Гүлсім Оразалықызы Нұртас Оңдасынов туралы естеліктер



бет11/21
Дата23.10.2016
өлшемі5,93 Mb.
#75
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21

(Ө. ЖӘНІБЕКОВТіҢ

"Алды-артыма қарайлап өмір кештім"

кітабынан алынды

"Арыс " баспасы, Алматы, 1999 жыл).

Өзбекәлі ЖӘНІБЕК,

мемлекет және қоғам қайраткері
ТАБИҒАТЫНАН ЖАҢАШЫЛ АДАМ
Енді ғана ауызға ілініп, бой түзей бастаған жастык шақтан-ақ, маған қатарынан оқшаулана көрінетін тағы бір тұлға Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов болды. Онымен таныстығым 1961 жылы Атырауда өткен облыстық комсомол конференциясына қатысқан кезден басталған болатын. Конференция ашылар алдында Нұрекең маған:

— Сен, балам, өзің қанша сөйлейтін ойың бар, ал маған қанша минут сөйлеуге рұқсат етесің? — деп жымиып күлді.

— Маған 20 минут сөйлесем жеткілікті болар, ал Сізге, елдің ақсақалына 30 минут сөйлеген жөн, — дедім қалжыңға қалжыңмен жауап қайырып.

— Онда келістік. Ал, енді кеттік конференцияға, — деп мені ығыстыра, өзінен бұрын сахнаға (президиумға) шығарып жіберіп, қасына отырғызды.

Конференция шамасына қарай қызғылықты өтті. Облыстық комсомол комитетінің жұмысына әркім өз деңгейінде баға беріп жатты. Маған кезек келгенде байқаңқырамай 27 минут сөйлеппін. Ал, облыстық партия хатшысы Атырауда қалыптасқан жағдайдың жай-жапсарын ортаға салам деп, бәлкім бұл қағазға қарай бермей сөйлегендіктен де болар, жастармен сұхбатын созыңқырап алғанына қымсынып қалғандай еді.

Қандай қарапайымдылық десеңші! Сонша ыңғайсызданатындай ештеме болған жоқ еді. Қойған мәселелерім тым келелі болғандықтан, оларды жас ұрпақ өкілдерінің көңіліне құюдың онан да "күрделірек" болатынын біздер, жастар арасында сөйлеуге дағдыланғандар жақсы түсінетін едік.

Арада бірнеше жыл өтті. Жолым түсіп, іссапармен Мәскеуге барғанда ауруханада емделіп жатқан Сақан Құсайынұлынан (Торғай облысының хатшысы) төртінші қабаттағы бір палатаға Н. Оңдасыновтың келіп түскенін естіп, сәлем бергелі кірсем, Нұрекең үйінен келген дәмді қалжалап отыр екен. Менің келгеніме қуанғандығын жасыра алмай, қасында отырған ұлына: "Скандер, сен осы жігітпен жақын қарым-қатынаста болшы", — дей берді. Ол болса, Арқалықтан келген қыр қазағымен танысып не мән табамын дегендей, әкесінің тілегіне құлшынған пиғыл көрсете қоймай, кастрюлін тор қалтасына салып шығып кетті.

Сол жолғы әңгімеміз ауруханада болса да ұзаққа созылды, әрі-беріден соң көне тарихқа көше бастадық.

— Сен осы Тәуке ханның "Жеті жарғысы" дегенді естіп пе едің? — деп менен "емтихан" алмақ болып күлімсірей қалды.

— Е, неге білмейін, қазіргі қазақ оны "жеті бап", "жеті қағида", "жеті түрлі заң" деп біледі. Қайсыбір ғалымдардың осылай ұғындыруына мен де иланғандаймын. Әйтсе де, менің пайымдауымша, мұндай сөз тіркесі "жеті" деген сан есімнен емес, "жете" ұғымынан — "қауым", "мемлекет" деген көне түсініктен туындаған болса керек. Яғни, "Жеті жарғы" — мемлекеттік жарғы (заң) деген мағына беретін болар, — дегенімде ақсақал ризашылығын білдіріп, арқамнан қақты.

Нұртас Дәндібайұлы – көз майын тауысып, бақандай бір институттың талай жылдар істейтін жұмысын ақысыз, қаражатсыз жалғыз өзі тындырып (осындай әңгімені атамыздың тұңғыш редакторынан естігенім бартын), инемен құдық қазғандай болып, "Арабша-қазақша", "Парсыша-қазақша" сөздіктер құрастырып, адам, жер-су аттарына да түсініктеме берген ғұлама іспетті зерттеуші. Кейіннен өсіп жетілген жас ғалым Әбсаттар Дербісәлиев Нұрекеңнің жазғандарының жекелеген кемшіліктерін көрсетіп, мерзімді баспасөзде пікірін ортаға салғанда, оған атамыздың қуанғанын көрсең. Өзін сынайтын шығыстанушының пайда болғанына асқан қанағаттанғандықпен ризашылығын білдірген еді. Бірде сол Әбсаттар екеуміз үйіне барып, сәлемдескенімізде тағы да осы бір жайға қайта оралып, шүкіршілігін айтты.

Бір жылдары сол сөздіктерін баспаға даярлау үшін Н. Оңдасынов Алматыға оқтын-оқтын келіп жүрді. Қонақ болуын өтініп, үйге алып келдім. Нұрекеңнің әңгімесі кәусар бұлақтай бір таңға таусыла қоймайтын. Әрі-бері әңгімелескеннен кейін, біресе мен ол кісіні мейманханасына дейін, біресе ол мені біздің үйге дейін шығарып салып жүріп, сағатыма қарасам, таңғы 4-ке жақындап қалған екен. Көне түркі мәдениетіне меңзейтін Түркістандағы Әзірет Сұлтан қорығы, ондағы Ахмет Йассауи сәулет ғимараты жайлы ұзақ әңгіменің ырғағына түсіп кеткен екенбіз.

— Шіркін-ай, егер алпысты енді ғана тамамдаған болсам, сол музей-қорығына директорлықты өзім-ақ сұрап алып, қолғабысымды тигізген болар едім, — деген өкінішін де сол жолы өзінен естіген едім.

Н.Оңдасыновтың үкімет басшысы болып жүріп, онан кейін де атқарған қоғамдық, ғылыми жұмыстарын көпшілік жұрт біле бермейді. Көзі тірісінде ақсақалдың шығарған кітаптарының негізінде баяндама жасатып, ғылыми дәрежеге ие болуына көмектесу де, Қазақтың ұлттық университетінің құрметті профессорлығына ұсыну да ешкімнің, тіпті менің де ойыма келмепті. Қазір оның үйіндегі аса бай кітапханасының хал-ахуалынан да бейхабармыз.

Жауыз Голощекиннен кейін партия басшылығына келген Л.И. Мирзоян (оны қарапайым қазақ асқан құрметпен "Мырзажан" деп атайтын болған) ендірген тәртіп бойынша Орталық Комитеттің бюро мүшелері көркемөнердің жекелеген салаларының қызметіне жауап беріп қана қоймай, олардың ойдағыдай дұрыс бағытта дамуын, жұмыс стилін жақсарта түсуін, ұлттық кадрларының өсіп-жетілуін қадағалап отыруға міндеттенетін болған.

Үлесіне кино өнері тиген Нұрекең Біріккен Одақтық киностудияның соғыс жылдарында Алматыда жұмыс істегенін "Абай әндері", "Райхан" сияқты қазақ көркем фильмдерін шығару, ұлттық кино қызметкерлерін даярлай бастауды қолға алу секілді игілікті істерге пайдалана білген. Тіпті "Қазақфильм" киностудиясының негізі сол кезде қаланғанға ұқсайды.

— Біздер Қазақстанда тұратындықтан, ең алдымен менен бастап, осы елдің түпқазығы болған жергілікті ұлтының тілін үйренейік, — деген екен Л. Мирзоян. Сол кезден бастап бізде қоныс тепкен ұлыстардың қазақ тіліне жетік өкілдерінің жалақысына он проценті мөлшерінде үстеме қосылатын тәртіп енгізілген екен. Оған 1944 жылы Оңдасынов тыйым салған дейді.

— Нұреке, мұны қалай түсінуге болады?

Нақтылы сұрағыма нақтылы жауап алғандай едім:

— "Айран ішкен құтылар, шелек жалаған тұтылар" деген осы екен, балам. Соғыс кезінде қаражат жетіспеді. Ішкі мүмкіндіктерді іздестіруге тура келгендіктен бюрода арнайы мәселе қарап осындай шешімге келгеніміз рас. Мұның өзі "уақытша қабылданған шара боп табылсын және соғыс аяқталысымен қайта қалпына келтірілетін болсын" деген қаулы алынды. Сол үшін бүгін мені айыптауға да, балағаттауға да болады. Соғыстан кейін уақыт талабына сай заман өзгере бастады. Алдыңғы шепке халық шаруашылығын қалпына келтіру және дамыту мәселелері шықты. Тың игеру, екпінді құрылыстар, ирригация және су шаруашылығы, мал шаруашылығын өркендету көтеріліп келе жатты...

Осыны айтып Нұрекең үндемей қалды.

Әрине, бұл орайда Н. Оңдасынов Үкіметке басшылық еткен жылдардың аса қиын кезеңмен тұстас келгенін естен шығаруға болмайтын еді. Нұрекең табиғатынан жаңашыл адам болған. Атырауда обком хатшысы болып қызмет істеген кезінде қаланы көгалдандыру мәселесін қолға алады. Бұған толық мүмкіндіктер бар екенін дәлдеп, нақтылы іске кірісіп те кеткен. Алғашқы 300 түп алма ағашын жұртқа өзі басшылық етіп отырғызған екен.

"Кейіннен оның кеңейтіле бастағанын да көрдік, жемісін де жедік", — деп жазады Саламат Мұқашев өзінің естелігінде. Игілікті бастаманы қызу қолдап, конференцияға, сессияға, пленумға келетіндер де, әр түрлі жиындарға шақырылатындар да түгелдей, тобын жазбай алдымен ағаш отырғызуды әдетке айналдыра бастайды.

Өкінішке орай, мұндай ұлағатты іске облыстық кеңес төрағасы қарсы шығып, "Атырауда ағаш өспейді, қыруар қаржы бостан-босқа топыраққа көміліп жатыр" дегенді айтып, жоғарыға арыз түсіреді. Екі басшының арасы алшақтап, жұмысқа залал келтіре бастаған соң, Орталық Комитет обкомның бюро мүшелерін түгелдей Алматыға шақырып алып әңгімелескенде, олардың барлығы Н. Оңдасыновты қостаған пікірлерін ортаға салысқан екен.

Атырауда бау-бақша, әр түрлі көкөніс өсіру осылай қалыптасыпты.

Соңынан, Нұртас Дәндібайұлына нақақтан-нақақ жабылған тағы бір жаланың куәсі болдық. Ол Әзілхан Нұршайықтың "Аңыз бен ақиқат" деген кітабына енбей қалған тарауының Оңдасынов дүние салғаннан кейін мерзімді баспасөзде жарық көруімен байланысты еді. Шатты-бұтты пікір айтылғандықтан кезінде оны бар жауапкершілікті өзіне алып, Баспа істері жөніндегі Мемлекеттік комитеттің төрағасы Шериаздан Елеукеновтің келісімімен "Жазушы" баспасы басылымнан шығарып тастаған екен. Бәлкім оны Оңдасынов білмеген де болар. Нұршайықтың суреттеуінше (мұнысын ол Бауыржан Момышұлына сүйеніп айтқан едім дейтін құсайды) Нұрекең жігерсіз, лауазымды орынға жайғасып алған жауапсыз, алдын ала дайындап берген қағазды ғана оқи алатын, есесіне өзгеге мін таққыш, карта құмар, бір сөзбен айтқанда, бойында іліп алар қасиеті жоқ, еліне еңбегі сіңбеген біреу болып шыққан.

Жазушының айтқандарынан, шынында да, ақиқаттан гөрі долбар, әділетті шындыққа үйлесе қоймайтын тұспал көрініп тұрғандай еді. Бауыржан Момышұлы мен Оңдасыновтың арасындағы түсініспеушілік (егер ол шын мәнінде орын алған болса) Баукеңнің "қырық төртінші жылы маған оңбаған, ұлтшыл деп айып таққандардың бірі — сол кісі" дегенінен басталған болса, бұл жерде Оңдасыновтың да жалғыз емес, көптің бірі екенін Момышұлының өзі де мойындап отырғанын, албырттықпен айта салғанмен сабасына қайта түсуді ыңғайластыра алмай, "арғы тегі адам болғандықтан, біздің бұрынғы премьер де осылай жаңылуға, адал адамды жазықсыз кінәлауға тиіс болған шығар" дегенін неге ескермеске.

Менің мәселенің бұл жағына көңіл аударып отырғанымның басты себебі: 1991 жылдың сәуір айында ғой деймін, республикалық баспасөзде Ж. Әзіретбергенов пен Г. Оразалиеваның "Аңызы қайсы, ақиқаты қайсы?" деген ашық хаты жарияланғаннан кейін бұл ақсақалымыздың тағы да "қосымша" жадығаттар жинап, бұл жолы Орталық Комитеттің өзіне жауап хат жолдағанымен байланысты еді. Онда біз сияқты партия қызметкерлерінің арына тиетіндей етіп, "шамасы аталмыш ашық хаты алдын ала ЦК-ның батасын алғандықтан басылып шыққан болар" деген жорамал айтқан екен.

Кәдімгі "жазғыштардың" біреуді біреуге соқтығыстырып, жұғыстырып жүретін әдетімен Оңдасынов екеуміздің Оңтүстіктен екенімізге емексітіп, көрбілте сәуегейлікке салынып отырғаны тайға таңба басқандай еді.

Тіпті, сол "талмұтта" Нұрекеңнің Мәскеуге бара жатқанда тырнағын боятқысы келіп, ұшағын жолшыбай Ташкентке "қондырғаны" да сөз болған еді. Ау, ол өзі Үкімет басшысы болса, шынымен-ақ, тырнағын боятқысы келсе, Алматыда-ақ немесе Қазақстанның Мәскеудегі тұрақты өкілінің мекен-жайында-ақ жасатып алуына болатын еді ғой, осынша төмен құлдырайтындай Әзекеңнің басына не күн туған деген қалың ойдың қаумалауына қалып қойыппын.

"Жауап хат" иесінің талап етуімен оның жазғанын газетте жариялайық дегенімде "Егемен Қазақстанның" бас редакторы Шерхан Мұртаза үзілді-кесілді қарсы болды:

Айта көрмеңіз, егер мен Нұршайықтың айтқандарын газет бетінде жариялайтын болсам, айдан анық етіп, қатаң түсініктемемен қоса бастырамын. Қайта-қайта ауруханаға түсіп жүрген шалыңыз аяғын созып қалуы мүмкін. Тегі, мені осындай шетін мәселемен қыстамағаныңыз жөн болар, — дегенді айтып, хатты маған қайтарып жіберіпті.

Автордың егер хат мерзімді баспасөзде жарияланбайтын болса, Орталық Комитеттің архивінде қалсын деген өтінішін ескеріп, арнайы тәртіп салып бердім. Солай бола тұра, жазушының өзімен кездеспек болып іздестірсем, қайтадан ауруханаға түсіп қалған екен. Сонда барып жүздесуге тура келді. Ақсақалдың көңілі босап:

— Осыған дейін үш рет инфаркт болғанда басшылардан ешкім келіп хабар алған жоқ еді. Сіздің келгеніңізге риза болып, бір жасап қалғандаймын, — деп мені құшақтап, көзіне жас алды.

— Әзеке, біз келмейік демейміз ғой, бірақ білмей қаламыз. Ол үшін айыпқа бұйырмассыз. Расында ауруханаға барып, сіз сияқты белгілі адамдардың көңілін сұрап тұрғанға не жетсін. Тек, күндіз-түні бірдей тыным таппай, шапқылап жүретін біз сияқтыларда ондай мүмкіндік бола бермейтіні тағы бар.

Науқастанып, ауруханада жатқан адамға не айта қояйын. Әйтсе де топсалап, қазір "қайта құрылу" заманы, жариялылық та керек-ақ, ақпарат құралдары бұрынғыдай насихат бөліміне иек арта бермейді, редактордың қандай мақаланы басам десе еркі бар дегенімде, тегі қу адам ғой, қайда емексіп отырғанымды түсіне қойды да: "Е, солай ма, мен мұны білмеппін", – дегенді айтты.

"Білмесе білмеген шығар" деп, мен де орнымнан тұрдым.
(Автордың

"Алды-артыма қарайлап өмір кештім"

кітабынан алынды

"Арыс " баспасы, Алматы, 1999 жыл).
Саламат МҰҚАШЕВ,

мемлекет және қоғам қайраткері
АРТЫНДА ӨШПЕСТЕЙ ІЗ ҚАЛДЫРҒАН
Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновты алғаш көргенімде жүзі суықтау екен, мінезі қатты болар деп ойлағанмын. Алайда, кейіннен өзімен тікелей кездесіп, әңгімелескесін Нұрекеңнің кішіпейіл, қарапайым, ақкөңіл адам екеніне көзім жетті. Нұрекеңнің кәріге де, жасқа да "еке" дейтінін байқайтынмын. Бірде маған да қайта-қайта "Саке" деп отырды. Мен онысын ерсілеу көріп, ұялғаннан: "Нұреке, жолыңыз да, жасыңыз да үлкен менің есімімді атасаңыз қайтеді", — деп күмілжідім. Сонда ол: "Егер менің жасым кіші болса, не лауазымым төмен болса, “Нұртас" демекшімісің”, — деп жымия күлді де, әңгімесін жалғастырды. "Бұл әдетімнен зиян шеккенім де бар. Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Пантелеймон Понаморенко "Панеке" дегенімді "Пан" деп түсініп, едәуір шамданып, бюро мәжілісінде өгіздей өкпесін жариялап, кешірім сұрауымды талап еткесін, ол сөздің мән-жайын әдейі түсіндіруге мәжбүр болғанмын", — деген-ді.

Нұрекең өте таза адам еді, оның ақтығы мен пәктігі жөнінен Атырауда аңыздар да айтылады.

Нұрекеңнің қайын шешесі қайтыс болғанда, бір сауда мекемесінің бастығы Нұрекеңе қонақты болып жатырсыз, шамалап азық-түлік апарып тасталық дегенде: “Менің жалақым сенікінен 1,5 есе артық қой, дүкендегі бар тағамды өзіміз сатып алармыз, рахмет”, – десе керек.

Бір кездесу есіме жиі түседі. Мен кәсіподақтар кеңесінің төрағасы ретінде қазіргі Құрманғазы ауданында жергілікті комитеттердің қызметкерлерімен семинар өткізіп жатқанымда ауданға обкомның бірінші хатшысы келіпті дегенді естіп, әдейі барып, кәсіподақтың активімен кездесуін сұрадым. Нұрекең өтінішімді қабылдап, жиналыста сөйлеп, біраз ақыл-кеңестерін айтты. Әсіресе, маскүнемдікпен күресу жөнін көп әңгімеледі. Атыраудан ауданға жеткенше жолдың екі бетінде арақтан босаған шөлмектердің көптігін айта тұрып: "Бір жағынан ол бөтелкелер ақша емес пе, қанша тұрады өзі?" — деп сұрағанда мен отырып: "20 тиын", — дедім. Сонда Нұрекең: "Міне, арақ ішетін кісі бәрін біледі", — дегенде тыңдаушылар ду күлді, ал, менің қызарып кеткенімді бәрі байқапты.

Тағы бір дерек есіме түседі. КСРО Жоғары Кеңесіне депутаттыққа кандидат етіп Клара Бекешева деген жұмысшы қызды ұсынарда шамалы кедергі кездесті. Онымен әңгімелескенде әкесінің кім екенін, оның өмірбаянын айтудан бас тартыпты. Осы мәселені талқылап, маған және КГБ-ның бастығы Мырзамсейіт Жангелдиновке үш күннен соң ұсыныс енгізуді тапсырды. Уәделі мерзімде келіп, Бекешеваның еңбектегі жетістіктері, тәртібі туралы анықтама бердім. Мырзекең сәл кешікті. Ол келгенше Нұрекең бір әңгіме айтты: "Қазір КГБ-ның жұмысы жеңілденді ғой, ертеде қиын болатын. Мысалы, мен Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып істеп жүргенімде өзімнің көмекшімді бақылаушы етіп қойыпты, ай сайын ақпар беріп тұруды тапсырыпты. Жәрдемшім: “Сіздің үстіңізден өсек тасығанша бұл жұмыстан кетейін”, – деп жылады. Мен: Кетпе, НКВД-ның айтқанын бұлжытпай орында, қайда барғанымды, не істегенімді, айтқанымды ұмытпай хабарлап тұр, – дедім. Көмекшім (ұмытпасам Әбілғазин деген сияқты) солай істепті. Мен ертелетіп кеңсеге, кешке үйіме барамын, ресми әңгімеден басқа ештеңе айтпаймын, менен не тапсын", — деген-ді.

Мырзекең де жақсы мінездеме беріп, Клара депутаттыққа өтті.

Нұрекең жауапты жұмысқа әйелдерді тартуға құмар-тын. Олар жұмысқа сендерден ұқыпты дейтін. Әсіресе, совхоз, колхоз директорлығына әйелдерді іздейтін. Қазақстанда обкомның бір хатшысы, әр ауданның бір басшысы әйел болуы туралы ұсынысты кезінде осы кісі-Оңдасынов енгізген дегенді еститінбіз. Ал, іс жүзінде оның өз облысымызда жүзеге асырылғанының куәгері болдық.

Қазақстан Кәсіподақтар Кеңесінің бұрынғы хатшысы, Атырау облысында жауапты қызметтер атқарған, зор беделге ие болған, халқы қадірлеген Әленова Өзира, мұнай кәсіпшілігіне директор болған алғашқы әйел Жұмағалиева Балжан, көп жылдар облыста халық ағарту жұмысын басқарып, ұстаздарға ұстаз болған Дүтбаева Қатира, Мұсағалиева Сара, Жоғарғы Кеңестің депутаты, облыс хатшысының орынбасары болған Бекешова Клара, облыстық жастар Одағын, Кәсіподақ Кеңесін басқарған Ғабдісәлімова Мадина, Теңіз және Ембі аудандарының атқару комитеттерінде парасатты басшылық еткен Сабырова Миллят, совхозға директор болған Масатова Жапырақ сияқты Нұрекеңнің кезінде көзге түсіп, лауазымы көтерілген Атыраудың ардақты арулары аз емес.

Нұрекең қандай мәселе қарамасын, оның байыбына бармай, егжей-тегжейіне жетпей, терең зерттемей шешім қабылдамайтын. Талай рет теңіздің суы көтеріліп, кеме аударылып, қарлы боран соғып, апат болған жағдайлар кездесті. Сондай, көлденеңнен тап болған күрделі мәселелерді талқылағанда олардың себебін дәл анықтап, тікелей кінәлілердің атын атап, әділ сынайтын, өте қатты ұрсатын. Бірақ, шамасы келгенше партиядан шығармауға, жұмыстан босатпауға, сотқа жолдамауға тырысатын.

Бірде мен аупарткомның бірінші хатшысы ретінде келіп, Нұрекеңе жағдайды баяндап, ірілендірілген колхозға басшы болатындай маман тауып беруін өтіндім. "Оны қайдан іздеймін?" — дегенде, – “Артта қалған шаруашылыққа баратын бір патриот табылатын шығар“, – дедім. Нұрекең сәл үндемей отырды да: "Қаныш Сәтбаев есіме түсті. Ол кісі көмек сұрай келгенде бәрін өзі даярлап, қаулыны жазып, қол қоятын тұсын ғана көрсетіп тұратын. Бірде Мәскеуде Қанекең келіп, сіздің жәрдеміңіз қажет болып тұр деді. Түстен кейін екеуміз Ғылым академиясының Президентіне бардық. Мәселе — Республикалық Академия құру жөнінен. Сіз бастайсыз, мен қоштаймын, деректер мен дәлелдемелер мынау деп біраз құжаттарды қолыма ұстатты. Айтатын сөзіме дейін аузыма салып берді. Соның арқасында мәселеміз оңды шешілді", — деп, менің өтінішіме көшті. «Елге танымал, ұйымдастыру қабілеті зор, тәжірибесі мол облыстағы белді азаматтардың бірі — Құлқайыр Оспановқа қолқа салып көрейін», – деп уәде берді. Солай болды да.

Нұрекең кадр мәселесіне өте мұқият қарайтын. Сенім көрсетуге болады-ау деген жастарды әдейі үйретіп, сынақтан өткізіп, даярлап, әбден иін қандырып алып жауапты лауазымға ұсынатын. Бұл жөнінен көп мысалдар келтіруге болады. Колхоз төрағасы Сағидолла Құбашев облыстық және Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланды, оған қоса обкомға және ЦК-ға мүше болды. Жергілікті "айтқыштар" селсовет пен ауаткомға, колхоз парткомы мен аупарткомға мүшелігін есептеп, Сағидолла төрт советке, төрт парткомға мүше болды деп әңгімелейтін. Көп кешікпей оның да құпиясы ашылды. Облаткомның төрағасы басқа қызметке ауысқанда Құбашев оның орнына оңай сайланды. Нұрекеңнің әріден ойлайтынын осыдан-ақ көруге болар еді. Үлкен кісінің әлденеше рет: — Әр басшы өз орнына резерв даярлауға міндетті, — дегенін естігенмін. Соған қарай Сәкеңді өзінің ізбасары еткісі келген шығар деп ойлағанмын, сол кезде.

Нұрекең зейнет демалысына шыққаннан соң кездескенде кадр жөнінен кейбір айтылмаған сырын ашқаны бар. Атырау облысының экономикасында өнеркәсіп, әсіресе, мұнай өндірісі басымырақ болғандықтан, обкомның бірінші хатшылығына мұнайшы дайындауды да көздепті. Оған Жылыой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, білікті де білімді инженер Рақмет Өтесіновті лайықты деп тауып, оны обкомның өнеркәсіп бөліміне меңгеруші етіп тағайындайды, ендігі кезеңде — обкомға салалық хатшы етпекші екен. Алайда, оған мүмкіншілік берілмегеніне өкініпті.

Сондай-ақ, жоғарғы партия мектебін бітіріп, ЦК-ның жолдамасымен келген Ахмед Жәкенұлы Мұқашевтың іскерлігіне, тазалығына күмәнданбайды. Бірақ, Петропавлда туып-өскен, орысша оқыған, қазақша білігі шамалы болғандықтан ауданнан өткізіп алғысы келіпті. Өкінішке орай, ол мақсаты да орындалмапты. Ол кісіні обкомның идеология жөніндегі хатшылығына, не облаткомның төрағасына орынбасар етпекші екен.

Мені де ауданға жіберуді Нұрекең күн ілгері жоспарласа керек-ті. Ол кезде аудандарға уәкілдер жіберіп тұратын науқанды әдет болатын. Ауданға сирек баратын басшыны халықпен байланысын үзген деп жазғыратын. Ал, мені үнемі Жылыой ауданына жібереді. Бөлім меңгерушілерімен, хатшылармен келісіп, басқа ауданға жазылсам да, тізімді Нұрекеңе апарғанда өзгереді де кетеді. Мұның да себебін бір жылдан кейін Жылыой аупарткомына бірінші хатшы етіп сайлағанда білдік қой.

Нұрекең Атырау мен Маңғыстау өңірінде өшпестей із қалдырды. Бірнеше канал қаздырып, бөгеттер тұрғыздырып, малдың жазғы жайылымын, қыстағын кеңейтті. Соның арқасында төрт түлік түгел өсті. Аралтөбе су қоймасын салуды Үкімет қаулысына енгіздірді. Маңғыстауда ұлу тасты тиімді пайдалану, мұнай мен газдың мол көзін табу т. б. күрделі мәселелерді шешуге басшылық етті. "Ақтау" қаласының атын қойған Нұрекең болатын. Кейіннен "Шевченко" болып өзгерді, енді еліміз егемендік алғасын қаланың қазақша аты қайтарылды.

Нұрекең мәдениет саласына да көп көңіл бөлетін. Өнер адамдарына үнемі қамқор болып жүретін. Осыған орай бір мысал. Нұрекең зейнеткерлікке шыққасын он жылдан кейін, менің обком хатшысы болып істеп жүргенімде телефон шалып: "Шырағым, менің Атыраудан кеткелі арқалап жүрген борышым бар еді, соны сен өтесең қайтеді", — деді. “Нұреке, Атыраулықтар, (оның ішінде бәріміз де бармыз) өзіңізге борышты болар, айтыңыз, Сіздің тапсырмаңызды орындау біз үшін мақтаныш қой”, - дедім. "Жарайды, рахмет, молда бол, айтайын. Атырауда Раушан деген қобызшы болды ғой, өзің де білетін шығарсың. Ол - жергілікті қыздарды үйретіп, қобызшылар тобын құрып, оркестр ұйымдастыруға зор ықпалын тигізген-ді. Сол қызыма құрметті атақ беретін уақыт жетті, сен осы мәселені шешуге тырысшы", - деді. “Нұреке, Раушан қазір Алматыда тұрады, дегенмен өзіміз ұсыныс енгізіп, республика басшыларына барып, қолдан келетін шараларымызды атқарармыз”, - деп, бұрынғы бастығымды сендірдім. Сәті түсіп Раушан Нұрпейісова "Республикаға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері" деген атаққа ие болды. Оны естіген Нұртас Дәндібайұлы алғысын айтып, батасын берді.



Әбдуәли ҚАЙДАРОВ,

академик

«ҰСТАЗ ІЗДЕП ЖҮРМІН...»
Бүгінде өзін сыйлай білетін әрбір қазақ азаматының үйіндегі кітап сөресінен орын алып тұратын 12 томдық «Қазақ энциклопедиясы» мен 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», 5 томдық Ш.Уәлиханов шығармалары қатарынан қазақ, араб, парсы (түсіндірме, анықтама) сөздіктерін де кездестіруге болады. Өйткені, 70-80 жылдары бірінен соң бірі дүниеге келіп, қазақ лексикография саласында елеулі оқиға болып саналатын бұл «Сөздіктерден» «зиялымын» деген азаматтың көз жазып қалуы мүмкін емес.

Міне, сол том-том («Арабша-қазақша түсіндірме сөздік», 1969, «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік», 1974, «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік», 2 том, 1984, 1989, т.б.) қызығы мен машақаты мол еңбектердің авторы – Нұрекең (Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов) болатын. Бүгінде марқұм, кезінде өзінің барлық саналы өмірін, бойындағы күш-жігерін, ақыл-парасатын өз халқының қам-қажетіне жұмсай білген, оның ауыр жүгін қара нардай арқалап өткен азамат, мемлекет қайраткері Нұрекеңнің жасы 60-тан асып, көп бейнеттің бір зейнетін көруге қадам басқан алғашқы күннің ертеңінде-ақ тағы бір ғажайып өмірі – ғылыми шығармашылық өмірі басталып кеткен еді. Жоғарыда айтылған том-том сөздіктер, міне, оның сол «екінші өмірінің» жемісі еді.

Мен Нұрекеңнің осы еңбектеріне қатысым болған­дықтан солар туралы жадымда қалғандарымды қағазға түсіріп, естелік ретінде қалдырғым келеді.

Мен өз басым ол кісіні сырттан жақсы білсем де, жақыннан таныс болуым, жиі араласуым жоғарыда аталған сөздіктерді шығаруға байланысты болды. Бұл таныстық бара-бара аға-іні арасындағы сыйластыққа, сырластыққа ауысқан еді.

Нұрекеңмен мені ешкім таныстырған жоқ, біз өзіміз таныстық, дәлірек айтсам, Нұрекеңнің өзі мені академияға іздеп келіп танысты. Бізді бірден жақындастырып кеткен «Арабша-парсыша-қазақша түсіндірме сөздігі» жайындағы ортақ әңгіме болды. Сол кездесуде біз көп әңгімелестік. Әңгімесі қандай сыпайы да әсерлі еді. Үлкен басын кішірейтіп, баласындай адамның алдына келіп: «Қартайсам да өзіме ақылдасар ұстаз іздеп жүрмін...», - деп бастаған керемет сөздері мені қалай баурап әкеткенін байқамай қалдым. Дегенмен, Нұрекеңнің бұл сөзінде, бұл келісінде мән бар екенін сездім.

Нұрекең бір сөзінде осы біз отырған академияның зәулім биік сарайының алғашқы іргетасы үшін қазыла бастаған үлкен шұңқыр табанына үкімет адамдарымен (ол кезде Нұрекең Қазақстан Министрлер Кеңесінің төрағасы болатын) келіп, «Қазақ ғылымы күмістей таза болсын!» деген тілекпен күміс тиыннан шашу шашып, ақ батасын бергенін айтты. Міне, бүгін сол ғимараттың табалдырығынан имене аттап кіріп, алдымда отырған абзал ағаның сыпайылықпен «ұстаз іздеп жүрмін!» деген сөзін естігенде жан дүнием тебіреніп кеткенін жасыра алмадым.

Әлі есімде, біз сонда Нұрекеңнің жаңа шыққан сөздігі жайында ауызша да, газет беттерінде де айтылып жатқан пікірлерді сөз еттік. Қағаз бетінде қуанышын білдіріп, құптап жатқандармен қатар, біреулердің: «Қарай гөр, мемлекет ісін тындырып тастағандай, енді ғылыммен шұғылданған екен ғой!» – деп, сырттан қағытқан қаңқу сөздері («ел құлағы – елу емес пе?») Нұрекеңнің құлағына да шалынған екен. Ал өзін тілдің көсемі санайтын кейбір ағайларымыз: «қартайғанда ермек табылмағандай, бізге әліппені қайта үйреткісі келетіндер де табылады...» – деп, әр жерде ашық айтып жүрді.

Осыларды есітіп, көңілі жабығып жүрген Нұрекең «жасымның ұлғаюына қарамай алдыма үлкен мақсат қойып, сөздік жасауға қызыға кірісіп кеттім... Бірақ осынау бір қызығы мен қиындығы бара-бар жаңа тірлігімнің аяғы немен бітпек?» деген мазасыз сұраққа жауап іздейтіндей сыңай танытты. Мен де оны түсіндім. «Жоқ, Нұреке, алған бетіңізден қайтпаңыз. Қобалжуға себеп жоқ. Қолыңыздан келетінін көрсетіп отырсыз ғой...» – деп, өзімше кеңес беріп, көңілін күдіктен арылтқандай болдым.

Кім біледі, жан дүниесі алай-түлей, жолайрығында тұрған жолаушыдай Нұрекеңе әлгі сөзім қамшы, дәтке қуат болды ма, әйтеуір бойы сергіп, шабыттанып, менің жұмыс бөлмемде біраз ары-бері жүріп ойланды. Жасы үлкен адамның балаша қуанып, іштей қайраттанғанын көру қандай ғанибет!

Нұрекең сол жолы менімен қоштасарда «ал, балам, енді маған ұстаз боласың!» деп, батпандай ауыр жүкті үстіме арта салды да, ««Сөздіктердің» ендігі басылымдарына редакторлық жаса» деп, бір-ақ кесті.

Амал жоқ, келісуге тура келді. Әрине, менің редактор ретінде Нұрекеңе берген кейбір ақыл-кеңестерім болмаса, нақтылы жәрдемім көп емес. Өйткені, Нұрекең шет-жағасын айтсаң болды, істің бәрін өзі тындыратын.

Шынында да, дәл сол сияқты сөздіктер қазақ тілінде бұрын-соңды болған жоқ еді. Сондықтан ең басты қиыншылық араб пен парсы сөздерінің ара-жігін ажыратуға, олардың түпнұсқадағы мағынасы мен қазақ тілінде қалыптасқан мағыналарын саралауға байланысты еді. Бұл тілдерді өзінше оқып үйренген Нұрекең тұрмақ, ғұлама ғалым, мамандардың өздеріне де оңай іс емес еді.

Келесі шығатын «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздіктің» қолжазбасымен танысып, ескерілуге тиісті кейбір пікірлерімді ақылдасу, ұсыныс, ой салу ретінде мен Нұрекеңе жазып бердім (мүмкін ол Нұрекеңнің архивінде сақталған да шығар). Бір ғажабы, Нұрекең әрбір пікірге өте жауапты қарайтын еді және оны тек өз ой елегінен өткізіп, дұрыстығына көзі жеткенде ғана қабылдайтын. Мәселен, мен өзімше дұрыс деген біраз ұсынысымның екеуін ғана қабылдаттым. Оның бірі – сөздік соңынан индекс (сөз тізімін) беріп, сөздердің кездесетін беттерін көрсету. «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздікте» де (онда индексті өзім жасаған едім), екі томды «Арабша-қазақша түсіндірме сөздікте» де индекстер беріліп, керек сөзді іздеп табуға жеңілдік туған сияқты. Екінші – кейінгі екі томдық сөздікте араб сөздерінің айтылуын латын әріптерімен (транскрипцияны) өте шеберлікпен орындап шыққандығын атап өту артық емес. Соның нәтижесінде сөздіктің ғылыми-практикалық мәні арта түсті деп есептеймін.

1974 жылы көп машақаттан кейін «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік» «Қазақстан» баспасынан жарық көрді. Осыған байланысты (өзінің зейнетақысы есебінен) Алматыға келген Нұрекең сөздіктің сүйінші данасына төмендегі сөздерді жазып, қуаныш үстінде маған тапсырған еді:


Ардақты ұстаз – редакторым Әбекеңе!

Менің азды-көпті еңбегімнің жемісті болуына қамқорлығыңыз үзілмесіне сенген шәкіртіңіз

Н.Оңдасынов

Москва. 26.01.1974 ж.
Бұл, әрине, мен үшін үлкен мәртебе. Мұны мен кезінде Нұрекеңнің ақ батасы деп қабылдағанмын.

Осылай, Нұрекеңнің сөздіктер жасау жұмысы өзіне тән шабытпен, сирек кездесетін еңбексүйгіштікпен жалғаса берді. Оның 5 том сөздігі үздік-создық ширек ғасыр бойы шығып жатты. Бірақ Нұрекең қазақ тілінің лексикалық байлығының үлкен бір саласы болып саналатын араб, парсы сөздерінің қойнау-қойнауларын қалдырмай тінтіп, маржандай тірнектеп жинап, тәптіштеп зерттеуін бір күн де тоқтатқан емес, оларды сөздік қорына қосып, хаттай берді.

Шынында да, Нұрекеңнің еңбексүйгіштігі, «еңбек тәртібі», өз ісіне деген жауапкершілігі мен педанттығы аңыз қылып айтып жүретіндей.

Қай жылы екені есімде жоқ, мен жолым болып Мәскеуге бара қалдым. Телефон соғып, Нұрекеңе сәлем бердім. Қояр да қоймай үйіне шақырды. Бардым, көп отырып әңгімелестік. Шай беріп, кіріп-шығып жүрген жеңгеміз Валентина Васильевна сонда маған шағым айтқаны: «Мына үлкен кісіге айтып кетіңізші, өзінің зейнеткер екенін ұмытып кетеді, баяғысындай таң ата тұрады. Кабинетіне тура 9-да барып, жұмысын бастайды, түс кезінде тамақ ішу үшін үзіліс жасайды да түстен кейін сағат 6-ға дейін тағы қозғалмай отырады. Бұл не сұмдық... Сізді тыңдауы мүмкін ғой... айтып кетіңізші», - деп жалынғандай болды.

Не айта қоярсың Нұрекеңе. Ол өз өмірінің мәнін осы жұмысынан көріп отырғанын түсіну қиын емес еді.

Ойлап қарасақ, жасының ұлғайған шағында, денсаулығының төмендігіне қарамай, ертегілердегі тау арқалайтын дәулердей, соншама зіл батпан жүкті жалғыз өзі арқалап, оның барлық тауқыметін өзі ғана көтеріп, діттеген межесіне жеткізіп, бір өзі бір ұжымның ісін тындырғанын айту ғана оңай, бірақ бұл – әркімнің қолынан келе бермейтін ғаламат зор еңбек.

Осы еңбек кезінде дұрыс бағаланған жоқ деп ойлаймын. Бұл тәрізді мол дүниенің тіл табыстарына тосыннан келіп қосылғандығынан ба, әлде сөздіктердің арасы үздік-создық шыққандығынан ба, әлде Нұрекеңнің тым алыста жүріп, «көзден таса – көңілден жырақ» болғаны ма, әйтеуір, тіл мамандары ағынан жарылып, оның әділ бағасын бере алмаған сияқты. Әлі де кеш емес, пікірлер айтылар. Себебі, Нұрекеңнің сөздіктері тек араб, парсы сөздерінің жай түсіндірмесі ғана емес еді. Мұндағы тілдік деректердің біразы тілімізде бар болса да, 10 томдық сөздікке кірмей қалған сөздер. Мәселен: шағал (қасқыр тектес жыртқыш), шыр (арыстан), шахмаран (жыландар патшасы), қалаңдар (ел кезуші, дәруіш), т.б. араб, парсы сөздері сөздікте өз сипатын тапқан.

Бұл сөздіктердің тағы бір құнды жағы – онда бастан-аяқ этимологиялық анықтамалар беріліп отыруында. Мәселен: пәрең, перен, берен деген парсы сөзі қазақ эпосы тілінде пәрен-жаулық, пәрен мылтық, берен сауыт түрінде көп кездеседі. Осы сөзді Нұрекең Еуропада жасалған дүниелердің (мата, тері, зат, т.б.) ортақ атауы деп түсіндіріп, пәренменен белдіктеп, шұғаменен желдіктеп, мақпалменен терліктеп, айылды жұптап салады... («Қыз Жібек») сияқты мысалдар дәлелдеп отырады. Сол сияқты қалжа деген парсы сөзінің о баста «кесек ет» болып, біздің тілімізде «босанған әйелдерге сойылатын малдың еті» болып, ауыспалы мағынасында қолданылуын автор дәлелдей түсу үшін Л.Будаговтың пікіріне сілтеме жасайды.

Осының бәрі бұл еңбектердің жай сөздіктерден деңгейінің әлдеқайда биік екендігін көрсетеді, ал Нұрекеңнің өте білікті маман екендігін мойындауымыз керек еді. Бірақ «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» дегендей, Нұрекеңнің өзінің тіліне деген қабілетін сөздік жасау тұсында да, жалпы сөз жасампаздығымен де әр кезде таныта да, мойындата да білді. Қарап отырсақ, көптеген сөздердің (мыс., үкімет, өкімет, ғылым, ілім, оқулық, т.б.) «тұсауын кесіп», өмірге жолдама берген Ісләм Жарылғапов, Әбдуәли Қарағұлұлы, Мұзафар Әлімбаев сынды сөз жасампаздарының қатарында тұрған шығармашылардың бірі болды. Ол туралы Нұрекең жария қылуды ұнатпайтын. Бірақ Нұрекеңнің артында қалған лексикология саласындағы тындырған істері мен сөздік жасау тәсілдері, бай картотекалық мұрасы болашақ ұрпақтың назарынан тыс қалмайтынына сенім мол. Жақсы қартаюдың ғана емес, өле-өлгенше парасат тұғырынан түспей, ғұлама ретінде биіктен көріне білудің де үлгісін паш етуді бәріміз Нұрекеңнен үйренуіміз керек. Өз басым егер о бастан-ақ биік мансап пен мәртебе Нұрекеңнің қолын байламаған болса, ол әйгілі тілші ғұламалардың бірі болары хақ еді деп ойлаймын.

Ең соңғы айтарым: ғылымға кеш келгендіктен бе екен, әйтеуір, инемен құдық қазғандай осынау бір ауыр тіршіліктің онсыз да тауқыметін тартқан Нұрекеңнің алдынан тоқсан тоғыз тосқауылдың орағыта бергенін біз көзімізбен көрдік, көрдік те қоғамдағы осы бір әділетсіздікке іштей налыдық. Олар не еді? Кешегі ел аман, жұрт тынышта бір кезде үкімет басы болып, құрметке бөленген адамның азын-аулақ еңбегін кітап қып шығаруда қаншама кедергілер болды: біресе «сөздіктің қажеті жоқ», біресе «қағаз жоқ», біресе «қаржы жоқ» - әйтеуір, айтылмаған сылтау қалмаған еді. Осының бәрін, әсіресе, сол кездегі (1971-1972) «Қазақстан» баспасының өзіне істеген қулық-сұмдықтарын Нұрекеңнің өзі ғана алған бетінен қайтпайтын қайсарлығымен, табандылығымен жеңіп шыққан болатын. Мақсат, мүдде үшін күресудің шынайы үлгісін мен Нұрекеңнен осы тұста байқадым. Сол кезде алысудан шаршап, айласы таусылған Нұрекеңе қол ұшын беріп жәрдемдескен Мемлекеттік жоспарлау Комитеті мен Кітап шығару басқармасының жауапты қызметкерлері Ғарай Сағымбаев пен Мұқа Сужиковтей азаматтарға Нұрекеңнің атынан күні бүгін де алғысымды айтқым келеді.

«Өткен іске салауат» демекші, сөйтіп жүрген Нұрекең де дүниеден көшті. Оның үлкен жүрегінің тоқтауымен бір мезгілде қазақ тілі үшін үлкен бір игілікті іс те тоқтады. Алайда, Нұрекең қалдырған мәдени мұра келешек ұрпақтың кәдесіне асып, сонымен бірге мәңгі жасауы сөзсіз.

Абзал азамат, ақылгөй аға Нұрекең жөнінде жанымды көптен мазалап жүрген осынау бір жүрек сырын естелік етіп қалдыруды өзімнің аға алдындағы қарызым деп санаушы едім. Иншалла, мұның да сәті келді.

Марқұмның аруағы риза болғай! Әумин!
Айтбай АЙҒАБЫЛҰЛЫ,

ғалым, доцент



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет