49-бап. Жедел медициналық көмек 1. Денсаулыққа келетін елеулі зиянды болдырмау және (немесе) өмірге төнген қатерді жою үшін шұғыл медициналық көмекті талап ететін аурулар мен жай-күй туындаған кезде, сондай-ақ кейіннен транспланттау үшін ағзаларды (ағзалардың бөлігін) тасымалдау қажет болған кезде медициналық көмек ұсыну нысаны жедел медициналық көмек болып табылады. 2. Жедел медициналық көмек көрсету үшін Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен жедел медициналық көмек қызметі құрылады. Ескерту. 49-бап жаңа редакцияда - ҚР 06.04.2015 № 299-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
50-бап. Санитариялық авиация Пациент тұрған жердегі медициналық ұйымда медициналық жабдықтың және (немесе) тиісті мамандығы және (немесе) біліктілігі бар мамандардың болмауына байланысты медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған кезде халыққа шұғыл медициналық көмек ұсыну нысаны санитариялық авиация болып табылады. Санитариялық авиация нысанында медициналық көмек ұсыну әуе көлігімен білікті мамандарды межелі жерге жеткізу не пациентті (терді), сондай-ақ кейіннен транспланттау үшін ағзаларды (ағзалардың бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіндердің бөлігін) тиісті медициналық ұйымға тасымалдау жолымен жүзеге асырылады. Ескерту. 50-бап жаңа редакцияда - ҚР 28.12.2018 № 208-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
51-бап. Төтенше жағдайлар кезіндегі медициналық көмек 1.Төтенше жағдайлар кезіндегі медициналық көмек - әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде апаттар медицинасы қызметінің медициналық көмек көрсету нысаны. 2. Төтенше жағдайлар кезінде медициналық көмек ұсыну тәртібін, оның түрлері мен көлемін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды. Ескерту. 51-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).