16-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТАР МЕН МІНДЕТТЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІҢ КЕПІЛДІКТЕРІ 87-бап. Денсаулық сақтау саласындағы құқықтарды қамтамасыз етудің кепілдіктері Мемлекет Қазақстан Республикасының азаматтарына: 1) денсаулық сақтау құқығына; 2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің көрсетілуіне; 3) медициналық көмекке бірдей қол жеткізуіне; 4) медициналық көмектің сапасына; 5) дәрілік заттардың қолжетімділігіне, сапасына, тиімділігі мен қауіпсіздігіне; 6) аурулардың профилактикасы, саламатты өмір салты мен дұрыс тамақтануды қалыптастыру жөніндегі іс-шаралардың жүргізілуіне; 7) жеке өмірге қол сұғылмауына, дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтердің сақталуына; 8) ұрпақты болуды таңдау еркіндігіне, ұрпақты болу денсаулығын сақтауға және ұрпақты болу құқықтарының сақталуына; 9) санитариялық-эпидемиологиялық, экологиялық саламаттылыққа және радиациялық қауіпсіздікке кепілдік береді. 88-бап. Азаматтардың құқықтары 1. Қазақстан Республикасы азаматтарының: 1) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбеге сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға; 2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттары уәкілетті орган бекітетін тізбеге сәйкес амбулаториялық деңгейде тегін және (немесе) жеңілдікпен берілетін дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен және мамандандырылған емдік өнімдермен қамтамасыз етілуге; 3) медициналық ұйымды, оның ішінде "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген шарттармен медициналық ұйымды, сапалы әрі уақтылы медициналық көмекті таңдауға; 4) жеке қаражаты, ұйымдардың, ерікті медициналық сақтандыру жүйесінің өз қаражаты және тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектен тыс қосымша медициналық көрсетілетін қызметтерге; 4-1) бірлесіп төлеуге; 5) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен көрсетілімдер болған кезде, бюджет қаражаты есебінен шетелде медициналық көмек алуға; 6) медицина қызметкерлерінің дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды дұрыс тағайындамауынан және қолданбауынан денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге; 7) еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы парақ немесе анықтама бере отырып, еңбекке уақытша жарамсыздық фактісін куәландыруға; 8) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және емдеуші дәрігерден олардың құзыреті шегінде аурулар профилактикасының, диагностикасының, оларды емдеудің және медициналық оңалтудың әдістері, клиникалық зерттеулер, қоршаған ортаның жай-күйін, еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайларын, дұрыс тамақтану мен тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың қорытындыларын қоса алғанда, денсаулыққа әсер ететін факторлар туралы дәйекті ақпаратты өтеусіз алуға; 9) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналысы саласындағы мемлекеттік органдардан, тәуелсіз сарапшы ұйымдардан және субъектілерден өткізілетін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі, тиімділігі мен сапасы туралы ақпарат алуға; 10) медицина және фармацевтика қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) денсаулық сақтау ұйымына, жоғары тұрған органға және (немесе) сот тәртібімен шағым жасауға; 11) мемлекеттік медициналық сараптама қорытындыларымен келіспеген жағдайда, тәуелсіз сарапшыларды тарту туралы өтінішхат беруге; 12) өлгеннен кейін өздерінен тіндерін (тінінің бөлігін) және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөлігін) транспланттау мақсатында алу мүмкіндігі туралы ерікті түрде еркін білдіруіне құқығы бар. 2. Әйелдің ана болу туралы мәселені өзі шешуге және отбасын жоспарлау мен өз денсаулығын сақтау мақсатында, өзі қаламайтын жүктіліктен сақтанудың қазіргі заманғы әдістерін еркін таңдауға құқығы бар. Азаматтардың ана болуды қорғау құқығы: 1) ұрпақты болу жасындағы әйелдерге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қарап-тексеру жүргізу, оларды динамикалық байқау және сауықтыру; 2) науқас баланы күтіп-бағу үшін стационарға түскен кезде әйелдердің ұрпақты болу денсаулығына және баланың денсаулығына тікелей әсер ететін негізгі ауруларды медициналық көрсетілімдер бойынша емдеу арқылы қамтамасыз етіледі. Жүкті әйелдер мен бала емізетін аналардың жұмыс уақытының режимі, жүктілігі мен босануы бойынша демалысы және еңбек жағдайлары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгіленеді. 3. Психикасының бұзылушылығы (ауруы) бар адамдардан басқа, жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адамдардың жынысын ауыстыруға құқығы бар. Жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адамдарды медициналық куәландыру және олардың жынысын ауыстыруды жүргізу қағидаларын уәкілетті орган белгілейді. 4. Бас бостандығы шектеулі азаматтарға, сондай-ақ сот үкімі бойынша жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жүрген, арнайы мекемелерге орналастырылған адамдарға медициналық көмек уәкілетті органмен келісу бойынша қылмыстық-атқару жүйесі органдары айқындайтын тәртіппен көрсетіледі. Аталған адамдар медициналық көмек алу кезінде Қазақстан Республикасы азаматтарының жоғарыда келтірілген барлық құқықтарын пайдаланады. 5. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын оралмандар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең дәрежеде алуға құқығы бар. Егер заңдарда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасында уақытша болатын оралмандар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың айналадағыларға қауіп төндіретін қатты аурулары болған кезде уәкілетті орган айқындайтын тізбеге сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар. 5-1. Босқындарға, сондай-ақ баспана іздеп жүрген адамдарға уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және көлемде, барынша дәлелденген тиімділігі бар профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтер көрсетіледі. 6. Алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi). Ескерту. 88-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2013.01.08 N 64-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 15.04.2013 N 89-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 06.04.2015 № 299-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.11.2015 № 406-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 30.06.2017 № 80-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 28.12.2018 № 208-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 28.12.2018 № 211-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) ; 04.05.2020 № 321-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.05.2020 № 332-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.