56 сұрақ.Қазақ халық прозасының хикаят жанры Хикаят дегеніміз – кейде ойдан шығарылған, немесе діни кітаптардан алынған сюжеттерді көркем түрде баяндайтын әңгімелер. Хикаяттың түбінде өте ерте заманда болған деп есептелетін оқиға жатуы да мүмкін, сондықтан онда тарихи есімдер де, мекендер де ұшырасып қалады. Сондай хикаяттарға, мәселен, Ескендір Зұлқарнайын есімімен байланысты әңгімелер жатады. Қазақ арасында Ескендір жайында айтылатын әңгімелер, негізінен, үш сюжетке құралған. Біріншісі - өлмес суды іздеген Зұлқарнайын туралы, екіншісі – қос мүйізін жасыра алмаған Ескендір жөнінде, үшіншісі – жұмаққа кіре алмаған Ескендір хақында. Осылардың біріншісі мен үшіншісі хикаят түрінде баяндалады.
Ескендір – тарихта болған адам, демек, ол туралы алғашында аңыздар пайда болған да, кейін олар әпсанаға, хикаятқа айналған. Бұған қоса тағы айтарымыз – Ескендір туралы сюжеттер қазақ еліне сырттан келген және көбіне-көп діни, тағы басқа да кітаптар арқылы тараған, соның әсерінен ол сюжеттерде, дәлірек айтсақ, Ескендірдің өлмес суды іздегені жайлы сюжетте ислам идеяларының әсері бар. Ендеше, мұнда хикаят жанрының белгілері айқын. Мәселен, кейіпкердің пайғамбар немесе әулие болып көрінуі, шығармадағы оқиғалар мен іс-әрекеттердің Алланың бұйрығы ретінде түсінілуі, неше түрлі кереметтің орын алып, көркемдік мақсатта пайдаланылуы, ескі шамандық наным мен мұсылман діні мифологиясының аралас келуі.
Хикаяттарда әңгімеленетін оқиғалар тыңдаушылар арасында сенімсіздік тудырмайды, өйткені, олар пайғамбарлар мен әулиелердің іс-әрекеті немесе басынан кешкен оқиғалары болып баяндалады.
Хикаят жанры, негізінен, Қазақстанда ислам дінінің таралуымен байланысты қалыптасқан. Оның түп-төркіні, сөз жоқ, көне заманның мифологиялық түсінік-нанымдарымен сабақтас. Хикаят таза мұсылмандық мифологияға ғана негізделмейді, онда архаикалық мифтің де, әпсана мен аңыздың да, тіпті, ертегінің де қасиеттері ұшырасады. Сондықтан да бұл жанрдың пайда болу процесін ислам дәуірінен бұрынырақ деп түсіну керек, ал жанр ретінде толық қалыптасуы исламның қазақ еліне кең тараған кезіне сәйкес келеді.
Міне, осы хикаят жанрының белгілері Ескендір туралы қазақ арасына тараған шығармалардан анығырақ көрінеді. Ол шығармалар үш топ құрайды. Біріншісі - өлмеуге әрекет істейтін Ескендір туралы баяндайтындар. Оның сюжеті мынадай: Ескендір патша өзінің Қызыр және Ілияс деген жолдастарын ертіп, өлмес суды іздеп, Зұлматқа барады, бірақ ол суды алға қарай озып кеткен Қызыр мен Ілияс тауып ішеді де, соңынан Ескендір келіп жеткенде, өлмес су ғайып боп кетеді немесе ол суды қарғалар ішіп қояды. Сөйтіп, Ескендір патша «өлімге дауа болатын суды» іше алмай қалады.
Бұл сюжетке құрылған хикаяттардың саны айтарлықтай көп емес. Мұндай шығармалар, көбінесе, Құранды, тағы басқа діни кітаптарды көп оқыған адамдар арасында кең тараған болу керек. Оған ертеректе жарияланған мәтіндер де және біздің ХХ ғасырда жазып алған фольклорлық материалдарымыз да дәлел болады. Мысалы, 1961, 1963, 1967, 1968 жылдары біз Ескендірдің өлмес су іздеп, Зұлматқа (қараңғы жерге) барғаны жайлы хикаятты ерте кезде молда болған, мұсылманша көп оқыған, бертінде колхозда жұмыс істеген Ә.Тышқанбаев, Р.Сәрсенбин, Р.Малдыбаев деген көнекөз қариялардан жазып алған болатынбыз.