Деривация бастапқы кезде негізгі сөзге жұрнақ қосу, сөздерді біріктіру, сөз тіркесі т.б. амалдар негізінде жүзеге асады деген бағытта ұғынылып келсе, қазіргі уақытта кең мағынада қарастырылып, сөздің түрлену және сөздің туындау процесін білдіретін жалпылама термин ретінде немесе белгілі бір бастапқы тілдік бірліктен кейінгі тілдік бірліктің, яғни кез келген екіншілік таңбаның пайда болу процесін танытатын атау ретінде ұғынылады. Осыған орай тіл білімі ғылымында деривациялық поцестің фонетикалық, грамматикалық және семантикалық түрлері ажыратыла келе, олар деривациялық процестің формалық және мазмұндық типтері негізінде көрініс табады. «Тілдің формалық деривациялық процесіне фонетикалық-грамматикалық құбылыстар, яғни бастапқы таңбаның тек синтагмалық өзгеруі, мазмұндық деривациялық процесіне семантикалық құбылыстар» [9,21], яғни таңбаның іштей өзгеруі жатады. Мазмұндық деривациялық процесс барысында сөз мағынасы кеңейеді, тарылады, күңгірттенеді, екіншілік және ауыспалы мағына мазмұнына ілігеді. Бұл тұрғыда коннотаттық макрокомпонент басқа да лексика-семантикалық деривациялар іспеттес осы мазмұндық деривациялық процесс нәтижесін танытады. Ғалым А.А.Уфимцева сөз семантикасының іске асу процесі сөзөзектік (лексицентристік) және мәтінөзектік (текстоцентристік) бағытта болатынын көрсете келе, оның зерттелуі де осы екі аспекті тұрғысынан жүргізілуі қажет екеніне назар аударады.
Бұл тұрғыда сөз мағынасының қозғалысын танытып, аталмыш бағыттардың жүзеге асу процесін көрсететін тілдік дәйек ретінде Махамбет өлеңдерінің деректерін негізге алуға болады. Себебі ақын тілінде әртүрлі семантикалық деривация процесінің нәтижесін көрсететін сөздер молынан кездеседі. Олардың бірқатары жоғарыда көрсетілген мәтінөзектік (текстоцентристік) бағытты, яғни жекелеген семалар өзгерісінің мәнмәтін (контекст) негізінде жүзеге асуын көрсетсе, енді бірі сөзөзектік (лексицентристік) бағытты танытады. Сөзөзектік бағыт негізінде өзгеріске ұшыраған сөз мағынасының көрініс табуы тілдік (интралингвистикалық) және тілдік емес (экстралингвистикалық) факторларға байланысты болып келеді. Осындай ұзақ уақыт, таным әрекетінің нәтижесі болып табылатын тілдік бірліктер қазіргі тілімізде кездескенімен, кеңею, тарылу, ауыспалы мағына мазмұнына ұшырау процесінің нәтижесінде, өткен ғасырларда қолданылған мағынасынан өзге мәнді қамтитын дүниелер болып табылады. Тараушада осыған қатысты Махамбет өлең жолдарындағы қарындас, ауыр, алаш, байтақ, сан, аға, ала ту, алқалау, қара орман, жетім сөздеріне кеңінен назар аударылады.
Сонымен, синхрондық тұрғыдан қарағанда мазмұндық деривация процесінің нәтижесін танытатын дериваттардың қайнар көзі болып көне ескерткіштер тілі, халық ауыз әдебиеті мен ақын-жыраулар тілі танылса, солардың бір арнасы ретінде Махамбет туындылары саналады. Жоғарыда көрсетілген сөздер бұл күндері кездескенімен, қазіргі тілдік тұрғыдан уәжденбейді. Сондықтан да олар М.М.Копыленко мен З.Д.Попова жіктемесі бойынша екінші дәрежелі коннотативті сема мазмұнын қамтитын тілдік бірліктер болып табылады. Екіншіден, олар тілдің даму барысын, сөз мағынасының жылжу процесін байқата келе, халқымыздың өткен тарихынан, мәдениетінен, салт-дәстүрінен көптеген мағлұмат бере алатын мәдени коннотациялар ретінде ерекшеленеді.