Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Қайдар Ә. Халық даналығы. Алматы: «Толғанай Т», 2004. – 560 б.
2. Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. Алматы: Ана тілі, 1998
3. Маслова В.А. Лингвокультурология. – М: Академия, 2001. – 208 с.
4. Маслова В.А. Когнитивная линвистика. Минск: Тетра Системс, 2004.
9-Дәріс. Мифологиялық атаулар. Тілдің танымдық құрылымының мифтік негіздері. Тіл мен мифтің сабақтастығы.
Мәдени семантика салт, наным, сенім, рәсім т.б. тәрізді атаулардың мазмұнында ұшырасады. Қазақ тұрмысында нанды аса қастерлі тағам деп ерекше қасиет тұтады. Дәм-тұздың атасы нан деп біледі. Сөздің лексикалық мағынасымен жарыса жүретін мәдени коннотациялық мағына әуелде дәм-тұзды киелі санайтын наным-сеніммен байланысты. Нан ұрсын, дәм-тұзын аттамау, дәм-тұз ұрсын, дәм тартты, дәм тартпады, дәмнен үлкен емес, нанды баспайды, таспен атқанды аспен ат т.б. дегендер нан-тұзды киелі деп танумен байланысты. Сөйтіп, нан-тұз, тұз-дәм зұлымдыққа қарама-қарсы қойылады. Зұлымдық дәм-тұздан аса алмайды, зұлымдықтың бетін дәм-тұз қайтарады деп білген.
Байырғы қазақ қоғамындағы дәм-тұз адамдарды біріктіреді, ал қазан елдің бүтіндігін, бірлігін сақтайды деп білген. Жауласқан, кектескенде дұшпанның қазанын қақ айыру, қазан сындыру серті болған. Бұл семантикалық таңба дұшпанды бірлігінен, бүтіндігінен айыру деген мағынаны білдірген.
Қазіргі кез білім, ғылымның заманы деп, мифологиялық санаға қатысты әртүрлі жол-жоралғы, салт-дәстүр, ритуал т.б. қоғамдағы орнын мүлде жоққа шығаруға болмайды. Ритуал, жол-жоралғы, салт-дәстүр адамдарды қоғамдастырып отырады, салт-дәстүрі ортақ болғандықтан, бірін-бірі жақын тартады.Салт-дәстүр, жол-жоралғыны білмеген, мойындамағандарды қоғамдастықтан «бөтен» деп санайды. Тілдік қарым-қатынас мәдениетінде мұндай факторды елемеу коммуникативтік сәтсіздікке ұшыратады. Сондықтан мәдени-тілдік құзыреті жоғары тілдік тұлға тілдік коммуникацияда мифологиялық санамен байланысты факторларды да бағдарға алуға тиісті векторлардың бірі деп қарайды.
Тілдік тұлға үшін мәдени-тілдік семантиканың аса күрделі түрі фразеологимдер, паремологизмдер тәрізді тілдік таңбаның мазмұн межесіндегі құралдармен байланысты.Мақал-мәтелдер белгілі бір құбылысқа «жаман»/«жақсы» деп баға береді, адамдарға ақыл-кеңес береді, сақтандырады: Жауды аяған жаралы қалады, Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің, Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің; Жал-құйрығы қалың деп, Жабыдан айғыр салмаңыз.
Тәртіпке шақырады: Әкесі тұрып ұлы сөйлегенннен без, анасы тұрып қызы сөйлегеннен без;Көңілді тыныштандырады: Орнында бар оңалар; Батар күннің атар таңы бар; Сақтандырады:Жаман айтпай жақсы жоқ; жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында; ауру – астан, дау – қарындастан.
Барлық фразеологизмдер, барша мақал-мәтелдер этномәдени семантика бола бермейді. Этностың ақиқат дүние туралы көзқарасы, салт-дәстүрі, жол-жоралғылары әдет-ғұрпы, моралі, әдеби, тұрмыс-тіршілігімен байланысты ақпараттар жинақтаған тұрақты сөз орамдарының мазмұндық құрылымында ақиқат дүниенің тілдік бейнесін көрсететін ұлттық ерекшелікті (спецификаны) танытатын компоненттер болады.«Адам қартаймайтын шайтан емес қой» деп қайсыбір кісілер мұндай тілекті қош алмайды. Қазақ ұғымында қарттық үлкен құрмет, адамның қызметі, атақ-дәрежесінен гөрі жасын сыйлау, жасына қарай жол беру жағы мықтап ескеріледі. Үлкендердің байырғы кезде кәрілікке жеткізсін, жағың түспей жамандық көрме, ақ сақалды сары тісті болдейтіні сол этикалық норманы айқын аңғартады.
Достарыңызбен бөлісу: |