ӘОК 371.76
Қазақ қолөнерінің тәрбиелік мәні
Өтегенова Б.Н. - оқу шебері (Алматы қ., ҚазМемҚызПИ)
Әрбір халықтың өзінің бай қазынасы, асыл байлығы, ұлттық мәдениеті бар. Қолөнер – мол рухани мәдениеттің маңызды бір саласы, бабамыздың сан ғасырлар қиялынан шыққан, атадан-балаға мирас болып келе жатқан үлкен өнер туындысы, баға жетпес асыл мұрасы. Соған орай халықтың тарихи дамуына, тұрмысына, табиғат ерекшелігімен эстетикалық талғамына байланысты қолөнер өзіндік ерекшелігімен ғасырдан-ғасырға сақталып, дамып, келер жас ұрпақтарға беріліп отырған.
Тарихтың ұзақ соқпағында қалыптасқан қазақтың бұл сәндік ою-өрнекті қолөнері бұйымдары жіпке тізген маржандай ең асыл дүниелері бар. Алғашқы қауымдық құрылыстан бастап ХХ ғасырға дейін әр ұрпақ өкілі өздерінің соңғы жаңалықтарымен байыта түсті, сондықтан да ол өміршең. Дәл қазіргі кезеңде халықтың байырғы көркем өнеріне ұлттық бейнелеу тәсіліне баса назар аударылып, зерттеліп жатыр. Халқымыздың ежелгі дәстүрінің негізінде көркемөнердің – кілем, киіз, киізден оюлап жасаған бұйымдардың әртүрлі байлықтары бар. Соның ішінде сырмақ, текемет, тұскиіздің алуан түрлері, айшықтап кесте тіккен қоржын, әбдіре, сандық тыстары, тағы да сондай үй тұрмысында қолданылатын айна қап, аяқ- қап, кереге қап сияқты заттар кездеседі. Оюлап киіз басу тек қазақтың ғана еншісіне тиген өнер емес, мал шаруашылығымен айналысатын басқа да көшпелі елдерге тән, ортақ нәрсе.
Киіз басумен Қазақстанның барлық бөлігінің тұрғындары айналысқан. Бір қызық жері, пайдаланылатын зат біреу, ол жүн, осыдан жасалған киіздің әр жүзге, әр руға тән өзіндік ерекшеліктерін анық байқауға болады.
Өзгешеліктері киіздің жасалуында емес, безендірілуінде, бірін-бірі қайталанбас өрнектерінде. Көлемі жағынан киіз үйге тұтастай дерлік төсеуге жететін төсеніш киіздің бір түрі текемет. Текеметтің көлеміне қарай ірілі-уақты сәндік әшекей өрнектері болады. Әлбетте, өрнекті киіздің негізгі түрін ашатын басқа бір айшықты түстен алады. Ол көбінесе ''S'' ирек болып келеді. Жартылай басылған әлі толық бірікпеген киіз үстіне басқа түсті жүннен созып өрнек салады. Өрнектің көрнекілігі халық шеберінің ой қиялына, суреткерлігіне байланысты әр жерде әртүрлі, оюларды түсіріп болған соң киізді әрі қарай басуды жалғастырады. Пісіре келе өрнектік жүндер киізбен бірігіп белгілі бір нақтылығын, түзулігін жойып, әсем бір суретке айналады. Сырмақ – әртүрлі киізден ойылып жасалатын төсеніш киіздің бір түрі – «Сырмақ» басу негізінде Орта жүзде Арғын, Найман, Керей, батыста Қыпшақ руларында көп тараған. Сырмақ жасаудың атадан-балаға таралып дәстүр болып келе жатқан өзіндік бір салты бар. Әр ұрпақ өкілдері өздерінің жаңалықтарымен, соңғы элементтерімен сырмақ сыру өнерін толықтырып, байытып отырған. Текеметтей емес сырмақ даярлауда алдын-ала өлшеніп, нақты белгілеген үлгілері болады. Ою қатаң тәртіппен орналастырылады. Сырмақты ақ киізді бір бөлек, қара киізді бір бөлек басып, екеуін беттестіріп, үстіне ою үлгілерін салып, бормен сызып екі киізді бірден үлгімен ойып алатын болған. Содан-соң ойылған оюдың ағын- қараға, қарасын, аққа келтіріп тігеді. Құрастырылған оюды сол қалпымен тұтас үлкен киізге жапсырады. Оюларды құрастыратын жерінің үстін бастыра жиек басады. Жиектік жіптің иірілуі де, қабатталуы да басқаша, және оның түсі, бояуы да оюды айшықтап тұратын ашық түсті болады. Текеметтей емес сырмақ мықты келеді. Кейбір сырмақтарды жарты ғасырдан артық төсеуге жарайды. Оюларды құрастырып үстінен басып тігіп болған соң сырмақты тұтастай сырады. Ақ киіздің үстін ақ жіппен, қара киіздің үстін қара жіппен ұсақ етіп түгелдей тігіп шығады. Сырмақ сонда шымыр, қатты болады. Оның төзімділігі де осында болса керек.
Қазақ қонақжай халық болғандықтан арнаулы бір бөлек қонақ үй өте сәндікпен безендірілген бұйымдар тұтылады. Тұсқа айшықты тұс киіз ілініп, төрге оюлы текемет төселеді. Оюлы текемет көздің жауын алардай айшықты өрнекпен өрнектеліп, әр түсті шашақпен өте әсем безендірулері болады. Оның жасау жабдығы да күнделікті қолданылып жүргендердей емес, ерекшеленетін киіз үй бұйым-дарының ішіндегі ең бағалы жасауы. Оюлы текемет тек өте силы қонақтардың құрметіне ғана ұсталатын болған. Көбінесе оюлы текеметті қызға жасау ретінде дайындайды. Қазақтың халық шебер-лерінің тағы қатты көңіл бөліп, сәндеп безендірген бұйымдарының бірі – «Тұс киіз». Тұс киізді де киіз үстіне ақ, қара, қызыл шұғадан өрнектеп дайындаған. Оның көлемі көп жағдайда (450*180) тік төрт бұрыш болып, керегеге тұтастай тұтуға жетерліктей болған. Тұс киіз– киіз үйдің жасауы ретінде сән берер жиһаз болғанымен керегеден суық ұрмас үшін жылулық қасиеті тағы қатты ескерілген. Сондықтан да оны қалың киізден жасап, үстіне әдемілеп, көркемдеп мәнерлі өрнек түсірді. XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап шұғадан оюлап текемет жасау ісі кең тараған. Соның ішінде тұсқа құрылатын мауыт текемет, әбдіре,сандық тыстары, түндік баулар, есік пердесі, аяққаптар бар. Бұларды көк, сары, қызыл шұға үстіне гүл тектес басқа түсті ою жапсыру арқылы жасаған екен. Осындай бағалы матадан тігілетін тұс киізді әр түрлі жібек жіптермен әдемілеп кестелейді де, қалың киізге жапсырып тігеді. Киіз мұнда астар ретінде пайдаланады. Ол көбіне киіздің керегеден жел, суық жібермейтін қасиетін ескерткендіктен болар. Бертінірек XIX ғасырдың екінші жартысынан бері қазақ жерінде де түрлі кездемелер тарай бастағандарға киіз орнына қалың мақта маталары қолданылды. Бірақ тұс киіз сол ''тұс киіз'' деген атауымен сақтап қалды. Қазақстанның солтүстігінде осы күнге дейін тұс киізді матадан оюлап тігу дәстүрі сақталып келеді. Бағалы тұс киіздер қызға жасау ретінде жасалынды. Отау үйдің көркі болатын, мұндай жасаудың атқарар тағы бір міндеті бар. Ол жас келінді тіл көзден, жат пиғылдан қорғайды деген халық сенімі. Осындай қорғаушы міндетті атқарар халық ұғымында тағы бір қасиетті зат - үкі. Қазақтың үкіні ырымдап қыз бұрымына, сәукелеге, жаңа туған сәбидің бесігі мен жас келіннің шымылдық, тұс киізіне қадаған. Үкі XIX ғасырдың соңында жасалған түс киізден де кездеседі. Сонымен бірге қазақ халқының сәндік қолданбалы қолөнерінің бір түрі-киіз үйдің ішкі жинақ жабдықтары.Үй шаруашылығындағы әйелдер қой яки түйе жүнінен иіріп, бояп киіз үйдің ішін жабдықтауға басқұр, алаша, тақыр кілем, қоржын, жабу тоқыған. Қазақстанның оңтүстік батыс аудандарында сондай-ақ Қызылорда облысының бәрінде дерлік қазір де түкті кілем тоқу дәстүрі кең тараған. Басқұр мен киіз басу үйдің керегесі менуығының біріккен жерін жасыру мақсатымен жасалады. Ол екіншіден сәндік жиһаз есебінен де саналады. Сондықтан оны термелеп өрнек салып әсемдеп тоқиды. Киіз үйді жасауда ерекше сән беретін ақ басқұр да орама кесте әдісімен тоқылатын жалрақ тақта. Өте ертеден келе жатқан, өз құндылығын жоғалтпай осы заманға дейін жеткен халық қолөнерінің бір түрі – кілем тоқу өнері. Бізге дейін жеткен әдебиеттердегі деректерге сүйенсек, түкті кілем тоқу өнері Орта Азия мен Қытайда кеңінен тарап дамыған. Өте ерте заманда тоқылған түкті кілем б.э.д. V-ғасырда жоғары таулы Алтайдағы Пазырық қорғанынан қазған кезде табылған. Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай облыстарында киіз үйге тақыр кілем, түкті кілем тоқу көп кездеседі.
Қайсыбірінің аты-жөні де белгісіз, бірақ ісі мәшһүр талантты халық шеберінің жасаған затына таңдай қақпай қарай алмайсыз. Шебердің қолөнер орнына қарай сәндік әшекейді таңдап, оны бүгінгі ұрпақтың да зор бағасына лайық көркемдіктің ең бір жоғарғы сатысына дейін көтеріп безендіре білгені, бізді ғажап таң қалдырады. Көріп көңіл толтырар мұралар бір күннің, бір жылдың емес ғасырлар бойғы халық мәдениетінің, өнерінің көрінісі. Мұнда әр ұрпақтың үлесі бар. Халық өнері шығармаларын жинап, зерттеуде, оларды насихаттауда Қазақстанның музейлерінің де еңбегі зор.
Музейдің археологиялық жинағындағы көркем заттар ерте заманнан Қазақстан жерін мекендеген тайпалардың мәдениетін, тұрмыс-салтын сипаттайды, ал ол тайпалар қазақ жұртының қалып-тасуына негіз болғаны белгілі. Археологтар республиканың түкпір-түкпірінен тастан және сүйектен, қола мен алтыннан оюлап, өте сәндеп жасалған талай бұйымдар тапты, бұлар андронов керамикасы деген атпен көпке мәлім болды. Міне, осының бәрі қазақ мәдениеті өз алдына өз өзгешеліктері бар мәдениет болып қалыптасып, кейінгі замандарда толықтырылып, өркендетілген дәуірімізге және қазақтың ерте замандағы мәдениеті мен халық өнерінің сабақтас екендігін байқауға мүмкіндік береді.
Өзінің талай тайпалардан құралған ата-бабалардың ғасырлар бойындағы дәстүрлерін бойына жиған қазақ халқы өз талғамына өз талабына сай күнбе-күнгі тұрмыста қажет бұйымдарды өндіруді өрістеткен. Бұл бұйымдар алғашқы кезде рудың, елдің, үй-ішінің керегіне, кейінірек сауда алмасу қажетіне өндірілетін болған.
Қазақтың халық шеберлері жасаған, үлкен талғаммен өрнек-теліп істелінген бұйымдарды студенттерге таныстырып, олардың нұсқаларын жариялап отырудың ғылыми маңызы зор, өйткені бұл қазақ халқының этногенезінің аса маңызды тың мәселелерін шешуге, оның ұлттық дәстүрлері мен өзгешеліктерін анықтауға көмектеседі.
Өркениетті қоғам мен құқықтық мемлекеттің гүлдене түсуі өскелең ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениеттілігін, еркін ойлау қабілеті мен шығармашылығын, кәсіби біліктілігі мен білімділігін талап етеді. Бүгінгі таңда халықтың дәстүрлі өнер түрлерін жинақтап зерделеудің, оның айналасындағы тәлім-тәрбие мол тәжірибе негізін-де жасөспірімдерді тәрбиелеудің қажеттігін тудырады.
Сондай қажеттіліктің бірі – халықтың қолөнері, сол өнердің тәлім-тәрбиелік мүмкіндіктерін қазіргі ұрпақ тәрбиесінде тиімді пайдалана білу. Бұл мәселенің нәтижелі жүзеге асуы студенттердің қолөнер бойынша толық білім сапасын және оның студенттердің тәрбиесіне пайдалана алу іскерлігі мен қабілетін қажет етеді. Оның үстіне қолөнер өзінің бай тарихи, терең мазмұны, эстетикалық, эмоционалдық тұрғыда әсер етіп олардың тұлғалық және сапалық қасиеттерін дамыта түсетіні сөзсіз.
Ұлттық мәдениеттің қайта өркендеуіне байланысты ұмыт бола бастаған ұлттық өнер, атамұра, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің қайта жаңғыруына мүмкіндік туды. Жеткіншектердің ұлттық қайта өсу негіздерін қалыптастыру үшін:
- «өнер көзі халықта» дегендей елде бар мол қолөнер үлгілерін жинақтау;
- халық қолөнерінің адамгершілік, эстетикалық, еңбек тәрбиесіне, рухани дамуы мен мәдени білімдерінің жетілуіне әсерінің басым екенін ескеру мен оны іс жүзінде асыру мақсатында студенттерге меңгерту;
- қолөнерді түпкілікті жете зерттейтін болашақ мамандар даярлау үшін қолөнердің түрлерін мәні мен маңызын, эстетикалық әсер қуатын, тарихи дамуын жан-жақты саралау;
- қолөнер түрлерінің атауларының мағыналық және тілдік жағынан талдау, бейнелеу жолдары мен технологиялық әдіс-тәсілдерін анықтай түсудің заңды, объективті қажеттігі арта түседі.
Жеткіншектердің халық өнерін игеруі – еңбек сүйгіштікке, әсемдікке талаптандырып, халқының тарихын біліп, ұлтымыздың көнеден келе жатқан қолөнерін, салт дәстүрін, халық мәдениетін терең жан-жақты үйренуге, мәдени мұрасын қадірлеп дәстүрін жалғастыруға, халық тәрбиесінің үлкен ықпалы мен пайдасын ұғуға, ұлттық тәлімнің сыры мен ерекшелігін білуге баулиды.
Қолданбалы қолөнер тек ою-өрнек қана емес, олар математи-калық ойдың, есептің, бұрыштар өлшемдерінің, өң-түс, сабақтас-тықты жан-жақты шығармашылықпен ойландыратын тәрбие құралы.
Осы міндеттерге дәлірек тоқталайық.
Оқушының политтехникалық ой-өрісін дамытып, ынта- ықыласын нығайту.
Қоғам өмірінде еңбектің, өнердің рөлін түсіну, өнер адам-дарына деген құрмет.
Өнерге деген сүйіспеншілік, еңбек етуге қабілеттілік пен шығармашылық, қоғам пайдасына шын ниетпен, шығар-машылықпен жұмыс істеу тілегі.
Қайта жаңғырып жастар тәрбиесіне арқау болып отырған халық-тық педагогика – бұл күнде педагогтар қауымына ғана емес, бүкіл қоғамымызға ортақ әлеуметтік қозғалыс. Халықтық педагогика кешегі халық шеберлерінен мирас болып қалған ұлы тәрбие құралы. Мәдениетіміз, дініміз қайта жаңғырған шақта халықтың көне қол-өнерін сақтап, оны күту, жаңарту, жаңғырту бүгінгі күннің басты міндеті болмақ.
Әдебиеттер
Марғұлан А.Х. Казахское народное прикладное искусство. 1986.
Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері. А., 1995.
Жәнібеков Ө. Жолайырықта. А., 1998.
Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. А., 1987.
Мұқанов К. Жүннен жасалатын бұйымдар. А.,1990.
Түйіндеме
Мақалада қазақ қолөнерін жаңғыртудың маңызды және тәрбиелік мәні қарастырылған.
Резюме
В статье рассматриваются воспитательные возможности ДПИ Казахстана, как средство формирования эстетических, творческих навыков студентов.
Достарыңызбен бөлісу: |