Әсер ету механизмі. Инсулиннің рецепторлары екі α- және β-суббірліктерден тұратын тетрамер гликопротеиндер. Суббірліктер өзара дисульфидтік көпіршелермен байланысқан. Инсулиннің рецепциясы оның В-тізбегінің α-суббірліктерімен байланысу жолы арқылы жүреді. β-суббірліктер рецептордың каталиттік бөлімі болып табылады және тирозинкиназды белсенділікке ие. Рецептор инсулинмен байланысқанда, β- суббірліктердің аутофосфорилденуі жүреді. Бұл оның тирозинкиназды белсенділігімен қатар жүреді. Инсулиннің тирозинкиназды рецепторы метаболиттік әсерге бастау бере отырып, бірқатар жасушалық ферменттерді (инсулин әсерінде жасушаішілік аралық заттарды байланыстырушы) фосфорлайды. Жасушаларда инсулин әсеріне жасушаішілік аралық заттарды байланыстырушылар, яғни екіншілік мессенжерлер арасында маңызды қызмет атқаратын, фосфорилденуден кейін бірқатар инсулинге тәуелді ферменттерді, оның ішінде фосфотидилинозитол – 3 – киназаны қоса өзіне бекітетін ІRS-1 ақуызы. Бұл киназа белсендіріледі де, инсулиннің метаболиттік әсерінің екіншілік мессенжерлерімен фосфотидилинозиттік каскадты бастайды. Бұл кезде фосфолипаза-С белсендіріледі де, фосфотидилинозитол-4,5-дифосфаттың инозитолтрифосфатқа және диацилглицеролға гидролизі тездейді. ДАГ протеинкиназа С-ны белсендіреді, ал ІР3 кальцийдің эндоплазматикалық ретикулумнан цитозольге шығуын ынталандырады. Протеинкиназа С кіреберіс кальций каналдарын ашады және кальмодулин мен цАМФ-ке тәуелді фосфодиэстераза белсенділігіне жағдай жасайды. Бұл жасуша ішіндегі цАМФ мөлшерінің және жасушалардағы катаболиттік үдерістердің төмендеуіне алып келеді. Сондай-ақ цАМФ төмендеуі протеинкиназа А белсенділігінің төмендеуіне де жағдай туғызады.
ІRS-1 ақуызы гликогеннің, липидтер мен ақуыздардың синтезіне жағдай жасайтын ферменттер белсенділігін ынталандыратын бірқатар серин-треонин киназаларды белсендіреді және сол арқылы тұрақтандырылады, сондай-ақ глюкозаның инсулинге тәуелді тасымалдаушысы GLUT-4 молекулаларының плазмалық мембранаға мио- және липоциттер тасымалдануын тездетеді. Протеинфосфатазалар қатарының белсенділігі кейбір ферменттердің дефосфорлануына алып келеді, мысалы, гликогенсинтетазаның, пируватдегидрогеназаның, гидроксиметилглутарил-редуктазаның (ГМГ-редуктазалар), ацетил-КоА-карбоксилазаның, пируваткиназаның дефосфорлануы, олардың белсендірілуіне, ал липазаның, фосфорилазаның, фруктозо-1,6-дифосфотазалар дефосфорлануы олардың тежелуін тудырады.
Мембрана арқылы гормондық сигналды (қысқа мерзімдік белгі) бергеннен кейін инсулин-рецепторлы жинақтар мембрана қасына жылжиды (латеральді тасымалдану) және интернализденеді. Бұл кезде инсулиннің ұзақ мерзімді (жасуша өсуі, РНҚ синтезі және т.б.) әсері көмегімен таралатын, жасушаішілік гормондық сигналды берушілер шоғырланады.
Инсулин рецепторларының саны ағзадағы инсулин деңгейіне байланысты: гиперинсулинизм кезінде инсулиндік рецепторлар мөлшерінің төмендеуі байқалады, гипогликемиядан кейін және физикалық тұрғыдан шаршаудан кейін инсулиндік рецепторлар саны артады. Инсулинге рецепторлар саны жоғарылауы оған тіндердің сезімталдығын арттырады.