Төлепбек НАЗАРБЕКОВ,
дербес зейнеткер
Алдағы абзал ағалар еді
1955-жылдың маусым айы. Сол жылдары әділет министрі Қылышбай Сұлтанов болатын, ол мені өзіне шақырды да кенет Гурьевке баруды ұсынды.
Қазақстан Орталық партия Комитетінің бірінші секретары Л.И.Брежнев бастаған бюродан өтіп, бір апта ішінде бәрін тындырдым да Гурьевке қарай тарттым.
Нұрекең шылым шегеді екен, стол тартпасынан «Казбек» қорабын шығарып, бетін ашып, бір папирос алды да соратын жағын столға сәл қаққылап, қоқымын түсірді. Сосын мақтаның шөкімін папиростың түтігіне сіріңке сабағымен тыққылап, «мақта темекінің никотинін аз да болса жұтып, уытын азайтады», - деді. «Иә, жас төраға», - деп бастағанда:
- Нұреке, мен ол лауазымға әлі сайланған жоқпын ғой, - деп сыпайылық таныттым.
- Ол шешілген мәселе, күмәнданбаңыз.
Сонымен жұмысқа қызу кірісіп кетіп, облыстық партия комитетінің бюросына да қатысып жүрдім. Бюроның бір отырысында Гурьев қаласының іргесіндегі «Теңдік» совхозын қала үшін сүт дайындайтын шаруашылыққа айналдыру, ол үшін сауын сиырлардың басын асылдандыру хақында Н.Оңдасынов өз баламасын ортаға салғанда бірінші хатшы аяқ астынан жұлқынып:
-Сіз ойыңызға келгенді айтып, бюро мүшелерін шатастырасыз да отырасыз, қызыл кеңірдекке салынуыңызды қойыңыз бұдан былай, - деген. Бұрын біріншінің осындай ұстамсыздығына мән бермегендей боп, шыдамдылық жасайтын. Нұрекең бұл жолы, шыдамдылықтың да шегі бар, жарылды. Орнынан тұрып:
- Жолдас Полымбетов, мен қызыл кеңірдек емеспін, партия мүшесімін. Сіз әр уақытта шектен шығып, бюро мүшелерінің ой-пікірімен санаспауыңызды былай қойғанда, оларға мінез көрсетесіз!
Сол жылы тамыз айында ауылшаруашылық озаттарының облыстық жиналысы болды. Баяндамашы Н. Оңдасынов. Баяндама қазақ тілінде жасалады деген сыбыс естігеннен–ақ: «Қалай сөйлер екен» деген сауал бәріміздің көкейімізде тұрды. Өйткені ол жылдары жиналыстардың бәрі орыс тілінде жүргізілетін-ді. Қазақтың көп басшылары ана тілінде сөйлеуді ұмытқан-ды. Егер сөйлей қалса, не айтып, не қойғандарын түсіну қиынға соғатын. Ал, Нұрекеңнің ана тілінде жасаған баяндамасы бәрімізді тәнті етті.
Сол жылы Орталық партия Комитетінің қазан пленумына Москваға жиналды. Пленумнан оралған соң Нұрекеңнің көмекшісі Жәкіштен іш тартып жаңалық сұрағанымда:
- Екі бастық бізге тіс жарып айта бермейді ғой. Мен кішкене кісімін. Сонда да аузыңа ие бол, бірінші хатшы «Өлетін бала молаға қарай қашадының» керін келтіріп жүр. Біздер «Москва» қонақ жайына жайғастық, кешке жуық Нұрекең Сәкенді шайға шақырды. Ол келіп бөлмеге кіргенде Нұрекең бір жаққа телефон соқпақ боп, Сәкеңнен кешірім сұрады.
-Анастас Иванович демалып жатса, мазаламаңыз, ертең пленумда жолығармыз, - деді. Бірақ сол мезетте Микоян жолдас трубканы алды ғой деймін:
-Кешіріңіз, Анастас Иванович, ұйқыңызды бұзғаным жоқ па?- екеуі ұзақ сөйлесті. Сонан соң, - рахмет Анастас Иванович, жалғыз емеспін, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы жолдас Полымбетов екеуміз –телефон трубкасының микрофонын алақанымен басып, Полымбетовке басын бұрып,- Сәке, Микоян жолдас қой, дәм татып кетуге шақырады, - деп еді, ол:
-Жо-оқ, рахмет, - деп ат-тонын ала қашты.
Өз басым, Нұрекеңнің бұнысын: «Сәке, қиқаңды қой, бірігіп, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұмыс істейік» деп ескерткеніндей түсіндім.
1955 жылдың желтоқсанында Полымбетовты пленум басқа жұмысқа ауысуына байланысты бірінші хатшылықтан босатты. Сөйтіп, 1956-жылдың қаңтарының басында Н.Д.Оңдасынов облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланды.
Ұмытпасам, 1957 жылдың бас кезі. Нұрекең әкімшілік органдардың басшыларын өзіне жинады.
- Тергеу, сот органдарының заңгерлері отырсыңдар, айтыңдаршы, жалақорларға жаза бар ма?- деп сұрады.
Осындайда лауазымы биік адамның алдында өзін көрсетіп қалуға өте құмар полковник Дүйсенов:
- Бар болғанда қандай, көкесін танытып, бес алты жылға көзін жылтыратуға болады, Нұреке, - деп пысықсынды. Нұрекең езу тартып:
- Заңның қай бабына жатады? - деп сұрады. Нұрекең бүйтіп білгісі келеді деп ойламаған полковник сасып, қып-қызыл боп кетті. Құрдасын қысылтаяңнан құтқарып алғысы келген облыстық прокурор:
- Ондай қылмыстармен шұғылданатын сот пен прокуратура ғой, Нұреке, – деп араласты. – Қылмыс кодексінің 118-статьясы бар, соған сыйдырамын да.
- Онда қандай жаза түрлері анықталған? - деп, тағы шұқшиды Нұрекең.
- Жаза түрлері есімде сақталмапты, – деп прокурор Гүбекең желкесін қасыды.
- Маңғыстау ауданындағы жоғарғы органдарға арыз жаудыртатын жалақорды білесіңдер ме?
Сол аудан орталығының бір тұрғыны аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қағазовтың үстінен арыз жазуды қоймайды деп естігенмін. Шевченко аудандық халық соты әлгі жалақорды кінәлі деп тауып, екі жылға бас бостандығынан айырып, колонияның жалпы түрінде жаза өтеуге үкім етті.
Арада жеті ай өткеннен соң мені Нұрекең өзіне шақырды, бардым.
- Мына арызды оқышы, - деп алдыма конвертімен сырып қойды. Қараймын баяғы біз соттаған жалақордан. Кінәсін мойнына алып:
- Бұдан былай қолыма қалам алып, сондай қылыққа салынсам, түрмеде шірітіңдер! - деп ант-су ішіпті.
- Ал, судьяеке, не дейсің? - деп сұрады. – Сендер де, тым қатаң кетіпсіңдер. Сондықтан да менің соттың жұмысына араласпаңдар дейтінім.
- Мына арызды ал да – заңға, онан соң өзіңнің судьялық арыңа сай шеш. Айтарым – оның совет қоғамына қаншалықты қауіпті екенін ойлағын.
1962 жылдың көкек айының бесі күні кенеттен облыстық партия комитетінің кезектен тыс пленумы шақырылды. Пленумды бірінші хатшы Н.Д.Оңдасынов ашты. Бірінші мәселе бойынша баяндаманы, бірінші хатшы тұрғанда, екінші хатшының жасайтыны Қазақстан Орталық партия комитеті хатшысының, онымен бірге Егізбаевтің қатысуы, ұйымдастыру мәселесінің күн тәртібіне қойылуы үлкен өзгерісті аңғартты.
Бірінші мәселе қаралып болғаннан кейін, Орталық Партия Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Н.Жандильдин сөз алды.
- Жолдастар, облыстық Партия комитетінің бірінші хатшысы жолдас Оңдасынов Нұртас Дәндібаевич ССРО және Қазақстан Орталық Партия Комитеттеріне денсаулығына байланысты жұмыстан босату туралы бірнеше рет өтініш жасаған еді. Оның өтінішін жөн деп тапты. Нұрекеңнің республика алдында, халқы алдында сіңірген еңбегі зор. Өздеріңізге аян, ол он үш жыл бойы республиканың үкіметін басқарды, Жоғары Совет президиумінің төрағасы қызметін атқарды. ССРО Жоғарғы Советінің президиум төрағасының орынбасары болды. Жолдас Оңдасынов қай жұмыста жүрсе де өзінің партия мүшесіне лайық борышын адал атқарды. Үш мәртебе «Ленин», екі рет «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен наградталды. Қазақстанның орталық партия комитеті жолдас Н.Д.Оңдасыновқа алғысын айтып, ұзақ өмір сүруіне тілектестігін білдірді, - деп барып, Нұрекеңді құшақтап, бетінен сүйді. Тіпті мұндай өзгеріс күтпеген пленум мүшелері дал болған күйде. Ол жылдары қызметтен босатам деген қайраткерлерді осындай сылтауменен ысырып тастайтыны әмбемізге белгілі. Нұрекеңнің жоғарыдағы дөкейлердің біреуінің көңілінен шықпағанын сездік. Өйткені, Нұрекең не бәрі елу сегізде, күш-қайраты, біліктілігі әлі де болса, бірнеше жылды өтеп тастайтынына мүмкіндігі мол екеніне күмәнсізбіз.
- Жолдас пленум мүшелері, - деп Н.Жандильдин залға қарады, -сөйлейтіндеріңіз бар ма?
Сөзді облыстық кеңестің төрағасы Сағидулла Құбашев алды. Ол Нұрекең сенім артып, батыл түрде жауапты қызметтерге жоғарылатқан жас кадрлардың бірі болатын. Мен мың тоғыз жүз елу бесінші жылы облыстық соттың төрағасына бекітілгенде, Құбашев облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары еді. Отыз мыңдықтар колхоз-совхоз бастықтарына жіберу науқанында оны Есбол ауданындағы «Правда» колхозына төрағалыққа сайлаған-ды.
Құбашев үш-төрт жылдың ішінде артта қалған, экономикасы әлсіз шаруашылықты ең озық қатарға қосты. Оның іскерлігіне көзі жеткен Нұрекең бірден облыстық Кеңестің төрағасына сайлантты. Жас төраға ә дегеннен советтің жұмысын қолға алып кеткен. Алпысыншы жылдары облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, сексенінші жылдардың басында Қазақстан орталық партия комитетінің хатшылығына дейін көтерілді. Құбашев сөйлей де білетін жігіт еді, оның ардақты ағаға деген жылы лебізі қайсымызды болсын қатты толғантты. Пленумге қатысып отырған әйел жандарды жылатты да...
Бірінші хатшылыққа Егізбаев жолдасты бекіттік. Онан соң Нұрекең сөз алды. Мінбеге шыққан соң, бет пішіні нарттанып, жұтынып, бірер минөт асықпай бәрімізді мұңлы назарымен шолып өтті. Оның жан толғанысын мәртебелі жұмысынан кеткендігінен емес, тоғыз жылға жуық қол ұстасып, бірге еңбек тері төгіскен облыс активін қимай тұрғаны деген түсінікте едік бәріміз. Сон-дықтан біздің рухани толғанысымыз Нұрекеңдікінен кем емес еді. Мен өз басым ардақты ағаның басшылығынан ада боп, жетімсіреп бара жатқандай сезінген едім.
— Аса құрметті жолдастарым менің, — деп бастады Нұрекең дауысы бір түрлі дірілдеп, — өмір, онан соң тіршілік заңы қиын ғой, — адам қартаяды, оның орнын жас басады. Біреу кетеді, біреу келеді. Бұл құбылыс қанша қатыгез болса да, одан ешкім құтылып кете алмайды. Міне, сол кез маған да жетті. Осы минөттерде: "Мен кім едім, неге жеттім? Қызмет биігінен көрінуіме кім әкелік ықпалын тигізіп, құлап бара жатқанымда кім сүйеу болды?" деген сұрақтар көкейіме тіреліп тұр. Оған жауабым — бәрі сүйікті партияның арқасы, Совет өкіметінің кедей-кемтікке, жетім-жесірге деген гумандық қамқорлығы. Жетім боп, Ташкент қаласының шұңқыр-үңгірлерін баспана, мейірімді адамдардың бергенін аш қарынға талшық етіп жүргенімде балалар үйіне апарып, жуып-шайып, тамақтандырып, оқып білім алуыма әкелік қамқорлығын аямады. Жұртым, бұны қалай ұмытармын?! Мен көзім жұмылғанға шейін Лениндік партия алдындағы парызымды өтей алмай кеттім деген арманда болатыныма Сіздерді кәміл сендіремін. 1926-жылдан бері коммунистік партияның мүшесімін. Өзімнің партиялық парызымды адал атқаруға тырысып бақтым. Сосын ана тіліне көшіп:
Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз.
Ой түбінде жатады,
— дегендей партия, халқыма, сіздерге айтарым осы мезетте көкіректе қайнайды. Жазушы емеспін ғой, оны сіздерге асыл сөз, тәтті тілмен жеткізуге шамам келмей тұр, — деп ол басын жаңа сайланған бірінші хатшы Егізбаевқа бұрып, — жолдас Егізбаев, Сіз жас хатшысыз. Бұнан былай алып жүретін қызметіңіздің жүгі ауыр. Партия мен өкіметтің тапсырмаларын мүлтіксіз орындаудың, абыройға жетудің бірақ жолы бар. Ол — мына отырған активтерге сүйеніп, "ақылдасып пішкен тон келте болмайды". Гурьев облыстық партия комитетінің осы отырған активтері — тамаша, керемет адамдар, еш уақытта ұятқа қалдырмайды. Бұл асыл жандармен бірге жұмыс істеген жылдарымды өмірімнің ең айшуақ шақтары деп есептеймін! Ардақты менің достарым! — деп, көңілі бұзылып, бірер минут тоқтап қалды да терең дем шығарып, сөзін әрі қарай созды, — биік өкілетті жұмыс деген қиын ғой, біреуге жұмсақ, біреуге қатаң айтасың, кей-кейде арына тиетін сөздер де ауыздан шығып кетуі ықтимал. Егер мен жағынан сондай ақаулықтар істелген уақыттар болса, кешіріңіздер! Құрметті жолдастар, мен қайда жүрсем де, өзімді Гурьев облысы партия ұйымының мүшесімін деп санайтын боламын. Өйткені, бұл партия ұйымымен үшін үлкен мектеп, зор, қатаң сын еді. Сіздердің көмектеріңіздің арқасында бәрінен сүрінбей, жығылмай өттім, рахмет Сіздерге! Тағыда өтінетінім — өкпелеріңіз болса, еске тұтып, жаман атай көрмеңіздер!
— деп басын иіп, — Cay-саламат, жұмыстарыңызға зор жеміс тілеймін! Мінбеден түсіп, бірінші қатардағылардың арасынан орын тепті. Бәріміз орындарымыздан тік тұрып, үлкен толғаныс үстінде ұзақ қол шапалақтап, өзіміздің бірден-бір сыйлайтынымызды таныттық. Менің қасымда тұрған Кәрімова (қалалық партия комитетінің хатшысы):
— Қандай сыпайы адам? Анау отырғандардың біреуінің "президиумда отыра беріңіз!" деуге ақылы жетпегенін қарашы, — деді көз жасын сүртіп.
Апта өткен соң Жайық өзенінің жағасында немересімен жүрген Нұрекеңе кездесе қалдым. Біраз мені әңгімеге тартып жүргенде:
— Айтпақшы, — деп тұрып қалды. — Әлгі кемпір байғұстың ботасын өндіріп беріп пе едіңдер?
— Кең молынан, Нұреке.
— Адамгершілік жасағансыңдар, — деп күрсінді, — болып жатқан шындыққа көз салсаң, біздің қоғамның олқылықтары мол, кемтар, кем-кетіктерге деген қамқорлық жетіспейді, — деді де, өз күмәнін өзі түзегендей болды маған. — Кемістіктер уақытша жайттар, бәрі түзеліп кетеді. Сонан соң мына немеремді әкеп, қуантып кетті балаларым. - Сонан соң ойда жоқ жерде:
— Сен тым азып кетіпсің, жөнді емделмейсің бе?
Емделіп-ақ жүрмін, Нұреке. Ауа райы жақпай жүр.
Сен туралы орталық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Агей Евгеньевич Ждановқа айтқанмын. Ауысуыңа көмектесер.
Қамқорлығыңызға рахмет, аға! Осы облыста Сізбен бірге болып, басшылығыңыз арқасында қызмет істеген жылдарымды өмірімнің ұмытылмас белесі деп есептеймін. Сіздің мектебіңізден сабақ алғанымды қайтіп қана ұмытайын, абзал аға! Сізге ұзақ өмір тілеймін! — дегенімде:
Қазақтың қара көз балаларының әр уақытта биіктен көрінуін арман етемін. Аман-есен бол, лауазымың жоғарылай беруіне тілектеспін! — деп қолын беріп қоштасты.
Өстіп, абзал ағамен қоштасқаным дәл бүгінгідей көз алдымда.
Кезекті демалысымнан соң кеңсеге басымды сұққаным сол еді, қабылдау бөлмеде отырған хатшы орыс келіншегі:
Сіз жоқта түрі өте көрікті, байсалды кісі келіп, Сізді сұрады. Аты-жөнін жазып алып едім, — деп стол тартпасын ақтара бастады да іздегенін таба қоймады. Мен кабинетіме кіріп, жұмыс орныма жайғасқанымда өлкелік соттың мүшесі Оразай Нұрахметов келді. Жайласып отырғаннан соң:
Сізге айтайын дегенім, осыдан екі апта бұрын біздін өлкелік сот кеңсесіне қазақтың ең бір қадірлі ұлы, мемлекет қайраткері келіп кетті десем нанбассыз, — деді мақтаныш түрде.
Ол қай кісі? — деп елең еттім.
Нұртас аға! Мен нанар-нанбасымды білмей ұшып тұрыппын орнымнан.
Нұртас Дәндібайұлы ағай ма?
Иә, сол кісі. Қасында Түркістан ауданының бір жігіті бар. Ол жарықтық сол ауданның топырағынан емес пе? Сізді сұрағанына таңмын, шамасы бір шаруасы боп қалды-ау!...
Әттеген-ай, орнымда болмағаным-ай! Ол жайсаң жанның қол астында жеті жыл бойы Гурьев облысында істедім ғой. Қалада болған соң жаман інісі өлкелік сот төрағасының орнында қалай отырғанын көрейін деген оймен келді ме екен, — деп күлдім. — Жо-оқ, Нұрекең ондай ойдан аулақ, адамның адамы ғана мәртебесі, біліктілігі өзінен төмен болса да таныс адамын сағынады ғой, өзінің жасынан төмендегілерді інілеріндей көреді. Әлі есімде: "Қазақтың қара көз балаларының әр уақытта биіктен көрінуін армандаймын!" – дегені. Ол ағамен салыстырғанда мен кіммін? Сонша мәртебелі ағаның мені сұрап келгені... — көңілім босап кетті. Ағаның бет-жүзін көріп, сәлемдесіп қайтуым керек, қазір жүріп кетемін жолға...
Сіз алдымен Түркістанға телефон соғып біліңіз, естуім, Москваға қайтып кеткен секілді, — деп тоқтатты Оразай.
Сұрастырып едім, Нұрекең туған жерінің топырағына бірер күн аунап, мауқын басып, ата-бабасының дәмін татып, қайтқан екен Москваға.
Қазақ халқының көптеген ғұламаларының, мемлекет қайраткерлерінің бірі Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов бүгінде кіндік қаны тамған топырағының дөңес жерінде мәңгі орын тепкен, ол дүниелік үйі алыстан көрінеді. Топырағы торқа, жатқан жері мәңгі жанына жайлы болсын!
Нығмет ТӨЛЕНДИЕВ,
құқық қорғау органдарының ардагері.
Г. В. Шутенов,
Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер
Оңдасыновтай оңды адамдар қайда?
Мен Алматының дәрігерлер дайындайтын оқу орнының емдеу бөлімін 6 жыл оқып, соңғы сабағымды 1955 жылы 28 маусым күні тапсырдым. Мені Денсаулық сақтау министрі жедел шақырып жатыр деп, Орталық Компартияның екінші ^ңіі
хатшысы Қаражановқа алып келді. Маған: – Сіз бұрын Атырау облысында денсаулық мекемесін басқарған екенсіз, мүмкіндік болса бүгін облысқа самолетпен ұшыңыз. Сізді жолдас Қарынбаев күтеді, – деді. Ертесіне-ақ мен Атырауға ұштым.
Келісімен мені Атырау облысының Денсаулық бөлімінің бастығы етіп бекітті. Мен облыс басшылары Палымбетов, Оңдасынов, Қарынбаев тағы басқаларының сенім білдіргендеріне рахметімді айтып, қолдарын алып, аянбай еңбек етуге уәде бердім. Содан кейін Облыстық атқару комитетінің төрағасы Нұртас Дәндібайұлы және бөлім бастықтары маған өз сұрақтарын қойды. Мен осыдан бұрын (1945-1947 ж.) облстык, денсаулық сақтау бөлімін баскарғандағы жұмыстарымды айттым. Отызыншы мауысм күні дәрігерлер бас қосқан жиналыс болды, оған Денсаулық сақтау Министрі С. Р. Қарынбаев қатынасып, мен жөнінде, бұрын Атырауда істегенім туралы, сосын Алматы дәрігерлер институтының емдеу бөлімін жақсы аяқтағанымды, «Сталин атындағы стипендияға» ие болғанымды айтты.
Міне, сол күннен бастап атыраулық болып, міндеттеген жұмысыма кірісітім. Жұмыстың түрі де, проблемасы да көп еді. Бәрін айтып жату қиын. Он күннен кейін дипломымды алмақ болып, Алматыға кеттім. Өзіммен бірге оқыған жолдастарымның арасынан 17 дәрігерді Атырауға қызметке шақырдым. Үй аласыңдар дедім. Сондықтан алдымен мен Нұртас Дәндібайұлына барып жағдайды айттым. Нұрекең қала аудандары басшыларына тапсырма берді. Сөйтіп, үй мәселесі кешікпей шешілді.
Ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын тексеру барысында Нұртас Дәндібайұлы кемшіліктерді көп байқады. Дәрігерлерге тұрмыс гигиенасынан халық ортасына барып, лекциялар оқу керектігін баса айтты. Нұртас Дәндібайұлы Азғыр полигонындағы жарылысқа қатты ызыланды және тым болмаса медициналық көмек көрсетуге тырысты, емхана ашуға, көлікпен қамтамасыз етуге қозғалыс жасады.
Жергілікті халықтың денінің сау болуы үшін, біріншіден құдықтар, яғни таза ауыз су болуы керек, моншалар болуы керек деп, соларға күш салды. Балықшылардың денсаулығына ерекше көңіл бөлді.
Алматы қаласының ғалымдары қатысуымен Республикалық дәрігерлермен Кеңесін өткізу идеясын қолдады.
1956-57 жылдың бірінде барлық жерде сайлау болды ғой, сол кезде Теңгіз ауданына қарасты Азғыр совхозынан мені облыс институтына ұсынды. (Бұрын Орал облысына қараған, атом құрамдарын тексеру үшін Гурьев облысына берген. Азғыр совхозында 10 төсекті ғана аурухана бар екен, басқаратыны – фельдшер.
Мен совхоздардың жағдайымен танысып, қандай жәрдем бере аламын деп ойландым. Кешіктірмей облыстың бастығы Нұртас Дәндібаевқа телефон соғып, қай уақытында қабылдайтындығын біліп, айтқан сағатына бардым. Үш адам кіруге отыр екен. Нұрекеңнің кабинетінен кісі шығысымен күтіп отырғандардан бұрын мені кіргізді.
Мен сайлаушылармен кездестім, олар жақсы қабылдады. Мен мынадай жәрдем беруді жөн көремін дедім.
Жоғары білімді дәрігер
Санитарлық автомашина
Рентген аппараты
Қан, дәретті зерттеуге ауру адамдарды ауданға жібермеу керектігін, лабаротория, лаборант керектігін айттым.
Нұрекең сонша риза болды. «Мен рұқсатымды беремін, себебі сен дұрыс жобалағансың, сондай қашықта жатқан ауданға көмек көрсетеміз, егер ақша керек болса айт», - деді.
Нұрекең кей кезде аудандарға шығайық деп шақырады, оған қашанда дайын болдым. Машинамен жүргенде өзіміздің орамалымызды, простынямызды алып жүреміз. Қашықтау аудандарда қонып та қаламыз. Бізбен бірге Нұрекеңнің көмекшісі де болды. Нұрекең сонша таза, тырнағы адам қызыққандай жылтырайтын. Сондықтан маған айтатын: «Сен халыққа лекция оқы, тамақты ішкенде қасық пен айырды пайдалану керек, әсіресе, ет жегенде біреулер қолын шала жуып тураған етін сенің алдына қарай итереді».
Мен дәрігерлердің жиналысын өткізуге Нұрекеңнен рұқсат алып, министріміз Қарынбаевті, академик Сызғановты шақырдым. Біздің жиналысымыз обкомның залында болды. Үшеуі де алдымен сөйлеп, сосын Нұрекең өзің басқарып, өзің өткізерсің деп екі қонақты өзі алып кетті. Параходқа мінгізіп қыдыртты-ау деймін.
Бір кезде Нұрекеңе аспирантураға барсам, оқысам, ғылыммен де айналыссам деген ойымды айтып едім: «Сонда бәріміз ғылымға кетсек, халыққа кім жәрдем етеді, оны да ойлау керек қой», -деп мені жібермеді. 1961 жылы дәрігерлерді орденмен наградтайтын болды. Бізге: 2 Ленин, 4 Қызыл ту, 4 Құрмет ордены берілді. Сол тұста мен Алматыға ауысатын болдым да өзімді-өзім орденьге ұсынбадым. Кімдердің марапатталатыны Обкомның бюросында қаралатын болды. Нұрекең өзінің бір бөлімінің бастығына: «Неге Шутенов тізімде жоқ?» - дейді. Мен: «Кешіріңіз, - дедім Нұрекеңе, - Мен кететін болған соң кіргізбедім». Нұрекең: «Біз сенің кетуіңді емес, еңбегіңді бағалауымыз керек», - деді де, «Шутеновті Ленин орденіне жаз», - деді. Мен тағы Нұрекеңе: «Біздің ұсынғандарымыз - Сүндетов хирург, екіншісі – фельдшер, екеуінің 30 жылдан аса еңбегі бар», - дедім. «Онда Шутеновті Қызыл ту орденіне жаз», - деді. «Әр іске әділ Нұрекеңді қалай бағаламайсың, ол – ұстаз, әрі тәрбиеші».
Достарыңызбен бөлісу: |