Гүлсім Оразалықызы Нұртас Оңдасынов туралы естеліктер


Алдымен қазақ тілінің емлесінше бірге



бет5/21
Дата23.10.2016
өлшемі5,93 Mb.
#75
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

Алдымен қазақ тілінің емлесінше бірге

және бөлек жазылатын сөздері туралы
Ережелерге сәйкес бірқыдыру, қолөнер, кәсіпорын, шетел сияқты сөздер бірге жазылуы керек. Олар баспа беттерінде «Бір қыдыру жерге жетіп те қалдық», «Халықтың көркем қол өнері тоғызыншы бесжылдықта жаңа қарқынмен дамыды», «Шет елден келген қонақтар» болып бөлек жазыла береді. Ақ пейіл, алғы сөз, арам тамақ, арзан қол, ат салысу, аяқ алды, әр алуан, әр кез, әр қилы, әр түрлі, баспа табақ, бой жеткен, бүкіл дүние жүзі, дүние таным, егін жай, екі жүзді, екі қабат, еш нәрсе, жалпы европалық, жан ашыр, жер жүзі, кең пейіл, көркем сөз, көп ұлтты, күн көру, қол бала, құр алақан, қырғи қабақ, қос ішек, темір жол, тырнақ алды, ірге тас сияқты сөздер осы көрсетілгендей бөлек жазылуы керек. Практикада олар көбінше бірге жазылып келеді. Бұған төмендегі мысалдарды келтірейік:

«Ақкөңіл мінезіңмен жұрттың жадында қалдың»; «Алғысөзіммен жарық көрді»; «Масыл – бар ауыртпалығын біреудің мойнына артқан арамтамақ»; «Арзанқол киімдер ілінген», «Бәріміз атсалысуымыз керек», «Көзінің тірісінде әкеміз әралуан ағаштар отырғызатын»; тағы тағылар.

Қазақ тілінің ережесіне сай соңғы буынында қысаң ы, і дыбыстары бар сөздерге дауысты дыбыспен басталатын қосымша жалғанғанда ы, і дыбыстары кей уақытта түсіп қалады. Мысалы: ауыл-аулы, әріп-әрпі, дауыс-даусы, ерін-ерні, жеті-жетеу, көрік-көркі, құлық-құлқы, ресім-ресми, халық-халқы. Бұл тәрізді сөздер әлі де түрліше жазылып келеді.

Бір кезде «ғылми» деп жазу дұрыс емес, дұрысы «ғылыми» болу керек деген пікірлер айтылды. Шынына келгенде оның даулы түгі де жоқ. «Ғылыми» болып жазылу жоғарыда айтылған қазақ тілінің ережесіне тұп-тура келіп тұр. Бұл сөздің түбірі – арабша ғілм (ілм). Оған и дыбысы жалғасып ғылми (ілми) болып тұр. Осылай жазудың дұрыстығын жақтайтын қосымша бір ғана мысал келтіре кетейік. Бізде ресми деген сөз бар. Оның түбірі – арабша рәсм, қазақша түрі – рәсім. Оған и дыбысы қосылса ресми болады. Біз оны ресіми демейміз, қазақ тілінің заңына сай ресми деп жазамыз. Бұны ешкім дұрыс емес деп айта да, дәлелдей де алмайды.

Қазақ тілінде күмән, күнә, кінә, іңкәр сияқты ә дыбысы бар буынмен анықталатын 5-6 сөз бар. Орфографиялық сөздікте оларға жалғанатын қосымшаларды жуан етіп берген. Бұл жағдай дүдәмал келтіретін сияқты. Сондықтан болар, ондай сөздердің жалғаулары көбінше жіңішке болып жазылып жүр. Мысалы: «Түзеліп келе жатқанның куәсі болдық»; «Тағы бір күмәнді нәрсенің анығын білсем деп едім»; «Күнәсіз – айыпсыз, жазықсыз»; «Кінәлі емессің»; «Шүбәсіз шыным осы»; «Асқар іңкәрлік сезімге бөлейді».

Егер бұл тәрізді сөздердің соңғы буынындағы ә дыбысы а болып алынса (мұнда қазақ тілінің заңына қайшылық жоқ), онда олардың жазылуындағы шұбарлық өзінен-өзі жойылмақ. Бұл пікір ол сөздердің түбірлеріне де сәйкес келеді. Қазақша күмән деп жүргеніміз гоман, куә – гуа, күнә – гонал, іңкәр – инкар деген араб-парсы сөздерінің қазақша түрі.

Қазақ жазуындағы үлкен бір олқылық – кейбір сөздердің көп вариантты болып жазылуында. Оның себептерін аңдау мақсатымен, қазақ тілінде кең өріс тапқан 400-ден астам араб сөздерінің қазақша жазылу түрлерін анықтап шықтық.

Оқылған әдебиеттерде тәсбих сөзінің 20, ижтиһаттың – 12, ілтипаттың – 8, ғибраттың – 7, әрекеттің – 6, қауіптің – 5, ұжданның – 4 варианты кездесті. Әрқайсымыз күніне сан рет айтатын рақметтің (ауызекі айтылуы өз алдына) рақмет, рақымет, рахмет, рахмат, рахымет сияқты 5 түріне кездестік.

Бір мағыналы сөздері әр түрлі жазу – тіл саласындағы үлкен кемшілік екені жоғарыда айтылды. Ойлап қарасақ, сол кемшіліктерді пайдалану арқылы, олардың біразын түзетуге болады екен. «Іздеген табады» дегендей, кейбір көп вариантты сөздер дыбыстық айырмашылығы арқылы жекеленіп өз алдына термин болып анықталды. Бұрын бір мағынада болған ғылым (наука), ілім (учение); мағлұмат (білім), мәлімет (ақпар); өкімет (власть), үкімет (правительство) дараланып қалыптасты. Мүмкінінше осы әдісті қолданған жөн. Шынын айту керек, бір мағыналы сөздердің көп варианттылығы жойылмай, қазақша сауатты жазу мүмкін емес. Тіл мамандары бұл мәселені тезірек қолға алып, ғылым тезінен өткізіп, халқының игілігі үшін оларды бір қалыпқа келтіреді деген үміттеміз.

Кейінгі кезде баспа беттерінде х, һ дыбыстарына «әуестік» көбейіп барады. Мәселен, ақиқатты – ақихат, қадемді – хадем, қадірді – хадір, қиссаны – хисса, жақұтты – жаһұт, таупиқты – таупих деп жазу әдетке айналып барады. Арабтың бұл сөздерінде х, һ дыбыстары жоқ. Олар өз тілінде хәқиқәт, қәдім, қәур, тәуфиқ, нақут, кіссә болып жазылады.

Қазақ тілінің сөздік қорында дарқан, дастарқан, диқан тәрізді сөздер бар. Оларды дастархан, дархан, дихан, рахмет деп жазу жиіленіп кетті. Кейбір түркі елдерінің тілдерінде дарқан, дархан, тархан деп жазылады. Дастарқан – парсының дастархан, рахмет – арабтың рәхмәт сөздерінен. Бұлай жазуда оларды түпкі нұсқасына жақындатуға әрекеттік ізденіс болуы мүмкін. Бірақ, солай бола тұрса да ресми қабылдамайынша, олардың жаңа түрі қазіргі жазу емлелерінің шеңберіне сыймайды, сондықтан ондай сөздерді өзгертіп жазуға ешкімнің қақысы жоқ.

Ғалымдарымыз орыс тілі арқылы қазақ тіліне енген сөздердің жазу ережелерін нақтылы жасап берді. Бірақ, өкінішке орай, ол ережелер жазуда әрдайым сақталмайды. Бұзып жазу көбінше жіңішкелік белгісі бар сөздерде кездеседі.

Мәселен, актуал, интернационал, коммунал, минерал, профессионал, реал, экспериментал тәрізді сөздер бар. Олардан орыс тілінде сын есім жасалғанда л әрпінен кейін жіңішкелік белгісін (ь) қояды да оған ый қосымшасы жалғасады. Ондай сөздерді қазақшалағанда, қабылданған қазақша түбіріне қармай, ый жалғауын ды, дық деп аударады да, «Бұл әңгімелердің бірі де бір актуальды емес»; «Қазақ ССР Коммунальдық шаруашылық министрлігі», «Минеральды су көздері енді ашыла бастады»; «Қазір реальды өмірді терең тани аламыз»; Қазақ орфографиясы бойынша орыстың жіңішкелік белгісімен аяқталатын гастроль, госпиталь, деталь, король, медаль, фестиваль сөздерінің жалғаулары жуан болып жазылуы керек. Іс жүзінде: «Гастрольдің ашылу концертінде Қазақ ССР халық артисі Ғарифолла Құрманғалиевтің салған әндеріне көрермендер қызу қол соқты»; «Жұмбақ жайға тап болған госпитальдегілер де абыржыңқы»; «Бүкілодақтық театр фестивалінде лауреат атағына ие болды» сияқты жазулар аз кездеспейді.

Жоғарыда көрсетілген сөздердің жалғауларында бірыңғайлық жоқтығы, бұған ол сөздердің соңындағы жіңішкелік белгісі әсер етіп тұрған жоқ па дегендей пікір туғызады. Бұл пікірді орфографиялық сөздікте сол сөздер формасында жазылатын ткань сөзінің жалғауы жіңішке болады деп берілуі күшейтіп, жақтап тұрғандай.

Орфографиялық сөздікте к, г дыбыстары бар буынмен аяқталатын орыс сөздіктеріне қосылатын жалғаулардың жазылу ережелері берілген. Соған сәйкес акт, банк, парк, полк, факт тәрізді сөздердің жалғаулары жіңішке болулары керек, ал тәжірибеде «Өлген малға Ілияс акты бермеді»; «артиллерия полкы»; «фактыға елеусіз қарауға болмайды»; делініп жазыла береді.

Диалог, драматург, округ, педагог, блок, станок, участок тәрізді сөздердің қосымша жалғаулары емле бойынша жуан болып жазылулары керек. Солай бола тұрса да, «Оның бір жас драматургі бар еді»; «Әуелі педагогтік жұмыста істеді»; «Бадам участогына қарасты» болып, олардың жалғаулары көп ретте бұзылып жазыла береді.

К, г дыбыстары бар буынмен аяқталатын қазақтың төл сөздерінің қосымша жалғаулары жуан болып айтылып, жазылмайды. Жоғарыда көрсетілген сөздердің жазылу шұбарлығына қазақ тілінің ежелден қалыптасып кеткен осы әдетінің ықпалы тиіп тұрғаны сөзсіз. Бұнымен санаспауға болмайды. Сондықтан к, г дыбыстары бар буындармен аяқталатын қазақ тіліндегі орыс сөздерінің қосымша жалғауларының емлесін тереңірек қайта қарап шығуды өмір талап етеді.

Басқа тілдерден қазақ тіліне жаңадан енген сөздер сол қалпында жазылуы керек. Бұл – жазуға қолайлы ереже. Бірақ, кейбіреулер, әсіресе, аудармашылар өздерін қинамай, аудармаларда кездесетін қазақ тілінде бар сөздерді сол тілдің нұсқасымен жаза салатын әдетке ұшырап жүр. Мақаланың бас жағында айтылған х, һ дыбыстарына «әуестік» – осындай салақтықтың салдары.

Баспа беттерінде мына сияқты тіркестер кездеседі: «Совет делегациясының мүшелерімен болған кездесуде меджлистің сенаторлары мен депутаттары, елдің қайраткерлері қатысып отырды». Қазақ тілінде жиналыс, жиылыс мағынасында қолданылатын мәжіліс сөзі бар екені баршаға мәлім. Арабтың бұл сөзі өз ана тілінде де осы мағынаны береді. Кейбір шығыс елдерінде парламентті мәжлис деп те атайды. Өз тілінің заңына орай орыстар оны меджлис деп жазды. Бұл сөзді қолданатын елдердің ешбірі меджлис деп айтпайтынын еске түсірген жөн.

Гурьев облысында Індер (іннің көпше түрі) деген жер аты бар. Қазақтың бұл төл сөзі орысшадан қазақшаға аударылып «Индер» болып жазылып кетті.



Енді бірер сөз қазақ фамилияларына жалғасатын қосымшалардың жазылу үлгілері жөнінде.

Қазақ фамилиялары кісінің атына ұлы, қызы сөздері қосылып (Момышұлы, Сәрсенқызы) жасалатыны белгілі. Бірақ та, тәжірибеде көбінше орыстың ев, ов, ин жалғаулары арқылы Баев, Беков, Салин болып кетті.

Фамилиялардың жалғаулары да жалпы ережелерге сәйкес сөздің кейінгі буынының қатаң ұяңдығына, жуан-жіңішкелігіне қарай қолданылады. Осы ереже дұрыс қолданса Крылов – Крыловтың, Алексеев – Алексеевтің, Кириллин – Кирилиннің дегендей орыс фамилияларына жалғанатын қазақша қосымшаларын әрдайым қатесіз жазуға болады.

Қазақ фамилияларын жазуда бірыңғайлық жоқ. Кейде Баевтың, Бековтың, Әуезовтың, Қалиевтың, Қасеновтың, кейде Әуезовтің, Баевтің, Бековтің, Қалиевтің, қасеновтің боп жазыла береді. Неге олай? – деген заңды сұрақ туады. Оған жауап беру қиын емес.

Әуез (Әуез-ов), Бек (Бек-ов), Сәрсен (Сәрсенов) сөздерінің түбірлері – жіңішке. Сондықтан Әуезовтің, Бековтің болып жазылуы керек. Сондай-ақ, Бай (Бай-ев), Ғани (Ғани-ев), Қали (Қали-ев) сөздерінің түбірлері жуан, өйткені, Ғани деп отырғанымыз – бұрынғы Ғаный, Қали – Қалый ғой. Сонда қазақша түбірлерінің соңғы буындарына қарай Баевтың, Ғаниевтың, Қалиевтың, ал ев ықпал етсе – Баевтің, Ғаниевтің, қалиевтің болып шығады. Осыдан: қазақ фамилияларының жалғасы түбірлік сөздердің соңғы буындарына сәйкес жазылса, олардың жазылуындағы шұбарлық мүлдем жойылып, бірыңғайлы арнаға түседі.

***


Көп болып жұмыла қолға алынса, жазудағы ала-құлалықтан дер кезінде арылуға болады. Ол үшін, алдымен, қолдағы бар жазу ережелерін айнытпай қолдануда баспа орындарының жауапкершілігін көтеру керек.

Сонымен қатар, тіл мамандары мен тіл білім, ғылыми мекемелер жазу теорияларындағы қазірдің өзінде көзге түскен кемістерді тезірек түзетіп, оларды әрі қарай жан-жақты жетілдірсе, жазу мәдениетіміз жоғарылай бермек.



«Қазақ әдебиеті», 3 желтоқсан, 1976 жыл.

БАЙЫРҒЫ СӨЗДЕРДЕН ҚОРЫҚПАЙЫҚ
Мен пенсияға шыққаннан кейін, үй-ішімнің жағдайына байланысты, біз Москваға көшіп келіп, жаңа пәтер алып, сонда түпкілікті орналастық. Бірер жылға дейін үйде телефон болмады. Бір күні маңдайшадағы қоңырау сылдырлады. Есікті ашсам, оның алдында бір бейтаныс кісі тұр екен. Ол сәл жымиып: «Нұрекең осында тұра ма?» – деп сұрады. Мен оған: «Иә, сұраған кісіңіздің үйі осы болады, кіріңіз, жоғарылатыңыз!» – деп ілтифат көрсеттім.

Амандасып, ел жайын сұрастырып болғанша, дастархан жайылып, шай тамағы да алдымызға келіп қалды. Дәм үстінде қонақ бізді сырттай жақсы білетінін, арнайы келіп, сәлем беруді өзіне парыз тұтқанын сыпайылап айтып отырды. Біз де оған алғысымызды жаудыра отырып, жақсылап дәм алуды өтінеміз. Ол сөзін жалғастыра отырып, жақында өзінің бір қолайсыз жағдайға ұшырағанын айтты.

Біздің күтіп отырған қонағымыз Москваға келер алдында бір шаруамен бастығына барып, «Ассалаумағалейуүм!» – деп сәлем беріпті. Бастық оның сәлемін ықыласпен қабылдаудың орнына:

– Сендер коммунист бола тұра, ескілікті тастамайсыңдар. Ескілікке әуессіңдер! – деп оған қатты кейіпті.

Дастарқан басындағы мейманның айтып отырған бастығы әлгіндей сәлем беру түрін дінмен байланысты деп түсінетінін аңғардым. Шындығына келгенде бұл өрескел, жаңсақтық болып табылады. Жалпы «Ассалам» арабтың «Сәлем» деген сөзінен шыққан. Сәлемнің ана тіліндегі мағынасы – тыныштық, бейбітшілік, хауіпсіздік, амандық, саулық, есендік. Ал, «саламат», «саламат» дейтініміз – сәлемдесудің жекеше (сәләмә, сәламат) немесе көпше түрі (сәламат). «Ассаламға» - «ғалайкум» қосылғанда «сізге бейбітшілік» деген мағына туады. «Уағалейкумассәләм!» деп қайыра жауап бергенде «Сізге де бейбітшілік!» деген мағына ұғылады. Адамдар сөйтіп бір-бірімен кездескенде осылай амандасады. Қарап отырсақ, бейбітшілік қандай әсерлі сөзі.

Адам баласы сонау әлмисахтан бері тыныштықты, достықты, татулықты насихаттап келеді. Әлемде бейбітшілік толық орнағанша, ол күрес ешуақытта тоқталмас еді. Бейбітшілікті социализм әкелді. Октябрь социалистік революциясының жеңісінен кейін Совет үкіметінің бірінші декреті «Бейбітшілік туралы» болғаны кездейсоқ емес-ті.

Қорыта келгенде, көне сөздердің бәріне бірдей күмәнді қарауға болмайды. Тіл – халықтың перзенті, ол адамзаттың тарихымен тығыз байланыста. Заманның талаптарына сәйкес әруақытта жаңа сөздер пайда болады, кейбір сөздер пайдаланудан шығып қалып отырады. Сонымен қатар, өзінің бастапқы мағынасын өзгертіп, жаңа мағынаға ие болатын сөздер де кездеседі. Бұл – барлық тіл атаулыға тән құбылыс. Бұған көптеген мысалдар келтіруге болады.

Қазақ тілінде «айналайыннан» артық ләззат сөз жоқ. Егер ол қарапайым «айналу» етістігінен шыққан болса, онда «айналайын» теңі жоқ аса құдіретті де қасиетті мағынаға қалай ие болды? – деген заңды сұрақ туады. Ойлап қарасақ, мұның себебі тереңде жатқан сияқты.

Сонау көне замандарда адам табиғат құбылыстарын ғылыми жолмен түсіне алмаған. Сондықтан оған күн де, ай да, от та, су да керемет тәңірі сияқты көрінген. Оларға түрліше сыйынған, жалбарынған, тіпті осыларға арнап құрбандық шалатын болған. Қадыр тұтқан әулие орындарына табыну әдетке айналған. Ислам дінінің бір құдайға сену жолындағы үстемдік қаталдығына қарамастан, отқа май салу, оны айналу, одан аттау сияқты сыйынудың қалдықтарын бала кезімде талай көргенбіз. Сол «айналу» сөзі заманның өзгеруімен бірге, өзінің қарапайымдылық мағынасына сай қосымша жаңа бір сипат тапқан. Содан қазақ «айналайын!» деген сөзді аса биік сезіммен айтатын болған.

Орысша алғыс айтқанды: «спасибо!» дейміз. Сол «спаси бог» («құдай сақтасын!») деген сөздердің қысқарған түрі. Ертеде осылай алғыс айтудың өзіндік үлкен мәні болған. Адам құдайдың жарылқауынан артық ешнәрсе күтпеген. «Спаси бог» бертін келе тәңірлік қабығынан тазарып, адамдардың бір-бірне арналған шын мейірімділік пейілін білдіретін нұрлы алғыс түріне айналған. Бұл қастерлі сөз халық алдында өзінің адал қызметін күні бүгінге дейін атқарып келеді және атқара береді де.

Тіл – тек адамға ғана тән аса құдіретті құрал. Сондықтан, тілді қадірлеудің, әрбір сөздің мәнін ұғып, оны орынды пайдалана білудің мәні зор. «Тіл қылыштан да өткір», «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Сөз тапқанға қолқа жоқ», «Сөз басы байлы болса, түбі сыйлы болады», «Сөзі жақсының – жүзі жақсы», «Сөз сүйектен өтеді», «Сөзде қаңқу жаман, ауруда шаншу жаман», «Абайламай сөйлеген ауырмай өледі», «Сөйлей білмеген сөзді өзіне келтірер» деген сияқты талай халықтық дана нақылдар тілдің асыл қуатын сөзсіз танытады. Олай болса біздер байырғы сөздерден қорықпайық.

Қарағанды облыстық

«Орталық Қазақстан» газеті, 22 қаңтар, 1977 жыл.
СӨЗ АЛА-ҚҰЛАЛЫҒЫ САУАТТЫЛЫҚҚА ЗИЯН

(кейбір сөздердің жазылуы жайында)
Халық тілі де үнемі жетіліп, дамып отыратын құбылыс. Бір сөздер қолданудан қалып бара жатса, енді бір жағдайда тіл жаңа сөздермен толықтырылып, өзгеріп тұруға тиіс. Әсіресе, әрбір тілдің қалыптасу барысында мұндай құбылыс жиі болады. осы орайда қазақ тілінің де реттелер, сұрыпталар, бір жүйеге түсірілер сөздері баршылық. Мысалы, қазақ жазбасына тәсбих деген сөздің 23, әрекеттің – 6, тіпті күнде сансыз айтылатын рақметтің – рақымет, рахмат, рахмет, рақмет секілді бес түрлі жазылуы кездеседі.

Кейінгі уақытқа дейін арабша хокумәт сөзін «власть» «правительство» мағынасында өкімет, үкімет деп араластырып айтып та келдік. Сондай-ақ, «наука», «учение» деген сөздер әркімнің өз білгеніне, түсінігіне қарай бірде ғылым, бірде ілім болып аралас қолданылып келеді. Бүгінде бұл сөздер шартты түрде өкімет – власть, үкімет – правительство, ғылым – наука, ілім – учение болып сәтті дараланды. Енді сауатты адам оларды қатесіз жазып, орынды пайдаланады.

Сөйтіп, осы әдісті қолдану арқылы аз да болса бірнеше сөздер жекеленіп, өздеріне тән дара мағынаға ие болып, жазуымыздағы ала-құлалықты азайтуға себін тигізді. Тілімізде әлі де болса осылар сияқты анықтауын күтіп отырған бірқатар сөздер бар. Солардың кейбірі жөнінде пікірімізді ортаға салсақ дейміз. Мәселен, осы уақытқа дейін арасы анықталмай келе жатқан екі сөз бар. Орыс тіліндегі «вселенная» мен «мир» сөздерін біз әлем, ғалам деп араластырып айтып та, жазып та жүрміз. Бұның өзінше себептері де бар. Арабтың ғаләм сөзі көп елдерде «вселенная», «мир» мағынасында қолданылады. Осының ықпалы қазақ тілінде де байқалады, бірақ, ол сөз бізде әлем, ғалам болып айтылады. «Әлем көркі – адам» (мақал). «Жинал бүгін, кел бері, Бүгін әлем нұр шашты...» (І.Жансүгіров). «Әлемге бірдей сәулесі, Октябрь деген ұлы заң» (Жамбыл). «Арман бар ма Мәскеуім, сені көрген адамда, сендей сұлу қала жоқ, он сегіз мың ғаламда (Жамбыл). «Он сегіз мың ғаламның бар тынысы күнде тұр» (Абай). Байқаған кісіге бұл мысалдардан мирге – әлемнің, вселеннаяға – ғаламның жақындығы сезіледі. Егер бұл сөздерді айыру қажет болса, онда әлем – мир, ғалам – вселенная болып алынғаны жөн сияқты. Осыдан әлеми, ғалами сөздері туады.

Хәрәкәт араб тілінде көп мағыналы сөз. Бұл сөз нүктесіз «х» әрпімен басталады. Ондай дыбыс қазақ тілінде жоқ. Сондықтан ол сөз біздің тілімізде әрекет, қарекет, қаракет, харакәт, харакет, харекет болып айтылып та, жазылып та кеткен. Бір сөздің көп таңбалы болуы сауатты жазуға нұқсан келтіретіні сөзсіз. Одан арылу үшін көп вариантты сөздерді бір қалыпқа келтіру қажет-ақ. Көрсетілген варианттардың ішінде әрекет сөзінің түрі, төркінінің негізгі мағынасы қимылға (действие) сайма-сай келеді.

Очки, пенсне – жақыннан, яки алыстан жақсы көру үшін, көзді сыртқы зақымнан қорғау үшін киетін әйнек, көзгелдек. Олардың қазақшасы дараланбай, бірде көзәйнек, бірде көзілдірік болып алмасып айтыла береді. Әр сөздің жазылу таңбасының, оның мағынасының анығырақ болуына не жетсін. Осы мақсатпен очки – көзәйнек, пенсне (мұрынның қырына қыстырып киетін көзілдірік) – көзілдірік деп алынса дұрыс болатын сияқты.

Орыс тілінде вексель, расписка, доверенность деген сөздер бар. Ойлансақ, олардың баламаларын қазақ тілінде табуға болатын сияқты. Мәселен, расписка – бір нәрсені алғаны үшін қол қойып берген қағаз. «Алғандарыңызға қолхат беріңіз, – деді Сания» (Т.Нұртазин). «Қабылдап алғанымыз жөнінде сізге қолхат бермейміз, – деді ол». (С.Омаров). Бұл мысалдарда қолхат расписканың мағынасын толық беріп тұр.

Қазақ тілінде қолхатпен қатар жүретін тілхат деген сөз бар. «Қырманнан қайтарында тілхат үшін, қиырдан зорға жетіп үлгергенмін» (Х.Ерғалиев). «Иван... тілхат алған» (Ғ.Мұстафин). Тілхат шартты вексельдің баламасына жарап қалуы ықтимал. Вексель – алған қарызын белгілі мерзімде қайтару үшін берілетін қағаз. Доверенность – біреудің атынан іс бітіруге право беретін документ. Бұл сөздің баламасы сенімхат болып дұрыс қалыптасқан. Доверенностьке жақын верительная грамота деген сөз тіркесі бар. Ол белгілі бір мемлекеттің өз елшісіне берілетін куәлік сенімі. Көп елдерде оны уәкелетнама дейді. Бұл сөз қазаққа жат емес. Арабтың уәкил деген сөзін қазақтар өкіл, уәкіл деп айтады. Бұл орыстың представитель, уполномоченный сөздерінің орнына жүреді. Бұл екі сөздің өзіндік айырмалары бар. Өкіл (представитель) – белгілі мемлекеттің, мекеменің, топтың көзқарасын, мүддесін тиісті орындарға қорғау үшін сеніп жіберілген адам; бір нәрсеге үлгі боларлық адам. «Н.П.Чернышевский – ХІХ ғасырдағы орыстың материалистік философиясының ірі өкілі» (М.Ақынжанов).

Уәкіл (уполномоченный) – белгілі мемлекеттің, ұйымның атынан бір істі атқаруға уәкілеттік (полномочие) право алған адам. «Дмитрий Фурмановты майдан уәкілі етіп жетісуға жүргізді». (Ж.Арыстанов). Өкіл сөзінен өкілдік (представительство) пайда болған. Өкілділік – 1) өкілдің міндеттерін атқаратын мекеме; 2) біреудің мүддесін қорғайтын мекеме; торговое представительство – сауда өкілдігі.

Уәкелет (полномочие) – толық праволы уәкіл, бір нәрсеге әрекет жасау үшін берілген билік, право. Ондай праволы адам – уәкілетті (полномоченный) болып аталады. Мысалы, полномоченный представитель – уәкілетті өкіл; полномоченное представительство – уәкілетті өкілдік; полномоченный посол – уәкілетті елші. «Румыния Социалистік Республикасының СССР-дегі төтенше және уәкілетті елшісі Қазақ ССР-імен танысу үшін Алматыға келді» («Социалистік Қазақстан» газеті).

Уақіғә араб тілінде событие, факт, случай, происшествие деген мағынада қолданылады. Қазақ тілінде оның оқиға, уақиға деген варианттары кездеседі. Бұлар бізде дараланып, жеке мәнге ие болған. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде оқиға – болған істің мән-жайы, жағдайы деп түсіндірілген. Бұл – происшествиенің дәл баламасы. «Оқиға болған жерден хат». «Сарысу» совхозының аға шопаны Үйсінбай Ошақбаев көкжал қасқырмен бетпе-бет келіп, бір жарым сағат бойы айқасып, қоғам малын қорғап ақлды» («С.Қ»). Уақиға (событие) – елеулі маңызы бар құбылыс, қоғамның немесе жеке адамның өміріндегі факт. «Солдат алу уақиғасы Итбайға оны толғандырарлық жаңа уақиға көрінген жоқ» (С.Мұқанов).

Ендігі әңгіме бұл сөздерді араластырмай, өз орындарында пайдалана білуде болса керек.

Қазақ сөздіктерінде адамның кәсіби мамандығын білдіретін мастер, темірші, ұста, шебер деген сөздер бар. Бұлардың әрекет орындары – мастерская, теміршіхана, ұстахана, шеберхана. Осы нақтылы терминдер тілімізде негізсіз араласып кеткен. Мастер мен ұстаның, мастерская мен ұстахананың мәндері бір. Олар екі тілдегі бір мағыналы сөздердің аудармасы. «Бастығы өзі болып, ұстаханадағылар, бір қызу жұмыс істеп жатыр екен» (Ж.Арыстанов). «Республикадағы автомобиль жөндеу мастерскойларының қуатын жобада көрсетілген дәрежесіне жеткізу керек» («Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі»). Шебер – бармағынан бал тамған өнерпаз, іскер ұста. Ал искусник – өзінің ісін шебер білетін өнерпаз адам. Оны анықтамаларда шебер мен искусние бір мағыналы және олардың өнері ұстаның (мастердің) өнерінен анағұрлым әсем, көркем екендігі анық байқалады. Көп елдерде суретшілердің, мүсіншілердің жұмысханаларын мастерская демей, шеберхана деп атаулары кездейсоқ емес. Бұның дұрыстығын дәлелдей алатын өзімізде де мысалдар молшылық. «Жазушының творчестволық шеберханасындағы ерекше бір қасиет – образ сомдау әдісі...» (Ж.Молдағалиев). «Қазақ ССР халық суретшісі Айша Ғалымбаева өз шеберханасында» («Қ.Ә»). Кәсіпорында, колхоз, совхоздарда машиналарды, жабдықтарды жөндейтін, түрлі тетіктер жасайтын жұмыс орындарын ұстахана (мастерская) дейтіні жоғарыда айтылды. Осыдан келіп «Қазірдің өзінде Целиноград облысының Николаев атындағы совхоздың шеберханасында қырық комбайн дайындық сапына қойылды» (газеттерден) деген сөйлемдегі «шебер» сөзі орнымен пайдаланылмағанын байқау қиын емес.

Бір сөзді түрліше айту, әсіресе, түрліше жазу – үлкен кемшілік. Жоғарыда мысалға келтірілгендей көп вариантты сөздер тілімізде баршылық. Әлбетте, бұл мәдениетті тілге жараспайды. Тіл мүддесі бұл мәселемен байыптап шұғылдануды керек етеді. «Қалауын тапса – қар жанады» дегендей, әр сөздің түпкі мағынасына сәйкес орнын тауып, айнымас таңбасын қоя білсек, тіліміз күн сайын шыңдалып, жазуымыз әрленіп, тіл мәдениеті арта түсетіні сөзсіз.

Совет халықтары тілдерінің жан-жақты өсіп-дамуына мейлінше қалыптасқан орыс тілінің пайдалы ықпал тигізіп келе жатқаны баршаға мәлім. Оның жазуы да басқаларға үлгі бола алады. Орысша әр сөздің тайға таңба басқандай белгісі бар, оның бір әрпін де ауыстыруға, өзгертуге болмайды. Біз жазуымызды осындай қалыпқа келтіре алсақ, тілімізді ең жоғары мәдениетті тілдер қатарына көтере аламыз. Бұл – тіл саласындағы мәнді міндеттің бірі.



«Қазақ әдебиеті», 1 маусым, 1979 жыл.
Каталог: uploads -> files
files -> Гүлсім Оразалықызы оржановтар әулеті қазақ МҰнайының ардақтылары «Қазақ мұнайының ардақтылары»
files -> Шахмардан есенов
files -> Конкурса научных работ среди школьников «turan-junior-2016» Секция «Физика, техника, науки о земле и космосе»
files -> «Қазақ мұнайының а р дақтылары»
files -> Ізтілеуова салтанат далбайқызы
files -> Махамбет қай жылы туғАН? Тұрлыбай Бақыт Серікқызы
files -> ҚазақТЫҢ хас батыры -аттила (еділ батыр)
files -> Формы и методы подготовки учащихся к итоговой аттестации по обществознанию


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет