Дәрісті бекіту сұрақтары:1.Хандық үшін күрес қай жылы шиеленісе
түсті ?
2. Тарихи зерттеулердің айтуы бойынша
халықтың сауат ашуы қандай жағдайда
болды?
3.Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер
кітабы қазақ хандығы туралы не жазды?
Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6, 9, 10, 11, 12, 13, 15, 17, 19, 21, 22, 24, 25, 26, 27,28,
29, 30, 31, 32, 33, 34,35, 36.
Дәріс 3 ЖЫРАУЛАР МЕН АҚЫНДАР МҰРАСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК
ЕРЕКШЕЛІГІ
Дәрістің мақсаты: Жыраулардың ақын, жыршылардан ерекшелігі
неде деген мәселелер айналасында
әдеби теориялық ұғым беру.
Тірек сөздер:Жырау, жыршы, ақын, эпос,жыр,толғау,толғаныс,толғану т.б
Дәрістің жоспары: 1.Жыраулардың ақындардан өзіндік ерекшелігін түсіндіру.
2.Жырау деген кім ,жыраулық өнер туралы түсінік беру.
3.Толғап-толғап сөйлеу, ғажайып шешендікке құрылған
философиялық-дидиактикалық толғаулар, даналық
афоризімдер мен терең ойлы ақыл-нақыл, мақал-
мәтелге құрылған сұлу да айшықты жыр жолдары
жыраулардың негізгі белгілері екеніне тоқталу.
4.Садақ оғынан да ұшқыр жырау сөздерінен небір хандар
мен дұшпандарын тұқыртуы, олардың керегінде халық
үшін қолына найзасын алуы, дана кеудесінен сөз
боранын боратып, ірі қоғам қайраткерлері,қабырғалы
би болғандықтары жайында сыр шерту.
5.”Қазақ” деген аты бар дербес әдебиетіміздің алдыңғы
лебі- бүкіл түркі халқына аты ерекше тараған
дала,,абызы,,сөз әулиесі-Асан Қайғы жайынан мәлімет
беру.
6.Жорық жыршысы,ірі эпик,әрі нәзік лирик Қазтуған
жырау туралы әңгімелей отырып, әсіресе оның ұлттық
әшекейі анық,терең суреттеу тәсілдері өте шебер
жырлары-шындығында да дала поэзиясының,
жыраулықтың биік шыңы екеніне тоқталу.
Ақындық және жыраулық поэзияның өзіндік сипат-белгілерін бұлардың өмір шындығын суреттеудегі көркемдік тәсілдері мен белгілі бір тарихи кезеңде аренаға шыққан авторларының нақтылығынан, ғасырлар бойы өзара үзілмей келе жатқан дәстүр жалғастығын танытатын стильдік ерекшеліктерінен де көреміз. Дәл осы аталған поэзияның жазба әдебиетіміздің негізін қалаған ұлы Абайға дейін де, одан кейін де қалыпты үлгілерден табиғаты өзгеше, жеке бір өнімді арна болып дамып келгені де мәлім. Белгілі бір дәуір талабына орай ұлы Абай бір кезде:
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау.
Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау, –
деп, өзіне дейінгі бір топ ел ішінде аты белгілі ақын, жырауларды қатты сынға алса да, олардың шығармаларын оқып білмеді, үйренбеді, яки бәрін бірдей жалғыз шумақпен мансұқ, етті деудің өзі қазіргі әдебиет тарихы деңгейінен қарағанда әрі орынсыз, әрі артық айтқандық болар еді.
Бірыңғай импровизация дәстүрінде туып, егіз бір арнадан нәр алып келген сол ақындық поэзия мен жыраулық толғаулардың жырлайтын тақырыбы мен жанрлық ішкі мүмкіндіктерінде де өзіндік елеулі өзгешеліктері бар. Ақындық поэзияда тақырып ауқымының кеңдігіне қоса, сезімге құрылған лирикалық сипат басым болып отырса, жыраулық толғауларда әлеуметтік өмірдің әр алуан көріністері мен заман жағдайын сипаттайтындай ой-болжам, асқақ эпикалық үнге көбірек мән беріледі. Осы ерекшеліктерді М.О.Әуезов кезінде дәл басып танып: «Жырау демек, ақын деу емес. Жыраудың ақын атаулыдан, жыршыдан бөлек өз жанры бар. Бұның сөз үлгісі, шығармасы – толғау. Жыраудың мақсаты, міндеті – «не болса сол көңіл ашар», «әлдене» дерлік сөзді айту емес. Ол заман сыны, мезгіл, дәуір болжалын, тарихи оқиғаның мазмұн бағасын сөз қылады. Көбінесе әрі жырау, әрі би болады» — деп бағаласа, ақындық дарынның ерекшелігін Е. Ысмайылов: «Ақын өмірдегі құбылысты, тарихи оқиғаны өзінің ой-өрісі дәрежесінде таниды. Ақынның сезінуі, ол сезгенін қабылдауы шапшаң, ол тез көріп, тез әсер ала біледі, алған әсерін ұғып, есіне сақтауы да күшті, тұрақты. Ақын естігенінен гөрі, көзі көргенін тез сезіп, жылдам жырлап кетеді», – деп жазады.
Ақындық және жыраулық поэзияның табиғи өзгешеліктері мен оның фольклорлық туындыларға қатысы, жазба әдебиетпен байланысы алғашқы зерттеулерде жалпы әдеби процесті ашу және әдебиет тарихын қай ақын, жыраудан бастау керек деген сол кездегі аса маңызды мәселелерге орай сөз болып келді. Бұл проблема қазақ әдебиеті тарихына арналған көп томдық еңбектер мен кейбір теориялық мәселелерге арналған жеке монографияларда да, белгілі бір ақын, жыраулардың өмірі мен творчествосына арналған ғылыми мақалалар мен орта мектеп оқулықтарында да үзбей әңгімеленді. Алайда, бізде соңғы кезеңге дейін осы мәселеге арналған күрделі еңбектер болмай келді. Бұл тұста, ең алдымен, М. Мағауиннің «Қобыз сарыны» атты кітабы мен Қ.Сыдиықовтың «Ақын, жыраулар», Е. Тұрсыновтың «Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері» деген зерттеулерін, Ә.Дербісәлиннің «Дәстүр және жалғастық» атты монографиясы мен «Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті» атты коллективтік еңбекті бөліп атауға болар еді.
М. Мағауин аталған зерттеуінде XV-XVIII ғасырларда жасаған ақын, жыраулар творчествосын алғаш рет жеке алып арнайы қарастырумен қатар, сол кітаптың «Ақын және жырау» деген соңғы тарауында бұл күрделі мәселені жыр құрылысы (ұйқас, ырғақ, бунақ, тармақ, т.б.) ерекшеліктері тұрғысынан да байыпты ашып талдайды. Ал, Е.Тұрсыновтың жоғарыда айтылған еңбегінде қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін сақтап таратушы, жасаушы ақын, жырау, сал, сері, сыншылардың шығу тегі, типтік ерекшеліктері мен түп тамыры әлеуметтік, қоғамдық аспектіде қарастырылса, Қ.Сыдиықов өз зерттеуінде жыраулық дәстүрдің жалғасу жолдарына, оның бүгінгі дәуірдегі сипат, ерекшеліктеріне зер салады.
«Жырау» деген термин өзіміздегі «жырлау», «жыр айту», «жырламақ» сөзінен келіп шыққан. Мұның түп төркіні байырғы «жыр», «жыршы» деген ұғымдармен өзара астасып жатыр. Бұл пікірді ұлы ойшыл ғалым Ш. Уәлиханов және В.В.Радлов, Л.З.Будагов еңбектерімен қатар, бүгінгі әдебиет зерттеушілері де бірауыздан қуаттайды. Осыған ұқсас тұжырымдар өзге туыстас елдер әдебиетшілерінде де бар.
Ш.Уәлиханов кезінде жырдың белгілі бір әуенмен қобыз сүйемелдеуі арқылы орындалып, батырлардың ерлік істерін дәріптеуге құрылатынын айта келіп: «Жыр дегеніміз – рапсодия. «Жырламақ» етістігінің өзі белгілі бір ән-әуенмен жырлау мағынасын білдіреді. Дала жырларының бәрі де қобызда сүйемелдеу арқылы орындалады. Жырдың мазмұны ертеде өткен батырдың өмірі мен ерлік істері туралы болып келеді. Бір жәйт: батырдың өмірі мен ерліктеріне қатысты оқығанын, бәрі қара сөзбен баяндалады, ал жыр поэма қаһарманы мен басты кейіпкерлерді сөйлету қажеттігі туған кезде ғана қолданылады», – деп жазды.
Рас, «жыр», «жыршы» деген ұғымдар әдебиетімізде ерте кезеңдерде-ақ, туып қалыптасқан. Бұған өз жанынан шығарып айтуға мүмкіндігі бар әр алуан суырып салма ақындар жатқызылып келген. «Жырау» сөзі де осы ұғыммен терең астасып жатыр.
Қазақтағы жыр мен өлеңнің түр, мазмұн құрылысындағы айырмашылық белгілерін алғаш танып әңгімелеген кісінің бірі – Құрбанғали Халидұғлы. Ол ақын мен жыршыны өлеңшілердей емес, өз жанынан шығарып айтатын дарын қасиеті бар деп санап: «Ақындардың бір бөлімін «жыршы» дейді. Бұлар да ақынға тең түседі. Шығармаларында айырмашылық бар. Ақын шығармасын «өлең» дейді, олардың бір жолы төрт немесе одан да көп сөзден тұрады. Ал, жыр болса, одан гөрі қисынға құрылған (қиыннан қиысқан) үш сөзден тұрады. Мысалы, Бұқар жыршының жыры (поэзиясы), Асан атаның мақал сөздері және Абылай хан қайтыс болғандағы Бұқардың көңіл айтуы да жырға жатады. Осы күнгі Құдабай ақынның айтып жүргені «өлең» делінеді. Екінші айырмасы: ақындардың өлеңі жай мағыналы болып, ал, жыршылардың сөзі мадақ, насихат мағыналы болып келеді және мысал сипаттас әсерлі болады. Сонымен бірге өлеңнің алғашқы екі жолы түпкі мағынасына сай келе бермей, қисын үшін де алынады. Ал, жырдың барлық жолы арналған тақырыптан ауытқымайды», – деп жазады.
В.В.Радлов жырды шумақа бөлінбейтін импровизация, қайғылы жыр, жоқтау деп жіктеп, ал жырауды – жыршы, көнені жырлаушы, алдын болжаушы (предсказатель) деп түсіндіреді. Сондай-ақ, ол қазақ жырының көнелік сипатын әңгімелегенде: «Қайсыбір жырларда көне түрік ұйқастарының заңдылық іздері сайрап жатыр, бұны, әсіресе, сондағы аллитерация, акростих және ішкі ұйқастар мен көне мәтелдерден айқын аңғаруға болады», – дейді. Сөйтіп, жыр мен жыраудың импровизация тарихында ең көне тип екендігі Ш. Уәлиханов пен В. В. Радловтан бастап В.Жирмунский, X.Зарифов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Ә.Марғұлан, Н.С.Смирнова, З.Ахметов, X.Сүйіншәлиев, Ә.Дербісәлин, Р.Бердібаев, Н.Келімбетов, Е. Тұрсынов, Қ.Айымбетов зерттеулерінде де түгелдей мақұлданған. Бұлардан Е.Ысмайылов, Ә.Марғұлан, З.Ахметов сияқты әдебиетшілер жыраулардың эпикалық жыр тудырудағы рөлімен қатар, алдын болжағыш, білгір, көрегендік қасиеттерін де баса көрсетеді. Е.Ысмайылов жыраулардың қоғамдық рөлін аса жоғары бағалай келіп: «Жыраулар өмірдің ұсақ мәселесіне аз араласып, көбінесе, заман-дәуір, өткен мен келешек, адамгершілік, жақсылық пен жамандық жайында ойлар, болжаулар, қағидалы сөздер айтып отырған», – деп ой түйсе, Ә.Марғүлан: «Жырау ру басы ақсақал, халықтың көкейкесті арманының мұңшысы, жыршысы ретінде өте қажетті тұстарда ғана болмаса, суырып салып жыр тудыра бермеген. Ел құрметіне бөленген жырауларға жұрт болашағына қауіп төніп, қалың бұқара жол таба алмай тығырыққа тығылған екіталай ауыр сағаттарда ғана ақыл салып, кеңес сұрайтын болған. Сонда ғана жыраулар халыққа күш-жігер беріп, осы оқиғаның немен тынарын болжап, тебірене жыр толғайтын болған. Болашақты барлап болжам айту – көреген де білгір жыраулардың поэтикалық өнерінің басты тәсілі болып саналған», – деп жазады. Ал, З.Ахметов жыраудың әлеуметтік қызметін эпостық жырлармен байланыстыра қарап: «Жыраулар творчествосының жанрлық ерекшеліктері өзгеше. Олар өз жырларын қазақ халқының көне поэтикалық үлгісі – толғау арқылы айтып таратқан. «Жырау» сөзінің көне мағынасы эпостарда ғана сақталып қалған. Мұны эпостық кейіпкерге айналған Сыпыра бейнесінен анық аңғарамыз. Бертін келе бұл ұғым өзгерген, жаңа мағынасында қолданыла бастады», – дейді. Бұл айтылған пікірлердің жыраулық поэзияның табиғатын ашып танудағы мәні айрықша. Дегенмен, жыраулар творчествосының өзіндік белгілері қандай, бұлар табиғаты жағынан әдеби түрдің қайсысына жатады, мұның жанрлық белгілері қандай деген тәрізді аса күрделі мәселелер әлі күнге дейін арнайы қарастырылып, өз шешімін әлі де толық таба қойған жоқ. Біз осыған орай жыраулық поэзияның Абай іргесін қалаған жазба әдебиетке келіп жалғасудағы тарихи үлесін елеулі деп айта аламыз. Жыраулар импровизация дәстүрінің бірден-бір негізін қалаушылары ғана емес, сол жанрдың ғасырлар бойы жалғаса дамып, тұрақтап ірге тебуіне де айтарлықтай еңбек сіңіріп келді. Осы тұста Ә.Тәжібаевтың: «Жырау – сөз жоқ ақын. Ақын болмай, жұрт қадірлейтін жырау атану мүмкін емес. Ақындығы күшті жыраулардың жалынды жырлары үнемі жаңғырып, кейінгі ұрпаққа сиқын бұзбай көрікті күйінде жетіп отырады.
Ал, жыраулық – ертеден келе жатқан халық поэзиясының үлкен бір дәстүрлі саласы», – деп, жыраулық дәстүрді әдебиетте орны бөлек, жеке сала ретінде алып қарастырады. Ал, Ә.Марғұланның көрсетуінше, жыраулар эпикалық жырды бірден-бір жасаушылар болумен қатар, қоғамдық өмірдің барысын, болашақты болжап айтатын жеке профессионалдық топтың да ірі өкілдері. Бұл пікірді Ә.Қоңыратбаев әрі қарай жалғастырып: «Ертегі, ұсақ салт жырлары жәй айтушылардан басталса, эпос профессионал жыраулардың үлесінде болған», – дейді....
Достарыңызбен бөлісу: |