Дәріс №9. Өзін-өзі тексеру сұрақтары
Неміс классикалық философиясындағы көрнекті тұлғаларды есіңізге түсіріңіз.
Кант «сынға дейінгі» өмір кезеңінде қандай гипотеза ұсынды?
Гегельдің философиялық жүйесі.
Диалектиканың негізгі зандарын атаңыз.
Фейрбахтың «сүйіспеншілік» ілімі.
10-дәріс. XIX ғ. мәдениетіндегі батысеуропалық философия
Классикалық неміс философиясы әлемдік философияның дамуына зор ықпал етті. Ол онтологиялық және гносеологиялық мәселелерді, яғни болмыс, мән, таным және өзге де философиялық мәселелерді идеалистік тұрғыда шегіне жете зерттеп, дамытты.
Алайда, XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап, классикалық философия дәстүрі әртүрлі сынға ұшырап, екі жарым мың жылдық тарихы бар философиялық мән мен таным мәселесінің орнына «өмір», жеке адам, құбылыс, психологиялық және т.б. мәселелерді қарастыру белең алды. Осы дәуірде классикалық неміс философиясын, әсіесе гегельдік философияны сынаудың екі бағыты көзге түсті:
«сол жақтан сынау», материалистік философия өкілдері - Л.Фейербах, К.Маркс, Ф.Энгельс;
«оң жақтан сынау», идеалистік «бейклассикалық» философия өкілдері;
Сонымен бірге «Кантқа қайта оралу», «Гегельге қайта оралу» деген ұранмен неокантшылдық, неогегельшілдік философиялық мектептер пайда бола бастады:
■ Неокантшылдық мектептер. Марбург мектебі - Канттың таным теориясы, логика мәселелерімен айналысты. Бұл мектеп - Герман Коген (1842 - 1918), Пауль Наторп (1854 - 1924), Кассирер (1874 - 1945), Ганс Файхингер (1852 - 1933);
■ Бадендік (Фрейбургтік) мектеп - Канттың әлеуметтік философиясы мәселелерімен айналысты. Өкілдері - В. Виндельбанд (1848 - 1915), Генрих Риккерт (1863 - 1936);
■ Неогегельшілдер - Рихард Кронер (1884-1974), Г.Лассон (1862 Бейклассикалық идеалистік философияның негізінен екі бағытта кең тарады: иррационализм және «өмір философиясы»;
Иррационализм – табиғатта, қоршаған дүниеде логикалық қисынды байланысты жоққа шығарады. Иррационализмнің негізгі идеясы - қоршаған дүниенің бәрі бөлшектенген байланыссыз хаос, ішкі заңдылықтары жоқ, ақыл-парасат бақылауына бағынбайтын, тек ерік-жігерді қозғаушы күш деп түсіну. Иррационализмнің көрнекті өкілі – Артур Шопенгауэр.
Шопенгауэрдің «Дүние, ырық және елестету» деген еңбегінің төртінші кітабында философтың құнды идеяларының бірі анығырақ баяндалған. Дүниені елестету арқылы оны әрі сенімді, әрі анық тануға мүмкіндік туады. Осыдан соң ғана ырықтың алдында оның өзін жарқырата көрсететін айна пайда болады. Ол айнадан ырық өзін өзі толығырак, анығырақ, үнемі өсіп отыратын дәрежеде танып, соның ең жоғарғысы адам ырқы екеніне көз жеткізеді. Бірақ адамның мәні оның іс-қимылы мен әрекетінің байланыстары арқылы белгілі болады. Осындай саналы бірлік ақылдың, зерденің пайда болуына жеткізеді, ал одан тұтастықты қамтуға мүмкіндік туады. Органикалық емес нәрселердің, өсімдіктердің табиғаты мен оның заңдарындағы бізге көрінбейтін ырық соқыр, бой бермейтін ұмтылыс қана. Оның өзі не істеймін десе сонысы болмай қоймайтын осы дүние, өмір. Сондықтан біз өмірдің құбылысын ырықтың айнасы, оның нысаны дейміз. Ал ырықтың ең қажеттісі - ол өмір. Өйткені өмір дегеніміз елестетуге арналған осы ырықтың бейнесі ғана. Ендеше бұл ырық немесе «өмірге қарай ырық» деген сөз.
Иррационализмнің барынша өріс алып, әсіресе, XX ғасырда негізгі ағымдардың тұтқасына айналуына үлес қосқан ойшыл, неміс философы Фридрих Ницше (1844-1900) болды.
Ф.Ницше бүкіл адамзаттың ғасырлар бойы қалыптасып келген салт-санасы мен дәстүріне, әсіресе, философияда зердеге қарсы шықты. Ол бүкіл философия тарихына қайтадан шолу жасап, ескі соқпақты жолдардан бас тартып, бұрын-соңды болмаған бағытқа бет бұрды. Ол көне грек тарихының бүкіл проблемаларын, ондағы философиялық, ойлардың пайда болуын сол кездегі халықтың музыкалық рухына және олар өмір сүрген дәуір деп тіршілік қарекетіне байланысты деп есептеді. Осыдан келіп, философ олардың күнделікті мүшкіл халінен туған рухты шебер тілмен суреттеп берді. Мұндай жаңалық философия тарихында бұрын-соңды болмаған еді. Ол өзінің шығармасында көне грек мәдениетін, әдебиетін және өнерін жетік білетіндігін көрсетіп қана қоймай, сол кездегі рухани дүниені танудың жаңа бір әдісін тапқандай болды.
Ф.Ницше өмірдің негізінде ерік, жігер, құлшыныс жатыр дейді. Оның философиясының негізі – билікке деген ерік. Билік – ғарыштық күш, ол бар өмірдің өзегі.
Психоанализ деп бейсаналықтың қоғам мен адам өміріндегі өзге де психикалық процестердің себептерін, маңызын түсіндіретін қазіргі заман философиясының бағытын атайды.
Психоананализ теориясын австриялық ғалым-психиатр Зигмунд Фрейд (1856 - 1939) салды. Психоанализдің бастамасы ретінде З.Фрейд екі жаңалық ашты:
■ бейсаналық - ерекше психикалық шындық, сананың бақылауына келмейтін, адам санасынан тыс жататын психикалық құбылыстар, жағдайлар және әрекеттер жиынтығы;
■ ығыстырып шығару реакциясы- психологиялық қорғаныс әдісі ретіндегі психиканың тендігі мен салауаттылығын бұзатын теріс эмоцияны, теріс тәжірибені санадан бейсаналыққа ығыстырып шығару реакциясы.
Өмірдегі теріс эмоциялар, жүзеге аспаған үміт, арманның бәрі ерте ме, кеш пе санадан бейсаналыққа ығыстырылып шығарылады, сөйтіп ол «кездейсоқтық», оғаштық мінез-құлықтарда, жаңылу, бейадекватты іс-әректтерде көрініс табады.
З.Фрейд ілімінің негізінде философиялық неофрейдизм ағымы пайда болды. Оның өкілдері: А.Адлер, К.Г.Юнг, Э.Фромм.
Карл Густав Юнг (1875 - 1961) – архетиптер теориясын қарастырды. Архетиптер - әмбебап бейнелер, жалпы адамзаттылық ығыстырылған өмірлік энергияның «коды». Архетиптер - барлық адамдарда туа біте пайда болатын «ұжымдық бейсаналық» құрылымы, адамзаттың «шифрленген» құпия тарихы, ізгі ақиқаттар. Олар адамның ұжымдық өміріне, шығу тегіне байланысты. Архетиптер адам психикасында тұқым қуалау арқылы тарихи сақталады. Архетиптер адамға түс көру, бейне, әпсана, парапсихологиялық эффект, қиял, галлюцинация арқылы көрінеді. Оларды санамен, парасат, ақылмен байқауға болмайды, архетиптер - тылсым, құпия дүние. К.Юнгтың пікірінше философия мақсаты - адамға архетиптерді «ашып беруге» көмектесу, оның мағынасын, мәнін ұғыну, сол арқылы өзін жәнс қоршаған шындықты тану.
Позитивизм (лат.т. «оң», «жағымды» деген сөзінен шыққан) - 30 - 40 жылдары пайда болған философиялық бағыт. Позитивизм ғылымды философияға қарсы қоятын, философиялық мәселелерді терістейтін, тек арнайы, «оң» ғылымдардың білімін мойындайтын философиялық ағым.
Өзінің дамуында позитивизм төрт негізгі кезеңнен өтті.
1.Классикалық позитивизм; (О.Конт, Г.Спенсер);
2.Махизм;
3.Неопозитивизм;
4.Постпозитивизм.
Позитивизм негізін француз философы Огюст Конт (1798 -1857) салды. Ол ғылымға «социология» деген терминді енгізді.
О.Конттың негізгі шығармалары: «Позитивтік философия курсы», «Позитивтік философияға жалпы шолу».
О.Конттың пікірінше идеализм мен материализм арасындағы философиялық айтыстың негізі жоқ, әрі мағынасыз. Философия материализмнен де, идеализмнен де бас тартып позитвтік білімге көңіл бөлу керек. Ол дегеніміз-философиялық білім абсолютті дәлелденген, әрі анық болуы керек және оған жету үшін философия танымда ғылыми әдісті қолданып, өзге ғылымдардың жетістіктеріне сүйенуі қажет.
Дәріс №10. Өзін-өзі тексеру сұрақтары
Маркстік философияның негізгі қағидасы қандай?
Маркс дамудың қайнар көзін неден іздейді?
Шопенгауэр философиясының негізінде не жатыр?
ХХ ғасырдың адамзат тарихындағы ерекше орны және оның философиялық ой-пікірге тигізген ықпалы.
Фрейд адам психикасын қандай қабаттарға бөледі?
11-дәріс. Орыс философиясы
Орыс философиясының орталық идеясы адамзат тағдыры мен жалпы өмірдегі Ресейдің ерекше орны мен рөлін негіздеу және іздестіру болды. Және бұл орыс философиясын түсіну үшін маңызды, өйткені ол тарихи дамуының өзгешелігіне орай өзінің ерекше белгілерімен көзге түседі.
Орыс философиясы қалыптасуының бастапқы кезеңі – XI - XVII ғасырлар, өзінің пайда болған кезінен ол әлемдік философиямен байланыстылығымен сипатталады, бірақ сонымен қатар оның төлтумалылығын да теріске шығаруға болмайды. Ол Киев Русінде пайда болады және 988 жылы Русьтің шоқынуынан басталған христиандандыру үдерісімен байланысты болды. Өзінің пайда болуында ол, бір жағынан, славяндық пұтқа табынушылық дүниетанымының бірқатар белгілері мен бейнелерін қабылдаса, екінші жағынан, христиандықты қабылдау нәтижесінде Византиямен байланыс орнатып, сол арқылы антик философия-сының көптеген идеяларын бойына сіңірді. Мұнан өзге Византиямен қатынас Ресейге шығыстық христиандық философия тұжырымдамаларының бекітілуіне ықпал етті. Осылайша орыс философиясы философиялық ой дамуының негізгі бағытына сай дами отырып, христиандандырылған күйінде болса да антиктік, византиялық, ертеболгар дүниетанымы идеяларын бойына
сіңірді. Оның үстіне орыс философиясы IX ғасырда Кирилл мен Мефодий қалыптастырған өзінің жеке жазба тілін әуел бастан қолданды.
Философиялық білім дүниетанымдық функциямен қатар данышпандық қызметті де атқарады, ал Ертедегі Русьтің рухани өмірі монастырларда (ғибадатханаларда) шоғырланғандықтан, бұл философиялық ілімнің сипатына өз әсерін тигізді. Жалпы алғанда, философиялық және тарихи ой христиандық принципіке негізделді.
Адамзат пен орыс халқы тағдырларын философиялық пайымдауда әуел бастан-ақ патриотизм мен тарихи тереңдік орын алады. Ең алғашқы орыс философы - киевтік митрополит Илларион (XI ғасыр) «Заң және береке туралы» сөзінде-ақ «орыс жерінің» қасиетті дүние құдіретінің жалпыәлемдік үдерісіне енуін дінтанулық тарихи тұрғыда негіздейді. Оның жұмысында Ресейдің тағдыры және орыс халқы мен орыс мемлекетінің әлемдегі мәні мен мақсаты туралы терең пайымдаулар кездеседі.
Сонымен орыс философиясындағы ой «орыс идеясы» ағымында қалыптасты. Ресейдің ерекше тағдыры мен орны туралы идея XVI ғасырда қалыптасып, орыс халқының ұлттық өзіндік санасының алғашқы идеологиялық құралы болды. Орыс идеясы мұнан әрі қарай отандық философияның XIX ғасыры мен XX ғасырдың бастапқы кезеңдерінде қалыптасты. Бұл кезеңдегі оның негізін салаушылар П.Я.Чаадаев, Ф.М.Достоевский, Н.И.Бердяевтер болды. «Орыс идеясы» әлем халықтарын бүтіндей біртұтастыққа біріктіретін жалпыадамзаттық идеяның терең көрінісі болды. Бұл идея бойынша тек Ресей ғана христиандық негізінде бүкіл адамзаттық өркениеттік қозғалыстың басында болуы тиіс.
Орыс философиялық ойындағы қызықты ізденістер XVI— XVIII ғасырлар бойында жалғасын тапты және екі үрдістің қарама-қайшылығы негізінде өтті. Мұның алғашқысы орыс ойының төлтумалылығына басты назар аударып, бұл төлтумалылықты орыстың рухани өмірі өзгешелігімен байланыстырады. Екінші үрдіс Ресейге еуропалық мәдениеттің даму үдерісін тануға тырысты. Бұл үрдіс өкілдерінің айтуынша Ресей Еуропаның даму жолына барлығынан кейін түскендіктен, Батыстан көп нәрсені үйреніп, сол өткен тарихи жолды қайталауы тиіс.
Бұл екі үрдістің айқын теориялық және қоғамдық-саяси тұрғыда қалыптасуы XIX ғасырдың 40-60 жылдары болды. Біріншісін славянофильдер, екіншісін батысшылдар білдірді. Осыған байланысты орыс философиялық ойында екі бағыт қалыптасты. Бұл екі бағыттың да қалыптасуында П.Я.Чаадаев (1794—1856) үлкен рөл атқарды. Өзінің көзқарастарын ол атақты «Философиялық хаттарында» баяндады.
Чаадаев католиктік Батысты дәріптеп, оны Ресейге үлгі тұтты, ал екінші жағынан, Ресейдің Батыстан айырмашылығы оның ерекше «Ғаламдық миссиясында» деп айтты. Сондықтан ол Ресейдегі славянофильдіктің де, батысшылдықтың да негізін қалаушы болып табылады. Әрине, Чаадаев өз позициясының екіжақтылығын түсінді және осыған байланысты орыс халқы өзіне тиесілі идеяны іздестіру үстінде дейді. Ұлттық идея сипатының белгісіздігі туралы автордың пікірі кейінгі орыс қоғамдық ойы өкілдерінің көзқарастарды талдауында айқындала түседі. Бұл екі бағыт та Орыс идеясының мәні мен мағынасын қарама-қайшы кейіпте түсіндіреді.
Ресейдің дамуын еуропалық үлгі бойынша насихаттайтын бағыт - бұл батысшылдық. Бұл бағыттың өкілдері қатарына А.И.Герцен, Н.П.Огарев, К.Д.Кавелин, Н.Г.Чернышевский, Т.Н.Грановский сияқты ойшылдар жатады, олармен В.Г.Белинский, И.С.Тургеневтер тығыз қатынас орнатты. Бұлардың барлығы шіркеуді сынап, материализмге сүйенді, бұл ағымнан орыстың революциялық демократтары өсіп шықты.
Батысшылдар Ресейдің «еуропаландыру» идеясын насихаттады және қорғады. Олардың пікірінше, ел Батыс Еуропаға бағдар ұстай отырып, тарихи қысқа уақыттың ішінде экономикалық және мәдени артта қалушылығын жойып, еуропалық және әлемдік өркениеттің толыққанды мүшесі болуы тиіс.
Славянофильдік болса орыстың ерекше философиялық-идеологиялық ағымы болып табылады. Славянофильдер Ресейдің әлемдегі ерекше мессиандық (құтқарушылық) идеясын негіздеді. Славянофильдік өкілдері батысшылдарға да, революциялық демократтарға да қарсы шықты. Бұл бағыттан діни орыс философиясы өсіп шықты.
Славянофильдіктің негізін қалаушылар: А.С.Хомяков, И.В.Киреевский, К.С.Аксаков, Ю.Ф.Самариндер болды. Бұл идеялық позицияға В.И.Даль, А.Н.Островский, В.И.Тютчев сияқты ақын-жазушылар жақын болды. Бұл қоғам қайраткерлерінің шығармашылығы бойынша, философия - Ресей өркениетті елдермен бірқатар болу үшін Батыстан алынған үлгілердің бірі емес, ұлттық дамудың рухани жетістіктері шеңберіндегі қажетті элемент. Олардың жұмысында тарихтың өзінен туындайтын дербес сара жол мен ерекше міндеттерді шешу үшін орыс ойының қажеттілігі туралы ойы бекітіледі. Орыстың төлтума философиясының зерттеу аймағы осымен сипатталады. Бұл міндеттер мен зерттеу аймағы Православиемен тығыз байланыстырылды.
Славянофильдер Ресей дамуының бүкіл Батыс өркениетінен түбірлі айырмашылығы туралы тезисті ұстанады. Бұл жерде ең алдыңғы орынға діни бастау шығады.
Жоғарыда айтылғандай славянофильдердің бастапқы тезисі Православиенің шешуші рөлін бекіту болып табылады. Олардың пікірінше, дәл осы орыс жерін жаратқан «орыс рухын» қалыптастырады.
Христиан діні үш ірі бағытқа бөлінеді: Католиктік, Православиелік, Протестанттық. Бұл бөліністен кейін «еркіндік бастауы» шіркеулердің кейбіреуінде өзінің мәнін жоғалтқан. Славянофильдер католицизмде шіркеу еркіндігі жоқ деп есептейді, өйткені онда Рим папасының күнәсыздығы туралы догма бар. Протестантизм болса шіркеудің жойылуына әкелетін адами еркіндікті, индивидуалдық бастауды абсолюттендіре отырып, өзге біржақтылыққа ұрынады. Тек православие ғана еркіндік пен қажеттілікті үйлесімді түрде үндестіреді. Еркіндік пен қажеттілік үйлесімділігі мәселесін шешу үшін славянофильдер өздерінің философиялық көзқарастарындағы маңызды принцип - соборшылдық (еркін қауымдастық) ұғымын енгізеді. Бұл ұғымды даярлаған А.С.Хомяков (1804-1860). Ол Русьтегі патриархалдық өмірді қалпына келтіру, «Қасиетті Русь» идеалдарына бет бұру, православиені ең жоғарғы бастау ретіндегі концепциясын бекіту сияқты идеяларды қолданды. Хомяковтың тарихи концепциясында шіркеу «бастапқы нақтылық» болып табылады. «Соборшылдық» ұғымы да осымен байланысты. «Соборшылдық» принципін бекіту индивидуализмді ғана теріске шығару емес, жеке еркіндіктен айыратын ұжымды да мойындамайды.
XX ғасырдың бас кезіндегі қоғамдық-саяси ойдың ең басты бағыттарының бірі діни философия болды. Бұл бағыттың өкілдері - Николай Бердяевтің, Сергей Булгаковтың, Павел Флоренскийдің және т.б. ойшылдардың есімі әлемге белгілі. Олардың шығармашылығына XIX ғасырдағы орыс философиясының дәстүрлерімен қатар (славянофильдерден бастап Ф.Достоевский мен Вл.Соловьевқа дейін), әр түрлі мистикалық және пессимистік көңіл-күйлерге толы сол дәуірдің өзі де үлкен ықпалын тигізді.
Орыстың діни философиясында сыртқы әлемнің танымдылығы туралы көзқарас кеңінен таралған. Бүл көзқарас өзінің шеткі формасында, дәлірек айтқанда объекті сол күйінде интуитивті тікелей пайымдау ілімі формасында көрінеді.
Киреевский және Хомяков бүтін ақиқат тек бүтін адамға ғана ашылады дейді. Тек өзінің барлық рухани күштерін - сезімдік тәжірибе, рационалды ойлау, эстетикалық перцепция, адамгершілік тәжірибе және діни парасатты, - бүтін бір тұтастыққа жинағанда ғана, адам әлемнің нағыз болмысын түсіне бастайды және Құдай туралы жоғары рационалды ақиқатты игереді. Дәл осы бүтіндік тәжірибе көптеген орыс ойшылдарының - С.Трубецкойдың, Е.Трубецкойдың, П.Флоренскийдің, С.Булгаковтың, Н.Бердяевтің, Н.Лосскийдің, С.Франктің, Л.Карсавиннің, А.Лосевтің, И.Ильиннің және т.б. шығармашылық қызметінің негізін құрады.
XIX ғасырдың 60-70 жылдары славянофильдер ілімін жалғастырған түбіршілдер болды. Олардың философиялық ізденістерінің басты идеясы - «ұлттық түбір» Ресей дамуының негізі. Барлық түбіршілдерді олардың дүниетанымының діни сипаты біріктірді. «Ұлттық түбір» ретінде православие идеалдары мен құндылықтары алынды. Бұл бағыттың негізгі өкілдері - А.А.Григорьев, Н.Н.Страхов, Ф.М.Достоевскийлер болды.
Түбіршілдер арасындағы ең көрнекті ойшылдың бірі - Ф.М.Достоевский (1821-1881). Ол философ болмағанымен, таза философиялық шығармалар жазбағанымен, оның философиясы - ол қалыптастырған әдеби кейіпкерлерінің ойынан көруге болады. Оның шығармаларының философиялылығы соншалық, тіпті әдеби-көркем жанр шеңберінен шығып кетеді. Жазушы шығармаларында адам тағдыры мен мәнінің әлем және Құдаймен терең байланыстылығы туралы идеясын көтереді. Достоевский бойынша еркіндіктің «шынайы жолы» бұл Құдай-адамға жеткізетін жол, Құдайдың жолымен жүру. Ол үшін Құдай адамгершіліктің барлық кепілінің негізі болып табылады.
Достоевскийді үрейлендіретін нәрсе - бір нәрестенің болса да көз жасына құрылған әлем мен адамдар әрекетін жарқын болашақтың атымен ақтап алуға бола ма деген мәселе. Оның жауабы дайын - ешқандай да жоғары мақсат бейкүнә сәбидің қайғысы мен зорлықты ақтай алмайды. Бұл жолмен Құдай мен Әлемді келісімге келтіру мүмкін емес. Достоевскийдің ойынша, Ресейдің жоғары ұлттық миссиясы халықтарды христиандық тұрғыда біріктіру болып табылады.
В.С.Соловьев (1853—1900) діни орыс философиясының, білімнің біртұтастығы мен бүтіндігі туралы идеяның негізін қалаушы, орыстың көрнекті христиандық философы. В.С.Соловьев философиясы діни философиялық дәстүрдің бүкіл рухы мен кейпін білдіреді. Көптеген ірі философтар өздерін В.С.Соловьевтің ізбасарлары ретінде санайды. Соловьев дәуіріне Трубецкой шығармашылығын, Флоренский мен Бердяевтің ерте шығармашылығын жатқызуға болады.
В.С.Соловьев адамның діни және әлеуметтік өмірі сұраныстарын біртұтастыққа байланыстыратын бүтіндей дүниетанымдық жүйені құруға тырысты. Соловьевтің ойы бойынша мұндай дүниетаным негізі христиандық болып табылады.
Соловьев философиясының негізгі идеясы - жалпы тұтастық идеясы. Бұл идеяны дайындауда славянофильдердің соборшылдық идеясына сүйенгенмен, оған жалпы қамтушы, ғарыштық мағына береді. Болмыстың төменгі және жоғарғы деңгейлері өзара байланысты, өйткені төменгі үнемі жоғарыға тартылып отырса, ал әрбір жоғары өзіне төменгіні «енгізеді». Соловьевте жалпы тұтастық, «құдайдың қасиетті Үштігі барлық құдіретті жаратылыстармен, оның ішінде ең бастысы адаммен байланысты» деген тұжырымынан көрінеді. Жалпы тұтастықтың негізгі принципі: «Құдайда барлығы біртұтас». Жалпы тұтастық бұл ең алдымен жаратушы мен жаратылыс тұтастығы.
Дәріс №11. Өзін-өзі тексеру сұрақтары
1. Илларионның орыс философиясының қалыптасуындағы негізгі ойлары
2. Славянофильдік бағытты ұстанушылар және негізгі ойлары
3 батысшылдық бағытты ұстанушылар және негізгі ойлары
4. Діни философиясының өкілдері және негізгі ойлары
5. Орыс философиясы және әдебиет
12-дәріс. Қазақ философиясы
Көне гректер айтқандай, философия дүниеге таңғалудан басталады. Әрине, дүниеде таңғалатын нәрселер көп. Соның бірі Әлем болса, екіншісі Адам болмақ. Қазақ та басқа халықтар тәрізді осы аталған екі дүниенің сырын ашуға ұмтылған. Аспан денелерінің қозғалысына тандана қарап, өзінше ой түйген. Көк аспанның сырын ашуға талпынған. Жұлдызды әлемнің жұмбақтарын ашуды арман еткен. Нәтижесінде дүние туралы түсінігі, көзқарасы қалыптасқан. Адам бойындағы небір тылсым күштерді де тануға ұмтылған.
Қазақ халқының дүниесезімі мен дүниетанымының ерекшелектері өзі өмір сүрген ортамен тікелей байланысты. Қазақ халқы басқа еуропа халықтары сияқты табиғатты өзгертуге немесе оған үстемдік етуді мақсат етіп қоймаған. Керісінше, табиғатқа бейімделіп, онымен гармониялық қатынас орнатуды мақсат тұтқан. Қазіргі заман тілімен айтқанда, көшпенді қазақтардың экологиялық санасы биік болған. Бұл - біріншіден.
Екіншіден, қазақ дүниетанымының ерекшеліктерін айтқанда, ескерер мәселе, ол - қашанда олардың еркіндік пен бостандық сүйгіштігі. Қазақ жерінде ешқашанда құлдық болмаған.
Үшіншіден, қазақ қашанда теңдік пен әділеттілік мәселесіне қатты назар аударған.
Төртіншіден, теңдікке негізделген әділеттіліктен әлеуметтік айырмашылықтар мен әлеуметтік топталу аз болған.
Бесіншіден, байлыққа жетуден гөрі ар-намысты жоғары ұстау халықтың қанына терең сіңген құндылық. Онымен тығыз байланысы бар нәрсе - бар затқа қанағат ету де қазаққа тән қасиет.
Алтыншыдан, ұжымдық мүддені жеке мүддеден гөрі жоғары ұстау – ол да көшпенділік өмір салтынан шыққан құндылық.
Жетіншіден, өне бойы көшіп-қону барысында қашанда әр қилы қиындықтарды, қауіп-қатерлерді бастан кешуге тура келді. Ол - ерлікті, батырлықты қасиет етуді талап етті.
Сегізіншіден, көшпенділердің өмірі өне бойы қауіп-қатерлерден, соқтығыстардан тұрғаннан кейін ол күнбе-күнгі өмірді бағалап, алудан гөрі болуды жаратқан. Әрбір күнді той-думанға айналдыру, өзін шешен сөзбен, даналықпен көрсете білу, әртүрлі сайыстарға қатысу, «сегіз қырлы, бір сырлы болу» бабаларымызға тән нәрселер болған.
Тоғызыншыдан, дүниеге, басқа халықтарға деген көңілінің ашықтығы, қиналғандарға риясыз қол ұшын беру - бұл да біздің халықтың керемет қасиеттерінің бірі болып саналады.
Оныншыдан, көшпенділердің негізігі құндылықтарының бірі - ата-ананы, үлкендерді сыйлау.
Әрине, халықтың мыңдаған жылдар шеңберінде бойына жинаған көп қадір-қасиеттерінің ішінен біз негізгілерін ғана көрсеттік. Енді келесі мәселеге - қазақ философиясының ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ:
Біріншіден, қазақ философиясында онтологиялық (болмыс) және гносеологиялық (дүниетаным) мәселелерден гөрі адам мәселесіне көбірек көңіл бөлінеді.
Екіншіден, адам мәселесі, қазіргі тілмен айтқанда, көбінесе экзистенциялық тұрғыдан қаралады және ол көшпенділік өмір салтын түсірсек түсінікті де болар.
Үшіншіден, Отандық философияда абстрактылы-теоретикалық жүйелер жасау өте сирек кездесетін құбылыс - философиялық ізденіс адамның нақтылы өмірдегі жүріс-тұрысын сараптауға, яғни практикалық мәселелерге көбірек көңіл бөлінеді.
Төртіншіден, адам болмысының этикалық жақтарына: жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдық, ар-намыс, абырой т.с.с. категорияларға терең талдаулар жасалады.
Бесіншіден, қоғам өмірінің негізгі мәселесі ретінде әрқашанда әлеуметтік әділеттілікке көбірек назар аударылады;
Алтыншыдан, Отандық философияны аксиологиялық философия десек те болғаны, өйткені, онда құндылық әлеміне зор қөңіл бөлінеді. Енді мәселені нақтылай түсіп, Отандық философияның негізгі сатыларына қысқаша көз жіберейік.
Басқа халықтардың философиясы сияқты Отандық философия да өз қайнар көзін көне аңыздар мен дастандар, ертегілерден бастайды. Егер аңыздармен бай халықтарға үнді мен гректерді жатқызса, қазақ елі де олардан кем түспейтін болар. Өйткені, өне бойы көшіп-қонып жүрген халықтың бір ғана байлығы болды, ол оның тілі, бабалардан келе жатқан дәстүр, аңыз-хикаялар, нақыл сөздер. Олардың көбі жаңа ғана жарық көріп, философиялық тұрғыдан талдануда.
Көне түріктердің түсінігі бойынша, бұл Дүние жоқтан бұрын пайда болған. Оны ұстаға ұқсайтын Жаратқан тудырды. Дүние негізінен: жер, су, от, ауадан тұрады. Ол неше түрлі қайшылыққа толы: жер мен күн, өмір мен өлім, адам мен табиғат, бақ, құт пен зардап, жарық пен қараңғы, жылы мен суық т.с.с.
Аспанға көз жіберген ежелгі түрік бабаларымыз оны Тәңір Жаратқан әлеміне жатқызған.
Сонымен қатар, көне түріктердің нанымында ерекше орынға ие болған әйел Құдай - Ұмай болды.
ХV-ХVIII ғ.ғ. философиялық ой - толғамдар негізінен жыраулық түрде дамыды. Қазақ халқының ақын-жырауларының ішінен Сыпыра жырауды, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Марғасқа, Ақтамберді, Бұқар жырауларды атауға болады.
Қазақ халқының тарихында XIX ғасыр ерекше орын алады. Бұл ғасыр қазақ мәдениетінде «ағартушылық философия» деп аталады.
Қазақ ағартушылық философиясының көрнекті өкілдері: Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев.
Достарыңызбен бөлісу: |