2.1.4 Түр-түс атауларының коннотациясы. Махамбет өлеңдерінде қолданыс аясы тұрғысынан тек номинативтік және көркемдегіш-сипаттауыш қызметтерімен шектелмей, өзіндік символдық, танымдық терең мәнге ие болуымен ерекше көзге түсетін лексика-семантикалық топтар қатарына түр-түс атаулары да жатады.
Тілдегі түр-түс атаулары белгілі бір заттың сапалық сынын ғана білдірмей, сонымен қатар белгілі бір этностың ұзақ тарихы, оның рухани, мәдени өмірі, эстетикалық талғам-танымы, ұлттық психологиясы, салт-сана, әдет-ғұрпы туралы да мол мағлұмат бере алатын күрделі категория болып табылады. Бұл түр-түс атауларының әр түрлі аспектіде (лингвистикалық, психологиялық, когнитивтік, тарихи-мәдени, этнолингвистикалық тұрғыдан) зерттелуімен айшықталады.
Ғалымдар еңбектерінде түр-түс атауларының табиғаты халықтың тұрмыс-салтына, наным-сеніміне, ұлттық дүниетанымына, қоршаған табиғи ортаға тәуелдене айшықталып, түстердің мәдени ассоциациясы көрініс табады (А.Кононов, Э.Севортян, Ә.Қайдар, З.Ахтамбердиева, Б.Өмірбеков, Ш.Жарқынбекова, Н.Аитова, Ұ.Серікбаева, Ф.Ахметжанова, Қ.Қайырбаева т.б.). Олардың кейбір үлгілерін Махамбет өлеңдерінен де көреміз: ақ түс атауына қатысты – ақ кіреуке, ақ алмас, ақ семсер т.б. («өткір», «мықты», «сапасы өте жоғары», «болаттан жасалған»), ақша бет («сұлу», «көрікті»), ағыны күшті ақ дария, ақтабан, ақбөкен («тез», «жылдам», «шапшаң», «жүйрік»), ақкөңіл, ақ жүрек («таза», «пәк», «жылы», «әділ», «адал», «мейірбан»), ақ жұмыртқа («бала», «жасөспірім», «пәк»), ақсүйек («текті», «хан», «төре», «таза», «біртекті», «қоспасыз»); қара түс атауына қатысты – қара нар («күшті», «мықты», «төзімді»), қара («қарапайым халық», «күшті», «мықты»), қара саба, қара қазан («қасиетті», «киелі», «берекелі», «құтты»), қара болат, қара балта («таза», «қоспасыз», «берік», «мықты», «өткір»), қара бұлт («қою», «шоғырланған», «көп», «айбарлы күш»), қара бас («жеке», «дара», «жалғыз»), қара су («жұғымсыз», «сіңімсіз», «құнарсыз»), жау қарасы («сан», «мөлшер», «шама»); ала түс атауына қатысты – ала ту («соғыс туы», «ұрысқа ұстайтын ту»), алаулау («соғысу», «шабуылдасу»), алалы жылқы, алаға-ай («мықты», «күшті», «жүйрік»); көк түс атауына қатысты – көк семсер, көк сүңгі («сапасы өте жоғары», «суаруы қанық», «мықты», «өткір»), көк бедеу, көгілдір-ай (жылқыға қатысты – «мықты», «жүйрік», «үстем», «жеңімпаз», «киелі», «қасиетті»), көк шалғын («шөбі мол», «құнарлы»), көк («аспан»); сары түс атауына қатысты – сары дала («ұлан-ғайыр», «кең», «ұзаққа созылған», «жайбарақат», «немқұрайды»), сары атан («жай», «ұзақ жолға төзімді»), сары жебе («сары мыстан немесе жезден жасалған оқ»), сары алтын, сары бал, сары сусар бөрік («таза», «қоспасыз», «молшылық»), сары бала («жас», «өскелең ұрпақ»); боз түс атауына қатысты – боз ағаш, боз орда («қасиетті», «киелі», «көне»); қоңыр түс атауына қатысты – қоңыр қаз («қарапайым», «өзімен-өзі), қоңыр салқын («дене тоңазытатын, қатты тоңбағанмен, тітіркенетіндей күз желі немесе жаз бітер тұстағы түнгі салқын»); қызыл түс атауына қатысты – қызыл гүл, қызыл көйлек («әдемі»), қызыл сырлы жебе («ең тәуір», «өткір», «қауіпті», «шапшаң»), қызыл изен («жақсы», «жаңа көктеп келе жатқан», «жас»).
Достарыңызбен бөлісу: |