КҮЛАЙСА мен ӘНУАР
Жарық дүниеге шыр етіп келгенде (1956 жыл, 28 ақпан) ата-анасының азан шақырып, құлағына айғайлап қойған есімі Гүлайша болатын. Қандай керемет есім! Өзі-гүл, өзі-Айша, өзі-қыз! Сонымен «Гүлі» түсінікті, «Айшасы» кім?
Айша Мұхаммед пайғамбардың ең жас, ең сүйікті, соңғы әйелі. Мухаммед пайғамбар бірінші әйелі Хадиша қайтыс болған соң өзіне ақылшы, тірек болатын жар таба алмай қатты қайғырады. Бұны көрген жақын досы, халиф Абу Бакир: «Менің алты жасар Айшамды ал!» дейді. Содан Мұхаммед Айшаны өз үйіне әкеп, қызы сияқты күтіп, он жасқа дейін тәрбиелеп, өсіреді. Он жасқа толған кезде некесін қиып, өзіне әйел етеді. Жасы ұлғайған Мұхаммед пайғамбардың Айша тек әйелі ғана болумен шектелмейді, ақылшысы, тірегі, идеясын халық арасына таратушы болады. Бұл әрекетін Айша Мұхаммед пайғамбар қайтыс болғаннан соң да жалғастырады.
Ал, Табын ағаның қызына бұл есімді анасы Зияданың сіңлісі Сәлима қойған екен. Сәлима апай пайғамбар тарихын білді ме, білмеді ме, кім білсін. Бізге қажеті ол емес, қажеті- Айшадай ақылды, ел алдында абыройы бар, беделді қыз болып өссінші деген ырымнан, ниеттен туғандығы. Әйтеуір, «қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» болған жоқ, Гүлайша табиғатынан алғыр, пысық болып өсті.
Бірақ сол Сәлима апасы Гүлайшаны еркелетем деп жүріп, «Г» орнына «К» әріпін қалай қойып алғанын білмей де қалды. Содан, бара-бара екі әріп орын ауыстырып «Гүлайша», «Күлайса» болып өзгеріп, ақырында құжаттарға да өзгерген түрі жазылып кетті. Адамнан көрі қағазға сенетін заманда барлық ортада, құжаттарда да Күлайса болып кетті.
Тағы бір қызығы, бұл есім әріптестер, құрбы-құрдас, жолдастар ортасында «Күлан» болып өзгертілді. Азан шақырылып қойылған ат, есім осылайша өзгеріп, өңделіп жатқанмен оның болмысы, досқа адал, туысқа бауырмал өалпы сақталып, өз мамандығының кәсіби шебері атанды. Қысқасы, ата мен әжеден, әке мен анадан алған тәлім-тәрбие өзгеріске түскен жоқ, Оржановтар әулетіне тән адалдық пен тазалықты сақтап қалды.
Қазақтың бар балаеы әуелі әжеден, сосын анадан тәрбие алып өскен емес пе. Сол сияқты Табын ағадан тараған балалар: Есенжан, Гүлайша, Гүлжан, Сабыржан ата мен әже мейріміне бөленіп, ұлттық дәстүрдің бар жақсысын көзімен көріп өскен-ді. Сол күндердің суретін Күлайса ерекше сезіммен еске алады:
- «Біреу менен ата мен әже қандай болу керек? деген сұрақ қоятын болса ойланбастан өзімнің Қапан атам мен Зияда әжемді айтар едім. Олар ата мен әжеге барынша ылайыкты адамдар болды. Кейбіреулер секілді «өз баламды өзім жетілдірдім, сендер де өздерің бағып алыңдар!» деп, немерелерінің кеудесінен итермеді. Қайта бізді бағып-қағып өсірген сол кісілер болды.
Өз әкеміз бен анамыз жұмысбасты, таң ата жұмысқа кетеді, содан күн бата келеді. Бізге қарауға шамалары келмейді. Мысалы, атам жас кезімізде бізді балалар бақшасына апарды, сосын кейіннен мектепке шығарып салып, қарсы алатын. Әжеміз болса тамағымызды дайындап, мектептен келуімізді күтіп отыратын. Біз өзімізді сондай ата мен әже тәрбиесін көргендігіміз үшін бақытты санаіімыз.
Және олар әке мен ана борышына адал болған адамдар, үш ұл, бір қыз тәрбиелеп, бәріне дерлік жоғары білім әперген, қандай киындық көрсе де жеңе білген, қысқасы, өмірлерін балаларына барышна арнаған адамдар. Әсіресе, біздің әкемізді (Табын) ерекше көретін. Оның себебін өзім былайша топшылаймын, әкемнің ағасы Әбуғалиды үлкен қарттар бауырына басып, өздеріне меншіктеп алады, ал, кіші інісі Сәлімгерейді әжемнің (Зияданың) сіңлісі Салима апай асырап алады. Сонда, атам Қапан қолында менің әкем ғана қалған ғой. Қара шаңыраққа ие болатын бала деп қарағандықтан болар, әйтеуір, бір-біріне деген мейірім-шапағаттары мол еді. Әжем, күш-қуаты бар кезде папам жұмыстан қанша кег келсе де күтіп, тамағын өзі беретін. Әжем Зияда біздің от басының «Темірқазығы» еді. Ол кісінің айтқаны атам Қапаннан бастап ең кішіміз Сабыржанға дейін от басының «ата заң» болатын, бұлжытпай орындайтынбыз. Ол кісі туған-туыстардың бар жаңалығын біліп, хабарласып отыратын және той-жиындарынан қалмайтын. Қиындық түскен туыс болса қолдарынан келген көмектерін олар аямайтын. Соның бәрін біз өз көзімізбен көріп өстік. Қазір қарап отырсам осының бәрі тәрбие екен ғой.
Отбасында төрт бала: Есенжан, мен, Гүлжан, ең кішіміз Сабыржан өстік. Жалғыз Есенжан қазақ мектебінде оқыды да, біздер орысша оқыдық. Көбіне Гүлжан екеумізге Есенжан орыс тілін жаздырып, үй тапсырмасын орындаттырып қоятын. Үлкенміз ғой. Біз Сабыржанға карайтынбыз, сабағын оқытып, тексеріп отырамыз күнде. Сабыржанның есте сақтау қабілеті күшті болды, қандай сабақ, болсын тез жаттап ала қоятын. Сонда «сен маған жаттама, түсінгеніңді айт» деп ұрсатынмын. Біздер, бәріміз де әкемізге тартып математика, физика сабақтарын жақсы оқыдық. Кітап оқуды жақсы көрдік, бір-бірімізден жасырып, бермей, тығып оқитынбыз және көп оқитынбыз.
Бір бірімізге бауырмал болдық. Үйдегі тәрбиеден болар бір күні үйге Есенжан бір дағыстан баланы әкеп тұр:
- Әже, рұқсат етші, Мүсілімнің баратын жері жоқ екен, тамак берші, екі күн болыпты , тамақ жемегеніне... -деп. Әжем Есенжанды әрі қарай сөйлеткен жоқ, «кір,кір балам!» деп, үйге кіргізді де тамақ берді. Тамақ бере отырып «қайда жүрсің, қайда барасың?» дегеннің бәрін сұрап алды.
Сөйтсе, әке, шешесі қайтыс болып, балалар үйінде өсіпті, сол жерден армияда қызмет етуге Ақтауға келеді. Онысы бітіп, қайда барарын білмей жүргенде Есенжанмен әңгімелесіп қалады ғой. Ол үйге алып келеді. Содан Мүсілім біздің үйде бір айдан аса тұрды, әжем оны жуындырып, шайындырып, киім беріп, бағып-қақты. Папам автобазаға жұмысқа орналастырды, жатақханадан орын алып берді.
Бір күні бір сөмке сыйлығы бар Мүсілім келіп тұр. Әжемнен, атамнан бастап бәрімізді қарық қылды. Үйленейін деп едім, соған шақыра келдім деп қояды. Әжеммен папам өз балалары жетістікке жеткендей мәз, шын қуанып жүр. Қазір ойлап қарасам, әжем мен папам, Есенжан қандай ұлы іс жасаған. Жақсылық пен жамандықтың арасы бір-ақ қадам. Біздің от басы оған қамқор бола алмаса мүмкін ол жаман жолға түсіп кетер ме еді, кім біл- сін?! Есенжанның сол әрекетін от басынан көрген тәрбиеден-ау деп ойлаймын бүгінде...
Менің атам мен әжем әдемі адамдар болды. Атам орта бойлы, қапсағай денелі, қараторы өңді, қыр мұрынды еді де, әжем аққұба келген, дөңгелек жүзді, әдемі киінгенді, әсіресе, жазда ақ көйлек кигенді жақсы көретін. Кейде екеуі әдемі киініп тойға бара жатқанда бала біздің өзіміз қызығып қарап тұратынбыз. Әрине, ол кезде мен баламын ғой, сонда да болса сол суреттер санамда дәл бүгінгідей сақталып қалған.
Тағы бір таң қалатыным, екеуінің бір-біріне дауыс көтеріп, ұрысып жатқанын біздер, немерелері көрген емеспіз. Папам мен мамам жұмыста, күн ұзаққа сол кісілермен біргеміз, тіптен бізді тәрбиелеген сол атам мен әжем деп мақтанышпен айта аламын. Папамды демалыс күндері болмаса көрмейміз, онда да жиі емес, ол біз ұйықтап жатқанда жұмыстан келеді, біз ұйықтап жатқанда кетіп қалады.
Кейіннен, атаммен әжем қайтыс болған соң отбасының «лидері» папам болды, әжемнің қызметін қолына алды. Қазірге дейін солай, ағайын-туысты іздеп, жұмыссыз жүргені болса жұмысқа орналастырып, ас пен тойы болса барып, қарым-қатынас жасайтын папам.
Папамыз бізді өзінің іс әрекетімен, жұмысқа деген, туған-туысқа деген, жолдас-досқа деген қарым қатынасымен тәрбиеледі. Осы кезге дейін өз басым біраз қызметте болып, түрлі коллектив ортасында, тіптен соңғы жылдары шет елдік компанияда қызмет істеп жүрмін, сонда өз жұмысына менің папамдай жауапкершлікпен қараіітын адамды әлі кездестірген емеспін. Ол кісі оз ісінің фанаты болатын! Ал, анам өте қатал адам, баланың шолжаңдап, болар-болмақа жылай беретін еркелігіне көнбейтін, айтқанын істемесең «жазалап» жіберетін...
Ақылды, адал, таза, өз еңбектеріне ғана сенген атам мен әжемнен тәрбие алған папам мен мамам бізді де тазалық пен тәртіпке тәрбиеледі...»
Мұның шындығына Күлайсаның бүгінге дейін жүріп өткен өмір жолына көз жүгірткенде сендік. Он жылдық мектепті бітіріп, мамандық таңдауға келгенде ол ағылшын тілін үйреніп, аудармашы болуды армандапты. Бұл талғамның қайдан келгенін тек жаратушы ғана біледі, әйтеуір, Күлайса ағылшын тілін үйренуге деген құштарлық басым болды. Ал, Табын аға болса:
- Қызым, сен нақтылы бір білім алуың керек, мысалы: экономист, инженер, дәрігер... Ал, ағылшын тілін үйренем дегенің қызық, кіммен сөйлесесің, бізде ағылшындар мүлдем жоқ, шет елге сені ешкім шығармайды... Сонда не болды? Қызым, тыңда мені, қабілетің бар, басқа мамандықты таңда...
- Папа, ағылшын тілін үйреніп, соның мұғалімі болғым келеді. Басқа бір ұлттың тілін үйрену деген қызық емес пе, сол арқылы оның мәдениетімен, тарихымен танысамын. Шет елге неге шықпаймын, ағылшынша ағып тұрсам неге шығармайды шет елге?...- деп, өз ойын дәлелдеумен болды.
Бірақ, әкесі Табын да «айттым бітті, кестім үзілді» деген тоңмойын мінезге салған жоқ, өз пікірін айтуын айтқанмен ақырғы таңдауды қызына тастады. Сол таңдау Күлайсаны Алматының Шет тілдер институтының агылшын факультетіне бастап әкелді. Талаптыға нұр жауып, оқуға түсіп те кетті.
Адам атаулының бар қателесер тұсы осы «Таңдау» деген тұсқа келгенде басталады. Дос таңдау, жар таңдау, мамандық таңдау, көрші таңдау, дәрігер таңдау, сыйлық таңдау... не керек, өмірдің өзі ылғи осындай таңдаулардан тұрады. Сол көп таңдаудың ішінен шатаспай, қателеспей бірін ғана қалау қиынның қиыны-ау! Әсіресе, жас кезде оған аса мән бермей, таңдауды жүрдім-бардым жасай салып, ақырында опық жеп, сосын өмірде жолым болмады деп, опынып жатамыз. Жолы болмағандық емес, ол-таңдаудың дұрыс болмағандығында! Міне, міне, Күлайса өмірінің «структурасының» дұрыс құрылғаны, бақытқа жеткені сол таңдаудың дұрыстығында еді.
Әрине, Күлайса айтқандай ағылшынша ағып тұру оңай емес еді, күніне қаншама сөз жаттауың керек, құр жаттамай санада сақтау маңызды. Осылай, студенттік кездің қызығы мен қиындығын қатар көре жүріп төрт жылдың калай өткенін де білмей қалды. Бұл орай- да қандай мақтау сөз айтсаң да Күлайса бойына шақ келеді. Институт™ бітірісімен тұрмысқа шықты, жар таңдау Мирамғазинов Әнуарға түсті. Әнуардың ата-анасы Балқаш қаласында тұратын, сонда еңбек жолдарын бастады. Бірақ, мамандықтары бойынша жұмыстың реті келмей, басқа-басқа жұмыс істеулеріне тура келді.
Бір күні Ақтаудан әкесі Табын бір мектепке ағылшын тілінің мұғалімі мен Әнуарға ауыл шаруашылығы басқармасында инженер нұсқаушылық жұмыс барын хабарлады. Шыны керек, Табынға бес жыл оқып, білім алған қызының өз мамандығы бойынша жұмыс істемегені жанына батып, күндіз-түні маза бермей жүрген. «Қалай сонда, бес жылғы білім қайда қалды, неге оқыды, болашағы не болады?». Сан сұрақ туып, жауабын табуға өзі де қарап отырмай талпынып, әрекеттеніп жатты. «Облоно» бастықтарына айтып қойған, сол жаққа қарай құлағы түрулі. Бірде Табынға бір мектепке ағылшын пәнінің мұғалімі қажет екені жетті. Балхаш қаласындағы қызы Күлайсаға хабар жіберді. Бір нәрсенің реті келсе өз-өзінен дөңгелене беретін әдеті болады кейде адам тіршілігінде, мүмкін ол сол адамның таза ниетінен болар, кім білсін. Жаратушының қай сыры мен сыйқырын түсініп, біліп жатыр пендесі. Әйтеуір, Табын табан астынан күйеу баласы Әнуарға да өз мамандығы бойынша облыстық Ауыл шаруашылығы Бас басқармасынан жұмыс табыла кеткеніне қуанды. Кешікпей Әнуар мен Күлайса Ақтауға келіп, өмірден өз орындарын енді тапқандай болып, жастық жалынмен, ерекше бір шабытпен еңбекке араласқан-ды.
Содан Күлайса Табынқызы Ақтау қаласындағы № 9 мектепте ағылшын пәнінен сабақ берді. Жәудіреп өзіне қарап: «ал, апай, бізге не үйретесіз?» деп отырған балаларды көргенде бұрынғыдан да шабыттана түскен. Тіл үйретудің небір методикаларын, амал мен тәсілдерін іздеп, өзі кейбірін жетілдіріп, жаңалап, не керек қызық бір творчестволық жұмысқа кіріскенді. Осындай сәттің үстінде жүргенде әкесі Табын бір күні:
- Қызым, осы мамандықты өзің таңдадың, енді содан нәтиже шығару керек. Жұмысқа барғанмен барып, келгенмен келіп, босқа күн өткізуге, жалақы алу үшін салпаңдап жүре беруге болмайды. Ол ұят болады. Мына жарық дүниедегі барлық тіршілік атулыдан өзгеше етіп Адамға жаратушы ақыл мен ес берді, соны пайдалан, қолыңнан не келеді көрсет! Сенің мамандығыңның аты -Оқытушы! Қандай керемет! Ол ең данышпан, ең білімді, ең озық ойлы адам болуы керек. Алдыңа келіп отырған бала тағдырына жауапты екеніңді ұғын және оны мәңгі есіңнен шығарма. Жаман оқытушы болсаң бала бойындағы бар талантының көзі ашылмай, ертең өмірге, тіршілікке араласқанда кім боларын білмей, қысқасы, «Таңдау!» деген құдіреттің алдында қауқарсыз болып, кез келген кездейсоқ оқуға түсіп немесе жұмыска орналаса салады. Оның ақыры жақсы болмайды, өз ісіне өзі канағаттанбайды, содан не керек «өмірде жолым болмады» деген өкініш өмір бойы жанын жейді. Содан ол арақ ішеді, жаман жолға түседі. Бұған сенің, оқытушы-ұстаздың да қатысы бар деген сөз. Өйткені сен кезінде оған дұрыс бағыт-бағдар бермедің.
Мектеп пен мұгалім өндіріс емес, қираса жөндеп, іске қоса қоятын. Бұл жерде адам тағдыры тұр, ол өте нәзік келеді. Әр бала бір тағдыр. Дұрыс танып, дұрыс бағыт бермесең ол өмір бойы сол дұрыс жолды іздеумен өтеді...Қызым, тандаудың талғамы осындай жоғары. Сенің таңдаған мамандығыңның қиындығы осында!
- Папа, мен сені мықты математик, физик, химик деп жүрсем, өзің керемет философ та екенсің ғой. Ойларың қандай тамаша, әсерленіп тұрмын!-деп, еркелей келіп Күлайса әкесінің мойнынан құшақтады.
- Әлемге белгілі сөз бар: «физиктер-лириктер» деген. Ал, лирика даналық ойларсыз тумайды, есіңде болсын,- деп, қызына жарқырай күлді де сөзін жалғады,- Мұғалім, оқытушы деген мамандықтың жауапкершілігін ұқсын деп айтып отырмын. Әркім, мейлі ол үлкен қызметте отырсын, мейлі ол кіші жұмыста жүрсін, менің білетін бір-ақ талабым бар, ол-жауапкершілікті сезіну! Біз Оржаноавтар әулеті, аталарыңнан бастап біздерге дейін өзімізге жүктелген жұмысты жарты жолда қалдырған емеспіз, сенің де сол биікте болғаныңды қалаймын,- деді, әңгімесінің басын фалсапа айтудан бастап, соңын талап қойумен бітіріп.
Әкемен аз ғана араласудан қызы Күлайса көп ой алды. Бұл әкесінің жиі көрсететін мінезі емес. Балаларын алдына отырғызып қойып ақыл айтып тәрбиелеген емес, керісінше ол өз әрекетімен, қарым-қатынасымен, жүріс-тұрысымен тәрбиелеп келген-ді. Бұл балалары есейіп, өзінің ұлғайғандығын көрсетіп тұрса керек. Күлайса шынымен-ақ ойланып қалды. «Алдыңда отырған баланың білімді, адал, мейірімді, қысқасы, жеке тұлға болып қалыптасуына, өмірден өз орнын табуына сен жауаптысың!» деді.
Бұл сөзді бұрын да талай естіген, ұстаздары айтқан. Бірақ әсері мұндай болмап еді. Әкесінің шын жанашырлықпен айтқанын, өзінен үлкен үміт күтетінін Күлайса түсінді. Іске кірісті.
Мектепте өзіне сабақ берген мұғалімдерімен әріптес болды. Біреуі сынай қараса, екіншісі «мен білгенмін сенің жақсы ұстаз болатыныңды» деп, шын сезімдерін жасыра алмай жатты. Қанша дегенмен жаңа жұмыс, бірден белсеніп кірісіп кете алмай, бірақ уақыт оза бәрімен де тіл табысып, өз ой, идеяларын енгізе бастады. Ағылшын тілін үйретуде мектеп аясынан шығып, балалармен табиғат ортасына барды, асхана-кафе, көпшілік орталарда болды. Мұның ағылшын тілін үйренуде балалар санасына етер әсері көп деп түсінді Күлайса.
Осылай жылдар жылжи берді, ұстаздықтың қыр-сырын меңгере түсті. Қала бойынша, облыс бойынша ұстаздар арасында өткен талай жарыстарға қатысты, бас жүлдені бір емес көп рет жеңіп алды. Есімі біртіндеп облыс көлеміне белгілі бола бастады.
Оны белгілі еткен, ағылшын тілі оқытудағы өзі ойлап тапқан әдіс пен тәсілдері болды. Әрине, айға барып ештеңе әкелген жоқ, тек ол тіл үйренудің оңтайлы тәсілдерін іздеді, методикасын өзгертті. Күндіз түні өзіне де, миына да маза бермеді. Іздеген адам табады, талай-талай тіл үйренудің амалдарын ойлап, балаларды оқытуға қосты. Міне, Күлайса Табынқызының бар ашқан жаңалығы. Ол «Ашық сабақ» өткізеді екен деген кезде Ақтау қаласындағы бар мектептің ағылшын пәнінің мұғалімдері, нақтылай айтсақ 30-40 оқытушы үзбей қатысып отыратын. Ақырында Күлайса Табынқызы ағылшын тілінен өткен Республикалық конкурсқа қатысып, жүлделі орынды жеңіп алды. Нәтижесінде өзі секілді жеңімпаз бес оқытушы 1992 жылы ¥лыбритания мемлекетіне бір айға «тәжірибені жетілдіру» деген курсқа оқуға барып келді. Сапар алдында «Оқу ісінің үздігі» деген атақ алды. Әдетте мұндай атақ мұғалімдерге зейнеткерлікке шығар алдында берілетін-ді, Күлайса ол үрдісті бұзып, отыз жасында иемденді.
Ол күні Табын аға мен анасы Оңайдың қуанышында шек болмаған ды. Әсіресе, Табын аға қызынан күткен үміті ақталғандай болып: «бағытың дұрыс, бірақ мұнымен шектелмеу керек, әлі де іздене түс...» деп, болашаққа аманат артқан-ды. Қарап отырса, қызы отыз бала отырған классқа жасқана кірген сәт пен «Оку ісінің үздігі» атанған сәт арасында он бес жыл жатыр. Жиырма бес жасында мектептің оқу ісінің меңгерушісі, отыз жасында мектеп директоры болу кез-келгеннің қолынан келмесі анық. Тағы бір анық, ол - талаптығы нұр жауған Күлайса еңбегінің, ізденісінің нәтижесі еді.
Ал, Ұлыбритания сапары Күлайсаның болмысын, ішкі жан дүниесіне төңкеріс жасады десе де болады. Ондағы қарапайым халықтың тұрмысы, тәртібі, сан ғасырлардан келе жатқан жоғары мәдениет пен өнері таң қалдырды. Әсіресе, біз мұқтажымыз көбейіп, оған кезекке тұрып, жүйкеміз тозып жүргенде, мүндағы мүлдем басқаша өмір, жайбарақат тіршілік Күлайсаны үлкен ойға қалдырды. «Неге қалып қойдық бұлардан? Жердің асты мен үстінің байлығы мол». Жауабы жалғыз-жоспарлы экономика! Үмітсіз емес, бізге де жаңа өмір келіп жатқан бұл кезде. Сол жолы Күлайса үлкен әсермен, үкілі үмітпен елге оралған-ды.
Ақтауға келісімен Күлайсаны облыстық оқу бөлімі, сосын партия комитетіне шақырып жаңа қызмет -Ақтау калалык педагогика институтына проректорлық қызметке шақырды. Шақырудың нақтылы мақсаты да болды. Институттан жаңадан шет тілдер факультетін ашу, соны ұйымдастыру. Кім ұйымдастырады? Бұл сұраққа оқу бөліміндегілер бір ауыздан Күлайса Табынқызын ұсынады ғой. Күлайса да ойланған жоқ, мұндай факультеттің болуын өзі де ойлап, армандап қоятын. Сол арман шындыққа айналғалы тұрғанда неге ойлансын, келісімін берді, жұмысқа кірісті. Аз уақыттың ішінде институт ректоры, білікті, білімді азамат Ақылбек Ахметов екеуі жас, жаңа факультеттің шаңырағын көтерді. Оған, уығын қадасуға өзі жақсы білетін қаладағы ағылшын тілінің мұғалімдерін оқытушылыққа шақырды. Осылай, әп-сәтте шет тілдер факультеті ашылып, оның ағылшын курсына студенттер қабылданды да. Олармен, студенттермен жұмыс істеу қызықты, әрі оған басқаша әдіс пен тәсіл керектігін түсінген Күлайса Табынқызы жаңа жұмысқа да жұмыла кіріскенді.
Адам өмірінде небір тосын, күтпеген оқиғалар сенің өміріңді басқа бір арнаға түсіріп жіберетін кездері болады. Бұл 1993-1994 жылдар. Бір адамның ғана емес барша қазақ халықының өмірінде айтулы оқиға-сан ғасыр ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздік келіп, онымен қоса басқа қоғамдық қатынас-нарық экономикаға еніп, не керек «кім, не?» боларымызды білмей рухани да, тұрмысымыз да тоқырап тұрған кезі еді. Оның бар тарихын айту ұзақ әңгіме, оны қазір бастасақ арналы оқиғадан ауытқып кетеміз.
Содан бір күні Күлайса Ақтау қаласының әдемі, ортаңғы көшесімен келе жатқан. Күн ұзақ жұмыстан бас алмай, кабинеттен шықпай шаршаған да болатын. Сонысын баспақ оймен теңіз жақтан соққан салқын ауаны сіміре жұтып, ойын ойлап келеді. Бір кезде ағылшынша сампылдап сөйлесіп келе жаткан адамдар тобына кездесті. Оның бірі, ұзын тұра ағылшын:
- Шынымда айтсам жабайы халықты көремін деп келгенмін, сөйтсем өмір мүлдем мен ойлағаннан басқаша...әрине, халық жұпыны, синтименталный екен,- деді. Олармен қатарласып қалған Күлайса намыстанып кетті білем осы тұста сөзге араласты. Ағылшынша ағытып:
- Сізге кім айтты синтеминтальный мінезді жаман деп, жүрегі бар адамда бұл мінез болуы керек, ал, жабайылықты іздеп шаршамаңыз, біздер көшпенді болғанда да жабайы болған емеспіз, өзімізге тән мәдениет пен өнеріміз болған...-деді, Күлайса қатқыл үнмен.¥лты үшін жаны күйіп, намысы ойнап, ызасы қайнап тұр. Тура аналар «соғыс» ашса турап тастауға әзір. Ағылшындар сасып қалды. Тура айдан адам түскендей аң-таң. Өздерінің «жабайы» пікіріне де қысылып тұр, ағылшынша сайрап тұрған қазақ қызының қылығына да қайран.
Олар сәл тосылып барып жамырай кешірім сұрай бастады, айтылған сөздің «авторы» ұзын тұра ағылшын Күлайсаға жақындап, қатарынан қалмай әңгіме суыртпақтай берді. Сөзден сөз туып, арты таныстыққа ұласты. Әдіріс алмасты.
Сөйтсе, олар Англиядан келген үлкен бір компанияның қызметкерлері, қасындағы қонақ үйден кешке қарай серуендеуге шыққан беттері екен. Іздегенге сұраған. Бұлардың жергілікті жерден аудармашы іздегендеріне біраз болыпты, қаншама адам келгенмен ағылшын тілін нашар білген соң қабылдамапты. Ал, Күлайсанын пікір таластыруға жетіп тұрған сөздік қоры бұларға ұнады да, әлгі ұзын тұра ағылшын бірден жұмысқа шақырды. Беретін жалақысын да бірден айтып жіберді. Ондай жалақы біздің өңіміз түгілі түсімізге де кірмейтін.
Аяқ астынан бар болған оқиғаға сенерін де, сенбесін де білмей, үйге келе салысымен күйеуі Әнуарға ақтарды. Ол да аңтарылып отыр. Аңтарылатын несі бар, табиғат заңы шығар, ағылшын тілін бостан босқа оқый бермей осындай мүмкіндіктің келетінін, болатынын жаратушы өзі туралатып тұрған да шығар, кім білсін. Күлайсаны Әнуар құптағанмен әкесі Табын аға шарта-пұрт ашуланды. «Біреу аузын ашса сенде аузыңды ашасың, сол да мамандық болды ма? Сені болашақта қандай кызметтер күтіп тұрғанын білесің бе, одан да кандидаттық қорға, доктор бол!» деп болмады. Әке сөзінде де жан бар, бәрінен бұрын болашаққа ие жастарды тәрбиелегеннен артық іс бар ма? Бірақ, Күлайсаға бұл жұмыс та ұнап тұр, мұнда болашақ жоқ деп кім айтты? Адамның ақылын да ақша билейтін кезі болады. Айналаға қарасаң тұнып тұрған қайыршылық, жұмыс жоқ, базар жағалаған ел. Бәрі бір қарын тойдыру қамында. Мынадай жалақыны бізде ешбір мекеме бере алмайды, тіптен мықты деген академиктерің де ала алмайды. Ойланып, ойланып тапқаны кезекті еңбек демалысын алып, шақырған компанияға жұмысқа орналасты. Ондағысы Күлайсаның көрейін, танысайын, ұнаса әрі қарай істеп кетермін, ұнамаса өз жұмысымды атқара берермін болды.
Жоқ, Күлайсаға мұндағы жұмыс ағымы ұнады, аударма да аса қиындық тудырған жоқ. Бәрінен бұрын компания адамдарының бір-біріне деген қарым қатынасы біздегіден мүлдем басқаша. Жасына қарап, лауазымын ойлап, жалпаңдайтын «авторитаризм» жоқ мұнда. Бәрінің өзіне тиісті шаруасы бар, соны тындыруды ойлайды.
Жұмыс істегеніне бір апта ғана болған, жұма күні қызметкерлердің бәріне бір-бір конверт ұсынды. Алғашында Күлайса түсінбеді. «Бұл біздің бір апталық жалақымыз!» деп, бұрыннан қызмет істеп келе жатқан басқалар түсіндірді. Конвертті ашып қарады 200 доллар. «Бір аптаға осыншама ақша бергені ме?!» Таң қалды. Ол кезде (1993 жыл) бұл долларды біздің пұлға айналдырса қыруар қаражат. Мұндай ақшаны бір апта емес бір ай жұмыс істесең де ешкім бермейді. Бір қызығы Күлайса бұл ақшаға қуанған да жоқ, ренжіген де жоқ. Басқа бір толқыныс жан дүниесін төңкеріп тастады. Үйге асықты. Есіктен аттай бере кеудесін кернеп бара жатқан бір нала, өкініш өксікке айналып, көз жасы болып ағылды. «Неге? Неге?» деген сұрақ кеудесін тепкілеп, жанын шырылдатып тұр.
Жұмыстан келген Әнуарға ақтарылды сосын: «Әнуар, айтшы сен маған, біз неге бұлай өмір сүруіміз керек... бар өмірімді білім беруге, жастарды тәрбиелеуге жұмсап келемін, сондағы алатын жалақым бүгінгі алған айлығымның жартысына да жетпейді. Неге? Институтта сабақ беріп жүрген, бар өмірін ғылым мен білімге арнаған профессор-оқытушылардың алатын айлығы мынаның қасында түк емес, жан сақтауға ғана жетеді. Неге? Дәрігер, инженер, заң орнында істейтіндердің де айлық жалақысы мынаның қасында күлкі туғызады. Неге? Біздің байлығымызды игеріп жатқан шет елдіктер жалақыны көп төлей алады, ал, бар байлыққа ие біздің мемлекет неге өз халқын қайыршылыққа түсіреді? Түсінбеймін! Қазақстан дүниежүзінде табиғи байлығы мол мемлекеттер қатарында тұрады, олай болса біз неге ағылшындар, немістер сияқты өмір сүрмейміз? Кішкентай ғана аралда тұратын, табиғи байлығы жоқтың қасы ағылшындардың тұрмысын мен көріп келдім ғой... Байлықтың үстінде отырып қайыршы болу біздің бейшаралығымыз, ақымақтығымыз, надандығымыз... жоқ, Әнуар бұлай өмір сүруге болмайды! Балаларды оқыту керек, шет елде оқыту керек, көрсін, танысын, білсін, үйренсін...»-деді, ақырында ыза мен наланы ақылға жеңдіріп.
Кеңестік кезеңде де халық бар мен жоқтың ортасында өлместің күнін кешті, енді жаңа қоғамда да қиындықты көріп жатқан сол ел-жұрт. Күлайсаның бұл жан айқайы - көптен жазылмай келе жатқан сол халықтың жан жарасы. Ол халқы, ұлты үшін күйініп тұр, ашынып тұр. Осыны түсінген Әнуар қоғамның бар кемшлігін, жұпыны тұрмыс ең кедейшілікті Кеңес Үкіметіне аудара салды да: «...Кұлан, шаршамашы, тәуелсіздік енді келді ғой бізге, бұдан былай бәріміз де бай тұратын боламыз...» деп, үлкен үмітпен сөзін бітірді. «Жоқ, біздер және біздің балаларымыз тапшылықта емес, жақсылықта өмір сүруі керек!» деді, Күлайса іштей өзіне ант бергендей болып.
Жұмысты бұрынғыдан да жақсы істеуге, тапсырманы уақытында орындауға ұмтылды ол. Жаңа жерге келіп, жаңадан ұйымдасып жатқан Халықаралық мұнай кәсіпшіліктеріне геофизикалық қызмет көрсететін «Шлюмберже» компаниясының шашылып, ретке келмей жатқан жұмыстары көп еді. Күлайса өз жұмысын бітіріп тастап ара-арасында кадр бөлімінің жұмысына қолқабыс етті, қажет болған кезде бас есепшіге де көмектесе қойды. Оның бұл кабілетін, жақсы ниетін сезген компания басшылары риза болып, қосымша сый ақыларын аяған жоқ. Ақырында, бірер жылдан кейін-ақ Күлайса Табынқызын Қазақстан бойынша бас менеджер етіп тағайындады. Бұл кез келген адам атқарып кете қоятын оңай қызмет емес еді, табиғатынан алғыр, қабілетті Күлайсаға компания басшылары сенді. Сенімнің ақталғаны болар, сонау 1993 жылдан бері бір орында, сол лауазымда табан аудармай жұмыс атқарып келеді. Ол өз ортасында құрметті, сыйлы. Міне, еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған Күлайса Табынқызы Оржанова акырында әулет кәсібі мұнайшы мамандығына осылай ойысып кетті.
Күлайсаның жары Мирамгазинов Әнуар мемлекеттік сақтандыру компаниясының президенті. ¥лдары Аян «КИМЭП- ті» бітіріп, қазір ол да мұнай саласында кызмет істейді. Қазақстан болашағы өзі сияқты жастар қолында екенін Аян жақсы, жете түсінеді. Өнеге алары өз әкесі мен анасы.
Достарыңызбен бөлісу: |