11. Күн жүйесіндегі үлкен ғаламшарлардың негізгі сипаттамалары. Күн төңірегінде ғаламшар деп аталатын тоғыз ірі шар тәрізді денелер айналып жүреді. Олардың Кіші ғаламшар – астероидтардан ажырату үшін үлкен ғаламшарлар деп атайды. Ғаламшарлар Күн төңірегінде ретпен орналасқан: Меркурий, Шолпан, Жер, Марс, Юпитер, Сатурн, Уран, Нептун, Плутон. Кеңістікте астероидтар белдеуі арқылы бөлінетін оларды физикалық сипатына қарай екі топқа біріктіреді. Осы белдеудің іш жағында қозғалатын ғаламшарлар (Меркурий, Шолпан, Жер, Марс) көп жағынан ұқсас болғандықтан, Жер тобына жатқызылады. Мөлшері мен массасы жағынан болып табылатын бұл ғаламшарлардың (бұлардың ең ірісі – Жер) беті қасаң, тығыздығы орташадан жоғары, Жердің тығыздығына жақын және Меркурийден басқасы атмосфералы. Жер тобына жататын ғаламшарлардың физикалық сипаты негізінен радарлық және техникалық-ғарыштық құралдармен зерттелген.
Астероидтар сақинасының сырт жағында қозғалатын ғаламшарлар Күн жүйесіндегі ең ірі және массалы Юпитерден бастап алып ғаламшарлар тобын құрайды. Бұл топқа Сатурн, Уран және Нептун кіреді. Олардың мөлшері массасы едәір үлкен , тығыздығы орташадан төмен және жылдам айналады. Құрамында аздаған аммиак пен метан бар созылыңқы келген гелий сутекті атмосферамен қоршалған. Бұл ғаламшарлардың бетін қатты деуге келмейді. Олардың ішінде үшеуі – Юпитер, Сатурн мен Уран майда қатты сансызщ бөлшектер сақинасымен қоршалған.
Рлутон ғаламшары әлі де нашар зерттелген, сондықтан оның қай топқа жататыны әзірше нақты емес.
Ғаламшарлардың төңірегінде Меркурий мен Шолпаннан басқаларын ғаламшарлардың серіктері деп аталатын қатты денелерайналып жүреді. Ірі серіктер шар пішінді, ал майдалар астероидтардың көпшілігіне тән, бұрыс пішінді болып келеді.
Ғаламшарлар мен олардың серіктері жайлы мәліметтер тез толықтырылуда. Сондықтан бұдан әрі қарай бұл денелердің егжей-тегжейіне тоқталмай, негізгі сипаттамаларын ғана келтіреміз. Оларды тереңірек білгісі келгендерге «Жер және Ғалам» журналы мен Бүкілодақтық астрономия-геодезия қоғамының «Астрономиялық календарындағы» жаңалықтарды қадағалап оқытуды ұсынамыз.