ГЛОССАРИЙ
«Әлеуметтану ғылымы, оның объектісі мен пәні» тақырыбы бойынша глоссарий Әлеуметтану - қоғамның даму заңдылықтарын, қоғамдағы әлеуметтік құбылыстарды, әлеуметтік процестерді, әлеуметтік байланыстарды, әлеуметтік топтарды, әлеуметтік институттарды, әлеуметтік қатынастарды зерттейді және зерттеу барысында нақты фактілерді жинап, оны талдап, соның негізінде ғылыми қорытындылар жасайды. Әлеуметтану бір сөзбен айтқанда қоғамды зерттейтін ғылым.
Әлеуметтік қиял - өміріміздегі шынайы жағдайларға қарапайым әлеуметтік құрылымдар тұрғысынан қарау мүмкіндігі. Ол жеке қиындықтарды қоғамдық проблемалар ретінде көруге көмектеседі.
Әлеуметтану категориялары – қоғам өмірі, әлеуметтік шынайылық туралы негізгі түсініктерді ұғыну мен жалпылау деңгейін сипаттайтын барынша әмбебап, іргелі ұғымдар, олардың априорлық маңызы бар және тәжірибелік білімді жүйелеуге және ұйымдастыруға көмектеседі.
Ұғым – дүниені танып-білу сатысындағы белгілі бір тұтастықта қарастырылып отырған заттың мәнін оның қалыптасу тәсілін анықтау арқылы олардың теориялық танымының формасы. Ұғым объектілердің жалпы және ерекше белгілерін көрсете отырып, ғылым мен пән аясында өз алдына бөліп алып саралайды. Процесс (лат.processus - өту, жүру) – құбылыстың заңды, дәйекті өзгерісі, оның басқа құбылысқа көшуі (Даму). Әлеуметтік әрекет - әдетте адамның қажетінен туындайтын, өзге адамдардың әрекетімен байланысты болатын, басқалардың мінез-құлығына бағытталған, оларға ықпал жасайтын және өз кезегінде ол өзгелердің мінез-құлқының ықпалын басынан кешіретін адамның саналы әрекеті.
Әлеуметтік нормалар – адамдардың іс-әрекетін, қоғамдық өмірді белгілі бір мәдениет құндылықтарына сәйкес және қоғам тұтастығын, тұрақтылығын нығайтатын мінез-құлық, стандарты реттейтін ереже.
Макро және микро әлеуметтану - әлеуметтанудың түрлі деңгейлері. Макроәлеуметтану – бүкіл қоғамды тұтастай алып және үлкен әлеуметтік топтардың, қауымдастықтардың және олардың өзара әрекеті деңгейлерінде жүргізілетін әлеуметтану зерттеулері болып табылады. Микроәлеуметтану – тұлғаның, ұсақ әлеуметтік топтардың және олардың өзара әрекеті деңгейінде жүргізілетін әлеуметтану зерттеулері.
Қоғам - өзара байланысты, бір-біріне әсер ететін әлеуметтік құбылыстар мен процестер жиынтығынан тұратын әлеуметтік жүйе. Қоғамның құрамдас бөліктеріне индивидтер, әлеуметтік институттар мен ұйымдар, топтар мен қауымдар, байланыстар мен әрекеттер, нормалар мен құндылықтар, өзара қарым-қатынастар, т.б. жатады.
Әдебиет:
http://kazneb.kz/site/catalogue/view?br=147318
Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі [Мәтін] / К. Биекенов, М. Садырова - Алматы: Сөздік-Словарь, 2007
https://sozdikqor.kz/search?q
Sozdikqor.kz порталы - әртүрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялардағы сөздер.
https://openu.kz/kz/book/oksford-leumettik-gylymdar-sozdigi
Әлеуметтік ғылымдар сөздігі. Редакциясын басқарған К.Калхун. Oxford, 2002 Ұлттық аударма бюросы. Нұр-Сұлтан, 2019 ж.
https://openu.kz/kz/book/aleumettanu-negizderi
Бринкерхоф Д., Уейтс Р., Ортега С. Әлеуметтану негіздері: Оқулық. 9-басылым. Ұлттық аударма бюросы. Астана, 2018 ж.