Гуманизм – адамгершілік негіздері



бет1/2
Дата12.05.2023
өлшемі26,21 Kb.
#176558
  1   2
Байланысты:
cтатья Джекебаева М.А ГУМАНИЗМ


Джекебаева Мақпал Абиловна
Әл-фараби атындағы
ҚазҰУ-нің аға оқытушысы, филос.ғ.к.


ГУМАНИЗМ – АДАМГЕРШІЛІК НЕГІЗДЕРІ

Гуманизм – адамгершілік, өзге адамды өзіңдей сүю, жақсылық жасау, мейірімділік категорияларына негізделеді. ХХI ғасыр қоғамында өмір сүре отырып, техника-технологияның қарқынды даму кезеңінде, қазіргідей экономикалық дағдарыс кезінде өмір сүріп отырсақ та, жастарды гуманистік талпыныстарға жетелеу бүгінгі таңдағы педогог-оқытушылардың бір міндеті деп ойлаймын.


Гуманизмнің өзі қоғам мен философияның, адам проблемасының орталық категориясы бола отырып, әр заманда философтарды толғандырды. Адамгершілік, өзге адамды өзіңдей сүю, жақсылық жасау, мейірімділік т.с.с. ұғымдармен ашылатын гуманизмді идеология ретінде ұстануға болады. Десек те гуманизм мен идеологияның арасындағы айырмашылық неде? Барлық адамдар бірдей гуманистік идеяны ұстанса да бірдей идеологияны ұстанбайды. Бір отбасының мүшелерінің өзі әртүрлі идеологиялық ұстанымда. Бұл мақаланы жазу мақсатым жастарға аз да болса, гуманистік тәрбиеге бір қадам бастау болу. Сондықтан мақаламды американдық педагог, философ, психолог және өнертанушы А. Федьтің «Адамдар арасында өмір сүрудің мәні неде?» еңбекгінен үзінді ала отырып сабақтай кеткім келіп отыр. Ол өз еңбектерінің бірқатарын адамның іс-қылықтары мен мінез-құлқына, тәрбиесіне, эстетикалық талғамына арнаған.
А. Федь өзінің «Адамдар арасында өмір сүрудің мәні неде?» деген еңбегінің «Әдемілікке тәрбиелеу» бөлімінде былай деп жазған екен: «Егер көше ережесін білмейтін адамды автокөлік жүргізуге отырғызып қойса, онда ол адамның өзіне және өзгелерге қандай қырсықтар әкелерін елестету қиын емес. Егер трамвайда біреу сіздің аяғыңызды басып кетсе, ол үшін кешірім сұрамаса; егер үйіңізге бір топ шуылдақ кіріп кетіп, қарындасыңыздың сырқаттанып жатқанына қарамастан шулай бастаса; немесе сіз ауыр нәрсені әрең көтеріп, мықшыңдап бара жатқанда жаныңызда еңгезердей жігіт өзінің спорттағы жетістіктерін айтып бөсіп тұрса – бұдан оншалықты бақытсыз жағдай бола қоймасы белгілі. Бәрі де аман және сау қалады. Солай дейміз бе?
Адамды кәдуілгі қаттылықпен, зымияндықпен немесе оның тағдырына енжар қараумен-ақ өлтіруге болады. Сондықтан адамдар арасында өмір сүру – сағат сайын өзіңді-өзің жетілдіру. Өзіңнің кемшіліктеріңмен, әлсіздіктеріңмен күрес жүргізе отырып қана тамаша мен ізгілікке, адалдық пен кеңпейілдікке, білімділік пен руханилыққа қол жеткізуге болады. Бұл дегеніміз, аяқ аттаған сайын, өзге адамға қатысыңызды білдіру деген сөз.
Қатыгездікпен, ашық немесе бүркемелі зымияндықпен және бұзақылықпен әлдебіреу емес, біз өзіміз бәріміз күресуіміз керек. Бұл мәмілені білмейтін, кейде бет бұрғызбайтын, қатал және қайғылы аяқталуы да мүмкін күрес. Шындық пен сұлулықтың салтанаты жолында ең жақсы, адамгершілікті адамдар өмірін қияды. Сұлулық пен ізгілікті өз өмірін құрбан ете отырып, қорғаған адамдар аз емес. Мұндай адамдар халықтың жадысында мәңгі сақталады. Олардың ерен ерліктері біздің сезімтал жүрегімізді тебірентеді, бізді асқақтықпен, мәңгілікпен қауыштырады. Адамдар арасында өмір сүру жеке бастың шаруасы емес. Жеке алғанда біз өзімізді адамдар арасында жүрген-діктен, өзгеше ұстайтынымыз белгілі» [1, 55 б.]. Мен бұл ойшылдың адамгершілік қарым-қатынас туралы жазған осы ойларымен толық келісемін. Бұрындары кісі өлтіру адам зорлау ілуде бір естілетін естіген жұрттың жаны түршігіп таң қалатын еді. Қазірде бұндай оқиғаларға ешкім селт ете қоймайды. Себебі күнделікті ғылымда қоғамда осындай ситуациялар болып жатады.
А.Федьтің бұл еңбегінде өз ойларын ары қарай былай сабақтаған: «ХVII ғасырда өмір сүрген ағылшын ақыны Джон Донн былай деп жазған екен: «Арал сияқты бөлініп қалған, тек өзімен-өзі ғана өмір сүретін адам болмайды; әр адам – құрлықтың бір бөлігі; егер жағадағы жартасты толқын жуып әкетсе, Еуропа жері азаяды, сол сияқты егер мүйістің шеті жуылып кетсе, сенің немесе досыңның үйі қираса, кез келген адам өлсе, ол мені азайтады, өйткені мен бүкіл адамзатпен біргемін, сондықтан, шіркеудің кімнің өлгенін хабарлап қоңыраулатып жатқанын сұрама – ол сенің бір бөлігіңді жоқтап қоңыраулатып жатыр» [1, 57 б.].
Тағы бір айта кететін жайт жасөспірімдердің эстетикалық мәдениеті. Бұл барынша назар аудартуды талап ететін проблема. Өз балаңа жүріс-тұрыс дастарқан басында отыру сияқты эстетикалық ережелерді, талаптарды үйрете бастасаң немқұрайлылықпен «өзім де білемін ғой» деген көзқараста болатыны жасырын емес. Біздің мақсатымыз гуманистік, адамгершілік, жүріс-тұрыс мәдениетін, өзгеге жақсылық жасау (қоғамдық көлікте қарттарға орын беру сияқты) шарттарын жас буынның бойына аса ыждағаттылықпен, мейіріммен сіңіре білу.
Сұлулық адамның жанының қажеттігіне айналуы керек. Сұлулық адамға өмірін қызықты өткізуге көмектеседі, оны енжарлықтан құтқарады, құлшыныс-ты, ақиқатшыл, сатылмайтын етеді.
Адамның өзін ұстау этикасы мен эстетикасы өзіне өзге адамның көзқарасымен қарай алуымен, өзгенің ауыртпашылығын өзінікіндей қабылдай алуымен байланысты. Егер осының бәрі қалыптағыдай, әдетке айналса – ол тамаша адам. Ф. Энгельс айтқандай, әрбір мәдениетті қадам бостандыққа апарар қадам болып табылады. Шындығында, интеллектінің дамуы, рухани дүниенің кеңдігі, ғылыми дүниетанымды меңгеру, білімнің сенімділігі адамды мистикалық шатасулардан арашалайды, оған тәуелсіздік әпереді, оны өмірге оптимистікпен, сенімді қылып қаратады. Адамның табиғи стихиясы тек мәдениеттен ғана көрініс береді, оның тәни және интеллектуалдық сезімдері мен күштері толық ашылады.
Құстың бір қанатымен ұша алмайтыны сияқты адам да ішкі мәдениеті болмаса, өзге адамдармен қалыпты қатынас жасай алмайды. Ежелгі уақыттарда адамның мәдениетін ішкі және сыртқы деп бөлу заңды түрде қарастырылды. Алдыңғы орында тән сұлулығы тұрды. Мұны ежелгі адамдардың дүние-танымының қалыптасуына үлкен әсер еткен антикалық аңыздардың мысалы-нан айқын аңғаруға болады. Кейінірек, стойктердің ілімінде тән сұлулығы моралдық сұлулыққа орын береді. Эпиктет өз ілімінде сұлулық атаулыны дененің тартымдылығына сиғызбайды. Дене мен шаш тамаша емес, ақыл мен ерік тамаша. Сондықтан адамды ақыл мен ерік танытады, индивидтің сұлулығы осылармен өлшенеді дейді. Қазіргі кезде ішкі және сыртқы мәдениеттің ара жігі айқын ашылған және алдыңғысы жоғары бағаланады. Тек сыртқы байсалдылық пен ішкі ізгіліктердің, сыртқы қарапайымдылық пен ішкі қадірліліктің тығыз байланысының арқасында ғана адам нағыз сұлу болып көрінеді.
Қоғамда біздің әрқайсысымыз өзімізге тиісті рөл атқарамыз. Қоғам адамның жынысына, жасына, тұрған орнына, өзге де әлеуметтік жағдайларына қарай, олардан белгілі бір әлеуметтік жағдайларына қарай, белгілі бір ережелерді орындап отыруды талап етеді. Мысалы футбол матчы жүріп жатқанда стадионда айқайлауға болғанымен, театрда спектакль көріп отырып, мұны жасай алмайсың. Әйел киген киімді еркек кие алмайды. Қоғам бізден белгілі ережелерді талап етеді. Көлік жүргізуші де қалыптан асып, жылдамдықты ұлғайта алмайды. Бұл айтылғандарды түйіндей келсек, адам еркіндігі оның басқалармен «Өзгемен» байланыстылығында, және алдын-ала жауапкершілік тартатынын сезінгенде, ол еріксіз, бірақ саналы түрде еркіндігін шектейді. Сондықтан, адам өзін қоғамдық орындарда ұстаудың қабылданған ережелеріне сай ұстауға, айналасында қоғамда қабылданған реттілікті сақтауға үйренуі керек. Бұл оңай шаруа емес. Өйткені «адамдардың өзін ұстау және тұрмыс эстетикасы» ұғымының өзі көпті қамтиды.
Тәрбие қазақ ұлтының ерекше ұстанатын дәстүрінің бірі, жас балаға бесіктен бастап беріледі. Кішкене кезінен бастап ұлтымыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген.
Баланы 5 жасқа дейін «ханыңдай сыйла, еркелет, 5 жастан 9 жасқа дейін құлыңдай жұмса, 13 жастан досыңдай сырлас» деген сөз бар. Жасөспірімдердің эстетикалық мәдениеті, тәлім-тәрбиесі туралы сөз болғанда психолог, мәдениеттанушы А.С. Макаренконың зерттеулерінен мысал келтірейік.
А.С. Макаренко өзінің бір зерттеуінде адамдардың дастарқан басында өзін ұстауына көңіл аударыпты. Соңында мынадай тұжырымдарға келген екен. Соларға тоқтала кетейік. Тамақ үстінде адам құрсағын толтыруды ғана ойламай, сонымен бірге өзінің қылықтарымен өзгенің тәбеті мен көңіл күйін бұзбауға тырысуы керек екен. Қашан да болсын, адамдармен жүздесуде ізгі ниетті жымиыс, созылған қолдың жылылығы, көңіл тазалығы жоғары бағаланатыны белгілі. «Сыпайылылықтан арзан тұратын және қымбат бағаланатын ештеңе жоқ» деген ескі нақылдың өміршеңдігін кім де болса, үнемі сезінетін болар. Жүректен шыққан жылы сөз адамды жебейді, шаттандырады, оның үмітін арттырады еркіндікке бастайды – деп ойларын айта келіп, әркім өзін мәдениетті ұстауы үшін ненің қажет екенін біліп алғанның жөн екенін былай қорытындылайды:

  • ақылды жетілдіру. Олай болмағанда өзгелерді зеріктіретін боласыз, өзгелер де сізбен тіл табыса алмайды; үндемеспен уақыт өткізуді ешкім қаламайтын болар, ал бос сөйлейтіндермен жағдай одан да жаман болады;

  • тәни күшін жетілдіру. Егер сіз тәни жетілмеген болсаңыз, қиқайып немесе бүкірейіп жүрсеңіз, сіз ешқашан әлсізге көмектесе алмайсыз, сұлу әріптеспен биге де шыға алмайсыз;

  • рухани әлемді байыту. Олай болмаса, сіздің ойыңыз бен сезіміңіз, ұғымыңыз бен түсінігіңіз, идеалыңызбен арманыңыз, моралдың өзге нормалары сияқты қоғамның дамуымен бірге дамымайды. Сіз шығармашылықтан өз еркіңізбен бас тартатын боласыз, өмірге қызығушылық пен талғамыңызды жоғалтасыз;

  • бойыңызда адамдарға деген махаббатты тәрбиелеу болуы керек. Егер адамдарға, олардың қайырымдылығына сенбесеңіз, онда өміріңіз қуанышқа толмақ емес. «Сіздің ақкөңілділігіңіз – сіздің айналадағыларға тартқан сыйыңыз» – дейді, шығыс мақалы. Сонымен қоса, сіз өзіңізге де сый жасайсыз;

  • эстетикалық талғамды жетілдіру. Онсыз адам сезімдерінің асқақтығын сезіне алмайсыз [2, 45 б.].

Айтылған ойшыл ойларымен толық қосылуға негіз бар. Адамдармен қарым-қатынаста, ақ көңілділік, шын ниет қашанда екінші адамға, сырт адамаға сезіліп тұрады. Жылы ниетті жымиыс, жақсылық жасау өте жоғары бағаланатын қасиет. «Сыпайылылық өмірдің мәні, сұлулығы» деуге болады. Жүректен шыққан жылы сөз адамды адамды алға жетелеп, оның үмітін арттырып болашаққа адамдарға сенімін оятады, еркіндікке бастайды.
Өзінің «Жар жағасы» еңбегінде Ғарифолла Есім гуманизмді, адамгершілік және жауапкершілік мәселелерін көп қарастырып өткен. Ойшыл былай дейді: «Менің «Жар жағасы» дегендегі айтпағым – ізгі жанның тағдыры туралы. Айталық, адам жақсылық пен жамандықтың, ізгілік пен зұлымдықтың ортасындағы кеңістікте тұр дейік. Адамшылығы мол жан, жақсылық, ізгілік ниетте болғандықтан, осы ниетке сай болмақ мақсатта жүз қадам болатындай харекет жасады делік, оған жұрт таңғалмайды, жақсылық жасау – қалыпты жағдай деп түсінеді. Егер сол адам пәлендей істе, зұлымдық жағына бір қадам басса, ол жарға бірден құлап түседі. Себебі адамшылығы мол адам, үнемі жар жағасында тұрады. Жақсы ізгі істер қаншама молынан жасалғанымен, табиғатынан артық туған тұлғаларға, олардың адамшылығына запас бола алмайды. Мен осы ылғи жақсы істер басындамын ғой, енді бір ғана зұлымдыққа барсам қайтеді деген сана орын алғанда, сенің бар адамшылық қасиетің сонымен бітіп кетпек. Жақсылық деген – жауапкершілік. Жауап-кершілік сақтық емес, жауап бере білу мүмкіндігі. Мұндай мүмкіндікті әркім сезіне бермейді, тіптен қажет те етпейді. Жауапсыз адамға бәрібір, ол өзінің жар жағасында тұрғанын, не одан құзға құлап бара жатқанын айырып жатпайды. Адамның адамшылығы тапшы болса, оның жауапкершілік мүмкіндігі шектеулі болмақ» – дейді ойшыл [3, 81 б.].
Бұл ойларды түйіндей келгенде, біздің халқымыздың ділінің кемшілік тұстары еске түседі. Мысалы, бір адам өз білімімен көтеріліп, жоғары орындарға көтеріліп жатса, басқа төменде қалып қойған адам ол туралы жаман ой-пікір таратуы әбден мүмкін, немесе аяғынан шалып қалғысы келеді. Төмендегі адам өз сәтсіздігінің себебін өзінің бойындағы кемшілігі немесе білімсіздігінен деп білмей, керісінше, «сол орынға мен лайықтымын» деп дандайсып та жатады. Жақсы адамды жарға итере салу, ол үшін түк емес. Ондай адамдар біреу үшін сәл ғана бір жақсылық жасаса, соны ұзақ уақыт бойы айтып міндет етеді, әрбір мүмкіндік болған сайын сол жасаған аз ғана жақсылығын екіншіге айта беруден жалықпайды.
Қызғаншақтық пен көре алмаушылық адамдарға деген сүйіспеншілікті жойып жібереді. Қызғаншақтық пен көре алмаушылық кесірінен кейде кейбір адамдар байқамай кісі өлтіріп те қояды, немесе оның намысын аяққа таптайтын сөздер айтып, жүрегін ауыртады. Көпті көрген кісілерден, өз ата-анамыздан бала кезден еститініміз «жасаған жақсылығыңды еш уақытта міндет етпе, жақсылығым құдайдан қайтсын деп тіле» деп жататын. Осындай ұстанымдарды өз бойына бала кезден жиып өскен адам ғана жақсылық жасай алады деп ойлаймын. Ендеше жақсылық деген – жауапкершілік деген Ғарифолла Есімнің сөздеріне толықтай қосылуға негіз бар. Себебі адам жақсылық жасап жатқан сәтінде сол жақсылық жасап жатқан ісі үшін жауапкершілікті де сезінеді. Өзі жасап отырған жақсылығы өзіне жүктелген міндет деп біледі.
Бұдан шығатын ой-қорытынды күнделікті өмірде өз-өзіңе есеп бере білсең, адамдық, қайырымдылық қасиеттерді бойыңа жинасаң, өзгелерге жәрдемдесе алсаң, әрдайым мейірімділік пен үйлесім болса қоғам азбас еді, жанұядағы адамдар арасында болсын, адамдардың бір-бірімен арасында болсын, адамгершілік қасиет сақталу керек. Жас буындарға тәрбие беру, жолға салу қамқорлықпен қарау, қарттарымызды да аялау бүгінгі педогогтардың ғана емес қоғамның сұранысы. Педогог міндеті – «Өзгені аялау өзіңді аямау», деп түсінсек көп нәрсенің өз қолымызда екенін байқар едік.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет