмайтын, бірақ өзге адам айтқанда түсінетін сөздік қоры. Сондықтан бір жасқа жеткен бала әлі дұрыс сөйлей алмаса, оған қайғырудың қажеті жоқ. Бала сөйлей алмаса да, ересектердің айтқан сөзін ұқса, айтқанды дұрыс орындай білсе, онда уайымдауға ешқандай негіз жоқ. Баланың тілі шыға бастаған кезде онымен байқап, дұрыс сөйлескен мақұл. Сақауланып сөйлеуге, баланың тілін бұрап сөйлегенін қызық көріп, оның айтқандарындай етіп қайталау жақсылыққа апармайды. Өйткені, бала солай сөйлеуге үйреніп кетеді. Сонымен, жоғарыда айтылып кеткендей, баланың сөйлеуінің бұзылуына биологиялық, психологиялық факторлар, сондай-ақ қоршаған ортаның келеңсіз жағдайлары себепші болады:

1. Ана құрсағындағы ұрықтың 4 апталығынан 4 айлығына дейінгі кезеңдегі дамуының бұзылуынан сөйлеу тілі бұзылады. Яғни, ананың екі қабат кезінде вирусті жұқпалы аурулар, әртүрлі зақымдар, гигиеналық талаптарды сақтамауынан, резус фактор бойынша қанның сәйкес келмеуі және т.б. себептер әсер етеді.

2. Болашақ ананың аяғы ауыр кезінде қорқып-шошынуы, жүйке жүйесінің мазасыздануы, уайымдауы, ашулануы баланың сөйлеу тілінің бұзылуына әкеледі.

3. Сөйлеу тілінің мүкістенуіне бас сүйегінің жарақаттануы мен мидың шайқалуы ықпал етеді.

4. Босану кезінде және толғақ қысымынан болатын зақымның мидың оттегімен жеткілікті қамтамасыз етілмеуінің салдарынан бас сүйегінің ішкі жағына қан құйылады.

5. Сөйлеу тілінің мүкістігіне тұқым қуалайтын аурулар және нәресте кезінде жиі-жиі шалдыққан әртүрлі ауру-сырқаулардың зардаптарынан да зиян шегеді [6].

М.М. Кальцованың айтуынша, сөйлеудің дамуы моториканың дамуымен, әсіресе қол саусақтарының кіші моторикаларының дамуымен тығыз байланыста болуында. Сондықтан балаларды пирамидалармен, кубиктермен, мозаикалармен ойнатып отыру керек. Тапсырмаларға кіріспес бұрын баланың әсіресе, қандай дыбыстарды жаман айтатынын біліп алыңыз. Ол үшін оған атауларында керекті дыбыстары бар, барлық мүмкіншіліктегі суреттер ұсынылады. Егер бала бірнеше дыбыстарды дұрыс айтпаса, тапсырманы көбірек таза айтатын дыбыстардан бастағаны жөн [1].

Ата-аналар баламен жұмыс істей бастағанда тек ойын түрде берілген қызықты тапсырмалардың ғана тиімді болатынын есіне алуы қажет. «Мұнда кел, сөйлеуді үйренеміз», - деп бұйрық беруге болмайды. Мұндай жағдайда бала қорқып, ішінен тұйықталып алады, онда тапсырмалар пайдасыз болып шығады. Ойын қызықты әрі сергекті түрде өтуі керек, кейде балаға жақсы сабағы үшін сыйлық берген жөн. Логопедтік тапсырмалар мектепке жақсы дайындық бола алады. Дыбыстарды айтып үйренуді бастамас бұрын бала дұрыс айтпайтын дыбыстарды меңгеруге артикуляциондық аппарат дайындайтын бірнеше тыныс алу жаттығуларын орындау керек. Тапсырмалар қысқа болу керек, кем дегенде 15 минут жүргізілуі қажет [2].

Сондықтан сөйлеуі бұзылған және тіл мүкістігі бар балалар тұйықталып, бойында толымсыздық кешені пайда болмас үшін ата-ана тарапынан қолдау, мейірімділік, жылылық аса қажет. Қазіргі кезде экологиялық және психологиялық факторлардың әсерінен сөйлеу қабілетінде ауытқуы бар және мүмкіндігі шектеулі балалар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Мұндай балаларға арналған арнайы мектептер мен оқыту бағдарламалары жоқтың қасы. Бұл мәселе психиатр, логопед, невролог, психолог және т.б. мамандар мен қоғамның араласуымен шешілетін өзекті мәселелердің бірі болып отыр.



Логопедияда сөйлеудің нормалары мен бұзылыстары түсініктерінің айырмашылықтары маңызды болып келеді. Сөйлеу нормалары сөйлеу қызметі процесінде тілді пайдаланудың жалпыға бірдей қабылданған варианттарымен түсіндіріледі. Қалыпты сөйлеу қызметі кезінде сөйлеудің психофизиологиялық механизмдері сақталған болып келеді. Сөйлеу бұзылысы сөйлеу қызметінің психофизиологиялық механизмдерінің қалыпты түрде қалыптасуының бұзылуымен шартталған тілдік қоршаған ортада қабылданған сөйлеушінің тілдік қалыптан ауытқуы ретінде анықталады. Коммуникативті теория көзқарасы бойынша сөйлеу бұзылысы вербалды коммуникация бұзылысы болып табылады. Бұзылыстарға сөйлеу қарым-қатынасы кезінде болатын жеке адам мен қоғам арасындағы объективті өзара қатынастары да жатады [6].

Интернет беттерінде А.Р.Лурия, А.Н.Корнев, Р.И.Лалаева, Л.С.Волкова сынды ғалымдардың логопедиялық ауытқуларға қатысты анықтаған классификация үлгілері негізінде жүргізілуі тиіс жаттығу жұмыстарын көруімізге болады. Осының негізінде педагогика ғылымына, әсіресе, біздің мамандығымызға жүктелген міндеттің аса күрделі екенін аңғарамыз. Себебі шындап келгенде, тіл – дұрыс сөйлеу, дұрыс дыбыстау, сөз саптай білуге үйрететіні мәлім. Мұғалім оқушының тілін жаңылтпаштар, мәнерлі өлеңдер жаттату арқылы, әріптермен түрлі жаттығулар жасату арқылы дағдыландыра алады [5].

Осы зерттеу еңбегіміздің негізінде әлеуметтік медбикемен сұхбаттастым. Ол кісінің айтуынша, логопедиялық ауытқуларға ұшырағандар саны жыл санап артып бара жатқан көрінеді. Бұл ДЦП емес, бірақ экологиялық жағдайлар зардабы, түрлі стресстер мен баланың құрсақта жатқан сәтінде анасының түрлі зақым алуы т.б. факторлар логопедиялық ауытқулардың тууының негізгі себебі болып табылады екен. Мұндай ауытқуларды емдеу және алдын-алу мүмкін жағдай, тіпті айығып кеткендерде медбике тәжірибесінде кездескен. Бірақ, көп жағдайда бұл ауытқудан орта жастан асқандар айығып жатады. Тағы бір кемшілігі, мектеп жасындағы оқушыларға жыл сайын медициналық қабылдаудан (ПМПК-психолого-медико-педагогическая консультация) өткенде, ауытқуы бар оқушылармен жеке жұмыс жасалу жүктемесі берілсе де, уақыт ағымында сыныптағы барша оқушылармен жұмыс жасау барысы, уақыт тығыздығы ауытқуы бар оқушылармен жеткіліксіз дәрежеде жүргізіліп, тіпті кейбірі психологиялық ауытқуы барлар қатарына тіркеліп, кейін өмірлерінде кері әсерін тигізіп жатады.

Салғырттықтың кесіріне біз өз мамандығымыз арқылы көмек көрсете аламыз. Біздің ойымызша, логопедиялық ауытқуы бар оқушылармен тек медициналық қызметкерлер, психолог пен логопед мамандар ғана жұмыс атқарып қоймай, олармен кеңесе отырып, осы бағытта арнайы жұмыс атқаратын ұстаздар қызмет жасауы тиіс. Сонда ғана мұндай ауытқулардың алдын-алуға қауқарымыз жеткілікті болады.



ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Столяренко Л.Д. Основы психологии: Учебное пособие. – Ростов-на-Дону, 1997. – 236 с.

  2. Цветкова Л.С. Введение в нейропсихологию и восстановительное обучение. – М.: Московский психолого-социальный институт, 2000. – 404 с.

  3. Большая медицинская энцеклопедия. Главн.ред. Б.В.Петровский. Изд. 3-е. [В 30-ти т.] М., «Сов.энциклопедия». 1975. Т. 2. АНТИБИОТИКИ – БЕККЕРЕЛЬ. – 608 с.

  4. Орысша-қазақша медициналық-фармокологиялық сөздік: 19000 сөзге жуық. / Ред. басқ. ҰО бас редакторы Г.Д.Бердімұратова, ҚР ҰҒА академигі Р.С.Күзденбаева. – Алматы, 2006. – 705 б.

  5. Гируцкий А.А. Нейролингвистика: пособие для студентов вузов. – Минск: ТетраСистемс, 2010. – 192 с.

  6. Правдина О. В. Логопедия. — М., 1973. – 220 с.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет