Гүлсім Оразалықызы оржановтар әулеті қазақ МҰнайының ардақтылары «Қазақ мұнайының ардақтылары»



бет3/11
Дата23.10.2016
өлшемі4,68 Mb.
#57
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
ІІ-бөлім

«Мен мұнайшымын...»

Бірде академик Велиховтан тілші: «Өткен, XX ғасыр дегенде ең алдымен кімді, я болмаса нені айтар едіңіз?» -деген сұрағына: «Ол Махатма Ганди...жоқ, Эйнштейннің салыстырмалы теориясы... жоқ, ХХ-шы ғасыр, ол -Мұнай!» - деген еді.

Бәріміз де дұрысы осы шығар деп ойлаймыз. Себебі, XX ғасырда жер бетінің жер-жерінен мұнайдың мол табылуы адамзат тіршілігін күрт өзгертті. Өмірдің түрі өзгерді. Қайбір мемлекеттерде қоғамдық қатынастар сол үшін шиеленісе бастаса, қайсыбірінің қақтығысын мұнай шешіп жатты. Не керек, домалақ жер бетінің «ауа-райын» жер астының «мұнайы» басқара бастады. Бұл қандай құдірет? «Мұнай!»- деген не өзі?

Адам миына да маза бермей келе жатқан мына сұрақтар, «Мұнай қайдан, қалай, қашан?» пайда болды. Егер турасын айтсақ, бүгінге дейін мұнай «мына заттардан жаралған» деген толық ғылыми жауап жоқ. Мұнайдың химиялық құрамы да белгісіз, қайдан, қашан шыққаны жайлы нақтылы дәлел жоқ, тек әр түрлі болжамдар ғана бар. Бірақ, адамдар мұнайды өз қажеттілігіне сонау-сонау 6-8-ші мыңжылдықтарда пайдалана бастаған көрінеді.

Тіптен археологтар оны әрі ұзатып, тас пен қола дәуіріне апарып қояды. Кім білсін?

Айталық, білігір Ломоносовтың өзі: «...менің ойымша өсімдіктердің қалдықтарынан шымтезек пен тас көмір пайда болып, қатты ыстық қысымнан ол мұнайға айналады десе, француз химигі Потанье жер қыртысыныц терең қойнауларында жатқан минерал заттардан құралған дейді. Осы екі түрлі пікірдің соңында екі топқа бөлінген сандаған ғалымдар пікір таластырып келеді, әлі ұзақ таласатын да түрлері бар... Ал, біз білетін академик Губкин химик Потанье пікіріне қосылып, мұнайдың минералдан жаралуының әр түрлі болжамын айтады. Дауласуға болмайтын бір-ақ анық нәрсе бар көрінеді, ол мұнайдың құрамы өсімдіктер құрамы сияқты, ең алдымен көмірсутектерінен, содан кейін белоктардан, ақырында майлардан тұратындығы.

Ертек-аңыз, сосын тарихтан білетініміз көне дәуірлерде адамдар жанып тұрған табиғи газ алауына табынып, өзін жаратқан солдай-ақ, табынып, жалбарынып-жалынып отырған. Дүние жүзі дәрігерлерінің атасы Гиппократ жазбаларында мұнай және табиғи битум негізінде рецепт жазылып, оның түзімі берілген. Ежелгі Римдік А.Феликс деген ғалым алғаш рет мұнайды ажыратып, дәрі жасаған. Үнді мен Иран халқының ауыз және жазба әдебиеттерінде де мұнайды емге қолданған мағлұматтар бар. Айта берсек мұндай да алып қашпа әңгіме аз емес. Қысқасы, әлемдік мұнайшылар арасында мынадай пікір бар: химиктердің ден қойып мұнай түзімін іздеуге кәдімгі дәрігерлер түрткі болған деген. Рас та шығар, әйтеуір, Бірінші Петр тұсында Бакудің қара майынан ақ мұнай ажыратылып, кішкентай құтыларға құйып, аптекаларда сатылыпты.

Химиктер керосин тапқаннан кейін мұнайға деген сұраныс күрт көтерілген. Польшада бірінші керосин шамын тапқан адам Лукасевичке ескерткіш қойылған. Ал, инженер Степанов шамның жану теориясын ашқаны үшін Нобель сыйлығын алды. Осыдан кейін-ақ ұзақ уақыт, орыс теңізшісі Костович 1880 жылы бензинмен істейтін мотор ойлап тапқанға дейін керосин дәуірі ұзақ уақыт жүрді. Неміс өнертапқыштары Даимлер, соңынан Бенц бензинмен жүретін автомобиль тапқаннан кейін мұнай «бағы» аспанға бір-ақ шықты деуге болады. Бұдан кейін адамзат автомобилді де, бензин шығатын мұнайды да тоқтату мүмкін емес жағдайға жетті. Керісінше, мұнай әлемдік экономикаға қожалық ету «тағына отырды».

Бұдан кейін мұнайдан бөлініп шығатын пластмасс дәуірі туды. Одан капрон, нейлон, силон...дейсіз бе, әйтеуір, тоқыма өндірісі, дөңгелек жасайтын шин зауыттарында онсыз, мұнайсыз тіршілік тоқтайтын болды. Бұдан кейін каучук, полиэтилен дәуірі келді. Неміс ғалымдары Карл Циглер мен Джулио Натта каучук өндіруді тапқаны үшін Нобель сыйлығын алды.

Осылай-осылай жылжып ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлар келді, бұл кезде өндірістер де мұнай пайдасын, тиімділігін біліп қалған. Ал, XIX ғасырда жан таласа жер шарының түкпір-түкпірінен мұнай іздеу «жорығы» басталып, өндірістің белді саласына айналып бітті. XX ғасырда адам тіршілігіне қажетті заттардың жартысынан көбін өндіретін әлемдік үстемдікке жетті.

Сөйтіп, ол-мұнай жер бетінде өндірілетін барлық пайдалы қазбалардың ішіндегі ең тиімдісі, пайдалысы болды. «Даудың басы Дайрабайдың көк сыйыры!». Бар мәселе де, бар проблема да- мұнайдың аса пайдалы шикізат болуында! Ол өндірістің наны, оған дау жоқ. Және жасанды талшық жіп, полиэтилен, синтетикалық қағаз, каучук, асфальт, битум, тағы да көптеген химиктердің көмегімен өндірілетін заттардың арғы атасы - мұнай екені қазір елдің бәрі де біледі. Білгендіктен де бағы аспанға көтеріліп, қолы жеткеннің-ырысы, жетпегеннің-арманына айналып тұрғаны.

Адамзат мұнайдың «хабарын» кашан білгендігі жөнінде жоғарыда айттық. Қазіргі айтпағымыз, адам ойымен жарысып, қосарлана шауып келе жатқан техникалық прогрестің «наны» - мұнайсыз бүгінде күн жоқ. Бір күннің бір сағатында ол жоқ бола қалса тіршіліктің соңғы сәті келгендей жер беті улап-шулап, бей-берекетсіздікке түседі. Жер шарының жарты адамы жатарда «ертең мұнайдың бағасы түссе екен» деп, құдайдан тілеп жатса, келесі жартысы «өссе екен» деп ұйықтайтын халге жетті.

Алматылықтар арасында сөз бар: «Үйдегі көңіл-күйді көк базардың бағасы бұзады» деген. Сол сияқты дүние жүзінің көңіл-күйін мұнай бағасы билейтін болды. Анау-мынау емес, мұнай басты саясатқа айналды. Мұсылман еліндегі мол мұнайдың қоры кейбір европалықтардың қызғанышын тудырып, түрлі түлкібұлаң тірліктерге, әрекетке баруда. Алакөзденіп, қайтіп тартып аларын білмей, дүниеде бары-жоғы белгісіз «Бен Ладень» деген біреуді іздеген болып, терроризмнің нақ өзін, өздері жасап отыр дейді. Бұл пікірді ойлап тапқан біз емес, жер бетінің тіршілігін таразыға салып сараптап отырған әлемдік саясаткерлер пікірі.

Міне, академик Велиховтың сөз астарында осының бәрі-бәрі бар секілді...

Мұнайды орыстар «нефть» дейді. Ал, біз бұл сөздің түбірі арабтардың «нафт» деген сөзінен шыққан дейміз. Арабтар «қайнауды»-нафата дейді. Гректер де мұнайды «нафата» деп айтады, ескі дәуірлерден қалған сөз дейді олар. Ал, ағылшындар мұнайды «ойл» десе, француздар «петрлеум» дейді. Біз қолданып жүрген мұнай сөзі ескі түрікшеден қалған сөз деп айтады. Әуелгіде қазақтар оны «қара май» деп атап жүрді де, кейіннен мұнайға ауы- сып, түпкілікті тоқтады.

Енді қазақ даласына мұнай «қайдан» келді, оны кімдер тапты деген сұрақ өз-өзінен туындайды. Сонда ау, сонау-1717 жылдары дүниедегі жаңалық атаулының, білім мен ғылым жетістігін Ресейге жинап, жанталасқан Петр-І қазақ даласындағы мұнайды назардан тыс қалдырған жоқ. Ол бар қаражатын, жасағын жасандырып, әскери экспедицияның басы етіп А.Бекович-Черкасскийді өмірі көрмеген, білмеген маң далаға, мұнай іздеуге жіберді. Айлап жатып, жылдап жүріп «мұнай бар» деген мәлімет әкеледі. Мәліметті шындыққа айналдыру қиынның-қиыны. Табиғаты қатал қазақ даласы кез келгеннің келіп, байлығын алып кете бергеніне көне қоймайды. Мұнайдың барлығына көз жеткізгенмен қазу, жер бетіне шығару, өңдеу, тасу, не керек олар кедергілерді шеше алмады.

Одан кейінгі жылдарда да Ресей өкіметі мен ғалымдарын қазақ даласындағы мұнай көзі магнитше тартты. Ақырында П.С.Паллас, И.И.Лепехин, И.П.Фальк ғалымдар басқарған экспедициялар 1768 жылдар мен 1774 жылдар аралығында дүркін-дүркін зерттеу жүргізіп, мұнайдың бар екеніне көздері жетіп тұрғанмен тереңде жатқан оны жер бетіне шығарудың амалын, жолын таппаған.

Ал, 1892 жылы Оңтүстік Ембі аумағын С.Н.Никитин экспедициясы зерттеп, тереңдеп бұрғылау арқылы Доссорда, Ескенеде және Қарашүңгілде бірнеше ұңғымалар бұрғылаудың нәтижесінде дәлелдейді. Осыдан екі жылдан кейін, Леман басқарған бір топ Петербург кәсіпкерлері жер қойнауын пайдалану құқығын иелене отырып, «Ембі-Каспий» серіктестігін құрады. Сөйтіп, барлау мен бұрғылау жұмыстарын кеңінен ұйымдастарады. 1894-1898 жылдар аралығында тереңдігі 38 метрден 275 метрге дейін алпыс ұңғыма бұрғылайды.

Ақырында, 1899 жылы «Ембі- Каспий» серіктестігі Қарашүңгілде мұнай бұрқағын алады. ¥ңғыманың тереңдігі қырық метр, тәулігіне алынатын мұнай 22-25 тонна.

Серіктестік таратылып оның орнына 1908 жылы «Ембі- Каспиймұнай» қоғамы құрылды. Ол 1910 жылы қайта таратылып, оның орнына «Орал-Ембімұнай» қоғамы құрылды. Бұл қоғамға Леманмен бірге ағылшын кәсіпкерлері иелік етті.

Доссордан «Орал-Каспиймұнай» қоғамы қазған №3 скважинадан 1911 жылғы 29 апрель күні 225 метр тереңдіктен мұнай бұрқағы атқылады. Бұл хабарды естіген шет ел кәсіпкерлері мен көршілес орыс өнеркәсіп иелері елеңдеп, бәрінің де назары Қазақстанның Батысына ауды. Жан-жақтан тапсырыстар көп түсіп, оның бәрін техникалық жабдықтардың жетіспеушілгінен орындай алмай жатты. Тіптен кейбіреулердің көзі иелік етуге, мұнайы көп учаскелерді бөліп алуға түсті. Осындай пиғылдар жәй қалмай, кақтығыс туған кездері де болды.

Ақыры, 1910-1912 жылдар ішінде оннан аса мұнай қоғамдары құрылды. Олардың ішіндегі ең ірілері: «Орал-Каспий» мұнай қоғамы, «Ембі», «Ағайынды Нобельдердің серіктестігі» және басқалар болды. Олардың ең ірілері шет ел капиталистерінің қолына түсті. Шынын айтқанда олар Ембіде мұнай өнеркәсібін дамытсақ деген ниетте болған жоқ. Мүмкіндігінше әрі тез, әрі көп, қандай жолдармен болса да мұнайды өз елдеріне тасып кетуді ғана ойлады. Сөйтіп, олар Ембідегі тұңғыш мұнай кәсіпшілігі - Доссорды салды. Томпанаж жұмыстарына ақшаларын шығарғылары келмей асығыс бұрғылай берді. Бір қабаттың мұнайын толық алып болмастан, екінші учаскеге көшті. Жаңадан ашылған Мақат кәсіпшілігінен мұнай осындай жолмен алынып, ысырап басталды.

«Орал-Каспиймұнай» қоғамының мұнай өңдеу зауытында істеген 37 маман жұмысшының ішінде бірде-бір қазақ болмады, ал, ауыр жұмысты атқаратын 25 жұмысшының бәрі де қазақ еді. Басқа кәсіпорындар мен кәсіпшіліктерде де жағдай осындай. Мұнайшылар рақымсыз қанауға ұшырады. Бұрғылау мен мұнай шығару қолмен істеліп, жұмыс күні 10-12 сағатқа созылды. Жұмысшылар күйе басқан, сыз тартқан жертөледе тұрды. Олар наразылықтарын білдіріп талай рет ереуілге де шықты. Бірақ одан ештеңе өзгермеді. Бұл жағдай 1917 жылғы февраль революциясынан кейін ғана өзгере бастады, мұнайшылар көтеріліске шығып, өндіріс иелеріне өз талаптарын тегеурінді түрде қойды, жұмысшылар мүддесін қорғайтын тұңғыш рет «кәсіпкерлер одағы» құрылды.

Содан, 1920жылы Қазақстандағы мүнай өнеркәсібі толығымен мемлекет қарамағына өтіп, жеке адамдар емес өзі ие бола бастады. Бұл үлкен жетістік еді. Орал-Ембі ауданы мұнай кәсіпшіліктерінің Басқармасы құрылды. Екі жылдан кейін «Ембімұнай» тресі болып құрылды. Бұл Орал-Ембі мұнайлы ауданында геологиялық-іздестіру жұмыстарын комплексті жүргізуге жол ашты. Мұнай өндіру мен барлау саласына білімді мамандар қажет бола бастады. Соның орнын толтыру үшін 1924 жылы Доссор тау-кен өнеркәсіптік училищесі, ал алты жылдан кейін Гурьевтен Мұнай техникумы ашылды.

Өндірілген мұнайды тасымалдау үшін Гурьев-Доссор тар табанды темір жол салынып, ол 1927 жылы пайдалануға берілді. Жыл озған сайын мұнай өндіру үдей түсті. Оны өңдейтін зауытқа жеткізу өте қиынға түсті. Оны шешкен 1931-1935 жылдар аралығында салынып, іске қосылған ұзындығы 847 шақырым. Ембі-Орск темір жолы болды. Бұл жылдардың басқа да жаңалықтары көп еді: геологиялық барлау кеңсесі құрылды, Ескене кен орыны игеріле бастады, мұнай және газ өндіру жабдықтарын шығаратын Гурьев механикалық зауыты ашылды, Орталық мұнай ғылыми-зерттеу зертханасы құрылды, Қосшағыл кенорнын өнеркәсіптік игеру басталды. 1935 жылдың ең маңызды шарасы -Гурьев қаласында академик И.М.Губкиннің төрағалығымен КСРО Гылым Академиясының көшпелі сессиясы болып өтті. Бұл мұнай өндірісіне жаңа бетбұрыс әкелді десе де болады. Сессияда мұнай барлау кәсіпкерлігі мен өндіру саласының небір мәселелері ортаға салынып, оны шешудің жолы қарастырылды.

Ақыр соңында Қазақстанда мұнайдың бұлай дамып, өндірістің ірі бір саласы болып қалыптасуы жаңа облыс Гурьевтің құрылуына әкелді. Сөйтіп, 1938 жылдың 15 январында КСРО Жоғарғы Кеңесі шешімімен жер көлемі 200 мың шаршы шақырым алып жатқан, жалпы халқының саны 375 мың, ал, облыс орталығында 61 мың халқы бар Гурьев облысы құрылды. Облыс құрамына алты аудан: Еспол, Бақсай, Теңіз, Мақат, Жылыой және Маңғыстау аудандары енді. Бұл аудандарда мұнай маңызды мәселеге айналды.

Алайда, академик И.Губкиннің XX ғасырдың отызыншы жылдары Гурьевке келіп, тұз асты қабаттарында мұнай мен газ қорының молдығын, тұжырымдап айтып кеткені көпке дейін елеусіз, ескерусіз қалып келді. Тағы да академик И.М.Губкиннің бір айтқаны: «Бұл жерде, Орал-Ембі мұнайлы облысының Оңтүстігіндегі «Қарашүңгілде» 1899 жылы 5 тоннаға жуық мұнай берген, тұңғыш мұнай бұрқағы атқылағанын еске түсірген жөн. Бұрқақ пермь тау жыныстарынан атқылады. Бұл жәйттің өзі бізді тереңірек горизонттарға назар аударуға, бұрғылауды тереңдете түсуге мәжбүр етеді» дегені болды. Академиктің бұл пікір құндылығын әлі де жоғалтқан емес.

Академиктің айтқаны тек 1950-1960 жылдары іске аса бастады. Әуелі ел үкіметі, ғалымдар, сосын барып Каспий ойпаты маңайын барлау, бұрғылау, геофизикалық зерттеу жұмыстарын мұнайшылар күрт қолға алды. Саратов, Краснодар, Волгоград, Новосибирск! және Кавказдың мұнайлы аймақтарынан геофизиктер Қазақстан мұнайын игеруге ағылды десе де болады.

Қазақтар үшін мұнай нағыз құбылыс болды. Жиырмасыншы ғасырдың басында мұнайды күрт өнідіруге кіріскен Ресей өкіметі қазақ даласының батысын өндіріс ошағына айналдырды. Талай мұнай кендері табылып, мұнаралар бой көтерді. Бұрын қазақ түсінігінде болмаған мамандық: геолог, барлаушы, бұрғышы, геофизик, инженер... тағы да толып жатқан жаңа кәсіпке икемделе бастады. Қазақ жастарын, әсіресе, қырқыншы, елу мен алпысыншы жылдары мемлекет өз қаражатымен жастарды осы мамандықтарды игеру үшін Мәскеуге оқуға жіберді.

Міне, осы кітаптың жазылуына да негізгі себепкер болып отырған, сол жолдаманың бірімен Оржановтар әулетінен суырыла шығып, Мәскеуге барып, академик И.М.Губкин атындағы Мұнай институтында оқыған қазақ жастарының бірі - Табын Қапанұлы. Оны қазақ ұлтынан шыққан алғашқы мұнай инженерлерінің бірі, бірі емес бірегейі деп айтуға болады. Мұндай тұжырымға бізді итермелеген оның өз ортасы, өз әріптестері. Біздің бір білеріміз: кім-кімге де әріптес берген бағашын баға! Сондықтан да біз жазу барысында солардың пікіріне иек арттық, тұжырымдамасына құлақ түрдік, өзімізге «бағдаршам» ретінде пайдаландық.

Табын туралы табанды әңгімемізді бастамай тұрып, ағасы Әбуғали мен інісі Сәлімгерей от басына аз да болса аялдағымыз келеді.

ӘБУҒАЛИ мен САНЖАН

Негізі Оржановтар әулетінде Қапаннан кейін әке жолын қуып мұнайшы болған Әбуғали. Ол Қапан қарттың тұңғышы, 1922 жылдың 26 маусымында дүниеге келген-ді. Бір қазаннан ас ішіп, бір шаңырақтың астында тұратын олар қазақи жолмен Қапан тұңғышын әкесі Оржан мен анасы Айкүміс бауырына салды. Олар немересінің бетінен қақпай, айтқанын бұлжытпай атқарып, ерке етіп өсірді. Еркелік еркіндікке ұласты. Еркіндік Әбуғалиды батыл, шнрақ, алғыр етіп тәрбиеледі. Інісі Табын екеуі әр класты әр ауылда, қай жерде жағдай, мүмкіндік бар сонда оқи берді. Соған қарамай олар сабақты жақсы оқыды, білім алуға ынталы болды. Мұнай іздеп, дала кезіп жүрген Қапан «балаларым оқысыншы!» деп, бар табысын балаларына жұмсады, қаржы-қаражат, ас-судан кенде етпеді.

Тағдыр дегенді қойсаңызшы. Жақсылығы мен жамандығы арбаға жегілген пар ат секілді қатар шауып отырады-ау! Біз үнемі жақсылықты күтіп жүреміз, тілеп отырамыз. Қайғыны күтпейміз, сондықтан да ол тосынан, табан астынан болады. Сондай бір қайғы Қапан мен Зиядаға тосыннан келді.

Күн бесін кезі. Жатақтың үсті тасырлап, дүрсілдеп, дүркіреп кетті. Көз шырымын алмақ болып, жаңа ғана қисайған Қапан түкке түсінбей, басын жастықтан көтерді. Дүркіреген дыбыс ұзай берді де, әп-сәтте тыныштық орнады. ¥йқысы ашылып кетті, не екенін түсінбей жертөледен далаға шықты. Есік алдында жан жоқ. Атқа мініп алған оншақты бала арттарына қарар емес, бастарына бір-бір орамалды шарт байлап шауып барады. Алдында кетіп бара жатқан бір баланың тақымының астынан салаңдаған ешкі ме, әлде тоқты ма ажырату қиын, әйтеуір, бір мал кетіп барады. Жатақта ешқандай той-томалақ жоқ болатын, табан астынан не болып қалғанын түсінбеген Қапан жан-жағына қарап, сұрай қоятын ешкімді таппаған соң:

- Зияда, а,3ияда,-деп айғайлады. Есік алдындағы мал қораның ішінен « Ау!» деген дауыс шықты.Қапан қораға беттеді. Зияда астауға жем, шөп салып жатыр екен. Түйелерін сауып алып далаға айдап салыпты. Қапан балалардың атқа қонысының себебін сұрады.

- Бейсенғалидың әйелі ұл туды, соған балаларға бір тоқтысын бермеді ме, көкпар тартыңдар деп.

- Байғұс-ай, ә! Дұрыс болған екен, ұлым жоқ деп, арақ ішсе болды жылап отырушы еді, бәтшағар, ана үш қызы бала еместей. Дұрыс болған екен. Көкпар бергені де жөн, жөн,-деді, тура өз әйелі ұл тапқандай қуанып. Бір кезде оқыс:

- Зияда, Әбуғали қайда, Жиренайғыр қайда?- деді жанұшыра.

- Қайда болушы еді, көкпар тартуға кетті.

- Ол әлі асау ғой, сен оны қалай бердің?

- Сенің бермегеніңді тыңдайын деп тұрған жоқ, жүгіріп келді де, «қой!» дегеніме қараған жоқ, міне шапты.

Қапан не ашуланарын, не ашуланбасын білмей тұрып қалды. Жиренайғырды жақында ғана балалары Әбуғали мен Табын «басқа балалардың аты бар, бізде ғана жоқ» деп, қыңқылдай берген.соң бір түйеге айырбастап әпергенді. Әлі жөнді баста білмеген.

- Табын қайда?

- Қайда болушы еді, ол да кетті. Майлытөбеге барып шабамыз дейді. Жатақтың бар баласы жаяу-жалпылап кетіп бара жатқан жоқ па, әне , шұбырып, - деді Зияда, шаңды бұрқыратып кетіп бара жатқан жақты нұсқап. Балаларының өзін тыңдамай кеткеніне зілсіз ғана ренжіген болып. Оның астарында Қапан ұрыспаса екен деген ниет те жатты.

- Зияда, құдай өзі сақтасын, Жиренайғыр асау, көкпарға түсіп үйренбеген ол әлі..,-деді де, дегбірсізденіп, жаяу-жалпы Майтөбеге беттеді. Анда-санда тоқтап, ентігін басып, көз ұшында кетіп бара жатқан аттыларға, олардың артынан жүгіріп бара жатқан балаларға қарап қояды. Бір кезде аттылар тоқтады, себебі Майлытөбеге жетті. Шуласып, шұрқырасып бір нәрсеге келісе алмай жатыр. Соңдарынан жаяу жүгірген балалар да, елірген иттер де, бәрі төбеге жетті. Күз кезі емес пе, төбе басы сарғайып, шөптері қурап қалыпты. «Майтөбе» десе дегендей-ақ, құмынан тура қазір май шығардай үгітіліп, уылжып тұр. Балалардың көңілі желпініп, өздері еліріп алған. Дэл қазір олар ешкімді көріп, сөзін тыңдар емес. Көкпар олардың делебесін қоздырып, көңілдерін көкке көтеріп жіберген.

Қазақ бар қызығын осы көкпар мен бәйге берумен әрлеген, өмірдің бір қызығы деп түсінген. Рас, көкпар бойында ептілік, ұтқырлық, күштілік бар! Делебеңді қоздырып, қаныңды қыздырып, «Атойлататын» әлде бір тылсым күш бар онда. Ол қазақ бойында момақан ағып жатқан қанды әп-сәтте ойнатып жібереді. Мына балалар үлкендердің осы Майтөбеде қиқулап, көкпарға таласып, қырғын тартыстарын талай көрген. Оларға қарап бұлардың да талай қаны қызған, қызыққан.

Бүгінгі кезек сол балаларда!

Қайтсын, Бейсенғалидікі дұрыс. Бұл оның көптен күткен арманы-артында қалар, шаңырағына ие болар үл келді отанына! Жайбарақат қалай жатсын. Берді бір тоқтысын көкпарға!

Қапан да қапылысып жетті-ау Майтөбеге, бірақ оған қарар ешкім жоқ. Бәрі қызуланып, қызарып алған. Балалардың ортасында көкпарды тақымына кысып, отыздарды өңгеріп қалған Орынтай тұр. Ол айғайлап көкпар тартудың тәртібін түсіндіріп тұр. Қапан Әбуғалиды іздеді. Әне, көрді. «Құдай сақтасын!» деді іштей ол. Жиренайғыр ауыздығын қашұр-құшыр шайнайды. Үстінде отырған он екі мен он үштегі балауса балғынды күш көрмей, ауыздықпен арпалысып, ойқастап жүр. Қапан: «Әбуғали!» деп, айғайлап жүріп, бетін әрең қаратты. Борпылдаған құмнан жүре де алмай қалды өзі. Анадай жерде ауыздықпен жағаласып тұрған Жиренайғыр үстіндегі Әбуғалиға: «Бұның не? Көкпарға, додаға түсіп көрмеген ғой бұл ат әлі, қазір ол саған бой бермейді! Балам, бір нәрсеге ұрынбай тұрғанда қайт, шық шетке, түспе додаға!...» деді. Бұл кезде қызынып алған Жиренайғырды да, оның үстіндегі бала Әбуғалиды да тоқтату мүмкін емес еді. Бұны Қапан түсінді, түсінді де шеттеу шығып, іштей құдайына жалына берді. Жүрегі әлде нені сезгендей ме, қалай...

Қан майдан десе де болады, көкпар басталды да кетті. Орынтайдың тақымынан ешкіні Қарагер мінген бала ала қашты, бәрі дүркірей соның соңына түсті. Әбуғали да шауып барады. Қапан көкпар көрген жоқ, оның екі көзі баласында. Жиренайғыр болса ортаға кіргісі келмей, ойкастап, кергіп жүр. Әбуғали оны ортаға қосамын деумен әлек. Осындай ит жығыс көпке дейін созылды. Балауыз емес пе Әбуғали шаршап та қалды. Жиренайғыр болса аспанға атылып тұр. Бір кезде оқыстан Жиренайғыр сандықтай кеудесімен басқаларды итере-митере ортаға кіріп кеп бергенде оның екпіні мен күшінен басқалары шайқатылып, ығыса берді. Әбуғалидың қолы көкпарға тие бергені сол еді, не болғанын қайдам тосыннан астындағы аты аспанға атылды. Сөйтті де алып кеудесімен топты келіп соқты да, оны жара-мара ай далаға шаба жөнелді. Иесіне әл беретін түрі жоқ. Ол да шаршап, тек тізгінді ұстап отыруға ғана шамасы қалған. Басы қайқайып алға атыла шықты да, құйғыта шапты. Жан-жағына қарар емес. Әбуғалидың аузы құрғап кетті. Құдай сақтасын, бір кезде алдынан қазылған ор шыға келді. Бітті. Екеуі де омақаса құлады. Әбуғалидың бір аяғы аттың астында қалды. Жиренайғыр тұрамын деп жұлқынып, жан таласып жатыр. Бір кезде алапат күшпен ордан қарғып шықты. Әбуғали қалып қойды. Жиренайғыр басы қайқайып, басы ауған жаққа шауып барады.

Сөйтсе, көкпарды алып тақымына қыстыра бергенде Әбуғалидың атының асау екенін білетін Серікқалидың қара баласы Жиренайғырға жанай бере шабынан теуіп қалмай ма. Сол-ақ екен асау ат аспанға атылған ғой. «Бәле қайда, бассаң аяғыңның астында» деген осы!

Бұның бәрін көріп тұрған Қапан қалшиып қатып қалған. Көкпар күрт тоқтатылып, аттысы бар, жаяуы бар Әбуғалиға қарай ұшып барады. Есін жиды. Олардың ортасында: «Е, алла аман ете гөр баламды!» деп, құдайына жалынып-жалбарынып Қапан да келеді далбаңдап. Жетті. Баласы жамбастай жатыр, ақыл-есі бар, оң аяқтың тізеден төменгі сүйегі морт кеткен, салақтап бос жатыр...



Көкпар тоқтатылды.

Май, су таситын «ГАЗ-51» көк мәшинесімен алпыс шақырымдағы Гурьевтің ауруханасына Зияда мен Қапан баласын алып келді. Ауру кірді, әлек кірді дей беріңіз. Екеуі кезектесіп ауруханаға күнде келіп тұрды.Үйде қалған Табын мен Сәлімгерейге бас-көз болып Әбуғалидан кейінгі Жамал қалды.

Мұндайда қазақтардың жақсы бір қасиеті бар ғой, көрші қолаң бір кісідей жұмылып, көмектесіп кететін. Қапанның да балаларын жалғыз қалдырмай, ас-су беріп, қамқор болған сол көршілер еді.

Содан Әбуғали Гурьев ауруханасында ұзақ жатты. Әуелі дәрігерлер аяғын сақтап қаламыз деді, одан кейін сақтай алмайтын болдық деді, не керек, ақырында гонгренаға айналып барады деп, тізеден темен кесті де тастады. Амал жоқ, адам тағдырдың бар ісіне де көнеді ғой. Зияда мен Қапан баласының жанының қалғанын олжа көріп, бәріне де көнді, бәріне де төзді. Баланың тақсіреті кашанда да әуелі анаға батады емес пе, анасы Зияда да көзінің жасын бірде көрсетіп, бірде көрсетпей талай жылады. Аяқ қолы балғадай, өрімдей болып өсіп келе жатқан баласының табан астынан мүгедек болып қалуы жүрегіне бітпес жара салды.

Балалықтың әсері болар он екі мүшесінің бірінің кем болғанына Әбуғали соншалықты күйзеліп, айналасына қайғы-қасірет орнатпады. Мүмкін ол атасы мен әжесі берген еркіндіктің арқасында рухы мықты, жігерлі, төзімді болған шығар, кім білсін. Бірақ, бұл жағдай оны өз қатарларынан ерте есейтіп кетті.

Ауруханадан шыққан соң балдақпен жүріп тіршілікке араласты. Соғыс бітіп, тұрмыс түзеле бастаған тұста ғана Мәскеуден протез аяқ алдырды. Жастықтың жігері болар, тура өз аяғындай, тәп-тәуір басып кетті. Әрине, бұл оқиға Қапан мен Зияда жүрегіне аз салмақ салған жоқ. Амал қанша, ақыры тағдырдың жазуы шығар деп көнді, Әбуғалидың аман қалғанына шүкіршілік етіп, бұған да тәуба деді. Пенде байғұс жаратушының не «қиянатына» көнбеген? Тіршіліктерін жалғай түсті, балаларын аш-жалаңаш етпей, қандай қиындыктар көрсе де оқытуды, білім беруді мақсат етті.

Содан, Әбуғали жеті жылдық мектепті бітірісімен Гурьевтің Мұнай техникумына оқуға түсті. Техникум тіршілігі көп нәрсеге үйретті, басқаша өмір көрді. Басқалар секілді ойын қуып, доп тебудің орнына кітапханаға қарай ойыса берді. Балаша емес үлкендерше ой ойлап, байлам жасайтын жағдайға жетті. Орыс тілін үйрену керектігін түсінді, сол үшін орыс әдебиетіне барынша ден қойды. Қысқасы, бір жамандық екінші жақсылыққа, білім соңына тыңғылықты түсуге бастады...

Бұл кезде соғыстың нағыз қайнап жатқан кезі. Техникум қасындағы бағанада қалпақ радио бар. Майдан даласының әрбір жеңілістері мен жеңістерін сағат сайын сарнап айтып, елді хабардар етіп тұрды. Оны Әбуғали әдейі келіп, жиі тыңдайды. Фашистер Москва түбіне келді дегенде: «Әттең-ай, аяғымның құртқаны- ай, мені! Әйтпесе, сол фашиспен мен де айқасып көретін едім!» деп, талай-талай кіжінген. «Ер болып туып Отаныңды қорғай алмау деген қандай қорлық!».

Әбуғали техникумды 1942жылы өте жақсыға бітіріп, «Сағыз» мұнай кәсіпшілігіне Бас есепшінің орынбасары болып жұмысқа орналасты. Фашистерге деген өшін жұмыстан алды, күн демей, түн демей есепшілікті еңсеріп тастайтын. Тылда кәріден бастап балаға дейін тынбай, тырбыңдап, тек майдан үшін еңбек етті емес пе. Әбуғали да солардың бел ортасында жүрді. Ақыры, көптен күткен, арып-ашқан халыққа «Жеңіс!» деген сөз келіп жетті. Ол кездің шаттығын сөзбен жеткізем деу құр әурешілік. Әйтеуір, елдің еңсесі көтеріліп, ес жия бастады.

Әр мамандықтың өзіне тән ерекшелігі болмай ма. Жаратылыстан алғыр ол есепшілікті тез меңгеріп кетті. Өндірістің кірісі мен шығысынан бастап, одан да күрделі есеп-қисап қортындыларын шығаруға үйренді, тәжірибе жинақтады. Әбуғали Қапанұлы 1946 жылы «Қошқар» мұнай кәсіпшілігінде, ал, 1949 жылы жаңадан құрылған «Қаратон» мұнай өндірісінде кадрлар мен еңбек және жалақы бөлімінің бастығы болды. Бар жоғы жиырма төрттегі жігіттің осындай күрделі бөлім жұмысын атқаруына тура келді.

Қашанда да бұл бөлімнің мәселесі мың, шаруасы шашылып-төгіліп жатады. Мұнайшылардың баспанасынан бастап, денсаулығы, демалысы, жалақысы, маман-кадрларды таңдап, талғап жұмысқа алуға дейін айналысты, араласты. Алғырлығы алдаған жоқ, бұл жұмысты да абыройлы атқарды. Бұл қызметте 1952 жылға дейін атқарды да, сосын «Батыс Қазақстан барлау» басқармасында, «Эмбімұнай» бірлестігінде жұмыс жасады. Жасы келіп, бар абыройымен 1983 жылы зейнеткерлікке шықты.

Өмірден таңдап алған жары Жалмұқаш қызы Сәнжаннан ұл сүйді, қыз өсірді. Сәнжанның өзі де көптеген мұнай кәсіпшлігінде лаборант болып жұмыс жасады. Қыздары Орынша қазір Лондонда тұрады, қызметі- «Қарашығанақ» мұнай өндіретін кен орнының сондағы өкілі. Ал, ұлдары Амантай, Аманжол, Масатжан да мұнайшылар. Амантай мен Аманжол Балықшы мұнай өңдеу зауытында жұмыс істесе, Масатжан Алматының КазПТИ-ін бітіріп, әуелі Балықшы барлау мен бұрғылау басқармасында, сосын, «Қазмұнайгаз» бірлестігінде еңбек етті. Қарап отырсаңыз Әбуғали Қапанұлының да от басынан өсіп шыққан мұнайшылар аз емес екен. Олар «Оржановтар әулеті» деп аталатын «ордалы от басының» бел мүшелері.

«Арпа ішінде бір бидай». Қапанның үш ұлының ортасында жалғыз қызы Жамал (1926 жыл) бұла болып өсті. Ата мен ананың, бауырларының Жамалға деген көз қарасы өзгешелеу, нәзіктеу боды. Оқығысы келген қызының ниетін сезген Зияда: «Кімнің үйіне, қайда жатқызып оқытамын, өзіміз болсақ жүрісіміз мынау, мұнай іздеп, дала кезіп жүргеніміз...қыздың жолы жіңішке» деп, шын ниетін түсіндірді. Сөйтіп, Жамалды алысқа жібермей қанатының астында ұстады. Ал, 1942 жылдан бастап әкесі Қапанның қасында жеңіл-желпі жұмыс жасап, көппен араласты, өмірге бейімделді. Сосын, тұрмысқа шықты, көп жылдар дүкенші болып қызмет атқарды.

Жетпісінші жылдардың басында Жамал бала-шағасы, күйеуі бар, бәрі Маңғыстауға көшті. Оған себеп болған Жамалдың тете інісі Табын Қапанұлының қызметпен осында ауысуы болды. Тете болғандықтан да болар олар бір-біріне жақын болды, қамқор, бауырмал еді. Содан Жамал 1970-1987 жылдар аралығында «Батысмұнайкұбыр» басқармасында мұнай қыздыратын пеште оператор болып жұмыс істеп, пенсияға сол жерден шықты. Күйеуі Наров Есқабыл көптеген мұнай кәсіпшілігінде автомеханик болып жұмыс істеді, абыройсыз болған жоқ. Олар жеті балаға бірі әке, бірі ана атанды.

Жамалдың қызы Күләнда КазПТИ Мұнай факультетін бітіріп, көп жылдар «Жетібай» мұнай кәсіпшілігінде геолог болды, қазір мұнай алаңдарын іздейтін-барлайтын «Аташ» ЖШС-інде қызмет істейді. Ал, Шолпан болса («КазНИПИ») Мұнай ғылыми-зерттеу институтында есептеу машинасының операторы. Дәл қазір уақыт талабына сай-жеке кәсіпкер.

¥л балалары: Өмірхан, Мұрат, Мұхтар, Мақсат мүнай кәсіпшіліктерінде түрлі қызметтер атқарады. Анығын айтқанда, бәрі де нағыз мұнайшы. Тек қана ең кіші ұлдары Райымберді жеке кәсіп ашып, соны дөңгелетуде. «Заман саған бұрылмаса, сен заманға бұрыл» дейді білгіштер. Райымберді осы қағидаға құлақ асып, кәсіп ашып, жақсы тұрмыс, жақсы өмірге ұмтылуда.

«Өмір-өзен». Өз ағысымен алға аға береді.

Ілесу-ілеспеу өз шаруаң.

* * *

СӘЛІМГЕРЕЙ мен БИҒАЙША



Қапаннан туған Сәлімгерейдің жөні басқалау. Қазақта небір қайран калатын дәстүр-салт көп-ақ. Оның бәріне бас изеп, құлдық ұруға болмас. Бұл дәстүрді қазіргі жастарға айтсаң: «как можно детей отдават чужым рукам!» деп, шалқаларынан құлайды. Бұрынғы қазақтар құламай-ақ, талып қалмай-ақ, тұңғыш баласын әке мен шешесіне беріп, баласы жоқ бауыр болса оған да іштен шыққан ұрпағын қиған. Бұл тәртіп күні кешеге дейін келді, қазір жоқ. Қазір бала түгілі басқаны да бермейтін, қимайтын қиын жағдайға жеттік. Сәлімгерей тағдыры ата дәстүрдің мүмкін соңғы «фактісі» шығар...

Содан, Сәлімгерейді (1936 жыл) сәби кезінде Зиядамен бірге туған сіңлісі Сәлиманың күйеуі қайтыс болып, соған береді. Сіңлісіне жалғыздықты қимаған Зияда, кенжесі Сәлімгерейді «серік ет» деп, бауырына салады. Қапан да түсіністікпен қарады. Қараңызшы қазақты, қандай-қандай қадамдар жасайды. Бұған қандай баға қоюға болар екен?! Бауырмалдықтың, ауыз біршіліктің, ынтымақтастықтың шыңы, соның шын үлгісі емес пе?!

Сәлима да өзіне көрсетілген құрметті жоғары бағалай білді, өмір бойы Қапан мен Зияданың алдынан кесе-көлденең өткен емес. Өмір бойы «Сәлімгерейдің жолына жаным құрбан!» деп, маңдайынан шертпей, тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай өсірді. Атын да тура атамай: «Ақ Керейім!», «Керейжаным!» деді. Сонымен бірге құр өбектей бермей, өсіп келе жатқан өренге өз заманының тәрбиесін берді, оқуына, белгілі бір мамандыктың иесі болуына басшы, ақылшы болды. «Балам, заманыңнан қалма, оқы, білім ал, тең құрбыңның алды бол!» деген тілек пен батасын қатар жарыстырып отырды.

Сәлімгерей «Қаратонда» орта мектепті бітіріп, Алматыға оқуға келді. Таңдағаны- Алматы Байланыс техникумы. Анасының тілеуі қабыл болып оқуға түсті. Оны 1958 жылы бітірді. Мұнымен қанағаттанбаған ол Ташкенттің Электротехникалық байланыс институтына түсіп, оны 1963 жылы тәмамдады. Бір кісідей білім жинап келген оны облыс басшылығы Гурьев облыстық Байланыс басқармасына Бас инженер етіп қызметке тағайындады.

Баршаның үмітін ақтады, адал еңбек етті. Ол облысты, оның ішінде Гурьевті Одақтың барлық үлкен қалаларымен телефон арқылы байланыстырды. Және ауылды ауданмен, ауданды қаламен, тіптен шалғайда жатқан бөлімшелерді телефон арқылы бір-бірімен хабарластырып, алты айлық жолды алты минутте «жүргізіп», көпшіліктің шексіз алғысына бөленді. Сәлімгерей Қапанүлының елу жылғы осындай қызметі елеусіз қалмады, Үкімет пен партия оны ерен еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапаттады.

Маңғыстау жеке облыс болып 1973 жылы құрылды.

Жаңадан құрылып, тәй-тәй басқан бала сияқты, бәрі енді-енді ұйымдасып жатқан кез үшін телефон байланысы ауадай қажет еді. Ұйымдастырушылық қабілеті асқан адам болмаса, бұл шаруаны анау-мынау адамның дөңгелентіп кете қоюы қиын. Тағы да басшылар таңдауын Сәлімгерей Қапанұлына тастады.

Өзіне жүктелген жұмыстың парқын түсінген ол келген сәттен бастап іске белсене кірісті. Айналасы үш-төрт жыл ішінде Маңғыстауды Одақтың үлкен қалаларымен, республика ішімен, ауданды ауылмен, ауылды астанаға қосып, не керек телефон сымымен бірін-біріне «байлап, матап» тастады, хабарластырып қойды. Оның ішінде Отан үшін ең қажетті мұнай өндіріп жатқан кәсіпшіліктер мен барлау бригадалары да бар еді.

Кәсіби байланысшы Сәлімгерей Қапанұлы 1976 мен 1981 жылдар аралығында Байланыс министірлігінде қызмет істеді. Ал, 1981 жылы Гурьев облыстық Байланыс басқармасының бастығы болып тағайындалды. Жаңа заман келді, онымен бірге қоғамдық қатынастар өзгерді. Ескі жаңарып- «Қазтелеком» болып құрылды. Жаңа қоғам, жаңа істің де бел ортасында жүрді. Ол 2003 жылға дейін еңбек етіп, сосын барып зейнеткерлікке шықты.

Осыншама тәжірибе мен білімі бар маманның құнын түсінген Атырау Инженер-гуманитарлық институтының басшылары оны аға оқытушылыққа шақырды. Күні бүгінге дейін жиған-терген білімі мен ілімінен жас ұрпаққа, ертеңгі болашақ иелеріне ерінбей, «жасым келді, шаршадым» демей сабақ беруде.

Бұл Сәлімгерей ағаның еңбек жолы. Ал, от басының басты оқиғалары былайша болып өріледі. Жас Сәлімгерей Алматының Қыздар педагогика институтының физика, математика факультетін бітірген Оразова Биғайшамен отау құрып, бес баланың бірі әкесі, екіншісі, анасы атанды. Екеуі де қызмет істей жүріп балаларын ел қатарынан қалдырмай тәрбиеледі, білім әперді.

Олардың үлкен ұлы Оржанов Әмір Сәлімгерейұлы аталарының жолын қуып, мұнайшы боламын деген мақсатпен Қазақтың политехникалық институтының Мұнай факультетін бітіріп, қазір «ШЕЛЛ» компаниясының Қазақстандағы өкілі.

Ал, Оржанов Әділжан Сәлімгерейұлы да аталар жолын қуған ұл. Бастапқы кезде «Мұнайинвест», «Мұнайкомплект» компанияларында аға инженер болып қызмет істеді, қазір «Қазатомпромда» департамент бастығы. «Ат тұяғын тай басар»- кіші ұлы Оржанов Аманқос Сәлімгерейұлы да Қазақ политехника институтының Мұнай факультетін бітірген. Әуелі «Эмбімұнайгазда» техникалық-жабдықтау бөлімінің менеджері, сосын Американың «Каспиян-газкорпорейшн» компанияеы филиалында экология және еңбекті қорғау департаментінің менеджері қызметін атқарады.

Қыздарын «қияға» қондырған Сәлімгерей ағаның Зәуреші дәрігер болса, Назгүл ағылшын тілінің маманы, қызмет істейтін жері «Бозашыойл» компаниясы. Яғни, оның да мұнайға қатысы бар деген сөз.

«Бірге туғанмен бірге жүрмек жоқ» деген осы. Қазір Сәлімгерей Қапанұлы ата-баба қонысы Атырауға қайта оралып, сонда тұрып жатыр.

* * *


Қапанның ағасы Қабденнен жалғыз ұл Әзімғали қалған-ды. Жаратушының әміріне ешкім қарсы тұра алмаған, Қабден 1934 жылы ауыр науқастан қайтыс болады да, жесір жеңгесі ¥лдай қолдарында тұрды, немере бауыры Әзімғали балаларымен бірге өсті...

Тағдыр салған салмақты бір кісіше көтеріп, Әзімғали ерте есейді, ерте еңбекке араласты. Сөйтіп, 1944-1964 жылдар аралығында «Қазақмұнай барлау» тресінде бұрғышы, шебер, «Мұнайлы» , « Құттыбай», «Оңғар», «Қарашүңгіл» кен орындарындарында жер асты жөндеу алаңында оператор, машинист болды. Осы жерден зейнеткерлікке шықты. Өмір бойы жұмыс істеп қалған адам, екі қолын қайда сыйғызарын білмей, «зейнеткер» дегенді мойындағысы келмей- «Теңізмұнайгаз», «Ембімұнайгеофизика» бірлестіктерінде 1997-ші жылға дейін жұмыс жасады. Алған алғыс хаттары мен ерен еңбегі үшін берген медальдары жоқ емес.

Бәрінен бұрын «Мұнай өндірісінің үздігі» деген баға ол үшін қымбат.

Балалары Майра жеке кәсіпкер болса, Мырзағұл «Қара арна» кен орнында оператор, Мырзатай мұнай кәсіпшілігінде жүргізуші болып жұмыс жасайды. Кенжетай денсаулығына байланысты үйде.

Бір әулеттен осылай сан тағдырлар тарайды. Көбінің тоғысар тұсы мұнай өндірісі, мұнай кәсіпшілігі. Мұнайшы болу осылай Оржановтар әулетіне «жұғысты» болып, жалғасып келеді...

«Өмір -өзен!». Өз ағысымен алға аға береді.

Ілесу-ілеспеу өз шаруаң...

* * *


Бірде, «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс ағамыз тілшіге берген сұқбатында: «Адамның бар ғұмыры балалық шақтан тұрады.Бала кезіңде не ғибрат алсаң өскенде соны қалжалайсың» деген - ді. Біздің жадымызда осы сөз жатталып қалыпты. Растығына уақыт озған сайын көз жеткізесің. Сол сияқты Табын ағаның бала кезден, жастық шақтан алған тәлім мен тәрбиесі жетерлік. Бала кезден ел басына түскен бар мен жоқты, тоқтық пен аштықты көріп өскенмен әке мен ананың амандығының арқасында дәмін татқан жоқ. Ол үшін жаратушыға да айтар алғысы көп.

Табынның ұлы жазушы айтқан «балалық шақтан» алған ғибраты көп. Әуелі, атасы Оржан мен әжесі Айкүмістің аялы алақанын сәби болса да сезіп өсті. Атасы мен әкесі Қапан өз ортасында, ағайын тума арасында қасиеті бар, ретті жерінде қазыналы әңгімесін айта отыратын қариялылығы тағы бар, ақыл мен абыройдың иесі болған адамдар. Сол кіндіктен, сол тұқымнан осіп шыққан Әбуғали мен Табын, Сәлімгерей баяғы би болған, болыс болған, түмен елді аузына қаратқан шешен бабаларына ұқсамағанмен, өз заманына ылайықты тәлім мен тәрбие алып, көптің қолы жетпеген Мәскеу мен Ташкентте, жоғары оқу орнында оқып, бірі геолог, бірі инженер, бірі байланысшы мамандығын меңгерді.

Біз жоғарыда Оржановтар әулетінің мүшелері, Қапанның бел балалары: Әбуғали мен Сәлімгерей туралы аз да болса айтып өттік. Кезек Қапан қарттың ортаншы ұлы, қара шаңырақтың бүгінгі иесі Табын Қапанұлына келді.

Осы кітаптың жазылуына мұрындық болып отырған- «Мұнайшы» қоғамдық қоры. Ал, қордың мақсаты- Қазақстан мұнай өндірісінің дамуына елеулі үлес қосқан мұнайшыларды дәріптеп, еңбегін елге танытып, ел есінде қалдыру. Осы тұрғыдан қарағанда, мұнай саласында елу жылдан астам еңбек етіп, оның дамуына орасан зор үлес қосқан инженер Табын Қапанұлының бір кітаптың «басты кейіпкері» болуына әбден хақылы. «Айтпасаң сөздің атасы өледі», ердің еңбегін елге танытпасақ, олген аталы сөзбен пара-пар болып қалмақ...

Сонымен, «эфирде» Табын Қапанұлы Оржанов!

Қызық. Дәл бір алдын-ала ойластырып қойғандай, Қапан 1929 жылдың 21-ші қаңтарында «Ембімұнай» бірлестігіне жұмысшы болып орналасты, ал, сол жылдың 15 қарашасында, «Қаратон» кәсіпшілігі жұмысшы жатағында, жарық дүние есігін іңгәлаған үнімен қағып- Адам, сәби келді тірлікке.

Ата Оржан мен әже Айкүмістің, әке Қапан мен ана Зияданың қуанышында шек жоқ. Қорасы малға толмаса да, отбасының жанға толып келе жатқанына Оржан мен Айкүміс жаратушыға риза болып, бес уақыт намаздарына олардың амандығын қосып, тілеу тілейтін. Үш күннен кейін, таңғы шәй үстінде бәйбішесі Айкүміс:

- Отағасы немереңе ат қой, азан шақыр, құлағына айғайла, тәңірімнің де құлағына жетсін.., -деді. Оржан ойланбастан «болады, болады» деді де:

- Немеремнің атын «Табын» қоямын,-деді. Оған Қапан одырая калды, әйелдер елең етті. Оржан сөзін қайыра жалғады:- Табын руымен қашаннан-ақ құдандалымыз, қыз беріп, қыз алысып, қанымыз, жанымыз араласқан жандармыз. Әріге бармай-ақ өзіммен бірге туған апамды осы табындар алып отырған жоқ па? Өздерің білесіңдер, осы жыл біз үшін қиын болды. Сол апамды паналап, азын-аулақ малды қыстан аман алып шығу үшін қалың қамысты Шыңғырлау-шиліге, қалың табындар ортасына келгенімді кімнен жасырайын. Жаман болған жоқпыз, қайрымдылық көрдік. Енді міне басымызға бас қосылып жатыр. Ел де, жер де риза болсын, баланың атын Табын қоямын,- деді. Жүйелі сөзге жетесіз ғана тоқтамас. Үй-іші үнсіз. Ертеңіне, таң алакөбеңденіп атып келе жатқанда Оржан азан шақырып, қызыл шақа немересін қолына алып, үш рет құлағына «Табын» деп айғайлап, атын қойды.

Иә, атасы атын қойғанмен, нақ ертең өскенде өзінің жолын қуып мұнайшы болатынын білді ма екен?! Әкесі Қапан білді. Оның арманы балаларын оқыту, білім әперу болды. Қапанға мұндай арманды тудырған, талай өзі арасында болған геологтар мен инженерлердің, геофизиктердің дай-дай әңгімесі еді. Олардың жеті қат жер астындағы қара майдың қасиетін, қысымын, құрамын тура бір қолмен тұстап тұрғандай талдап, талқылап, ғылыми тұжырымдар жасап және сол тұжырымның дәл келетініне ол талай қайран қалған. Сондай сәттерде: «Ғылым мен білімнің жетпейтін жері жоқ екен-ау» деп, «Балаларымды қалай да қалай оқытамын!» дейтін, өзіне өзі уәде етіп.

Рас, балалары өскен сайын осы ой маза бермеді. Әрине, ай даладағы он үй жатақ үшін ешкім мектеп ашып бермесі анық. Балаларымды оқытып, аудан орталығында отырайын деудің жөнін тағы да таппады. Талайдан бері істеп келе жатқан жұмысы... зейнеткерлікке де уақыты келгенде, заңды түрде осы жұмыстан шыққысы келеді. Бәрінен бұрын от басын асырап отырған осы қара май емес пе? Қалай оны орта жолдан тастап кетпек.

Күз жақындап, сабақ басталады-ау дегенде Қапан мен Зияда қолында отырған жесір жеңгесі Ұлдаймен ақылдасты. Ағасы Қабден қайтыс болған соң жеңгесін Қапан бала-шағасымен қолына алған- ды.

- Ойым онға, ақылым алтыға бөлініп тұр, балаларды қалай оқытамыз?- деді Қапан. Тосын сұрақ емес, оларды да іштей толғандырып жүрген мәселе бұл. Өмірдің өзгергенін, болашақ білімде екенін күн сайынғы тұрмыс-тіршіліктен көріп отырған жоқ па, оған не түсінік керек. Үшеуі бір-біріне қарады. Сосын жеңгесі:

- Ракушада оқытайық, мен балаларды алып сонда тұрайын, -деді. Қапанда мұндай ой болған, тек жеңгесі дүрыс түсінбей ренжітіп аламын ба деп айтпаған. Сол ойының үстінен дөп түскеніне риза болған Қапан:

- Мың жасағыр жеңгем-ай, ойымды өзің айтқаның дұрыс болды-ау. Ертең ренжісең өзіңе ренжі,- деп, күліп алды да, - болды, болды. Әбуғали, Табын, Жамал, өз балаң Әзімғали, Жұпар бар, бәрінің басшысы болып өзің барасың онда. Мен ертеңнен бастап тұратын үй іздеймін,- деді, шын қуанған Қапан.

Кешіктірмей ағылшындар салған барақ үйдің бір басынан бесеуіне екі бөлмелі үй тапты. Қыркүйек те келді, балалар оқуға кірісті, Ұлдай олардыңтамағын әзірлеп, бас-көз болды. Тамақтарын Қапан мен Зияда жеткізіп тұр. «Тамақтарын» деп, көпше түрде бүгінгі үйреншікті әдетпен айтыла береді-ау. Қайдағы көп тамақ, әйтпесе. Тамақ таңдауға жағдай жоқ, жан сақтау ғана бар.

Отызыншы жылғы аштықтың зардабы әлі кетпей, жыл сайын құрғақшылык бола беріп, астық аз шығып, мал басы көбеймей, елдің қиналып тұрған жылдары болатын. Сүт пен шұбатқа қосып, талғажу ететін бидай мен тары табу керек болды Қапанға. Не істеу керек? Базардан сатып әкеле қоятын пұлдың да реті келмей тұр. Үйдегі бидай мен тары бітті. Тығырықтан шығар жолды іздеп, жабырқап жүрген Қапанға бір күні ертесін Зияда:

- Бүгін Гурьевке барып келейікші,- деді.

- Е, онда не бар,-деді таңырқаған Қапан.

- Балардың қамы ғой, ойыма бір нәрсе түсіп отыр. Жиырма шақырым ғой, кешке дейін келеміз, түйелерді көршіге табыстап кетемін, - деді қиылып.

Өмір бойы өзіне әйел ғана емес, ақылшы, адал дос болып, талай-талай жаны қиналған сәтте жалау болып келе жатқан Зиядадан қазбалап ештеме сұрамай-ақ екеуі ертеңіне жолға шығып кетті.Зияда ерін Гурьевтің базар ішіндегі алтын алатын үйге бастап әкелді. Қыз кезінен қолында, ата-анасынан ескерткіш болып келе жатқан күміс жүзіктері мен білеудей білезігін шешіп, алтын мен күміс қабылдап отырған қара мұртты қара еркекке бере берді.

Қапан жұлып алғандай:

- Зияда, өткізбей қоя тұрарсың, ата-анаңның көзі ғой...,-дей беріп еді, Зияда:

- Мен бәрін ойланып істеп тұрмын, Қапан. Күміс жүзік пен білезік болмаса атам мен анамды ұмытып қалады деп тұрсың ба?-деп, Қапанға қарап жылы ғана жымиды да,- ештеңе етпейді, балаларды аш етпейік. Ертең-ақ олар ержетеді, сонда екеуміз күміс емес алтынның астында қаламыз. «Алтын, күміс тас екен, арпа, бидай ас екен!» дегенді білуші ма едің. Жарайды, жарайды, жабырқама, басымыз аман болсын, балалар аман болсын..,-деп сөзінің соңын Қапанға жігер бере сөйледі.

Содан екеуі күміс білезік пен жүзіктердің ақшасына базарға барып сұлы сатып алды. Бидай мен тары алайын десе аз келетін болды, «көп келеді ғой, сұлы алайық» деді екеуі. Қайтсін, от басындағы тоғыз жанның жанын сақтап қалу оңайға түспей тұр. Сұлының жартысынан көбін бір топ баламен отырған жеңгесі Ұлдайға әкеп беріп, көңілдерін бір демдеп, қалғанын үйлеріне алып қайтты. Жолда Қапан өзіне жар, балаларының анасы ғана болып қоймай, ақылшысы, тірегі болғанына риза болып, көңілі толқи:

- Айналайын Зияда, екі дүниеде де мен саған ризамын,- деп, кіп-кішкене жарын құшағына қысқан-ды.

Олардың бұл әрекетінде-бүгінгі тіршілікті ертеңгі тіршілікке жалғап, өмір өзегін үзіп алмау жатыр еді. Қайран тіршілік, қайран мынау жарық дүние, сен осынша неге қымбат болдың екен?!

Бұл оқиға бізге еріксіз Қадыр ақынның өлеңін еске түсіреді:

...Бір кезде

Бір үзім нан алып қалған өмірді.

...Бір үзім нан

Бас иемін ізетпен.

Кешіре гөр,

Бір үзім нан,

Асылым!

Кешіре гөр,



Көрсең бізден асылық!

Кешір мынау тоқ ұрпақ,

Тоқ буынды,

Аяқ асты жатсаң кейде басылып!!!

Кешірім сұрайтын жалғыз ақын Қадыр ғана емес, бүгінгі есепсіз ысырап пен орынсыз астамшылықты көргенде бәріміз де қасиетті нан алдында басымыз жерге тигенше иіліп, кешірім сұрағымыз келеді!

Қасиетті нан, пиғылы жаман, астамшылығы асқан пендеңді кешіре гөр!!!

Иә, содан сол Табын 4 пен 5-ші класты Доссорда, нағашысы Жұмағалидың үйінде жатып оқыды. Бұл 1939-1940-шы жылдар болатын. Нағашысы наубайханада жұмыс істейтін, «бал ұстаған бармағын жалайды» дегендей, ол үйде ашқұрсақ болып көрген жоқ.

Ал, 6 класты Ескенеде оқыды. Бұрғылау бригадасы Ескенеге жақын жерден мұнай қазатын болып, мұнайшылар жатағы да сол жерге көшіп келді. Қапан: «ата-анасын жиі көріп тұрған бала жасқаншақ болмайды, әрі өзіміз де сағына бермейміз» деп, Ескенедегі бір ағайынның үйіне Табынды орналастырып қойды.

Апта сайын үйіне келіп, бауырларымен, ата анасымен қауышып, Табынның да көңілі жайланып қалды.

Қалт-құлт етіп тұрмысын енді ғана аяғына тұрғызып келе жатқан халыққа соғыс келіп килікті. Мұның зардабы алабөтен болды. Бар әрекет, бар жұмыс соғысқа, неміс басқыншыларын жеңуге арналды. Әр шаңырақтан кем дегенде бір адамнан, кейбір үйлерден әкелі, балалы адамдар соғысқа аттанды. Басынан аяғына дейін қаруланып, қайтсек те Кеңес Үкіметін құлатып, өзіміз отарлаймыз деп келген фашистер пиғылы әуелгіде іске аса бастады. Бірден, Украина, Белоруссия, Балтық жағалауы фашистер қолында қалды, шекарада тұрған аз армия оларға төтеп бере алмай, өрімдей-өрімдей жастар сабаудай қырылды. «Қара қағаз» әрбір ауылдың, әрбір от басына келді. Соғыс соңы жесір әйел, жетім бала, зарланған анаға айналды. Кісі басына қара нанды грамдап беретін, «карточка» деген шықты.

Қапан балаларының несібесі болар, әлде тағдыр ма екен, әйтеуір соғысқа бармай, бронмен Үкіметтің өзі қалдырды. Мұнайшылар күнді күнге, таңды таңға ұрып жұмыс жасады, жоспарды асыра орындап, Сталиннің алғыс хатына, Ауыспалы Қызыл Туға талай ие болды. Қапандар тәулігіне 12-13 сағат бұрғышы қолдан түсірмей, мұнай іздеп, сайын даланың ол шеті мен бұл шетін шимайлап, шаршамай кезді.

Міне, осындай қиындықтарды бастан өткере отырып, Зияда екеуі балаларының болашағын бір сәт естен шығармады. Жеті класты бітірген соң Әбуғали Гуревтің Мұнай техникумына түскенін жоғарыда айтқанбыз, енді соны бітіріп алғашқы еңбек жолын «Сағыз» мұнай кәсіпшілігінен бастамақ болып, осында келді. Үй жалдап тұрды. Әбуғали осы жерде Санжан қызбен танысып, отау құрды. Үйленудің хиқаясын, Зияда анасының той жабдығын әкелемін деп тайлақтан «айрылғанын» жоғарыда айтқанбыз, енді ол оқиғаны қайталамаймыз.

Табиғатынан алғыр Әбуғали жұмысты жақсы бастап, өзіне абырой жинай берді. Ауылда бір ауыз орысша білмейтін қазақтың қара домалақ баласы көп оқып, көп ізденудің арқасында сауатты, білімді азаматқа айналды. Мұндайда қазақ: «Талапты ерге нұр жа- уар» демей ме. Шынында да Әбуғалидың талабына қарай нұр жауып, қызметі де өсе бастады. Бауырларына да қарайласты. Табынды «Сағызға» алдырып, 7 класты солардың үйінде тұрып оқыды. Ағасы бірде Табынға:

- Өскен соң кім боласың?-деді. Табын тосын сұраққа тосылып қалды да:

- Білмеймін,-деді.

- Қалай білмейсің, мектепте мамандық туралы сұрамай ма, айтпай ма?-деді. Сосын өзі: инженер, дәрігер, мұғалім, агроном, ұшқыш.... не керек өзі білетін сан мамандық туралы көп әңгіме айтты. «Мектеп бітіргенше үш жылың бар, осы жылдарда кім болатыныңды анықтап ал, мамандық таңдау маңызды, болашағың соған байланысты. Қолыңнан келетін, атқара алтын мамандық таңдасаң қызметте өсесің, жағдайың жаксы болады, - деді Әбуғали бауырына «түсініп тұр ма өзі» дегендей барлай қарап. Ағасының сұрағы шынында да Табынды ойлантып тастады.

Келесі жылы, 8 класты Мақат аудан орталығынан арнайы далада мұнай іздеп жүрген барлаушы, бұрғышылар балаларына арнап Үкіметтің өзі ашқан мектеп-интернатта оқыды. Жатар орны бар, үш мезгілгі тамағы тегін. Көптің ортасында өмір сүріп, балалармен қарым-қатынасқа түсіп, не керек, көпшіл болуды көрсін деді де, алғашқылардың бірі болып Қапан баласын интернатқа берді. Сол 8 класты бітірер жылдың көктемінде төрт жылға созылған Отан соғысы ¥лы Жеңіспен аяқталды.

Әңгіме осы тұсқа келгенде Табын ағадан біз:

- «Аға, Жеңіс күні есіңізде ме ?-дедік.

-Әрине, есімде. Ол күн есіңде қалмаса онда не болғаны,-деді, сәл ренжіңкіреп.

- Онда жақсы, сол күнді әңгімелеп беріңізші. Кейінгі кезде соғыс ардагерлері азайып, Жеңістің құнын білу, сезіну әлсіреп бара жатыр ма қалай?...

- Әлсіретпеу үшін айту керек. Айтпаған соң балалар қайдан білсін.Таяуда телевизордан тілимен мектеп оқушысынан: «Ленин деген кім?» деп сұрады. Оқушы ойланбастан «спортсмен» дейді. Бәріміз күлдік. Бұған күлу емес, жылау керек. Мен Лениннің жеке басын білмеді деп емес, тарихты білмегеніне ренжимін. Ленин болсын, Сталин болсын олар біздің тарихымыз, ондай жеке дара адамдарды оқыту арқылы бала тарихты біледі, қазақ халқының басынан өткен оқиғаларына қанығады... Міне, менің айтпағым...

- Аға, Сіз ¥лы Жеңісті қайда, қалай қарсы алдыңыз... бүгінгі жастар біле жүрсін...

— Айтайын...Негізі Жеңістің жақындап қалғанын радио арқылы күнде есітіп, біліп отырдық. 9 май күні таңертең ерте жоғары класстың бір баласы айғайлап, бөлмелердің есігін қағып: «Тұрыңдар, тұрыңдар, Жеңіс келді!!!» деді. Тағы да әлгі айқайшы бала: «Сендердікі не жатыс, тұрыңдар, Жеңіс келді, бүгін сабақ болмайды!» деді. Сол-ақ екен орнымыздан атып-атып тұрдық, «уралап», бір-бірімізді құшақтап, құттықтап жатырмыз. «Құтықтауларымыз» Жеңіс үшін бе, әлде болмайтын сабақ үшін бе, өзіміз де түсінбейміз. Шіркін, балалық-ай, десеңізші.

Содан Мақат поселкасының тұрғындары тапқан-таянғандарын алып, ауыл шетіндегі жазыққа шығып, «барымен-базар» жасап, Жеңісті тойлады. Бар адам жылап жүр. Біреу қуаныштан жыласа, енді біреулері майданнан «қара қағаз» алып, бүл күнге жете алмаған боздақтарын жоқтап жылауда екен ғой. Бала біз оның бірін түсінсек, бірін түсінбедік.

Әлі есімде кимешек киген үлкен бір ақ кемпір арба үстінде отырып: «Айналайындар, ақ түйенің қарны жарылды, фашесті жеңдік... келіңдер, алыңдар, ішіңдер!» деп, дүйім елге шұбат беріп, құрт таратты. Арбаның артына жармасып қалмаймыз, біз де.

Бір кезде аудан басшылары жиналған халықтың алдына шығып сөз сөйледі. Көп сөйледі. Есімде жоқ қазір не айтқандары. Бірақ, біз үшін қызық түстен кейін басталды. Көкпар болды. Қазір ойлап қарасам, көкпар тартып жүрген, күн-түн колхоздың жұмысына жегілген, жүдеп-жадаған аттар екен ғой.

Сосын палуандар күресі болды. Бұл да қызык болды. Елдің көңілі аспанда шалқып, шамалыға күліп, шамалыға жылап жатты.

Тағы да соғыс жылдарынан есімде қалғаны мынау: «Сағыз» мұнай кәсіпшлігі өз мұнайшыларынаЖайық өзенінің арғы бетінен картоп, пияз, сәбіз, қияр, помидор еккен ғой, бізді, оқушыларды жаз айларында соған алып барып, жұмысқа салатын. Арам шөбін жұламыз, суғарамыз. Бала емеспіз бе шаршау дегенді білмейміз, Жайыққа суға түсеміз, балық аулаймыз. Біз үшін қызық бір шақ болатын.

Соғыс жылдары, тамақтың тапшы кезі. Біздің өсірген өнімдеріміз мұнайшыларға көп көмек болды. Ал, бізге жұмыс істеген күндерімізге ақша төледі.

Кеңестік кезеңде мектеп оқушыларын жиналмай жатқан картоп, сәбіз, мақта, қауын-қарбызға жауып жіберетін. Қазір ол жоқ. Бір жағынан ойлаймын сол керек па деп, баланы еңбекке баулу деген осы шығар. Көшеде сандалып бос жүргеннен көрі...

Бірде қыстың күні үлкен қоймаға апарды. Іші толған капуста, картошка, памидор. Бізге вагонмен жеткенше үсіп қалыпты. Соны сорттау керек деді бізді бастап апарған мұгаліміміз. Үсігенін далаға тастадық, дұрысын тұздадық. Кейде суықтан қолымыз қатып қалады, бәрібір жұмыс істей береміз. Соғыс кезі, сылтау айтуға ұяламыз.

Бүгінгі балалар ондай қиындықты көрген жоқ, көрмей —ақ қойсын. Тек ата мен анасының жасап жатқан қамқорлығын түсініп, білімге, ғылымға, жақсы бір мамандықтың иесі болуға ұмтылса деймін дағы...»-деп, Табын аға балалық шаққа біраз «саяхат» жасап барып, сөзінің аяғын тілекпен бітірді...

Қапан келесі жылы осындай интернат өзінің жатағына жақын Доссордан ашылды да Табынды соған ауыстырды. Ол қалған 9 бен 10-шы классты осында аяқтады.

Қарап отырсаңыз Табынның мектептен білім алуы да қиыр-қиыр, шиыр-шиыр. Бұның бәрі шаңырақ иесі әкесі Қапанның бір жерде тұрақтамай, дала кезіп, мұнай іздеп жүретін жұмысына байланысты еді. Он үй жатаққа кім мектеп ашып бере қойсын, сосын ғой қай жерде мектеп бар, Табынды үйіне тұрғыза қоятын ағайын-туманың ретіне қарай, сонда оқыта берген. Не керек, ақыры дұрыс болып, орта білім аттестатын қолына да алды.

Бұл кезде Табын «Кім боламын?» деген сауалға жауап тауып қойған-ды. Атасы Оржан бастаған, әкесі жалғастырып жүрген, ағасы Әбуғали таңдаған «мұнайшы» болуды ұйғарды. Оған от басындағылар қуанбаса ренжіген жоқ. Мұнайшы болудан бұл әулет жаман болған жоқ, тіршіліктің көшінен қалмай, өмірлерін алға, ұрпақтарын «жолға» салды. Басын «жұмысшылықтан» бастаған әулет енді мұнайдың инженері, геологі деген мамандықтарды игеріп жатыр, бұл жетістік, жеңіс емес пе?

Сөйтіп, өмір табалдырығына енді аттағалы тұрған Табынға тағдыр тамаша сыйын тартты. Ол сыйды сыйлаған Қазақстан Үкіметі. Согыстың жүріп жатқанына қарамай, жеңістің болатынына сенген ел басшылары қазақ жастарын көтеру мақсатында әрбір облыстан жақсы оқитын балаларды Мәскеуге жолдамамен оқуға жіберді. Сол жолдаманың бірі мектепті жақсы бітірген, әсіресе, математика, физика, химия пәндерін үздік оқыған Табынға бұйырды. Қапан мен Зияданың қуанышында шек болмады. Әбуғалиды ойлап мұңайып жүрген көңілдері бір көтеріліп, шалқып қалды. Әсіресе, Қапан өзінің сонау бір жылдарда: «Қайтсем де балаларымды оқытамын!» деген арманының біртіндеп орындалып келе жатқанына қуанды.

Біртіндеп Мәскеуге жүретін күн де жақындады. Төрт-бес күн жүріп зорға жететін Мәскеуге. Алғашқы сәтте анасы Зияда қуанғанмен жүрерге жақындаған сайын қобалжып, ақырында уайымдай бастады. Бір күні Қапанға:

- ¥заққа жібермей-ақ өзімізде, Гурьевте оқи берсе қайтеді. Өзі орысша да білмейді, қайтіп оқып, қалай күн көреді, бір нәрсеге ұрынып қалмай ма..,-деп, ішкі уайымын білдірді.

- Зияда, баланың бетінен қақпайық,Табынның талабына тосқауыл болмайық, бір жаратушы жар болсын делік. Үйде, мәпелеп өсіріп отырған Әбуғалиымыз не болды? Сондықтан, амандығын бір құдайдан тілеп, «жол болсын» айтайық балаға. Уайымдама, Табын ақымақ емес, есі бар бала, әлі ақ көресің ол Мәскеудің институтын бітіріп, дөкей бастық болады..,-деп сөзінің аяғын қалжыңға айналдырып жіберді.

Осыдан кейін Зияда басқа әңгіменің бәрі бекер екенін түсінді де, баласын жолға дайындады. Бар уайымы аш қалмаса екен деу. Қалашты кептіріп, үгітіп, нан талқан жасады, оны бір қалтаға салды, үш литрлік банкіге қорытылған сары май құйды. Гурьевтің базарынан сол кездің модасы-төрт бұрышты, жұқа фанерден жасаған үлкен чемодан сатып алды. Зияда баласының киім -кешегінен бастап, тамағын да, кітаптарын да соған сыйғызды. Жолға дайындалып, бірін-бірі қимай жүргенде облыстан баратын он баланың сегізі кетіп қалыпты. Топ баладан қалып қойғанына ата мен анасы тағы да уайымдап қалды. Сол топтан қалып қойған Түсіпқалиев Аманжанды кезіктірді, екеуі Қошқардан Мақатқа келіп, пойызға отырып, «Мәскеу қайдасың!» деп, тартты.

Олар да басқа ортаға түсуден қорқу емес, қуану басым. Еш нәрседен қаймығатын түрі жоқ. Зияда: «бір ауыз орысша білмейсіңдер, қайтып жол тауып барасыңдар?» десе, Табын: «Мама, сұрай-сұрай Мекені де тапқан бабаларымыз. Оған қарағанда Мәскеу жақын, әрі қарнымыз ашып бара жатса: «дай хлеб» дейтін орысшамыз бар, неден қорқамыз. Бәрі жақсы болады...» деп, жартылай қалжың, жартылай шынын айтып, анасын күлдіріп, жұбатқан. Баласының бұл сөзі Зияданы ойландырып: «жігіт болып қалыпты-ау, өзі» деген-ді. Азын-аулақ ақшасын беріп, чемоданын қолына ұстатып әкесі мен анасы, үлкен апасы Жамал шығарып салды.

Олар пойызда еш қорлық көрген жоқ, талқаны мен майдың шетінен кертіп жеп, ел көріп, жер көріп Мәскеуге де жетті. Вокзалдың жүк сақтау бөлмесіне апарып чемодандарын өткізіп, сыртқа шықты. Автобус аялдамасына келді. Ағылған халық, жосылған жұрт.Екеуі жан-жағына қарағыштап, таң қалып тұр. Аңтарылған Аманжан:

- Табын, біз ғой Мәскеуге оқуға түсу үшін келдік, ал, мыналардікі не жосылыс,-деді, қалжың айтып. Табын:

- Бұлар да оқуға келген шығар,- деді.

- Мына шалы мен кемпірі де оқуға келген бе?-деді, іркесіп-тіркесіп кетіп бара жатқан екі қартты нұсқап.

- Жоқ, олар оқуға түскен баласына келе жатыр да,-деді,Табын қуақыланып. Жан-жағына жалт-жалт қарап, аңтарылып тұрған екеуіне орыстың орта жастағы әйелі қастарына келіп:

- Сынки, куда вам надо?- деді. Өздеріне көмектескісі келіп тұрғанын сезе қалған Табын қалтасынан қағазға жазылған адресті алып, көрсетті. -Нөмірі қырық екінші автобусқа отырсаңдар тура Мұнай институтының алдына апарады,-деді. Орысшалап тағы да біраз нәрсе айтты, бірақ олар оған түсінген де жоқ, әйтеуір, екеуі қосардана білетін «спасиболарын» айтып, келе қалған қырық екінші автобусқа жүгіріп барып мінді. Адам көп, қысылысып-қымтырылыса барып, әрең кірді автобусқа.

Соғыстан кейінгі жылдар ғой, адамдар «тәубасын» әлі ұмытпаған, бір-біріне деген мейірмандықтарын жоғалтпаған кез ғой. Басқа жақтан келген балалар екенін көріп, көмектескен сол әйел Табын мен Аманжан есінде мәңгіге қалып қойды. Оның үстіне бұл Мәскеуге келгендегі алғашқы сөйлескен, «танысқан» адамы еді. Әдемі әсер, жақсы сурет, бәрі де.

Не керек, екеуі кешкі алтыға он бес минут қалғанда институттың «Қабылдау комиссиясына» келіп кірді.Онда да бұларды жатырқамай, көшпенді елдің ұрпағы қайдан жүр мұнда көшіп демей, құшақ жая карсы алмағанмен жылы қабақпен қабылдады. Жөн -жосықты түсіндірді. Бұлар оның бірін түсініп, бірін ұғып тұрған жоқ. Ыржиып, бастарын шұлғи берді. Бастық болуы керек, қырықтардағы ұзын бойлы, сары жігіт:

- Документтеріңді жексенбіден кейін, дүйсенбіде қабылдаймыз. Қазір жұмыс уақыты бітті,- деді орысшалап. Екеуі үрпиіп қалды да:

- Где спать,-деді, Аманжан шошып, білетін аз орысшасының бірін пайдаланып. ¥зын сары түсінді де төртінші курстың студенті, жазда қабылдау комиссиясында жұмыс істеп жүрген Андрейге оларды табыстады:

- Бесінші жатаққанаға апарып орналастыр, жуынып-шайындырыңдар..,-деп, тағы да біраз нәрселерді зырылдап айтып тастады. Табын мен Аманжан оларға қарап ыржиады, олар бұларға қарап күледі. Қызық кездесу, әйтеуір бір.

Бұларды бастап Андрей бесінші жатақханаға әкелді. Арасы соншалықты ұзақ емес, үш аялдамадай ғана екен, тез жетіп қалды. Жол бойы екеуі қаланы қызықтаумен болды. «Немістер Мәскеу түбіне келіп қайтты дейді, бірақ қала қирамаған екен» деп, ішінен Табын ойлап қойды.

Жатақхана іші у да шу. Біреуі кіріп жатыр, екіншісі шығып барады далаға. Кезекшінің қасында «қызыл бұрыш» бар екен, сонда біраз студент дабырлап отыр.. Адам түсінің ағы да, қап-қарасы да, сарысы да осында. Қараса, бәрі де өздері секілді басқа рес- публикалардан келген абитуринттер екен. Алексей оларды бастап жүріп орналастырды.

Ертеңіне ауылдағы әдет бойынша ерте тұрып алған Табын:

-Ақшамызды жұмсай бермей, чемодандағы тамағымызды жейік, вокзалға барайық, чемоданды әкелейік-деді, Аманжанға.

Сәл де болса жолды түсініп қалды. Бір автобуспен барып, сол автобуспен чемодандарын алып қайтты. Жатақханаға жақындай бергенде алдарынан Өтесінов Рахмет пен Халел Өзбекқалиев шықты. Жат жерде бір-бірін кезіктіргеніне қуанып, шұрқырасып, табысты. Баяғы ерте кеткен сегіз баланың бәрі осы жатақханада екен.

Содан бәрі Табындар бөлмесіне жнналып, сары майды талқанға шылап жеп, ауылды еске алып, мәз-майрам болды да қалды. Бұдан кейін-ақ, тура Мәскеуде туып-өскендей еркінсіп, өз-өзіне деген сенімділік пайда болды. Адамның ішкі әлемі де бір күрделі дүние-ау. Қарашы, жерлестер мен қандастар болып, бір- біріне арқа сүйей қалғанын. Енді олар еш нәрседен де тайсалып, қорқайын деп тұрған жоқ. Емтихан тапсыратын күні бірін-бірі са- рыла күтіп, тілеу тілеп, жақсы баға алса оны жуып, шәпкілерін біргe аспанға атып, жастық деген дәуреннің бар қызығын бастарынан өткеріп жатты. «Өмір» дастандарының алтын беттері қатталып, өшпестей болып жазылып жатқанын олар ол кезде сезген жоқ. Оны олар кейіннен, ұлғайған кезде «сана» деген дәптердің бетін «парақтап» жатып тауып алды. Кездесе қалса қау-қауласып, студенттік күндерден есте қалғандарын жамырай, жапырлай айтып, бір дуылдасып, дүркіресіп қалатын...

Содан Табын мен Аманжан күткен дүйсенбі де келді, документтерін де өткізді. Екеуі бір күні ертелеу тұрып, «Қызыл алаңға» келді. Бәрін аралады, көрді. Мәскеудің қалған жерлерін оқуға түсіп алайық, сосын көру қашпас деп, келер күндерге аманат етті де, сабаққа, емтихан әзірлігіне отырды.

Емтихан басталды. Табын алғашқы емтиханды математикадан тапсырды. Жақсы болғанда математикада сөз аз: алу, қосу, түбір асты... дегендер болмаса, басқа орысша керек емес.Ал, Табын мектепте де математикадан алдына жан салмайтын, мұнда да берілген есепті тарсылдатып, берілген уақытта шығарып тастады. Төрт алды. Химия, геометрия сабағынан да төрт алды. Қинап тұрған орыс тілінде шығарма жазу болып тұр. Табын емтихан жақындаған сайын қобалжып, не істерін білмеді. Ол анық-өздігінен орыс тілінде шығарма жаза алмасы. Бітіргені қазақ мектебі, енді бірден қалай шығарма жаза қойсын. Дәл осы тұста орыс тілін білмегеніне, орысша мектепте оқымағанына алғаш қатты өкінді. Іштей: «Шіркін осыдан түсіп кетсем, күні-түні сабақ оқып, орысшаны үйреніп алар едім» деп, түйілді.

Сөйтіп жүргенде балалар дайын жазылған біраз шығарма тауып әкелді. Жатпай тұрмай соны оқып, емтиханға кіргенде алып кірді. Аудиторияның соңғы жағына барып жайғасып, тақырыпты күтті. Бұл да біраз Табынның жүйкесін жұқартты. Қуанып кетті, қолында бар бір шығарма келді. Уақытты жібермей соны бірден көшіре бастады. «Жолдамамен» басқа республикадан келген балалар екенін түсініп, қолдау көрсеткендері болар аса оқытушылар да «тәртіп» деп тықақтай бермеді.

Қысқасы, бұдан да Табын төрт алды. Сөйтіп, қазақ даласының сонау-сонау шалғайынан келген, ата-бабасы көшпенді болған ұрпақтың бір баласы атағы әлемге әйгілі Мәскеудің Мұнай институтына оқуға түсті. Орысша мектеп бітіріп, орыс тілін суша ағызып жүргендер «екі» алып, ауылға қайтып жатқанда ол айды аспанға бір-ақ шығарып, кешікпей студент-Оржанов Табын атанды, №1-ші группаға бөлінді, студенттік зачет кітапшасын алды.

Ауылға, «Қошқар» кәсіпшілігіндегі әкесінің атына әуелі телеграмма салды, сосын отыра қалып, болган жайды айтып хат жазды. Телеграмма алған Қапан мен Зияданың қуанышында шек боламады. «Қапанның баласы Мәскеуге окуға түсіпті» деген сөз ауылдан асып, Атыраудағы бар ағайын-тумаға жайылды. Сол күні ақ бір қойын сойып, баласының жолына құрбан етті. Ағасы Әбуғали мен апасы Жамал, кіші інісі Сәлімгерей бірінен кейін бірі Мәскеуге хат жазғыш болып алды. Қуану, шаттану деген де бір адамға берген жаратушының сыйы-ау! Бір сәтте Қапан әулетінің жүздері жайнап, көңілдері гүл атып кетті.

Табындарға сабақ та басталды. Несін айтасыз, небір академпк-профессорлар сырбаз келіп, қолдарындагы портфелдерін ашып, одан лецияларын алып шығып, көзіндегі көзілдіріктің астынан алдындағы шүрегей студенттерге бір қарап сөз бастаған кезде Табын тура сиқыршының алдында отырғандай, көзін алмай қатып қалатын. Олардың бәрі білім мен ғылымның қазынасындай, абыз көрінетін. Іштей «шіркін!» деп қоятын. Ол не «шіркін!» өзі де түсінбейтін.

Қызық мынада болды. Ол профессорлар небір ғаламаттарды айтуын айтып жатыр-ау, егер түсінетін Табын болса. Орысша білмей келіп оқуға түсті. Лекцияны ілесіп жаза да алмай қалады. Әбден әбігерге түсіп, қиналды. Бірақ өзіне берген: «Осыдан түсіп кетсем орысша үйренер едім, жақсы окыр едім» деген уәдесі бар болатын. Соны орындауы керек. Әйтпесе, өтірік-өзіңді өзің алдаудан басталады. Өзімді алдайтын болсам Мәскеуге неге келдім, ауылда да оқуға болушы еді ғой. Жоқ, қалайда-қалай орысша үйренемін!»

Табынның жадында алғашқы лекция оқыған ақ басты, орта бойлы, домалақ денелі, алпыстан асқан ер профессор қалып қойған. Ол бірден үздық-создық отырмай, ұлғайған адамға ұқсамайтын ширақтықпен лекциясын бастады:

-Балалар, «мұнай» дегеніміз не өзі деді? -Үнсіздік, әлі үнсіздік. Профессор балаларға қарап қайсысы не айтар екен деп асықпай күтіп тұр. Бір кезде орта тұстан бір бала профессордың шүйлігіп тұрып алғанын ұнатпаған сыңайда, даусына қалжыңның ырғағын қосып: «Мұнай Әзірбайжандағы, атқылап жатқан қара май» деді. Отырғандар бұған ду күлді. Жас адамға күлу үшін көп нәрсе керек емес қой, тура бір алдарына клоуын шыққандай шуласып, дуылдасып кетті. Аудитория іші бір сәтке арқа-жарқа болып қалды. Кім білсін талай жыл ұстаздық етіп келе жатқан адамның жаңа студенттермен танысу тәсілі шығар. Әлде шынымен «не айтар екен?» деген тану әдісі болар, әйтеуір аудитория іші алғашқы тосырқап, тосырайып отырғанынан бір сәтке айрылып, еркіндікке көшті. Жастарға қарап жымиып тұрған профессор:

- Дұрыс, Әзірбайжанда мұнайдың мол қоры бар, бірақ бұған біраз ғалымдар сенбейді. Ғалымдар сөзіне сүйеніп алған біраз өндіріс орындары Баку мен Грозный мұнайында «кему теориясын» айта береді. Ал, бұл пікірге кезінде Губкин қарсы болып, ол өз дәлелін ұсынды. Ақырында оның дұрыстығын Әзірбайжаннан табылған мол мұнай қоры дәлелдеп берді. Бұрын, Абих, Паллас, Андрусовтартар балшықты вулканизміннің жұмбақ сырын аша алмады, ондай жерлерде жеткілікті мұнай иірімі болмайды деді. Ал, Губкин болса конус құрылысы бар вулкан аймағында мұнай барлығын дәлелдеді. Әжірбайжанда Лок-Ботан, Шонгарада мол мұнай кендері барын айтып, оны да дәлелдеді. Және мұндай кен орындарының Румыния, Индия, Америка , Малай жерінде болуын да айтты. Бұл, яғни, мұнай иірімдерінің балшықты вулкандармен байланыстығын ашқаны, Губкиннің мұнай ғылым саласындағы аса бір жетістігі еді.

Екінші, Губкиннің мұнай геологиясына енгізген тағы бір жаңалығы мұнайдың миграциялық теориясы. Көп ғалымдар, әсіресе, ғалым К.П.Калицкий «мұнай көшіп жүреді» деген тұжырымға сенбеді, сенбеген соң бұл тұжырымды мойындамады. Бұны қоштайтын ғалымдар да аз болған жоқ. Ал, Губкин мұнай тектоникалық күшпен қозғалып жаңа шөгіндіге келіп иірім жасайтынын дәлелдеді. Және де мұнайдың бірінші пайда болған жерінде де болатыннын дәлелдеді. Сен айтып отырған Әзірбайжан мұнай иірімдері екінші ретте пайда болған, миграциялап келген мұнай қорлары деді Губкин. Сол ақ екен арт жақта отырған бір бала:

- Ол Қазақстаннан «көшіп кеткен» мұнай ғой, Каспидің астыменен, -деді, қуақыланып.

- Сөзіңнің жаны бар, кім біледі бізден бұрынғы миллиондаған жылдар да ол аймақта тектоникалық күштер болған шығар...

- Болды, болды. Ол анық, Маңғыстаудағы Үстірттің өзі соны айтып тұрған жоөқ па?!-деді, әлгі бала. Қалжың айтып тұрмын дегенмен де сөзінің жаны бар еді.

- Сен Қазақстаннан келдің бе ?-деді профессор.

- Ия. Мұнайдың бәрі Маңғыстауда, геологтар табамыз деп дала кезіп жатыр. Мен Маңғыстаулықпын,-деді. Сөзінде аса бір мақтаныш екпіні бар.

- Әңгімені дұрыс бастадың, Қазақстан ашылмай жатқан алтын қор. Губкиннің атақты «Еділ-Каспий бассейнінің мұнайы» деген еңбегінде мұнайды тұз штогінің түріне қарпа іздеуді, тек орта юра шөгіндісінен іздеп қоймай басқа шөгінділерге көңіл бөлуді ұсынды. Ол Ембінің болашағы, әлемді аузына қарататын кезі алда деп айтты. Ол 1934 жылы мұнай алуда тірек (опорный) қою арқылы ұңғыны бұрғылауды ұсынды. Бірақ, сол кезде оған аса мән берілмеді...

Алдыңғы қатарда отырған бір бала қолын көтерді. Профессор айта ғой дегендей ишара білдірді. Ол орнынан тұрып:

- Егер мүмкін болса Губкиннің өзі туралы айтыңызшы, институтымыздың аты сол адамның атында... білгіміз келеді,-деді, сұрақты орынды қойдым ба дегендей жан-жағына қарап.

- Дұрыс, орынды сұрақ. Губкин туралы ұзак-ұзақ айтуға болады, әлі айтылады да. Мен тек шолу жасап кетейін, бәрібір кейін сендер оның тапқан жаңалықтары мен мұнай өндірудегі амал-тәсілдері, теориялары туралы кеңінен оқитын боласыңдар.

Иван Михайлович Губкин мұнай геологиясының қай саласына да ғылыми тұрғыдан зерттеулер жүргізіп, өзінің озық ойларын айтып отырған. Кеңес Үкіметінде ол қатыспаған, зерттемеген бірде- бір мұнай кәсіпшілігі жоқ деуге болады. Еділ, Ембі бойы, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Дағыстан, Грузия, Ухта және көптеген аймақтардағы мұнай геология жұмыстарының басында жүрді. Ал, бүгінгі табылып жатқан Сібірдегі мұнайдың мол қорын сол Губкин болжап кеткен болатын. Әзербайжан республикасын көлденеңі мен ұзындығын түгел кезіп мұнайдың мол қорын тапқан және болжаған бірінші адам.

Қызық болғанда Губкин Санк-Петербургтің тау-кен институтын 39 жасында бітіреді. Осыдан кейін геология жұмысына бел шешіп кірісіп, небір жаңалықтар ашты. Мысалы, 1910 жылы Май-коптан дүние жүзін таңқалдырған, біреулерді қызықтырған мұнай бұрқағы атқылады. Қоры көп деп ойлаған Майкоп мұнайы төрт жылдан кейін құр түсіп кетті. Ғалымдар мен мұнайшылар оның құпиясын түсінбей, әркім әр түрлі болжам айтты. Ал, құпияның сырын ашқан ғалым Губкин болды. Сөйтсе, олар ежелден Майкоп теңізіне құятын ескі өзендердің арналарына орналасқан мұнай қорының өз заңдылығы барын, иірімдерге түсіп, көшіп кететінін ешкім аша алмаған. Оны түсіндіріп, ашқан Губкин ғана болды. Бұл оның 40-қа жаңа ғана келген жас ғалымның жеткен үлкен жетістігі болды. Осыдан кейін-ақ, оның абыройы асқақатап кетті десе де болады.

Жас мемлекеттің үлкен экономикасын көтеру үшін, «Кеңес Одағын электірлендіруден» кейін, мұнай өндірісін дамыту екенін түсінген революция қолбасшысы Ленин мұнай өндірісін бақылауды өз қолына алды. Осындай сын сәттерде, қиын кезеңдерде ол «көсем» Лениннің мұнай жөніндегі кеңесшісі болды. Тау-кен Академиясының қажеттігін Ленинге түсіндіріп, оның 1918 жылы ұйымдасуына ат салысты. Сол Академиядан 1930 жылы Мұнай институты бөлініп шықты. Алғашқы директоры оның өзі болып, өмірінің соңына дейін осы қызметті бұлжытпай атқарды. Бұл оқу орнын Губкиннің өзі алғашқы кірпішінен бастап қалап, ұйымдастырған. Және оның ұсынысы бойынша Баку мен Грозныйдан, басқа да қалалардан Мұнай техникумдары мен жоғары оқу орындары ашылды. Соның арқасында бұрын жетіспей жататын геолог, геофизик, мұнай инженері ...мамандықтары көбейді.

Екі ғасыр бойы орыс және шет ел ғалымдары аша алмай келе жатқан Курскі магниттік аномалиясының сырын Губкин ашты. Магниттік аномалия жер асты рудалы кварцит және темір рудасымен байланыстылығы ғылыми жолмен дәлелденді. Совет Одағы содан кейін темір қорынан жер жүзінде бірінші орынға бір-ақ шықты.

Мұнай иірімдерінің конусты құрылысы бар балшықты вулкандар аймағында мұнайдың болатынын, мұнай тектоникалық күшпен қозғалып жаңа шөгіндіге келіп иірім жасайтынын дәлелдеп шықты.

Осындай және басқа да көптеген ғылыми жаңалықтары үшін 1929 жылы Ғылым Академиясының академигі, 1936 жылдан бастап Кеңес Одағы Ғылым Академиясының вице-президенті болды. Артында көптеген ғылыми еңбектері қалды. Оның ғылыми зерт- теу жұмыстарының нәтижесінен туған «Кеңес Одағының мұнай кендері», «Шет елдердегі мұнай кендері», «Мұнай туралы ілім» кітаптары баға жетпес құнды дүниелер. Алдағы курстарда бұл еңбектер сізерге қажет болады, кітаптарын сатып алсаңыздар өте орынды.,,-деп барып тоқтады. Өкінішке орай Табын профессор сөзінің бірін ұқса, көбін ұқпады. Қасында отырған қазақстандық бір бала ара-арасында түсіндіріп отырды. Бұл Табынның намысын одан сайын жаныды. «Қайтсем де орыс тілін үйренемін!». Осы кезде үзіліс те болып калған-ды.

Дуылдап отырған студенттер Губкин туралы айтқан кезде тып-тыныш бола қалды. Бәрінің көкейінде біліп алайықшы, тегіннен тегін институт атын бермейді ғой деген ой тұрды. Тыңдай келе шынында да Иван Михайловичтің айтарлықтай оқымысты, білімді, ғалым болғанынан хабардар болды. Мәліметтер балалар қиялын қияға бастап, мен де талай мұнай кен орындарын ашамын деген арман көбінің көкейінде атойлап-ақ қалған-ды.

Міне, басы осылай басталған студенттік өмір жалғаса берді..

Басқалардан гөрі институтта оқу Табынға ауырлау тиді. Ол сабақтан келісімен орыс балалардан лекцияларын сұрап алып, түннің бір уағына дейін көшретін. Кешікпей семинарлар басталды. Түкке түсініп тұрмаса да қойылатын сұрақтың жауабын жаттап алатын. Осы әрекетінен ол алты ай талмай, айнымай, шаршадым демей қайталады, қысқы сессия да келді. Бейнеттің зейнетін емтихан кезінде көрді. Тіптен соның арқасында үш сабақты беске тапсырды, төртіншісінен де бес алғалы тұрған-ды, бәрі де ойламаған жерден өзгеріп кетті.

"Табындар тарихтан емтихан тапсырып жатқан аудиторияға Мұнай факультетінің деканы кірді де, жауап беріп отырған Табынға қарама-қарсы отыра кетті. Бұл әсер етпей қоймады, қобалжып, жауабы бірден қожырады. Зачетканы алып, баға қойғалы жатқан профессорға:

- Қанша қойғалы жатырсыз?-деді.

- Әрине, бес. Бір лекциямнан қалған емес, тәртіпті бала. Жауабы да жақсы,-деді, жасы елулерден асқан, толықша келген профессор.

- Бағаны тәртіпке емес, білімге қойуыңыз керек шығар, төрт те жетпей ме? - деді, орысшасына қанағаттанбады ма қайдам, әйтеуір Табынға бесті артық көріп. Сол-ақ екен профессор шамданып:

- Баланы бағалайтын мен ғой. Сіздің араласуыңызды түсінбедім, - деді қызарақтап. Декан сабырлы қалыпта:

- Мен, тек әділ болсын дегенім да, бала толық төртке жауап беріп тұр ғой. Оржанов мықты, оны мақтау керек, бір ауыз орысша білмей келіп үш сабағын беске тапсырып отыр. Бір сабақтан төрт алса да аздық етпейді, - деді, тура сыбаға үлестіріп тұрғандай. «Қай жеңгенің менікі» дегендей, екеуіне жалт-жалт қарап Табын отыр. Осыдан кейін профессор бір сөз айтқан жоқ, Табынның зачеткасына «төртті» қойды да, қолына берді.

Табынға бес алмағаны емес екі профессордың өзі үшін сөз сайыстырып қалғаны қызық көрінді. Ол өзі төрттік бағаны қанағат етіп отырған. Отыз жыл ұстаздық еткен профессор кімнің-кім екенін танып, талғауға шамасы жететін. Ол бір ауыз орысша білмей келген баланың жарты жыл ішінде жеткен жетістігіне риза болып, бес қоюды ұйғарып еді. Оны декан түсінбеді, түсіндірмей тұрған «айттым бітті, кестім үзілді» деген бастықтық пиғыл.

Мұның қызығы тағы да жалғасты. Емтихандар бітіп, каникул басталғалы тұрған. Бір күні группаның старостасы «Оржанов сені деканатқа шақырады» деді. Барды. Бяғы декен күлімсірей қарсы алып

- Оржанов өткендегіге ренжіп калдың ба?-деді.

- Жоқ,-деді Табын да жымиып.

- Алда сені талай «бестіктер» күтіп тұр, тек осы бетіңнен тайма. Каникулда үйіңе барасың ба?-деді.

- Жок, барып, қайтуға күн аз, сабақтан қалып қоямын,-деді.

- Дұрыс, онда біз саған факультет атынан «Одинцова» демалыс үйіне жолдама береміз, барып демалып кел,-деді. Үлкен денелі, кара түсті осы декан қашанда да Табынға сұсты, қатал мінезді көрінетін. Бір түрлі, үнемі қабағы салыңқы жүреді, онысы адамды сескендіріп, жолатпай тұратын. Бүгін мүлдем басқаша, одан асқан мейірбан, қарапайым адам жоқ сияқты. Табынның қуанышында шек болмады. Сабақ оқудан шаршағаны да рас. Және анадай, кілең Мәскеудің мықтылары демалатын жерге барып дем алу, шынында да жолы болғандық еді.

Бірақ, қысқы семестірден кейін ауылдан бірге келіп, бір бөлмеде жатқан досы Түсіпқалиев Аманжанның жолы болмады. Қыс жақындаған сайын неге екені белгісіз ауыра берді. Денсаулығы болмаған соң емтихандарын әрең тапсырды десе де болады. Даланың аңқылдаған құрғақ ауасына үйренген олар, шынында да алғашкы кезде Мәскеудің дымқыл ауасынан ауырғыш, суық тигіш болды. Ақыры болмады, Аманжан кәдімгідей қатты ауырып қалды, бұлай сабақты алып жүре аламасын білген ол денсаулығына байланысты бір жылға демалыс алып ауылға қайтып кетті.

Екінші семестрден кейін Табынның бөлмесіне, Аманжанның орнына Айтжанов Нариман келді. Ол да бір жыл бұрын денсаулығына байланысты демалыс алып, екінші семестірге қайыра келген беті. Атыраулық екен, олар бірден шүйркелесіп кетті. Екеуі қайда барса да, келсе де бірге жүрді, бірге тұрды, жұптары жазылмады. Бірін-бірі жарты сөзден түсінетін жолдас болды, оның соңы ұлы достфққа ұласты. Нариманның бойы Табыннан биік болатын, екеуі бірі ұзын, бірі қысқа болып келе жатқанда басқалар күле қарайтын. Олармен бір группада Атшыбаев Әбу, ал, төртінші группада Асылханов Сәлімжан, Өзбекқалиев Халел оқыды.

Нариман өте ширақ, алғыр, идея деген шашылып-төгіліп жататын, жанып тұрған жас. Өзі әдемі киініп, әдемі жүретін сері жігіт еді. Өмірде бір жазылмаған заңдылық бар- ортада осындай Нариман сияқты бір адам болса басқалар өзі соған қарап бой түзеп алады. Нариманға қарап жас Табын да талай әдемілікке үйренді. Бір күні Нариман:

- Табын, қарап отырсам біздер, әр институтта оқитын бес жүзден асатын қазақстандықтар бар екенбіз, неге солардың басын қосатын ұйым құрмаймыз, бірлесіп неше түрлі ойын-сауықтар өткізбейміз? Әрі басқа институттарда оқитын жерлес студенттермен танысамыз...Қызық емес пе?-деді.

-Мынауың жақсы идея екен, Нариман. Ұйымдастырайық, мен қуана, қуана құптаймын және көмектесемін. Қожанияз, Қамысбай, Нығмет бар, бәрі де қоштайды бұл істі,-деп Табын шын қуанып кетті. Өзі елді сағынып жүрген, жерлестерін көруге құмартып-ақ қалды.

Олар бұл ойларын әуелі группалас, курстас қазақстандықтарға айтты. Қарсы болған ешкім жоқ, бәрі құптады. Қызық іздеп, ән мен би іздеп құлшынып тұратын жастық шақ емес пе? Сабақтан бос кезде бас қосып, қазақстандықтар болып концерт қоюға әзірленді. Олар: Әуелбеков Еркін, Мырзағалиев Қамысбай, Өтесінов Рахмет, Fабдуллин Хамит, Нұржанов Сағидолла, Айтжанов Нариман, Оржанов Табын, Лиманов Есенғали, Букетова Гүлжан, Тұяқбаев Нығымет, Дарбасов Сайын, Жабағина Алма, Жұбанова Ғазиза, Ахметова Алма, Байқадамова Сауле...

Концерттің көркемдік жағын Тілендиев Нұрғиса басқарады. Бас әнші Байқадамова Сауле, ал, концертмейстр Жұбанова Ғазиза болды. Бұл үшеуі де ол кезде Мәскеу консерваториясында аспирантурада оқып жүрген, кейіннен Қазақстан өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан нағыз майталмандар болып шықты. Нұрғиса: « Жан саулем», «Әкеме», «Елім менің», «Кұстар қайтып барады», «Саржайлау» әндері мен «Әке толғауы», «Көш керуен», «Аққу»... секілді өмірі өлмейтін күйлерін шығарды. Ал, Жұбанова Ғазиза әкесінің ізін басып күрделі, кез келгеннің өресі жете бермейтін классикалық шығармалар мен опералар жазып, өнер тарихында өшпес атын қалдырды. Әуелбеков Еркін танымал саясаткер атанып, мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді. Қысқасы, аты аталған азаматтардың қай-қайсысын да даралап айтып, көпке үлгі, өнеге етуге тұрарлық болып өсті, қалыптасты.

Ақырында олар Қазақстанның 30 жылдық тойына орай бірнеше оку орындарында концерт қойды. Соның бірі Мәскеу Мұнай институтындағы үлкен акті залында өтті. Ол күн Табынның жадында мәңгіге жатталып қалған-ды. Алып ұшқан жас көңіл, сәл нәрседен бақыт тауып, шаттанатын кез емес пе пәлі, ол да бір!

Жастардың өнерлеріне риза болған ректорат пен деканат белсенді, онерлі студенттерге алғыс жариялап, сый-сияпаттың жол-жоралғысын жасады. Бұл концертке Семен Михайлович Буденный қатысты. Риза болған ол сөз алып, қазақстандық жастарға жарқын болашақ тіледі, өзінің таяуда Қазақстанда (1948ж.) болған күндерінен естелік айтып, арғымақ сыйлаған достарымен мақтанды, арнайы шақырған Қазақстан Үкімет басшысы Нұртас Оңдасыновқа шын алғысын білдірді.

Сол бір, сонау жылдар қойнауында қалған кештің әсері ол жастардың жүрегінде өшпестей болып жазылған...

Біз сол студенттермен, яғни, бүгінде алды сексенге келген ақсақалдармен сөйлескенде соны сездік. Олар әңгіме ауанын солай қарай бұрып, тәтті шақтарын айтқысы келе береді. Біз тежемедік, армансыз айтқыздық. Түйгеніміз: жастық шақтарын мәнді, мағыналы, әдемі өткізген жігіт пен қыздарға риза болдық. Өткен күннен іліп алар ісің болмаса, өзгеге өнеге етер бір әрекетің болмаса, онда бар өміріңнің босқа өткендігі-ау!

* * *

Бұл кезде Табын екінші курста оқитын. Бірде сабақтан шығып, жатақханаға асығыстау келген Табынды вахтада отырған орыстың орта жастагғы сары әйел тоқтатып:



- Оржанов, саған телеграмма келді,-деді. Жадырап, жатақхананың бар баласын қарсы алып отыратын ол бұл жолы салмақты жүзбен қолына көк қағазды ұстата берді. Табынның «телеграмма!» деген сөзден-ақ жүрегі зу ете түсті де, қолы дірілдеп кетті. «Аузы күйген үріп ішеді». Өткен жылы ғана ағасы Әбуғалидың үлкен ұлы кенеттен қайтыс болып, осындай телеграмма алған. Тез ашты, оқыды. Ойланып тұрмастан далаға атып шығып оқу корпусына асықты. «Декан кетіп қалмаса екен, ауылға сұрану керек». Телеграммада: «Әкей қатты ауырып жатыр. Әбуғали.» деп, қысқа жазыпты. Жолы болғанда декан орнында екен, есіктен сығалаған Табынды көрді де:

- Оржанов, кел! -деді, жазып отырған қағазынан басын көтеріп, - Не болды, екі кештің ортасында не істеп жүрсің?

Табын әңгімені төтесінен бастады:

- Әкем қатты ауырып жатыр деген телеграмма алдым, үйге барып келейінші, бір жұмада қысқы каникул да басталады ғой, менде бір ғана емтихан қалды, оны келгеннен сон тапсырсам болмай ма? -деп, телеграмманы ұстазына ұсына берді. Ол оқып шықты да:

- Мүмкін жеңіл-желпі сырқаттанып қалған шыгар, хабарласып білмедің бе?-деді, декан.

- Жәй науқас болса олар маған бұлай хабарламайды... телеграмманы ағам салып отыр... оның өткен жылы баласы мезгілсіз қайтыс болды...жеңіл-желпі науқас болса олар мені мазаламау керектігін біледі, жіберіңізші үйге, келген соң тапсырайын, бір-ақ емтихан ғой,- деді. Тіптен соңғы сөздерін айтқанда даусы дірілдеп, көзі жасаурап кетті. Декан түсінді:

- Жарайды, жарайды, қобалжыма, барсаң барып кел... әке біреу...бізде ол жоқ...сенің келген соң тапсыратыныңа сенемін емтиханыңды, мұғаліміңе ескертемін... Бәрі жақсы болсын. Бірақ сабақтан қалып қойма?-деді, ұстап отырған телеграммасын Табынға қайтарып. Табын рахметін айтып, қайыра жатақханаға, Нариманға асықты. Бөлмесіне келсе Нариман бар екен. Телеграмманы көрсетіп:

- Ауылға баруым керек, деканнан сұрандым,-деді, көзі жасаурап. Нариман:

- Жамандықты жақындатпашы Табын. Үлкен кісі ауырса ауырып қалған шығар, одан да жолға жинал... Алматы пойызы екі сағаттан соң жүреді,-деді.

Содан екеуі тез жиналды да, вокзалга келіп, Қазақстанға баратын пойызға Қандағашқа дейін билет алды. Не керек төрт сағат дегенде Мәскеуді артқа тастап, әкесі үшін жан ұшырған жас Табын ойламаған жерден ауылға шықты.

Әшейінде зырылдап өтіп жататын уақыт та өтер емес, пойыз мүлдем жүруін бәсеңдеткендей, әр бағанаға тоқтаған сайын Табынның ішкі ызасын тудырып, мазалана түсті. Осындай арпалыспен не керек екі жарым күн дегенде Қандағашқа да жетті. Қандағаштан Құлсарыға дейін Табын тағы да пойызға отырды. Әр түрлі ойлар келеді. «Әкем қандай күйде екен?». Өз ойынан өзі шошынып:- «жоқ, әкем әлі жас, ондай болуы мүмкін емес...»- деп, өз ойынан өзі шошып, жүрегін басты.

Осылай іштей өзімен өзі арпалыса отырып Құлсарыға да келді.

Енді Құлсарыдан жаяу Қосшағылға жетуі керек. Тағы да серігі - ойы. Ой жетегінде келе жатып он сегіз шақырымды қалай жүріп қойғанын, Қосшағылға, ауыл шетіне жеткенде бір-ақ сезді. Қанша күн пойызда, тапжылмай отырғандықтан ба, жүрісі ширақ, жылдам. Әрі-бері машина тосып көріп еді болатын түрі жоқ. Сосын жаяу тартқан. Онысы дұрыс болды. Мәскеудегідей мөнет-мөнетіне келіп тұратын автобус мұнда жоқ. Ондай жетістік бұл далаға әлі жеткен емес.

Қосшағылға түс қайта жетті. Өз ауылы, «Қаратон» әлі алыста. Оған жету үшін әуелі Қосшағылдан-Қызылқұдыққа, сосын «Қырық үшке», содан кейін ғана «Қаратонға» жетпек. Алдағы Қызылқұдыққа дейін 25 шақырым. Жол деген аты ғана, әйтпесе, сор, саз балшық. Теңізден келетін тасқынға қарсы жиырма үш дамба орнатқан. Оның маңынан өту нағыз азап. Алға адым жасау үшін әуелі аяғыңды саздан ажыратуың керек. Ажырату үшін әжептәуір күш және керек. Саз кілей секілді, оңайлықпен бәтеңкеңді бермейді. Қысқасы, не керек Табын азабы алты батпан, бейнеті белшесінен- жол азабына кезікті. Қазақтың тура өзі барып, көріп келгендей: «жол азабы-көр азабы»- деп қоярын қайтерсіз. Қанша азаптанса да әкесі ойынан шығар емес. Жан әкесіне, арқа сүйер асқар тауына тезірек жеткісі келеді, асығып келеді. Жамандықты жақындатқысы келмей, мен барғанша мүмкін айығып та қалар деп қояды.

Қосшағылда бір-екі мекемеге барып: «Қаратонға» баратын машина бар ма?» деп, сұрастырып көріп еді, «кеше кетіп қалған, әзір шықпайды» деген жауап алды. Өстіп жүргенде «Қаратонға» баратын бес адамның басы қосылды. Байқастап қараса бәрін де сырттай таниды. Бәрі де «Қаратон» мұнай кәсіпшілігінде істейтін адамдар: Бас есепші, жәй есепші, кассирші және аудандық атқару комитеті төрағасының әйелі... Табын ойлап қояды, «бәрі мықты, бір машина табар осылар» деп.

Айтқандай-ақ, бір кезде «Қаратонның» бас есепшісі әйел адам беделін салып, солярка таситын тракторды алып келді, бәрі жапырлап, қысылысып, қымтырылысып отырып алды. Бірақ, біраз жүрген соң тұзды сорға, сары балшыққа шамасы келмей, күшеніп, ыңыранып, бауырын жазып жүре алмай тоқтады. Діңкелеген тракторист ары қарай жүрмеймін, тракторымның бір жері сынды деп, табандап тұрып алды. Амал жоқ, ай далада қалсын ба, сол трактормен бәрі кері қайтып, «Қосшағылға» келді. Ендігі жол біреу- ертеңді күту. «Үмітсіз-шайтан» мүмкін бір машина шығып қалар деп Табын өзін-өзі жұбатты.

Не керек, таң да атты, ертең де келді. Табын ұйықтай алмай ерте түрып далаға шықаны сол еді анадай жерде бір машинаның «Қаратонға» қарай гулетіп кетіп бара жатқанын көрді. Артынан түра жүгірді, «тоқта, тоқта!» деп, айғайға басты. Бірақ оның жүгіргенін ешкім көрген де жоқ, айғайын естіген де жоқ. Табын ыза болып, санын бір соқты да, ентігін баса алмай жүресінен отыра кетті.

Табын екеуі бір таныстың үйіне бірге қонған әлгі төрағаның елулерді алқымдап қалған қара торы, ұзын бойлы әйелі оны естіген бойда ашуланып, «бізді де ала кетсе қайтеді, осыдан ауылға жетіп алайын, сосын, ісім солармен болсын...» деп, бұлқан-талқан болып, біраз шаптығып барып тоқтады.

Амал жоқ, жаяу болса да жылжу керек Табынға. Әйтпесе, сабақтан көп қалып қоятын түрі бар. Қараса аяқ киімінің табаны түскелі тұр, кешегі саз батпаққа арзанқол бәтеңке төтеп бере алмапты. Тапқан амалы, бәтеңкенің басын табанның астын ала сыммен байлап алды да жолға шықты. Төрағаның әйелі ере шықты. Қыс іші, күн салқын, әрі қысқа. Содан шаршап-шалдығып 25 шақырымды жүріп, бесін кезінде Қызылқұдыққа да жетті. Мәскеуде бірге оқып жүрген жолдасы Хисметов Асабайдың үйіне келіп қонды.

Таңертең ерте шығып шаңқай түсте «Қырық үшке» келді. Бұл кезінде геологтардың қойып кеткен аты. Осы жерде шай ішіп, әл жинап, тағы да жолға шықты. Меже қайткенде де бүгін он сегіз шақырымнан кейін болатын ауыл- «Қаратонға» жету.

Ақырында өлдім-талдым дегенде, аяқтан аяқ қалмай, батар күнмен таласа, ауыл шетіне кірді. «Әкем аман болса болар еді» деп, үйге жақындаған сайын жүрегі жиілеу соғып, алаңдап қалды. Үйдің алдында ешкім көрінбейді. Табынға үйге жақындағанда әлде бір жақтан тың күш келіп, аяғын адымдатты.

Есікті ішке қарай итерді. Ақырын тың-тыңдап еді ештеңе естімеді. Үйге кірді. Міне, бақыт! Әкесі нақ төрде отыр! Жүдеп қалыпты. Анасы Зияда шәй бергелі жүр екен. Табын әкесін бас салып құшақтай құлады. Ағыл-тегіл жылады. Анасы:« Табын көтер басыңды, әкең өлген жоқ қой, не болды...» деп, жігерлендіре сөйлегенмен өзінің де көзі буланып, бұлдырап кетті. Баласын бауырына басып, маңдайынан искеді. Табынның түтігіп кеткен түрін көріп, арып-ашып жеткенін айнытпай танып тұрды анасы. Табынның ағыл-тегіл жылауының екі себебі болды, бірі- жол азабы, машинадан қалып қойғанның ызасы, екіншіден- әкесінің амандығын көріп, қуаныш жасы.

Содан кешке жұмыстан ағасы Әбуғали, апасы Жамал келді, інісі Сәлімгерей де жетті. Бауырларын сағынып қалыпты, біраз шұрқырасты. Әкесі қатты науқастанып қалыпты, тамақ ішпей, жүдеп кетіпті. Бәрі де жаман ауру ма екен деп қорқып қалыпты, бірақ, осы соңғы екі күнде аздап болса да нәр тата бастапты. Бұны бауырлары жан-жақтан жамырап айтып жатты Табынға. Табын әкесіне жалт-жалт қарап кояды.

Қызық. Табын келген соң әкесінің беті мүлдем бері қарағандай болды, сұрланып тұрған жүзіне қан жүгіре бастады. Жаратушының қай сырын, қай жұмбағын біліп болғанбыз, біз- пендесі. Кім білсін, алты-жеті ай көрмеген баласын сағынғаннан да ауырып қалды ма екен? Әйтеуір, Табын үйде бір апта болғанда жап-жақсы тамақ ішіп, далаға өзі кіріп, шығатын дәрежеге жетті.

Кері қайтуға көлік болмай, бір жұма жатып қалды Табын. Деканатқа телеграмма жіберді, себебін айтты. Содан зорға дегенде геологтардың анау-мынау сазга тығылмайтын машинасына кезігіп, Құлсарыга, пойызға дейін жетті. Ата мен анасын, бауырларын көріп, көңілі орнына түсіп, анасының салып берген тары мен талқанын арқалап, «Мәскеу қайдасың?» деп, жүріп кетті.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет