Философия кафедрасы



бет6/7
Дата08.11.2016
өлшемі1,27 Mb.
#1304
1   2   3   4   5   6   7

Ш.Уалиханов (1835—1865) ұлтының ұлылығын әлемге әйгілеген ұлы ғалым. Болашақ ғалым дала әніне, ана уіліне, түркілердің елдігімен ерлігіне әлдиленіп өскен. Бабаларымыздың өсиетнамасын, елін, жерін, тілін сақтауға алтын арқау, аялы өзек болған фольклорды қадір тұтты. Ол «Ер Едіге» жырының үш нұсқасын өзара салыстырып, жаңа нұсқасын жасаған кезде Шоқан небәрі жеті жаста еді. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын да сол кезде қағаз бетіне түсірген. Елінің тарихын, ауыз әдебиетін, этнографиясын, экономикасын жетік білген ел ағасы Шыңғыстан, өз заманының тек білімді ғана емес, сонымен қатар озық ойлы, парасатты, зиялы әкесінен болашақ оқымысты зор ғибрат алған.

Ш.Уәлихановтың азамат, ғалым және ойшылдық қалыптасуында орыстың озық мәдениеті мен ғылым қайраткерлерінің маңызды рөл атқарғанын атап өтуіміз қажет. Шоқан В.Г.Белинскийдің, Н.Г.Чернышевскийдің, А.И.Герценнің, Н.А.Добролюбовтың еңбектерін оқып-үйренді, олардың көзқарастары мен идеяларын қуаттады.

Ш.Уәлиханов тікелей философиялық мәселелер жөнінде еңбектер жазбаған, алайда, барша шығармаларынан дерлік философиялық пікірлер мен тұжырымдарды байқауға болады. «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы», «Сахарадағы мұсылмандық жөнінде», «Тәңір (құдай)» деген еңбектерінде философияның негізгі мәселесіне қатысты пікірлер айтады Қазақ жеріндегі шамандықтың орын алу себебін түсіндіргенде «сыртқы дүние - күн, ай, жұлдыздар және жер - алғашқы құдірет болып табылады» деп көрсетеді. Сонымен бірге шамандықтың шығу тегін мұқият зерттеулерінен және басқа да еңбектерінен Шоқанның себептілік заңдылығын құптайтындығы, себепсіз құбылыс болмайтындығына кәміл сенетіндігі байқалады. Мысалы, «Тәңір (құдай)» мақаласында қазақтардың малды қасиет тұтатын ырымдары себебін халықтың күн көрісі малға байланысты екендігімен түсіндіреді.

Сонымен, Шоқан сыртқы дүниенің санадан тыс өмір сүретіндігін, оның объективтік заңдылықтарға бағынатындығын мойындайтын философиялық көзқараста болғанын көреміз. Қазіргі кезде философияның негізгі мәселелерінің маңыздысы есебінде адам, оның қоршаған дүниеге қарым-қатынасы аталынады. Уәлиханов бұл мәселенің маңызды екенін сонау XIX ғасырдың орта кезінде-ақ айтып кеткен. «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбегінде табиғат пен адам, өмір мен өлім әрқашан түпсіз сырға толы ғажайып таңдану пәні болды деп көрсетеді.



Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) дүниетанымы қалыптасуына туған ел, халық ауыз әдебиеті, озық орыс әдебиеті мен Еуропа ойшылдарының еңбектері елеулі әсерін тигізді. Ш.Уәлиханов секілді Ы.Алтынсарин да өз халқының артта қалушылығын жоюдың бірден-бір жолы ағартушылықта деп сенді және Қазақстандағы халық ағарту ісінің ұйымдастырылуы мен дамуына белсене араласты. Ыбырай Алтынсарин арнайы философиялық тақырыпта еңбек жазбаған, дегенмен, ағарту және қоғам мәселелерін талдауға арналған шығармаларында дүниетанымдық ерекше пікірлер қалыптастырған. Ыбырайдың көптеген өлеңдері мен әңгімелерінен оның қоршаған дүниенің санадан тыс және тәуелсіз өмір сүретіндігін мойындайтынын байқаймыз. «Жаз», «Өзен» сияқты өлеңдері табиғатты өзінше тамашалау ғана емес, сонымен бірге оның адам санасынан тыс және тәуелсіз екендігі сезіледі. Бұл - ұлы ағартушының дүние туралы көзқарасының бір жағы. Екінші, Ыбырай дүниені жаратушы құдай деп біледі. Бұл ойды ол көптеген шығармаларында қайталап отырады. Мысалы, «Жаратқан мұнша таңсық жаббар құдай!» (Алтынсарин Ы. Таза бұлақ. А., 1988, 18-бет), «Жаратты неше алуан жұрт бір құдайым» деген өлең шумақтарында, «Мұсылманшылдықтың тұтқасы» т.б. еңбектерінде осы пікірді қуаттайды. «Мұсылманшылдықтың тұтқасында» бүкіл дүниені, жан-жануарларды айта келіп, «мұның бәрі де жалғыз теңдесі жоқ, ұқсасы жоқ бір құдайдың барлығына, бірлігіне һәм кәміл жаратушы халық - қадір екендігіне дәлел болса керек» деп тұжырымдайды. Ойды қайырып айтқанда, Ыбырай қоршаған дүниенің объективті өмір сүретіндігін мойындайды, сонымен бірге дүниені жаратушы құдай деп біледі. Бұдан Алтынсариннің дүниеге көзқарасы деизмге жақын екенін көреміз.

А.Құнанбаев (1845-1904) қазақ ағартушылығында, қазақ халқының бүкіл ұлағатты мәдениеті тарихында үлкен орын алған ұлы ақын, ойшыл. Оның шығармашылық мұрасы өлең, дастан, философиялық проза, аудармалар мен әндерден тұрады. Абай - қазақ әдебиетінде сыншыл реализмнің негізін салушы. Ол «ақынның азаматтық парызы шындықты бейнелеуде, қоғамдық кесірді әділет пен ақылдың билігіне жүгіндіруде» деп білді. Дүниетанымдық мәселеде Абай Алтынсарин секілді деизмге жақын. Құдай - өз заңдары бойынша дамып жататын өлшемнің алғашқы себепшісі деп түсінді.

Абай Құнанбаев өзінің аса дарындылығы, ой-өрісінің тереңдігі, халқына деген қамқорлығымен әлемге танымал болды. Абайдың дүниеге көзқарасы ойы мен қыры мол, күрделі. Дүние туралы пікіріне келсек, деизмге жақын дедік. Біріншіден, сыртқы дүниенің санадан тыс өмір сүретіндігін қуаттайды. Мысалы, қырық үшінші қара сөзінде адам «...көзбен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады» (А.Құнанбаев. Шығармаларының бір томдық жинағы. А., 1961, 48-бет), - дейді.

Сонымен бірге көптеген өлеңдерінде, отыз сегізінші сөзінде жан-жануарларды, адамды, тіпті, машина, фабрикаларды алла жаратты деген тұжырым жасайды. «Мен» және «менікі» деген философиялық мәселені қарастырып, өзіндік тұжырымға келеді. Ақынның ойынша «мен» - ақын, жан, «менікі» - адам денесі. «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, «менікі» өлсе өлсін, оған бекі» деп, дене өлгенімен жан өлмейді деген қорытындыға келеді. Абай таным туралы құнды пікірлер қалдырды. Түйсіктеріміз арқылы дүниеден хабар аламыз, пайда, залалды айыратын қуаттың аты - ақыл дейді.

Көптеген өлеңдері мен қара сөздерінен диалектикалық тұжырымдар бейнесін көруге болады.



Шәкәрім Құдайбердиев (1858-1931) Шығармалары: «Үш анық», «Мұсылмандық шарты». Оның «Үш анық» еңбегінде ар-ұждан мәселесі қарастырылады.

Шәкәрім біріншіден - онтологиялық жолындағы гносеологиялық, таныммен, екіншіден, дін жолындағы теологиялық дүниетанымды екінші анық деп көрсетеді. Ал үшінші анығы Абайда кеңінен сөз болған мораль философиясындағы жан құмарына барып ұштасатын ұждан туралы күрделі проблеманы көтереді.

«Адамдағы: ынсап, әділет, мейірім - үшеуі қосылып ұждан деген ұғым шығады. Мұны орысша «совесть» деп атайды. Бұған нана алмаған адамның жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір заң тазарта алмайды. Ұжданы сол жанның азығы екеніне ақылмен сынап істесе, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды» - дейді.

Дәріс №12. Өзін-өзі тексеру сұрақтары


  1. Қазақ дүниетанымының қандай ерекшеліктерін көрсетуге болады?

  2. Қазак даласындағы алғашқы утопист- жырау кім болды?

  3. «Адам бол!» ұраның тастаған ойшыл кім еді?

  4. «Үш анықты» жазған кім?

  5. «Оян қазақ!» өлендер жинағын жазған ағартушы- демократты есіңізге түсіріңіз.


13-дәріс. XX ғ.- XX I ғ. мәдениетіндегі батыс философиясы

XX ғасыр бүкіл адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған саяси-экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық түбегейлі демократиялық өзгерістерді дүниеге ала келді. Ғасыр адамзат тарихындағы ең серпінді жаңа диалектикалық даму процесін тудырды.

Ең алдымен осы ғасырды, оның даму тарихын ақыл-оймен екшелеп, түсіну өте қиынға соқты. Өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды, оның қозғаушы күші болып саналатын адамды, оның мәнін ашу ешбір ғылымның және философияның шама-шарқы келмейтін проблемаға айналды. Өйткені қоғам, адам және оның тағдыры шым-шытырық, шешілмейтін қайшылықтарға белшесінен батып, одан шыға алмайтын жағдайға тап болды.

Соған қарамастан адам және оның мәнін анықтауға, тіпті, жаңа тапсыз қоғам орнатуға, сөйтіп адамзаттың тағдырының жұмбағын шешуге бағытталған бүкіләлемдік, әлеуметтік-саяси тәжірибелер, жобалар жасалып, оларды жүзеге асыру әрекеттері орын алды.

ХХ ғасыр философиясында әртүрлі мәселелерді қамтыған ағымдар көп болды. Әсіресе, ғасырдың бас кезінде ғылым мен техникаға бас иген замана ырқына байланысты адамды, оның көзқарасы мен ой толғамын, дүниетанымын, олардың мәнін қайта қарау мәселесі көтерілді.

Прагматизм - гректің «прагма» - «іс-әрекет» деген сөзді білдіреді. Бұл философия XIX ғ. 70-жылдары АҚШ-та пайда болды.

Прагматизм - абстракті акиқатты, ұғымдардың танымдық рөлін терістеді, ұғымның орнына белгілерді қарастыруды ұсынды. Ұғым тек субъектке ғана қатысты болып, оның мағынасы нақты салдардың (пайдалы, тиімділік) нәтижесі болып табылды.

Прагматизмнің негізін алғашқы өкілдері, философтары - Ч.Пирс пен У. Джеймс салды.

Ч. Пирс (1839-1914) ғылым мен дінді ымыраға келтіруге тырысты, «ақылға қонымды философияны», яғни утилитаризм, іскерлік, пайдалы, практикалық мәні бар философия, «американдық өмір бейнесін» жасауға ұмтылды.



Герменевтика (грекше - түсіндіруші, ұғындырушы деген сөзін білдіреді, ежелгі грек құдайы Герместің атынан шыққан) - ұғыну, түсіну философиясы, тұспалдап сөйлеу тәсілін зерттейді, мәтіндерді түсіндіру өнерін, практикасы мен теориясын қарастыратын философиялық бағыт.

Қазіргі заманғы философ-герменевттерге - Ф.Шлейермахерді, М.Хайдеггерді, Г.Гадамерді жатқызуға болады.

Г.Гадамер (1900-1993) философия гносеологиядан (танымнан) герменевтикаға (ұғынуға) өтуі керек деп ойлаған. Оның атақты шығармасы: «Ақиқат және метод», «Герменевтика философиясының негіздері».

Гадамер адами тіршілік адамның өз болмысын бастан кешіруінсіз болмақ емес дейді. Өз өмірінің барысында әрбір адам тәжірибе жинайды.

«Дүние тәжірибесін» өткен шақтан осы шақка, одан келер шаққа жеткізу-кітаптар, мәтіндер, «тіл» арқылы жүзеге асады.

Сондықтан мәтіндердің тілін ұғыну, оны түсіндіру философияның басты бағыты болу керек,- дейді Гадамер. Мәтінді түсіну адам өмірін экзистенциалды оқиға ретінде, ал өткен мәдениетті тұлға мен қоғамның өзіндік ұғынысу формасы ретінде қарастырды.

Экзистенциализм (лат.т. «өмір сүру, тіршілік» деген мағынаны білдіреді) философиялық ағым ретінде XXғ. 20-жылдарында, ең алдымен, неміс жерінде пайда болған. Көрнекті өкілдерінің бірі – М.Хайдеггер (1889-1976) - неміс философы. 1927 ж. «Болмыс пен уақыт» кітабын шығарады. Бұл шығарманың өте ықпалды болуының себебі мұнда адамның белгілі жағдайға түсуі терең экзистенциалдық талдаудан өтеді. Бірақ сол кейінірек философ «Болмыс пен уақытқа» кіріспе жазып, ең басты назарды адамға емес, болмысқа аударады. Хайдеггерше, болмысты ұмыту Батыс философиясының тағдырына айналған, оны осы ұмытшақтығынан құтқару керек. Осы кезден бастап М.Хайдеггерге болмыс туралы ілім қалыптастыру өмірлік мақсатына айналады. М.Хайдеггер үшін философия - болмыс туралы ілім. Болмыс пен тірлік болу мүмкіндігі мен нақты бар болу бір емес. Болмыс - бар тіршіліктің өзгеру мүмкіндігі. Сондықтан болмыстың атойын тыңдау керек. Болмыс пен тірлік, мән мен мағына бір болмағандықтан, М.Хайдеггер Батыс философиясының классикалық философиясын сынап, «деструкция» ұғьмын енгізеді. Деструкция дегеніміз - философияның үйреншікті схемаларын бұзып, жаңаша пайымдау. Бұл тұрғыда, Хайдеггерше, ежелгі грек философтары ақиқатқа жақын болған. Сондықтан ол осы фи-лософияның көп қағидаларын қайта жаңғыртады. Егер Декарт философиясы күмәндану бағытында дамыса, грек философиясы таңдану, таңырқау бағытында дамыған. Егер өмірді соқпақ жол деп есептесек, ол жолға аттану мен жол басына қайта оралудан тұрады. Ал жалпы болмыстың үйі - тіл. Ойлау процесі тіл арқылы жасалады. Тілсіз ой жоқ. Тіл сөйлеу, тыңдау, ұғыну қарым-қатынасынан тұрады.

Экзистенциализм көрнекті ағым ретінде ғасырымыздың 40-жылдарының басында Франция жерінде пайда болды. Бұл философиялық ағымның ерекшелігі - оның өкілдері шетінен жазушы, драматург, сыншы, қоғам қайраткерлері еді.

Солардың ішінен Жан Поль Сартр (1905-1980) мен Альбер Камюді (1913-1960) жатқызуға болады.

Жан Поль Сартр философ қана емес, француздың көрнекті жазушысы. Оның романдары – «Еркіндікке қарай жолдар», «Қабырға», «Бөлме», «Герострат сияқты бірнеше новеллалары әлемге әйгілі.

Ж.П. Сартрдың қарастырған негізгі мәселелерінің бірі- адам және оның еркіндігі болғандықтан, гуманизм проблемасын көтеріп, оны басқаша шешкен «Экзистенциализм - ол гуманизм» деген еңбегін атап өткеніміз жөн. Бұрынғы гуманистік идея бойынша адамның мәнін ашып, оның бойындағы жақсы қасиеттерді жарыққа шығару керек. Біз, амал нешік, күні бүгінге дейін осылай ойлаумен келеміз. Ал шындығында бұл көзқарас адамды тірі жан ретінде емес, оған зат деп қарауға әкеліп соғады. Өйткені біз күні бұрын бірдеңені, айталық, пышақты жасауды, оны қалай пайдалануды ойластырамыз. Яғни біз күні бұрын мақсат қоямыз. Пышақ - сол мақсаттың жүзеге асуы. Ал адам - зат емес. Оны күні бұрын жоспарлап, дайындап, белгілі бір мақсат ретінде жүзеге асыруға болмайды. «Адам деген ол өзін-өзі жүзеге асыру», сондықтан да ол өзіне өзі жауапкершілік артады, өйткені өзіне-өзі ерікті. «Адам дегеніміз – еркіндік». Адам сондай-ақ моральдік зандылықтарды қабылдауы немесе қабылдамауы мүмкін, ол өз еркінде. Өйткені оның өз моралі бар. Осыдан келіп адам - болашақ, болашақтың жобасы болып шығады.

Экзистенциализмді өзінше ілгері дамытып, романдары мен философиялық эсселерінде заманымыздың қайшылыққа толы көкейтесті мәселелерін көтерген ойшыл француз жазушысы Альбер Камю еді. Оның дүниежүзіне белгілі «Бөтен», «Сизиф туралы аңыз», «Бүлікшіл адам», т.б. шығармалары экзистенциализмнің өзіндік бір түрі дүниеге келгенін айқындайды.

А. Камюдің көзқарасын абсурд (латын тілінде мағынасыз, қисынсыз) философиясы деуге болады. Осы абсурд философиясын үш кезеңге бөліп қараған жөн. Бірінші кезеңде абсурдтың пайда болып, қалыптасуы. Бұл кезең оның «Бөтен» деген повесі мен «Сизиф туралы аңыз» атты эссесінде толығынан баяндалған. Адам, оның еңбегі, күнделікті күйбең тіршілігі, барлық өмірі - абсурд. Абсурдтық ойлау, абсурдтық шығармашылық. Екінші кезең - абсурдқа қарсы күресу. Бұл мәселе оның «Оба деп аталатын романында көркем тілмен, терең оймен суреттелген. Бірақ күрес, обаға қарсы қолданған тәсілдер уақытша нәтиже беріп, жеңіске әкелгенімен түбінде оба тарататын сабау қүйрық тышқандар қайтадан бой көрсете бастады. Ендеше бұл күрес, қарсылық нәтижесіз, абсурдқа алып келе береді. Үшінші кезең күрес, әрекет, бүлік еш нәтиже бермеген соң «қуғында болу, «айырылысу. Осы кезеңнің мазмұнын «Құлдырау» деген повесі айқындап берді. Бұл дәуірде адамның жалғыздығын, тіршіліктен безушілігін қарастырумен қатар адам мен адамды жақындастыруды сағыну, аңсау сарыны бар.

Экзистенциализм философиясын түйіндей келе, оның XX ғасырдың қайғы-қасыретін, адамның басына түскен ауыртпашылықты терең ой, көркем тілмен суреттеп бергенін атап өткен жөн. Сондықтан да бұл философия адам, оның өмір сүруі мен өмірі туралы философия деуге әбден болады.
Дәріс №13. Өзін-өзі тексеру сұрақтары


  1. Верификация дегеніміз не?

  2. Парадигма дегеніміз не?

  3. Поппердің фальсификация принципінің маңызы неде?

  4. Хайдегердің «болмыстын үйі-тіл» деген ойын қалай түсінесіз?

  5. Ницше философиясының негізгі ұғымы.


14-дәріс. Онтология
«Болмыс» ұғымының және болмыс жайындағы ілімнің (онтологияның) төңірегінде философияда ежелден бері және қазірде де қызу пікірталас болып келеді, өйткені дүниеге көзқарастық және методологиялық басты проблемалардың бірі болып табылады.

Болмыс проблемасының мәні неде? Не себепті көптеген философтар оны өздерінің философиялық ой - пікірлер жүйесінің негізгі мәселесі деп санайды? Не себепті құдайдың болмысы, яғни ол бар ма, әлде жоқ па? — деген сұрақтың төңірегінде ғылыми көзқарас пен діннің арасында ымырасыз күрес жүріп келеді? Осы және осы сияқты басқа да алуан түрлі сұрақтардың жауабын табу үшін болмыс ұғымының философиялық мазмұнын ашып көрсету қажет.

Болмыс бүкіл шындық дүниені қамтитын шегіне жеткен жалпы ұғым - философиялық категория болып табылады. Болмыс - дегеніміз дүниеде өмір сүретіннің бәрі: материалдық заттар да, құбылыстар мен процестер де, қатығыстар мен байланыстар да, яғни бәрі - бәрі. Тіпті адамның қиялы, ертек, аңыздар, ауру адамның сандырағы сияқты рухани өмір көріністері де болмысқа жатады. Болмыс сияқты философиялық категориялардың барлығы: материя, сана, сапа, сан, кұбылыс, кеңістік, уақыт, себеп, салдар т.б. бәрі тілде сөздер арқылы тұжырымдалады. Философиялық категориялардың, оларды білдіретін сөздермен байланысы іштей қайшылықты: бір жағынан алғанда, көптеген ғасырлар бойғы сөйлеу тілінің практикасы философиялық категорияларға сәйкес сөздердің мән - мазмұнын жинақтап, олардың мағынасын түсіндіруге көмектессе, екінші жағынан алғанда, күнделікті сөйлеу тіліндегі сөздерді білдіретін философиялық категорияның, тек философия ғана анықтайтын ерекше мағынасы болатынын әрдайым естен шығармау керек. Сондықтан философиялық «болмыс» категориясының мәнін түсіну үшін, оның өзіне ғана тән айрықша мазмұнын және күнделікті сөйлеу практикасымен байланысын ескерудің маңызы зор.

Түрліше нәрселер мен құбылыстар арасында байланыстар мен қатынастар бар екенін, болғанын немесе болатынын адамдар ғасырлар бойы байқай келе, олардың бәріне ортақ жалпы қасиетті бейнелендіретін «болмыс» деген жалпы ұғым қорытып шығарылды және болмыстың толып жатқан түрлерін танып білді. «Болмыс» категориясын фплософияға түңғыш енгізгендердің бірі ертедегі грек философы Парменид болды.

Парменид болмыс туралы терең ой-пікірлер қозғаған. Ол: «Болмыс бар, болмыс емес жоқ» - деп кесіп айтты. Өйткені оның ойынша, «болмыс еместіні» тануға, білуге тіпті болмайды, оны сөзбен де айтып жеткізе алмайсың. Осыдан ой мен болмыстың өзара қатынасы келіп шығады. «Ойлау мен болу бір» дейді Парменид. Яғни, ойлау мен болмыс бір деген ұғым туады. Болмыс еместі жоққа шығара отырып, болмысты өзгермейтін, қозғалмайтын процесс деп қарады.

Ғасырлар бойғы дүние тану процесінде адамдар болмыстың мынадай негізгі формаларын танып білді:

1.Заттар (денелер) болмысы, ал бұлардың өзі біртұтас табиғат болмысы және адамның қолымен жасалған заттар мен процестер болмысы болып екіге бөлінеді;

2.Адам болмысы, бұл да заттар дүниесіндегі адам болмысы және таза адамдық болмыс болып бөлінеді;

3.Рухани (идеялық) болмыс, бұл жеке адамның рухани болмысы (идеясы) және объективтендірілген (жалпы адамдық) рухани болмыс болып жіктеледі;

4.Әлеуметтік болмыс, бұл жеке адам болмысы мен қоғамдық болмыстан тұрады.

Болмыстың бұл формаларын топтастыра келгенде, материалдық болмыс және рухани болмыс болып екі топқа бөлінеді. Осы екі болмыстың арасындағы қатынастан философияның негізгі мәселесі - руханидың (ойлаудың, сананың) руханидан тыс, тәуелсіз объективтік (материалдық) болмысқа қатынас мәселесі шықты. Болмыстың барлық басты салаларын қарастырғанда мынадай сұрақ туады: бұлардың бәрін біріктіретін не нәрсе, шексіз алуан түрлі дүниенің бәрінің бірлігі неде?

Бұл бірлік жайындағы ой пікірлер дүниеде бар барлық нәрселердің бәріне ортақ негіз туралы түсініктің тууына алып келді, ал бұл философияда субстанция категориясын тудырады. Субстанция (латынша substantia - негізінде жатқан мән дегенді білдіреді) толып жатқан нақты заттардың, құбылыстардың, процестер мен оқиғалардың көп түрлілігінің ішкі бірлігін, мәнін білдіреді. Дәлірек айтсақ, субстанция деп дүниедегі барлық нәрселердің бастапқы мәнін, пайда болу негізін түсінеді. Егер түрліше жеке заттар мен құбылыстар пайда болатын және жойылатын болса, ал субстанция жойылмайды да жоқтан пайда болмайды, тек өзінің болмысының формасын ғана өзгертіп, басқа күйге өзгереді. Ол - өзі өзінің себебі және басқа нәрселердің өзгерісінің негізі. Қоғамдық сананың формасы ретінде философияның қалыптасуының өзі ең алдымен осы субстанция идеясының тууынан және айналадағы дүниенің субстандиялық бірлігінің, шындық дүние құбылыстарының заңды байланысының тууынан болды. Дүниенің бірлігін бір субстанция арқылы түсіндіретін ілімдер монизм философиясына жатады. Алайда, негізге алатын субстанция түрліше болады, субстанция ретінде не материяны, не рухты негізге алуға болады. Осыған сәйкес материалистік монизмді (мәселен, Фалестің, Гераклиттің, Спинозаның т.б ілімін) және идеалистік монизмді (мәселен, Платонның, Гегельдің философиясын) айыра білген жөн. Монизмге қарсы дүниенің дуалистік түсінігі бар. Дуализм түсінігі бойынша, дүниенің екі бастапқы негізі - материалдық және идеалдық субстанциялары бар. Оның біріншісі - денесі бар шындық дүние заттары болса, екіншісі - рух дүниесі (Р.Декарт).

Материалдық субстанцияның өзін философия тарихында түрліше түсінді. Мәселен, ертедегі Грецияның Милет мектебінің материалистік ілімінде дүииенің субстанциясы ретінде заттардың нақты бір формасы алынды: су (Фалес), ауа (Анаксимен), от (Гераклит) т.с.с.. Алайда, бұл түсініктердің бәрі субстанцияның жалпылық идеясын жүйелі түрде, қайшылықсыз көрсете алмады. Дүниенің жеке заттық бастапқы төрт субстанцияның ешқайсысында қажетті жалпылық пен тұрақтылық болмады.

Левклипп пен Демокрит негізін салған (біздің заманымызға дейінгі Ү ғ), кейіннен Эпикур әрі қарай дамытқан (біздің заманымызға дейінгі III ғ) субстанцияның атомистік теориясы ондай кемшіліктерден арылды.

Атомистік теорияда тұңғыш рет атомдардың беріктік принципі ретінде материяның сақталу принципі нақты, айқын формада ұсынылды. Бұл теорияда дүниенің бастапқы негізгі, субстанциясы ең ұсақ бөлшектер - атомдар, олар жоқтан жасалмайды және жоғалып кетпейді, үздіксіз қозғалыста болады, салмағы, формасы, денеде өзара орналасуы бойынша айырылады деген пікір ұсынылды.

Атомистік теория жаңа заманның философиясы мен жаратылыстану ғылымдарында, атап айтқанда, Ньютонның, Гассендидің, Бойльдің, Ломоносовтың, Гольбахтың, Дидроның және басқа ойшылдардың еңбектерінде одан әрі дамуын тапты. Соның негізінде жылудың табиғатының, диффузияның, жылу өткізгіштің, көптеген химиялық құбылыстардың ғылыми түсіндірмесін жасауға қол жетті. Ол жарықтың корпускулалық теориясының тууына көмектесті. Алайда, сол кездегі ғылымның дамуының төмендігі табиғат пен қоғамның көптеген құбылыстарының мәнін түсіндіруге мүмкіндік бермеді.

Сонымен қатар, Маркске дейінгі материализмнің өкілдері материя жайындағы ғылымның одан әрі дамуын теріске шығарған бірқатар метафизикалық үстірт пікірлер айтты. Олар, атап айтқанда, дүниедегі құбылыстардың барлық байқалатын қасиеттерін таратушы не «тірегі» ретінде белгісіз бір бастапқы және өзгермейтін материалдық субстанция бар дегенді мойындады, заттар пайда болып және жойылып, түрлі өзгірістерге ұшырап отырғанымен, бірақ субстанция біртекті және оның негізі мызғымайды, оның сыртқы формасы ғана өзгереді деп санады.

Материалдық субстанцияның сапалық біртектілігі жөніндегі түсінік дүниенің механистік ұғымының негізі болып келді. Ньютон механикасының заңдары табиғаттың универсалды заңдары ретінде, табиғат пен қоғамның барлық басқа заңдарына байланысты болатын болмыстың іргелі принциптері ретінде қарастырылды.

Материализмге, атомдық теорияға қарама - қарсы субстанция ретінде түрліше идеалистік теориялар пайда болып, олар дүниенің ең жалпы негізі ретінде құдайдың жаратушылық идеясын, дүниежүзілік ақыл – ой немесе абсолюттік рух идеясын т.б. ұсынды. Адам миының қасиеті болып табылатын психикалық процестерді ми қызметінен бөліп алып, материяны, кеңістік пен уақытты жаратушы дүниежүзілік ақыл – ой, абсолюттік рух деп жарияланады. Субстанцияның идеалистік және соған жақын діни түсінігі дүниенің мәні жайындағы мәселенің шешімін ілгері дамыту былай тұрсын, керісінше, олар белгісіз «бірдеңені» одан да гөрі белгісіздеу сиқырды басқа «бірдеңемен» - бүкіл әлемдік құдайдың әмірімен, абсолюттік рухпен, адамның қабылдауына, түсінігіне көнбейтін ғаламат күшпен ауыстырды. Сөйтіп, идеализм мен дін дүниенің табиғи - ғылыми түсінігін әрдайым жалған, қияли уағыздармен ауыстырып, адамның санасын шатастырумен болды. Бұған қарама - қарсы материалист - философтар құбылыстардың табиғи себептерін ашып көрсетіп, олар материя қозғалысының объективтік заңдарының әрекетінің нәтижесі екенін түсіндіру мақсатын көздеді. Материализм дегеніміз дүние, табиғат іс жүзінде қандай болса, оларды дәл сол күйінде, ешбір қоспасыз ақиқат күйінде түсіндіретін көзқарас. Дүниені осы тұрғыдан түсіндірудің дұрыстығын ғылымның дамуы барған сайын дәлелдей түсті, сөйтіп дүние жайындағы діни - идеалистік түсініктердің бәрін дәйекті түрде әшкерлеп отырды.

XX ғасырда пайда болып өріс алған алуан түрлі философиялық ағымдардың арасында болмыс мәселесіне көңіл бөліп, жан-жақты қарастырған экзистенциализм - өмір сүру философиясы болды. Оның түп қазығы, басты мәселесі - адам, оның осы заманғы шиеленіскен қайшылықтар легі тарихи - әлеуметтік апаттарға толы жағдайда өмір сүру мүмкіндігі.

Адам және адамзат болмысының елеулі принципті өзгешелігі, өзіндік сапалық мәні неде деген мәселеге келейік. Әрине, бұл болмыстың да табиғаттың көшпелі заттармен ортақ болып келетін маңызды өмір сүру белгілері бар. Бұл тұрғыдан алғанда, адам мен заттардың арасында зат, денелердің арасында дене деп қараудың еш себептігі жоқ. Кезінде кейбір материалистер мен жаратылыстанушылардың да осындай пікірде болғаны белгілі. Тек ескертетін жай, бұл көзқарас адамды «затқа», «объектіге» теңестірушілікке, оны қалай болса солай қуыршаққа айналдырғысы келген адамгершілікке кереғар пиғылдан аулақ болса ғана өзін ақтамақ. Бірақ болмыс туралы жалпы философиялық ілім үшін ең алдымен адам қалап өмір сүреді деген сұрақ төңірегінде ойлану әлдеқашан маңызды. Адам ең әуелі тіршілік иесі, нақты кісі ретінде, былайша айтқанда, «сүйек пен еттен жаралған пенде» есебінде өмір сүреді. Оның тәні, денесі - табиғаттың бөлшегі. Ол дүниеге келеді, тіршілік иесі есебінде іс - әрекет жасайды, мезгілі жеткенде өледі. Адам өмірі шектеулі, ол өйткені, болмыс иесі. Табиғаттың бөлшегі ретінде адамның бүкіл тіршілік әрекеті оның заңдылықтарын бұзбайды. Оған тамақтану, киім - кешек, жай күйі үшін өзінше жағдай жасау, ыстық - суықтан қорғану, табиғаттың түрлі өмірге қауіпті күштерінен сақтану т.б. қысқасы, тіршілігін қамтамасыз ету қажет. Сондай - ақ, ол табиғи түрлі тұқым қуалаушылық заңдарына бағына отырып, жаңа ұрпақтын өсіп - өрлеуіне себепкер болуға тиіс.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет