127-бап. Психиатриялық көмек көрсету кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары 1. Стационарлық психиатриялық көмекті, ауруханаға жатқызылған адам мен басқа да адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін неғұрлым аз шектеулі жағдайларда, медицина персоналы оның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтай отырып, жүзеге асырады. 2. Ауруханаға мәжбүрлеп жатқызылып, психиатриялық стационарда болған кезінде ауруханаға жатқызылған адамға күш қолданып, қысым жасау және оны оқшаулау шаралары, психиатр-дәрігердің пікірінше, оның өзіне немесе басқа адамдарға тікелей қауіп төндіретін іс-әрекетін өзге әдістермен тыю мүмкін болмаған кезде қолданылады және ол медицина персоналының тұрақты бақылауымен жүзеге асырылады. Күш қолданып, қысым жасау немесе оқшаулау шараларының түрлері мен қолданылу уақыты туралы медициналық құжаттамада жазба жасалып, оның заңды өкіліне хабарланады. 3. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері медицина қызметкерлеріне мәжбүрлеп куәландыруды, мәжбүрлеп ауруханаға жатқызуды жүзеге асырған кезде жәрдемдесуге, ауруханаға жатқызылатын адамды қарап-тексеру мақсатында оның қасына бару үшін, сондай-ақ ауруханаға жатқызылған адам (ауруханаға жатқызылуға тиіс адам) тарапынан айналасындағылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнетін жағдайларда қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті. 4. Жіті байқау жасалатын мамандандырылған типтегі мемлекеттік психиатриялық мекемені күзету Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп айқындайтын тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады. Ескерту. 127-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.12.29 N 375-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.12.2018 № 208-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.