«Қылмысты iске» «жаңа куәгерлер» тартып, оларға бөлек iс қағазын толтырды. «Қосымша қосылған» бұл адамдар кiм едi және Байтұрсыновтың соңынан шырақ алып түсiп, қалайда айыпкер, экстремист, контреволюционер етiп көрсетуге тырысулары қалай? Осы жетпіс екі адамның басын бiрiктiретiндей ортақ мүдделерi болды ма? Соны айғақтайтындай дәлелдi себеп бар ма? Бар. Ол – бұл адамдардың «Алашордаға» қатысты ортақ өмiрбаяны едi. ОГПУ-дiң де, Голощекиннiң де көздеген түпкi нысанасы және барынша әшекерелеуге тырысқан қылмысы сол тұс болатын. Өйткенi «ұлтшыл», «пантюркист», «контреволюционер» деген ұғымды саяси – идеологиялық сахнада «ойнату» үшiн әуелi оны «тiрiлту» қажет-тiн. Алдын-ала ескерте кетеріміз: сот барысындағы отарлау тарихы, ел, жер, конфискация, ашаршылық, әдебиет пен мәдени руханият туралы алаш қайраткерлерінің тергеу кезіндегі пікірлер мен сұрақ-жауаптар арнайы бөлімдерде тақырып бойынша жеке-жеке кең ауқымда талданатын болғандықтан да, бұл бөлімде тек әр азаматтың түрмеге жабылуына себепкер болған іліктес жайларды, яғни, таза тергеу тарихын ғана қамтимыз. Сонымен қатар Заки Валидов пен «Қараноғай ісіне» қатысты сұрақ-жауаптарды ыңғайластыра желіге тарттық.
Бірімжанов Ғазымбек— 1896 жылы Қостанай округнің Торғай ауданында туған. Жоғары білімді мал дәрігері. Мемлекеттік сауда басқармасында, істеген. Заңгер Ахмет Бірімжановтың інісі. Ғ.Бірімжанов өзімен бірге суретке түскен алдыңғы беттерде іске тартылған барлық айыпталушыларға қойылған сұрақтарға бір сыдырғы жауап бере келіп, өзінің Германияда оқыған кезінде Берлинда саяси баспана іздеп жүрген Заки Валидовпен кездескенін, оның СССР-дегі «Алашорда» мүшелеріне ешқандай жасырын хат табыс етпегенін айтады
«Азамат Бірімжанов Ғазымбектің қосымша жауабы. 27 наурыз, 1929 жыл.
...Мен (шет елде жүргенде – авт.) шет елдерде шығатын газеттердің ешқайсысымен де жұмыс істескем жоқ, оның ішінде “Татарстан кизелімен” де байланыс жасамадым. “Ени Түркістан” журналын жаздырып алғам жоқ, оның кейбір сандарын ғана көрдім, оқуға талаптанып едім, маған түсініксіз болды, өйткені мен түрік тілін білмейтін едім. Сондықтанда “Ени Түркістан” журналының 10 данасын жаздырып алды дегенді жоққа шығарамын. Ол журнал туралы Валидовпен сөйлескеміз жоқ».
Бұдан кейі тергеушілер Ғ.Бірімжанов пен З.Валидовтің 1922 жылы Ташкентте кездескенін көргені туралы К.Жәленовтің ақпарын растату үшін екеуін өзара беттестірген.
«Ғ.Бірімжанов пен Жәленов Кәрімнің беттескеніндегі сұрақ жауаптың хаттамасы, 29 наурыз 1929 жыл.
Сұрақ: (Жәленовке) - Ташкентте жасырып жүрген Валидиді Сіздің пәтеріңізге Бірімжановтың алып келгені рас па, ондай жағдай болды ма?
Жауап: - 1922 жылдың жазында күндіз Бірімжанов Ғазымбек институтқа Валидимен бірге келді де маған: міне, Валидов деген кісі осы, бұл адам партияның Орталық комитетіне кіру үшін келді, ол туралы өтінішін де тапсырып қойды- деді. Мұны Валидов та растады, содан соң: жауап алғанша бір-екі күн жасырынып жүру керек боп тұр, сондықтан да институттың саяжайында паналай тұруға мүмкіндік бер – деп өтінді. Мен оған келісімімді бердім».
Сұрақ: (Бірімжановқа) - Онадай жағдай болды ма?
Жауап: - Ондай жағдай болған жоқ.
Сұрақ: - Сіз бен Жәленовтің арасында бас араздықтарыңыз жоқ па?
Жауап: - Жоқ, араздығымыз жоқ. Мен өзім үшін жауап беремін.
Сұраған – Саенко.
Сонда қайсының жауабы дұрыс? К.Жәленов алдыңғы көрсетіндісінде З.Валидовты саяжайдағы үйіне паналатқаны жөнінде ешқандай мағлұмат берген жоқ болатын. Тергеуде қасарыса жауаптасқан адамның бірі де осы Кәрім Жәленов. Бұл мәселенің байыбы кейінгі жауаптарда нақтылана түседі.
Топты суретте бейнеленген адамның бірі Юсупов Ахметсафа — 1894 жылы Қостанай округінің Бақбаққара ауданында туған. «Еңбекші қазақ» газетінің әдеби қызметкері. Тергелушілер де, сыпаттама берушілер де, естелік айтушылар да жақсы баға берген бұл адамның тарихы жұмбақ. А. Юсупов — М.Дулатовтың бажасы. Жақсы араласқан. Ж.Аймауытовпен бірге Торғайдағы аштарға мал айдап барып, сонымен қоса жауапқа тартылған. Үш-төрт жыл жазаға да кесілген. Бір түсініксіз тұсы, А. Юсуповке «НКВД-ның жасырын тыңшысы: дер кезінде хабар бермегені үшін ату жазасына кесілді» деген үкім шығарылған және ол үкім орындалған. Біз, анық деректі білмегендіктен де, А. Юсуповты ақтаудан да, қаралаудан да аулақпыз. Анығы: тергеу барысында ол ешбір куәгердің көрсетіндісін мақұлдамаған жаңа айғақ та бермеген. Яғни, мұның өзі де жоғарыдағы айыптың жалғандығына саяды. Әйпесе осынша «қылмысты» біле тұрып, «тыңшылық міндетін» орындамауы мүмкін емес сияқты.
«Азамат Юсупов Ахмет-сафаның берген қосымша жауабы. І көкек. 1929 жыл.
1925 жылы Әлихан Бөкейханов профессор Швецовты ертіп Қызылорда қаласына келгенде мен Қызылордада болатынмын, Әлиханмен жүздестім. Ол бұрыннан жақсы таныс менің әйеліме сәлем беру үшін біздің пәтерге келді. Оның келуінің басты себебі – Қазақстандағы жер бөлісіне қатысты кесімді жер мөлшерінің көлемін анықтау еді. Кімнен естігенім есімде жоқ, әйтеуір сол кезде: ҚССР-дің жер жөніндегі халық комиссариаты қазақ қызметкерлерінің кеңейтілген мәжілісін шақырыпты – деп естідім. Бұл кеңеске кім қатысты және онда қандай мәселе көтерілді – онысын білмеймін және ол туралы естігемін де жоқ. Ол жөнінде Бөкейханов маған ештеңе айтпады... Біреулерден: өзге де қазақ қызметкерлерімен бірге Бөкейханов Байтұрсыновтың үйінде қонақта болды – деп естідім, бірақта нақты кімдердің болғанын айта алмаймын, себебі, ол қонақта мен болғамын жоқ”.
Құлмұратов Тәжібай – 38 жаста. Қызылорда округінің Тереңөзек ауданының №1 ауылының қазағы. Үйленген. Партияда жоқ. Кешірімге байланысты түрмеден босатылған. Бұл – Д.Әділевтің көрсетіндісі бойынша оның түрмеде жатқан ағасы Байсейіт Әділевтің қашып шығуына көмектесті делінген адам. Оның айтуынша: Байсейітке түрмеден қашу туралы ақылқоспаған. Жазығы – оның қашуына қол ұшын бергендігі екен. Ол үшін бір құлынды бие алыпты. Көрсетіндісінің соңын:
“Кәрібаев Нұрлан Қызылорда қаласында кіммен кездесті, ол жағын білмеймін. Мен Дулатовтың үйінде Нұрлан Кәрібаевпен бір-ақ рет, 1927 жылы Байсейіт беріп жіберген құлынды биені әкеп берген жолы ғана бірге болдым. Біз бірге бардық, Нұрлан: Байсейіттің тапсырмасы бар еді – деді, қандай тапсырма екенін ол маған айтқан жоқ. Біз келген кезде Дулатовтың үйінде қонақтар бар екен, мен ауыз үйде қалдым да Нұрлан ішкі үйге кіріп кетті, іле кері шықты да маған: Дулатов ертең таңертең кел деп айтты- деді. Есполовты тіпті көргемін де жоқ. Бұдан басқа ештеңе де айта алмаймын, хаттама маған оқылды...”-деп аяқтаған.
Әй, қазақ-ай! Жылқы десе – басын да бәйгеге тігіп жібереді- ау! Тәжібайда одан үлкен «саяси мақсат та» жоқ шығар. Міржақып Дулатовқа Нұрлан Кәрібаевтің жолыққанын айту арқылы «контрреволюциялық астыртын құпия ұйымның Голощекинді қастандықпен өлтіру және қырда көтеріліс ұйымдастыру туралы жоспарын талқылап, Д.Әділевке тиісті нұсқау бергенін» растағаны Т.Қалмұратовтың қаперіне де кірмеген.
«Жәленов Кәрім мен Әділов Дінмұхамедтің беттесуіндегі сұрақ – жауаптың хаттамасы.
27 мамыр (май) 1929 жыл.
Жәленовке сұрақ: Әділов Дінмұхамедпен қай уақыттан бері таныссыз?
Жауап: 1921 жылдың жазында Әділов Ташкент қаласында тұрды ма, жоқ па, мен білмеймін. Тек, 1921 жылдың күзінде, не қысында мен осы Ташкент қаласындағы Қазақ институтында көргенім есімде. Ол институтқа алба-жұлба боп келді, келді де киюге киім сұрады. Оған кім костюм алып берді, қазір есімде жоқ, алайда Д.Әділев оқушылармен бірге тұрдай-ау деймін. Келесі күні Әділев: өзінің Ферғанадан келгенін, Жанұзақовтың басмашыларының арасында болғанын айтты. Бір қышлақта бандылардың үстінен қызыл әскерлер түсіп қалыпты да Әділев ол жерден қашып құтылыпты да осында әзер жетіпті. Оның өзінің айтуы бойынша ол Жанұзақовқа жолығуға барыпты, бірақ не үшін барғанын айтса да қазір ұмытып қалыппын.
Осыдан кейін мен Қожановқа бардым да Әділевтің маған айтып бергенінің бәрін оған мағлұмдадым: Қожанов: Әділев өте қабілеттті қызметкер, бірақ та ол жас, сондықтан да бір нәрсеге ұрынып қалуы мүмкін. Оны институтқа оқытушы ғып орналастырып қойып, бақылап жүру керек” – деді.
Жәленовке сұрақ: - 1921 /?/ жылы көктем айында Әділев Ташкент қаласына келгенде оның Бұқараға бара жатып жолай аялдағанын білдіңіз бе, жоқ па?
Жауап: Әділов өзінің Бұқараға барғанын елдің бәріне айтып жүрді.
Жәленовке сұрақ: Мүмкін сіз Әділевтің басмашыларға қалай тап болғанын есіңізге түсірерсіз?
Жауап: Ондай әңгіме есімде жоқ.
Тағы да соған сұрақ: Ташкенттегі қазақ қызметкерлерінің бір тобы қатысып, Валидовтың кеңес өкіметіне деген көзқарасына байланысты мәселені талқылаған және астыртын ұйым құру жөнінде ұсыныс жасалған мәжіліс өтті ме, жоқ па?
Жауап: Менің қатысуыммен ондай мәжіліс болған жоқ. Ал мен жоқ жерде ондай жиналыс өтті ме – одан да хабарым жоқ».
Жалпы осы екінші томның соңына дейінгі көрсетінділер мен бетпе-бет жауаптасу кезіндегі айғақтарды салыстырсақ, Д.Әділевтің Бұқараға барғаны расталады. Мәселе: астыртын ұйымның қандай тапсырмасымен барды немесе битілеуовшілеп «жер көргісі келіп» тағы да «партизаншылап» кетті ме, нақты шындық осында. Тергеудегі айғақтамаларға жүгінсек, Д.Әділевке ешкімде ондай өкілдік бермеген.
Достарыңызбен бөлісу: |