Философия кафедрасы



бет4/7
Дата08.11.2016
өлшемі1,27 Mb.
#1304
1   2   3   4   5   6   7

Гуманистік бағыт XIVғ.-XVғ. орта шені, оның орталығы Италия болды. Гуманизм бағытының негізін салушы Ф. Петрарка. Шығармалары: «Өлеңдер кітабы», «Менің құпиям». Ол бірінші болып жеке бастың өзіндік санасының қалыптасуының негізін салды. Гуманистік антропоцентризмнің басты сипаттамасы - адам басты құндылық болып есептелінеді. Гуманистер не еретиктер, не атеистер болған емес, керісінше олардың көпшілігі құдайға сенді, бірақ олар ең бірінші орынға адамды қойса, одан кейін құдай туралы сөз қозғайды.

XVI ғасырдың басы рим-католиктік шіркеудің ірі дағдарысымен ерекшеленді. Осы кезеңде шіркеудің кейбір жат қылықтарына қарсы бағытталған реформация қозғалысы қалыптасты. Реформациялық процесстер рим шіркеуінің бөлінуіне және протестантизмнің пайда болуына әкеліп соқты.

Николай Коперник – поляк астрономы. Әлемнің гелиоцентристік жүйесін жасаушы. Коперник ілімі шын мәнінде революциялық іс болды, сол арқылы табиғат зерттеу істері өзінің діннен тәуелсіз екенін паш етті. Жердің күнді айналуы және жердің бір тәулік ішінде өз кіндігін айналып шығуы туралы теорияны айтты.



Джордано Бруно – поляк астрономы Негізгі еңбектері: «Себептілік бастама және біртұтастық туралы», «Әлемнің және заттардың шексіздігі туралы». Бруноның пікірінше, табиғаттан тыс ешқандай күш жоқ. Ол кеңістікте де, уақытта да шексіз, ал қозғалыс оның өмір сүру формасы. Табиғат өз заңдылығымен дамиды. Әлем мен Құдай бір. Әлем - әмбебап бастама, жалғыз ғана мәнділік. Сондықтан ол мәңгі және өзгермейді.

Социалистік-утопистік (ХУ-ХУІІғ.ғ.) бағыт мемлекет пен қоғамды құрудың идеалды - қияли формаларын, тендестіру, жаппай реттеу және т.б. мәселелерді қарастырды.

Томас Мор (1478-1535)-утопистік социализмнің негізін салды. Мордың атақты шығармасы "Утопия" деп аталды. Утопия грекше «жоқ жер» дегенді білдіреді. Томас Мордың Утопиясында:

  • жеке меншік жоқ;

  • барлық азаматтар өндірістік еңбекпенен айналысады;

  • еңбек ету бәрін еңбекке міндеттеу негізінде жүзеге асады;

  • барлық өндірілген өнім қоғам меншігіне өтеді және барлық Утопия тұрғындарына бірдей бөлініп беріледі;

  • барлығының еңбекпен айналысуына байланысты Утопияны қамтамасыз ету үшін 6 сағатық жұмыс күні жеткілікті;

  • ғылымға ерекше қабілеті бар адамдар қара жұмыстан босатылады;

  • ауыр қара жұмысты құлдар-тұтқындар және сотталған қылмыскерлер атқарады;

Утопистік социализмнің көрнекті өкілі Томмазо Камнанелла (1568-1639) «Күн қаласы», «Галилей апологиясы» деген еңбектер жазды. «Күн қаласында» оның тұрғындары-солярийлер әлеуметтік әділеттілікті орнықтырып, өмір мен еңбектің рахатын көреді.

Томмазо Кампанелланың Күн қаласында:



  • жеке меншік болмайды;

  • коммунистік идеал-4 сағаттық жұмыс күні;

  • барлық азаматтар еңбек етеді, еңбектің нәтижесі бүкіл қоғам меншігіне

өтіп, барлық тұрғындарға, қоғам мүшелеріне теңдей бөлінеді.
Дәріс №7. Өзін-өзі тексеру сұрақтары

  1. Қайта өрлеу заманы деп қай ғасырларды айтамыз?

  2. Гуманизм дегеніміз не?

  3. Антропоцентризм дегеніміз не?

  4. Утопия ұғымы

  5. Ренесанс және реформация


8-дәріс. Жаңа дәуір философиясы
Жаңа дәуір философиясы белгілі бір әлеуметтік-экономикалық, саяси-қоғамдық қатынастардың жемісі болатын Өйткені, Батыс Еуропада капиталистік құрылыстың пайда болуы орта ғасырлық діни идеологияға қарсы күресті үдете түсті. Тауарлы-ақшалы шаруашылықтың дамуы ортағасырлардағы тұйық қоғамның жемісі болған барлық әлеуметтік, саяси-идеологиялық қатынастарды талқандауға әкеліп соқты. Жаңа заман, яғни капитализм дәуірі құлдық пен феодалдық-өндірістік қатынастардың формаларын түбірінен жаңартып, қайтадан заттық-тауарлық қатынастарды қалпына келтірді. Адам ендігі жерде сатып алатын, сатылатын тауарларға бағынышты болды. Оны өлтіруге, сатуға және сатып алуға болмайды. Бірақ, адамның жұмысшы күші сатылады, өйткені, ол қосымша құн тудырады. Бүкіл байлық — капитал осы процесс арқылы дүниеге келеді.

Философияның ендігі мәселесі капиталистік өндіріс нарық тудырған, бірте-бірте өндіргіш күшке айнала бастаған жаңа типтегі ғылым және оның жаңа әдісі туралы болды. Философия сонымен қатар жаңа дүниетаным жаңа көзқарасты дүниеге әкелді. Жаңа философия қалыптасты.

Жаңа көзқарас әлемді біртұтас дүние ретінде тануға, дүниенің барлық салаларын жан-жақты қамтуға әрекет етті. Табиғатты толық тануға ұмтылған бұл көзқарас, бір жағынан, жаңа заман ойшылдарының діни-мистикалық қапастан шыққаннан кейінгі еркіндік аңсаған армандарының орындалуы еді. Дүние кең байтақ, ұшы-қиыры жоқ, оны танитын, оның сырын ашатын табиғаттың нәрестесі (құдайдың жаратқан құлы емес) — адам. Ол бүкіл дүниені тануға және игеруге ұмтылды.

Адам орта ғасырлық, қаратүнек қараңғылықтан, шырмаудан босанып шығысымен ендігі жерде тек өзіне ғана сенді. Ол өзінің еркіндігін және күшін танып, өз ісін қызметінен әділеттілік пен зерделілікті көрді.

Жаңа дәуір өндіргіш күштердің ерекше қарқынмен дамуына кеңінен жол ашты. Өндіргіш күшке айнала бастаған ғылым мен техниканың өркендеуі бірте-бірте жаңа философиялық және ғылыми танымды қажет етті. Сондықтан да жаңа дәуір ойшылдары таным процесіне, табиғатты тануға ерекше назар аударып, ғылыми танымның негізін қалыптастыруға кірісті. Ең алдымен танымның жалпы әдісі, сонымен бірге жекелеген ғылымдардың саласындағы әдістер пайда бола бастады.

Жаратылыстану саласының дамуы қоғам алдына қойылған мақсатқа сәйкес келді. Өйткені, бұл көзқарас философияны жаратылыстану ғылымының жетегіне іліктірді.

Дегенмен, даму процесі диалектикалық жолмен жүреді. Жаңа дәуірдегі ғылымның, яғни жаратылыстану ғылымының дамуы сол кездегі философияның өркендеуіне ішкі мазмұны жағынан өзара сәйкес келді.

Оларды біріктірген жалпыға бірдей әдіс — метафизикалық, механикалық әдіс болды. Бұл әдіс, ең алдымен, сол кездегі ғылымның дамуына байланысты шықты.

Ғылым бұрынғы шашылған ұсақ-түйек ілімдерден бір арнаға жинақталған жүйеге айналуды қажет етті. Сондықтан ғылым білімдер жүйесіне айналды. Сонымен қатар ғылымдардың жекелеген таным тәсілдері философияға да тән әрі ортақ болып шықты.

Таным теориясында бір-біріне қарама-қарсы екі бағыт пайда болды. Олар сырт қарағанда ойлау процесіндегі ой-пікір, пайым мен зердеден келіп шықты. Олардың бірі эмпирикалық (эмпирия - латын тілінде тәжірибе), ал екінші рационалистік (рацио - латын тілінде ақыл, зерде) болып бөлінді. Бұлар кейін келе-келе бір-бірімен қарама-қарсы бағытқа айналды. Таным теориясындағы бел екі бағыт философия тарихындағы, таным процесіндегі көптеген қайшылықтардың бетін ашты. Ал метафизикалық, механикалық әдіс таным теориясындағы осы екі ағымның диалектикалық байланысын анықтаудың орнына, оларды бір-бірінен алшақтатып жіберді. Бұл әдіс ақыл мен зердені табиғаттың, тіпті, құдайдың тудырған жемісі ретінде қарастырды.

Айталық, ағылшын ғалымы Ф. Бэкон «Жаңа Органон» атты шығармасында табиғатты өзінің зерттеу нысаны етіп ала отырып, одан алынған білімнің қандай әдіспен, қалай пайда болғанына назар аударады. Сөйтіп, ол философия мен ғылымда эмпирикалық және индуктивтік әдістердің негізін қалаушы болды. Бірақ, оның әдісінің бәрі тәжірибемен тығыз байланысты болып, кең көлемді теорияның тууына жол аша алмады. Мұндай тар өрістілік Бэкон сияқты философқа танымның әлеуметтік негізін ашып, адамның табиғатын түсінуіне мүмкіндік бермеді.

Ол табиғатты байлықтың көзі деп қарай отырып, оның негізгі мәнін, адамға қатысты жақтарын аша алмады. Сондай-ақ, ұлы философтың ғылыми жаңалықтарымен бірге, негізгі кемшілігі қоғамды, ондағы қатынастарды түсінуде де айқын көрінді. Ол орта ғасырдағы ақылдың адасушылығын тамаша көркем тілмен суреттеп бере отырып, оның мәнін терең түсіндіре алмады. Сондықтан да біз ағылшынның ұлы ғалымы, әрі философы Ф.Бэконның жаратылыстану саласындағы ғылыми еңбегін зор бағалай отырып, оған тән тар өрістілік оның ғылыми әдісінде, әсіресе пайымның шеңберінен толық шыға алмағандығында жатыр дер едік.

Мұндай тар өрістілікті сезе отырып, одан шығудың жолын ақылдан, зердеден іздеген француздың атақты ғалымы, әрі философы Рене Декарт болды. Оның философиясы зерделі ойдың негізінде дүниені екі субстанциядан (латын тілінде - негіз деген мағынада), яғни материалдық және рухани негіздерден тұрады деп есептеді. Бұл екі субстанцияның мәнісі-басқа заттың бар болуынан тәуелсіз өмір сүріп тұрған зат бір-біріне бағынышты емес, бір-бірінен келіп шықпайды. Айталық, материалдық субстанция рухтан немесе санадан пайда болмайды. Сондай-ақ, идеалдық субстанция да алғашқы болып саналады, ол да өз алдына тәуелсіз, дербес. Бұл екеуінің өзіне тән ажырамас қасиеттері, атрибуттары бар. Материалдық субстанцияның атрибуты - тұрақ немесе өріс, ал идеалдық субстанцияның атрибуты - ойлау.

Философиямен айналысқан Декарт математикалық принциптер сияқты философияны да абсолюттік негізде тудыру керек деп санады. Сондықтан да ол философияның негізгі бір тапжылмайтын, нақты принцип арқылы дамытуды көздеді. Философия тарихында әйгілі болған бұл принцип «күмәндану» деп аталады. Ұлы философ өзінің күмәндану принципін былай деп негіздеді: «Егер мен күмәндансам, онда менің ойлай алатыным сөзсіз. Егер мен ойлайтын болсам, онда менің өмір сүргенім».

Бұл принциптің маңызы, ең алдымен, орта ғасырлық схоластикалық, қатып-семіп қалған ұғымдарға қарсы соққы берді. Сөйтіп, Декарттың күмәндану принципі ғылым мен философияның ескі көзқарастардан арылып, жаңалыққа бой ұруына мүмкіндік туғызды. Өз принципі арқылы Декарт ғасырлар бойы өзгермейді деп келген қиюы қашқан қағидаларды теріске шығарды.

Жаратылыстану саласындағы ғылыми жаңалықтар мен қоғам өміріндегі ұлы өзгерістердің орталығына айналып, жаңа қоғамның барынша дамып, өркендеуіне жол ашқан Англия елінің Т. Гоббс сияқты ойшылы дүниеге келді. Оның философиясы өзіне дейінгі өмір сүрген атақты ойшыл Т. Гоббстың саяси-әлеуметтік, қоғамдық көзқарасын айқын бейнелейтін шығарма – «Левиафан». Бұл шығарма қоғамның пайда болуын, оның даму жолдарын жан-жақты талдауға әрекет жасайды. Ұлы ойшыл қоғамды екі дәуірге бөледі. Алғашқы дәуір табиғи деп аталады. Мұндағы адамдардың барлығы тең қүқылы, олар барлығына, яғни заттарға толық иелік етеді. Бірақ, бұл тең құқылық адамдардың арасындағы өзара қақтығысқа, соғысқа, бірін-бірі қырып-жоюға, сөйтіп адамзаттың жер бетінен кұрып кетуіне әкеліп соғатын еді. Осыған байланысты «адам адамға қасқыр» принципі шықты. Сондықтан адамдар өзара келісе отырып, «мынау менікі, мынау сенікі» деген құқықтық қатынастарды тудырады. Мұның өзі әркімнің жеке меншігінің пайда болуына әкелді. Ал жеке меншікті қорғау керек. Ол үшін белгілі бір күш, әкімшілік орын, яғни мемлекет қажет. Ендігі жерде адам баласы екінші дәуірге аяқ басты, яғни бұлардың шығуы қоғамның тууына әкеліп соқты. Сөйтіп, Гоббстың ойынша, қоғамның шығуы заңды түрде жеке меншік пен мемлекеттің тууына әкеліп соғады. Олай болса, жеке меншік, мемлекет әрі заңды, әрі қажетті, әрі объективті, әрі қасиетті. Ендеше, заңды түрде пайда болған бұл процеске қарсы шығуға болмайды. Осыған орай, «қоғамдық келісім» теориясы орнайды.



Дж. Локк (1632-1704) XVII ғасырда Англияда болған саяси-әлеуметтік өзгерістер ғылым мен техника саласында да, сондай-ақ, ойлау процесінің дамуында да көптеген жаңалықтар әкелді. Бұл жаңалықтар, әсіресе, 1688 жылғы Англиядағы қала буржуазиясы мен ауылшаруашылық аристократиясының өзара ымыраға келуімен тығыз байланысты еді. Осындай ірі төңкерістер мен өзгерістерді басынан кешірген ұлы философ Локк өз қоғамындағы қайшылықтардың шиеленісе түскенін шығармаларында айқын көрсетіп берді.

Оның «Адам ақыл-ойының тәжірибесі туралы» деген еңбегінде философия тарихында бірінші рет таным теориясының жүйеге келген негізі көрсетілді. Адамның ақылы, зердесі - зерттеудің негізгі нысаны. Сондықтан ақылдың мүмкіндігін, оның қабілетін зерттей отырып, оны қалай пайдалану керектігін білуіміз қажет. Білім қандай жолмен пайда болады? Ақыл білімге қалай келді? Локк осы мәселелерді шешуде жалаң рационалистік көзқарасқа сүйенген Декарттың дүниетанымын қатты сынға алды. Ол ең алдымен Декарттың білім «туа пайда болады» деген идеясын сынай отырып, сезімде жоқ нәрсе ақылда да болуы мүмкін емес деп, эмпирикалық таным әдісін ұсынады. Адамның жаны ақ қағаздай тап-таза, оған белгі түсіріп, жазу жазатын сыртқы дүние. Ал сыртқы дүние сезім мүшелеріміз арқылы бізге әсер етіп, білім береді. Білімнің негізі тәжірибеде жатыр. Мұндай көзқарас сонау Бэконның философиясынан басталатын белгілі бір эмпирикалық бағыттың сара жолы болатын.

Европа философиясының эмпирикалық-сенсуалистік бағытын XVIII ғасырда ағылшын философы Джордж Беркли (1685-1753) жалғастырды, бірақ бұл Ф.Бэкон, Гоббс пен Локктың ілімдеріндегіден бөлек түбегейлі түрде ерекше ыңғайларға негізделген жалғасу болды. Локктың бастапқы және кейінгі қасиеттерге бөлуіне қарсылық білдіре келе, Беркли олардың екеуі де бізге тең дәрежеде сезіну ретінде берілген деп санады. Сонымен бірге, сезініп қабылдаулардың комбинациялары, Берклидің айтуынша, бізді қоршаушы заттар болып табылады. Ойшыл «Тіршілік ету, бар болу - сезіну, қабылдану» деген принципті ұсынды. Ол: «Біз өзіміздің идеяларымыз бен сезінулерімізді қабылдамасақ, онда нені сезінеміз? Белгілі бір идеялар немесе сезінулер не олардың комбинациялары қабылданбастан бар бола алады деген тұжырым мағынасыз емес пе»,- деп жазды. Қысқасы, Беркли Локктың біздің сезінулеріміздің көзі ретінде санадан тыс өмір сүретін сыртқы әлемді мойындауын жоққа шығарды. Ол сезінулерді адаммен қабылданатын жалғыз шындық деп есептеді.

Философияның міндеттерінің бірі, Берклидің пікірінше, материализм мен атеизмді сынау болып табылады. Ол материяның болуы мүмкін деген ойдың өзін қабылдауға қарсы шықты. «Біз тіршілік етуін жоққа шығаратын жалғыз нәрсе - философтардың материя немесе денелік субстанция деп атайтыны. Бұл жоққа шығарудан адамдар ешбір зиян шекпейді, өйткені мен олар ешқашан да оған деген қажеттілікті сезінген емес деп тұжырымдауға құқылымын. Атеистер, қолында олардың арамзалығына тірек болатын бос сөздің әдемі қабықшасынан айырылып, ал философтар, бәлкім, бос сөз сөйлеу үшін қомақты сылтаудан айырылғанын түсінер», - деп ерекше тоқталды ойшыл. Осылайша, Беркли созылымдылық, кеңістік және т.б. дерексіз идеясы секілді, жалпы материя туралы дерексіз идеяның болуы мүмкін емес деп тұжырымдады. Ол адамның ақылы жалпы дерексіз идеяны құра алмайды, тек жалпы зат идеясын құра алатындығын дәлелдеуге тырысты. Беркли субъективті идеализм принциптерін ұстанғанмен, өз позициясын қорғауға тырысып, ол оны объективті-идеалистік позицияларға ауысуымен қуаттау шешімін қабылдады. Атап айтқанда, философ мынадай ойларды түйіндеді: егер тіпті барлық қабылдаушы, сезінуші субъектілер жоғалып кетсе де (ал Берклидің айтуынша, тіршілік ету - субъектілермен қабылдану), ешбір зат жоғалып кетпейді. Олардың барлығы Құдайдың ойында «идеялардың» сомасын ретінде тіршілік етуін жалғастырады, яғни онымен қабылданады.

Берклидің замандасы ағылшын философы Давид Юм (1711-1776) оның көзқарастарының ықпалында болды, бірақ олардан скептицизм және агностицизм бағытына ауысты. Егер Берклидің көзқарасы бойынша, сыртқы әлем менің сезінуім болса, Юм сыртқы әлемнің тіршілік етуі туралы мәселе шешілмес мәселе деп сенді. Оның пікірінше, шындық — себептері белгісіз және тануға жатпайтын әсерлердің ағымы. Сонымен бірге, біздің қабылдап-сезінулеріміз сыртқы әлемнің тіршілік етуіне, оның сол сияқты тіршілік етпеуіне де аз дәлелдер береді.

Сезінулер не олардың комбинациялары қабылданбастан бар бола алады деген тұжырым мағынасыз емес пе»,- деп жазды. Қысқасы, Беркли Локктың біздің сезінулеріміздің көзі ретінде санадан тыс өмір сүретін сыртқы әлемді мойындауын жоққа шығарды. Ол сезінулерді адаммен қабылданатын жалғыз шындық деп есептеді.



Г.Ф.Лейбниц (1646-1716) немістің атақты ғалымы, көрнекті философ болды. Ол Германиядағы жаңа қалыптасып келе жатқан капиталистік қатынастардың негізінен туған ғылыми теорияларды айқын көре білді.

Жаңа дәуірдегі таным теориясында эмпиризм мен рационализмнің арасындағы күрестің шиеленіскен жағдайы Лейбницке де өз әсерін тигізді. Ол өзінің «Адам зердесінің жаңа тәжірибелері», «Монадология» деген еңбектерінде таным теориясындағы рационалистік әдістің әрі қарай дамуына кеңінен жол ашуға тырысты.

Г.Лейбництің рационалистік көзқарасы оның ғылыми-зерттеу жұмыстарымен жан-жақты ұштасты. Ол өзі әрі физик, әрі математик, әрі механик, тағы басқа ғылымдардың негізін қалаушы болды. Оның осы ғылыми білімдер саласындағы пайымдық қызметі философиялық жүйені зерделік негізде толығынан жасап шығуға бөгет болмады.

Г. Лейбництің рационализмі өзіне дейінгі ойшылдарға, әсіресе, Декарт пен Спинозаға қарсы бағытталды. Ол өзінің рационалистік көзқарасында осы ойшылдардың дүниетанымындағы негізгі кемшіліктерге тоқталды. Егер Декарт өзінің философиясында дүние екі субстанциядан тұрады деп, ал Спиноза ол субстанция - табиғатты жалғыз деп есептесе, Г. Лейбниц мұндай ойлардың ағат екендігін дәлелдеуге тырысты. Оның ойынша, субстанция ұшы-қиыры жоқ дүние заттары болып есептеледі және ол өте көп. Философ әрбір субстанция болмыстың «біреу», яғни жалғыз екендігін, монада (дара, қарапайым деген сөз) екендігін анықтады. Монада материалдық емес, ол рухани атом. Кез келген монада әрі жан, әрі дене, сол екеуінің бірлігі. Монадалар арқылы материя мәңгі қозғалыс қабілетіне ие болды. Сөйтіп, ол материя мен қозғалыстың бір-бірінен ажыраспайтынын және өзара бірлікте екендігін анықтап берді.


Дәріс №8. Өзін-өзі тексеру сұрақтары

  1. Сенсуализм дегеніміз не?

  2. Рационализм және эмпиризм дегеніміз не?

  3. Механикалық және метафизикалық материализмі

  4. Жаңа замандағы гносеология мәселесі

  5. Жаңа замандағы ғылыми көзқарас


9-дәріс. Неміс классикалық философиясы

Жаңа дәуірден бастап дамыған қоғамның өндірістік қатынастары XVIII ғасырдың аяғы, XIX ғасырдың басында Батыс Еуропа елдеріне көптеген өзгерістер мен жаңалықтар ала келді. Ғылымы, өндірісі мен техникасы жоғары дәрежеде дамыған Англия сол кездегі елдердің алдыңғы қатарына шықты. Капиталистік даму процесі біртіндеп еніп, елдегі әлеуметтік жіктелуді күшейте бастағандықтан, Францияда жаңадан көптеген саяси ілімдер мен көзқарастар туды. Соның негізінде революциялық идеялар белең алып, мұның ақыры саяси төңкерістерге алып келді. Ал осы кездегі Германия үшін капиталистік қарым-қатынастың кеңінен дамуы болашақтың ісі сияқты еді. Өйткені неміс жерінде бытыраңқы, ұсақ (үш жүзге тарта) мемлекеттер пайда болып, олардың арасында шиеленіскен соғыстар жүріп жатқандықтан, жалпы елдің экономикасы мен саяси дамуы кенжелеп қалды.

Алайда, Германияда осы кезде ғылым мен мәдениет, әдебиет пен өнер ерекше дамып, осы салаларда дүние жүзін таң қалдырған ұлы жаңалықтар ашылды. Сондықтан неміс ойшылдары Батыс Еуропадағы осы тарихи дамуды басынан кешіре отырып, ағылшындар және француздардың мәдени, рухани дамуының байлығын бойына сіңіре отырып, жаңа классикалық философияның озық үлгілерін берді. Классикалық неміс философиясы бүкіл философия тарихындағы мұраны игеріп, алдыңғы қатарлы мәдениет пен ғылымға сүйеніп, сол кездегі қоғамдық дамуды терең талдай отырып, жаңа диалектикалық әдістің, таным теориясының, логиканың шығуына түрткі болды. Классикалық неміс философиясы ойлау мен болмыстың диалектикалық байланысын аша отырып, танымдағы субъектінің рөлін айқындады. Сондай-ақ, ойлаудың болмысқа қатынасы арқылы таным теориясындағы объекті мен субъектінің диалектикалық арақатынасын ашып, теориялық ойлау формасын жаңа сатыға көтеріп, философиялық категориялардың атқаратын рөлін көрсетіп берді.

Жаңа заман философиясындағы, әсіресе, оның таным теориясындағы пайым мен зерденің бір-бірінен алшақ кеткенін, ендігі жерде олардың ымыраға келмейтінін айқын көріп, соларға ерекше назар аударған классикалық неміс философиясының негізін қалаушы, әрі оның атасы –



И. Кант (1724-1804) болды. Ол өзінің философиясын ең алдымен, бұған дейінгі дәуірде бір-бірінен алшақ кеткен логика, таным теориясы және диалектика туралы проблемаларды жан-жақты талдаудан бастады.

Ол «Таза зердеге сын» (1781) деген атақты шығармасында сөзді бұрын ерекше бағаланып, бас иіп келген зерденің қазіргі кезеңдегі қайшылыққа ұшырап отырған тағдырынан бастайды. Зерде тап болған қайшылықтардың бетін аша отырып, логикаға, таным теориясына және диалектикаға тән мәселелердің де шет жағасын шығарды.

И. Кант өзіне дейінгі ойшылдардың эмпиризм мен рационализм саласындағы сыңаржақ кеткен кемшіліктерін көрсете отырып, философияда бұрын-соңды болмаған үлкен жаңалық ашты. Ол бұл жаңалықты философиядағы коперниктік төңкеріс деп атады. Бұл төңкерістің мәні мынада еді: егер Кантқа дейінгі ойшылдар табиғатты зерттей отырып, болмысты, материяны философияның негізгі нысанына айналдырса, немістің ұлы ойшылы, керісінше, біздің философиялық талдауымыз ойлауға, идеяға, ақыл-зердеге, субъектіге бағытталуға тиіс деді. Ал болмыс, материя, объекті осы ойлауға, идеяға, ақыл-зердеге, субъектіге бағынады және солардан келіп шығады деп білді. Мұның өзі Канттың сол уақытқа дейін кеңінен орын алып келген таным теориясындағы және философиядағы көзқарасты толығынан қайта қарап, жаңа ілімнің, ағымның іргетасын қалағанын көрсетеді. Канттың философиясындағы, таным теориясындағы коперниктік төңкерістің мәні таным процесіндегі субъектінің белсенді рөлін айқындап, негіздеп беру еді.

Кант жоғарыдағы еңбегінде таным процесіндегі қайшылықтарды кеңінен ашып, олардан шығудың жолын көрсетті. Ұлы ойшыл адам баласының таным қабілетін: сезімдік, пайым және зерде деп үшке бөледі. Оның мақсаты жаңа дәуірдегі эмпиризм мен рационализмнің тар өрістілігінен шығып, оларды өзара ымыраластыру еді. Сондықтан ол априорлы (априорлы - латын тіліндегі тәжірибеден тыс пайда болған ұғым, ой, идея) синтетикалық пікірдің жаратылыстану саласында қандай орын алғандығын көрсету үшін білімдердің әртүрлі салаларын алды. Кант ең алдымен математиканы, жаратылыстануды және метафизиканы (философияны) априорлы синтетикалық тұжырым арқылы талдай келіп, таным процесінің қалыптасуы мен белгілі бір сатылардан өту жағдайын көрсетті. Осыдан математика - сезімділікке, жаратылыстану - пайымға, метафизика, яғни философия - зердеге қатысты екені анықталды.

Кант осылайша белгілеген адамның таным қабілетінің үш түрі философия тарихында ерекше рөл атқарады. Өйткені, бұл бір жағынан танымды біртұтас, бірақ ішкі қайшылыққа толы процесс деп қарау болса, екінші жағынан, философияны жаратылыстану саласымен тығыз байланыстыруға жасалған әрекет еді. Сондықтан Кант белгілеп берген адамның бұл таным қабілетінің үш түрі бүгінгі күнде де өз маңызын жоғалтқан жоқ.

Философия тарихында пайым мен зерденің әлеуметтік мәнін ашуға ұмтылып, оны ғылыми әрі диалектикалық негізде дамытқан классикалық неміс философиясының ірі өкілі Г.Ф. Гегель (1770-1831) болатын. Оның шығармашылығының даму кезеңі Германияның саяси-әлеуметтік жағ-дайының біршама үлкен өзгеріске түсіп, елдегі ішкі қайшылықтар белең алған тұста басталды. Сондықтан ол өзіне дейінгі барлық ойшылдардың, әсіресе, ХУII-ХҮIII ғасырлардағы ағылшын және француз ағартушыларының, сондай-ақ, неміс жерінде кеңінен өрістеген ғылым мен мәдениеттің, өнер мен әдебиеттің жетістіктерін толық зерттей отырып, оларды өз жүйесін жасауға кеңінен пайдаланды.

Гегель негізінен өзіне дейінгі философияны тек пайымның әдісінде ғана қалыптасқан деп айқындай отырып, зерденің сан-қилы шығармашылық кезеңдеріне айрықша мән берді. Ол өзінің алғашқы философиялық шығармаларында қоғам өміріне, әсіресе, дін мен саясат мәселелеріне айрықша назар аударды. Гегельдің осы алғашқы шығармаларының ішінен болашақ диалектикалық, зерделілік әдісті тудыруға негіз болған еңбектерінің бірі – « Кім абстрактылы ойлайды?» деген мақаласы. Бұл шағын ғана еңбек болғандығына қарамастан, таным теориясының келелі мәселелерін көтерді. Ол ең алдымен ұзақ жылдар бойы қалыптасып келген таным процесіндегі тек сезімділік пен танымға ғана сүйенген абстрактылы ойды қатты сынға алды.

Расында да Гегельге дейінгі дәуірде сезімділік, пайым - нақтылықтың бейнесі, ал абстрактылық - ойдың жоғарғы даму процесімен тығыз байланысты деген көзқарас айрықша орын алып келді. Міне, осындай ағат пікірге Гегель ашықтан-ашық қарсы шықты. Оның ойынша, абстрактылы ойлау сауатсыз, білімсіз, топас адамның әрекеті. Өйткені, абстрактылы ойлау қандай ғана болмасын мәселенің басын ашып бере алмайды. Ол тек сыртқы көрініске, одан соң сезімге ғана мойын ұсынады. Абстрактылы ойлау таным процесіндегі сыңаржақтылықтың нақты бір белгісі. Абстрактылы ойлаған адам өз ойына өзі мән бермей, каралып отырған мәселеге терең үңілмей, оның мәнін, тарихын ашып беруге дәрменсіз. Сондықтан Гегель абстрактылы ойлаған кейбір адамдарды мысалға ала отырып, олардың сауатсыздығын, надандығын, білімсіздігін көрсетті. Олай болса, таным процесі негізінен нақтылыққа ұмтылады. Нақтылық дегеніміз-көптеген анықтамалардың синтезі, көпжақтылықтың бірлігі. Яғни нақтылық қандай да мәселеге болмасын, объективті, тарихи, ішкі байланыстарды анықтау арқылы қарауды талап етеді. Ендеше, таным процесі әуелі абстрактылықтан басталып, нактылыққа қарай өрлейді. Бұл - таным процесіндегі негізгі принцип. Бұл принципті К.Маркс өзінің «Капиталын» жазу процесінде шебер пайдалана білді.

Таным процесінде логика мен диалектикаға ерекше назар аудара отырып, пайым мен зерденің өзара байланысын тереңнен зерттеген Гегель өзінің алғашқы еңбектерінің бірі «Рух феноменологиясында» зерделі ойдың негізін көрсетті. Бұл шығарма Гегель философиясының «ақиқаттың қайнар көзі және жасырын сыры» рухтың-көріну формаларын, яғни оның сана, өзіндік сана, рух, абсолюттік субъекті арқылы даму жолдарын суреттеп берді.

Гегель «Рух феноменологиясында» сананың қалыптасу және даму жолдарын қоғам өмірімен байланыстыра отырып айқындап берді. Сана әуелі қарапайым түрде (яғни жеке индивидтің санасы ретінде) басталып, сан ғасырларға созылған тарихи белестерден өтіп, қоғамдық санаға дейін көтеріледі. Оның бұл даму жолы, ең алдымен, қоғамдық өмірдің, тарихтың пайда болып, даму кезеңдерімен тығыз байланысты.

Зерделі философияға жаңа бет-бұрыс жасауға ұмтылған немістің ұлы ойшылы Л. Фейербах (1804-1872) болды. Оның 1841 жылы жарық көрген «Христиан дінінің мәні» деген еңбегі философия тарихындағы жаңа дәуірдің бетін ашты деуге болады.

Фейербах классикалық неміс философиясының ақырғы буыны еді. Ол өз жүйесін И. Кант қалыптастырған жолдан тайдырып, жаңадан философиялық жүйе жасады.

Ол өзінің философиясын «болашақтың философиясы» деп атады. Оның ойынша, философия ойлар мен рухтар дүниесінен босап шығып, жаңа патшалыққа қарай, яғни адамның қайғы-қасіреті қабаттаса қорланған дүниеге қарай бет бұруы тиіс. Демек, философия ендігі жерде өзінің ойларын таза зерденің ықпалынан адамға, антропологияға қарай алып шығуға тиіс. Ол өзінің «Болашақ философиясының негізгі қағидалары» деген еңбегінде құдай туралы, яғни теологиялық ілімнен шығып, адам туралы ілімді тудыру керек дейді.

Осындай жаңа ілімді тудыру үшін ол классикалық неміс философиясында қалыптасып қалған ілімдерге қарсы шықты. Содан да болар, Фейербах «жаңаша философияның», яғни Гегель философиясының аяқталуының бейнесі іспетті. Бұл философияның тарихи қажеттілігі мен оны ақтаудың негізі, көбінесе, оны сынаумен байланысты болды.

Сөйтіп, Л. Фейербах жаңа философияның негізін қалай отырып, алдымен Гегельдің кең таралған жүйесін сынауға кірісті. Ол оған қарама-қарсы ой мен болмыстың арасындағы тепе-тендік қатынасты ашуда табиғатты негізгі объекті етіп алып, соның мәнін анықтауға тырысты.

Табиғат перзенті - адам философияның негізгі субъектісі. Алайда, Фейербах объекті мен субъекті туралы мәселені табиғат пен адамның арасындағы қарым-қатынас деп қараумен шектелді. Гегельдің ойлау мен болмыстың теңдігі туралы мәселесін Фейербах материалистік негізде шеш-пекші болды. Сол себептен ол адамның болмысын нақты өмір сүретін объективтік шындық деп қарады. Бұл классикалық неміс философиясына қарама-қарсы дүниетаным болатын. Егер Гегель табиғатты идеяның жатсынуы деп қараса, Фейербах оны барлық ғылымның, адамзаттың шығу тегі деп есептеді. Ендеше, адам баласының болмысын біз ойлау процесі арқылы ғана анықтай алмаймыз.

Рас, ол ойлау мен болмыстың байланысы диалектикалық екенін мойындады. Өзінің философиясында болмысқа анықтама бере келе, ол оның ойлаусыз өмір сүруі - материя екендігін, шындықтың субстраты екендігін айқындады. Сөйтіп, Фейербах өз заманындағы философиялық негізде материя туралы ұғымды нақтылады. Егер ХVІІ-ХҮIII ғасырлардағы философ-материалистер материяны субстанция ұғымы арқылы анықтауға тырысса, Фейербах оған сезімділік пен зерденің негізгі пәні ретінде қарады. Оның ойынша, егер материя болмаса, біздің зердеміз ешбір сезімділікке, белгілі бір әсерге ие болмас еді. Онда ойлауда да ешқандай мән қалмайды. Ендеше, материяны жоққа шығару дегеніміз зердені жоққа шығарумен бірдей. Фейербах материяның негізгі өмір сүру формалары - уақыт пен кеңістікке де айрықша көңіл бөлді. Ол «Уақыт пен кеңістік құбылыстың жай формалары ғана емес, олар - болмыстың, сондай-ақ, ойлаудың түп тамырлы жағдайы, зерде формаларының заңдары. Шын мәнісіндегі ойлау уақыт пен кеңістіктегі ойлау» деп көрсетті.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет