Гүлсім Оразалықызы Нұртас Оңдасынов туралы естеліктер



бет14/21
Дата23.10.2016
өлшемі5,93 Mb.
#75
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   21

Атырау, шілде, 2006 жыл.
МАҚАШ РАХМЕТОВ,

КСРО Құрметті мұнайшысы
БАЙЫБЫ КҮШТІ БАСШЫ

КазГУ-де оқыдым. Қазақ басшыларынан Оңдасынов пен Шаяхметовты ғана білетінбіз. Ел арасында түрлі сөздер жүре береді ғой, сонда Оңдасыновты өте қатал адам екен деп есітетінбіз. Атырауға келгенде басқаша әңгіме шықты, өте қарапайым, беттен алып, төске шауып тұрған жоқ, өте байсалды адам болып шықты. Алдына қандай шаруамен барсаң да қабылдайды, тыңдайды, қисынды болса қолынан келгенше көмектеседі.

Шынымызды айтсақ, Оңдасыновтың облысқа келгеніне біріміз қуансақ, біріміз ренжідік. Ел билеуде тәжірибесі мол адамның келгеніне, артта қалған Гурьевті енді көтеретін болды деп қуандық. Ол кезде әлі жағдайымыз жақсара қоймаған кез болатын. Жаппа үйлерде тұратынбыз, ауыл-ауылдың арасында жол жоқ, күн көріске жарайтын жұмыс та аз... Жоғымыз осылай жалғаса береді.

Ал, ренжігеніміз, он үш жыл Қазақстан Үкіметін басқарған адамды сонша төмендетіп, сонау бір шалғайдағы, өзі экономикасы төменде қалған облысқа жібергеніне, қысқасы, Оңдасыновтың халыққа еткен еңбегін дұрыс бағаламағанына қынжылдық. Бұның бәрі Мәскеудің әрекеті екенін түсіндік те.

Жылдар өткен сайын Оңдасыновтың аулымызға келгеніне шын мәнінде қуандық. Себебі, елдің жағдайы бірден жақсара бастады. Қойнау-қойнауда жатқан малшыларды аралап, мұқтажын өтеді. Елдің әлі есінде, бірнеше вагон кесе-шәйнекті Мәскеуден сұратып, мұнайшыдан бастап малшыларға дейін қарық болғанымыз.

Келе салып, облыстағы бар кәсіпшілікті, әсіресе, мұнай өндіріп жатқан орындарға барып танысты. Мұнайшылардың тұрмыс жағдайын өз көзімен көрді. Халықтың жоғын, қажетін табуға талпынды, тікелей өзінің ескі достарына шығып шеше беретін болды. Бұны бізге бірге қызметтес болғандар аңыздай етіп айтатын.

Кадр мәселесіне көп көңіл бөлді. Елдің жағдайы басшыға байланысты екенін білетін Оңдасынов келе салысымен кадрларды іріктей бастады. Артынан шұбыртып ешкімді өзімен алып келген жоқ, жергілікті жердің адамдарын өсірді. Бұл Нұрекеңнің ұлылығы еді. Кейіннен сол Нұрекең өсірген адамдар Қазақстанды биледі.

Мысалы, қараңыз, колхоздың бастығы болып отырған жерінен Сағидолла Құбашевты облиспалком төрағасы етті. Бұл тарихта болмаған шешім. Біраз жылдан соң Құбашев Қазақстан Компартиясының екінші хатшылығына дейін өсті. Саламат Мұқашевты ең үлкен Жылой ауданына хатшы етіп қойды. Ол кісі Қазақстанның Кәсіподақ Комитетін қаншама жыл басқарды емес пе.

Мен Оңдасыновтың тұсында, яғни, 1959 жылы барлауда жұмыс жасайтынмын. Қысы-жазы құмы суырылған даладамыз, мұнай іздейміз. Облыстан тым қашықтағы Жаңа су дейтін жерде барлау бөлімінің бастығымын. Бір күні сонау шалғайға, бізге облыстың үшінші хатшысы Әлсейтов пен Жылой ауданының бірінші хатшысы Ерқожа Тауманов екеуі келіп тұр. Мұндай қызметтегі адамдар өмірі бізді бұлай іздеген де, елеген де емес. Таңырқап қалдық. Сөйтсек, Оңдасынов оларды арнайы жіберіпті, геологтардың жағдайларын, тұрмыстарын біліп келіңдер деп.

Геологтарда мынадай жағдай бола береді, жапан далада мұнай іздеп жүріп басқа облыстардың жеріне өтіп кетеді. Егер басқа облыстың жерінен мұнай тапсаң солар ие болып шыға келеді. Бар шығынды шығарып, барлау жұмысына жағдай жасап отырған облыс далада қалады. Міне, Оңдасынов, біріншіден, сондай оқиға болып қалмасын деп, екіншіден, егер де ондай оқиға бола қалғандай болса геологтар, мұнайшылар қараусыз қалып жүрмесін, онсыз да аз мамандық иелерінен айрылып қаламыз деп, жіберген ғой әлгі басшыларды. Қараңыз, қандай қамқорлық. Басшы ретінде, тіптен адам ретінде өз міндетін қалай түсініп тұр десеңізші?! Өз өмірімде мұнайшыларға деген қамқорлығы мол мұндай басшыны көрген жоқпын.

Оңдасыновтың тағы бір керемет басшылығы – мұнайшылар балаларына мектеп ашуы. Баламызды оқытамыз деп кейбір мұнайшы, барлаушылардың жұмыстан кетіп қалғандары да болды. Кадрды тұрақтандыру мақсатында бала саны толмаса да, заңға томпақ келсе де, өзім жауап беремін дей тұрып бастауыш кластарды аштырды. Оған мұғалімдерді барлаушы мен мұнайшылар әйелдерінен тапты, оқуға жібертті. Дәрігерлерді де солай таптық.

Ж.Досмұқанбетов, С.Өтебаев, Е. Тасқынбаев, Е.Тауманов бәрі де байырғы мұнайшылар, бәрін де басшы қызметке тартқан Оңдасынов еді. Қазақтың «басшы оңбай, қосшы оңбайды» деген сөзін мығым ұстанған, сөйтіп, талай жасты тәрбиелеп, қосшылықтан Қазақстанды билеген басшы жасаған ұлы тұлға, Оңдасынов деген. Өкінерім, сондай адам әлі өз биігінде дәріптелмей, айтылмай жатыр. Бұл орайда «Мұнайшы» қорына рахмет айтамыз дағы.



Атырау, шілде, 2006 ж.

ШОПАНҒАЛИ ДӘУЕНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

КӨПТІ КӨРГЕН, ӨМІРДІ БІЛГЕН БАСШЫ
Маңғыстауды, мұнайды көтеру керек дегенді Нұртас Оңдасынов келген күннен бастап айтты. Өндіріс өссе, халықтың тұрмысы жақсаратынын ол кісі біліп тұр, оған соншалықты көңіл бөлуінің сыры да сонда. Негізінде Маңғыстаудың мұнайын іздеу, барлау керектігін ол кісі Үкімет басшысы болып тұрғанда, елуінші жылдар басында көтерген. Сол мақсатта Маңғыстауды, Үстірт үстін түгел аралап, бар жағдайға өзі қанығып қайтқан. Осыдан кейін Маңғыстау даласын геологтар қаптап кетіп еді. Бірақ, артынша Қазақстан мемлекет басшылары ауысып, Оңдасынов Үкімет басшылығынан түсіп, барлау мен бұрғылау бәсеңсіп қалған-ды. Сол кезде бастаған ісін жалғастырудың сәті түскендей болып, Оңдасынов Гурьевке келе салысымен мұнай іздеуді қолға алды. Әуелі, ғалымдардың басын қосып, 1959 жылы Бүкілодақтық ғылыми-конференция өткізудегі мақсаты да мұнайға қарай бет бұрыс жасау болатын.

Нұрекең Гурьевке басшы болып келгенде мен облыстық «Социалистік құрылыс» газетінде ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі едім. Маңғыстауды көтеру керек, мұнайды табу керек деумен бірге Нұрекең ауыл шаруашылығына да көңіл бөлді. Оның себебі бар. Қырық тоғызыншы жылы қатты суық болып Атырау мен Маңғыстау өңірінің малы қырылып, тіптен таяғын ғана ұстап қалған қойшылар болды. Сол малдың орнын толтыру үшін істі жаңаша ұйымдастыру керек болды. Мал басын көбейтуге байланысты Оңдасынов өткізген бар шараларға біз қатысып отырдық.

Алғаш көргенім 1955 жылы қаңтар айында Есбол ауданында (қазіргі Индер ауданы) сауыншылардың үлкен жиыны өтті. Сонда Оңдасынов сөз сөйледі. Аспай-саспай, ойын байыппен жеткізеді екен. Көтерген мәселесі – халықты сүтпен және жеміс-жидек, көкөніспен қамтамасыз ету болды.

Облыста озық екі шаруашылық болатын, бірі - «Бақсай» қаракөл совхозы, екіншісі - «Перодовик» колхозы. Сол жолы осы аудандағы «Перодовик» колхозына барып, жоспарды үнемі асыра орындап отырған ең үздік сүт фермасын барып көрдік. Жаңадан салынған ферма таза, сауыншылары да жинақы, тап-тұйнақтай екен. Бұның бәрі Оңдасыновқа ұнады. Және бұл колхозда қой шаруашылығы да жақсы жолға қойылған болатын. Колхоз бастығы Сағидолла Құбашевтың іскерлігі, бастамашылдығы Нұрекеңе қатты ұнады. Ақырында Нұрекеңнің тапсырмасымен «Перодовиктің» озық тәжірибесін газет бетінде дүркін-дүркін жазып, облыс көлеміне үлгі етіп тараттық.

Өзі облысқа бірінші хатшы болған кезде Сағидолла Облыстық Атқару комитетінің төрағалығына тағайындалды. Колхоз бастығынан төраға болған тәжірибеде жоқ еді, сондықтан да Оңдасыновтың батылдығына, күрт шешіміне таңғалып қалдық. Бұл шешім ақталды, Құбашев біраз жылдардан кейін республика басшылығына өсті.

Бірде Оңдасыновпен бірге, бір самолетте Гонюшкинге бірге ұштық.

Сонда таңғалғаным бар, самолетке отырысымен қолына «Жұлдыз» журналын алып, жеткенше оқыды. Біз ойлаймыз ғой, басшылар қазақша оқымайды, әдеби дүниелер оларды қызықтырмайды деп. Басшылардың көбісі солай да еді ғой. Сөйтсек, Оңдасынов көп оқитын адам болып шықты. Бір шопандардың жиынында: «Сіздер білесіздер ме, бұл өлкеде 700-ге тарта өсімдік түрі өседі. Сондай шөп өсетін жерде қоғамдық малдың жем-қорын жасай алмасақ кінә бізден де...» - деп, қарап тұр. Бұл, әрине, ізденетін, оқитын адамның сөзі.

Колхоздардың экономикасын көтеруге аудан, облыста басшы қызметте жүрген азаматтарды колхозға басқарма етіп жіберуді бастама етіп көтерді. Айталық, аудандық атақару комитетінде орынбасар болып қызмет істеп жүрген Мұхтаров Мұхитты, облыстық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы Оспанов Құлқайырды колхозға басқарма етіп жіберді. Олардың жақсы істерін көпке таныстыру керек деп бізге тапсырма да берді.

Гурьевтің төңірегінде көп жылдар жұмыс істеген Смайлов Өмірбек деген азамат болды. Ауыл шаруашылығының білгір маманы болатын өзі. Гурьевтің іргесіндегі «Теңдік» колхозындағы бау-бақшаны өсіруге көп еңбек еткен адам. Менің бір байқағаным, маман ретінде Нұрекең осы азаматты қатты сыйлайтын. «Теңдік» жеміс-жидек колхозын осындай адамдарға арқа сүйеп барып көтерді–ау деп ойлаймын, бүгінде.

Нұрекең тұсында «Бағырлай» каналы қазылды, Аралтөбе су қоймасы салынды....



Атырау, шілде, 2006 ж.


ЖЕТПІСБАЙ ЕСЕНЖАНОВ,

Жаңаөзен аудандық Кеңес Атқару

комитетінің төрағасы, «Маңғыстаугазөндіру»

басқарма бастығының орынбасары
ӨМІРДІ ӨЗГЕРТКЕН АДАМ

Нұртас Оңдасыновпен бетпе-бет кездесіп әңгімелескен адам емес едім, бірақ сыртынан жақсы әңгімелерді көп еститінмін. Совнарком болып жүргенде газеттерден мақаласын оқып, радиодан сөйлеген сөздерін естіп жүретінбіз. Бірден соғыс басталды, сонда Оңдасыновтың радиодан сөйлегенін, халықты сабырлылыққа, еңбекке шақырғанын естідім. Көп ұзамай біз де майданға аттандық, сонау Берлинге дейін бардым. Аман-есен елге оралып, еңбекке араластық.

Елу бесінші жылы Оңдасынов Гурьевке әуелі облатком, сосын партияның бірінші хатшысы болды. Осы жылдарда ол кісінің ұйымдастырушылық қабілетін көзімізбен көрдік. Ол кезде мен қалалық Кеңестің бірінші орынбасары болатынмын. Не керек ол кісі бізге басшы болып келгенде қала да, облыс жағдайы да өте төмен болатын. Гурьев сазға батып жатқан, асфальт дегенді білмейміз де. Тұратын үйлеріміз жертөле. Балықшы ауылдары судың астында қалып жатқан. Мектеп, аурухана жетіспейді...

Міне, осының бәрін келе салысымен ол кісі қолға алды. Облыс басшыларының бәрін жинап, өзі қанық болған бар жағдайды, бұлайша өмір сүруге болмайтынын, халықтың бізге қарап отырғанын айтты. Артынша түрлі шаралар қолға алынды. Әрбір мекемеге жер бөліп берді, көгалдандыруды тапсырды. Олар ағаш екті, гүл отырғызды. Жер тұзды, өспейді дегендерге қарамай алма ағаштарын отырғыздырды. Қаланың қасындағы «Теңдік» колхозы бау-бақшамен айналысып, қаланы көкөніспен қамтамасыз етті. Бұған дейін қала халқы көкөніс, айран-сүт дегенді дүкендерден ала алмайтын.

Санын ұмытып қалдым, мектептер көбейді. Ол кісі жақсы бір бастама бастады, ол «спутник» мектептер салу, яғни, ескі мектептің қасынан жаңа мектеп салуды әрбір шаруашылық, өндіріс мекемелеріне жүктеді. Бұл Оңдасыновтың идеясы еді. Кейіннен бұл республика көлемінде қолдау көрді.

Тұрғын үйді көптеп салғызды. Адамдар шатырланған үйге көшіп, тұрмыстары жақсарып қалды.

Тағы бір маңызды ісі, теңіз тартылып, жағалауда балық шаруашылығымен айналысып отырған елдердің жағдайы мүлдем төмен болып кеткен-ді. Міне, Оңдасынов сол шаруашылықтарды Жайықтың жағасына жаңадан колхоздар салғызып, соған көшіртті. Бұл қайсыбір басшының батылы да, шамасы да келмейтін үлкен іс еді. Бұрын Үкімет басқарып, үлкен шаруалар шешіп үйренген адамның ғана қолынан келмек. «Рыбокомбинаттың» жағдайын жақсартты, жаңа техникалар сатып алып, балықшылардың бейнетін азайтты.

Осының бәріне қаражат тауып, аз уақытта елдің жағдайын біршама көтеріп тастаған Оңдасыновты Атырау халқы қатты сыйлады, құрметтеді.

Ол кісінің тағы бір қолға алған шаруасы – мұнай өндірісі болды. Екі рет осы мұнайға байланысты Гурьевте Бүкілодақтық ғылыми конференция өткізді. Оған Мәскеуден ірі ғалымдар, Алматыдан Қаныш Сәтбаев келді.Осы кеңестен кейін мұнайға деген аттаныс басталды десем де болады. Барлау мен бұрғылау, мұнай іздеу жұмыстары жанданып кетті. Сол-ақ екен, бұрын мұнайшы мамандығына аса ынта білдіре бермейтін қазақ жастары оқуға ағылып кете бастады.

Жетібай мен Өзен мұнайында Оңдасыновтың еңбегі ерен деп ойлаймын....



Ахмет Қарақұлов,

Облаткомның бөлім меңгерушісі
ОЙЫ ТЕРЕҢ, ПАРАСАТЫ БИІК
Бірде нұсқаушыларды жинап, өзінің Алматыдағы бір ескі досымен телефон арқылы керісіп қалғанын айтты. Сөйтсе, досының бір інісі біздің облыста жыл жарымдай басшы жұмыста жүр екен. Енді оны Алматыға ауыстыруды сұраған. Себебі – Гурьев ауасының нашарлығы.

«Мен сіздермен жұмыс бабында таныспын. Сендерде болашақ бар екенін сезем. Тек жоғары білімдерің жоқ. Оның үстіне ағаларың да жоқ екен... Мен сендерге аға болайын, оқып, білімдеріңді көтеріңдер», - деді бізге.

Біз қайда оқимыз дедік, қалада педагогика институтынан басқа жоғары оқу орнының жоқтығын айттық. Ол ондай орын табуға уәде берді. Басқа қалаларда оқимын дегендеріңе де көмектесемін», - деді.

Содан кейін Гурьевтен, Мұнай техникумының жанынан Мәскеудің Губкин атындағы Мұнай институтының филиалын ашуға көп әрекеттенді, таныс-беделін салды, ақыры ашылды. Бұл үлкен жетістік болды. Содан, көптеген жастар жоғары білім алып, мұнай өндірісін дамытуға үлес қосты.

Нұрекеңнің бұл сөзі мені Астраханьдағы техникалық институтқа түсіп, оны бітіріп, «Ихтиолог – балық өсіруші» мамандығын алып, ширек ғасыр балық өндірісінде жұмыс жасауыма себепкер болды.

1960 жылдың жазында обкомның бюросы мені облаткомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. Бюрода Нұрекең: «Онда жұмыс көп, бірақ оқуыңды тастамайсың, егер оқуға жібермейтін жағдай болса, маған айт» - деді. Бұндай жағдай болды. Бірақ Маңғыстау ауданында жүрген Сағидолла Құбашев рұқсат етті.

Мұндай қамқорлықты қалай ұмытарсың. Өмірден өтер, үзілер сәтте де көз алдыңда тұрар-ау, Нұрекең!..

Бүгінде балаларыма, немерелеріме осындай, Оңдасыновтай басшы өткен, дана өткен, ғұлама өткен деп айтып отырамын. Мақсатым – жақсыға ұмтылсын, көкіректерінде қалсын деген ой.

Бір жылы советтердің жұмысын жақсарту мақсатында социалистік жарыс ұйымдастырып, жеңімпаздарға 3 сыйлық белгіледік. Советтердің төрағаларын жина, олармен кездескім келеді деді. Бұған олар қуанышпен келіп, өздерінің проблемаларын жырлады.

Нұрекең ауылдың көркі көгалдандыру, клуб мәселелері жөніндегі талаптарын қойды. Социалистік жарыс жеңімпаздарына қазір мотоцикл берілсе, енді жеңіл машина беруге жәрдемдесетінін ескертті. Бәрі де риза болды. Бұдан мен Нұрекеңнің жақсы бастамаларды қолдайтын, терең ойлы бастық екенін аңғардым. Бірақ «под колпаком Мюлера» дегендей, Нұрекеңнің мені де сынап жүргенін білмеппін...

Жоғарыда айтылғандар көздің көргені болса, енді құлақтың естігенін айтайын. Бұны маған Нұрекеңнің шофері, өзі қазақшаны жақсы білетін Николай Захаров айтқан еді.

Бірде Нұрекең Маңғыстауды аралап жүріп, бір қойшының үйіне қонады. Әлгі шопан екеуі түнімен Николай түсінбейтін бір тілдерде сөйлесіп шығады. Қазақша білемін деп малданып жүрген шофер олардың не айтып жатқанын ұқпай, бірақ екеуінің – қойшы мен хатшының осыншама тіл табысып кеткеніне таңғалады. Таңертең Нұрекең Николайға: «Мына шопанның білігі менен артық екен, біз түнімен араб, парсы, түрік, өзбек тілдерінде сөйлестік. Біз оқымысты адамдарды қаладан іздейтін едік, ол қате болды. Нағыз оқымыстылар далада екен», - депті Нұрекең.

Мен Николай сөзіне нанбап едім, кейін Нұрекеңнің «Бұ адам», «Арабша-парсыша-қазақша түсіндірме сөздіктері» қолыма түскенде ол кісінің көп тіл білетініне иландым, тәнті болдым.

Бір күні Захаров: «Сен маған өткен жылы нанбадың ғой. Қазір сол адам аэропортта тұр. Нұрекең мені алып кел деп жіберді, көрсең жүр», - деді. Мен ұят болар деп бармадым. Ол кісі Нұрекең үйіне баласын ертіп келіп, қонақ болыпты. Келген шаруасы былай екен: Жұбайы 18 бала тапқанымен, тұрғаны біреу. Ол армиядан келіп, мен мал бақпаймын, оқимын депті. Сонда әкесі қалада сенің менен басқа әкең бар, соған апарайын деп ертіп келіпті. Нұрекең екеуі құрдас екен. Нұрекең: «Мен 2-3 күннен кейін Алматыға барамын, сонда ала кетемін», - деп уәде беріпті. Оны орындапты. Әттең, енді сол жігіттің фамилиясын білмегеніме өкінемін...

Көп жылдардан кейін Нұрекеңді 1968 жылы Мәскеуде метрода кездестірдім. Ол өзінің Ленин кітапханасынан келе жатқанын, сөздік жазумен шұғылданып жүргенін айтып, үйіне шақырды... Вернадский алаңынан метродан түсті. Бұл менің ол кісіні соңғы көруім болды.

Бірақ айтқан сөздерінің, жақсы істерінің бәрі жадымда:

«Аға болсаң – ақыл айт,

Ақыл айтсаң – мақұл айт», - деген өсиетті Нұрекең ағамыз орындаған кісі.

Байдалы би: «Ағасы бардың жақсы болса – жағасы бар, жаман болса, інісіне жабар – жаласы бар», - деген екен. Нұрекеңмен 6 жыл жұмыстас болғанда өзіме таққан жаласы жоқ, ақылын айтып, аға болды, туғанымдай пана болды.

«Өлген кісінің тірілгені, тірі кісінің еске алғаны» ғой, менің естелігім оқыған дұғам болсын, оны қоғам білсін!

Нұрекеңнің өмірі кейінгі жастарға үлгі болсын, қалдырған еңбектері олардың мүлкі болсын!
ОРЫНҒАЛИ ҚАРАСАЕВ,

аупартком хатшысы

ХАЛЫҚТЫҢ БАҚЫТЫ БОЛДЫ
Нұрекеңнің, Нұртас Оңдасыновтың Атырау облысына басшы болып келуі халықтың бақыты болды десем еш қателеспеймін. Осында көптеген мәселелер шешілмей, жетпей жатты. Әсіресе, бізде көкөніс жетіспеді. Біздер қияр, помидор дегендеріңізді айлап емес, жылдап көрмейтінбіз. Кейбіреулердің бұл жақтың жері тұзды, көкөніс өспейді дегеніне қарамай жеміс-жидек, көкөніс өсіретін совхоздарды көбейтуді бірден қолға алды.

Қаланың дәл іргесіндегі «Теңдік» совхозын кәдімгі жеміс-жидек, бау-бақшаға айналдырды. Және сүт фермалары ұйымдастырылып, айран-сүтті жылдап көрмейтін қалалықтар қарық болды да қалды. Нұрекеңнің келісімен сүт су боп ақты деуге болады. Оны сол кездің адамдары біледі, айтып та жүреді.

Есбол, Новобогат, Балықшы аудандарында партия комитетінде екінші хатшысы болдым. Сонда бізге бау-бақша еккізді, сиыр фермаларын салғызып, сүтті молайтты. Өмірге деген көзқарас өзгерді. Қой артынан таяқ ұстап еруден басқа да тіршілік барын түсіндірді.

Гурьевке келісімен Новобогат ауданына іс сапармен келді. Мен аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болатынмын. Шаруашылықты жілік-жілікке бөліп сұрады.Тура өзі сол мамандықтың иесіндей сөйлейді. Өз басым білгірлігіне таңғалдым. Енді бір кезде мені өзіне қарсы отырғызып қойып, ел жұртқа не жетіспейді, пиязы, картобы бар ма, қант-шайы жеткілікті ме, тапшы заттар қалай таратылады, алыстағы малшыларға не жетіспейді, мұғалім мен дәрігердің тұрмыс жағдайы қалай? Не керек бұл саладан да сұрамаған, білмегені қалмады. Тағы да таңғалдым. Ішімнен ойлап қоямын, тектен-текке он үш жыл Үкімет басқармаған ғой деп.

Адамдармен сөйлесуінің өзі үйренерліктей, үлгі аларлықтай еді. Аспай-саспай алдында отырған адамды тыңдап, сосын мұқтажын ертеңге қалдырмай, ертең кел, бүрсүгүні кел деп әурелемей, бірден, сол іс-сапар үстінде шешіп беретін.

Көп білетіндігін әңгіме арасында аңғартып қоятын. Сондайда маған Нұрекең бойында қазына жатқандай көрінетін.

Нұрекең аудандарды аралап, бар шаруашылықпен, өндіріс саласымен танысып болған соң партия конференциясында сөз сөйледі. Қағазға қарап баяндама жасаған жоқ, түсіріп алған мәліметтері бойынша баяу, баппен облыстың жетістігі мен кемшілігін алдымызға жайып салды.

1957 жылы Новобогатов ауданы тарады, басқа ауданға қосты. Сосын маған Есбол ауданына екінші хатшы болып бар деді. Мен Нұрекеңе ол менің туған ауылым еді, сондықтан басқа жаққа жіберіңізші, ағайын-туғаннан алшақтау жүрейін деп едім, жоқ ауылыңа барасың, бұл нағыз патриоттық іс болады. Туған жеріңе сенен артық кімнің жаны ашиды деді. Мен сөзден тосылып, жауабым болмай қалды.

Нұрекеңнің бастамасымен Құрманғазыны кеңінен, тиянақты зерттеу басталды десем өтірік айтқандығым емес. Ахмет Жұбанов, Хамит Ерғалиевты облысқа шақырып, Құрманғазыны біледі-ау деген адамдармен кездестіріп, артынша көптеген мағлұматтар баспа бетіне шыға бастады. Сосын облыстан комиссия құрылып, олар Құрманғазының бейітіне ескерткіш қоюды және көптеген мәдени шаралар өткізуді қолға алды. Комиссияның төрағасы Нұртас Оңдасыновтың өзі болды.

Бір күні обкомның хатшысы Әлсейітов Жүсіп мені өзіне шақырып, Астраханға баратын делегацияны бастап барасың деді. Мен ол кезде облыстың мәдениетін басқарушы едім. Шамалауымша Нұрекең екеуі келіскен. Жүргелі тұрған маған Нұрекең: «Қарағым, мен Астрахан облысының хатшысымен сөйлесіп қойдым, барғанда аспай-саспай ойыңды дұрыс жеткіз, олар да сен секілді адамдар...» - деп, маған мейірлене қарап, арқамнан қағып қойды. Ол кезде мен жаспын, ал, Нұрекеңнің бұл сөзі, арқамнан қаққан ыстық алақаны мені қанаттандырып жіберді.

Сөйтіп, Астрахан облысының Воладар ауданына Ахмет Жұбанов, Хамит Ерғалиев және облыстан біраз адам болып аттандық. Енді-енді болмаса жермен жексен болғалы тұрған Құрманғазы бейітін көтеріп, ескерткіш орнаттық. Нұрекеңнің тапсырмасын ойдағыдай орындап қайтқаныма бақытты болып жүрдім. Кейде ойлап қоямын, Құрманғазының әруағы Нұрекеңе риза шығар деп.

Жалпы Нұрекең мәдениет, өнер, әдебиет дегенге өндіріс, шаруашылыққа қарағаннан бір де кем қараған емес. Біздің облысқа келмеген ақын-жазушы, әртіс-әнші жоқтың қасы болар-ау. Бәрін де Нұрекең өзі шақыратын.. Өлең шығарып, күй тартатын жас болса көңіл бөліп, көмектесуге әзір еді. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегеннің мәнін түсініп, іске асырған адам. Айталық, 1957-1958 жылдары Гурьев облысы, сонау Маңғысаудан бастап Атырау алабы ән мен жырға бөленіп кетті десем артық айтқандық емес.

Соғыстан кейін қалжыраған тұрмыс пен түскен ұнжырғаны көтергісі келген Оңдасынов көркемөнерпаздар үйірмесіне көңіл бөліп, ауылдан басталған байқаулар ауданда, сосын облыста, ақыры Алматыға барып жалғасып жатты. Батыс өлке ән мен жырға бөленді. Соның нәтижесінде біздің өлкеден қаншама талантты жастар өсіп, биікке самғап ұшты.

Бір күні алқалы топтың алдында Нұрекең: «Құрманғазы мен Динадай күйші шыққан елде ұлттық бір оркестрдің болмауы ұят болар, соны қолға алайық», - деді. Содан көктем шыға әлгі жер-жерде өткен көркемөнерпаздар байқауынан озып шыққандардың облыстық байқауы болатын болды. Байқау ұлттық өнердің барлық саласы бойынша өтті. Сол байқаудың соңында 500 адамнан құралған ұлттық домбыра оркестрі стадионда концерт берді. Бұл бір ерекше оқиға болды. Қала мен ауылдан келген адамдар стадионға лық толды. Әлгі 500 домбырадан төгілген күй күмбірлеп көкке көтерілгенде көңілің шалықтап кетеді екен. Алматыдан арнайы келген Нұрғиса Тілендиев дирижерлік етті. Біз соны көрдік. Бұл да Нұрекеңнің ойынан туған игі іс еді.

Осыдан кейін, әлгі бес жүз домбырашының ішінен таланттыларын жинап, ұлт аспаптар оркестрі құрылды. Бұл оркестрді құруда өнерлі ерлі-зайыпты Сейілхан мен Раушанның еңбегі зор. Өте өнерлі адамдар болды, Раушан қобызды сызылтатын. Әуелі оркестрге Сейілхан дирижерлік етті, одан кейін Боздақ Рызақанов деген азамат көп еңбек сіңірді. Олардың еңбегін, өнерін ұмытуға болмайды. Кейіннен Дина Нұрпейсова есімі берілді осы оркестрге.

Мен 1968-1972 жылдар аралығында Маңғышлақта аудандық партия комитетінің хатшысы болдым. Сонда мен мұнайшылардың аузынан: «Оңдасыновтың арқасында», «Нұрекең еңбегінің жемісі» деген сөздерін жиі естідім. Ел басқарған басшыға бұдан артық баға жоқ. Оңдасыновтың оңды басшы болғанын баяндап тұрған жоқ па!



Манаш Қозыбаев,

академик.
Ел ағасы, ер асылы Нұрекең
Адам баласы өмірге келеді, заман шіркін өтеді. Өмір бейне бір тоқтамай ағатын су сияқты. Өткенге бұрылып қарасаң, артыңда өскен ну сияқты. Ал, төменнен жоғарыға қарасаң, қамал басында тігілген ту сияқты. Ойында сәулесі бар, ісінде берекесі бар жан артында із қалдырары сөзсіз.

Өмірге диалектикалық салыстырмалы осындай көзқарас Нұртас ағамызға тән еді. Көпті көрген, жаңа социалистік өмір салтын қолымен өрген ол – өмірдің не екенін білетін жан. Нұрағаң өткенді ойлап, бүгінгіні толғап, болашақты болжап, сан сапалы құбылыстарды тартылған жіптей бір ізге салар ақыл-парасаты мол нар азамат, тұлға еді-ау. Өмірдің неше түрлі талқысына түскен ол күндердің күні келгенде зейнеткер болып, Мәскеуден бір-ақ шықты.

1969 жылы маусым айының басында Астанада докторлық диссертация қорғауға бардым. Марқұм әкем Қабаш: «Осы Мәскеуде Нұртас тұрады дейді. Соғыс кезінде республиканы басқарған ел ағасы ғой. Ғылыми кеңеске шақырсақ қайтеді? - деді. Әкемнің көңілін қош алып, Нұрағаңа телефон шалдым. Бірақ, ол кісі менің шаруамды біртүрлі салқын қабылдады. «Немене, шырақ, қорғай алатыныңа сенбейсің бе? Менің не керегім бар?» – деп, зілді жауап берді. «Нұр-аға, – дедім, – олай түсінсеңіз қателесесіз. Әуелі тәңірге, содан соң өз күшіме сеніп келдім. Сізден ешқандай көмек сұрағым жоқ. Тек қана тобынан көз жазып қалған жалғыз қаздай Мәскеуде жүрген ел ағасы, тым болмаса осында болып жатқан істердің басы-қасында жүрсін деген тілек еді. Мүмкіндігіңіз болмаса, бізді айып етпегейсіз...»

Нұрекең ойланып қалды. Мекен-жайын айтып, көлік жіберуді өтінді. Міне, осылай докторлық қорғаған кеңес жұмысыма әкем екеуі бірге қатысты.

Нұрекең менің тірлігіме риза болды. Тойда сөйлеп, батасын берді. Міне, осылай ағамен қарым-қатынасым жалғасып, әке мен баланың сүйіспеншілігіне ұласты.

Ол көп білетін, көпті көріп, көңіліне тоқыған, өмірден мол тағылым алған кісі еді. Қазақ Республикасының Үкіметін ұзақ жылдар басқарып жүріп, мыңдаған адамдармен жүздесіп, тілдесіп, пікір алысқан ол сын көзбен өзіне де қарап үйренгенін үзбей айтып отыратын. Қаныш, Мұхтар ағалар бастаған алыптармен араласып жүріп, аласармады, өзінің барынша кішіпейілдігімен, зерделілігімен, зейінділігімен, адамгершілік биіктігімен көріне білді. Әсіресе, ол Қаныш ағаның республика Ғылым академиясы ордасын тігер кездегі еңбегіне тәнтілігін айтып, оған өз тарапынан жасаған тірлігін жылылықпен еске алатын. «Біз Қанекең екеуміз Кеңестер Одағы Ғылым академиясының президенті В.А.Комаровтан қабылдауын өтіндік. Келісімін алып, басқа шаруаларды тындырып жаттық. Дәл қабылдауға барар сәтте Кремльден телефон шалып қалды да, соған бөгеліңкіреп, Қанекең екеуміз Ғылым Академиясы Президиум үйіне кешігіп жеттік.

Комаров бізге ренжігенін жасырмады, алайда байсалдылық танытып, бізді тыңдап бақты. Мен Үкімет атынан Қаныш Сәтбаевқа алдағы Академия сайлауына арнайы орын беруін өтіндім. Бірден академик болып сайланса деген тілек айттым, «түйе сұрасаң бие береді» деген емес пе?

Комаров мырс етіп күліп алды да: «Қаныш Имантаевич – тамаша дарын иесі. Сөз жоқ, оның үлкен Академия құрамында болғаны орынды. Ал, біз бірден академик ете алмаймыз. Ол да корреспондент-мүшесі стадиясынан өтуі абзал», – деп жауап берді. Біз Комаровтың қабылдауынан қанағаттанып шықтық», – дегені есімде.

Соғыстың ең қиын кезеңінде Мәскеу, Ленинградтан келген ғылым мен өнер қайраткерлеріне Қазақстанның жасаған қамқорлығы – өз алдына бір төбе әрі көп әңгіме.

Ұлы Отан Соғысының 40 жылдығына орай сол жылы 40 сериялы фильм даярланды. Камал Смайылов бүкіл жұмыстың басы-қасында еді. Мен ғылым мен білімге арналған серияда Нұрекеңді сөйлетейік, арнайы түсіріп алайық—деп ұсыныс жасадым. Кешікпей Мәскеуге шығармашылық топ барып, Нұрекеңді түсіріп қайтты. Мен өзімнің В.Л. Комаров басқарған Кеңестер Одағының Ғылым академиясының Орал, Сібір, Қиыр Шығыс Қазақстанның өндіргіш күштерін майдан мүддесіне бағындыруға бағытталған арнайы комиссияның жұмысы туралы жазылған мақаламды Нұрекеңе беріп жібердім. Осы бір фильм—Нұртас Дәндібайұлының бейнесін тағы бір қырынан көрсететін туынды болып тарихта сақталуы абзал.

Нұрекең Мәскеуде тұрса да, елмен тығыз байланыста болды. Мереке сайын құттықтау хаттар келетін. Күйкі тіршіліктің құрығына іліккен басым кейде сол хаттарға жауап та берілмей қалатын. Бірде Нұрекең былай деді: «Мен, айналайын Манаш, достарымды қатты бағалаймын. Жоғалтқым келмейді оларды. Бірақ, мен – зейнеткермін, сендерге зияным болмаса, беретін көмегім жоқтың қасы. Бір кезде мені құттықтап, құрмет көрсететіндер саны көп-ақ болатын. Қазір солардың саны жыл сайын азайып келеді. Үш рет қатарынан хатыма жауап бермеген достарымды тізімнен қиналып отырып сызамын. Жүрегіме сол сызықтар қара дақ болып із қалдырады», – деді. Сырт қарағанға сұстылау көрінетін асыл аға жанының өте нәзік екенін мен сонда ғана түсіндім.

Қазақтың тұңғыш мүсіншісі Хакімжан Наурызбаевқа жасаған Нұрағаңның қамқорлығы ел арасына кең тараған. Хакімжан да Нұрекеңді өз әкесіндей жақсы көре білді, үйлену тойына арнайы шақырып, баласының атын Нұртас деп атап, Нұрекеңнің батасын алды.Тастан Нұрағаның келбетін нұр жаудырып қашап бейнеледі. Ағаны соңғы сапарға өз қолымен аттандырды.

1988 жылдың мамырында Өзбекәлі досым бастап Мәскеуде өтетін ұлтаралық қатынас жөніндегі конференцияға бардық. Бір күні Өзекең тұрып: «Нұрекеңе барып қайтуға қалай қарайсың?» – деді. Сөйтіп, екеуміз ағаға сәлем беруге бардық. Нұрекең өзі де, бәйбішесі де емханада болып, емделіп шыққан беттері екен. Шешеміз қозғала алмай қалыпты. Өзіміз жүгіріп шай даярладық. Көптен көріспеген ағамен дидарласып, сұхбаттасып кеттік. «Аға! Жас болса келді, өлім бар, жітім бар, жат жерде көптің бірі болып, далада қалсаңыз, сүйекке дақ түседі ғой! Елге оралар кез келген жоқ па?» –дедім. «Ей, айналайын Манашжан-ай, көптен бітпей жүрген жараның бетін тырнадың-ау. Осы әңгімені қолында билігі бар інілеріме айта алмай, қор болып жүрген жоқпын ба? - деді де Өзекеңе қарап: Ал, мына ат үстінде жүрген батырлар бұл мәселе туралы сыр білдірмейді, білдіргісі де келмейді».

Бұл менің Нұрағаны ақтық көруім еді. Сол бір тұлғалардың телегей теңіз бетіне сыймай, тірісінде жел қуған желкен қайықтай ел көгіне жете алмай, шерменде болып жүргенін өзім сонда ғана түсіндім.

Нұрағаның қатты сыйласып өткен бір адамы Ебіней аға еді. Екеуі бірін-бірі сағынысып көрісетін, бірін-бірі емеурінінен түсінетін. Бірде Ебіней аға телефон шалып, өзінің бір жеті жедел шаруамен Мәскеуде болатынын, Қарағандыдан Алматыға кетіп бара жатқан Нұрағаны маған аманат ететінін айтты. Мен сол бір жетіде Нұрағаңмен жеті жыл бірге өмір сүргендей сабақ алдым.

Нұрекеңді құдасы, ЖенПИ-дің доценті Өмірзақ деген азамат «Москвичпен» алып жүр екен. Мен Слямжан Құнанбаевқа (ол кезде Министрлер Кеңесінің ішкі істер бөлімін басқаратын) телефон шалдым. Слямжан аға бірден: «Ол не дегенің, Нұрекеңе арнайы машина бекітемін», - деді. Ол кісі менің бұл белсенділігіме риза болды. Күнде бір-екі лауазымды адамдарға апарып, баспаға әкелген қолжазбаларының проблемаларын шешкеніміз бар. Сол жолы Оразалы аға екеуміз өз отбасымызда қабылдап, қолына алтын сағат салдық.

Дастархан басында тәрелкесіне ағайынды екеуміз кезек-кезек дәм салып әбігер болып жатқанда Нұрекең бір әңгіме айтқаны есімде.

Қазақстанға 1947 жылы Микоян келді. Дастархан басында оған толтырып борщ әкелді. Ол екінші тәрелке алдырып, борщтан жартылай құйып алды. Ет келді. А.И.Микоян тұрып: «Неге бейберекет астыңыздар», – деп, салып берген дәмнің бір бөлігін екінші тәрелкеге салып қайтарды.

Мен, інілерім, Микоян емеспін. Мына асқан дәм бір елге жетеді. Бұл менің ырыздығым. Адам жемей көңілге тою керек. Міне, бауырларым, көңілдеріңе де, ықыластарыңы да тойдым, – дегені бар.

Нұрекеңнің көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері екендігі күмән тудырмаса керек. Ол соғыс алдында халықтық құрылыс әдісімен Оңтүстік өлкедегі каналдар қазу, облысаралық тас жолдар салу ісінің басы-қасында болды. Ұлы Отан соғысы кезінде Теміртауда металлургия зауытын салуды өзі тікелей басқарды. КСРО Ғылым академиясының президенті, академик Комаровты Мәскеуден Алматыға арнайы шақырып, Ғылым академиясының Орал мен Сібірдің ресурсын Отан қорғау мақсатына жұмылдыру комиссиясының аясын кеңейтіп, Орал мен Сібір қатарына Қазақстанды қостырған да Нұр-ағаң болатын. Ол Үкімет басында жүргенде Ақмола-Қарталы жолы, Мойынты-Шу темір жолы салынды. Өкімет басшысы қол қойған көптеген құжаттарда бұл жолдарды тез қарқынмен салудың стратегиялық, экономикалық маңызы жан-жақты дәлелденді.

Өмірдің бір белесінде ол Атырау өлкесінде еңбек етті. Осы бір сәтте Ембі әлемдік тұғырға қонарлықтай бағы жанды. Атырау өлкесінде 6 мың гектар жерге суармалы егіс салынды.

Ол адам тани білетін. Кадрларды жас деп қарамады, қызмет бабында сынап, өсірді, баулыды. Міне, осындай елге танымал Д.Қонаев, Т.Тәжібаев, И.Тәжиев, І.Омаров сияқты азаматтарды өзіне серік етіп, Үкімет билігіне әкелген де Жұмекең мен Нұрекең болатын. Қара басының қамын ойламай, жаны жайдары, тіл қадірін пір тұтып ұзақ жылдар бойы жалғыз өзі бір ғылыми институттың зерттеу жұмысын атқарған, ғылым мен білімнің жанашыры болған қайраткер жан еді - Ол. «Ұлық болсаң,кішік бол!» деген ұлағатты өмір бойы іс жүзіне асырған жан еді - Ол. Адам болып туып, адам болып өтудің өнегесін көрсеткен еді - Ол. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген сөз Нұртас аға сияқты халық перзенттеріне айтылса керек.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет