Судың әсері. Фотосинтездің суға тәуелділігі — өте күрделі процесс. Фотосинтез үшін су реакцияға тікелей қатысушы ретінде және жанама фактор ретінде де керек. Судың құрамындағы сутегі фотолиз кезінде тотығады да, көмірқышқыл газын тотықсыздандыруға пайдаланылады. Мұндай қажеттіліктер үшін өсімдіктерде су әрқашан да жеткілікті түрде болады. Хлоропластың құрамында қалыпты жағдайда 75%-дай су болады. Судың бұл шамасының сәл кемуі хлоропластардың қоллоидтық-химиялық күйінің күрт өзгеруіне әкеп соқтырады, яғни бүкіл процестің барысына әсер етеді.
Клетканың сумен қамтамасыз етілуіндегі өзгерістер фотосинтезге қатысатын ферменттік жүйенің активтігіне де әсер етеді. Устьицалардың күйіне әсер етуінің нәтижесінде клеткадағы судың мөлшері фотосинтез қарқынына айтарлықтай әсер етеді. Устьица саңылауларының жабылуы олардың тургорына, яғни суға қанығуына байланысты. Өсімдіктердің солуы салдарынан көп жағдайда устьицалар жабылып қалады, осының нәтижесінде көмірқышқыл газы жапырақтың клеткааралық куысына өтпейді. Сонымен қатар, жапырақтардың суға толық қанығуы өсімдіктердің көпшілігінде фотосинтез процесін тежейді, мұнда судың болар-болмас тапшылығы ғана процестің өтуіне қолайлы жағдай туғызады. Су тапшылығы 5%-дан 20%-ға дейін жеткен кезде фотосинтездің максимум қарқыны байқалған, су тапшылығының 40-60%-ға жетуі фотосинтездің толық тоқтауына себепті болады. Суға қаныққан, демек толық тургор жағдайына жеткен күнбағыс жапырақтары фотосинтез процесінің нәтижесінде 16 мг құрғақ зат түзген. Ал осы уақыт ішінде тургоры болар-болмас кеміген жапырақтар 12,5 мг, сола бастаған жапырақтар — 8,5 мг, ал солған жапырақтар небары 1,6 мг құрғақ зат түзген. Жапырақтардың толық солуы фотосинтезді 10 есе кемітеді.