Мифология (грекше мифос - аңыз, шежіре; логос - сөз, ілім) алғашқы қауымдық қоғамға тән дүние туралы қиял-ғажайып, танымдық қоғами сана формасы. Әдетте, миф мына негізгі мәселелерге көңіл аударады:
• Әлем, жер және адамның пайда болуы;
• Табиғи құбылыстарды ұғыну;
Дін - жаратылыстан, адам мен адамзаттан тыс трансцендентальдық, құдіретті күшке сенуге негізделген дәстүрлі қоғами сана формасы.
Дін мына мәселелерді қарастырады:
Құдайдың бар екеніне шек келтірмеу;
Табиғат құбылыстарын өздігінше ұғыну;
Әлемнің, адамның, фәни мен бақидағы өмірдің, барлық тіршіліктің пайда болуы, жаратылуы.
Философия дүниеге көзқарас тұрғысында өзінің эволюциялық дамуы жағынан үш кезеңнен өтті.
космоцентризм;
теоцентризм;
антропоцентризм;
Космоцентризм деп қоршаған ортаны, табиғат құбылыстарын тіршілікті жасаушы дүлей, шексіз сыртқы күш – Ғарыш, барлық өзгерістер ғарыштық айналым арқылы жүзеге асады деп түсінетін философиялық көзқарасты айтады (Ежелгі Үнді, Ежелгі Қытай, Ежелгі Грекия).
Теоцентризм деп барлық тіршіліктің мәні дүниеден тысқары тұрған тылысым күш – Құдайда деп түсінетін философиялық көзқарас түрін айтады (Ортағасырлық философияға тән).
Антропоцентризм деп адам мәселесін негізгі мәселе деп қарастыратын философиялық көзқарас түрін айтады (Қайта өрлеу, жаңа заман, Қазіргі заман философиялық кезеңдерге тән).
Философияның әдістері, философиялық зерттеулердің көмегімен жүзеге асады. Философия ғылымының негізгі әдістері:
Диалектика - бұл әдісте заттар, құбылыстар, ішкі қарама-қайшылықтар, өзгерістер, даму, себеп пен салдар, қарама қарсылардың бірлігі мен күресі есебінде қарастырылады.
Метафизика - диалектикаға қарама-қарсы әдіс, мұнда объектілер өздігінен, статикалық және біржақты қарастырылады.
Догматизм - қоршаған ортаны догмалар, яғни дәлелденбейтін және абсолютті сипаттар арқылы қабылдау.
Эклектика - бұл әдісте фактілер, түсініктер мен концепциялардың біртұтас шығармашылық бастамасы болмайды, соның нәтижесінде сырттай шындыққа ұқсас қорытындылар алынады.
Софистика – айтыс-тартыста өз қарсыласын жеңу үшін әдейі ақты қара деп, қараны ақ деп көрсетуге жүгінетін әдісті айтады. Бұл әдісте ақиқатты тану емес, тек қарсыласын айтыста жеңу мақсат етіледі.
Герменевтика - мәтіннің мәнін, оның объективтік және субъективтік негіздерін түсіндірудің теориясы мен өнері.
Сонымен қатар, философиялық әдіс, әрі философиялық бағыт болып табылатындар:
материализм;
идеализм;
эмпиризм;
рационализм.
Материалистік әдісте материя алғашқы субстанция ретінде, ал сана оның модусы сана, материяның көрінісі деп қарастырылады.
Идеалистік әдістің мәні – керісінше, идеяны алғашқы бастама, ал материя идеяның туындысы деп ұғыну.
Эмпиризм – көбінесе тәжірибеге сүйенетін, сезімдік таным нәтижесін таным процесінің негізі деп санайтын әдіс және бағыт.
Рационализм - шынайы абсолютті білімге тәжірибе мен түйсіктің ықпалынсыз тек қана ақыл-ойдың көмегімен жетуге болады деп есептейтін философиялық бағыт және әдіс.
Философия функциясы - философия мақсатын, міндетін, тағлымын жүзеге асырудағы философияның атқаратын қызметі. Философияның негізгі функциялары:
- дүниеге көзқарастық;
- методологиялық:
- теориялық;
- гносеологиялық;
- сыншылдық;
- аксиологиялық;
- әлеуметтік;
- тәрбиелік-гуманитарлық;
- эвристикалық.
Дүниеге көзқарастық функция - дүниенің біртұтастық бейнесін жасау, оның құрылымы жөнінде, дүниедегі адам орны, оның қоршаған ортамен байланысы туралы көзқарасты қалыптастыру.
Методологиялық функция - философия коршаған дүниені, шындықты, ақиқатты танудың негізгі әдістерін жасайды.
Теориялық функция - философия бүкіл дүниені, құбылыстарды ұғынуды мейлінше жалпылайды, концептуалды - логикалық жүйелер жасайды, теориялық тұжырымдар түзейді.
Гносеологиялық функция - философия қоршаған дүниені, шындықты, дұрыс әрі айқын тануды (таным тетігін) мақсат етеді.
Сыншылдық функция - философия кез келген теорияны, білім қағидаларын сыни ойлаудан өткізіп, ондағы қайшылықтарды анықтап, мәнді тұстарын айқындайды. Бұл функцияның міндеті - догмаларды әшкерелеу, білімнің дәйектілігін пысықтау және таным шеңберін мейлінше кеңейту.
Аксиологиялық функция - философия заттар мен құбылыстарды бағалағанда оларды моральдік-әдептілік, этикалық, әлеуметтік, идеологиялық, мәдени, рухани және т.б. құндылықтар жағынан қарастырады.
Әлеуметтік функция - философия қоғамды зерттегенде, оның пайда болу себептерін, дамуын, құрылымын, қозғаушы күштерін, қоғамда болатын қайшылықтарды айқындап, оны шешу жолдарын, жетілдіру мәселелерін карастырады.
Тәрбиелік функция - философия гуманистік құндылықтар мен мұраттарды адам, адамзат пен қоғам игілігіне жаратуды көздейді. Философия - тарих қойнауындағы барлық адмгершілік ізгіліктердің тәрбиелік мәнін ашып көрсетеді.
Эвристикалық функция - философиялану, яғни философияны оқып-үйрену процесінде адам дүниеге, бүкіл болмысқа жаңаша көзқараспен қарайды, оны бейне бір құлшыныс, шабыт сезімі, инсайт билейді. Ой кешуде, тылсым дүниенің інжу - маржанын тапқанда ойшыл адам сыр мен кемел сезімге бөленеді.
Дәріс №1. Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
1. Дүниеге көзқарас дегеніміз не?
Философия мен ғылымның арақатынасы қандай?
Философия мен тілдің байланысы қандай?
Философияның негізгі мәселесі және сұрағы не болып табылады?
Философияның қандай қызметтері бар?
2-дәріс. Ежелгі Үнді философиясы
Үнді философиясы б.з.д. II және I мыңжылдықтың бас кезінде, арийлердің (малшы тайпалардың) солтүстік-батыстан енуі, олардың елді басып алуы, алғашқы қауымдық құрылыстың құлдырауы ежелгі Үндістанда таптық қоғам мен мемлекеттің пайда болуымен дүниеге келді. Мемлекеттік биліктің басында раджа тұрды, оның билігі егін шаруашылығымен айналысушы ақсүйектердің билігіне және рулық абыздық билікке тірелді.
Ежелгі Үндістан қоғамының әлеуметтік стратификациялануын төмендегідей сипаттауға болады:
Варналар - топтар
|
Варналардың өкілдері
|
Брахмандар
|
Абыздық варна
|
Кшатрийлер
|
Әскери ақсүйектер тобының варналары
|
Вайшьялар
|
Егінші-варналар
|
Шудралар
|
Төменгі варна
|
Варналарға бөліну дінмен ерекше қасиетті сипатқа келтірілді. Текті абыздық жанұялар қоғамға айтарлықтай ықпал етті және білімділік пен арнайы білімдерді иеленушілер болды, діни идеологияның дамуына ықпал етті. Варналардың тіршілік етуі (варналарға бөліну) құрбандық шалу формулаларымен, атаулармен, дұғалармен сакрализацияланған еді.
Ежелгі үнділіктер ой-толғамдарының алғашқы ескерткіші Ведалар болды. Б.з.д. II және I мыңжылдықтар аралығында пайда болған, және адамзаттың әдеби ескерткіштерінің ең ежелгілерінің бірі болып табылатын ведалар ежелгі үнді қоғамының рухани мәдениетінің дамуына, оның ішінде философиялық ойдың дамуында үлкен анықтаушы рөлге ие болды.
«Веда» сөзі санскриттен аударғанда «білім» деген мағынаны береді. Бір-ақ бұл жай білім емес, ерекше білім. Ведалар әнұрандардан, дұғалардан, дуалардан, құрбандық шалу формулаларынан тұрады. Ведалардың образдық көркем тілімен аса ежелгі діни дүниетаным, адамның өмірі және адамгершілік туралы алғашқы философиялық түсінігі берілген.
Ведалар құрамына мына бөлімдер кірді:
Бөлімнің атауы
|
Негізгі мазмұны
|
Ригведа
|
Діни әнұрандар жинағы. (Б.з.д. 1,5 мың жыл шамасында). Көптеген құдайларға арналған құрбандық әндері, дуалар мен дұғалар. Ригведада Ежелгі Үндістан ойшылдары болмыстың алғашқы бастамасы туралы, әлемнің пайда болуы туралы, оны басқаратын заңдылықтар мен әлеуметтік айырмашылықтардың себептері туралы ой толғай бастайды.
|
Брахмандар
|
Жол-жора мәтіндер жинағы. Оларға буддизмнің пайда болуына дейін үстем болған брахманизм діні негізделді.
|
Араньяктар
_________________
|
Орман тақуаларының кітаптары.
|
Упанишадтар
|
Б.з.д. I мыңжылдық шамасында пайда болды. Мағынасы - «жанында отыру», яғни өсиет-нақыл тыңдап, ұстаздың аяғының қасында отыру мағынасында; немесе «құпия тылсым білім». Бұл мәтіндерде ең бірінші себептілік мәселесі, болмыстың бастауы мәселесі басым келеді, оның көмегімен барлық табиғат құбылыстарының және адамның пайда болуы түсіндіріледі. Упанишадтарда басты орынға болмыстың ең басты себебі мен алғашқы негізі ретінде рухани бастау - брахман немесе атманды алатын ілімдер ие болады. Упанишадтар мәтіндерінің көпшілігінде брахман және атман рухани абсолют, табиғат пен адамның денесіз ең бастапқы себебі ретінде түсіндіріледі. Упанишадтардағы таным теориясының басты мәселесі білімді екі түрге: жоғарғысына және төменгісіне бөлу. Төменгі білім - эмпирикалық шындық туралы білім. Жоғарғысы - рухани абсолют туралы білім, оған тек мистикалық интуиция, йогтык тәжірибенің көмегімен ғана қол жеткізуге болады. Нақ осы білім әлемге билік ету мүмкіндігін береді.
|
Упанишадтар негізінде Үндістанда пайда болған барлық немесе барлық дерлік бұдан кейін пайда болған философиялық ағымдар үшін негіз болып табылады, өйткені онда ұзақ уақыт бойына Үндістанның философиялық ойын «қоректендірген» идеялар қойылып, өңделді.
Ежелгі үнді философиялық мектептерін екі бағытқа бөліп қарастырамыз: а) Астика – Ортодоксалды (Веданы мойындайтын) философиялық мектептер.
Вайшешика – атомистикалық ілімге негізделген мектеп. Мектептің атауы «вишеша» - «ерекшелік» деген мағынаны білдіреді. Вайшешик мектебі б. з.д.VI-Vғ.ғ. п.б. Вайшешик философиясы бүкіл дүниенің пайда болуы мен ыдырауын атом ілімі арқылы түсіндіруге көңіл бөледі. Атомның төрт түрлері – жердің, ауаның оттың және судың атомдар байланысы дүниенің тұтастығын құрайды. Осындай тұжырымы үшін вайшешиктерді атомистер деп атайды. Вайшешиктер күрделі объектілердің пайда болуы мен жойылу тәртібін, олардың мәңгі еместігін түсіндіруге көңіл бөледі. Атомдардың байланысын сезінуге болмайды, логикалық тоқтаммен ғана түсіндіруге лайықты. Дүние – физикалық денелер мен тірі заттар қарым-қатынасының жүйесі. Дүниедегі тәртіпті мораль, адамгершілік тәртібі дерлік. Өйткені өмір мен әрбір индивидтің тағдыры кеңістік пен уақыттың физикалық заңдарына ғана тәуелді емес, олар карманың жалпылама моральдық заңына да бағынышты.
Ньяя - гносеологиялық мектеп. Ол б.з.д. III ғ. пайда болған. Ньяя философиясының негізі Готаманың (немесе Гаутаманың) «Ньяя- сутр» шығармасында қаланған. Ньяя философиясын көбінесе ойлану туралы және сыни талдау туралы ілім деп жатады. Осындай ұйғарымға жетелеген себеп те бар. Готама дұрыс танымның жағдайына және шындықты танудың тәсілдеріне айрықша мән берген. Ньяя философиясы логикалық проблемалармен көп шұғылданған. Десекте, ньяя философиясының басты, түп мақсаты - бұл мәселе ғана емес, адам өмірін мәңгі азап-қайғыдан құтқару жолы. Осы тұрғыдан алғанда ньяя философиясының-шындықты тануға, логикасының – дұрыс танымның тәсілімен жағдайларын анықтауға тигізер ықпалы мол.
Йога – адам психологиясы, түрлену дөңгеленген азат болу ілімі. Йога б.з.д. II ғ. пайда болған. «Йога» сөзі «шоғырлану» деген мағына береді, оның негізін қалаушы болып кемеңгер Патанджали есептелінеді. Йога жүйесі ведалық дәстүрді іс жүзіне асыруға, күнделікті тіршілікте үйретуге ерекше мән берді. Йога жүйесі рухты дене арқылы, дененің сыртқы қызметін барлық шектеулерден босатпақ, тіпті босататын теориялық нұсқауымен және практикалық негізімен тартымды.
Йога жүйесіндегі басты мәселе - жаттығу тәсілдері мен практикасы арқылы жеке адамды өзін-өзі ұстауға, өзінің сезімі мен мінез-құлқын бақылауға, жан дүниесін баулуға үйрету.
Йоганың мақсаты – тән мен жанның үйлесіміне жету. Денені шынықтыру арқылы жан саулығы мен сергектігін жетілдіру.
Миманса – таным мәселесімен айналысты. Ол б.з.д. III ғ. пайда болды. Мимансаның негізі Джайминидің «Сутрасында» қаланған.
«Миманса» сөзі «кейбір проблеманы ойлану және сыни талдау арқылы шешу» деген мағынаны білдіреді. Мимансаның пәні - карма немесе рәсім-салт мәселелері. Мимансаның бастапқы мақсаты - ведалық салт-рәсімді сақтау және қорғау.
Сонымен қатар, Миманса философиясында таным теориясы, метафизика, этика теолоиямен қатар қарастырылады.
Санкхья – қос реализмді, пуруша мен пракританы қабылдаған философиялық жүйе. Оның негізін қалаған Капила. Санкхья терминінің мағынасы туралы көп болжамдар таралған. Санкхья дегеніміз - сан, танымның объектілерін санау арқылы тану.
Веданта философиялық толғаныс пен талдауға толы бағдар. Веданта идеясы мынандай қағидаға сүйенеді: тұтас және елестеулі дүниенің, күллі нәрсенің түп негізі – Абсолютті шындық, Брахман. Ол — бөлінбес тұтас біреу. Әр адамның рухани «Мені», оның Атманы осы түп негізбен бара-бар.
ә) Настика - Ортодоксалды емес (Веданы мойындамайтын) философиялық мектептер.
Буддизм – Үндістанда б.з.д. VII – Vғ.ғ. шамасында пайда болған. Буддизмнің негізін қалаған Сидхарта Гаутама. «Будда» термині «жарқырау», «сергу» деген мағынаны білдіреді. Буддизм ілімінде төрт түрлі ақиқат ілім негізделген.
1.Азаптану.
2.Азаптанудың себебі.
3.Азаптанудан босану.
4.Азаптанудан босануға апаратын жол.
Будда кейіннен нағыз шындыққа жетудің және нирванаға жақындаудың сегіз сатылы жолын атап өтеді:
1.Шынайы сенім. Дүние қайғы-қасіретке толы, оны тоқтату үшін ой мен бойдағы құмарлықты басу керек деген Будда сөзіне сену;
2.Тура, әділ ұмтылу. Өз құмарлығың мен қызбалықты шектейтін қасқа жолды біржолта айқындау;
3.Шыншыл сөз. Айтпақ сөзіңді мұқият қадағала, ол зұлымдыққа итермейтін, қайта дұрыс, рақымды болсын;
4.Дұрыс істер.Теріс ниетті, қас қимыл-әрекеттен сақтану, игі іске икемді болу;
5.Дұрыс өмір. Тіріге зиян келтірмейтін, құрметтеуге тұрарлық өмір сүру;
6.Дұрыс ой. Ойыңның бағытын саралай отырып, одан, күдікті, күмәнді нәрсені қудалап, жағымдыны жалғастыру;
7.Ақ ниеттер. Зұлымдықты ойыңа алма;
8.Тура, дұрыс пайымдау. Ойыңды үнемі және төзімділікпен жаттықтыру, шындыққа жетпек талпынысты өзіңе шоғырландыру, оның тереңдету қабілетін шыңдау.
Жайнизм –б.д.д.. V ғ. діни ағым ретінде қалыптасады. Негізін қалаушы – Махавира. Жайнизм мына идеяларға сүйенді: Адамның жаны, рухы оның тәнінен, дене терісінен нәзік, биік, құдіретті. Оның басты мақсаты – қасірет деп түсінген, өмірден азат болу. Жанның бұрынғы өмірде жасаған келеңсіз қылықтарының теріс салдарын осы өмірде жеңуге болады.
Дәріс №2. Өзін-өзі тексеру сұрақтары
Философияның дүниеге келуінің қандай себептерін айтар едіңіз?
Каста дегеніміз не?
Буддизм деген ұғымның мәні неде?
Буддизмнің төрт ақиқатын және сегіз жолын атаңыз?
5. Ортадоксальді және ортадоксальді емес мектептер
3-дәріс. Көне Қытай философиясы
Қытай – көне тарихтың, мәдениеттің, философияның елі мен жері. Мамандар Қытай өркениетінің басталуын ся дәуіріне, яғни б.д.д. III – II мыңжылдықтың саясына жатқызады. Б.д.д. XVII-XIIғ.ғ. Шан-Инь мемлекетінде қола мәдениеті дамиды, шаруашылықтың құлдық қоғамдық түрі жетілді. Шан-Инь дәуірінде Қытайда алғаш жазу пайда болған. Ежелгі Қытай тілінің грамматикасы қалыптаса бастаған. Шан-Инь қоғамының саяси билігі ван топтары арқылы жүргізілді. Ван шаруашылық мәселесіне де, әскери, діни билікте де ең жоғарғы басшы болды. Ванның билігін шандықтар дәріптеп, оны тәңірге теңеген. «Шан-ди» деген титулға ие болған ван өзін «Мен-адамдардың арасындағы ерекше жаратылыспын. Жалғызбын» деп жариялады. Шан — жер кіндігінің Ұлы қаласы, Қытай — жердің Ұлы орталығы деген уағыздар таралды.
Өте көне дәуірде, аспан мен жер де болмаған заманда, әлем түрсіз хаосқа ұқсаған. Сол түрсіз тұңғиықта, делінген мифте, екі рух (немесе екі құдай) – инь және ян пайда болды да, дүниені реттейді. Кейіннен ян рухы аспанды, инь рухы жерді басқаратын болды.
Ян – еркек бастамасы, күн нұрындай жарық, ашық бекем және күшті. Ян жалпы жағымды нәрсенің бастамасы.
Инь - әйел бастамасы, аймен байланысты, сондықтан көлеңкелі, күңгірт және әлсіз.
Екі бастама өзара байланыста болған, сол үйлесімділіктің нәтижесінен күллі мәнді нәрселер туындайды. Дүниеге деген осы қосжақты көзқарас кейінгі чжоу дәуіріндегі философиялық тексте усин бағдарламасымен толықтырылды. Усин бағдарламасы бес алғашқы элементтердің немесе бес субстанцияның – оттың – судың – жердің – металдың - ағаштың өзара байланысымен өзара алмасуына негізделеді, соған сүйенеді.
Қытайдың көне текстері – философиялық толғаныстың шежіресіндей. Көне текстерде «Өзгерістер кітабында» («И цзин»), «Өлеңдер кітабында» (Ши цзин»), «Тарих кітабында» (Шу цзин») және т.б. ертедегі мифтер мен рухани қайнар көздерге толы шығармалар болып табылады.
Көне Қытай философиясындағы негізі мектептер
Конфуцийшілдік – адамды әлеуметтік өмірдің өзекті мәселесі деп қарастыраты ежелгі философиялық мектеп.
Конфуций (Кун- Фу-Цзы) – б.з.д. 551-479 жылдары өмір сүрген. Оның негізгі шығармасы – «Лун Юй» - «Сұхбаттар мен пікірлер», ол 6 кітаптан тұрады. Ескіні елеп, жаңаға жақындау - қытайдың көне дәстүрі. Ескіні дәріптеу конфуций дәуірінде өзіндік мақсатқа айналады. Конфуций ілімінің түп тамыры адам және қоғам мәселесіне тіреледі.
Адам табиғаты Конфуций философиясында басты мәселелердің қатарына жатады. «Аспан адамға нені сыйласа, ол адамның табиғатын құрайды». Табиғат — адамның алғашқы қасиеті. Адам өмірге немен келсе, сол бастама оның табиғатын құрайды.
Бірақ адамның табиғатын тек табиғатпен салыстыру шеңберінде анықталынбайды. Адам мәнісі - табиғилықтан тыс, әлеуметтік - мәдени жетістік. «Адамның бәрі де байлық пен беделге ұмтылады. Адамның бәрі де кедейлік пен жамандықты жек көреді» — дейді ұлы Ұстаз. Екі қасиет те адамның табиғатына тән ерекшелік. Адамға үнемі тыныштық бермейтін төрт ұмтылысты Конфуций тізіп өтеді. Олар — жасын ұзартпақ, даңққа ұмтылған, қоғамда орнын таппақ, байлыққа деген ұмтылыс. Осы атақты нәрсеге жеткендер, рухтан тартынады, күштен сескенеді, адамнан қорқады, жазадан қауіптенеді. Бәрінен жоғары тұрған қасиет – «адамды сүйе білушілік» (жэнь). Ұлы Ұстаз адамды сүйе білудің жолы мен жөнін (дао) талдайды. Дао Конфуций үшін адамды шынайы жолға салатын, адамға оң ықпал ете отырып, оны басқаруға кажетті бүкіл идеялардың, амал-әрекет пен қағидалардың жиьнтығы. Адамның табиғатын үш тұрғыдан саралайды: қайырымды ер (цзюнь-цзы), шағын адам (сяо-жэнь), адамсүйгіштік (жэнь). Адамсүйгіштік-тің мәнісі - өз олқылығын жеңіп, сөзі мен іс-әрекетінде дұрыс жолға түсуде. Даоның осы идеясы «вэнь» термині арқылы жеткізіледі. Түптеп келгенде «вэнь» - сөз бен білімділік арқылы жеткізуге болатын рухани мәдениет. «Вэньге» ниет қойған адам күнделікті өмірде көптеген қиыншылыққа ұшырайды. Асыл да ақылды жандарға жалған мен жаман ортада тіршілік жасау жеңіл болмайды. Бірақ ұлысты ұстаз болу үшін, дейді Конфуций мына қасиеттерді игеру шарт: 1) өзінше ұстаздыққа жету; 2) ұстаздыққа ылайық биязы болу; 3) ұстаздыққа іштей бейімділігі; 4) адамдармен тіл табыса білуі; 5) өз өсиетіне берік болуы; 6) өз уәжінде тұру; 7) ұстаздың даралығы; 8) ұстаздың еркін тәуелсіздігі; 9) жұмыстағы мінез - құлықтың ұстамдылығы; 10) ұстаз ниетінің адалдығы; 11) ұстаз жанының мейірімділігі; 12) ұстаздың ақылдыны айқындап, таланттыны қолдай білуі; 13) жолдасқа деген сенімділігі; 14) ұстаздық талапты орындауы; 15) ұстаздың қарым-қатынастағы тартымдылығы; 16) ұстаздың құрметтеуі және төзімділігі.
Даосизм - қоршаған дүниенің құрылымы мен тіршілігінің негізін түсіндіру және адам, табиғат пен ғарыштың игілікке апаратын жолын табу мәселесін қарастырады.
Даосизмнің негізін б.з.д. VI ғ. соңы - б.з.д. V ғ. басында өмір сүрген Лао Цзы (Қарт ұстаз) салды. Даосизмнің қайнар көзі - «Дао-Дэ- цзин» деп аталатын философиялық трактатта көрсетілген. «Дао» - «жол, алғашқы бастама, алғашқы түпнегіз» деген мағынаны білдіреді. Дао-заттардың табиғи өсу, өнуімен бірге, әлемнің негізін құрайды. Бүкіл әлем Дао заңына бағынады. Даосизм философиясының негізгі мәселесі - ұлы Дао туралы, жалпылама Заң және Абсолют туралы ілім. Даоны ешкім жасаған жоқ, бірақ бәрі де содан тараған. Дао барлық жерде, әрқашан, әр уақытта, шексіз өз үстемдігін жүргізеді. Оны сезім арқылы көруге, естуге болмайды. Дао табиғаттың, қоғамның, адам мінезі мен ойының табиғи, бірақ көрінбейтін заңы. Оның бастамасы да, аяғы да жоқ. Сондықтан ол атаусыз. Ол уақыт пен кеңістіктен тәуелсіз, солай бола тұра, жарық дүниедегі барлық нәрсенің негізі мен бастамасы, аты мен түрі. Дао сансыз заттарды жасаса да, әрекетсіз күйін сақтайды; бос қуыс сияқты, бірақ мәңгі, таусылмайды, оларды әруақытта реттейді.
Ұлы аспанда Даоның ықпалында. Өмірдің мәні де, мақсаты да, оны танып білу, соның тәртібіне еру, сонымен жарасу. Даоны тану дегеніміз табиғаттың заңын ұғыну және сол тәртіпке үйлесе білу.
Легизм – (латынша заң дегенді білдіреді) – фацзя мектебінің заң туралы ілімі, ерте қытайдағы саяси-этикалық ілім, адамды, қоғамды және мемлекетті басқару туралы көзқарастар. Легизм Чжоу династиясының билігі ыдырай бастағанда қалыптасады. Легизмнің көрнекті өкілдері – Гуань Чжун (б.д.д. 645), Шан Ян (б.д.д. 390-338), Хань Фэй цзы (280-233 шамасы). Легистер байырғы рулық қатынастарды, оның тірегі – ақсүйектік тұқым қуалаушылықты сынады. Олар елді басқарудың рулық дәстүрі мен рәсімдерін қабылдамады. Осыған орай бастапқы Конфуций ілімімен тай-таласта қалыптасты. Конфуцийдың этикалық талаптарын «ойын» сөзге жатқызды.
Конфуций басқару идеясын жэнь және ли принципіне сүйеніп жалғастырса, легистер оның орнына заңға (фа) сүйенген мемлекеттік реформаны жасады, басқару теориясын ұсынды. ГуаньЧжун: «Заңдар – халықтың әкесі де, шешесі де... Билеуші мен шонжар да, мәртебелі мен төменгілер де, байлар мен кедейлер де – бәрі де заңға бағыну керек. Басқарудың түп өнері осында»,- дейді.
Дәріс №3. Өзін-өзі тексеру сұрақтары
1. Қытай философиясында қалыптасқан мектептер
Даосизмның этикалық-саяси көзқарастарының ерекшіліктері қандай?
Конфуцийдің «алтын ережесі»
Ян және инь философиясы
Қытай философиясындағы категориялар
4-дәріс. Ежелгі Грек философиясы
Грек философиясы мен мәдениетінің өркендеген жері грек жері емес, Жерорта теңізі жағалауындағы елдер. Бұл елдерді бір кезде гректер жаулап
алған болатын. Милет, Самос, Абдер сияқты қалалар Жерорта теңізіне жақын болып, оларда сауда-саттық және экономикалық қатынастар кеңінен өркендеді. Сондықтан бұл қалаларда ірі мәдениет ошағы, философиялық орта пайда болып, дами бастады. Алғашқы грек философиялық мектебі Милет қаласында пайда болды. Милет мектебі Ежелгі Грекияда б.з.д. VI ғ. өмір сүрді. Бұл Милет мектебінің негізін қалаушылар Фалес, Анаксимандр, Анаксимен. Бұлар дүниені біртұтас, бір-бірінен бөлінбейтін жалпы процесс деп қарай отырып, оның негізін материалдықтан іздеді. Фалес (б.з.д. 640-560 ж.ж.) дүниенің негізін судан, Анаксимандр (б.з.д. 610-540ж.ж) апейроннан (шексіздіктен), Анаксимен (б.з.д. 546ж. туған) ауадан іздеді. Олар өткен дәуірдегі мифологиялық көзқарастан бас тартты. Алдымен жаратылыстану саласын зерттеушілер болды. Олар дүниеде не бірінші деген мәселені емес, керсінше, дүниенің біртұтастығын белгілі бір материалдық бірінші негіз арқылы шешуге тырысты.
Достарыңызбен бөлісу: |