Гүлсім Оразалықызы Нұртас Оңдасынов туралы естеліктер



бет6/21
Дата23.10.2016
өлшемі5,93 Mb.
#75
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

СҰРАНЫП ЖҮРГЕН СӨЗДЕР
Уақытпен бірге дамып келе жатқан ана тілімізде кейінгі жылдары көптеген жаңа сөздер пайда болды. Олардың біразы тиісті етістіктерге жаңа сөз жасайтын, сөз өзгертетін қосымшаларды жалғау арқылы шыққан. Осылайша дүниеге келген тоңазытқыш (холодильник), тыңайтқыш (удобрение), өндіргіш (производительный), радиоқабылдағыш (радиоприемник), сорғыш (промокательный), уландырғыш (отравляющий) сияқты сөздер сөздік қорымызды байыта түсті. Әйтсе де көптен бері шаруашылықта кең қолданылып келе жатқан кейбір құралдар мен машиналардың орысша атауларының баламалары осы күнге дейін анықталмай келеді, сондықтан оларды әркім әр түрлі атап жүр. Осыны еске ала отырып, біраз сөздердің түбірін анықтап, мүмкіндігімізше оларға сай баламалар табу жағын құрастырдық. Солардың кейбірі халықтың кәдесіне жарап қалар ма екен деген оймен бір топ сөздердің баламаларын ақылдасу ретінде жұрт назарына ұсынуды мақұл көрдік.

Бетономешалка, бетонбұлғағыш – бетон жасалатын құм, тас, цемент сияқты заттарды сумен бұлғап араластыратын машина.

Буксир, сүйрегіш – сүйретпелерді сүйрейтін кеме, машина.

Вентиляция, желдету – ерекше аспаппен үйлердің, басқа да жайлардың ауасын ауыстыру, жаңарту. Вентилятор, желдеткіш – жабық үйлерде, шахталарда ауа тазартатын, жаңартатын жабдық.

Форточка, желдетпе – үйдің ауасын ауыстыру үшін жасалған терезенің кішкентай көзі.

Вешалка, ілгіш, адалбақан – киім-кешек, басқа да нәрселерді іліп қоюға арналған, ілгектері бар тақта немесе ашалы бақаншалар.

Веять, суыру – дәнді суыру, ұшыру арқылы тазалап алу.

Веялка, суырғыш – дәнді шаңнан, тозаңнан суырып, ұшырып тазартатын машина. Веяльщик, суырғышшы – суырғышты жүргізуші.

Веющий, суыртушы – дәнді суырып, ұшырып тазалаушы.

Дробилка І, жарғышбір нәрсені жару үшін қолданылатын құрал. Дробилка ІІ, уатқыш, ұсақтауышбір нәрсені уақтап, ұсақтау үшін қолданылатын машина.

Жать, ору егінді, шөпті арнаулы құралмен ору, шабу, кесу.

Жатка, жнейка, орғыш – егін оратын машина.

Каток, тегістегіш – 1. Жолды тегістейтін машина; 2. Киім-кешектің құрыс-тырысын жазатын жұмыр ағаш.

Культивация, баптау – 1. Кейбір дақылдарды егу, өңдеу, өсіру, жетілдіру; 2. Баптағышпен өңдеу мағынасындағы латын сөз.

Культиватор, баптағыш – егінді баптайтын құрал.

Ледокол, мұзжарғыш – мұзды жарып жүру үшін айрықша жабдықталған аса қуатты кеме. Ледорез, мұзтілгіш – 1. Сеңді тіліп жаратын көпірдің үш қырлы тірегі; 2. Мұзды жаратын жеңіл кеме.

Лущение І, қопсыту – жердің бетін босатып жұмсарту. Лущение ІІ, аршудәнді қабығынан, қауызынан айыру. Лущильник, қопсырушы – жердің бетін босатып жұмсартатын машина. Лущильщик, аршушы – дәнді қабығынан, қауызынан айырушы; Лущильщик гороха – бұршақ аршушы.

Лущильный – аршығыш; лущильная машина – аршығыш машина.

Мешалка, бұлғағыш – бір нәрсені араластыру үшін қолданылатын аспап.

Молотилка, бастырғыш – астық басатын машина. Молотильщик, бастырушы – астықты бастырушы, бастырғышты жүргізуші.

Молотьба – бастыру.

Огнетушитель – отсөндіргіш.

Опреснение, тұщыту – суды тұздан айырып тұщы ету.

Опресненный – тұщытылған; опресненная вода – тұщытылған су. Опреснитель, тұщытқыш – ащы суды тұщытатын айрықша жабдық.

Опрыскивание, бүрку – себу, шашырату. Опрыскиватель, бүріккіш – бүрку, себу, шашырату құралы.

Опыливание, тозаңдату – өсімдік зиянкестерін жою үшін айрықша құрамды дәріні шаңдатып, тозаңдатып шашу, бүрку, себу.

Опыливатель, тозаңдатқыш – шаңдатып, тозаңдатып дәрі себетін құрал.

Поглощение, жұту – сорып алу, жұтып жіберу, жел қою, сіңіру. Поглотитель, жұтқыш – 1.Сорғыш, сорып алғыш, сіңіргіш; 2. ауыспалы – обыр, жауыз, қанішер.

Растворение, еріту. Растворенный, ерітілген;

Растворенная в воде соль – суға ерітілген тұз.



Растворимость, ерігіштік – заттың сұйықта еру қабілеті.

Растворимый, ерігіш. Растворитель, еріткіш – кейбір заттарды ерітіп жіберетін сұйықтар.

Сеять, себу – тұқымды шашу. Сеялка, сепкіш – тұқымды себетін машина. Сеяльщик, сепкішші – сепкішпен тұқым себуші.

Смеситель, илегіш – иленетін заттарды сумен араластырып, бұлғап, иін қандыратын машина.

Снегоочиститель, қартазалағыш – қарды күреп, немесе үріп тазалайтын машина. Снеготаялка, қареріткіш – қарды ерітетін жабдық.

Стиральная машина, кіржуғыш.

Трамбовка, тығыздағыш төсемелерді тығыздайтын құрал, машина.

Фильтрация, сүзу – ерімейтін (немесе тұнба) заттарды сұйықтықтан айыру үшін сұйықты сүзу. Фильтр, сүзгіш – 1. түрлі химиялық ерітінді, жағар майларды, немесе басқа сұйық заттарды керексіз қосындылардан сүзіп тазартатын құрал; 2. Кейбір сәулелерді, дыбыстарды өткізбейтін арнаулы аспап деген сөз. Фильтрат, сүзілген – сүзгіштен өткізілген, тазартылған сұйықтық.

Москва қаласы.

«Қазақ әдебиеті», 30 қараша, 1979 жыл.

ҚАЗАҚСТАН КП ОРТАЛЫҚ КОМИТЕТІНІҢ БІРІНШІ СЕКРЕТАРЫ Д.А.ҚОНАЕВ ЖОЛДАСҚА

ҚАЗАҚ ССР МИНИСТРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ Б.Ә.ӘШІМОВ ЖОЛДАСҚА
Байтақ далада өмірге келген қазақ тілі – талай қысым сындарынан өткен тіл. Соған қарамастан өзінің ұзақ тарихында сұрыпталып өсіп, иесіне талмай жан-жақты қызмет етіп келеді. Оның сонау қадім заманнан бері бай тілдердің қатарынан орын алып келгені тарихтан белгілі. Бірақ Ұлы Октябрь революциясына дейін өзіне лайық емле ережелері болмады.

Қазақ тілі совет заманында ғана ғылыми жүйеге түсті. Тіліміз күн сайын әрі қарай ғылыми жолмен сапалы дами береді. Енді бұл процесті ешкім де, ешбір күш те тоқтата алмайды. Әлбетте, бұдан былай тіл мәселелері өзінен-өзі беталды шешіле береді деген ұғым тумайды. Ол, керісінше, күнделікті ұқыпты басқаруды талап етеді.

Бүгінде тіл мамандары мен ғалымдар ана тілдің ғылыми-теориялық дамуы жолында қыруар жұмыстар істеп тастады, соның арқасында әдеби тіліміз қалыптасып, бір үлкен арнаға түсті. Ғалымдарымыздың өздері ғылыми өскен сайын тіл ғылымдарының да сапасы артып, мәдениеті көтеріле беретіні сөзсіз.

Мәдениетті халыққа жарасымды тіл мен айқын жазба лайық. Өзін сыйлайтын, ана тілін қадірлейтін әрбір азамат мәнерлі сөйлеуге, сауатты жазуға тырысады, бірақ оны орындауды жазуымыздың қазіргі халі көтере алмайды. Бұған кедергі келтіріп отырған себептер аз емес.

1. Осы уақытқа дейін көптеген сөздердің бірге немесе бөлек жазылуы айқын жетілмеген. Бұл бір жағынан, емле ережелерінің шалалығынан болса, екінші жағынан, баспада бар ережелерді бекем қолданбағандықтан туып отырған жауапсыздықтың салдары.

2. Қазақ жазуындағы үлкен бір олқылық – кейбір кірме сөздердің көп вариантты болып келуі. Оның себептерін аңғару мақсатымен қазақ тілінде кең өріс тапқан 400-ден астам араб сөздерінің қазақша жазылу түрлерін анықтап шықтық. Оқылған әдебиеттерде тәсбих сөзінің 24, ижтиһаттың – 14, ілтипаттың – 8, ғибраттың – 7, әрекеттің – 6, қауіптің – 5, ұжданның – 4 варианттары кездесті. Әрқайсымыз күніне сан рет айтатын рахметтің (ауызекі айтылатыны өз алдына) – рахмет, рақымет, рахмат, рахмет, рахымет сияқты 5 түріне кездестік. Мұндай жай парсыдан келген сөздерде кездеседі.

3. Орыс және басқа тілдерден алынған жаңа сөздер сол қалпында деген ереже жасалынды. Бірақ оларға жалғасатын қазақша қосымшалардың жазылуында бірыңғайлық жоқ. Осы және жоғарыда айтылған олқылықтарды сипаттайтын жүз сөзге мысалдар беріледі (қосымшаны қараңыз).

4. Уақыттың талабына сай, жаңа терминдерді қабылдау ісінде де белгілі тәртіп жоқ. Көбінше ондай сөздер баспада ғылыми анықталмай тұрып жазылып кетеді де, кейін «қалыптасып кеткендіктен» дегендей сылтаумен оларды жөндеуге қиыншылықтар туғызып келеді. Осының салдарынан талай сөздер өз орындарын таба алмай жүр.

Қорыта келгенде, әдеби тіліміздің әрі қарай тезірек дамуына кедергі жасап келе жатқан олқылықтар мен жазуымыздағы ала-құлалықтар жұртшылықтың мазасын алып, оқырмандарды адастырып болды. Бұл жағдай, әсіресе, мектептердегі мұғалімдер мен оқушыларға кешірмес обал жасап келеді.

«Қазақ мектептерінде оқыту жұмыстары нашар, оларды бітіргендер шала сауатты болып шығады» деген сияқты сөздерді жиі естиміз. Расында олардың жұмыстарында әлі де болса кемшіліктер аз емес. Бірақ, солардың бәріне мұғалімдер мен шәкірттер айыпты ма? «Не ексең, соны орасың» деп бекерге айтылмаған. Жазу бірыңғайлы болмайынша, ешкімнен сауатты жазуды талап ету мүмкін емес. Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды – тіл мен жазудың мәдениетін көтеру үшін әлі де болса алда шешуін күтіп отырған мәселелердің аз емес екендігі. Сондықтан болар, тіл мәселесі баспа бетінен түспей келеді, келешекте де түспек емес. Бірақ, өкінішке сай, ана тіліне жанашырлардың пікірлерін қорытып, оған белгілі бағыт беріп, жұртшылықтың бұл игі іске кеңінен қатынасу белсенділігін арттырып, сөйтіп тіл иесі – халықпен дайымы кеңесіп отыруды қолға алып отырған республикада жауапты арнайы орталық мекеме жоқ.

Күн сайын өмірге келіп жатқан жаңа ұғымдарды дәл бере білуді, ол үшін тіл қорын сарқыта пайдалануды, әрбір сөзді сауатты жаза білуді үйрету ордасы – Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институты. Институт өзі құрылғаннан бері қыруар жұмыс бітіргені жоғарыда айтылды. Оның алдында әлі де болса шешуін күтіп отырған ұшан-теңіз, әсіресе, тіл білімінің теориясын жетілдіре беру жолында қиын да құрметті міндеттер тұр. Таяу жылдарда бойына өмір тәжірибесін сіңірген, әбден шыңдалған ғылыми теория негізінде әрбір сөздің айнымас таңбасын жасап беру институттың халық алдындағы кезек күттірмейтін аса маңызды да құрметті парызы.

Жаңа терминдерді республика үкіметі жанындағы мемлекеттік терминологиялық комиссиясы бекітетіні белгілі. Ол өзінің міндеттерін қадари-хал атқарып келеді. Бірақ, оның іс-жоспары жұртшылыққа белгісіз. Қаралатын мәселелер күні бұрын баспа бетінде жарияланбайды, сондықтан көпшілік оған белсене қатынаса алмайды. Терминкомның маманданған тұрақты аппараты жоқтығы тиісті материалдарды терең даярлауға мүмкіндік бермейді. Бұл жағдай кейде кездейсоқтыққа ұшырататыны байқалады.

«Қазақ Совет энциклопедиясының» жарық көруі – мәдениетіміздің даму тарихындағы үлкен уақиға болды. Оның айналасына көптеген білгір мамандар жиналды. Олар жаңа қымбат тәжірибеге ие болды.

Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі Қазақ ССР Мемлекеттік комитеті жүйесі – үлкен күш. Баспа қызметкерлері бар ережелерді мықтап қолданса, жазудағы ала-құлалықты негізінде жоюға болады.

Жоғарыда атаған мекемелердің, басқа да ғылыми ұйымдардың, жоғары және орта мектептер коллективтерінің күшін біріктіріп жұмыс істесек, тіл мәдениетін әрі қарай биік сатыға көтеруге барлық мүмкіншілік бар.

Өскелең заман халықтың өміріне күнбе-күн жаңалықтар әкеліп отырады. Ол алдымен тілге әсерін тигізеді. Тілдің дамуы өмір талабынан кейін қалмауы керек. Ол үшін тіл мәселелерімен дайымы шұғылданып, оған жұртшылықты кең қатыстырып отыратын арнайы ұйым болуы аса қажет сияқты.

Егер Сіздер бұл мәселенің иі жеткен, оны басқаруды жаңаша ұйымдастыру керек деп тапсаңыздар, соның нақтылы шешілуіне инедей себін тигізе алар ма екен деген мақсатпен кейбір ойға оралған пікірді ұсынуды лайық көрдік.

1. Жазудағы ала-құлалықтың көбісін қазірдің өзінде де жібермеуге болады. Ол үшін баспа қызметкерлері Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумы бекіткен «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерін» айнытпай қолданатын болсын. Жаңа терминдерді тек Терминкомның рұқсатымен жазатын болсын.

2. Тіл білімі институты жазу емлесін мейлінше жетілдіріп, көп вариантты сөздерді ғылым жолымен бір қалыпқа келтіріп, таяу жылдар ішінде әр сөздің нақтылы жазу таңбасын көрсететін толық орфографиялық сөздігін жасап, оның басылымын қамтамасыз ететін болсын.

3. «Қазақ Совет энциклопедиясы» аппараты негізінде мемлекеттік терминология комитеті құрылса, оған қазіргі Терминкомның правосы берілсе.

Жаңа комитетке ғылымның барлық салаларының терминологиялық сөздіктерін (тиісті ұйымдармен келісе отырып) жасау жүктелсе, өйткені, терминдер қалыптаспай тіл өспейді, жазу да түзелмейді. Бұл міндетті сапалы да ұйымшылықпен атқару үшін Комитеттің көп жылдық жоспары болуы керек.

Орталықта сөздіктер көбінше «Советская энциклопедия» («Русский язык») баспасынан шығады. Негізгі сөздіктерді шығарып отыратын жаңа Комитеттің де сондай баспасы болуы керек.

Тіл мәселелері жөнінде жұртшылықпен кеңесіп отыру үшін Комитеттің өзінің органы болуы керек, оның беттерінде Комитеттің ғылыми советінде қаралатын мәселелердің материалдары күн бұрын жарияланып тұратын болсын.

***


Тіл белгілі ұлттың – басты белгісінің бірі. Сондықтан оны қадірлей білу, онымен ұқыпты пайдалана білу – аса қасиетті қоғамдық парыз. Бұл істі ұқыпты ұйымдастырып, жұмыла қолға алсақ, тілдің мәдениетін заманның талабына сай жан-жақты көтеруге барлық жағдай бар.

Бұрынырақта жер-су атаулары түрліше жазылып келгені әлі де көпшіліктің есінде. Ғалымдарымыз оларды дұрыс жазу ережесін жасап берді. «Талаптыға нұр жауады» емес пе, жалықпай ізденсек, «қалыптасып кеткендіктен», «бізде олай емес, былай дейді» дегеннен құтылсақ, тек ғылымға сүйенсек, тіл ғылымының басқа салаларында да осы сияқты даңғыл жолдар табылуы сөзсіз.

Бұл жөнінде орыс тілінің жазу тәртібінен үлгі алуға болады. орысша әр сөздің тайға басқан таңбадай жазу таңбасы бар. Кейбір сөздер ауызша түрліше айтылғанымен, олардың бір әрпін өзгертіп жазуға болмайды. Бізде жазу тәртібі болуы керек, өйтпейінше өмірде ала-құлалықтан арыла алмаймыз.

Бұл хатты жолдаудағы жалғыз мақсат – ана тілдің мәдениеті озат ор­ыс тілінің мәдениеті дәрежесіне көтерілуге түрткі болар ма екен деген ой.



Москва, 25 қараша, 1981 жыл.

Қ о с ы м ш а

Кейбір сөздердің баспада кездескен жазылу түрлері

Орфографиялық сөздікте жазылу түрлері

Баспада кездесетін варианттар мен жазылу түрлері

1. Абжылан 1. абжылан, 2. абыжылан, 3. әбжылан

2. Абыз 1. абыз, 2. ғафиз, 3. хафиз

3. Ағзам 1. ағзам, 2. ағызам

4. Адал 1. адал, 2. алал, 3. қалал, 4. халал

5. Ажуа 1. ажуа, 2. әжуа, 3. әжуә

6. Азамат 1. азамат, 2. ғазамат

7. Айла 1. айла, 2. ила, 3. қайла, 4. хайла, 5. хәйлә

8. Айуан 1. айуан, 2. қайуан, 3. хайуан, 4. хаюан

9. Ақиқат 1. ақиқат, 2. ақихат, 3. ахиқат, 4. қақиқат,

5. хақиқат

10. Ақыл 1. ақыл, 2. ғақыл

11. Ақымақ 1. ақмақ, 2. ақымақ, 3. ахмақ

12. Алдияр 1. алдияр, 2. аллаяр

13. Аппақ 1. аппақ, 2. әппақ

14. Арам 1. арам, 2. қарам, 3. харам, 4. хәрам

15. Ауа 1. ауа, 2. әуе, 3. һауа

16. Әділ 1. әділ, 2. ғаділ

17. Әділет 1. әділет, 2. ғаділет

18. Әзәзіл 1. әзәзіл, 2. әзезіл, 3. ғазазил, 4. ғазазыл,

5. ғазазіл, 6. ғазәзіл

19. Әйел 1. аял, 2. әйел, 3. ғаял

20. Әлек 1. әлек, һәлак, 3. һәлек

21. Әдет 1. әдет, 2. ғадат, 3. ғадет, 4. қадет

22. Әмбе 1. әмбе, 2. әммә, 3. әмме, 4. һәмма, 5. һәммә

23. Әр қилы 1. әр қилы, 2. әрқилы

24. Әр түрлі 1. әр түрлі, 2. әртүрлі

25. Балуан 1. балуан, 2. палуан

26. Бейшара 1. бейшара, 2. бишара

27. Бекем 1. бекем, 2. махкам, 3. махкәм, 4. мәхкәм,

5. мекем, 6. мехкәм, 7. мұхқам

28. Блогы 1. блогы, 2. блогі

29. Бүкіл дүние жүзілік 1. бүкіл дүние жүзілік, 2. бүкілдүниежүзілік

30. Бүкіл қазақстандық 1. бүкіл қазақстандық, 2. бүкілқазақстандық

31. Бүкіл одақтық 1. бүкіл одақтық, 2. бүкілодақтық

32. гастрольдық 1. гастрольдық, 2. гастрольдіқ

33. Ғаламат 1. алапат, 2. әлемет, ғаламат

34. Ғанибет, ғанимат 1. ғанибат, 2. ғанибет, 3. ғанимат, 4. ғанипат,

5. қаныбет, 6. қанібет

35. Ғапіл, қапыл 1. ғапыл, 2. ғапіл, 3. ғафил, 4. ғафыл, 5. қапыл

36. Ғарыш 1. арсы, 2. ғаршы, 3. ғарыш, 4. ғаріш

37. Ғашық 1. асық, 2. ашық, 3. ғашық, 4, қашық

38. Ғибрат 1. ғибрат, 2. ғибырат, 3. ғыбрат, 4. ғыбырат,

5. ибырат, 6. ибрат, 7. ыбырат

39. Дарқан 1. дарқан, 2. дархан

40. Дәрет 1. дәрет, 2. таһарат, 3. тәһарат

41. Диқан 1. диқан, 2. дихан

42. Дастарқан 1. дастарқан, 2. дастархан

43. Есеп, қисап 1. есеп, 2. қисап, 3. қысап, 4. хисап

44. Жақұт 1. жақұт, 2. жахұт, 3. жаһүт, 4. якүт, 5. яхонт

45. Жаһаннам 1. жаһаннам, 2. жәһәннәм, 3. жәһәннем

46. Жаһіл 1. жаһил, 2. жаһыл, 3. жәһіл

47. Жебірейіл 1. жабырайыл, 2. жәбірайыл, 3. жәбірәйіл,

4. жебрейіл, 5. жебіреил

48. Жеті жылдық (мектеп) 1. жеті жылдық, 2. жетіжылдық

49. Зағип, зағып, зайып 1. зағип, 2. зағып, 3. зайып

50. Зұлпықар 1. зұлпықар, 2. зұлпықар, 3. зұлфуқар,

4. зулфықар, 5. зұлфұқар, 6. зүлфухар

51. Кәмелет 1. камалат, 2. кәмәлат, 3. кәмәлет

52. Кәміл 1. камил, 2. каміл, 3. кәмил, 4. кәміл

53. Кемел 1. кәмал, 2. кәмәл, 3. кәмел, 4. кемел

54. Кәсіп 1. кәсіп, 2. кесіп

55. Кәусар, кеусар 1. гаусар, 2. гәусәр, 3. каусар, 4. кәусар,

5. кәусәр, 6. кәусер, 7. кеусер

56. Кезеп 1. казап, 2. каззаб, 3. кәзәп, 4. кәззап,

5. кезеп, 6. кессеп

57. Куә 1. куа, 2. куә

58. Куәсы 1. куасы, 2. куәсы, 3. куәсі

59. Күнә 1. күна, 2. күнах, 3. күнә

60. Қарып, ғаріп 1. ғарип, 2. ғарып, 3. ғаріп, 4. қарып, 5. қаріп

61. Қасірет 1. қасырет, 2. қазірет, 3. хасрет, 4. хасірет

62. Қате 1. қата, 2. қате, 3. хата, 4. хате

63. Қауіп 1. қауып, 2. қауіп, 3. хауып, 4. қауыф, 5. хауіп

64. Қиял 1. қиял, 2. хиял

65. Лайым 1. лайым, 2. ләйім, 3. ылайым, 4. ілайым,

5. іләйім

66. Ләззат 1. ләззат, 2. ләззәт, 3. ләззет

67. Муапық 1. муапық, 2. муафих, 3. муафық

68. Мұрсат, мұрша 1. мұрса, 2. мұрсат, 3. мұрша, 4. пұрса, 5. пұрсат

69. Мүфти 1. муфти, 2. мүпти, 3. мүпті, 4. мүфти, 5. мүфті

70. Нәпақа 1. напаға, 2. напақа, 3. нафақа, 4. нәпақа

71. Нәпсі 1. лапсы, 2. ләпсі, 3. нәпсі, 4. нәфсі

72. Нәпіл 1. нәпіл, 2. нәфіл

73. Нысап 1. инсап, 2. инсаф, 3. нысап, 4. ынсап

74. Округтық 1. округтық, 2. округтік

75. Он жылдық (мектеп) 1. он жылдық, 2. онжылдық

76. Патиха 1. бата, 2. батиқа, 3. патиқа, 4. пәтиха,

5. фатиха

77. Пән 1. пән, 2. фән

78. Пәтуа 1. бәтуа, 2. бәтуә, 3. бәтуе, 4. патуа,

5. пәтуа, 6. пәтуә

79. Педагогтық 1. педагогтық, 2. педагогтік

80. Пейіл 1. бейіл, 2. мейіл, 3. пейіл

81. Пайым 1. байым, 2. бейім, 3. пайым, 4. паһим, 5. пәм,

6. пәһим, 7. фаһім, 8. фәһим, 9. фәһім

82. Пақыр 1. пақыр, 2. пахыр, 3. фақир, 4. фақыр

83. Пида 1. пида, 2. фида, 3. фидә

84. Підия 1. педие, 2. педия, 3. пидия, 4. підия, 5. фидия 85. Пітіне 1. пытна, 2. пітна, 3. пітніне, 4. фитна

86. Пітір 1. бітір, 2. пітір

87. Рақат 1. рақат, 2. рахат

88. Рақмет 1. рақмет, 2. рақымет, 3. рахмат, 4. рахмет, 5. рахымет

89. Рақым 1. рақым, 2. рахым, 3. рахим

90. Ресми 1. рәсми, 2. ресми

91. Рұқсат 1. лұқсат, 2. рұқсат, 3. рухсат, 4. ұлықсат, 5. ұрықсат

92. Ризық, рызық 1. ризық, 2. рызық, 3. ырзық, 4. ырыздық, 5. ырызық

93. Сақи 1. сақи, 2. сақы, 3. сахи

94. Сахара 1. сақара, 2. сақыра, 3. сахра, 4. сахара, 5. сахра, 6. сахыра, 7. саһара

95. Сопы 1. сопы, 2. софы, 3. суфи, 4. суфы, 5. сұпы, 6. сұфы

96. Тәкаппар 1. тәкаббар, 2. такаппар, 3. тәкаббар, 4. тәкаппар,

5. тәкаббар, 6. тәкаппар, 7. текаппар

97. Тәсбик 1. дәспі, 2. десбі, 3. деспе, 4. деспі, 5. тасби, 6. тәсбик, 7. тасбих, 8. тасбиық, 9. тасбық, 10. тасбиқ, 11. таспы, 12. таспық, 13. тәсбиқ, 14. тәсбих, 15. тәсбиық, 16. тәсбі, 17. тәсбіх, 18. тәспик, 19. тәспих, 20. тәспиық,

21. тәспі, 22. тәспіх, 23. тәсфих, 24. тәшпих

98. Ұждан 1. ождан, 2. өждан, 3. ұждан, 4. ұждан

99. Фестивальдың 1. фестивальдың, 2. фестивальдің

100. Ілтипат 1. елтипат, 2. елтифат, 3. илтипат, 4. илтифат,

5. ылтипат, 6. ылтифат, 7. ілтипат, 8. ілтифат


ӨРІСТІ ӨНЕР
Айтыс – қазақ халқына ежелден таныс ауыз әдебиеті жанрларының бірі. Ол қазақ тілінің, ауыз әдебиеті мен өнерінің өрістей дамуына кезінде белгілі мөлшерде өз үлесін қосып отырған. Егер айтыстың барлық түрін өз деңгейінде жан-жақты ұйымдастыра білсек, оның берері әлі де аз емес.

Ертеректе «айтыс» деген сөздің ауқымы осы күнгі түсініктен әлдеқайда кеңірек еді.

Айтыс өнерінің кең тараған бір түрі – сонау көне заманнан бері келе жатқан қайым айтысы. Бұрын көршілес отырған ауылдардың қыздары мен жігіттері арасында қайым айтысы кең етек алған. Тойға жиналған жастардың бір-бірімен әу дегеннен-ақ айтыса кетіп танысуы жарасымды салт. Жастар айтысы көбінесе: «Құдаша қыз, құдаша қыз, Тұсыңа құдаң келді ұнасаңыз» деп басталады екен. Мұндай кезде қыздар екеу-екеуден жұптасып, керегені жағалай, үйдің ішіне орналасады. Кешке айтыс басталар алдында үйлердің туырлықтары жоғары түріледі, жігіттер айтысатын қыздарының тұсынан орын алады.

Қайым айтыстың өзіне тән ежелден қалыптасқан тәртібі, ережелері бар.

Бұған қатысушылар жаттанды өлеңдерді, немесе ауызға іліккендерін айта салмайды. Айтыстың ағымына, тақырыбына сәйкес екі жақ бір-бірімен жауаптасу өлеңдерін жатық ұйқастырып, оны әнге салып, сөз жарысын барған сайын жүйемен дамытып отырады. Осы жерде айта кететін бір жәйт: айтысушы жұптардың әндері, мақамдары әр түрлі болып келеді.

Қайым айтысына ақындар айтысындағыдай төрелік айтушылар алқасы болмайды. Жауап қайыруға қыздар сөз таба алмай, мүдіріп қалған жағдайда жеңілудің белгісі ретінде, күні бұрын даярлап әкелген, ішінде жүзік, сақина, күміс ақшалары бар әшекейлі қалтаны жігіттерге ұсынады. Мұндай айтыстарда жеңіп шыққан өнерпаз ел ішінде «ақын бала», «ақын қыз» атанып, халық құрметіне бөленген.

Ауыл жастары ши өру, кілем тоқу, киіз басу жұмыстары мен ақсүйек, соқыртеке, алтыбақан сияқты ойындар кезінде тақпақтық, шешендік сөздер жарысын ұйымдастырып, жаңа әндер үйреніп отырған. Жазғы ойын-сауықтардың қызықты да күрделі бір түрі – бәдік айтысы болған. Ескі ұғым бойынша, бәдік ауру адамды, малды арбаумен емдеу үшін қолданылған. Бертінде оның мазмұны өзгеріп, жастар айтысының бір белгілі, кең таралған түріне айналған. Бәдіктің қалай өткізілетінін жас кезімде өз көзіммен де көргенмін. Алдымен, қойдың бір құлағына мақты тығып қояды. Сонда мал бір жағына қарай айнала береді екен. «Бейшара бәдік болыпты» деп, оны жеті кеш бәдіктейді. Бір жұмадан кейін қойдың құлағындағы мақтаны алып тастайды да, «жануар бәдіктен айығыпты» деп жұрт қуанышпен тарқайды. Бұл айтыс осылайша ауылдарда кезектесіп өтіп жатады екен.

Сондай-ақ белгілі ақындар елінің ұлан-байтақ жерін және көрші жұрттарды аралап жүріп, өз өнерлерін көрсеткен, бір-бірінен үйренген, айтыс арқылы кең далаға көркем сөздің қасиетін танытқан. Сөйтіп айтыс – қазақ тілінің дамуына, оның әдебиеті мен өнерінің сәтті қалыптасуына өзіндік үлес қосқан өнер саласы.

Халық жаппай сауаттана бастаған кезде суырып салма айтыс тек көшпелі қараңғы халықтарға тән дәстүр деген жаңсақ пікір пайда болды. Соның салдарынан ауызекі айтыстардың бағасы төмендей келе, кейбір түрлері, тіпті ұмытылып та кетті.

Ұлы Отан соғысы кезінде газет-журналдардың саны, оларды оқырманға уақтылы жеткізіп тұру мүмкіншілігі азайды. Бұқара арасындағы саяси-тәрбие жұмысын күшейтуді, майдандағы және елде болып жатқан жағдайларды халыққа күн сайын хабарлап тұруды уақыттың өзі талап етті. Осы міндеттерді орындау жолында республиканың партия, совет органдары қосымша әр түрлі шаралар ұйымдастырып отырды. Солардың бірі түрі – саяси-идеялық жұмысқа ақындарды кең тарту, айтыстар өткізу болды.

Бұл кездейсоқ шара емес еді. Өйткені, ақын – халықтың даналығын бойына сіңірген, адамның жан жүрегіне көркем сөзбен жол таба алатын, ойы сергек өнерпаз. Ел ақындары өздеріне көрсеткен сенімді абыроймен орындап шыққаны, совет халқының сөзсіз жеңетінін көре білген партия мен үкіметіміздің даналығын қалың бұқараға қолма-қол жеткізе білгені бәрімізге мәлім. Бұл айтыстарда тылдағы табыс, майдандағы ерлік шабытпен жырланып, жіберілген кемшіліктер қатты мінелді. Ақындар атасы Жамбылдың бастауымен 1943 жылы Алматыда бірінші республикалық ақындар айтысы өткізілген болатын. Содан бері айтыс түрлі деңгейде ұйымдастырылып келеді.

Өткен жылғы Қазақ ССР-інің және Қазақстан Коммунистік партиясының 60 жылдығына арналған республикалық айтыстың нәтижесі аса жемісті болды. Газет беттерінен Қазақстанның Россияға өз еркімен қосылғанына 250 жыл толуы құрметіне арналған Алматы облыстық және Алматы студенттерінің айтыстары болып өткенінен хабардармыз. Осы игілікті дәстүр бұдан былай да жалғаса береріне сенемін.

Айтыс өнерінің әрі қарай кең мағынада дамуына септігі тиетін орнықты пікірлер де айтылып жатыр. Мысалы, «Лениншіл жас» газетінде Қ.Керейқұлов сияқты жолдастардың айтыста үздік шыққан дарынды ақындарға «Жамбыл атындағы мемлекеттік сыйлық беруге болмас па екен?» деген ұсынысы құптауға тұрады деп ойлаймын. Оның тиісті орындардан қолдау табатынына кәміл сенгіміз келеді. Олай дейтініміз: суырып салма айтысы өз алдына бір төбе және халықтың ең жақсы көретін жанры, оның тек өзіне тән қасиеттері бар.

Суырып салма айтыстарда ақындардың айтар ойларын күні бұрын дайындап, жүйелеп алуларына мүмкіншілігі жоқ. Нағыз ақын қарсыласының жағдайын тез түсініп, мүдірмей жауап қайыруға шеберленіп алады. Жауаптасу тақырыпқа сай, көркемдік мәні барған сайын тереңдей түсіп, өлең жолдарының ұйқасы жатық болып келуі шарт. Иса Байзақов сияқты суырып салма өлеңге де, жазба өлеңге де бірдей ақындар бұл күндері сирек кездеседі. Сондықтан бәдиһа (экспромт) ақындар мен жазба ақындарды салыстырып қарауға болмайды. Олардың сонау атам заманнан бері келе жатқан тарихы бар, мектептері бар.

1942 жылы жыр алыбы Жәкең Октябрь революциясының бесігі – Ленин қаласын қорғаушы қаһармандарға арнаған «Ленинградтық өрендерім!» деген өлеңін шығарды. Қарт ақынның жүрегінен шыққан бұл жалынды өлеңнің сол кездегі әсері тіпті қуатты болды. Бұл өлең ленинградтық ерлердің жеңіске деген сенімін арттырып, жігер үстіне жігер қосты.

Адамды рухани ләззатқа бөлеуде өлең-жырдың орны ерекше. Оған ән-күй қосылса, нұр үстіне нұр. Өшпес бояудай сүйекке сіңген көркем сөз әсерінің рөлі бөлек.

Бұл халық дәстүрінің қазіргі жағдайы қалай? Жасыратыны жоқ, ежелден қалыптасқан мұндай жақсы дәстүр осы күндері келісімсіз арақ-шарап кештеріне айналып барады. Ондай отырыстардың жиналғандарға қандай әсер беретіні, немен аяқталатыны да белгілі.

Қазақтың тамаша салтын келешек ұрпақтың игілігіне айналдыру үшін қазіргі кезде мүмкіншілік мол. Ауыл-село тұрғындарымен бірге қалалықтар да айтыс өнерінің мән-мағынасын жете түсінсе, қандай тамаша. Егер жергілікті партия, совет, комсомол, кәсіподақ ұйымдары бұл істі күнделікті көңіл бөліп, тиісті мән беріп отырса, көпшілік қалауы сөзсіз орындалмақ. Ол үшін «жар-жар» беташар, шілдеханадан бастап, қыз ұзату, келін түсіру, тағы басқа да мереке күндері халықтың көңілін көкке көтеретін, жүрегін ләззатқа толтыратын жаңа мазмұнды ән-күймен бірге қайым және ақындар айтыстарын ұйымдастырып отыру керек.

Осымен қатар жыршылар өнеріне де айрықшы көңіл бөлген жөн. Олардың көпшілік алдында әнге қосып, мәнерлеп айтып беретін хисса, хикая дастандарының өнегелік маңызы айрықша. Бұлар халықтың поэзияға деген көзқарасын мүлдем кеңітіп, ықыласын арттырады.

Енді жоғарыда айтылғанды қорыта келіп, мынадай жайларға назар аударған жөн деп ойлаймыз:

– Республика бойынша бес жылда бір, облыстарда екі жылда ақындар айтысын өткізіп тұру туралы шешім нақты да пәрменді жүзеге асуы тиіс. Осындай ақындар айтысы әр ауданда да жылына бір рет ресми өтіп тұрса халық мүддесіне сай келер еді.

– Айтыс, жыршылдық және шешендік өнерлерінің өрісін кеңейту үшін концерт, радио, телевизия программаларында тұрақты хабарлар ұйымдастыру шарт. Олар үлгілік материалдар беріп тұруға тиіс. Мұндай програмалардың қызық өтетіні күмәнсіз.

– Айтыс үлгілерін күйтабаққа үнемі жазып алып, ел арасына кең тарату да – пайдалы әрекеттердің бірі.

– Орта және арнаулы жоғары мектептердің оқыту программаларына айтыс және шешендік өнерлерін дербес пән ретінде кіргізуді ойласқан жөн. Бұл шараның әдеби тіліміздің әрі қарай ойдағыдай дамуына тигізер пайдасы түсінікті болса керек.

Міне, осы айтылған жәйттер айтыс өнерінің одан әрі дамуына игілікті ықпалын тигізері күмәнсіз.

«Қазақ әдебиеті», 18 қыркүйек, 1981 жыл.


Каталог: uploads -> files
files -> Гүлсім Оразалықызы оржановтар әулеті қазақ МҰнайының ардақтылары «Қазақ мұнайының ардақтылары»
files -> Шахмардан есенов
files -> Конкурса научных работ среди школьников «turan-junior-2016» Секция «Физика, техника, науки о земле и космосе»
files -> «Қазақ мұнайының а р дақтылары»
files -> Ізтілеуова салтанат далбайқызы
files -> Махамбет қай жылы туғАН? Тұрлыбай Бақыт Серікқызы
files -> ҚазақТЫҢ хас батыры -аттила (еділ батыр)
files -> Формы и методы подготовки учащихся к итоговой аттестации по обществознанию


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет