Г.К. Көкебаева
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының
профессоры, т.ғ.д.
Алматы, Қазақстан; kоkebayeva@mail.ru
Еліміздің тарихындағы халықтың жадында айрықша сақталған және бүгінгі ұрпаққа тікелей қатысы бар оқиғалардың бірі – 1916 жылғы көтеріліс. Бір ғасыр бұрын болғандығына қарамастан бұл оқиға күні бүгінге дейін тарих ғылымындағы жиі зерттелетін тақырыптардың біріне айналып отыр. Тарихнамалық зерттеулерге көз салсақ, белгілі бір тарихи оқиғаларға баға беру, оның тарихи маңызын анықтау әртүрлі тарихи кезеңдерде өзгеріп отырғанын байқаймыз. Бұл – 1916 жылғы көтеріліс тарихына да тән құбылыс. 1916 жылғы көтеріліс тарихына арналған алғашқы еңбектерде көтерілістің себептері патша өкіметінің отарлық саясатының күшеюі деп көрсетілді. Бұл кезде көтерілістің отаршылдыққа қарсы сипаты айрықша бедерленді. Кейіннен, кеңес өкіметі әбден орнығып, қоғамдық ғылымдарды кеңестік идеологияға бағындыру басталған кезде зерттеушілер көтерілісті әлеуметтік күрес ретінде бейнелеуге ұмтылды. Соның нәтижесінде майданның қара жұмысына кедейлерді жіберіп, өз туыстарын аман алып қалған, біреулерді тізімге іліктірмеу үшін пара алған, өз халқын сатқан «жауыз бай-болыстардың» стереотиптік бейнесі қалыптастырылды. Көтеріліс кедейлердің әлеуметтік күресі сипатында бағаланды. Көтерілістің осы баға шегінен шығып кеткен оқиғалары, соның ішінде осы көтерліс кезіндегі елдің байлары мен болыс-билерінің қарсылық әрекеттері зерттелмей қала берді. Осындай оқиғалардың бірі – Зайсан уезінде 1916 жылы 10-шілдеде басталған көтеріліс.
1916 жылдың 25 маусымында Ресей императоры II Николайдың империяның бұратана халықтарының 19-43 жастағы ер адамдарын майдандағы қара жұмысқа шақыру туралы жарлығы шықты [1, 25-26-б.]. Жарлық бойынша Ақмола, Семей, Жетісу, Орал, Торғай, Сыр-Дария, Ферғана, Самарқанд, Закавказье, Астрахан облыстарының бұратана халықтарының өкілдері бекіністер салуға, майданға жақын жерлердегі жолдарды жөндеуге, майданға қажетті малды бағуға, мал азығын дайындауға, тағы сол сияқты жұмыстарды атқаруға тиісті болды. Бұрын осы жұмыстарды төменгі шендегі әскери адамдар мен жұмысшылар атқарған еді, енді соғыстың созылып кетуіне байланысты бұл топтарды қара жұмыстан толық босатып, майдандағы шайқастарға жіберу, олардың орнына «бұратаналарды» пайдалану қажет болды. Жарлық бойынша, қара жұмысқа шақырылатындардың нақты санын және шақырудың ретін Ішкі істер министрлігі мен Соғыс министрлігі бірлесе отырып белгілеуге тиісті болды. 1916 жылы 30 маусымда Дала өлкесінің генерал-губернаторы Н. А. Сухомлиновтың қазақтарды майданның қара жұмысына шақыру туралы хабарламасы шықты, онда 1885-1897 жылдары туған, яғни 19-31 жастағы жігіттердің шақырылатыны айтылды. 2-шілдеде Дала генерал-губернаторлығының басшылығының кеңесінде 19-31 жастағы 80 000 қазақты майданның қара жұмысына жіберу туралы шешім қабылданды [1, 27 б.]. Мемлекеттік мекемелерде қызмет істейтін, жоғары және орта оқу орындарында оқитын қазақтар, болыстар, молдалар мен мұғалімдер шақырылмайды, сондай-ақ майданға қажетті қару-жарақ шығаратын кәсіпорындардың, жүк таситын кемелердің жұмысшыларын шақыруды кейінге қалдыратын болды. Маусым жарлығы жеткеннен кейін халық арасында қазақтарды майдандағы тікелей соғыс қимылдары жүріп жатқан жерлерге окоп қазуға жіберетінін туралы әңгімелер тарады. Соған орай Н. А. Сухомлинов 12-шілдеде осындай әңгімелерді таратқан адамдар тұтқындалып, қатаң жаза алады, ал қазақтар майданның қауіпсіз жерлерінде, әскерлердің тылында жұмыс істейді деген хабарлама жасады [1, 32-33-б.]. Алайда генерал-губернаторлықтар басшыларына жіберілген хабарламада бұратаналардың бекіністер салу, жолдар салу және жөндеу, тағы басқа жұмыстарды тікелей соғыс қимылдары жүріп жатқан жерлерде жасайтыны туралы айтылған-ды [2]. Ал Ресей империясының 1874 жылғы Әскери жарғысы бойынша, Ресейдің бұратана халықтары, соның ішінде Торғай, Орал, Ақмола, Семей, Жетісу облыстарының қазақтары әскери қызметтен босатылған болатын, әскери қызметтің өтеуі ретінде олар алым-салық төлейтін еді.
1916 жылы маусымның аяғы-шілденің басында Дала генерал-губернаторлығының барлық уездерінің болыстары мен елдің сөзін ұстайтын ақсақалдарын әрбір уездің учестоктары бойынша жеке жинап, патша жарлығын және генерал-губернатордың бұйрығын хабарлаған. Ол кезде Семей облысының жері Зайсан, Семей, Өскемен, Павлодар, Қарқаралы деп аталған бес уезге бөлінген еді. Омбы облыстық мемлекеттік мұрағатында сақталған Омбы прокуроры кеңсесінің материалдары бойынша, 1916 жылдың 10-шілдесінде Зайсан уезінің 2-бөліміне кіретін бес болыстың басшылары (орысша – волостной управитель, қазақша – болыс) мен елдің сөзін ұстайтын құрметті ақсақалдарын шаруа бастығы (орысша – крестьянский начальник) Кистяковский Көкпектіге жинаған. Бұл жиналысқа бес болыспен бірге елге сөзі өтетін құрметті ақсақалдар шақырылған, солардың қатарында Мүрсәлім Бектенұлы, Зікірия Есенәліұлы, Дондағұл Жұмағұлұлы қатысқан. Жиналысқа қатысқан болыстардың қатарында Қарғыбаның жас болысы Заманбек Мүрсәлімұлы, Базар-Баспан болысы Ыдырышұлы болған. Сол жиналыста жоғарыда аталған құрметті ақсақалдар Кистяковскийге майданға адам бермейтіндерін айтқан және барлық болыстардан адам беруге келіспеуді талап еткен. Семей округтық сотының Омбы облыстық соты прокурорына жіберген анықтамалық хатында бұл жағдай былайша суреттелген: «Мүрсәлім Бектенев қырғыздардың жанына жүгіріп келіп, оларды өкіметке бағынбауға шақырды, болыс Замамбек Мүрсәлімовты жағасынан алып, аулаға алып шықты. Осип Чернов Закария Есеналиннің шаруа басшысының кеңсесіне қол қоюға кіріп бара жатқан болыс Идрышевті жұлқып далаға алып шығып, қамшымен екі рет салып жібергенін көрген; Черновтың атйуынша, Есеналин, Бектенев және Дандағұл Жұмағұлов қарсылық көрсетуге шақырған; куәгер Иван Одинцов Есеналин, Бектенев және Жұмағұловтың қырғыздарды жұмысқа шақыру туралы жарлыққа бағынбауға табандылықпен үндегенін естіген, содан кейін жиналған қырғыздар тарап кеткен. Аталған Бектенев, Есеналин және Жұмағұловты қылмыстық жазалау заңының 264-бабы бойынша жауапқа тарту жөнінде 9-тамызда іс қозғалды» [3]. Бұл құжатта аталып отырған болыс Заманбек – Мүрсәлімнің баласы, 1914 жылы болыстыққа сайланғанда 25 жаста [4], ол Семей облысындағы ең жас болыс болған, демек 1916 жылғы оқиғалар кезінде ол өзінен үлкен болыстар мен ақсақалдардың ыңғайына қарап тыныш отырған болуы керек, соған ашуланған Мүрсәлім өз баласын жұлқып, сыртқа алып шыққан ғой. Құжатта аталған Идрышев – Базар болысының болысы, ол да 1914 жылы сайланған [5]. Сол жерде Дондағұл Жұмағұловты ұстап, түрмеге жапқан, бірақ айыбын мойнына қоя алмай 1916 жылдың 5-желтоқсанында оны босатуға мәжбүр болған. Омбы әскери прокуратурасы Дондағұл Жұмағұлов және басқаларға (Мүрсәлім Бектенұлы мен Зәкария Есеналин) қатысты айыптау заңының 13-ші және 264-баптары бойынша қозғалған істі тоқтатқан [3]. Ресей империясының «Қылмыстық және түзету жазалары ережелерінің» 13-бабы өздері қылмыс жасауға ниеттеніп, сол әрекетке басқаларды қатысуға үгіттеген адамдарды жазалау туралы болса, 264-бабы бойынша, өкіметке, билікке, патша жарлықтарын орындауға қарсы болған, қарусыз қарсылық жасаған, қарсылық көрсетуге шақырған адамдарға 12 жылдан 15 жылға дейін каторгалық жұмысқа жіберу жазасы кесілетіні бекітілген [6]. Осы құжаттардағы «Дандағұл» деп отырған адам – Дондағұл Жұмағұлұлы, оның баласы Қалимұса Дондағұлұлы 1915 жылы Базар-Баспан болысы болған [7]. (1937 жылы сталиндік жаппай жазалау науқаны кезінде Қалимұса Дондағұлұлын ұстап алып кетіп, атып тастаған, 1956 жылы жанұясына ақтаған құжат келген). 11-шілдеде Семей облысы әскери губернаторының орынбасары Г.А.Савримович Дала өлкесінің генерал-губернаторы Н.А.Сухомлиновқа Зайсан уезінің шаруа бастығы бес болыстан келген ақсақалдар мен болыстарға майдандағы қара жұмысқа қазақ жігіттерін алу туралы хабарлағанын және болыстар мен ақсақалдар хабарламаға қол қоюдан бас тартып, кетіп қалғанын, сондай-ақ кейбір кеткісі келмеген болыстарды күштеп алып кеткенін хабарлайды [1, 548-б.].
Петроградтағы Полиция департаментіне Семей облысының әскери губернаторы Ф.Ф.Чернцовтың жіберген жеделхатында 14-шілдеде Зайсан және Өскемен уездерінде наразылық толқыны етек алғаны туралы хабарланған [8]. Мүрсәлім Бектенұлы шілде айының 11-14 жұлдызы арасында халықты майданның қара жұмысына адам бермеуге шақырып, жасақ құра бастаған. Көкпектіден әскерді жылдам алып келуіне бөгет жасау үшін көтерілісшілер Көкпектіден Базаркаға дейінгі жолдағы телеграф бағаналарын құлатып, байланысты үзіп тастады. Семей округтық басшысының Дала өлкесінің генерал-губернаторына салған хабарламасында бұл оқиғаны былайша сипаттаған: Қараөткел стансасынан Базаркеге дейін жүргізілген телеграф сымдары бүлдірілген, бағанадағы ажыратқышты мылтықпен атып бүлдірген сияқты, ал сымдар созылған да, өткір қарумен кесілген және сымның ұзындығы 28 сажень бөлігін алып кеткен» [9]. Мүрсәлім Бектенұлының жасағына Зайсан уезінің Қарғыба болысы, Базар-Баспан болысы және басқа болыстарының жігіттері келіп жатты. Семей облысының әскери губернаторы Ф.Ф.Чернцов Дала өлкесінің генерал-губернаторы Н.А.Сухомлиновқа жіберген жеделхатында: «Зайсан уезі бастығының хабарлауынша, көтеріліске шыққан қазақтар ең басты жетекшісі Бектеневпен тауға жиналып жатыр» [10], – деп хабарлады. Мүрсәлім Бектенұлын ұстауға жіберілген жазалаушы әскер бөлімі ауылдарды аралап, ауыл адамдарын ұрып-соғып, 13 адамды тұтқындаған және олардан мылтық, найза, айбалта сияқты қаруларын тартып алған. 6-тамызда Мүрсәлім жасағының бір тобы мен жазалаушы әскер бөлімінің арасында шайқас болған, ол күні жазалаушы әскер кері қайтқан.
17-шілдеде Зайсан уезінің зиялы азаматтары мен ақсақалдары халықтың атынан патшаға қазақ жігіттерін майдан жұмысына шақыруды кейінге қалдыру туралы өтініш жазған. Бұл өтінішке жауап жедел келген де, жігіттерді майданға жіберу ісі кейіндетілген. 1916 жылдың 24-шілдесінде генерал-губернатор Н.А.Сухомлинов Семей облысының әскери губернаторы Ф.Ф.Чернцовқа Зайсан уезінен майданға адам жіберу ісі кейіндетілгені туралы хабарлап, егер осы уезден қырғыздар (қазақтар) жиналған болса, оларды үйлеріне таратуды бұйырған. Бұйрықта: «Жоғары жақтан келген осы мейірімділікті Зайсан уезінің қырғыздарына жедел хабарлау және орындау үшін мәлімдеп отырмын. Сонымен қатар осындай кейінге қалдыру мүмкіншілігін өлкенің басқа уездеріне де беру туралы өтініш бермекшімін» [1, 38-б.], – деген жолдар бар. Бұл құжат патшаға майданның қара жұмысына адам алуды кейіндету туралы өтінішті бүкіл Дала генерал-губернаторлығынан бірінші болып Зайсан уезінің зиялы азамттары жазғанын көрсетеді. Зайсан уезінің өкілдері патшаға тағы да хат жазған, бұл жолы жігіттерді майданның қара жұмысынан толық босатуды сұраған [1, 509-б.]. Алайда бұл мүмкін емес-тін. Зайсан уезіне берілген жеңілдіктен кейін Дала өлкесінің генерал-губернаторы патшаға ауыл шаруашылығындағы маусымдық жұмыс аяқталғанша жігіттерді шақыру жұмысын тоқтата тұру туралы өтініш жіберген. 31-шілде күні Дала өлкесінің генерал-губернаторы Н.А.Сухомлинов «патша 30-шілдеде патшазада Алексей Николаевичтің туған күніне орай бүкіл бұратаналарды майданға жіберуді 15-қыркүйекке дейін кейіндетуге рұқсат берді» [1,43-б.], – деп хабарлады.
Дала өлкесі мен Семей облысы басшыларының Зайсан уезінің қазақтарын майданға жіберу ісін кейіндетуді сұрауы тек маусымдық жұмыстарға байланысты ғана емес, осы уездегі көтерілістерге байланысты болуы да мүмкін, өйткені Зайсан уезіндегі қазақтар негізінен мал шаруашылығымен айналысқан, егіске қатысты маусымдық жұмыстар мұнда көп болмаған [11, 31-35-б.]. 19-шілдеде Семей облысының әскери губернаторыДала генерал-губернаторына Зайсан уезінде көтеріліс күшейіп келе жатқанын хабарлап, оларды бағындыру үшін қарулы орыс-казак бөлімдерін жіберуді өтінеді [12]. 21-шілдеде губернатор Ф.Ф.Чернцов Петроградқа Ішкі істер министрлігіне облыс жерінде қазақтардың толқулары күшейіп тұрғандықтан майданға қанша адам жіберетінін айта алмайтындығын хабарлады [13]. Омбы әскери округының штаб бастығы А.А.Таубенің 1916 жылдың 7-шілдесі мен 6-қыркүйегі арасындағы Семей және Ақмола облыстарында болған көтерілістер туралы анықтамалық жазбасында әуелі 25-шілдеде Зайсан уезіне, одан кейін 31-шілдеде барлық қазақтарға берілген қара жұмысқа шақыруды кейіндету туралы жеңілдік олардың патша жарлығын орындауға табанды қарсылық көрсетуіне әкелді деп көрсетілген [14]. 21-шілдеде генерал-губернатор Н.А.Сухомлинов Семей облысына орыс-казак бөлімдерін және сол жерде көтерілісті басып-жаншу әрекетін басқаруға генерал Ягодкинді жіберді. 24-шілдеде Көкпектіге орыс-казак бөлімі мен қару-жарақ жіберілді [15].
7-тамызда жақсы қаруланған орыс-казак бөлімі Мүрсәлім Бектенұлын іздеп, тауға беттеп келе жатып, Мүрсәлімнің негізгі жасағына қосылуға беталған мың адамдық жасақпен кездескен. Қазақ жасағының қоршап алуына жол бермей, орыс-казак жүздігі қаруы нашар қазақтарды үздіксіз оқтың астына алған. Шайқаста көтерілісшілер жағынан 20-ға жуық адам қаза тапқан. Семей облысының әскери губернаторы Ф.Ф.Чернцов бұл топтың да тауға Бектенұлына қосылуға бара жатқанын хабарлайды [10]. 13 тамызда толқулар Семей облысының бүкіл 5 уезін қамтып, күшейе түседі. 14-тамызда Мүрсәлім жасағы мен жазалаушы әскер бөлімі арасында шайқас болған. Көтеріліске қатысқан Көкжыра ауылының тұрғынының айтуынша, шайқас кезінде Мүрсәлім өз жігіттеріне «орыс әскерінің аттарын ғана атып, өздерін өлтірмеңдер, егер олар өлсе, ауылды қырып кетеді» деп бұйрық берген. Жақсы қаруланған және жаттықтырылған әскер тықсыра бастаған кезде, қаруы аз қазақ жасағы кеш қараңғысын пайдаланып, тауды беткейлеп, шегініп кеткен. Тау арасында түн ішінде жасақты қууға батылы бармай, казак бөлімі кері қайтқан.
Петроградтағы Полиция департаментінің Дала өлкесінің генерал-губернаторынан және Семей облысының әскери губернаторынан алған мәлімдемелері бойынша жинақтаған баяндамасында Зайсан уезінде толқулар айрықша қуатты болғаны атап көрсетілген. Полиция департаментінің мәліметі бойынша,18 тамызда Көкпекті ауданындағы толқу басылып, 6 болыстың басшылары майданға қара жұмысқа жігіттерді беретінін хабарлаған, ал Базар- Баспан болысының халқы бағынудан бас тартып, жігіттердің көпшілігі Хабар-Асуда шоғырланған жасаққа кеткен [16]. 23-тамызда Ф.Ф.Чернцов Дала өлкесінің генерал-губернаторына Базар-Баспан болысының қазақтарының көтерілісі әлі де басылмай жатқанын хабарлаған [17]. 26-тамызда Н.А.Сухомлинов Петроградқа Ішкі істер министрлігіне Зайсан уезінің Базар-Баспан болысының (құжатта «Баспанбазар болысы» деп жазылған. – Г.К.) қазақтары бағынудан табанды түрде бас тартып, Қытайға көшіп жатқаны туралы жеделхат жіберді [1, 558-б.]. Оыслайша Зайсан уезінен майданға қара жұмысқа жіберілетін жігіттерді жинаудың өзі көтеріліске байланысты ұзақ уақыт іске аспаған. Ақмола, Семей және Орал облыстарындағы ретсіз жағдайларды тексеру жөнінде тапсырма алған Ішкі істер министрлігі Кеңесінің мүшесі В.Г.Кондоидидің баяндамасында 6-қарашаға дейін Зайсан уезінен тізімге іліктірілген жігіттердің 10376-сы әлі келмегені, қара жұмысқа бар-жоғы 4 адам ғана алынғаны туралы мәлімет берілген [1, 503-б.].
Қарулы орыс-казак бөліміне қарсы шайқастарда жеңілетінін білгеннен кейін Мүрсәлім Бектенұлы жасақтың негізгі бөлігін үйлеріне таратып, өзінің сенімді жігіттерімен Қытайға өтіп кеткен. Мүрсәлімді ұстай алмай қалған жазалаушы әскер бөлімі оның баласы Қарғыба болысы Заманбекті тұтқындап әкетті. Әкесі ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшісі болғандықтан отарлық өкімет Заманбек Мүрсәлімұлын түрмеде тоғыз ай ұстап, тек патша өкіметі құлағаннан кейін, шамамен 1917 жылдың сәуір-мамыр айларында босатқан [18]. Кеңестік ғылыми және көркем әдебиетте қазақ бай-болыстарының осы көтеріліс кезіндегі пайда табуға тырысушылық, тізімді дұрыс жасамауы, пара алуы сияқты келеңсіз құбылыстарды тым әсірелеп, «қансорғыш, ашкөз, адамшылығы жоқ, пасық» болыстардың типтік бейнесінің жасалғаны белгілі. Сол бейне, сол көзқарас қазіргі кезде де көптеген еңбектерден ұшырасады. Ата-бабасынан бері болыс болып, ел басқарып келген Мүрсәлім Бектенұлының 1916 жылы майданның қара жұмысына қазақ жігіттерін жіберуден бас тартып, көтеріліс бастауы, оның баласы болыс Заманбек Мүрсәлімұлының тізімге қол қоймауы және әкесінің көтеріліс бастауы себепті патша түрмесіне отырғызылуы, Мүрсәліммен бірге сол алғашқы күні-ақ патша жарлығына қарсы шыққан Дондағұл Жұмағұлов пен Зікірия Есеналиннің де бай-болыс деп аталған категорияға жататыны осы бір қалыптасып қалған кеңестік таптаурын пікірді жоққа шығаратынын көреміз. Бай-болыстардың 1916 жылғы көтеріліске қатысуы тек бір ғана Зайсан уезімен шектелмейді, мұрағаттарды қазсақ, әлі де көп құпияның ашылатыны даусыз.
Қазақстан және басқа республикалардың тарихшылары кеңестік идеологияның шырмауында отырса да, 1916 жылғы көтерілістің ұлт-азаттық сипатын көрсетуден бас тартқан жоқ. Одан бергі кезеңде Орталық Азияның жас тәуелсіз мемлекеттерінің тарихшылары көтерлістің ұлт-азаттық сипатын баса айтып, көтеріліс тарихының «ақтаңдақтарын» толтыруға тырысты. Алайда кеңестен кейінгі кеңістіктің жеке елдері тарихшыларының бұл оқиғаға көзқарасы бұрынғыдай біртектес болған жоқ. Көтерілісті «бүлік» деп атап, оның ұлт-азаттық күрес ретіндегі сипатын жоққа шығарған, көтерілістің қоныс аударушыларға тигізген зардаптарын баса айтып, көтерілісшілердің көрген қиындықтары мен азабын көмескілеуге ұмтылатын еңбектер де кездеседі [19]. Бүгінгі күні баспасөз және интернет беттерінде 1916 жылғы көтерілісті ұлтаралық қақтығыс ретінде түсіндіретіндер де бар. Кейбір зерттеушілер көтерілістің себептерін Германия мен Түркияның тыңшыларының әрекеті деп түсіндіргісі келеді. Бұл идея бүгінгі күннің жаңалығы емес, сол 1916 жылы көтерілістің себебін түсіндіруге тырысқан империялық мекемелер қызметкерлерінің есепті баяндамаларында да осы ой орын алған болатын. Мысалы, Ішкі істер министрлігі Кеңесінің мүшесі В.Г. Кондоидидің 1916 жылдың 8-желтоқсанында Министрліктің басқармасына жіберген Ақмола, Семей және Торғай облыстарындағы көтеріліс туралы баяндамасынан мынадай жолдарды көреміз: «...Дала генерал-губеранторлығында қырғыз толқуларына немістердің арандатушылық әрекеттерінің қатысы бар деген сыбыстар да болмай қалған жоқ. Мұндай пікірді сенімді түрде қолдаушылардың қатарында Ақмоланың бұрынғы губернаторы Масальски-Кошуро бар» [1, 500-501-б.]. Ақмоланың губернаторы бұл пікірді айтумен шектелмей, кейбір жергілікті немістерді тұтқынға ала бастаған. В.Г. Кондоидидің баяндамасында мұндай әрекеттердің мүлде негізсіздігі атап көрсетілген: «Сібірдегі оралдық казак әскерлерінің атаманы және оның штабының бастығы да қырғыз қозғалысынан неміс және түрік (исламның негізінде) элементін табуға ұмтылған, алайда Омбы жандарм басқармасы бастығының көмекшісі ротмистр Демушкиннің осы мәселеге қатысты жүргізген тексеру жұмыстары аталған адамдарға тағылған айыптарды мүлде жоққа шығарды» [1, 501-б.]. Көтеріліс кезіндегі Семей облысы басщыларының көтерілістің себептерін түсіндіруге тырысқан құжаттарына қарасақ, олардың кейбіреулерінің көтерілістің себептері ретінде жер мәселесін атағанын байқаймыз. Жоғарыда аталған В.Г. Кондоидидің баяндамасында Семей облысының басшыларының көтерілістің себептерін қалайша түсіндіретініне тоқталған: «...қырғыздардың баяғыдан пайдаланып келе жатқан жерлерін тікелей Ресейден келген қоныс аударушыларға беру олардың Ресейге деген ашу-ызасын туғызды, олар тек осы сезімдерін білдірудің сылтауын күтіп отырған болатын. Сайлотов м. [мырзаның] бұл пікірі менімен кездескен барлық шаруа бастықтарының қызу қолдауына ие болды...» [1, 506-б.]. Көтерілістің себебі жергілікті халықтың жерден айырылуы екенін шетел зерттеушілері де атап көрсетеді [20].
Отандық зерттеушілер арасында бүгінгі күні 1916 жылғы көтеріліске қазақ зиялылары мен саясаткерлерінің қандай көзқараста болғаны туралы мәселе ерекше қызығушылық туғызып отыр. Көпшілік зерттеушілер көтеріліс қазақ зиялыларын екі жікке бөлгенін, еуропалық білім алған қазақ зиялыларының 1916 жылы халықты көтеріліске шығып, арандап қалудан, жазаға ұшыраудан, қантөгістен сақтандырғанын, ал радикалдық бағыттағы зиялылар тобының көтеріліске дем бергенін айтады. Кей жағдайда осы көтеріліске салқын қарап, ол халықтың босқа қырылуына әкелді деген пікірлер де кездесіп қалады.
Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс тарихын дүниежүзілік отарлық жүйе және ұлт-азаттық көтеріліс тарихының аясында алып қарасақ, онда біз ұлт-азаттық қозғалысының екі кезеңі туралы мәселені көтеруге тиістіміз. Ұлт-азаттық қозғалысының бірінші кезеңі стихиялық күрес кезеңі, бұл кезеңде күрес формасы тек қана көтерілістер болады. Көтерілістер әскери қимылдар жағынан мүлде жоспарланбаған немесе әбден ойластырылған, ұйымдасқан болуы мүмкін. Бірақ қалай болғанда да, бұл көтерілістер жеңіліске ұшырайды, өйткені қарулы көтеріліс оған қарсы империялық өкіметтің де қару жұмсауын тудырады, бірақ олар халықтың санасын оятуға, оның тәуелсіздікке ұмтылысын күшейтуге ықпал етеді. Екінші кезең ұлт-азаттық қозғалысының саяси күрес деңгейіне көтерілуімен сипатталады, бұл ұлттық саяси қайраткерлердің, саяси партияның пайда болуымен байланысты. Осы тұрғыдан алғанда еуропалық білім алған қазақ зиялыларының көтерілісті қолдамауы, ұлттық тәуелсіздікке парламенттік әдістермен жүргізілетін саяси күрес арқылы жетуге ұмтылуы – заңды құбылыс. Демек 1916 жылғы көтеріліс Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысының екі кезеңінің тоғысында болды, көтерілісті бірінші кезеңнің – стихиялық көтерілістер кезеңінің – соңғы оқиғасы, соңғы нүктесі деп бағалауға болады. 1916 жылғы көтеріліс империялық өкіметтің Дала өлкесі мен Түркістандағы отарлық саясатының тым күшейіп кетуінен туды, 25 маусымдағы патша жарлығы көтерілістің себебі емес, түрткісі, сылтауы болды. Көтерілістің сипатын анықтауда әлеуметтік күрес немесе ұлтаралық қақтығыс элементтерін іздемей, ұлт-азаттық сипатына айрықша мән бергеніміз дұрсы болар еді. Жақында ғана баспасөзде Қазақстандағы 1916 жылғы көтерілістің ұлт-азаттық сипатын анық түрде атап айтқан профессор Т. Омарбековтың сұқбаты шықты. 1916 жылғы көтерілісті зерттеген шетелдік тарихшылар оны қазақ, қырғыз, тағы басқа халықтардың ұлт-азаттық күресінің бір белесі ретінде қарайды. Неміс тарихшысы Й. Хаппель өзінің осы мәселеге арналған монографиялық зерттеуінде көтерілісті Орталық Азия халықтарының тәуелсіздік жолындағы күресі ретінде сипаттап, көтеріліс жеңіліп қалған соң, қазақ, қырғыз және басқа Ресей мұсылмандары 1917 жылы тәуелсіздік мәселесін халықаралық деңгейде көтеруге тырысқанын айтады [21, 15-19-б].
Дала өлкесі мен Түркістандағы 1916 жылғы көтерілістің қаншалықты қанат жайғанын бүкіл Еуропа елдерінің елшіліктерінің өз елдерінің сыртқы істер министрліктеріне Ресей империясындағы осы дүмпу туралы үнемі жеделхаттар жіберіп отырғанынан да көруге болады. Мысалы, Германияның Мәскеудегі, Вашингтондағы, Пекиндегі елшілерінің Берлинге жіберген жеделхаттарында көтерілістің аса кең қанат жайғандығы және жергілікті халықтың Қытайға өтіп кетіп жатқаны туралы хабарлар 1916 жылдың тамыз-қараша айлары арасында үнемі келіп тұрған [22].
Егер 1916 жылғы көтерілісті жалпы әлемдік отарлық жүйе тарихының аясында алып қарасақ, онда оны Үндістандағы көтерлістермен салыстыруға болар еді. Үндістанда болған 1857-1859 жылғы көтеріліс осы ел отар болып тұрған кезде «сипайлар көтерілісі» деп аталатын, Индия тәуелсіздік алғаннан кейін осы көтерілісті зерттеуге айрықша көңіл бөлінді. Индия тарихының қазіргі тарихнамасында бұл «үнді халықтық көтерілісі» деп аталады. Әрине, бұл көтеріліс тарихына қатысты пікірталастар да жеткілікті болды. Бірақ үнді тарихшыларының барлығы бұл көтерілісті Индияны азат ету күресінің маңызды белесі деп бағалайды. 1955 жылы Тарихи құжаттар комиссиясының 31-конгресіне қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде оның президенті 1857 жылғы көтеріліс тарихына қатысты жүздеген зерттеулер жазылса да, бұл оқиғаға әлі объективті тарихи баға берілген жоқ, өйткені осы зерттеулердің барлығы британдық тұрғыдан жазылған деген еді [23]. Содан бері бұл мәселе кең зерттелді, бірақ зерттеулер әлі де жалғасуда, соңғы 10 жылда тек ағылшын тілінде ғана 20-дан астам монографиялық зерттеулер шықты.
1916 жылғы көтеріліс тарихын зерттеу әлі толық аяқталған жоқ. Бұл еңбекте біз көтеріліс тарихын терең түрде зерттеу мақсатын қойған жоқпыз. Біздің мақсатымыз – қазақ халқының «бай-болыс» деп аталып, кеңестік кезеңде тоталитарлық биліктен зорлық-зомыбылық көруінің үстіне идеологиялық бағыттағы ғылымнан да «жәбір» көрген топтары өкілдерінің 1916 жылы байлығына да, билігіне де қарамай, халқымен бірге болғанын көрсету ғана еді.
Әдебиеттер
1. Восстание 1916 года в Средней Азии и Казахстане. Сб. документов. – М.: Изд-во АН СССР, 1960. – 794 с.
2. Ресей мемлекеттік әскери-тарихи мұрағаты, 400-қор, 1-тізбе, 4544 (2)-іс, 64-65-пп.
3. Омбы облысының мемлекеттік мұрағаты, 190-қор, 1-тізбе, 352-іс, 3-4-пп.
4. ҚРОММ, 135-қор, 1-тізбе, 608-іс, 45-п.
5. ҚРОММ, 15-қор, 1-тізбе, 1565-іс, 2-п.
6. Уложение о наказаниях // Свод законов Российской империи. Т.15. – СПг., 1912 (репринтное издание). – С.2, 29.
7. ҚРОММ, 15-қор, 1-тізбе, 327-іс, 55-п.
8. Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағаты, 102-қор, 1916-тізбек, 130-іс, 35-п.
9. ҚРОММ, 64-қор, 1-тізбе, 1303а-іс, 226-п.
10. ҚРОММ, 64-қор, 1-тізбе, 1303а-іс, 380-п.
11. Материалы к сельскохозяйственному районированию Семипалатинского округа . – Семипалатинск, 1930. – 86 с.
12. ҚРОММ, 64-қор, 1-тізбе, 1303а-іс, 152-153-пп.
13. РФММ, 102-қор, 1916-тізбе, 130-іс, 56-п.
14. РФММ, 102-қор, 1916-тізбе, 130-іс, 505-п.
15. ҚРОММ, 64-қор, 1-тізбе, 1303а-іс, 196-п.
16. РФММ, 102-қор, 1916-тізбе, 130-іс, 35-36-пп.
17. ҚРОММ, 64-қор, 1-тізбе, 1303а-іс, 444-445-пп.
18. ҚРОММ,135-қор, 1-тізбе, 608-іс, 23-п.
19. Ганин А.В. Последняя полуденная экспедиции Императорской России: Русская армия на подавлении туркестанского мятежа 1916-1917 гг. // Русский Сборник. Исследования по истории России. Том V. – М.: «Модест Колеров», 2008. – С. 152-214.
20. Ueda A. How did the Nomads Act during the 1916 Revoltin Russian Turkistan? // Journal of Asian Network for GIS-based Historical Studies. – 2013. – Vol.1. – P. 33-44.
21. Happel J. Nomadische Lebenswelten und zarische Politik. Der Aufstand in Zentralfsin 1916. – Stuttgart:Franz Steiner Verlag, 2010. – 378 S.
22. Politisches Archiv des Auswärtigen Amts (Berlin), R 11071, Bd.7: Telegramm, A 35816, Einzifferung. Waschington, den 30.Dezember 1916. Graf Bernstorff u.z.w.
23. Presidential address at the 31st session of the Indian Historical Records Commission, Mysore, January 25, 1955 // http://inc.in/resources/speeches/196-1857:-The-Need-For-A-New-Evaluation.
G.K. Kokebayeva
Doctor of History, Professor
Department of World History, Historiography and Source
Al-Farabi Kazakh National University
Almaty, Kazakhstan; kokebayeva@mail.ru
The uprising of 1916: a view from XXI century
There is a crisis in the development of historical science in post-soviet area that is related to objective and subjective factors. The objective reasons are connected with the withdrawal from Soviet-Marxist formational theory and the search for new methodological approaches. The subjective reasons include a continuous refusal of some historians to abandon idea of Russia’s civilizing mission policy in Central Asia, Kazakhstan, the Caucasus and other colonial outskirts of the Russian Empire, the deliberate distortion of history of people living in those regions. Debates begin every year among historians of post-Soviet republics due to anniversaries of historical events. The exception was not even a widely studied event as the uprising of 1916 in Kazakhstan and Central Asia. In the article an attempt on the basis of analysis of unrest in 1916 in Zaisan district is made to show groundlessness of assertions of the Soviet period about social character of the uprising of 1916. According to the author, the uprising of 1916 holds a character of national liberation. The uprising completed the first stage – the stage of spontaneous struggle – in the history of national liberation movement in Kazakhstan.
Keywords: national liberation movement, an uprising, a social movement, a rebellion.
Г.К. Кокебаева
Д.и.н., профессор
кафедры всемирной истории, историографии и источниковедения
Казахского национального университета им. аль-Фараби
Алматы, Казахстан; kokebayeva@mail.ru
Восстание 1916 года: взгляд с XXI века
В развитии исторической науки в постсоветском пространстве наблюдается кризис, связанный с объективными и субъективными факторами. Объективные причины связаны с отходом от советско-марксистской формационной теории и поиском новых методологических подходов. К субъективным факторам относятся упорное нежелание некоторых историков оказаться от идей цивилизаторской миссии политики России в Средней Азии, Казахстане, Кавказе и других колониальных окраинах Российской империи, сознательное искажение истории народов этих регионов. Каждый год в связи с памятными датами исторических событий начинаются дискуссии межу историками постсоветских республик. Исключением не стало даже и такое широкоизученное событие, как восстание 1916 года в Казахстане и Средней Азии. В статье на основе анализа волнений 1916 года в Зайсанском уезде сделана попытка показать необоснованность утверждений советского периода о социальном характере восстания 1916 года. По мнению автора статьи, восстание 1916 года носит национально-освободительный характер. Восстание завершило первый этап – этап стихийной борьбы – в истории национально-освободительного движения в Казахстане.
Ключевые слова: национально-освободительное движение, восстание, социальное движение, мятеж.
Достарыңызбен бөлісу: |