Оразбек Н.
Халықтың қамен жеген бір перзенті
Жетпіс алтыншы жыл (өткен ғасырдың) еді. ҚазТАг-тас бас редактормын.Қырғыз телеграф агенттігінен директордың орынбасары Дүйшебай Айтқұлов тәжірибе алмасу үшін келе қалды. Қонақтың тізгіні маған тапсырылған. Жұмыс жайын тәмәмдап, ас-суға отырғанбыз, асықпай әңгімелескенбіз. Сол тұста мейманым күтпеген сұрақ қойды:
–Соғыс тұсында сіздерде Нұртас Оңдасынов деген Совнаркомның төрағасы болып еді. Сол кісі тірі ме?
Соғыстың жетімегі, соғыс біткен жылы мектеп барған біздің санамызға Нұрекеңнің аты аңыз түрінде жеткен. Соның бірі былай келетін. Нұрекең зор мансапқа ие болып, үлкен жерде отырғанда, туған ауылынан еті тірі ағайын ағаларының бірі құтты болсын айтуға барыпты. Содан Нұрекең: «Аға, баяғы көк жоғаңыз әлі бар ма?» – депті-міс. Оның жайы, дейді айтушылар, бала Нұртас көктемгі каникулда, қаладағы интернаттан ауылына келіп, біраз күннен соң жаяу қайтады. Жол кесетін Қарашық бұл тұста тасып кетіп, балаға өткел бермесе керек. Осы кезде жаңағы сәлем беруге келген ағасы артынан жетіп, көк жорғамысен өзеннен өте беріпті де, бала Нұртас: «аға, мені өткізе салшы» – дегенде – «атым ауырлайды», – деп тарта беріпті-міс, қайырылмай. Осы естігенде, көк жорғалы түгілі, көк есекті ағамыз болмаса да, « мен де өссем, мен де жетсем, сонда пәленшелер алдыма келгенде, осы шамалас сөз айтар едік-ау» – деген арман қылаң беретін. Кейін есейгенде Нұрекеңнің өміртарихынан, атқарған қызметінен ептеп хабардар болдық, еңбектерін оқыдық. Оның үстіне бірді-екілі жеңгелеріміз кей-кейде «совнаркомның қарындасымыз», – деп шіренетін. Осының бәрі есіме түсті де, мейманымның сұрағына сұрақпен жауап қайтардым:
Ол кісіні неге сұрадыңыз№
Мейманым бір күрсініп алды да, былай деді:
Қырық бесінші жылдың наурызхында қырғызстандық 630 жігіт майданға Алматыдан аттандық. Бәріміз де, шынын айтсам, бозбаламыз. Өз басым әлі он сегізге де толмағам. Шығарып салуға бірнеше адам, соның ішінде Нұртас Оңдасынов та келді. Үкімет басшысы, оның үстіне көрші республиканың қайдағы бір балаларын аттандырып салуға келеді-ау деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген. Ол кісінің сөзі тіпті де толқытып жіберді. Қасиетті борыш, Отан қорғау секілді асқақ,асқақ чөз болған жоқ. «Балаларым, – деді ол толқып, тебіреніп тұрып, ֪ қан майданға, қанды қырғынға аттанып барасыңдар. Қобалжи бермеңдер, беті қайтқан сұрапыл өрт, сендер жеткенше, сөніп те тынар, Құдай маңдайларыңа соны жазсын, бәріңнің де туған елге аман-сау оралуларыңды жазсын», – дей келіп тамағына келіп қалған бір оксікті қайта жұтты. Өз басыма сол бір сәтте ол туған әкемдей, әкемнің лебізімен шығарып салып тұрғандай көрініп кетті. Өзіме-өзім «тірі жүрсем, осы кісіні ешқашан есімнен шығармаймын» деп серт берген едім. Бірақ майданнның аты майдан екен, қанды қасап ортасына қойып кетіппіз, алты жүз отыз боздақтан алпыстан аса адам ғана аман оралдық. Ал сертім ешқашан да көкейімнен өшкен емес.
Мейманым көзі жасаураңқырап, үнсіз қалды. Ары қарай қазбалаудыңжөні жоқ еді. Ол кісінің зейнеткерлікте екенін, Мәскеуде тұратынын, тұтас бір институт айналысарлықтай рауа, үлкен шаруа тындырып жүргенін айттым.
Иә, Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов республика үкіметін тұтас он үш жыл бойы – 1938-1951 жылдары басқарды. Осы қызметті Нұрекеңнен ұзақ атқарған жалғыз қайтаркер Бәйкен Әшімов ағамыз ғана. Бірақ, Байкеннің үкімет басқарған жылдары социализмның жетер шыңына жеткен жылдары, одай кейін бәріміз куә құлдырау басталды. Ал Нұрекең үкімет басқарған жылдар жүрегі «халық» деп қана соққан аяулы ағаларымыз қандай қырылып біткен соғыс алдындағы алаңдаулы жылдар, елдің сіңірі созылып, «әупіріммен» жан сақтаған, мыңдаған перзенттері қан майданда кескілесіп жатқан соғыс жылдары, тұралаған елді тамағын тойындырудың толғақты мәселелерін қалай шешудің жолдарын талмай іздестіру қажет болған жылдар еді. Мұның үстіне Нұртас үшін биік мансапқа дейінгі 34 жыл ғұмыр да оңай болмаған-ды. Шиттей бала-шаға ортасында бірінің аузына бірі қараған қарғыс атқанжетімдік, буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып, кірпіш зауытында қара жұмысшы болу, ашқұрсақ жүріп Ташкентте оқу, республиканың орман шаруашылығындағы тынымсыз жұмыс, Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағаы болған (ол кезде облыс құрамына кіретін) аз уақыт – бір пенденің ғұмырына аздық етпейтін үлкен мектеп, байыптай білгенге бай мектеп еді. Сондықтан шығар, Нұрекеңнің өзіне және халқына сенуді, халқымен ақылдасуы, содан дұрыс қорытынды жасап, тиісті шешім қабылдауды, ал шешім қабылданған екен, оны бұлжытпай орындауды өзгермес қағида етіп алыпты. Дәл осы принциптен ешқашан айнып көрмепті. Мәскеудегі оқуынан кейін республика Жоғары Кеңесінің төрағасы, ел басшылығына түп-түгел мәскеуліктер (Пономаренко, Брежнев, т.б.) келіп, Гурьв облыстық атқару комитетінің төрағасы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған жылдары да сол принциптен жаңылмапты. Тегінде оның 58 жасына зейнеткерлікке «қуып жіберілуіне» де сол принцип «кінәлі» болса керек Н.Хрущев қатысқан бір жиында Нұрекең құрылыста жергілікті материалдарды, соның ішінде Маңғыстау ұлутасын кеңінен қолдануды көл қорыған қызғыштай қорғапты. Сонда «лашын құс – қожайын» Хрущев «прогресті» ескерту айтып: «Оңдасынов жолдасты оқытып-ақ едік, бірақ сол оқу қонбаған секілді. Тегінде, бұл жолдас өміріміздің қарқынан қалып қойған екен. Ол күрделі құрылыстарғы ең болашағы зор матриал темір-бетон екенін білмейтін болып шықты» деп «өлтіре» сынаған. Әрине, «артта қалғандарға» «темірбетон» ойлы басшылардың қатарында орын жоқ.
Қырғын соғыстың жан қайыстырар қиындықтарына қарамастан Қазақстанда көптеген өнеркәсіптік және мәдени объектілер салына бергені, жоғары оқу орындары ашылғаны белгілі. Сол жоспарлардың жүзеге асуына Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы ретінде Нұртас Оңдасыновтың барынша атсалысқанын ешкім теріске шығарған емес. Бәрін санамалап жатпай-ақ, қазіргі «Кармет-Испат» металургия комбинатының тырнақалдысы Қазақ металургия зауытының құрылысын алайық. Құрылысты қай жерде салу керектігі, зауыттың болашақ кадрларын даярлау, тіпті Самарқан ауылын Теміртау қаласы деп атау жөніндегі істердің бәріне үкімет басшысы белсене араласты.
Мына бір жайт та назар аударарлық факт. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі ретінде он ел алдымен мәдениет мәселеріне жауап беретін. Нақ Оңдасыновтың қолдауымен, қажет болса талап етуімен дәл сол соғыс жылдарында Қазақ мемлекеттік консерваториясы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтыашылды. Қазақ опера және балет театры ғимаратының құрылысы аяқталды, Ғылым Академиясы ғимаратының іргетасы көтерілді. Ол театр, кно өнеріне, баспасөзге күнделікті көңіл бөліп отырады. «Баспасөзге» деп бөле айтуымыздың жайы былай. Сол тұсқа дейін қазақ баспаөзі «власть» дегеніңізді де, «правительство» дегеніңізді де «өкімет» деген бір-ақ сөзбен алып келген. Нұртас Оңдасынов газет-журналдар басшыларын шақырып алып, «власть – өкімет» «правительство – үкімет» болса қайтеді деген пікірін ортаға салады, солай қабылданады. Рас, қазір, «власть» көбіне «билік» болып жүр, «билік айту, төрелік беру» деген сөздерде басқашалау реңк барын парықтамауымыздың салдары ол. Тағы бір мысал. Аударма материалдары тым көп болатын қазақ баспасөзі «техническая культура» деген өсімдік шаруашылығының терминін Нұрекең кеңес бергенше «техникалық культура», тіпті «техникалық мәдениет» деп жазып келген ғой. «Жігіттер, осыларыңды техникалық ақыл» деген дұрыс болар» деп кеңес берген де Нұртас Оңдасынов. Қазіргі жастар білмейді, ересектердің көбінің есінде жоқ, елуінші жылдардың басына дейін «ұ» деген әріпті «у» секілді жазып, үстіне «й» әріпіндец қайықша қоятынбыз. Ол тұста газет хатталғанда гартпен теріліп, беттелген соң форма жасау үшін бірнеше атмосфералық қысыммен картонға бедерленіп, содан кейін қорғасынға құйылатын. Міне, сол қысымның күшімен, онсыз да тозығы жеткен әріптің төбесіндегі «қайықша» ұшып кетеді де, «Ұлы Сталин» «Улы Сталин» болып шығады. Содан белгілі айқай басталады, талайлар орнынан босайды, жазаланады. Енді не тістеу керек? Міне, дәл осы арада тағы да Оңдасынов көмекке келеді, содан былай «ұ» әріпі белдемшемен жазылатын болды. Мұның бәрін мен қарт журналистердің аузынан өз құлағыммен естігем Терминологиялық комитет те кезінде Нұрекеңнің ұсынысымен құрылған.
Үкімет басшысының кадрларға да құлағы түрік болыпты. Адамзат қызметінің үш-ақ саласынан мысал келтірейін. Біріншісі – мемлекеттік басқару мәселесі. 1942 жылы іссапарларының бірінді Н.Оңдасынов Лениногор түсті металдар комбинатының директоры Дінмұхамед Қонаевпен жолығып, оны өзіне орынбасарлыққа шақырады, тоғыз жыл бойы тізе қосып жұмыс істейді.
Екіншісі – ғылым саласынан. Соғыстан бұрын-ақ ол Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты көтереді. «Ғылымсыз – даму, өркендеу жоқ, – дейді ол журналист Гүлсім Оңдасыновамен әңгімесінде, – мұны республика үкіметінің басшысы болып тағайындалған бойда түсінгем. КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалын Ленинградта тұратын, республикаға оқта-текте бір соғып қана кететін, оның үстіне денсаулығы төмен адам басқаратын еді. Кез келген мәселе бойынша құжаттар поштамен Ленинградқа жіберіледі. Бұлай жұмыс істеуге болматын еді. Сондықтан КСРО Ғылым Академиясының алдына мәселе қойдық. «Ау, сонда кім басқарады?» деген сұрақ көлденеңдей қалды да, есімі Сәтбаев түсе кетті. Бұрын көрген-білген дадамым емес. Бірақ оның «Соцалистік Қазақстан» мен «Қазахстанская правдада» бір мезгілде жарияланған мақаласы есімнен шықпайтын. Сөйтіп, Қарсақпайдағы геологиялық экспедицияның бастығы, әуелі филиал төрағасының орынбасары, артынша төрағасы болды.
Н.Оңдасынов Қаныш Сәтбаевтың 1943 жылы КСРО Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, кейін толық мүшесі болып сайлануына да белсене ат салысқан. Көп жылдар өткен соң, Мәскеуде тұрып жатқан зейнеткер Нұрекең Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Саламат Мұқашевпен әңгімесінде Қанекеңнің ескеріле бермей жүргеніне байланысты былай дейді: «Біз сияқтыларды ысыра салуға болар, Қанышты қалай ысырасың? Тіпті солай етудің сәті түскен күнде де, оны еңбектерінің орнын немен толтырасың? Бұл ешкімнің қолынан келмейді».
Үшінші мысал – қазақтың тұңғыш мүсіншісі Хакімжан Наурызбаевтың тағдыры. 1943 жылы Қостанай облысына іссапарында болған Нұрекең ауаткомның атбағары болып істейтін, саздан әр түрлі жануарлардың мүсіндерін жасай беретін бозбаланы көреді де, оны оқуға шақырады. Көп ұзамай, 1944 жылдың көктемінде оны Алматыға алдырып, өз пәтеріне тұрғызады, мүмкіндігінше киіндіреді. Хакімжан Наурызбаев былай деп еске алады: «Күндердің күнінде Нұрекең ертең таңертеңгі сағат тоғызда менің кабинетіме келесің деді. Айтылған уақытында кабинетіне кірсем, оншақты адам отыр екен. Мені көрген бойда Нұрекең: «Орындарыңыздан тұруларыңызды өтінемін, алдарыңызда болашақта әлемге танылатын №1 қазақ мүсіншісі тұр», – деді. Бәрі орындарынан тұрды. Олардың Мәскеуден, Ленинградтан, Харьковтан Қазақстанға көшірілген белгілі мүсіншілер екенін кейін білдім. Дәл осы арада Нұрекең мені Мухинаның қолынан тапсырады».
Нұртас Оңдасыновтың жұмыс стилін Мойынты-Шу темір жолының құрылысына байланысты оқиғалардан анық байқауға болады. Ол кезде, мысалы, Қарағандыдан Алматыға жету үшін әуелі Петропавлға барып, содан кейін Новосибирь, Семей арқылы сапар шегу керек болатын. Жолға он тәуліктей уақыт кететін. Жүк пойыздары да соншалық ұзақ жүретін. Үкімет басшысын мазалай беретін бір мәселе осы еді. Қазақстан үкіметінің ұсынысы соғыстан кейінгі бірінші бесжылдық жоспарға кірмей қалады. Сондықтан да Н.Оңдасынов Мәскеуге аттанады. Мемлекеттік жоспарлау комитеті де, «Трансстрой» да ұсынысқа қырын қарайды. Бірақ, айтқанынан қайта қоятын Нұрекең бе, қайта-қайта барып жүріп, ақыры иліктіреді. Оның уәжі былай болып келетін: «300 миллион сомның керек жоқ, 10 миллион беріңдерші. Жол табанын төсеуге бірде-бір техника, тіпті күрек те бөлмей-ақ қойыңдар». Қысқасы Жаспарком мен «Трансстрой» басшыларының қолы қойылатын құжаттармен жоғарыны жағалай бастап, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс Л.Берияға дейін табалдырық тоздырып жүріп, келісімін алады.
Мойынтыдан Шуға дейінгі 450 шақырым қашықтық облыстар саны бойынша 16 учаскеге бөлінеді. Облыстың еріктілер отрядын облатком төрағасының орынбасары басқарады, оның көмекшілері болып облпарткомның идеология жөніндегі хатшысы мен облыстық тұтынушылар қоғамының төрағасы тағайындалады. Бүкіл ұйымдастырушылық, ұгітшілік және жабдықтаушылық жұмысқа солар жауап береді. Жәрдемдесу комитетін Нұрекеңнің өзі басқарады. «Еріктілер» деген сөзді мен әдейі қолданып лотырмын. Қара жұмысқа келген колхозшылар еді. Ақша ұастап көру тұрмақ, паспорт ұстап көрмегендер. Бірақ зорлықпен келген жоқ. Мәселел мынада: колхоз бұл жұмысқа аттанғандарға күн сайын жарты еңбек күн жазуға тиіс болатын, ал құрылыста тапқаныңды шып-шырғасын шығармай қолыңа аласың. Міне, сондықтан еріктілер жыртылып-айырылатын. Осныы айта отырып, Нұрекеңнің жымия күлетіні де болатын: «Жұмыс күні сегіз сағат қой. Ал біз жұмысты қойдыра, демалдыра алмай қиналатынбыз» – дейтін.
Жұмыс басталып кетісімен үкімет басшысы дереу болашақ жол бойына аттанады, Ең үлкен проблема Бірлікке жеткенде-ақ алдан шығады. Ауыз су алыстан тасталып, үнемі жетпей қалады екен. Министрлер Кеңесінің (бұл Совнаркомның жаңа атауы енгізілген түс) төһрағасы отряд басшыларын бидайдай қуырып, «бағалы» нұсқаулар бере бастаған жоқ. Ол озоттарды дастархан басына жинады, ауыз су мәселесін ортаға салады. Колхоздастыру мен соғыс жылдарында үндемей құтылуға дағдыланған колхозшылар үлкен бастықтың алдында тіс жармады, бірлі-жарымы: «басшылар жас қой, солар біледі бәрін, біз жер қазып, топырақ тасып жүрміз, не білеміз» – деп құтылды. «Ау, неге білмейсіңдер, аспаннан түскен жоқсыңдар ғой, – дейді Нұрекең. – Осы өңірде қазақстар қалай күн көріп еді бұрын. Әрбір ауыл құдық қазып алатын, өздеріне де, малына да жететін». Жиналған жұртқа бірден жан кіргендей қауқылдасып, қоштай кетті. Сонымен, мынадай ұйғарым жасалды: «ҚҰдық қазу жайын білетін бригадир тағайындалып, бригадалар құрылсын. Қанша адам керек болса да, берілсін. Су жақыннан шықса үш мың, тереңнен шықса бес мың сом берілсін. Ақшаны, әркімнің еңбегіне қарап, баршаның келісімімен, бригаданың өзі бөледі». Сөйтіп, трасса бойында бір күнде 94 құдық қазылады, ақы келесі күні қолма-қол төленеді.
Алты айдан кейін тапқан қаражатын түп-түгел алып, керек-жарағын сатып алып, колхозшылар ауылдарына аттанады. Келесі жыл тағы бір маусым ֪ бүкіл табан төсеу жұмыстары аяқталады. Қысқасы, солтүстіктен оңтүстікке созылған ең қысқа жол не бары үш жыл ішінде іске қосылып қана қоймай, елдің орасан зор қаржысы үнемделеді.
Талай-талай жылдар өткеннен осң, жас ауылдасы Ж.Әзіретбергеновпен әңгіме үстінде зейнеткер Н.Оңдасыновтың былай дегені бар: «Жап-жас кезімде ғылым қусам, кітап жазсам, оларым артымда ұрпаққа қалса деп армандайтын едім. Бірақ тағдырдың, уақыттың әмірімен үкіметті, облысты басқаруға тура келеді. Сөйтіп, жас кезімдегі арманыма жете алмадым».
Бірақ, Нұртас Дәндібайұлы, ғылыми атақ, дәреже алмаса да, ғалым бола білді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де жұмыс ырғарын бұзған жоқ. Ол тұп-тура сағат сегізде жұмыс үстеліне отырып, түстіктен соң аз ғана демалып, қайтадан үйдегі кабинетіне беттейді екен. Материал жинап, оны жүйелеп, қаламын қолына алатын болыпты. Соның нәтижесі – сегіз кітап. Бесеуі кезінде жарық көрді. Және олар өткен өмірдің баяны емес, нағыз ғылыми еңбектер. Екі омдық «Араб-қазақ сөздігі» нағыз жаңалық болды. Сол кезде рецензенттердің бірі «Социалистік Қазақстан» газетінде: «Көп ғалымдар ұжымы ғана атқара алатын еңбекті зейнеткер бір адам ғана, онда да хатшысы да, лабораториясы да, аборанты да жоқ адам атқарып шығыпты. Бұған сену қиын, бірақ расы солай». Одан кейін «Парсы-қазақ түсіндірме сөздігі», «Араб текті қазақ есімдері» және басқа кітаптары жарық көрді. Ол 1989 жылы қара күзде қайтыс болғанға дейін қаламын қолдан түсірген жоқ. Нұрекеңнің қайтыс болған басқа басшыларымыздың бір ерекшелігі де осында – ғылыми ерлігінде.
***
Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде бас редактор кезім. Бір күні кабинетіме мәдениет бөлімінің қызметкері Гүлсім Оразалиева келді. «Аға, деді ол, Мәскеуге жол жүруге тура келіп тұр. Нұртас ата қатты науқас екен. Қызы қолқа салып отыр» – деді. Сұрастырсам, Гүлсім қарындасымыз Нұрекеңнің ауылдасы екен. Рұқсат бердім. Сол жолы Нұрекең барлық қолжазбасын Гүлсімге аманаттады. Күз ішінде үлкен кісі көз жұмғанда, оның мүрдесін еліне жеткізуге қолғабыс екен, кейін Нұрекеңнің бай кітапханасы еліне жеткізіліп, туған ауылындағы мұражайының негізін қалауына мұрындық болған сол Гүлсім қарындасымыз еді. Кейінірек 1994 жылы, Нұрекеңнің 90 жылдығы тұсында осының мәнісін Нұрекеңнің тұңғышы, тарих ғылымының докторы Ескендір Оңдасыновтан сұрағанмын. «Әкем қазақша жазатын еді ғой. Біз болсақ, шешеміздің ықпалымен, діліміз қазақ болсақ та, тіліміз орыс болып кеттік. Гүлсім көп жылдан бері келіп-кетіп, әкемізбен ұзақ-ұзақ әңгімелесіп жүретін. Сондықтан ғой, барлық қолжазбасын Гүлсімге тапсырғаны», – деген ол кісі вокзал басында қоштасып тұрып.
НҰРТАСТАР ЖҮРГЕН НҰРЛЫ ҚЫР
Нұрекең жеті жыл Атырау облысын басқарды. Халықпен тығыз араластықта болғандығының арқасында бүкіл елдегі жағдайды толық біліп отырған басшы болды. Адамдармен кездескенде өзара пікірлесе отырып сұрағын да қойып, жауабын да беріп, қанағаттандыра білетін. Жекелеген пікірлесулерде бастық болып көрінбей, қатар, тең адамдарша пікір таластыра отырып, мысалдармен, мақал-мәтелдермен сөзін түйіндеп отыратын. Жұмыс бабымен жүрген сапарларында көрсеткен өнегелері, айтқан нұсқау, ақыл сөздері тыңдаушылардың санасына терең ұялап, көп уақыт естерінен кетпейтін. "Нұрекең айтқан" деген сөздер Маңғыстауда көптеп кездеседі. Солардың ішінен мен өзім естіген, көрген жайттардың кейбір есте қалғандарын айтқанды жөн деп ойладым.
Қазан төңкерісіне дейін Ресей империясы тұсында құрылған Закаспий облысының Маңғышлақ уезіндегі 27 болыс Адайдың солтүстік шекарасы Жем-Сағыз, Елек-Қобда, Тайсойған, Мұңалжар (Мұғаджар) етектеріне дейін созылып жатқан. Бұл адай елінің малының көптігін, содан ендеп қоныстанып отырғандығын көрсетеді. Алайда кейінгі Голощекин озбырлығы, асыра сілтеу кезінде ел ірең-тозаң жағдайға ұшырап, тұрымтай тұсына, балапан басына дегендей Ресейге, Орта Азияға, Қытай, Ауған, Иран т.б. елдерге жаппай көшіп кетуіне орай, бұрынғы отырған жер-су елсіз қаңырап бос қалған еді. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдарда да ол жерлерде ел болған жоқ. Дегенмен, мал басының жыл сайын өсе түсуіне орай Ақтөбе облысының Байғанин ауданы мен Гурьев облысының Маңғыстау ауданы шаруашылықтары Сам, Матай құмдары өңіріне қарай екі жақтан орналасуға бет алған кез болатын. Сол мезгілдерде Ақтөбе облысының Байғанин ауданының шаруашылықтары мал қыстатуға келіп орналаса бастады. Осы кезде Маңғыстау ауданы шаруашылықтары да байырғы қоныстарына бет алды.
Осылайша екі облыс шаруашылықтарында (Гурьев, Ақтөбе) жер тарымшылығының белгілері көрініс береді. Бұл мәселе Республика басшылығы деңгейінде шешілуін қажетсінді. Осыған орай 1948 жылдың жаз айында Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов әдейі келіп, Сам-Матай құмы мал жайылымы өңірін екі облысқа бөліп беріп (Байғанин, Маңғыстау аудандарына), шекара жүргізіліп, Үкімет қаулысымен бекітілген еді. Нұрекең осы сапарында Сам, Матай құмдары мен Үстірт дөңестігіндегі көптеген малшылармен кездесіп, дидарласқан. Нұрекең Қайқанов Тасжан деген малшыдан: «Сам, Матай құмдары туралы не білесіз?» – деп сұрағанда, ол кісі: «Сам, Матай деген ертедегі Адай елінің байлары, байлар сол құмдары жайлаған, сондықтан ол құмдар байлардың атымен аталған», депті.
Нұрекең "Уәлі" деген жерге келгенде Басболаев Бекбас деген малшы құдықтан шығырмен отар қойды суарып жатады. Өзі қауғаны алып тұрады, шығырды атанда отырған қыз баласы тартады, ал қойды астауға әйелі бөліп тұр екен. Аман-саулықтан кейін Нұрекең малшыға: «Неше балаңыз бар, қанша мал бағып отырсыз, өздеріңіз қой суарып жатырсыз, үйде кіміңіз бар? - дей келіп, - Мен Қазақстан Үкіметінің басқарушысы Нұртас Оңдасынов боламын, не айтасыз, қандай өтінішіңіз бар?"- дейді.
О, сіз Нұрекеңсіз бе, жолыңыз болсын! Халық сізді сыртыңыздан жақсы көреді, мен де сол жақсылыққа қосыламын, бақытты болыңыз деп тілегімді айтқым келеді. Менің екі балам бар еді, үлкені оқуға кетті. Үйде қазір ешкім жоқ. Үшеуіміз алты жүз бас қой бағамыз, малымыз күйлі, отарымыз түгел. Сіз Нұрекең болсаңыз, менің сізге айрықша сауалым бар.Үкімет ер адамдарға неге екі қатын алғызбайды? Манадан бері сіз құдықтың басында тұрсыз, менің екі әйелім болса, екіншісі сізге үйде тамақ жасап беретін еді. Демек, басқа адамдарды білмесем де малшыларға екі әйел алуға рұқсат етуіңіз керек, - дейді.
Сонда Нұрекең көңілдене күліп:
Рас айтасыз, айтқаныңыз болады, сізге екі әйел керектігін көріп тұрмын, жеңгемізбен келісіңіз. Қазірден бастап-ақ ала беріңіз, осыдан Алматыға барғаннан кейін сізге рұқсат қағаз жіберіледі, - деп күліпті. Малшы:
"Әзілің жарасса атаңмен ойна" деген, - деп разылығын білдіріп: – – Нұреке, рахмет! Сіз рұқсат бердіңіз, мен алдым, осымен іс бітті, үйге жүріңіз, құрметті қонағымыз болыңыз, - дейді. Нұрекең малшының ұшқыр терең әзілқойлығына разы болып қоштасып жүріп кетеді...
Мен 1957 жылы тамыз айында аудан орталығынан бес жүз шақырымдай жердегі Сам мектебіне директор болып жұмысқа бардым. Бұл Үстірт дөңінің шығысындағы Сам құмындағы ең шалғай мал шаруашылығының орталығы болатын. Бұрын Дүзгенді дейтін, кейіннен Байғанин ауданының "Қызыл әскер" колхозының фермасы орналасуына орай "Қызыл әскер" атанған елді мекендегі мектеп болатын.
Облыс орталығы Атыраудан шығысқа қарай жеті жүз шақырымға тарта, Арал теңізінің батысында үш жүз шақырымдай жерге орналасқан. Оқу жылы басталып, жұмысқа да кірістік. Қыркүйек айының үшінші он күндігінде Атыраудан облыстық тұтыну одағының аға товароведі Жұмағалиев Қали деген кісі бастаған үш машина «Сам-2», «Қызыл әскер» елді мекеніне келді. Ол кісі аман-саулықтан кейін жүріс жағдайларын қысқаша айтты да жол қағазын ұсынды. Жол қағазын қарағанда, Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Оңдасынов жолдастың тапсырмасы бойынша, Сам өңіріне екі жүк машина, бір автодүкен, кілем, жайма, барқыт, мақпал, жібек, сәтен, ақзон, шыт түрлері, неше түрлі тігулі киімдер, пальто, костюм, көйлек, әйелдер орамалдары, туфлилер, етіктер, фарфор, ыдыс-аяқтар, шыны ыдыстар, ақ құмандар т.б. сол кезде мүлдем таптырмайтын дүние-мүліктер жіберіпті.
Тауардың бәрі Сам өңіріндегі малшыларға сатылады. Сауданың дұрыс жасалуы, мал отарларын түгел аралау Сам мектебінің директоры маған (Қылыш Өтетілеуовке) міндеттеледі. Жол қағазға барғаны, кейін кеткендігі жөнінде мөр басып, қолымды қойдым. Сол кезде жүк әкелген товаровед мынадай әңгіме айтты. "Біз белгілеген күні Гурьевтен таңертең жолға шығып, сағат түскі он екіде Доссор поселкесіне барып кідіріп, жарты сағаттан кейін жүріп кетуге тиіс болдық. Осылай Доссор кентіне кідіргенімізде артымыздан Н.Оңдасынов та келіп бізбен амандасты, – үш машинадағы тауарды өзі көріп байқады. Содан кейін маған тауарды тек Сам өңіріне сатуды, қалғаны болса қайтып әкелуді қатаң тапсырды да бізге кете беруге рұқсат етті",-деді. Нұрекеңнің жанашырлығына, жауапкершілігіне таңғалдық. Осы тапсырма бойынша Сам өңіріндегі елді түгел аралап, үш күн жүріп сауда жасадық. Нұрекеңнің бұл көрсеткен ісіне Сам өңіріндегі бүкіл ел дән риза болып, ағынан жарылып алғыстарын айтты. Облыстық бірінші басшының мал өсіруші еңбеккерлерге көрсеткен мұндай ерен қамқорлығын бұрын-соңды көрмеген едік. Сол жылдарда Гурьев облысында мал басын өсірудің жедел қарқынмен дамығандығы сондай ен даланы төрт түлік мал жайлады десе де болады. 1959 жылдың шілде айының бас кезінде Сам өңірі "Қызыл әскер" елді мекеніне, қасында Маңғыстау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Төлеген Қағазов бар, облыстың бірінші хатшысы Нұртас Оңдасынов келді, Сам орталығындағы жаңадан салынған мектеп, интернат, тұрғын үйлерді көріп, ризалық лебіз білдірді:
"Мен 1948 жылдың жазында Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып жүріп осында келгенімде ешқандай қара жоқ, елсіз жер еді. Ұшқан құс пен жүгірген аңнан өзге ешнәрсе кездеспеген болатын. Бүгінде, міне, он шақты жыл төңірегінде ел қоныстанып, үйлер салынып, көрікті мектеп үйі бой көтеріп, интернат үйлері жарасымды дәрежеде тұрғызылып, клуб, кітапхана, пошта қатынасы, рация байланысы, сауда бөлімі магазині, медпункт, мал дәрігерлік пункт, суландыру жүйесі салынып, үлкен елді мекенге айналыпты!"-деген болатын. Сол жолы Нұрекең интернат үйлерін де тастан салуға ұсыныс жасады. Мектеп пен интернатқа түрлі керек-жарақтар, қажетті шаруашылық мүліктер мен жабдықтар алуға көмектесетіндігін айтып, маған облыс орталығына көп кідірмей келуімді міндеттеді.
Содан мен Гурьев қаласына облпарткомның біріншісі хатшысы Нұрекемнің қабылдауына бардым. Түске дейінгі мезгіл болатын. Қабылдау бөлмесіне кіргенімде ірі денелі, көрікті жігіт отыр екен. Келген шаруамды айтып едім, ол жігіт: "Обкомның бірінші хатшысының жұмысы көп, кез келген адамды қалай болса солай қабылдай бермейді, сіз шаруаңызды облоноға айтуыңыз керек", - деді. Мен арнайы шақырумен Сам өңірінен келіп тұрғанымды айтқасын, Нұрекеңе хабарлап, қабылдауға кіргізді. Облыстың басшысы жылы қабылдап, ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Е. Абдошевке, мектеп, интернат, үйлерін салуға керек деп сұраған нәрселерді кідіртпей тауып беруге, облоно басқарушысы Қатира Дүтбаеваға осы мектепке қажетті 50 төсек, барлық жабдығымен көйкі, матрас, құс жастық, жылы жамылғы, елу пар сейсеп, көпшік тыс, қол орамал, елу тіс щеткіні дайын қылуға, ал автомашинаны обкомның өнеркәсіп-транспорт бөлімінің бастығы Өтеп Балғынбаевқа тапсырды.
Екі күн жүріп, елге келіп, келесі күні әкелінген жүкті түсіріп алып, дүниедегі ең бай мектеп-интернат бізде сияқты сезінгеніміз есімізде. 1959-60 жылдары сол салынған мектеп-интернаттан тәрбиеленген жас өрендердің ішінен Республикаға танымал көптеген азаматтар шықты. 1960 жылдың шілде айының басында Нұртас Дәндібайұлы мен аупарткомның бірінші хатшысы Төлеген Қағазов бізде тағы да келді. Нұрекем мектеп-интернаттың ойдағыдай біткеніне өте разы болып, «басқа қандай тілектерің бар?» – деді. Мен бізге дизелді электростанция және тұщы су таситын автокөлік керектігін айттым. Нұрекең барлығын да шешетінін білдірді. Мектептің шығыс жағындағы құдықтан арбамен су, тасып өсірген елу түп тал, теректі көріп: "Осындай ағашты ауыл үйлері түгел өсіретін болсын", - деп, көңілденіп кетті.
Киіз үйге келіп, шай ішіліп болғаннан кейін, тас үйде салқындап отырып әр түрлі әңгімелер айтты.Әңгіме арасында мақал, мәтелдерді, мысалдарды, күлдіргі сөздерді жиі айтып, көпті көңілдендіріп қойды. "Мен Совминде жүргенімде Ақтөбе облысында Е.Тайбеков басшы еді. Сам өңірінде қыстың жұмсақ болуына орай 1940-41 жылдары Байғанин ауданының малын қыстатуға рұқсат бергенбіз. Сол кезден бері жайылымды олар тұрақты пайдаланып келеді. Неде болса, енді шешінген судан тайынбас, Димекең арқылы сол жайылымдарды өзімізге қайтарып алуымыз керек, – деп сөзін аяқтай келіп, - Байғанин елі Сам өңіріне қыстайды да, көктемде Жемнен ары барып жайлап, жерді тынықтырады. Біздің еліміз де жерді осылай тыңайта білуі керек", - деді.
Нұрекең уәдесінде тұрды, сол жылы аудандық ауылшаруашылық бөлімі су таситын «Газик» машина, төрт 20 кв-тық дизель электр станциясын жабдықтарымен және радиоқабылдағыш берді. Газикке астау жасап, басқа уақытта су ыдысын түсіріп, жүктерімізді тасимыз, сонымен сол жылы оқу жылын бастағанда электр тоғымыз бар, радиоқабылдағыштарымыз бар, су таситын жаңа машинамыз бар, оқушылар киімін тазартатын үтігіміз бар – не керек, едәуір жаңара түскен ұжым болдық.
Нұрекеңнің Гурьев (Атырау) облысына келуінен бастап мал шаруашылығы күшті қарқынмен дамыды. Әсіресе, Маңғыстау ауданында мал басы төтенше көбейді. Мысалы, 1945 жылы 110 мыңдай қой, 11 мыңнан аса жылқы, 4 мыңға тарта түйе болды. Ал 1960 жылға қарай бұл мал саны 5 еседен аса өсіп, жаңа жайылым өте-мөте керек болды. Осыған байланысты Нұрекең жағдайды Республика басшылығы алдына қойып, мал басының өсуіне байланысты 1928 жылға дейінгі Маңғыстауды жайлаған Адай елінің қоныстарын, былайша айтқанда: Сам, Матай өңірлерін, одан Елек-Қобдаға 300 шақырымдай - Жеті қақ, Көлеңкелі Тассай, Желтау өңірлеріне дейін, Тас астау, Кайнар, Қызыл қуыс, Көлтабан т.б. жерлерін қайтарып беру керектігін дәлелдеп, көздерін жеткізе білді. Нұрекеңнің осындай дәлелді ұсыныс-пікірлеріне орай, жоғарыда аталған жерлерді Ақтөбе облысының Байғанин ауданынан Маңғыстау ауданына беру туралы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Д.Қонаевтың қол қойған қаулысы 1960 жылы қазан айының бас кезінде шықты. Осы қаулы негізінде екі облыс арасында алу-беруді өткізу үшін келесі жылғы сәуір айының бірінші жартысында Алматыдан Қазақ ССР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Григорий Андреевич Мельник бастаған, Ақтөбе облысы парткомының бірінші хатшысы Бектұрғанов, Гурьев(Атырау) облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Оңдасынов, тиісті аудан басшылары, тәртіп сақтау басшылары, екі ауданның шаруашылық басшылары Сам-І, кейіннен Тұрыш деп аталған, бұрынғы Тұщыбұлақ елді мекеніне жиналды. Г.Мельник Үкімет қаулысын орындау жолдарына қысқаша түсінік бергеннен кейін, іле екі облыс арасында алу-беру басталып кетті. Осылайша Нұрекеңнің білгір іскерлігі мен аса ірі беделінің арқасында Маңғыстау ауданы елі(Адай елі) 1928-жылға дейінгі қоныстарын отыз үш жылдан кейін қайта иеленуге қолдары жетті. Сөйтіп, Нұрекеңе Маңғыстау халқы бұрынғыдан бетер ақ тілектері мен алғыстарын төкті.
Жиналыс біткеннен кейін Г.Мельник пен Н.Оңдасынов "Қызыл әскердегі" біздің үйге дайындалған қонақасыға келді. Бауырсақ пен жас қозының етін, май мен сүтке бөріттірілген тарыны жеп, риза болысты. Ізгі тілектерін айтып, ұшақтарымен Гурьевке аттанып кетті. Осылайша Нұрекең біздің үйіміздің үш рет қадірменді, құтты қонағы болды.
Дана басшы Нұртас Дәндібайұлы жөніндегі көптен көңілде жүрген әңгіме-естелігімнің бір парасы осындай еді.
Достарыңызбен бөлісу: |