Филология факультетінің деканы, ф.ғ. к.: Қадыров А. Қ. Мазмұны



бет23/79
Дата06.02.2022
өлшемі0,93 Mb.
#75500
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   79
Дәрісті бекіту сұрақтары: 1.Ғалым жазушы Марғасқа туралы қандай
пікір айтты?
2.Марғасқа жыраудың хан Тұрсынға
арналған өлеңінің шығыуына не себеп
болды?
Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6, 9, 10, 11, 12, 13, 15, 17, 19, 21, 22, 24, 25, 26,
27,28, 29, 30, 31, 32, 33, 34,35, 36.


Дәріс 10 АҚТАМБЕРДІ ЖЫРАУдың өмірі, шығармашылығы


Дәрістің мақсаты:Ақтамберді жырларының азаттық,бостандық толғаулары
екендігін жеткізу.
Тірек сөздер:Күлдір-күлдір кісінетіп,балпаң-балпаң,Жүрек жота т.б.
Дәрістің жоспары: 1.Жырау ұрпақтарының айтқан деректері, әрі “Тауарих
хамса” бойынша Ақтамбердінің атақты Қаракерей
Қабанбаймен бірге Найманның бір көсемі, әскербасы
батыры, әрі төгілмелі жырау болғандығы туралы
мәлімет.
2.Ақтамбердінің жай жырау емес, жортуыл жыршысы,
әрі балуан, әрі батырлығымен халық арасында өте бетті,
беделді болғандығы туралы түсінік.
3.Өте жастай өлең шығаруы. Ерте есеюіне сол кездегі
жаугершілік заманның да әсері екеніне кеңірек тоқталу.
4.Ақтамберді елін, халықын жаудан қорғаушы, тарихи
оқиғалардың бел ортасында жүріп азаттықты,
еркіндікті, халық үшін “күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді
мінгені”, ерлікке, батырлыққа шақырған жауынгер
екендігіне ерекше назар аудару.
5.Ақтамберді толғауларының қайнар көзі-Шалкиіз,
Доспанбет сияқты өзінен бұрынғы аталар мұрасының
заңды жалғасы, көне қазақ поэзиясы екендігіне түсінік
беру.
6.Ақтамбердінің бейіті Семей облысы, Абай ауданының
Жүрек Жота төбесінің басында екендігінен хабар беру.
7.Өмірін түсіндіру барысында өлеңдерін дәлел ретінде
пайдалану.
Ақтамберді жаугершілік заманның әрқилы кезеңдерін басынан көп өткерген. Егер «Алдаспанға» сүйенсек, 93 жыл өмір сүріпті, яғни 1675-1768 жылдарда дәуір кешкен. «Ақындық даңқы жас кезінде шыққанына» қарағанда, бізге мұрасы молырақ жетсе керек еді, әзірше қолда бары шағындау. Немесе Ақтамберді өлеңдерінің біршамасы басқа жырауларда ауысып жүруі мүмкін, XV-XVIII ғасырлар поэзиясында ондай жағдайлар кездеседі.
Ақтамберді қазақтың көне жыраулық эпосының белді өкілдерінің бірі, аты әр жерде айтылғанымен, арнайы зерттелмеген авторлар санатында. Қолдағы қазынасына қарағанда, жырау жорық-жортуылдарға мүлдем ілесіпті. Егер ол «он екіде аттанып, қылыш ілдім білекке» десе, өмірінің тең жарымының көбісі басқыншылармен күресте еткен кісі.
Ақтамберді жарлылық пен жалғыздықтың тауқыметін көп көргенге ұқсайды, адамдыққа, адалдыққа, әділетке жүгінеді. Ауыз толтырып айтар байлығы болмағанын өзі жасырмайды. Тұрмыстың қыр-сырын, от басы, елдік, жерлік мәселелерін жырларында жақсы көрсетеді. Жырау ақиқатты айтудан тайсалмайды, шындық туралы шымыр шешендік сөздерді түйдек-түйдегімен тастайды. Бәрі де сол тұстың ауыр тұрмысынан, күрес шындығынан алынған тартымды тирадалар. Жырау баққа да, таққа да таласпайды, көкірек көзі халың даналығымен суарылған. Ақтамберді, асылы, қысқа нақлият сөздерінің шебері болса керек. Көңіліне түйгенін, піскен ойын шашыратпай, шиыршық атқан күйінде айтып кете берген. Эпикалық кең тынысты туындылары да болуы мүмкін. Бірақ, қолымызға әлі қомақты дүниелері түсе қойған жоқ.
«Ақтамберді жырау (1675-1768) эпикалық жанрдың ақыны болған. Өзінің жырларында ол батырлардың ересен ерліктерін асқақ береді.
Күмбір-күмбір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екенбіз.
Күрек тісін ақситып,
Сұлуды сүйер ме екенбіз.
Күдеріден бау тағып,
Кіреуке тон киер ме екенбіз.
Жағасы алтын, жеңі жез,
Шығыршығы торғай көз
Сауыт киер ме екенбіз.
Сырттан сауыт киген соң,
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қол қашырар ма екенбіз.
Ақын өзінің замандас жас ұрпағын табандылыққа, ерлікке шақырады. Ақтамбердінің бүкіл шығармасынан жауынгерлікке, ерлікке үндеу, жауға батыл аттану және оның алдында тізе бүкпеуге үндеу сарыны ерекше естіледі.
Жырау жырлары қарапайым қауымның ой, арманын, мінезін, өрісін айқындайды. Әзілмен, айтыспен, сынау-мінеумен, келелі кеңеспен жыраулар ел, жер, күн дауын шешуде зор рөль атқарған. Мәселен, ірілеу боп келсе толғауға түсіп кетіп, дала заңын өздерінше жасауға тырысқан. Кезінде Ақтам6ерді толғауы да осал қызмет істемеген.
Ақтамберді творчествосында басқа тұстастарына қарағанда «меннің» көріне бастауы анықтау секілді. Ол өзінің ғұмырнамасын жырларына толық түрінде болмаса да ептеп түсіре берген. Жалған айтып, жағымпазданып тәуір көрінемін деу онда жоқ, күйінгенін, көңілі қалғанын, алыс арманын айтады. Ал тап берген жауға қарсы жігерлендіруге, алға ұмтылдыруға келгенде одан өткір үгітші, трибун кездеспейді. Бала-шағасын ұмытуға, ат үстінде түн қатуға әзір. Исі қазақтың тұтастығын, іргесінің ыдырамауын ойлаған көсем шешендердің бірі.
Ақтамберді сияқты көреген жырау атамекенді тар мағынада түсінбесе керек, отырықшылдықты ойлауына қарағанда, біраз алысты қиялмен болжаған адам. Тақпақ-термелерінде ішіне сыймаған ойлары жатыр, соны сыртқа шығарған. Қынжыла толғанып шығарғандары ошақ басы емес, ерлікті, елдікті аңсаған зиялы зергердің келбетін танытады.
Көшпенді тіршіліктің де өзінше бір қуаты, романтикасы барын Ақтамбердінің афоризмдерінен байқау қиынға түспейді. «Көшпенді ақындардың өлеңдерінде өзара ұқсас бастау, кіріспе, риторикалық сауалдар, лепті көтермелер, дәстүрлі теңеу, салыстырулар қиялының көріне бастауы бой көрсетеді».
Өзге жырауларға қарағанда Ақтамбердіде қаратпа тіркеспен басталатын өлеңдер жоқтың қасы. Жаугершілік заманда өмір сүріп, ел батырларымен үзеңгілес бола жүріп, оларға арнау, толғау айтпауы қалай деген сауал туады. Соған қарағанда Ақтамбердінің әлі қолымызға түсе қоймаған, ел арасында жүрген шығармалары бар шығар.
Жырау – өз уақытының көрегені. Тарихи деректердің ар жағында не нәрселер жатқанын біз кейде бажайлап біле бермейміз. Хандардың ішіндегі қаныпезер, ел тонағыш, өз пайдасы үшін қарапайым халық өкілдерін құрбандыққа шалатын әділетсіздерін жыраулар аяусыз мінеп-шенеген. Олар тақта отырған хандардан тайсалмаған.
Меніңменен, ханым, ойнаспа,
Менің ерлігімді сұрасаң,
Жолбарыс пенен аюдай,
Өрлігімді сұрасаң,
Жылқыдағы асау тайыңдай,
Зорлығымды сұрасаң,
Бекіре менен жайындай,
Беріктігімді сұрасаң,
Қарағай мен қайыңдай, –
деп, Еңсегей бойлы Ер Есімге тап берген Жиембет жырау Бортоғашұлының жүрегінің түгі бар шығар деп ойлап қаласыз. Әніки, Жиембет пен Марғасқада болған батылдық Ақтамбердіде болмады деп айта алмаймыз. Ерлігімен де, сөзімен де Орта жүзді аузына қаратқан жыраудың ер үстінде өткізген жорық күндерін тізіп айта бермеуі де мүмкін. Қабанбай, Бөгембай, т.б. батырларды Ақтамберді білмеді деп және айта алмаймыз. 1728-1730 жылдары жорықтарға батырлар да, жыраулар да белсене қатысқан. Ақтамберді сол кезде елудің о жақ бұ жағындағы жігіт екен. Сыртқы жауға шапқанда бірігіп кететін де, ішкі жағдайдағы жесір дауында, ер құнының тұсында өзара шыж-быждасып та қалған.
Ғалымжан Мұқатовтың айтуынша: «Найманнан Қабанбай батыр мен Ақтамберді жырау жүз кісімен келіп, ерінің құнын, жесірін даулайды. Даугерден сөзді әуелі Ақтамберді жырау бастап:
Уа, қарт Бөгембай,
Құяр жауын аспаннан,
Қара бұлт торласа,
Бәлекет елде көбейер,
Жігітті жігіт қорласа.
Ақбөкен келіп жығылар,
Алдын қазып орласа.
Пенденің бағы ашылмас,
Маңдайы қалың сорласа.
Дұшпан қорлап не қылмақ,
Бақыт басқа орнаса.
Қынаптан қылыш суырмай,
Қарысқан жау бүлк етпес.
Жуылмай қастың қанымен,
Намысқа тиген кір кетпес.
Шабыссаң, кәне, шыдап көр,
Жау емессің күш жетпес.
Дарабоздай қолбасы
Абыройын кірлетпес.
Ұрын келген ер қайда?
Жесірім қайда тіл өтпес?
Жендетті көрсет көзіме,
Желіккен басты кім кеспес!
Еліңді жүндей түткізіп,
Қанды көбік жұтқызып,
Жайратамыз осы кеш! –
дейді сұстанып.
Сонда Қанжығалы атынан Үмбетей жырау буырқанып, тебірене тоқтау айтады». Екі жақ пәтуаласады. Бұл да жыраудың өсиетші, ақыншы, кеңесші болғанын көрсететін ерекше көрініс. Алғыр, орақ ауызды шешен, Ақтамберді мұндай ел ішіндегі бітімдерге аз араласпаған болуға керек.
Ақтамбердіден қалған мұра әзірше 300 жолдан аспайды. Ерліктің қалың ортасында жүрсе де, жырау қарапайым халық тұрмысын бейнелеуге көбірек бұрылған, тіршілікке көңілі толмай, мол армандағанын, жалғыздықтан, қолдың қысқалығынан жапа-зәбір шеккенін шығармаларынан танимыз. Түр, тақырып, объект жағынан Ақтамбердінің басқа жырауларға ұқсайтын да, ұқсамайтын да жақтары бар.
Ақтамберді жырау табиғатқа, адамдарға бір табан жақын. Шарықтап аспанға да шығып кетпейді, жерден, елден қуат алады, мұңын да, сырын да тыңдаушысынан жасырмайды, бастан кешкен ғұмырлық тәжірибесін қорытады, қиындық пен ауыртпалықтың момын халықтың иығына түскеніне күйінеді, ерлік пен өжеттігін және жасырмайды.
Ақтамберді өлеңдері жыраулардың ауыз әдебиетінен бөлініп, жеке отау тіге бастағандығына дәлел. Халық даналығын көркейтіп одан әрі жетілдіруші, сөз өнерін жаңа ерге апарушы ретінде көрінеді. Соғыс алаңы мен сөз майданында қатар көзге түсу екінін, бірінің қолынан келе бермейді. Әлгі есіңізде болар, «Ел күйінгенде күйінген батыр, ел сүйінгенде сүйінген батыр, ерегісте мыңға татыр» демекші, Ақтамберділердің өзі де, сөзі де мыңға татитыны рас. Халқына қымбат жыр сыйлаған жүйріктердің қашанда бағасы өлшеусіз болмақ. Өз уақытының қашанда озық ойлы кісісі болу жеңіл міндет емес.
«Атадан алтау туғанның» жүрегі қалай, немесе «Атадан жалғыз туғанның» халі қандай, Ақтамберді жырау сол жайды жақсы ұғындырады. Тақырыптың ішіне кірместен бұрын бес-алты ауыз, не одан да көп кіріспе жасайды, не табиғатты суреттеуден, не жыр арнаған адамның өмірбаянынан баяндаудан бастап кетеді. Мұндай әдіс, әдетте, жырауға желпініп, қанатын қомдап, қияға сілтерге қажет. Одан кейін мүдірместен жүйріктей сілтеп кетеді. Діттеген жеріне жетіп тоқтағанша жырау көркем сөзді барынша төгіп салады. Ақтамбердінің «Күмбір-күмбір кісінетіп» дейтін атақты толғауы сондай бір көркем шабыттың келісті көріністі сияқты.
Жырау көрген, білгеннің бәрін тізе бермейді, көкірегіне түйгенін салмақтап, саралап қана шығарады. Жыраудың халық үшін қадірі сонда жатса керек. Суырып салмаға да (импровизация) іштей дайындық қажет, ондай әзірлікті жырау ауыз әдебиетінен алады, халық шешендігінен үйренеді. Осындай жақсы үйренудің нышандарын Ақтамберді поэзиясынан көреміз.
Жырау толғаулары өміріне, жай-күйіне, қарапайым тұрмысына жақын тұрады. Негізінен дидактикалық сипатын сақтайды. Ақылды да жадағай, жалаң айтпай, аталық өре тұрғысынан толғап екшеп, өз басынан кешкенін қорытып береді. Сондықтан да Ақтамберді афоризмдері иланымды, сенімді сезіледі.
«Халық әдебиетіндегі адамгершілік пен ерлік, ел қорғау, кемтар қауым даналығын суреттеу, берекелі бейбіт өмірді іздеу идеялары – халықтық абзал дәстүрдің құлан иек атқан таңы, туу шағы болатын. Ол дәстүрдің өмірлік орнығуын, қалыптасу кезеңін XV-XIX ғасырлардағы тарихи жырлар мен ақын, жыраулар мұрасынан айқын көреміз».
Сол адамгершілік пен ерлікті, елдікті жырлаған жыраулардың бірі Ақтамберді толғаулары мен төрттағандарында осы ізгі бағытты берік ұстанған. Түбінде жақсылықтың жеңетіндігіне сенеді, келсе адамдық жаса, пендешілікке барма дейді. Жетім менен жесірді ішіп-жеп, оны қорлауға қарсы шығады. «Сөзі көпке өтпесе, жал-құйрықсыз жалғыздар» екенін анықтайды.
Ол өмір туралы көп толғайды, алуан ойларға батады. Қолымызда бар шағын шығармаларының денін Ақтамберді жасының ұлғайған кезінде шығарған шығар деген пікірге тірелеміз. Олай дейтініміз, көрген, білгенін, түйгенін жырау зерделі насихатпен, көңілге қонатын сөзбен табиғи жеткізеді, әшекейлеп, астарлап жатпайды.
Бір құбылысты екінші бір құбылысқа теңестіру, салыстыру арқылы әдемі, айшықтай ой тастайды, өз уайымының шеңберінде қалып қоймай, іштегі дертін сыртқа, сол кездегі кедей қауымның ауыр тұрмысына ортақтастырып шығарады. Тұрмыс, тіршілік күйі туралы түйіндері жеке болып келгенмен, өзара тұтас бір туындының келбетін береді. Ғибрат, нақылдары жарасымды, еркін, шебер күйде.
Тегі, Ақтамберді ерлікті де, шешендік өнерді де жастайынан аңсаған адам. Ауыз әдебиетінің озақ үлгілерінен өнеге алғанын жыраудың көркем тілі айтып танытады. «Кәрі ақсайды ақылдан, ер ақсайды жақыннан» десе, ащы шындықты аңғарамыз. «Жауласарға жау емес, дауласарға дау емес, жақынға қылман зорлықты» десе, адам қарым-қатынастарының күрделі, астарлы екенін шебер тілмен түйеді.
Жыраудың тұжырым-түсініктері өз ортасының қоғамдық түсініктерінен, әдет-ғұрпынан, салт-санасынан хабар береді. Ақтамберді айтпағын аса жұмбақтамай, ашық үнмен, қанық бояулармен береді. Ләззаттан гөрі, тұрмыстан жеген опығының молдығын жасырмайды. Жинақы, жұмыр шумақтарға терең ой сыйғызып жібереді. Ру мәселесіне емес, рухқа көңіл бөледі. Топшыларын өрнекті, таза тілмен жеткізе біледі.

Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   79




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет