Жасыбайбатыр екен ту көтерген 18 ғасырда өмір сүрген қазақтың әйгілі батырларының бірі Жасыбай батыр жөнінде жыр дастан қалғаны белгілі. Дастанда суреттелетін Ер Жасыбай – Орта жүз ішінде Арғынның Бәсентиін руынан шыққан атақты батыр. Ол Олжабай батырдың досы, жауырыншы, әрі құралайды көзге атқан мерген болған. Ер Жасыбай туралы жыр-дастанмен бірге аңыз-әңгімелер де бар. Олардың ел аузынан жазылып алынған нұсқалары бұрыңғы Қазақ ССР Ғылым Академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қорында.
Қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданында Жасыбай көлі, Жасыбай асуы бар. Ел намысын қорғаған аяулы батыр Жасыбайдың бейіті сол асудың үстінде”.
Жоңғар мемлекетінің хандық тағына таластың нәтижесінде жеңілген ойрат шоңжарлары Амурсана, Даваци мен Банжур Абылайдан пана іздегені белгілі. Жарға тағылған жетім қозыдай пана іздеген бұл қашқындарды шығарып бермедің деп Лама-Доржы бастаған 20 мың ойрат әскері 1752 жылы қыркүйек айында қазақ жеріне басып кіреді. Бұл хабарды естісімен-ақ Абылай батырларға жаушы жіберіп, қазаң айының ортасында Баянауылда жиналу жөнінде жар салады. “Олжабай батыр” жырында осы соғысты сипаттай келе:
“...Келген жолмен шұбырып,
Есепсіз жолда қырылып,
Баян тауын жанапты...
Қайқайып садақ тартқанда,
Қалмақтың тиіп сұм ұғы;
Жасыбай қалды жығылып...” –
деп Жасыбай батырдың қаза тапқанын баяндайды.
Н.Я. Коншиннің дерегі бойынша Жасыбай батыр қалмақтарды қазақтар Баянауыл өңірінен ығыстырған ерте заманда өмір сүрген. Ол – жауларға бірнеше дүркін соққы берген әйгілі батыр. Бірде қазақтардың қолбасшысы Олжабай батыр Жасыбай батырға әлденеше мыңдаған қолмен келе жатқан қалмақтарды тауда бөгеп, жібермеуді тапсырады. Мыңға толмас жасақты бастаған Жасыбай асқан ерлікпен соғысады. Бірақ андаусызда сауытының желке тұсындағы ашық жерінен қалмақтың оғы тиіп, содан өледі. Қазақ жасақтары қалмақтарға төтеп бере алмай, ығыса бастайды. Сол кезде қырғын болған таудың шатқалына Олжабай батыр бастаған әскер кіреді.
Осы бір тарихи оқиға Т.А. Енсебаевтың еңбегінде «ХVІІІ ғасырдың 40- - жылдарында жоңғарлар Ертіс өзені жағындағы Баянауыл далаларын басып аламыз деп әрекет жасаған. Қазақтар жауға тойтарыс беру үшін шұғыл қосын ұйымдастырды. Арғындардың әскерін Олжабай батыр Төлебайұлы басқарады, жеке әскери топтардың басында Олжабайдың жиені бәсентиін Жасыбай батыр, Едіге, Жәуке, Алпыс, Жаңабек, Көшет, Дулат, Жалаңтөс батырлар тұрады.
Соғысқа бірінші болып Жасыбай батырдың сарбаздары түседі. Оның әскери тобы тау шатқалында тұрып, қарсыластарды өздеріне тым жақындатып алып, қолдарына найза мен қылыш ұстап, тосқауылдан шыға келген. Жау қаша жөнеліп, Сабындыкөлдің жанында ғана есін жиған. Күні бойы қан шайқас болған. Қорғанып жатқан қазақтар қырғынға ұшыраған. Жоңғар мергенінің оғынан Жасыбай батыр қаза болады. Бұл туралы естіген Олжабай бар әскерімен шабуылға шығып, жауды тас талқаның шығарып жеңеді. Шайқас Баянауылдан Ақшиман жеріне ауысады. Бұл жерде Олжабайдың жоңғарды қоршауға алып, оларды қыра бастайды. Сол кезден бұл жер «Қалмаққырған» деп аталады, яғни қалмақтар қырылған жер» деп түсіну керек.
Қалмақтардың ұлардай шулап, жалбарынған дауыстарынан таудың іші күңіренеді. Сонда Олжабай батыр қалмақтарға: “Сендердің бәрінді қосқанда өлген Жасыбайдың бір шынтағына тұрмайсындар”, - деп жауынгерлеріне жауды аяған жаралы екендігін ескертеді. Жасыңды тый. Ер елі үшін туады, елі үшін өледі. Қара жерге кіргенше қанын іздеймін боздағымның!
Қалың қол қайыса аза тұтып, Жасыбай батырдың сүйегін жартасты таудың төбесіне кояды. Олжабай, Бөгенбай, Малайсары батырлар кабір басына белгі ретінде үш түп жас қайың егеді. Сол қайыңдар әлі өсіп тұр. Сол жер Жасыбай асуы аталады. Үш батыр Шойынды көлді ескерткіш ретінде Жасыбай көлі аталсын деп ұйғарады. Содан бері Жасыбай көлі аталады.
Жасыбайдың кегін қуған Олжабай батыр Серіктасқа бекінген жау қолын қырып, Ежен ханның ордасын талқандайды. Бұл жерді халық «Қалмаққырылған», «Қалмаққырған» атап кеткен. Қалмаққырған тауы Баянауылдың күншығысына таман 60 шақырымдай жерде. Қалмаққырғанның баурайында қазір Павлодар облысы Май ауданының «Ақшиман» совхозы орналасқан.